Патенттік сақтандыру:
- мүлікті сақтандыру ретінде қолданыла алады, ол құжаттарды, мысалы өнеркәсіптік меншік объектілеріне, инновациялық патенттерге қорғау құжаттарын, инновациялық патенттерді сақтандыруды қамтуы мүмкін;
- зияткерлік меншік иесін құқықтары бұзылуы нәтижесінде келтірілген шығындардан қорғайтын сақтандыру ретінде қолданылуы мүмкін;
- зияткерлік меншік объектілерін кездейсоқ және қасақана емес пайдаланған үшін жауапкершілікті сақтандыру ретінде қолданылады, мысалы, жарнамалау кезінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзу нәтижесінде немесе өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде үшінші тұлғаларға нұқсан келтірілуі мүмкін;
- уәкілетті мемлекеттік орган немесе сот шешімі нәтижесінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды жоғалту тәуекелін сақтандыру ретінде;
- патенттік сенімді өкілдердің мүліктік жауапкершілігін сақтандыру ретінде;
- патенттеу рәсімі кезінде туындайтын тәуекелдерді сақтандыру ретінде;
- зияткерлік меншік объектілерін пайдалану, өзгеге беру немесе кепілге беру туралы шарттарды жасау кезінде жауапкершілікті сақтандыру ретінде қолданыла алады.
Осы саланы дамыту мақсатында Қазақстан Республикасында патенттік сақтандыруды тәжірибеге енгізу шараларын жүзеге асыру керек.
4.5. Өнертапқыштық қызметті қолдау және ынталандыру
Материалды және моральды қолдаудың ұтымды жүйесі болмаған жағдайда шығармашыл адамдардың зияткерлік меншік объектісін жасауға деген қызығушылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Авторларға өнеркәсіптік меншік объектісін жасағаны үшін төлемақы төлеу жүйесі құқық иеленуші (жұмыс беруші), авторларға және өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға ықпал ететін басқа тұлғаларға оны пайдаланған үшін төленетін төлемақы жүйесімен үйлесімді толықтырылып отыруы тиіс.
Өнертабысты жасаған тұлғаларға сыйақы беру жеке кәсіпорындарда да, үкіметтік органдарда да және университеттерде де қолданылатын арнайы сыйақының дәстүрлі нысаны болып табылатынын бүкіл әлемдік тәжірибе айқындады. Ондай сыйлықтар ауқымы, мақсаты мен көлемдері бойынша әртүрлі болады. Олар патенттелмейтін объектілерді жасаушыларға да таралады.
Қазақстан Республикасында өнертапқыш үшін шетелдік өтінім берушіні де қызықтыратын қолайлы ахуал жасау қажет.
Өнертапқыштық қызметті ынталандырудың неғұрлым әсерлі әдістерінің біріне мыналарды жатқызуға болады:
- авторларды өнеркәсіптік меншік объектілерін жасаған фактісі үшін көтермелейтін бір жолғы сыйақы;
- өнеркәсіптік меншік объектісінің іс жүзіндегі құндылығын ескере отырып, бір жолғы сыйақы төлеу (паушальды төлем);
- авторлардың табысқа қатысуы (роялти) немесе оған өнеркәсіптік меншік объектісінің иесі-фирманың, акционерлік капиталына қатысу үлесін беру;
- «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» құрмет атағын бекіту және беру.
Қазақстанда өнертапқыштық пен жаңашылдықты дамыту және қолдау мақсатында ғылыми ұйымдардың, жоғарғы оқу орындарының, меншіктің кез келген түріндегі кәсіпорындардың және басқа да зияткерлік меншік иелерін көрме және конкурстық жұмыстарға белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек, ол жерде олар өздерінің техникалық құрастыруларын ұсына алады, тиімді келісім-шарттар жасап, мемлекеттік тапсырыстарды ала алады.
