4. Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерде тұрақты емес халықаралық ұшуды орындау кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесін пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен орындалған ұшудың күні мен мақсаты туралы хабарлауға міндетті.
5. Шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарлы мақсатта пайдаланылатын өнімдерді тасымалдау үшін азаматтық әуе кемесін пайдаланушының халықаралық ұшуына азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісуінсіз жол берілмейді. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз кезегінде осы ұшуды сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын органмен оның құзыреті шегінде келісуді жүзеге асырады.
6. Шет мемлекеттің әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындаған кезде шет мемлекеттің уәкілетті органының көрсетілген әуеайлаққа мәжбүрлеп қондыру туралы талабы болған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің экипажы осы талапты орындауға міндетті.
40-бап. Шет мемлекеттердің әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуы
1. Шет мемлекеттердің әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуы:
1) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының;
3) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарына қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға арналған рұқсаттардың;
4) халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуды орындауға арналған рұқсаттардың;
5) біржолғы ұшуды орындауға берілетін арнайы (дипломатиялық) рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының әуеайлақтарында қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсаттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.
3. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) мемлекеттік және эксперименттік әуе кемелерінің;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тізбе бойынша шет мемлекеттердің лауазымды адамдарын тасымалдайтын азаматтық әуе кемелерінің;
3) шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарақтары мен әскери техникасын, сондай-ақ қос мақсатта пайдаланылатын өнімдерін тасымалдау үшін әуе кемелерінің біржолғы ұшуын орындауға арналған арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес береді.
4. Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.
Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды беру тәртібі Халықаралық тұрақты емес ұшуды орындауға рұқсаттар берудің және рұқсаттар беруден бас тарту үшін негіздердің қағидаларында белгіленеді.
5. Әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды, сондай-ақ арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды беруден бас тарту үшін мына жағдайлар:
1) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның осы Заңның 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе әуе кемесінің ұшу маршруты өтетін оның жекелеген аумақтарын пайдалануға тыйым салуы;
2) әуе кемесі ұшуының Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін бұзуы;
3) жоспарланып отырған ұшудың Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын бұзуы негіз болып табылады.
41-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындау
1. Ұлттық әуе кемелері мен шет мемлекеттердің әуе кемелерi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшуды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшудың орындалуын және әуе кемелерiн пайдалануды реттейтiн жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшу халықаралық әуе трассалары бойымен жүзеге асырылады.
Әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін әуе трассаларын ашу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуді әуе кемелері оны халықаралық трассалар қиылысатын жерлерде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен осы мақсаттар үшiн арнайы бөлiнген әуе дәлiздерi арқылы орындайды.
3. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдардың келісімі бойынша ішкі әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, ұшу маршруттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауға жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіптен ауытқуға:
1) дүлей зілзала, әуе кемесінде апат, авария, авариялық жағдай болғанда және адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiретiн басқа да жағдайларда;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайда;
3) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалған тәртiппен берiлетiн рұқсатты алған жағдайларда жол беріледі.
5. Халықаралық ұшудың мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарына сәйкес келетін геодезиялық есептеу жүйесі көлденең жазықтықта геодезиялық есептеу жүйесі ретінде пайдаланылады.
6. Қазақстан Республикасының аумағынан әуе кемелерінің ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерілгеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағына қонуы халықаралық ұшуға арналған ашық әуеайлақтарда жүргізіледі.
7. Қазақстан Республикасының аумағына келетін және оның аумағынан кететін немесе транзитпен өтетін барлық әуе кемелеріне, олардың экипаждары мен жолаушыларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелетін немесе осы аумақтан әкететін олардың мүлкіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген паспорттық, кедендік, валюталық, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалар қолданылады.
8. Шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы авиация персоналының куәлігі, кеме құжаттары, егер олар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келсе, Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылады. Әуе кемесін жалға алған, жалдаған (чартер) немесе оны алмасқан жағдайда шет мемлекеттер арасындағы келісім бойынша берілген шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы авиация персоналының куәлігі, кеме құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылады.
9. Шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелері Қазақстан Республикасының аумағына қонған кезде авиация персоналының куәліктерін, кеме, ұшу құжаттамасын, сондай-ақ азаматтық әуе кемелерінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және ұшуға жарамдылығының талаптарына сәйкестігін тексеру үшін олар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарының қарап тексеруінен өткізіледі.
Шетелдік әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының талаптарына сәйкестігін тексеру мынадай жағдайларда:
1) ұшуға жарамдылық сертификатының шынайылығын тану мақсатында;
2) әуе кемесі иесінің (пайдаланушының) немесе әуе кемесі тіркелген мемлекеттің құзыретті органдарының өтініші бойынша;
3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде арнайы ұшуға рұқсат беру мақсатында;
4) егер әуе кемесін пайдалануға жарамсыз немесе әуе кемесі оның ұшуға жарамдылығына әсер етуі мүмкін болатындай бүлінген деп есептеуге негіз болса, жүргізіледі.
10. Егер шет мемлекеттің азаматтық әуе кемесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарына сай келмесе немесе осы әуе кемесін ақаулы деп санауға негіз бар болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы әуе кемесін ақауы жойылғанға дейін жөнелтуді тоқтата тұрады.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қабылданған шешім туралы әуе кемесі тіркелген мемлекеттің құзыретті органына хабарлауға міндетті.
Құзыретті орган әуе кемесін ұшуға жарамды деп тану туралы шешім қабылдаған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің ұшуына рұқсат береді.
Құзыретті орган әуе кемесін ұшуға жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдаған, бірақ оның әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жүргізілетін жерге ұшып баруына рұқсат етуі мүмкін жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесі тіркелген мемлекеттің құзыретті органы белгілеген оны пайдалануға шектеулерді ескере отырып, әуе кемесінің арнайы ұшуды орындауына рұқсат береді. Арнайы ұшуды орындаған кезде әуе кемесінің бортында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
5-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІ
42-бап. Әуе кемелерiнiң сыныптамасы
1. Әуе кемелері авиацияға тиесiлігiне қарай:
мемлекеттік әуе кемелері;
азаматтық әуе кемелері;
эксперименттiк әуе кемелері болып бөлiнедi.
2. Мемлекеттік авиацияда пайдаланылатын және мемлекеттік авиация әуе кемелерінің тізілімінде тіркелген әуе кемесі мемлекеттік әуе кемесі болып табылады.
3. Азаматтық авиацияда пайдаланылатын және Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесі азаматтық әуе кемесі болып табылады.
Азаматтық әуе кемелерінің сыныптамасы әуе кемесінің ұшу-техникалық сипаттамаларына және деректеріне қарай Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында айқындалады.
4. Тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және сынақтар өткізуге арналған әуе кемесі эксперименттiк әуе кемесі болып табылады.
43-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау
1. Сериялы шығаруға арналған жаңа конструкциядағы (жаңа үлгiдегi) азаматтық әуе кемесiнің Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшуға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттауға тиіс және ол зауыттық, мемлекеттік және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейiн оның азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгi сертификаты болуға тиіс.
2. Азаматтық әуе кемелерiнiң үлгiсiн сертификаттау Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Азаматтық әуе кемесiн жасап шығарушы үлгі сертификатының иесі болып табылады.
4. Азаматтық әуе кемесiнiң бекітілген үлгi конструкциясы (үлгiлiк конструкциясы) өзгерген немесе оның ұшуға жарамдылығына әсер ететiн пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда әуе кемесiнiң бұл үлгiсiн азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган үлгi сертификатына толықтыру алу үшін қосымша сертификаттауға тиіс.
5. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін кемшіліктер анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгі сертификатының қолданылуы Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады, ал әуе кемесін пайдалану уақытша тоқтатылады.
6. Шет мемлекет, әуе кеңістігін сертификаттауды жүзеге асыратын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым берген үлгі сертификатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен таниды.
44-бап. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттау
1. Бекітілген үлгі конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемесінің әрбір данасы сертификатталуға және оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген куәлігі болуға тиіс.
Конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне куәлік берілген әуе кемесі коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға жіберілмейді.
2. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өзінің қарауындағы ұйымды және (немесе) әуе кемелері пайдаланушыларын біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып жүргізеді.
45-бап. Әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу
1. Мемлекеттік әуе кемелерi Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік әуе кемесінің меншік иесіне әуе кемесінің Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелгені туралы хабарлама береді.
2. Азаматтық әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді, сондай-ақ оларға құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысандарын мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне:
1) Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғаларының меншігіндегі әуе кемелері;
2) Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының уақытша иелігіндегі және пайдалануындағы әуе кемелерінің ұшу массасы қырық бес жарым тоннадан аспайтын жағдайда, осындай әуе кемелері енгізіледі.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тіркелген азаматтық әуе кемесінің иесіне азаматтық әуе кемесінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік береді.
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілетін әуе кемесі Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының меншігіндегі азаматтық әуе кемелеріне құқықтарды және көрсетілген әуе кемелерімен жасалатын мәмілелерді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркеуге тиіс.
Азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тіркелгені үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалатын тәртіппен алым алынады. Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркеу көрсетілген алым бюджетке төленгеннен кейін жүзеге асырылады.
4. Әуе кемесі тиісті шет мемлекеттің әуе кемелерінің тізілімінен шығарылғаннан кейін ғана Қазақстан Республикасының тиісті тізіліміне енгізіледі.
5. Эксперименттік әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның есебінде тұрады.
46-бап. Әуе кемесін тiзiлiмнен шығару
1. Әуе кемесі мынадай:
1) әуе кемесi есептен шығарылған немесе пайдаланудан алып тасталған;
2) әуе кемесi шет мемлекетке, шетелдiк жеке немесе заңды тұлғаға сатылған немесе берiлген;
3) азаматтық әуе кемесi Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің тізілімінде немесе шет мемлекеттердің тізілімінде тіркелген;
4) мемлекеттік әуе кемесі Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген;
5) қолданыстағы ұшуға жарамдылығының сертификаты соңғы үш жыл ішінде болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің тиiстi тiзiлімiнен шығарылады.
Кепілде тұрған әуе кемесін Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығару үшін кепіл ұстаушының келісімі болуы міндетті.
2. Әуе кемесi тиiстi тiзiлiмнен шығарылған кезде кеменің тiркелгені туралы куәлiктiң және осы кемеге қатысты жасалған барлық жазбалардың күшi жойылады.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің меншік иесіне әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылғаны туралы куәлік береді.
47-бап. Әуе кемелерін пайдалануға рұқсат ету және ұшуға жарамдылықта ұстау
1. Мемлекеттік әуе кемесiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдалануға рұқсат етіледі.
2. Азаматтық әуе кемесі ұшуға жарамды болуға тиіс және ұшуға жарамдылықтың қолданыстағы сертификаты болған жағдайда пайдалануға рұқсат етіледі.
Егер азаматтық әуе кемесі құрастырылған, жасалған, жарақтандырылған және техникалық қызмет көрсету мен жөндеуден өткен болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы заңнамасы мен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес ұшу сапасы болса, ұшуға жарамды деп танылады.
Шетелдік әуе кемесі Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшқан кезде оның Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде басқа мемлекет берген және Қазақстан Республикасында танылған ұшуға жарамдылығының сертификаты мен шуыл бойынша сертификаты болуға тиіс.
Ұшуға жарамдылығының сертификаты:
1) пайдалануға жарамдылық туралы бағалау актісімен расталған, азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігі негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес;
3) Аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидаларына сәйкес беріледі.
Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйымның қатысуымен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Аса жеңіл авиация әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бекітілген үлгі конструкциясы жоқ әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды уәкілетті органның қарауындағы ұйымды және (немесе) әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Аса жеңіл авиация саласындағы әуе кемелерін сертификаттау қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтық әуе кемелерінің пайдалануға жарамдылығы туралы бағалау актісін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйымның инспекторлары жасайды.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйымның әуе кемелерінің үлгілеріне тиісті рұқсаттары бар білікті персоналы болуға тиіс.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйымның инспекторлары азаматтық әуе кемелерінің пайдалануға жарамдылығы туралы бағалау актісінде көрсетілген ақпараттың дәйектілігі үшін жауаптылықта болады.
