6. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге келетін болса, одан кейінгі жақын жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
7. Егер мерзім қандай да бір іс-әрекетті жасау үшін белгіленсе, ол мерзімнің соңғы күнінде 24 (жиырма төрт) сағатқа дейін орындалуы мүмкін.
Бірақ, егер бұл іс-әрекет ұйымда жасалатын болса, онда мерзім, бұл ұйымда белгіленген ережелер бойынша тиісті операциялар тоқтатылған сағатта аяқталады.
Мерзімнің соңғы күнінде 24 (жиырма төрт) сағатқа дейін почта байланысы мекемесіне (ұйымына) тапсырылған жазбаша өтініштер және хабарламалар мерзімінде жасалған деп есептеледі.
8. Егер мерзім жұмыс күндерімен есептелген жағдайда, жұмыс күндері деп аптаның дүйсенбіден жұмаға дейінгі, кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жұмыс істемейтін күн деп жарияланған мереке күндеріне келмейтін күндері айтылады.
Егер тауарларды кедендік шекарадан өткізу орындарында және кеден органдары орналасқан өзге де орындарда кеден органдарының жұмыс уақыты жұмыс істемейтін күндері белгіленсе, осы кеден органдарының жұмыс күндерімен есептелетін кедендік операцияларды жасау мерзімі өзіне жұмыс істемейтін күндерді қамтиды.
6-бап. Кеден органдары және олардың негізгі міндеттері
1. Кеден органдары кеден одағының кедендік аумағында мынадай негізгі міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді:
1) кеден одағының бірыңғай сауда саясатын іске асыруға жәрдемдесу;
2) орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген, кеден одағының кеден заңнамасын және кеден одағына мүше мемлекеттердің өзге де заңнамаларын орындауды қамтамасыз ету;
3) кедендік операцияларды жасау және оның ішінде, өзара әкімшілік көмек көрсету шеңберінде кедендік бақылауды жүргізу;
4) кедендік төлемдерді, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы және өтемақылық баждарды өндіріп алу, оларды есептеу дұрыстығын және уақытында төлеуді бақылау, өз құзыреті шегінде оларды мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша шаралар қабылдау;
5) өз құзыреті шегінде кедендік-тарифтік реттеу шараларын және кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды қамтамасыз ету;
6) өз құзыреті шегінде кедендік реттеу саласында тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету және кедендік шекара арқылы тауар айналымын жеделдету үшін жағдай жасау;
7) өз құзыреті шегінде кеден одағына мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін, адам өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартына сәйкес - кеден одағына мүше мемлекеттердің кедендік шекарасы арқылы бағалы қағаздарды және (немесе) валюта құндылықтарының, жол чектерінің өткізілуін бақылауды жүзеге асырған кезде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;
8) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау, алдын алу және жолын кесу;
9) өз құзыреті шегінде кеден одағының кедендік аумағында зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету;
10) кедендік статистиканы жүргізу.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен кеден органдары шешетін өзге де міндеттер белгіленуі мүмкін.
2. Кеден органдарының жүйесі, олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі, сондай-ақ кеден органдарында қызмет атқару шарты кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен айқындалады.
7-бап. Кеден органдарының құқық қорғау қызметі
1. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары контрабанда туралы, кедендік төлемдерді төлеуден жалтару және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес олар бойынша іс жүргізу кеден органдарының жүргізуіне жатқызылған өзге қылмыстар туралы істер бойынша анықтау органдары болып табылады.
2. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары, осы мемлекеттердің заңнамасымен, іс жүргізуі кеден органдарының жүргізуіне жататын қылмыстар деп танылған, құқыққа қарсы әрекетті дайындайтын, жасайтын немесе жасаған тұлғаларды анықтау, халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық кеден ұйымдарының, шет мемлекеттердің кеден және өзге де құзыретті органдарының сұрау салуларын орындау мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады.
Жедел-іздестіру қызметін кеден одағына мүше мемлекеттердің жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасына сәйкес кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары жүзеге асырады.
3. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша әкімшілік процесті жүргізеді (іс жүргізуді жүзеге асырады) және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.
8-бап. Кеден органдары алған ақпаратқа қатысы
1. Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдары алған кез келген ақпаратты мұндай органдар тек кеден мақсаты үшін, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу үшін ғана пайдаланады.
