Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң мәселелерi
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1116 қаулысы
(2009.15.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2010 жылғы 31 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөнiндегі шаралар туралы» 2004 жылғы 29 қыркүйектегi № 1449 Жарлығын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi бекітілсiн.
ҚР Үкіметінің 2006.27.02. № 134 (бұр. ред. қара); ҚР Үкіметінің 19.01.2007 ж. № 39 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 2-тармақ өзгертілді
2. ҚР Үкіметінің 2007.11.10. № 926 (бұр.ред.қара) қаулысымен алынып тасталды
3. Мыналардың:
1) «Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң кейбір мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2002 жылғы 4 қыркүйектегi № 970 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 29, 323-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінiң кейбір мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 20 тамыздағы № 837 қаулысының 1-тармағы 5) тармақшасының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 34, 342-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 4 қыркүйектегi № 970 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 11 ақпандағы № 167 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 7, 96-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1116 қаулысымен
Бекiтілген
ҚР Үкіметінің 2007.11.10. № 926 (қолданысқа енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара) қаулысымен Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі туралы ереже өзгертілді
Қазақстан Республикасы
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау
Министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) - миссиясы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың біртұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру болып табылатын мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
ҚР Үкіметінің 2009.15.07. № 1071 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Министрліктің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарын және басымдықтарын, негізгі бағыттарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарымен және ақша-кредит саясатымен өзара іс-қимылда мемлекеттік фискалдық, инвестициялық, өңірлік (аумақтық) саясаттың, сондай-ақ халықаралық экономикалық және қаржылық қатынастар, экономиканың секторларында мемлекеттік активтерді басқару, жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау, мемлекеттік басқару саласындағы саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу.
3. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары болады.
Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
Министрліктің, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
5. Министрліктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
ҚР Үкіметінің 2009.15.07. № 1071 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Министрліктің заңды мекен-жайы: 010000 Астана қаласы, сол жақ жағалау, Орынбор көшесі, № 8 үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты.
7. Министрліктің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі» мемлекеттік мекемесі».
8. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Министрліктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
Министрлікке өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Министрлікке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Министрліктің негізгі функциялары мен құқықтары
ҚР Үкіметінің 2009.15.07. № 1071 қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді, түзетуді, мониторингілеу мен бағалауды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын келісуді, іске асыруды мониторингілеу мен бағалауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағдарлауды жүзеге асырады;
4) мемлекеттік бағдарламалардың тізбесін қалыптастырады;
5) мемлекеттік органдардың Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
6) мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
7) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жұмыс істеуін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын, оны жасау тәртібін, бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын әзірлейді және бекітеді;
9) мемлекеттік мекемелердің билігінде қалған тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін түсімдер мен ақша шығыстарының болжамын жасау нысанын белгілейді;
10) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлейді;
11) республиканың макроэкономикалық көрсеткіштерін мониторингілеу мен талдауды жүзеге асырады;
12) салық және бюджет саясатын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
13) Республикалық бюджет комиссиясының қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
14) бюджет түсімдерін болжамдау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
15) бюджет түсімдерін болжамдауды жүзеге асырады;
16) шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының болжамдарын жасайды;
17) тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады;
18) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша қорытындылар дайындайды;
19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыларының жобаларын әзірлейді;
20) төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлейді;
21) республикалық бюджетті нақтылау (түзету) жөнінде ұсыныстар енгізеді;
22) пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлесіп барлау мен өндіруді жүргізуге не барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісім-шарттардың, сондай-ақ оларға толықтырулардың жобаларына экономикалық сараптама жүргізеді;
23) бюджет түсімдерін бюджет деңгейлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаның бақылау шоты арасында бөлу кестесін әзірлейді және бекітеді;
24) рентабельділігі төмен келісім-шарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жеке ставкасының нақты мөлшерлері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
25) пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жеке ставкасын белгілей отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартты рентабельділігі төмен санатқа жатқызылған жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттардың тізбесіне қосу туралы қаулыларының жобаларын әзірлейді;
26) Министрліктің құзыреті шегінде аумақтық (өңірлік) даму саласындағы саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
27) елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлейді;
28) жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін әзірлейді;
29) республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы ресми трансферттердің үш жылдық кезеңге арналған көлемі туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлейді;
