Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар үшін пайдалану ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 желтоқсандағы № 1286 қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 17 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегi Орман кодексiнiң 102-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн пайдалану ережесi бекітілсiн.
2. Мыналардың:
1) «Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру (қалпына келтiру) мақсаттарында пайдалану тәртібі туралы ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 16 наурыздағы № 274 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1994 ж., № 13, 130-құжат);
2) «Өсiп тұрған сүрек үшін төлемнiң базалық ставкаларын, Орманды пайдаланғаны үшiн төлемдi есептеу және бюджетке енгізу ережесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтыруларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 15 сәуірдегі № 431 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 11, 110-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінің
2003 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 1286 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық,
туристiк және спорттық мақсаттар үшiн пайдалану
ережесi
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Орман кодексiне сәйкес әзiрлендi, әрi жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрi - орман пайдаланушылар) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн пайдалануы тәртібін регламенттейдi.
Осы Ереженiң күші ерекше қорғалатын орман аумақтарын қоспағанда, мемлекеттік орман қорына қолданылады.
2. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар үшiн пайдалану орман ортасы жағдайында дем алу, емделу, спортпен шұғылдану арқылы адамдардың денсаулығын қалпына келтiру және нығайту, сондай-ақ бiрегей орман ландшафтарын, табиғат, мәдени және тарихи мұра ескерткiштерiн барып көруге және зерделеуге байланысты туризм үшiн орманның пайдалы қасиеттерiн пайдалануды көздейдi.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттарда ормандағы жоғары өрт қауiптiлiгi кезеңдерiнде, селекциялық-тұқым шаруашылығы жұмыстарын, жаңғақ кәсiпшілігi мен орман жемiсi шаруашылығын жүргiзу мүддесi үшiн, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде шектелуi мүмкiн.
4. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында өздерiнiң мұқтаждықтары үшiн жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрi-дәрмектiк шикiзат, өзге де орман ресурстарын жинауына облыстық атқарушы органның ұсынымы бойынша облыстық өкілеттiк органның шешiмiмен бекітілген нормалар шегiнде рұқсат етіледi.
5. Орман пайдаланушылар мемлекеттік орман қоры учаскелерiн демалу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық iс-шараларға қатысу мақсатында пайдаланған кезде мына талаптарды орындайды:
өрт қауiпсiздiгi ережесін сақтайды, ағаштар мен бұталардың сынуына және кесiлуiне, орман дақылдарының бүлiнуiне, ормандардың ластануына, құмырсқа илеулерiнiң, құс ұяларының зақымдануына жол бермейдi;
жабайы өсетін азықтық орман ресурстарын, дәрi-дәрмектік шикiзатты оларды молықтыруға нұқсан келтiрмейтiн мерзiмде және тәсiлдермен жинайды, мемлекеттік орман қоры аумағында болудың және орман ресурстарын пайдаланудың Қазақстан Республикасының орман заңнамаларында белгіленген басқа да ережелерiн сақтайды.
6. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық iс-шаралар жүргізу автотұрақтармен, спорт алаңдарымен, туристік маршруттармен және соқпақтармен, мемлекеттік орман иеленушiнiң рұқсатымен басқа да объектілермен жабдықталған арнайы бөлiнген учаскелерде жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттарда пайдалану кезiнде орман пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен үй-жайлар, құрылыстар және басқа да объектiлер (бұдан әрi объектiлер) сала алады.
8. Орман пайдаланушыларға мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар үшiн пайдалануға берiлген мемлекеттік орман қоры учаскелерiндегi объектiлердi олар орман өсiрудi жоспарлау материалдарының құрамында бекітілген құрылыс салу жобаларына сәйкес орман пайдалану мерзiмiне салады.
Объектілердi салу орындары мiндеттi түрде мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама өткізіліп, уәкілеттi органмен келісіледi.
9. Мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн берiлген мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде объектiлер орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезiнде орман пайдаланушылар ормандарды сарқынды сулардың, өнеркәсiп және коммуналдық-тұрмыстық тастандылардың, қалдықтар мен қоқыстардың терiс әсерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн iс-шараларды көздеуi және жүзеге асыруы тиіс.
10. Мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар үшiн орман пайдаланушыларға берiлген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде олар салған объектілер пайдалану мерзiмi аяқталғаннан кейiн орман пайдаланушылардың есебiнен құлатуға, алып кетуге жатады немесе белгіленген тәртіппен мемлекеттік орман иеленушiнің теңгерiміне берiледi.
11. Мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттарды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты мен (немесе) орман билетiнiң ережелерiн өзгертуге:
1) мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық іс-шараларды белгiленген бағдарлама бойынша жүзеге асыру мүмкiн болмайтын жағдайға душар еткен табиғи апаттардың салдарынан мемлекеттік орман қорының жай-күйi өзгергенде;
2) егер бұрынғы пайдалану шарттары осы санаттардың мәртебесiмен үйлеспесе, мемлекеттік орман қоры санатының өзгеруi, олардың ерекше қорғалатын орман аумақтарының құрамына енгізiлуi нәтижесiнде мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалануды жүзеге асырудың талаптары мен тәртібi өзгергенде;
3) мемлекеттік орман қоры учаскесi мемлекеттік қажеттiлiктер үшiн iшiнара иелiктен алынғанда жол берiледi.
12. Мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық мақсаттар үшiн мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасы Орман кодексiнiң 39-41-баптарымен айқындалған тәртіппен және негiздемелер бойынша тоқтатыла тұруы, шектелуi немесе тоқтатылуы мүмкiн.