Жоғарыда көрсетілгеннен басқа Қазақстан Республикасында өнертапқыштық пен жаңашылдықты дамыту және қолдау мақсатында конференциялар, семинарлар, жәрмеңкелер, көрмелер және зияткерлік меншік объектілерін жарнамалау және сату жөнінде басқа да шараларды өткізу өте қажет.
ҚР Үкіметінің 2007.28.02. № 162 Қаулысымен бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
4.6. Патенттік қызметтің инфраструктурасын дамыту
Патенттік және конъюнктуралық зерттеулер жүргізуге, өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды ҚР және шетелдерде рәсімдеуге, және зияткерлік меншік объектілерін сатып алу және (немесе) сату жөніндегі коммерциялық ұсыныстарды даярлауға байланысты қызметтер тиісті дамуы және мемлекет тарапынан қолдау алуы керек.
Патенттік-лицензиялық қызметтердің кәсіпорындардағы және ғылыми ұйымдардағы рөлін арттыру қажет, бұл осы қызметтердің атқаратын міндеттері мен функцияларының кеңеюіне байланысты. Патенттік-лицензиялық қызметтер жұмыстардың негізгі түрлерін орындай отырып, Қазақстанның қазіргі заманғы даму жағдайында, ұйымның ғылыми-техникалық дамуының келешекке және басым бағыттарын айқындауы, ғылыми-техникалық шығармашылықты және инновациялық қызметті басқаруы, ұйымның материалдық емес активтерін, оның лицензиялық саясатын құруға, мемлекеттік бюджеттің есебінен немесе оны пайдаланып жасалған зияткерлік меншік объектілерін тиімді пайдалану мақсатында зияткерлік меншікті басқаруға және коммерцияландыруға белсенді қатысуы тиіс.
Осыған байланысты ғылыми ұйымдардағы, оқу орындарындағы, кәсіпорындардағы патенттік-лицензиялық қызметтерді негізгі ғылыми немесе өндірістік бөлімшелерге жатқызу қажет, ол үшін осы бөлімшелердің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу және олардың қызметтерінің тиісті мәртебесін белгілеу қажет. Бұл қызметтердің жұмысының тиімділігін арттыру үшін кадр құрамын тиісті біліктілігі бар қызметкерлермен кеңейту қажет.
Бүгінгі күндегі патенттік-лицензиялық қызметтер жұмысының тиімділігін нығайта және арттыра отырып, жаңадан құрылатын мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда, ғылыми-технологиялық парктерде, жаңа өндірістік компанияларда осындай бөлімшелерді құру қажет. Қызметтерге әдістемелік көмек көрсету, қызметкерлерді оқытуға және оларға тағылымдамадан өтуге ықпал ету, осы бөлімшелердің техникалық жабдықталуын арттыру қажет.
Өнертапқыштар мен басқа да мүдделі тұлғалар зияткерлік меншік объектілерін жасаудың, қорғаудың және сатудың барлық аспектілері бойынша кеңес ала алатын құрылымдарды құру қажет. ҚР қорғау құжаттарын алуға, шетелде патенттеуге өтінім материалдарын ресімдеу мәселелері, жасалған жаңалықтарды өткізу амалдары, патенттік іздестіру мен патенттік зерттеулерді жүргізу аса қажетті болып табылады. Патент ісі жөніндегі кеңес беру пункттері немесе "патенттік клиникалар" бола алатын осындай құрылымдарды облыстық әділет департаменттері, ғылыми-техникалық кітапханалар, сауда-өнеркәсіп палаталары, университеттер, ғылыми орталықтар, технопарктер жанында құрған дұрыс.