30) инвестициялық саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
31) жоспарлауды мониторингілеу мен бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобаларды бағалауды әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
32) бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне қорытынды дайындайды;
33) концессионерді таңдау бойынша конкурс өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынатын ұсыныстарға сараптама, концессия шарттары жобаларының сараптамасын, техникалық-экономикалық негіздемеге экономикалық сараптама, конкурстық құжаттамаға сараптама, концессиялық өтінімдерге талдау мен сараптама, концессия шарттары жобаларға сараптама, республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредит есебінен қаржыландыру жоспарланып отырған жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларға экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйымды тартады;
34) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарын қарайды және олар бойынша қорытындыларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді;
35) мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады;
36) мемлекет кепілгерлігін беру үшін концессиялық жобаларды іріктеуді жүзеге асырады;
37) техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарлама қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастырады;
38) орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін қалыптастырады;
39) объектілер бөлінісінде республикалық бюджеттен қоса қаржыландыруды талап ететін жоспарлы кезеңге арналған концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастырады;
40) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын қалыптастыру, пайдалану және басқару тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
41) үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындайды;
42) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен, бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың, мемлекет кепілгерліктері бойынша борыштың жай-күйі мен алдағы жоспарлы кезеңге арналған болжамын жыл сайын бағалауды жүргізеді;
43) байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдердің тізбесін қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізеді;
44) бюджеттік жобалардың іске асырылуы мен байланысты гранттардың пайдаланылуын мониторингілеуді және бағалауды жүргізеді;
45) байланысты гранттарды пайдалану туралы оларды бағалау нәтижелеріне негізделген жиынтық есепті жыл сайын қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
46) мемлекеттің активтерін басқару саясатын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
47) мемлекеттік меншікті басқаруды талдау мен бағалауды жүзеге асырады;
48) ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың стратегиялары мен даму жоспарларын келіседі;
49) ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар стратегияларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады;
50) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
51) мемлекеттік басқару органдардың қызметін функционалдық талдауды жүзеге асырады;
52) мемлекеттік қызметтер тізілімін әзірлейді және мемлекеттік қызметтер стандарттарын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
53) автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
54) орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын әзірлейді, мемлекеттік органдардың, әкімшілік аумақтық бірлестіктердің жұмылдыру жоспарларын келіседі;
55) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау көлемдері жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға қатысады;
56) мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы қызметін үйлестіреді;
57) мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы қызметін әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады және үйлестіреді, сондай-ақ жұмылдыру органдары мамандарының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
58) мемлекеттік органдардың ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдар банкрот болған, қайта ұйымдастырылған, таратылған, жұмыс бейінін өзгерткен кезде белгіленген жұмылдыру тапсырыстарын алу және беру туралы ұсыныстар енгізеді;
59) мемлекеттік органдардың халықаралық экономикалық ынтымақтастық, халықаралық қаржы және экономикалық ұйымдармен, донор елдермен, рейтингтік агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады;
60) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүргізуді жүзеге асырады;
61) жеке кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады;
62) шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік шараларын орындауды ұйымдастырады және үйлестіреді;
63) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру және оларға кредит беру жөніндегі шараларды жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді;
64) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамыту инфрақұрылымына талдау жүргізеді;
65) жеке кәсіпкерлік қызметінің салаларында зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;
66) республиканың өңірлерінде шағын кәсіпкерліктің қалыптасуына және инфрақұрылымының дамуына жәрдемдеседі;
67) шағын кәсіпкерлік саласында кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
68) жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
69) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы сарапшылар кеңестерінің қызметін үйлестіреді;
70) инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға шағын кәсіпкерліктің қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
71) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әдістемелік көмек ұйымдастырады;
72) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің халықаралық тауарлар (жұмыстар, қызметтер) нарықтарына шығуы үшін жағдайлар жасайды;
73) шағын кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты насихаттайды;
74) Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
75) лицензиялау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
76) лицензиарлар ұсынатын ақпаратты жинауды, талдауды, өңдеуді жүзеге асырады;
77) Министрліктің құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
78) экономика саласында қолданбалы талдамалық зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады, сондай-ақ Министрліктің құзыреті шегінде консалтингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен қазақстандық және шетелдік заңды және жеке тұлғаларды, тәуелсіз сарапшыларды тартады;
79) Министрліктің құзыреті шегінде ақпараттық жүйелерді жетілдіруді ұйымдастырады;
80) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
81) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі және олар бойынша қорытындылар береді.