2. Кеден органдарының, олардың лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратқа қол жеткізген өзге де тұлғалардың мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпаратты және осы Кодекспен және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа да құпия ақпаратты жариялауға, жеке мақсатта пайдалануға не үшінші тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға беруге құқығы жоқ.
Егер көрсетілген органдарға мұндай ақпарат аталған кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен өздеріне жүктелген міндеттерді шешу үшін кажет болса, кеден одағына бір мүше мемлекеттің кеден органдары өздеріне ұсынылған ақпаратты аталған кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиясын және басқа да құпия ақпаратты қорғау жөніндегі заңнамасының талаптарының, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарының тәртібімен және оларды сақтай отырып, осы кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік органдарына ұсынады.
9-бап. Кеден органының және оның лауазымды тұлғаларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану
Кез келген тұлға, кеден органдарының шешіміне, кеден органдарының немесе олардың лауазымды тұлғаларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) кеден органының немесе кеден органы лауазымды тұлғаларының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде шағымдануға құқылы.
2-тарау. Ақпараттандыру және консультация беру
10-бап. Кеден одағының кеден заңнамасы туралы ақпараттандыру
1. Кеден одағының кеден заңнамасы туралы ақпараттандыру кеден одағының кеден заңнамасының актілерін ресми және өзге де баспасөз басылымдарында жариялау жолымен, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, олар туралы ақпаратты телевизия және радио бойынша, сондай-ақ ақпаратты таратудың өзге тәсілдері арқылы жалпы жұрттың назарына жеткізу жолымен жүзеге асырылады.
2. Кеден одағының комиссиясы және кеден органдары, Интернет желісінде олардың ресми веб-сайттарында орналастырылған кеден одағының кеден заңнамасы туралы ақпаратқа тұлғалардың кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
11-бап. Кеден органдарының консультация беруі
1. Кеден органдары кеден одағының кеден заңнамасына қатысты мәселелер бойынша және кеден органдарының құзыретіне енетін өзге де мәселелер бойынша мүдделі тұлғаларға консультация береді.
2. Кеден органдарының консультация беруі ауызша және жазбаша нысандарда тегін жүзеге асырылады. Мүдделі тұлғаның жазбаша сұрау салуы бойынша кеден органы ақпаратты жазбаша нысанда қысқа мерзімде, бірақ кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
3. Консультация беру кезінде кеден органдарының лауазымды тұлғалары кеден органының атынан кедендік декларацияларды және кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынуға жататын өзге де құжаттарды тексермейді, сондай-ақ мұндай кедендік декларациялар мен құжаттарды жасамайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды толтыруға байланысты консультация, мүдделі тұлға ұсынған ақпаратты тексерместен ауызша нысанда жүргізіледі.
4. Консультация беру кезінде кеден органы лауазымды тұлғасының:
1)кеден органдарының құзыретіне енбейтін мәселелер бойынша консультация жүргізуге;
2) мүдделі тұлға ұсынған құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;
3) мүдделі тұлғалардың құжаттарына билік ету жазуларын жазуға, кеден органдарына нұсқау беруге немесе қандай-да бір өзге тәсілмен кеден органының кейінгі шешімдеріне немесе кеден органдарына жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде оның лауазымды тұлғасының әрекетіне ықпал етуге;
4) заңнамаға сәйкес жария етуге жатпайтын мәліметтерді хабарлауға құқығы жоқ.
5. Консультацияларды жүргізу кезінде мүдделі тұлғаларға ұсынылған ақпарат, тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органының немесе оның лауазымды тұлғасының шешім қабылдауы немесе әрекет (әрекетсіздік) жасауы үшін негіздеме болып табылмайды.
6. Кеден органдарының консультация беруін ұйымдастыру тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталады.
3-тарау. Кеден органдарының сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен және кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен өзара қарым-қатынасы
12-бап. Кедендік өкіл
1. Кедендік өкіл - осы Кодекстің 13-бабында белгіленген шарттарға жауап беретін, кеден одағына мүше мемлекеттің заңды тұлғасы.
Заңды тұлға кедендік өкілдердің тізіліміне енгізілгеннен кейін кедендік өкіл болып танылады.
Кедендік өкілдердің тізіліміне енгізу және осы тізілімнен шығару тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталады.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында кеден өкілдері тізіліміне енгізілген заңды тұлғалардың кеден өкілдері ретіндегі қызметін тоқтата тұру және қайта жаңғырту жағдайлары мен тәртіптері белгіленуі мүмкін.