Өнертапқыштарға өздерінің зияткерлік жетістіктеріне Қазақстанда, сондай-ақ шетелдерде қорғау алуға (патенттеу) және оларды пайдалануға көмек көрсету мәселесін шешу үшін "Өнертапқыштарды қорғау қорын" жасау қажет. Осындай ұйым зияткерлік меншікті барлық бағыттарда дамытуға ықпал ететін болады. Қор өтінімдерді ресімдеуге көмек көрсетуді, сараптама жасау ұйымымен және уәкілетті органмен хат алмасуды жүзеге асыратын болады. Барынша қызықты өнертабыстарды таңдап алуды және осындай өнімді нарыққа шығаруды жүзеге асырады. Қысқасы, осындай ұйым зияткерлік меншікті басқаруды жүзеге асырады. Осындай ұйымның көмегімен өнертапқыштар, ғылыми қызметкерлер және өзге де тұлғалар тек өнертабысты жасаумен айналысатын болады, қорғау, заңсыз пайдаланудан сақтау және өнертабысты нарыққа шығару жөніндегі қалған рәсімдерді Қор жүзеге асырады. Ұйым мемлекеттік гранттар мен субсидиялар, халықаралық ұйымдардың гранттары, жылулар, өтеусіз үлестер, өнертабыстарды басқару кезінде оларды пайдаланудан түскен пайызды түсімдер және т.с. есебінен күн көретін болады.
4.7. Конференцияларды, семинарларды, жәрмеңкелерді, көрмелерді
және зияткерлік меншік объектілерін жарнамалау мен сату
жөніндегі басқа да шараларды өткізу
Қазақстан Республикасында өнертапқыштық пен жаңашылдықты дамыту және қолдау мақсатында ғылыми ұйымдардың, ЖОО-ның, кез келген меншік нысанындағы кәсіпорындардың және басқа да зияткерлік меншік иегерлерінің өздерінің техникалық өңдемелерін көрсете алатын, қолайлы келісім-шарттарды жасап, мемлекеттік тапсырыстарды қабылдай алатын көрмелік және байқаулық қызметке белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.
Брэнд нарығының дамуына «Ең үздік брэнд» байқауы өзінің оң ықпалын көрсетуі қажет. Брэндингтің дамуы, мамандандырылған брэндингтік агенттіктер қазақстандық фирмалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, бұл Қазақстанның ДСҰ мүше болуына мұрындық болады.
5. Зияткерлік меншікті заңсыз пайдалануға қарсы күрес
Қазақстанның нарығындағы айналымда көп мөлшерде бөтен зияткерлік меншік объектілерін қамтитын тауарлардың жақсы орындалған көшірмелері жүреді. Осыған байланысты контрафактілі өнім мен зияткерлік меншіктің заңсыз пайдаланылуы елдегі кәсіпкерлікті дамытуға теріс әсерін тигізеді, әсіресе шағын және орта инновациялық бизнес объектілері қорғаусыз қалады. Сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын бұзу толық алынбаған салықтар түрінде мемлекетке нұқсан келтіреді және әдеттегідей заңсыз жолмен табылған қаражаттар көлеңкелі айналымда жүреді.
Осылайша, контрафактілі өнімдер нарығының көлемі әлемде 600 миллиард АҚШ долларына жетті. Қарақшылық кедей, сондай-ақ экономикалық тұрғыда дамыған елдерге де айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. АҚШ сауда өкілдігінің ресми деректері бойынша американдық экономика "қарақшылардың" әрекетінен жылына 40 млрд. аса доллар жоғалтады екен. Сонымен қатар Қазақстанда Экономикалық зерттеулер институтының деректері бойынша ІЖӨ 18-20 пайызын контрафактілі өнімдер құрайды, оның жыл сайынғы шығыны шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Осылайша, зияткерлік меншік объектілері тиімді қорғау жүйесімен қамтамасыз етілуге тиіс.
Зияткерлік меншікті заңсыз пайдалануға қарсы күрестің отандық тәжірибесі негізінен авторлық құқық саласындағы құқық бұзушылыққа тыйым салуға бағытталған болатын. Өнеркәсіптік меншік саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жөніндегі шаралардың кешенін әзірлеу керек.
