2. Жолаушы:
әуе көлігінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтауға және әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекеттерге жол бермеуге;
авиация персоналының өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде кедергі жасамауға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
78-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын бiржақты тоқтату
1. Жолаушының ұшудан бас тартуға және енгізген тасымалдау ақысын әуемен тасымалдау шартында белгiленген мөлшерде қайтарып алуға құқығы бар.
2. Әуемен тасымалдау шарты авиакомпанияның бастамасы бойынша біржақты тәртіппен мынадай:
1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында осы Заңның 107-бабында белгiленген тексеруден бас тартқан;
2) жолаушы Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуемен тасымалдау қағидаларын бұзған және (немесе) жолаушы әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретін iс-әрекет жасаған;
3) жолаушы өзінің денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретін, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болған жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
Жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландыру арқылы расталады.
3. Жолаушыны әуемен тасымалдау шарты тоқтатылған жағдайда тасымалдау үшiн енгізілген төлем әуемен тасымалдау шартында көзделген тәртiппен қайтарылады.
79-бап. Авиамаршруттар
1. Тұрақты және тұрақты емес коммерциялық әуемен тасымалдау авиамаршруттар бойынша жүзеге асырылады.
2. Авиамаршруттар халықаралық маршруттар және iшкi маршруттар болып бөлінеді.
Тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған халықаралық авиамаршруттар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
Тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған ішкi авиамаршруттарды азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган бекітеді.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе ол уәкiлеттiк берген мемлекеттік органның шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын авиамаршруттар бойынша тұрақты тасымалдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын, авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуiне қажеттi кiрiс деңгейiн қамтамасыз етпейтiн тасымалдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялануға жатады.
80-бап. Тұрақты әуемен тасымалдау үшін авиамаршруттарды бөлу
1. Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары арасында тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған авиамаршруттарды бөлуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган конкурстық негiзде жүргізеді. Конкурс жеңімпаздарына авиамаршрутқа арналған куәлік беріледі.
Жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша авиамаршрутқа конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарына, оның ішінде әуе кемелерінің резервін және бекітілген кестеге сәйкес ұдайы әуемен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін авиакомпанияда болжамды кірісті ескермегенде бір ай ішінде қажетті қаржы қаражатының азаймайтын резервінің болуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкес келетін авиакомпаниялар конкурсқа жіберіледі.
Авиамаршрутқа арналған куәлiкті азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган тасымалдаудың түрiн және көрсетілген куәлiктiң қолданылу мерзiмiн көрсете отырып бередi.
Авиамаршрутқа арналған куәлiкті иелiктен айыруға болмайды және ол басқа жеке немесе заңды тұлғаларға берiлмейдi.
Бiр авиамаршрутқа бiрнеше куәлiк берiлуi мүмкiн.
2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган авиамаршрутты пайдалану талаптарын орындамаған жағдайда, авиакомпаниядан авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алады.
3. Мыналар:
1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды және (немесе) еңсерілмейтін күштің салдарын қоспағанда, авиамаршрутты пайдаланудың басталған күнін, белгілі бір уақыт кезеңінде тұрақты рейстердің белгіленген санын орындауды және әуе кемелерінің авиамаршрутында кестеде белгіленген үлгілерді және (немесе) сыйымдылықты қолдануды қамтитын кестені авиакомпанияның сақтауы;
2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарға сәйкестік;
3) бекітілген кестеге сәйкес ұдайы әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін авиакомпанияда болжамды кірісті ескермегенде бір ай ішінде қажетті қаржы қаражатының азаймайтын резервінің болуы авиамаршрутты пайдаланудың талаптары деп түсініледі.
4. Авиакомпаниядан авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алған кезде куәлік конкурстық ұсынысы жеңімпаздан (жеңімпаздардан) кейін үздік деп танылған конкурстың басқа қатысушысына беріледі.
5. Халықтың әуе қатынасына қажеттігін қанағаттандыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган авиакомпанияға авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурстар арасындағы кезеңде қажеттігі туындаған авиамаршрутты пайдалану үшін авиамаршруттарды бөлу жөніндегі конкурсты өткізбестен авиамаршрутқа арналған куәлікті беруге құқылы.
Пайдалану қажеттігі конкурстар арасындағы кезеңде туындаған авиамаршрутты бөлген кезде куәлік Авиамаршрутқа конкурс өткізу және авиамаршруттарға арналған куәлік беру қағидаларында көзделген біліктілік талаптарына авиакомпания сәйкес келген жағдайда, өтінім берген барлық авиакомпанияларға беріледі.