2. Кедендік өкіл декларанттың немесе өзге мүдделі тұлғалардың атынан немесе тапсырмасы бойынша кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес оның кеден органы кедендік өкілдердің тізіліміне енгізген кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында кедендік операцияларды жасайды.
3. Кедендік өкілдердің декларантпен немесе өзге мүдделі тұлғалармен қатынасы келісімшарт негізінде құрылады.
4. Кеден органдары кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен кеден өкілдерінің тізілімін жүргізеді және бір тоқсанда кемінде бір рет, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оның мерзімді жариялануын қамтамасыз етеді.
Кеден одағының комиссиясы кеден органдары жүргізетін тізілімдердің негізінде кеден өкілдерінің жалпы тізілімін қалыптастырады және бір тоқсанда кемінде бір рет оны Кеден одағы комиссиясының ресми Интернет-сайтында мерзімді жариялауды қамтамасыз етеді.
5. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен кедендік өкілдердің тікелей кедендік операцияларды жүзеге асырушы жұмыскерлеріне қойылатын біліктілік талаптары және мұндай тұлғаларға олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжатты беру шарты анықталуы мүмкін.
6. Кедендік операцияларды жасау кезінде кедендік өкіл үшін осы Кодекске сәйкес декларант немесе өзге мүдделі тұлғалар кедендік операцияларды жасаған кезде белгіленетін жағдайлардан қолайсыздау жағдайлар белгіленбеуі немесе сол кезде қойылатын талаптардан неғұрлым қатаң талаптар қойылмауға тиіс.
13-бап. Кедендік өкілдердің тізіліміне енгізу шарттары
Мыналар заңды тұлғаны кедендік өкілдердің тізіліміне енгізу шарттары болып табылады:
1) бұл тұлғаның штатында кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген талаптарға олардың сәйкес келуін растайтын құжаты бар кем дегенде 2 (екі) жұмыскердің бар болуы;
2) ұсынылатын тұлғалардың мүлігіне зиян келтіру немесе бұл тұлғалармен шарттарды бұзу салдарынан болуы мүмкін өзінің азаматтық жауапкершілігінің тәуекелін сақтандыру шартының бар болуы. Сақтандыру сомасының мөлшері кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталады;
3) мұндай қамтамасыз етуді ұсыну күнгі кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген валюта бағамы бойынша кем дегенде бір миллион евроға баламалы сомаға кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді ұсыну;
4) өзге талаптарға сәйкес келуі және кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген өзге де шарттарды сақтау.
14-бап. Кедендік өкілдердің тізілімінен шығару үшін негіздеме
Кедендік өкілдердің тізілімінен шығару үшін мыналар негіздеме болып табылады:
1) осы Кодекстің 13-бабымен белгіленген кедендік өкілдердің тізіліміне енгізу шарттарын сақтамау;
2) кеден өкілінің оны кеден өкілдерінің тізілімінен алып тастау туралы өтініші;
3) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес заңды тұлғаны тарату;
4) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру.
15-бап. Кедендік өкілдің құқықтары
1. Кедендік операцияларды жасау кезінде кедендік өкіл оған кеден органдарымен өзара қарым-қатынаста өзінің мүддесін білдіруге уәкілеттік беретін тұлғамен бірдей құқықтарға ие.
2. Өз қызметін жүзеге асыру кезінде кедендік өкіл:
1) өкілдік беруші тұлғадан кедендік мақсаттар үшін қажетті, оның ішінде коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпараты не басқа құпия ақпараты бар құжаттар мен мәліметтерді талап етуге және осы Кодексте белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін мерзімдерде осындай құжаттар мен мәліметтерді алуға;
2) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен, кедендік мақсаттар үшін қажетті ақпараттарды автоматтандырылған өңдеу, деректерді электрондық жолмен беру үшін пайдаланатын кеден органдарының ақпараттық желілеріне қол жеткізуге құқылы.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында бірыңғай Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты не кедендік шекара арқылы белгілі бір көлік түрлерімен өткізілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасаумен, сондай-ақ жекелеген кедендік операцияларды жасаумен немесе кеден одағына мүше мемлекеттің бір (бірнеше) кеден органының (кеден органдарының) қызметі өңірінің шеңберінде қызмет өңірімен кедендік өкілдің өз қызметінің саласын шектеу құқығы қарастырылуы мүмкін.