Бұндай жүйені құру үшін:
- өнеркәсіптік меншік саласында контрафактілі өнімді анықтау және алдын ала айқындау жөнінде әдістеме әзірлеу;
- сот-сараптама ұйымын не зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы сараптама жасау ұйымының жанынан контрафактілі өнімді анықтау жөнінде сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімше құру;
- зияткерлік меншікті заңсыз пайдалануға қарсы күрес жөнінде кадрлар даярлауды жүзеге асыру қажет;
- зияткерлік меншікке өз құқықтарын қорғау құралдары туралы халықтың құқықтық білімін жетілдіру;
- зияткерлік меншікті заңсыз пайдалануға қарсы күрес мәселелері бойынша шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуды жүзеге асыру қажет.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары контрафактілі әсіресе, өнеркәсіптік меншік объектілеріне байланысты өнімді айқындау мәселесіне тап болып отыр. Өйткені, құқық қорғау органдары жоспарлық және жоспардан тыс тексерулерді және жедел-іздестіру қызметін жүргізу кезінде өнеркәсіптік меншік объектілерін алаяқтардың әзірлеген өнімдерінде заңсыз пайдалану фактісін анықтай алмайды. Бұл жағдайда өнеркәсіптік меншік саласында контрафактілі өнімді айқындау және алдын ала анықтау әдістемесін жасау қажет.
Сонымен қатар, сараптама жасау ұйымы жанынан контрафактілікке сараптама жасайтын ұйым немесе құрылымдық бөлімше құру қажет. Ол ұйым, біріншіден, ғылыми қызметті жүзеге асыратын болады және, сот-контрафактілі сараптамасының сараптама жасау әдістемесінің жасауды жүзеге асыратын болады. Екіншіден, қылмыстық және әкімшілік өндірістерді қозғау үшін бұл ұйым өнімдердің контрафактілігін ақырғы рет анықтау нысанына сараптама жүргізетін болады. Сонымен қатар, осындай ұйым кеден органдарында және азаматтық-іс жүргізу өндірісінде зияткерлік меншік құқығын қорғауға ықпал ететін болады.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарында зияткерлік меншік саласындағы кадрлар жетіспейді. Осындай жағдайда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зияткерлік меншік құқығын оқыту керек. Оқу Ұлттық зияткерлік меншік институты, сондай-ақ келешекте құрылатын Зияткерлік меншік академиясы арқылы жүргізіле алады. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шетелге жіберу қажет. Одан басқа, шетелдік құқық қорғау органдарымен зияткерлік меншікті заңсыз пайдалану саласында тәжірибе алмасу және конференциялар мен дөңгелек столдар ұйымдастыру қажет. Қазіргі уақытта сот органдарында зияткерлік меншік саласындағы мамандар аз екенін атап өткен жөн. Осылайша, әр сотта зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында білікті маманның болуы қажет. Республикада құқық қорғау органдарында өз құқығын қорғау мүмкінділігі туралы халықтың хабардарсыз болу мәселесі көкейтесті мәселе болып отыр. Құқық қорғау және сот органдарында өз құқықтарын қорғау тәртібі туралы хабардар ету мақсатында жұртшылықпен байланыс шараларын өткізу қажет.
Елдің транзиттік әлеуетін ескере отырып, зияткерлік меншікті заңсыз пайдаланудың алдын алу және тосқауыл қою жүйесін құру дүниежүзілік қауымдастықтың алдында зияткерлік меншік құқығын қорғау мен сақтаудың қатаң кепілі ретінде Қазақстанның беделін нығайтады.
6. Зияткерлік меншікті қорғау саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
Зияткерлік меншік саласында халықаралық ынтымақтастықтың дамуы ұлттық патенттік жүйенің жаңаруы мен дүниежүзілік жүйеге кірігуінің негізгі факторларының бірі болып табылады.