11. Министрлік өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;
2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты және материалдарды заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
3) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Министрліктің қызметін ұйымдастыру
12. Министрлікті Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Министр басқарады.
Министрдің Қазақстан Республикасының Үкіметі Министрдің ұсынуы бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары (вице-министрлері) болады.
13. Министр Министрлікке басшылықты жүзеге асырады және Министрлікке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.
14. Министр осы мақсатта:
1) өз орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) заңнамаға сәйкес еңбек қатынастарының мәселелері оның құзыретіне жататын Министрліктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек қатынастарының мәселелері оның құзыретіне жататын Министрліктің қызметкерлеріне тәртіптік жаза мен көтермелеу шараларын қолданады;
4) Министрдің бұйрықтарына қол қояды;
5) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;
6) Министрлік жұмысының регламентін бекітеді.
15. Министрлік аппаратын басқаруды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы жүзеге асырады.
Қолданысқа енетін мерзімін қара
ҚР Үкіметінің 2009.15.07. № 1071 қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
16. Жауапты хатшы:
1) Министр қалыптастыратын саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді және оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;
2) Министрлік аппаратына басшылық етуді жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
3) Министрлік қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
4) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің құрылымы мен штат санын бекітеді;
5) Министрмен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Министрліктің штат санының лимиті шегінде Министрліктің құрылымы мен штат санын бекітеді;
6) Министрліктің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, орындаушылық және еңбек тәртіптерінің сақталуын, кадр қызметі жұмысы мен құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;
7) мемлекеттік сатып алуды жүргізуді ұйымдастырады;
8) Министрмен келіскеннен кейін Министрлік департаменттерінің басшылары мен басқармаларының бастықтарын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрліктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
10) Министрмен келісім бойынша Министрлік қызметкерлерін іссапарларға жіберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақылар беру мәселелерін шешеді;
11) Министрмен келісім бойынша еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрлік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
12) Министрліктің Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Министр бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
13) Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрге бекітуге ұсынады;
14) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, Министрге Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін бюджеттік өтінімді ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;
15) Министрмен келіскеннен кейін Министрлікті қаржыландыру жоспарларын және оның қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
16) мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
17) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
18) Министрлікке келісуге түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
19) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;
20) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қолданысқа енетін мерзімін қара
17. Жауапты хатшының:
1) Министрлік аппаратының қызметкерлеріне міндетті түрде орындауға тиісті тапсырмалар беруге;
2) өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан жауапты хатшының құзыретіне жататын мәселелерді шешу үшін қажетті ақпараттарды, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
3) жеке қолданылатын құқықтық актілер қабылдауға құқығы бар.
18. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді орындауға жауапты болады.
ҚР Үкіметінің 2009.15.07. № 1071 қаулысымен 18-1-тармақпен толықтырылды
18-1. Министр, жауапты хатшы, министрдің орынбасарлары (вице-министрлер), сондай-ақ Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға міндетті және бұл үшін дербес жауапты болады.
19. Министрлікте Министрдің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Алқа болады. Алқаның саны мен дербес құрамын Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатарынан Министр бекітеді.
20. Министрлік қызметін қамтамасыз ететін оның қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, құрылымдық бөлімшелердің құзыреті мен өкілеттіктері Министрлік жұмысының регламентімен және құрылымдық бөлімшелер туралы ережелермен бекітіледі.
4. Министрліктің мүлкі
21. Министрліктің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады. Министрліктің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің, сондай-ақ құны Министрліктің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктің есебінен қалыптасады.
22. Министрлікке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Министрліктің өзіне бекітіп берілген мүлікті және егер заңнамалық актіде өзгеше белгіленбесе, оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен айыруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1116 қаулысымен
Бекiтiлген
ҚР Үкіметінің 2006.12.10. № 982 ; 2008.17.07. № 693 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен тізбе өзгертілді
Қазақстан Республикасы Экономика және
бюджеттік жоспарлау министрлігінiң қарамағындағы
ұйымдардың тiзбесi
ҚР Үкіметінің 2007.26.01. № 61 қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы.
2. «Арнайы бағдарламалардың ғылыми-әдiстемелiк орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорны.
ҚР Үкіметінің 2007.19.01 № 39 Қаулысымен 3-тармақ алынып тасталды (бұр. ред. қара)
4. ҚР Үкіметінің 2008.17.11 № 962 Қаулысымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
5. «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы.