Орман қоры учаскелерін мәдени-сауықтыру (қалпына келтіру) мақсаттарында
пайдалану тәртібі туралы ережені бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің 1994 ж. 16 наурыздағы № 274 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 15.04.02 ж. № 431 қаулысымен
енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 22 желтоқсандағы № 1286 қаулысымен күші жойылды
"Қазақстан Республикасының Орман кодексiн күшiне енгізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1993 жылғы 23 қаңтардағы № 1925 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру (қалпына келтiру) мақсаттарында пайдаланудың тәртібі туралы ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр).
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 16 наурыздағы
№ 274 қаулысымен
Бекiтiлген
Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру
(қалпына келтiру) мақсаттарында пайдалану
тәртібі туралы
Ереже
Жалпы ережелер
1. Осы ереже орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру (қалпына келтiру) мақсаттарында пайдалану және оларды беру шарттарын реттеу үшiн Қазақстан Республикасының Орман кодексiне сәйкес әзiрленген және оны орындау заңды ұйымдар мен азаматтар, соның iшiнде шетелдiк азаматтар үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану орманның тiршiлiгi кезіндегі функцияларын азаматтардың тынығуы мен емделуi жолымен денсаулығын және еңбек қабiлетiн қалпына келтiру, сондай-ақ қызғылықты жерлерге барумен байланысты туризм үшiн пайдалануды көздейдi, орман қорының бүкiл аумағында, қорықтар мен ұлттық парктердiң қорық аймақтарынан, сумен жабдықтау көздерiнiң санитарлық қорғаудың бiрiншi белдiк аймақтарына, генетикалық резерванттарынан, кейбір табиғи ескерткiштерден, табиғат қорғау режимi тиiстi ережелермен реттелетiн ерекше күзетiлетiн заказник бөлiктерiнен басқаларында жүзеге асырылады.
3. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану өрт қауiпсiздiгi, селекциялық-тұқым шаруашылық жұмыстарын, жаңғақ кәсiпшiлiгi, орман жемiсi шаруашылығын жүргiзу мүддесi үшiн, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару кезiнде шектелуi мүмкiн.
Аталған шектеулер облыстық орман шаруашылығын мемлекеттік басқару органының ұсынысы бойынша облыстық атқарушы өкiмет органының шешiмi негiзiнде енгiзiледi.
4. Мәдени-сауықтыру мақсаттарында басымырақ пайдаланылатын орман қоры учаскелерiнде (қалалық ормандарда, орман парктерiнде, қалалардың, басқа да елдi мекендер мен өнеркәсiп кәсiпорындарының төңiрегіндегі жасыл аймақтарда, курорттарды санитарлық қорғау округтерiнiң ормандарында, ұлттық және тарихи-табиғат парктерiнiң қалпына келтiру аймақтарында және т.б.) олардың аумағын ұйымдастыру кезiнде қалпына келтiру жүктемесi, ландшафт түрлерi, қалпына келтiруден ауытқу дәрежесi белгiленiп, ұйымдық-шаруашылық шаралардың тiзбесi анықталады, ағаштарды санитарлық-гигиеналық және эстетикалық бағамдау жүргiзiледi.
5. Орман қоры учаскелерiне қалпына келтiру жүктемесiн анықтаудың принциптерi мен әдiстерiн, қалпына келтiру объектiлерiн жобалаудың нормативтерiн мамандандырылған ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымдары жасайды және оларды мемлекеттік орман шаруашылығын басқару органдары бекiтедi.
6. Осы Ереженiң талаптары орындалуын бақылауды мемлекеттік орман шаруашылығын басқару органдары, сондай-ақ бақылауға арнайы өкiлдiк берiлген басқа да органдар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өзiнiң құзыры шегiнде жүзеге асырады.
Азаматтардың ормандарда болуы
7. Тынығу мақсаттарымен ормандарда болатын азаматтардың жабайы жемiстердi, жаңғақтарды, қозықұйрықтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзаттарды және басқа орман өнiмдерiн жинауға құқығы бар, оны арнаулы нормативтi құжаттар реттейдi.
8. Азаматтардың тынығуы, аумақты көркейту шаралары жүргiзiлген (автотұрақтар, спорт алаңдары жабдықталған немесе экскурсиялық қызмет көрсету ұйымдастырылған) орман қоры учаскелерiнен басқаларында, тегiн жүзеге асырылады. Ал көркейту шаралары жүргiзiлген учаскелерде тынығу үшiн ақы төлеттiрiледi, оның мөлшерiн мемлекеттік орман шаруашылығын басқару органдарының ұсынуы бойынша жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары бекiтедi.
9. Орман қоры аумағында мәдени-бұқаралық шаралар жүргiзу кезiнде оның шарттары мемлекеттік орман шаруашылығын басқару органдарымен келісіледi.
10. Азаматтар ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, ағаштар мен шiлiктердi сындыруға, кесуге, екпе ағаштарды бүлдiруге, орманды ластауға, құмырсқа илеулерiн, құстардың ұяларын бұзуға жол бермеуге мiндеттi.
Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру
мақсаттарында пайдалану үшiн беру
11. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану үшiн берудi ақылы негiзде жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары: мемлекеттік орман шаруашылығын басқару органдарының бiр жылдан 50 жылға дейiнгi мерзiмге лицензия, ал бiр жылға дейiнгi мерзiмге орман билетiн беруi арқылы жүзеге асырады.
12. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану құқығы:
орман қоры учаскелерiн пайдаланудан өз еркiмен бас тартқанда;
пайдалану мерзiмi өткенде;
орман қоры учаскелерi берiлген кәсiпорын немесе басқа да шаруашылық жүргiзушi субъект таратылған;
орман қорының жерлерi мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждықтар үшiн қайтарып алынған;
орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыруда белгiленген тәртiп пен ережелер бұзылған;
рұқсат беретiн құжаттарда көзделген мiндеттердi орманды пайдаланушылар орындамаған;
орман қалпына келтiрiп пайдалануға тыйым салынған қорғаныштық санатқа жатқызылған жағдайда тоқтатылады.
13. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдалану құқығын тоқтату рұқсат етiлген құжаттарды берген органдардың оны жоюы арқылы ресiмделедi.
Орман қоры учаскелерiн пайдалануды тоқтату жөніндегі шешiмге келiспеген жағдайда орманды пайдаланушылар сотқа беру тәртібімен шағымдана алады.
Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру
мақсаттарында пайдаланғаны үшiн ақы төлеу
ҚР Үкіметінің 15.04.02 ж. № 431 қаулысымен 14-тармақ жаңа редакцияда
14. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсаттарында пайдаланғаны үшiн төлем Қазақстан Республикасының Орман кодексiне және "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiне (Салық кодексiне) сәйкес жүзеге асырылады.
Орман қоры учаскелерi иелерiнiң
құқықтары мен мiндеттерi
15. Орман қоры учаскелерi иелерiнiң:
орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыруға және шаруашылық қызметтiң осы түрiнен кiрiс алуға;
орманды пайдаланушыларға тиiстi рұқсат ету құжаттарын бере отырып орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыру құқығын беруге;
белгiленген тәртiппен бекітілген жобалық және техникалық құжаттамаға сәйкес қалпына келтiру мақсаттары үшiн қажеттi құрылыстар мен ғимараттар тұрғызуға;
орманды пайдаланушылардың орман учаскелерiн қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыру кезiнде орман заңдарының талаптарын бұзуы салдарынан орман жерiнiң бүлiнуiне әкеп соқтырған, сондай-ақ орман қоры жерлерi мемлекет мұқтажы үшiн қайтарып алынған жағдайда келтiрiлген зиян мен шығынға өтем жасатуға;
орманды пайдаланушылардың орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыруы кезiнде нормалар мен ережелердi, сондай-ақ орман заңдарының өзге де талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар.
16. Орман қоры учаскелерi иелерiнiң мiндеттерi:
қолданылып жүрген орман заңдарына және басқа нормативтi құжаттарға, сондай-ақ орман орналастыру және басқа жобалық құжаттамаға сәйкес орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыру;
қалпына келтiрiлетiн ағаштардың ауқымын жобаларда анықталған оңтайлы мөлшерге дейiн ұлғайтылуын және олардың қалпына келтiру жүктемелерiне төзiмдiлiгiн қамтамасыз ету.
Орманды пайдаланушылардың құқықтары мен
мiндеттерi
17. Орманды пайдаланушылардың:
өздерiне берiлген рұқсат ету құжаттарына сәйкес орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жүзеге асыруға;
орман иелерiнiң келiсуi бойынша және белгiленген тәртiппен бекітілген жобалық және техникалық құжаттамаға сәйкес қалпына келтiру мақсаттары үшiн қажеттi құрылыстар мен ғимараттар тұрғызуға;
бекітілiп берiлген учаскелердегi ормандардың қорғаныштық санаты өзгеруi салдарынан, сондай-ақ орман қоры жерлерiн мемлекет мұқтажы үшiн қайтарып алынған кезде келтiрiлген шығынға өтем жасатуға құқығы бар.
18. Орманды пайдаланушылардың мiндеттерi:
орманды қалпына келтiрiп пайдалануды рұқсат етiлген құжаттарға, сондай-ақ қолданылып жүрген орман заңдарына, нормативтi актiлерге, орман орналастыру және басқа жобалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асыру;
санитарлық ережелердi, өрт қауiпсiздiгiн сақтау, бекітілiп берiлген учаскелерде өртке қарсы шараларды жүргiзу, ал өрт шыққан жағдайда оны сөндiруге қатысу;
орманды қалпына келтiрiп пайдалануды жануарлар дүниесiн және олар мекендеген ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзу;
қалпына келтiрiп пайдаланғаны үшiн ақыны белгiленген мерзiмде төлеу.
Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру
(қалпына келтiру) мақсаттарында пайдалану тәртібі
туралы ереженi бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
19. Орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру (қалпына келтiру) мақсаттарында пайдалану тәртібі туралы ереже талаптарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк, әкiмшiлiк, азаматтық және қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады.
20. Орман иелерi мен орман пайдаланушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.