Шетелдермен және халықаралық ұйымдармен әртүрлі деңгейлерде әріптестік қатынастарды дамыту халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары болып табылады. Олар:
- зияткерлік меншік объектілерін және олардың қорғау түрлерін бірыңғай түсіну үшін зияткерлік меншікті қорғау рәсімін және түрлерін, осындай қорғау беру рәсімін стандарттау және жетілдіру, қорғау шараларын бірегейлендіру;
- Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік объектілерін қорғау саласындағы бірқатар тиімді халықаралық шарттарға қосылуы;
- мәні бойынша неғұрлым тиімді және толық сараптама жүргізуге
қажет шетелдік патенттік ақпаратқа қол жеткізу;
- зияткерлік меншік саласындағы мамандардың біліктілігін және білім деңгейін арттыру;
- зияткерлік меншікті заңсыз пайдаланудың алдын алу және оны болдырмау, контрафактілі өнімнің айналымына тосқауыл қою;
- Қазақстан Республикасының дүниежүзілік аренада зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі аумақтық орталық ретінде қалыптасуы мақсатында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы көп жақты және екі жақты халықаралық шарттардың, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы халықаралық және аумақтық ұйымдармен жасасылған шарттардың қатысушысы болып табылады. Олардың аясында Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен және алдыңғы қатарлы, атап айтқанда, ДЗМҰ, ЕАПО, ЕПВ, Ресей, Германия, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Австрия және т.б. елдердің патенттік ведомстволарымен ынтымақтас, ТМД елдерінің Өнеркәсіптік меншікті қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің қатысушысы болып табылады. Халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамыту қажет және оны ақпараттық технологияларды жетілдіруге, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, ақпараттық алмасуды дамытуға, тәжірибе алмасуға және зияткерлік меншікті қорғау саласында бірлескен шараларды өткізуге бағыттау қажет. Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы көздейтін шаралардың бүкіл кешенін толық жүзеге асыру керек.
Қазақстан Республикасының зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі бірқатар халықаралық шарттарға қосылу мәселесін қараған жөн, олардың бекітілуі зияткерлік меншік құқықтарын неғұрлым тиімді қорғалуын қамтамасыз етуге ықпал етеді, бұл өз кезегінде инвестициялар ағынын ұлғайтуға, экономиканың өсуіне және адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға әсер етеді, зияткерлік меншіктің кейбір сирек кездесетін объектілеріне деген қызығушылықты тудырады, олардың даму деңгейіне (интегралдық микросхемалар топологиялары, үлгілер) әсер етеді.
Алматы қаласында бірыңғай патенттік ведомствосы ОHIМ (Ішкі нарықтағы үйлесімділік жөніндегі кеңсе) (Тауар таңбалары мен өнеркәсіптік үлгілер) Аликантода, Испанияда орналасқан және 1994 жылдан бастап Еуропалық Одақтың сауда белгілерін тіркеумен айналысатын Еуропалық одақтың тәжірибесіне сүйене отырып, ЕврАзЭС және ЕЭП аясында қазіргі заманғы әлемдік талаптарға сәйкес деңгейде тауар таңбаларын тіркеу жөніндегі бірыңғай органды құру Қазақстан Республикасының биік халықаралық деңгейге көтерілу амалының бірі болып табылады.
Осындай халықаралық үкіметаралық ұйымды құру біздің елге көптеген артықшылықтар береді: шетелдерден тауар таңбаларын тіркеуге берілетін өтінімдер санының көбеюі есебінен қаржылық ағындар көбейе түседі, тиісінше, тауар таңбалары саласында сарапшылар саны көбейеді және олардың біліктілік деңгейі артады, Қазақстан зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықтың аумақтық орталығы ретінде өзінің лайықты орнын алады.
7. Кадрлармен қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасында білімге, ақпарат пен шығармашылыққа негізделген экономиканы дамыту құралы ретінде тиімді әрекет ететіндей зияткерлік меншік жүйесін осы салаға белсенді түрде білікті мамандарды тартпай құру мүмкін емес.
Зияткерлік меншік объектілерін қорғау, зияткерлік қызмет өнімдерін шаруашылық айналымға енгізу міндетінің, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтарға қарсы тұрудың қиындығы мен аспектілігі осы бағыттарда мамандарды ерекше даярлауды талап етеді.
Зияткерлік меншік саласындағы жоғары деңгейлі білім мен құзыреттілік барлық мемлекеттік органдардың, сонымен қатар зияткерлік меншікке қатысты мәселелерді шешу құзырына жататын құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін қажет.
Осы мәселені шешу келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: Қазақстанның және шетел жоғары оқу орындарында кадрларды дайындау, Қазақстанда және шетелде мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, ғылыми зерттеулерді жүргізу мен ғылыми-әдістемелік және оқу әдебиеттерін әзірлеу.
Жүзеге асырылғалы отырған маңызды шаралардың ішінде аймақтық оқу орталығына айналатын Зияткерлік меншік академиясын құруды ерекше атап өту керек, ол оқу-әдістемелік орталығы мен зияткерлік меншік мәселелері бойынша магистратура мен аспирантура ашу құқы бар жоғары оқу орындары арасындағы кафедраны қамтиды.
Осы жұмысты жүргізу ДЗМҰ Дүниежүзілік Академиясымен, ЕАПҰ, ЕПҰ-мен және басқа елдердің патенттік ведомстволарымен бірлесе отырып, халықаралық деңгейде жоспарланып отыр.
Аталған білім беру және әдістемелік шараларды табысты жүзеге асыру, сондай-ақ жедел кеңес алу үшін дистанциялық оқыту, электронды форумдар, тиісті дерекқорлар кеңінен қолданылатын болады.
Жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру стандарты негізінде әзірленген зйяткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғауға және пайдалануға қатысты пән енгізу керек.
Ұлттық зияткерлік меншік институтының барлық бөлімшелерін, бірінші кезекте сараптама жасау қызметтерін қамтамасыз ету үшін кадрлар даярлауға назар аудару керек. Беру мерзімін қысқарту, сараптаманың сапасын арттыру арқылы қорғау құжаттарының сенімділігін арттыру үшін осы салада дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жоғары білікті сарапшыларды даярлау керек.
Сонымен қатар, ҰЗМИ-дің барлық санаттағы қызметкерлерін сырттай және дистанционды оқуды қоса алғанда, барлық қол жетімді тәсілдермен үзіксіз оқытуды қамтамасыз ету керек.
Индустриялық-инновациялық саясаттың іске асырылуы қазақстандық тауарлардың ішкі және сыртқы нарықтағы жылжуын қамтамасыз ететін отандық өнім өндірушілерінің жаңа тауар таңбаларының пайда болуына себеп болады. Бұл таңбаларға Қазақстанмен қатар шетел тұтынушыларының сенімін ақтау қажет.
Қорғалу және жарнамалау қабілеттілігін есепке ала отырып тауар таңбасын білікті жолмен таңдаудың ролі маңызды, бұл ұлттық брендтерді құруда таңбаланатын тауардың бәсекеге қабілеттілігін анықтайды.
Қазақстанның жарнамалық нарығының зерттеулері тек батыстың тәжірибесіне немесе әлемдік дәрежедегі алдыңғы қатарлы жарнамалық агенттіктерге жүгіну қазақстандық менталитеттің түсінбеушілігін көрсетеді.
Қазақстанда дамып келе жатқан брендингтің жеке-жеке бағыттары бір бірінен дербес өмір сүруде, толыққанды брендингпен айналысатын бірде бір ірі компания жоқ. Осылай, патенттік сенімді өкілдерінің фирмалары, жарнамалық компаниялар, дизайн-студиялар және нақты фирмалардың маркетологтары жеке-жеке даму үстінде. Осылайша, тауар таңбасы әзірлеуден тіркеуге, ендіруге дейін, жарнама мен нарықтағы жылжуына дейін үлкен жолды өтеді.
Осы орайда, брендинг саласындағы мамандардың дайындығы, брендтерді бағалау және қорғау, тиісті ғылыми зерттеулердің жасалуы қажет.
8. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Патенттік жүйе тиімді қызмет етуі мақсатында патенттік ведомствоның әлемдік стандарттарға сай материалдық-техникалық базасын күшейту керек.
Қазіргі уақытта патенттік ведомствоның материалдық-техникалық базасы (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен Ұлттық зияткерлік меншік институтының) Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес емес.
Мемлекеттің Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына бағытталған саясатын іске асыру өнертапқыштық қызметтің артуына әкеп соғады, коммерциялық құрылымдардың өнертапқыштық шығармашылық нәтижелерін өндірісте пайдалануға мүдделілігін арта түседі және түбі Уәкілетті органның қызметін айтарлықтай күшейтеді және сараптама жасау ұйымы қызметінің қажеттілігін арттырады. Сарапшылар құрамын аз дегенде екі есе көбейту қажет болады, бұл өз кезегінде, бар ғимараттарға сарапшыларды орналастыру мен оларға орналасуы бойынша негізгі санитарлық нормаларға сәйкес келетін қолайлы еңбек жағдайын жасау мәселесін күрделендіре түседі.
Бар қызмет көлемдерін орналастыру ерекшеліктері патенттік-техникалық ақпаратты сақтауға қажетті жайларды және осы ақпаратқа ғылыми-техникалық және іскер жұртшылықтың еркін қол жеткізуін қамтамасыз ететін жайларды және өтінім берушілермен сараптамалық жиналыстарды, жұртшылықпен келіссөздер, семинарлар, конференциялар, кездесулер, «дөңгелек столдарды», өткізуге қажет, сондай-ақ арнайы жайларды (мысалы, өтінім берушілердің қарсылықтарын соттан бұрын қарау жөніндегі Аппеляциялық кеңестің отырыстарына арналған зал, Оқу орталығы және т.б.) бөлуге мүмкіндік бермейді. Уәкілетті органның және сараптама жасау ұйымының халықаралық интеграциялық байланыстарын ескере отырып, шетелдік делегацияларды қабылдау үшін белгілі бір халықаралық стандарттарға сай зал қажет, сол үшін жеке жағдайларда, айтарлықтай қаражат жұмсап жайларды жалға алуға тура келеді.
Өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінім материалдарының құпиялылығын қамтамасыз ету мәселесінің орны ерекше.
Осыған байланысты толыққанды қызметтік ғимараттардың құрылысы мен патенттік ведомствоның инфрақұрылымын салу қажет.
Жалпы алғанда, ғимараттар кешенінде (Патент сарайында) кемінде:
- әкімшілік және сарапшылар құрамына арналған бөлмелер;
- конференц-залдар, келіссөздер залдары;
- шетелдік делегацияларды қабылдау залы;
- құпиялылық тәртіпті қамтамасыз ететін бөлмелер;
- Апелляциялық кеңес отырыстары залы;
- сараптамалық жиналыстар залы;
- халыққа және кәсіпорындарға патенттік-ақпараттық қызмет көрсету үшін компьютерлік зал;
- өтінім материалдары мен патенттік әдебиетті сақтауға арналған қоймалар;
- қосымша ғимараттар (коридорлар, баспалдақтар, санбуындар, техникалық персоналға арналған тазалау құралдарын жуып, кептіретін бөлмелер) болуы керек.
Ғимараттардың көрсетілген тізімі патенттік ведомствоның тиімді қызмет етуі үшін қажет қызметтік бөлмелердің ең аз деген санын құрайды.
Сонымен қатар, «Патент сарайының» кітапханасын көбейту жөніндегі іс-шаралар өте маңызды болып табылады, ол жерде шетел авторларының, сондай-ақ ұлттық авторлардың әдебиеттері орналастырылады. Аталған кітапхананы сарапшылар, сондай-ақ азаматтар пайдалана алады.
9. Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері
Бағдарламаны қаржыландыру республикалық, бюджет есебінен іске асыру жоспарлануда. Бірінші кезең:
2007 жылға республикалық бюджеттен қаржы шығындары талап
етілмейді.