81-бап. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметі
1. Шетелдiк әуемен тасымалдаушылар Қазақстан Республикасы аумағындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлайтын шетелдік тасымалдаушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда тіркелуден өтуге міндетті.
3. Шетелдік тасымалдаушыларды тіркеу тәртібін және оларға қойылатын талаптарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Шетелдік әуемен тасымалдаушыға қатысты тасымалдауға құқық беру шарттары Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
5. Шетелдік әуемен тасымалдаушылар экипажды және жолаушыларды Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі саласындағы заңнамасына сәйкес өткізу мерзімдерін сақтай отырып, сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.
6. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың өкілдіктері Қазақстан Республикасының аумағында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуді қазақ тілінде жүзеге асырады.
Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
82-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау
1. Авиациялық жұмыстар азаматтық әуе кемесін пайдаланушы мен тапсырыс берушi арасындағы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Авиациялық жұмыстардың тізбесі және оларды орындауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
10-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК
83-бап. Әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшiн тасымалдаушының жауапкершілігі
1. Тасымалдаушы, егер зиян еңсерілмейтін күштің салдарынан немесе жәбірленушінің ниетінен туындағанын дәлелдемесе, әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Жолаушыны әуемен тасымалдау жолаушы әуе кемесінің бортына отырғызылған кезден бастап, әуе кемесiнiң ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы әуе кемесінің бортын тастап шыққан кезге дейiнгi кезеңді қамтиды.
2. Халықаралық ұшуды орындаған кезде әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
84-бап. Багаж бен жүктің және жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшін тасымалдаушының жауапкершілігі
Тасымалдаушы тіркелген багаждың, жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер багаждың немесе жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) оның кінәсінен болмағандығын дәлелдемесе, залалды мынадай мөлшерде:
1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн - әуемен тасымалдау шартында белгіленген мөлшерде;
2) тасымалға құны жарияланып қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн - жарияланған құн мөлшерiнде;
3) багаждың, жүктің зақымданғаны үшін - багаждың, жүктің құнының азайған сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүкті немесе багажды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде - оның құны мөлшерінде өтейді.
Тасымалдаушы жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер жолаушы зиян тасымалдаушының кінәсінен болғандығын дәлелдесе, заттар құнының азайған сомасы мөлшерінде залалды өтейді.
Халықаралық ұшуды орындаған кезде тіркелген багаждың, жүктің, жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
Егер багаждың, жүктiң бiр бөлiгiнiң немесе солардың iшіндегі қандай да бiр заттың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) сол багаж түбiртегiнде немесе жүкқұжатында жазылған багаждың немесе жүктiң құнына әсер ететін болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезде бүкіл осы багаждың және (немесе) жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.
Тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуынан, жетіспеушілігінен немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген залалды өтеумен қатар, жөнелтушiге (алушыға), егер тасымалдау ақысы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, жетіспеген, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе багажды тасымалдау үшiн алынған ақыны қайтарады.
85-бап. Почта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі және (немесе) зақымданғаны және жеткiзiлуiнiң кешіктірілгені үшiн тасымалдаушының жауапкершілігі
Тасымалдаушының кінәсінен почта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі немесе зақымданғаны және жеткiзiлуiнiң кешiктiрiлгенi үшiн байланыс мекемелерi жөнелтiлім жасаушылардың немесе адресаттардың алдында жауаптылықта болған мөлшерде тасымалдаушы почта ұйымдарының алдында материалдық жауаптылықта болады.
86-бап. Тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі
1. Тасымалдаушының кінәсінен тасымалдауда кідіріс болған немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс кешіккен, орындалмаған, тасымалдау маршруты өзгерген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттерінде және аралық пункттерде мынадай:
1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
2. Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
87-бап. Азаматтық авиация қызметімен байланысты міндетті сақтандыру
Әуе кемелерінің, азаматтық авиацияның басқа да объектілері мен жабдықтарының меншік иелері (иелері) мен пайдаланушылары Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, оның ішінде жолаушылар мен авиация персоналы алдындағы жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Халықаралық әуемен тасымалдау кезіндегі сақтандыру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
11-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІНІҢ ҰШУ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ӘСЕР ЕТЕТІН ІС-ӘРЕКЕТТЕР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ
88-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері мен іс-әрекеттері
1. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдар:
1) әуе кемесі командирінің және экипаждың басқа мүшелерінің талаптарын, сондай-ақ қосылған ақпараттық таблода көрсетілген іс-әрекеттерді сөзсіз орындауға;
2) қол жүгі мен жеке заттарын осы үшін арнайы бөлінген орындарға орналастыруға;
3) әуе кемесі командирінің өкімі бойынша немесе көрсетілген іс-әрекеттерді орындауға міндеттейтін ақпараттық табло қосылған кезде жолаушы креслосының таңу белдіктерін тағуға;
4) бүкіл ұшу кезінде әуе кемесінің бортында тәртіп пен реттілікті сақтауға міндетті.