16-бап. Кедендік өкілдің міндеттері
1. Кедендік операцияларды жасау кезінде кедендік өкілдің міндеттері кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген талаптарға және шарттарға негізделген.
Кедендік өкілдің міндеттеріне мәлімделген кедендік рәсімдердің талаптары мен шарттарын сақтауға байланысты кедендік операцияларды, сондай-ақ кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес олар өкілдік беруші тұлғаларға ғана жүктелетін өзге міндеттерді жасау кірмейді.
2. Өкілдік беруші тұлғадан алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпаратты не басқа құпия ақпаратты кедендік өкіл және оның жұмыскерлері жарияламауға немесе өз мақсаттары үшін пайдаланбауға, кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге тұлғаларға бермеуге тиіс.
3. Кедендік өкіл кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, кеден органдарына есептілік ұсынуға міндетті.
4. Кедендік өкілдің кеден органдарының алдындағы міндеттері өкілдік беруші тұлғамен жасалған шартпен шектелмеуі мүмкін.
5. Міндеттер барлық кедендік өкіл үшін бірыңғай болып табылады. Жекелеген кедендік өкілдер үшін ерекше (эксклюзивтік) құқықтар және жеке сипаттағы өзге де артықшылықтар беруге тыйым салынады;
6. Кеден өкілі заңды тұлғаны кеден өкілдерінің тізіліміне енгізген кеден органын осындай мәліметтер өзгертілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде кеден өкілдерінің тізіліміне енгізген кезде мәлімдеген мәліметтердің өзгергені туралы хабарландыруға міндетті.
17-бап. Кедендік өкілдің жауапкершілігі
Кеден одағының кеден заңнамасының талаптарын сақтамағаны үшін кедендік өкіл, кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
18-бап. Кедендік тасымалдаушы
1. Кедендік тасымалдаушы - осы Кодекстің 19-бабымен белгіленген шарттарға жауап беретін, кеден одағына мүше мемлекеттің заңды тұлғасы.
Заңды тұлға кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізілгеннен кейін кедендік тасымалдаушы болып табылады.
Кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу және осы тізілімнен шығару тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталады.
2. Кедендік тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тауарларды кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес кеден одағының кедендік аумағы бойынша тасымалдауды жүзеге асырады.
3. Кеден органдары кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік тасымалдаушылар болып танылған тұлғалардың тізілімін жүргізеді және бір тоқсанда кемінде бір рет, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, олардың мерзімді жариялануын қамтамасыз етеді.
Кеден одағының комиссиясы кеден органдары жүргізетін тізілімдердің негізінде кедендік тасымалдаушылардың жалпы тізілімін қалыптастырады және бір тоқсанда кемінде бір рет оны Кеден одағы комиссиясының ресми Интернет-сайтында мерзімді жариялауды қамтамасыз етеді.
Кедендік тасымалдаушылардың жалпы тізілімінің нысаны және оны жүргізу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен анықталады.
4. Кедендік тасымалдаушылардың мәртебесі нысаны мен пайдалану тәртібін Кеден одағының комиссиясы белгілейтін құжатпен расталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжатты заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылар тізіліміне қосқан, кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы береді.
19-бап. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттары
Мыналар заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттары болып табылады:
1) бұл тұлғаның, кеден органына жүгіну күніне кемінде 2 (екі) жыл ішінде жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруы;
2) мұндай қамтамасыз етуді ұсыну күнгі кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген валюта бағамы бойынша кем дегенде екі жүз мың евроға баламалы сомаға кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді ұсыну;
3) егер, қызметтің мұндай түрі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес көрсетілген құжаттың бар болуын талап етсе, жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған рұқсат ету құжатының бар болуы;
4) меншігінде, шаруашылық жүргізуінде, жедел басқаруында, жалға алуында тауарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдарының, оның ішінде кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау үшін жарамды көлік құралдарының болуы;
5) кеден органына жүгіну күнінде кедендік төлемдерді, өсімпұлдарды төлеу бойынша орындамаған міндеттің болмауы;
6) кеден органына жүгінгенге дейін 1 (бір) жылдың ішінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген, кеден ісі саласында құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылу фактілерінің болмауы;
7) өзге талаптарға сәйкес келуі және кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген өзге де шарттарды сақтау.