Бекітілген үлгі конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы туралы актіні азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйымның инспекторлары және (немесе) әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдар жасайды.
4. Азаматтық әуе кемелерінің шет мемлекет берген ұшуға жарамдылығы сертификаттарын тану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Азаматтық әуе кемесін және оның компоненттерін ұшуға жарамдылықта ұстау Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларының талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
6. Азаматтық әуе кемелерін ұшуға жарамдылықта ұстау үшін жауапкершілік азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға жүктеледі.
Азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға:
1) әуе кемесі ұшуға жарамды күйінде ұсталмаған;
2) авариялық құтқару жабдығы ақаулы болған;
3) ұшуға жарамдылығы сертификатының қолданылу мерзімі өтіп кеткен;
4) әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі бағдарламаға (регламентке) сәйкес оған техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу орындалмаған жағдайларда ұшуды орындауға тыйым салынады.
7. Әуе кемесінің иесі немесе пайдаланушысы Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұшуға жарамдылығының жай-күйі, техникалық қызмет көрсетілгендігі және жөндеу жүргізілгендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ оны пайдалану жөніндегі деректерді ұсынады.
8. Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген барлық әуе кемелері ұшуға жарамдылықта ұсталуға қатысты тексерілуге жатады. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі анықталған кезде ұшуға жарамдылығы сертификатының қолданылуы тоқтатыла тұрады, ал азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі жойылғанға дейін әуе кемесін пайдалануға тыйым салады.
Әуе кемесінің ұшуға жарамдылықта ұсталуын тексеру:
1) пайдаланушының әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі есептері мен пайдалану құжаттамасын және әуе кемесінің техникалық жай-күйі жөніндегі басқа да есептер мен құжаттарды тексеруді;
2) әуе кемесін қарап тексеруді;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның бақылауымен әуе кемесіне ұшу сынақтарын қажет болған кезде жүргізуді қамтиды.
Ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесіне ұшу сынақтарын жүргізу немесе оның техникалық қызмет көрсетілетін және жөндеу жүргізілетін жерге ұшып баруы үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мұндай әуе кемесі үшін арнайы ұшуды орындауға рұқсат береді.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган арнайы ұшуды орындауға рұқсат берудің алдында ұшуды қауіпсіз орындау үшін әуе кемесінің жай-күйіне бағалау жүргізуге міндетті және оны пайдалануға қажетті шектеулерді белгілеуге құқылы. Арнайы ұшуды орындаған кезде әуе кемесінің бортында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
9. Егер азаматтық әуе кемелерінде радиомен хабарлау аппаратурасы орнатылған болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай аппаратураны пайдалануға рұқсат береді.
10. Халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелері Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына сай келетін жабдықпен жарақтандырылады.
11. Әрбір әуе кемесінде борт журналы жүргізіледі, оған әуе кемесі туралы, әуе кемесін пайдалану процесінде анықталған ақаулар туралы деректер енгізіледі.
Борт журналының нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
12. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылған азаматтық әуе кемесінің экспорты үшін ұшуға жарамдылықтың экспорттық сертификатын береді.
48-бап. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу
1. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларына сәйкес авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар, осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған куәлігі бар авиация персоналы жүргізеді.
2. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету техникалық қызмет көрсету бағдарламалары (регламенттері) бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету бағдарламасын (регламентін) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізу кезінде оларды шығарушы немесе техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым берген сәйкестендіру құжаттары (формулярлары, паспорттары, этикеткалары, пайдалануға рұқсат берілгені туралы құжаттары, теңтүпнұсқалы телнұсқалары) жоқ агрегаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды және олардың қосалқы бөлшектерін пайдалануға тыйым салынады.