2. Әуе кемесiнің бортындағы адамдардың, оның iшiнде кеменің иесі болып табылатын адамдардың экипаждың iс-әрекетіне араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретiн өзгертудi немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету не әуе қозғалысын басқару органдарының нұсқауларын орындамауды талап етуiне тыйым салынады.
3. Әуе кемесінде жолаушылар ретіндегі адамдарға:
1) ұшудың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар жасауға;
2) экипаж мүшелерін қорқытуға;
3) әуе кемесінің бортында бүкіл ұшу кезеңінде шылым шегуге;
4) әуе кемесінің бортында орнатылған тұрақты құралдарды қоспағанда, ұшудың барлық сатысында әуе кемесінің бортында кез келген радиоэлектрондық құралдарды пайдалануға тыйым салынады.
89-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдар ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар
Осы Заңның 88-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларына:
ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында адамдардың өміріне немесе денсаулығына және әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, зорлық-зомбылық актісін жасау;
әуе кемесіне және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін оның жабдықтарына зақым келтіру;
ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін көрінеу жалған мәліметтерді хабарлау;
әуе кемесін қиратуы немесе ұшу кезінде оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін зақым келтіруі мүмкін қондырғыларды немесе заттарды әуе кемесіне орналастыруға әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасау;
әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайларды қоспағанда, әуе кемесінің есіктерін және (немесе) авариялық шығатын есіктерді ашуға әрекет ету жатады.
90-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі мүмкiн қызмет
1. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассаларының шегіндегі жерлерде орналасқан объектiлердiң, электр беру желiлерiнiң, басқа да бөгеттердiң құрылысы; оның салдарынан әуе кеңiстiгiнде электромагниттiк, жарық арқылы, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулелену түрлері жүргізілетін жұмыстар; құстардың топталып жиналуына немесе ұшу көрiнiсiнiң нашарлауына әкеп соғатын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдаланумен тікелей байланысты емес, бiрақ әуе кемелері ұшуының, олардың жабдықтарының және олардағы адамдардың қауiпсiздiгiне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.
Мұндай қызмет Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағиадаларына сәйкес берілетін рұқсатпен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Рұқсат алу:
1) биіктігі мен орналасқан жері Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету ескеріле отырып айқындалған әуеайлақ ауданындағы барлық объектілерді;
2) авиациялық радиотехникалық құралдардың және жарық беретін сигнал жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуі үшін кедергі келтіруі мүмкін байланыс, электр беру желілерін, сондай-ақ басқа да радио, электромагниттік және жарық арқылы сәулелену объектілерін;
3) жарылыс қаупі бар объектілерді;
4) шығарылатын газдарды авариялық жағу үшін факелді құрылғыларды орналастыру үшін талап етіледі.
Факелді құрылғылардың биіктігін анықтау кезінде жалын шығарудың ең жоғары ықтимал биіктігі ескеріледі;
5) қызметі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы көрудің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылыстарды орналастыру үшін талап етіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген объектілерді орналастыру азаматтық немесе мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар беретін рұқсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Әуеайлақтың бақылау нүктесінен он бес километр жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды және құстарды тартумен және олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады.
5. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметтi жүзеге асыру ережелерiнің бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар осы бұзушылықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.
6. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі ықтимал қызмет атқарылып жатқан ауданға олардың абайсызда ұшып кіру жағдайларын болғызбау үшін, осындай қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға аталған қызмет туралы хабар беруге мiндеттi.
7. Осындай қызметтiң жүзеге асырылуын бақылауды азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде орындайды.
8. Әуежайлар аумағы шегінде жөндеу, құрылыс және монтаждау жұмыстарының барлық түрін жүргізуді ұлттық қауіпсіздік органдары немесе Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде тоқтата тұруы мүмкін.