20-бап. Кедендік тасымалдаушылардың тізілімінен шығару үшін негіздеме
Кедендік тасымалдаушылардың тізілімінен шығару үшін мыналар негіздеме болып табылады:
1) осы Кодекстің 19-бабының 2)- 5) және 8) тармақшаларымен белгіленген, кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттарын сақтамау;
2) тасымалдаушылардың осы Кодекстің 21-бабының 1) - 3) тармақшаларында көзделген міндеттерді сақтамауы;
3) кедендік тасымалдаушының оны кедендік тасымалдаушылар тізілімінен алып тастау туралы өтініші;
4) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес заңды тұлғаны тарату;
5) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру.
21-бап. Кедендік тасымалдаушының міндеттері
Кедендік тасымалдаушы:
1) кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде, осы Кодекспен белгіленген шарттарды сақтауға және талаптарды орындауға;
2) кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізуге және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес кеден органдарына мұндай тауарларды тасымалдау туралы, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып есептілік ұсынуға;
3) осы Кодекстің 227-228-баптарында көзделген жағдайларда кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауға;
4) тауарларды жөнелтушіден, оларды алушыдан немесе экспедитордан алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын ақпаратты не басқа құпия ақпаратты жарияламауға немесе өз мақсаттары үшін пайдаланбауға, кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге тұлғаларға бермеуге;
5) заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізген кеден органына кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу кезінде олар мәлімдеген мәліметтердің өзгергені туралы, мұндай мәліметтер өзгерген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінің ішінде ақпараттандыруға міндетті.
22-бап. Кедендік тасымалдаушының жауапкершілігі
Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарлады тасымалдау кезінде өзінің міндеттерін орындамағаны үшін кедендік тасымалдаушы, осы Кодекстің 224-бабына сәйкес жауаптылықта болады.
23-бап. Уақытша сақтау қоймасының иесі
1. Уақытша сақтау қоймасының иесі - осы Кодекстің 24-бабында белгіленген шарттарға жауап беретін кеден одағына мүше мемлекеттің заңды тұлғасы.
Заңды тұлға уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілгеннен кейін уақытша сақтау қоймасының иесі болып танылады.
Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу және осы тізілімнен шығару тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталады.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілген заңды тұлғалардың уақытша сақтау қоймаларының иелері ретіндегі қызметін тоқтата тұру және қайта жаңғырту жағдайлары мен тәртібі белгіленуі мүмкін.
2. Уақытша сақтау қоймасының иесі, кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген жағдайларда және шарттарда кедендік бақылаудағы тауарларды сақтауды жүзеге асырады.
3. Кеден органдары кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен уақытша сақтау қоймаларының иелері болып танылған тұлғалардың тізілімін жүргізеді және бір тоқсанда кемінде бір рет, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, олардың мерзімді жариялануын қамтамасыз етеді.
Кеден одағының комиссиясы кеден органдары жүргізетін тізілімдердің негізінде уақытша сақтау қоймалары иелерінің жалпы тізілімін қалыптастырады және бір тоқсанда кемінде бір рет Кеден одағы комиссиясының ресми Интернет-сайтында оның мерзімді жариялануын қамтамасыз етеді.
24-бап. Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары
1. Мыналар заңды тұлғаны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары болып табылады:
1) меншігінде, шаруашылық иелігінде, жедел басқаруында, жалға алуында уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдалану үшін көзделген және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген талаптарға жауап беретін үй-жайлардың және (немесе) ашық алаңдардың бар болуы;
2) сақтаудағы басқа тұлғалардың тауарларына зиян келтіру немесе басқа тұлғалармен жасалған сақтау шарттарының өзге шарттарын бұзу салдарынан болуы мүмкін өзінің азаматтық жауапкершілігінің тәуекелін сақтандыру шартының бар болуы. Сақтандыру сомасының мөлшері кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен анықталады;
3) кеден органына жүгіну күнінде кедендік төлемдерді, өсімпұлдарды төлеу бойынша орындамаған міндеттің болмауы;
4) кеден органына жүгінгенге дейін 1 (бір) жылдың ішінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген, кеден ісі саласында құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылу фактілерінің болмауы;
5) өзге талаптарға сәйкес келуі және кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген өзге де шарттарды сақтау.
2. Егер үй-жайларды және (немесе) ашық алаңдарды иелену жалға алу шарты негізінде жүзеге асырылған жағдайда, мұндай шарт, Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтінішті беру күніне 1 (бір) жылдан кем емес мерзімге бекітілуі тиіс.