91-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi таңбалау
1. Ғимараттар мен құрылыстардың иелерi ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларына, Қазақстан Республикасының азаматтық әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғыларды өз есебiнен орнатуға мiндеттi.
Әуеайлақтарды айырып-тану үшін қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бiр белгiлер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орнатуға жол берiлмейдi.
2. Әуеайлақ ауданындағы объектiлерге таңба салудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға жүктеледi.
12-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР МЕН ИНЦИДЕНТТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТЕКСЕРУ
92-бап. Авиациялық оқиғалар мен инциденттер
1. Әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты әуе кемесінің бортындағы адамдардың мерт болуына (дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болуына) және (немесе) осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкеп соқтырған оқиға мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиға деп танылады.
2. Азаматтық әуе кемесін ұшу мақсатында пайдаланумен байланысты, ұшқыш басқаратын әуе кемесі жағдайында қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған немесе ұшқышсыз әуе кемесінде әуе кемесі ұшу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшуды аяқтап тоқтағанға және негізгі күш қондырғысын ажыратқанға дейін орын алған және оның барысында:
1) дене жарақатын табиғи себептер нәтижесінде алған, өзін-өзі жарақаттаған не басқа адамдар жарақаттаған немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің кіруіне болатын аймақтан тыс жерде жасырынып қалған билетсіз жолаушы дене жарақатын салған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір адамның осы әуе кемесінде болуы нәтижесінде дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болған (дене жарақатын алуына байланысты оқиға болғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қайтыс болған жағдайды қоса алғанда);
2) мыналарды:
бір ғана қозғалтқыш, оның капоттары немесе оның қосалқы агрегаттары бүлінген кездегі қозғалтқыштың істен шыққан немесе зақымданған;
тек қана әуе бұрандалары, күш түсетін бұрандалардың қалақтары, соңғы жағындағы бұранданың қалақтары, планердің күш түспейтін элементтері, ағыстатқыштар, қанатының ұштары, антенналар, датчиктер, қалақтар, пневматикалар, тежегіш құрылғылар, алдыңғы әйнектері, доңғалақтары зақымданған немесе шассилері, шассилердің ашылатын панельдері болымсыз зақымданған не қаптамада аздаған майысқан жерлер немесе ойықтар болған, оның ішінде бұршақтың немесе құстармен соқтығысудың салдарынан (радиолакатор антеннасының ағыстатқышындағы ойықтарды қоса алғанда) аздаған зақымданған;
конструкцияның жалпы беріктігін бұзбайтын басқа да элементтер зақымданған;
егер бұл жағдайлар фюзеляждың (арқалықтардың) күш түсетін элементтерінің зақымдануына немесе бүлінуіне әкеп соқпаған болса, тірек және рульдік бұрандалар элементтерінің, тірек немесе рульдік бұранда төлкесінің, трансмиссияның зақымданған, желдеткіш қондырғының немесе редуктордың зақымданған, күш түсетін элементтерді зақымдамай фюзеляждың қаптамасының (арқалықтарының) зақымданған жағдайларын қоспағанда, әуе кемесі зақымданған немесе оның конструкциялары сынған, соның салдарынан әуе кемесі конструкциясының беріктігі бұзылатын, әуе кемесінің техникалық немесе ұшу сипаттамалары нашарлайтын, ірі жөндеу немесе зақымданған элементті ауыстыру қажет болатын;
3) әуе кемесі хабарсыз жоғалып кеткен немесе оған бару мүлдем мүмкін болмайтын жерде болған авиациялық оқиға азаматтық (эксперименттік) авиациядағы оқиға деп танылады.
3. Мемлекеттік авиациядағы авиациялық инцидент деп әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты, әуе кемесінің тұтастығына және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қатер туғызуы мүмкін немесе қатер туғызған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
4. Азаматтық (эксперименттік) авиациядағы авиациялық инцидент деп азаматтық әуе кемесін пайдаланумен байланысты, қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған және әуе кемесінің, экипаждың, ұшуды басқару және қамтамасыз ету қызметтерінің қалыпты жұмыс істеуден ауытқуына байланысты, ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін сыртқы ортаның әсеріне байланысты болған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
93-бап. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру
1. Қазақстан Республикасының әуе кемесімен не шет мемлекеттің әуе кемесімен Қазақстан Республикасының аумағында болған авиациялық оқиға немесе инцидент міндетті түрде тексерілуге жатады.
2. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты оқиғаның және (немесе) ілеспе факторлардың себептерін анықтау, авиациялық оқиғаны болғызбау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.