ДЗМҰ-дың 2004ж. есебінен алынған деректер
Ел | Ұлттық өтінім берушілер | Шетелдік өтінім берушілер | Халықаралық тіркеу | Барлығы | % |
KZ | 2908 | 1070 | 2545 | 6523 | 44,6 |
ВҮ | 2410 | 1027 | 4387 | 7824 | 30,8 |
UA | 11516 | 2434 | 6369 | 20319 | 56,7 |
RU | 23571 | 7088 | 9952 | 40611 | 58 |
DЕ | 62576 | 3342 | 8279 | 74197 | 84,3 |
US | 213495 | 26988 | 7110 | 247593 | 86,2 |
JР | 110270 | 18573 | 7136 | 135979 | 81 |
Ұлттық, шетелдік өтінім берушілерден ұлттық патенттік ведомстволарға және таңбаларды халықаралық тіркеу жүйесі бойынша Қазақстан Республикасы мен алдыңғы қатарлы шет елдерде берілетін өтінімдердің салыстырмалы талдауы, Германия, Америка және Жапонияда тауар таңбаларын тіркеуде ұлттық өтінім берушілердің белсенділігі 80% жоғары екенін анықтады, ал Қазақстанда жалпы санның жартысына жақындағанын көруге болады, бұл жәйт ТМД елдерінің көрсеткіштерімен толық шамалас.
Тауар таңбалары дамыған экономиканың ажырамас бөлігі бола бастады, тауар өндірушілер үшін өсіп келе жатқан құндылыққа айнала отырып, нарықтық қатынастарға қатысады. Материалдық емес активтер ретінде кәсіпорынның визит карточкасы бола тұра тауар таңбалары, фирманың нарықтық құнының елеулі үлесін құрайды және кепілге беру, сатып алу және сату нысаны бола алады.
Тауар таңбаларын интернетте олардың иелерінің рұқсатынсыз пайдалануды тауар таңбасы иелерінің айрықша құқықтарының бұзылуы деп танитын «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген 2005 жылғы 1 тамыздағы, толықтыру тауар таңбалары иелерінің құқықтарын телекоммуникация желілері арқылы жиі бұзу жағдайларын сот тәртібімен реттеуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімінің жүйесі бойынша шетелде тіркелетін тауар таңбаларының саны көбейді. 2006 жылдың 1 қаңтарына халықаралық жүйе бойынша қазақстандық өтінім берушілерден шетелдерге 170 өтінім берілді, оның ішінде 19 өтінім 2004 жылы, ал 35 өтінім 2005 жылы. Халықаралық тіркеуге көбінесе спорт тауарлары, банк қызметтері, дәрі-дәрмек, тағам өнімдеріне қатысты таңбалар беріледі.
Қазақстан Республикасы 1993 жылы бекіткен Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі тауар таңбаларын бір халықаралық тіркеу арқылы келісімнің бірнеше қатысушы елдерінде қорғау мүмкіндігін туғызады. Кейбір дамыған елдердің келісімге қатысушылардың қатарына кірмеуінің бірден-бір себептері мынадай:
- тауар таңбасының міндетті түрде шығарылған елінде тіркелуі;
- бас тарту себептерін көрсете отырып қорғау берілмеу туралы хабарламаны жіберумен қатар, аталған елде таңбаға сараптама жасау мерзімінің біршама қысқа (бір жыл) болуы;
- халықаралық өтінімнің ұлттық өтінімге бес жыл бойы тәуелді болуы және ұлттық тіркеудің күші жойылған кезде оның күшінің жойылуы;
1989 жылы жасалған Мадрид хаттамасының Мадрид келісіміне қарағанда бір қатар артықшылықтары бар:
- халықаралық өтінім ұлттық (өңірлік) өтінімге негізделуі мүмкін;
- Хаттаманың 5(2)(b)-бабына сәйкес кез келген уағдаласушы тарап өтінімді қарау мерзімін бір жылдан 18 айға ауыстыруы туралы мәлімдеме жасауы мүмкін;
- жеке салығы жүйесі енгізілген, бұл жүйе бойынша уағдаласушы тарап, ол көрсетілген жағдайда, белгілі бір шектеулерді ескере отырып, баж салығының көлемін өзі белгілей алады;
- базалық тіркеудің күші жойылған жағдайда көрсетілген уағдаласушы елдерде халықаралық тіркеуді ұлттық (өңірлік) өтінімге өзгерту мүмкіндігі ескерілген;
- жұмыс тілі ретінде француз және ағылшын тілдерін пайдалану мүмкіндігі.
2005 жылғы 15 шілде күніне Мадрид хаттамасында 66 қатысушы болған, оның ішінде Дания, Финляндия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ.
Армения, Австрия, Беларусь, Қытай, Франция, Германия және басқалары (барлығы 77 ел) бір мезгілде Мадрид келісімінің және хаттамасының қатысушылары болып табылады.
Қазақстанның Мадрид келісімі хаттамасына қол қоюы отандық өтінім берушілердің ұлттық өтінімдер негізінде халықаралық өтінімдерін берілген елде тіркелуін күтпестен беру жағдайын келешекте жақсартады. Хаттамада базалық өтінімнің күші жойылған жағдайда халықаралық тіркеуді ұлттық немесе өңірлік өтінімдерге өзгерту мүмкіндігі көзделмеген. Қазақстанның хаттамаға қатысуы ұлттық заңнамаларының ерекшеліктеріне байланысты мадрид келісімі бойынша өтінім беру мүмкіндігі болмаған, АҚШ, Жапония, Финляндия сияқты елдерден келіп түсетін халықаралық өтінімдердің санын көбейтеді.
Тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге қатысты, қазақстандық өндірушілердің өз өніміне қатысты мұндай қорғаудың түрін іс жүзінде пайдаланбайтынын атап өту қажет. 2005 жылдың қараша айына дейін Қазақстан Республикасында тауар шығарылған жерлердің 8 атауы тіркелді, оның ішінде 2 чехиялық және 6 қазақстандық. Сонымен қатар, Қазақстанның аумағы табиғи ресурстардың әр түрлілігімен танымал, сондықтан көптеген өңірлер ерекше қасиеттері бар тауарларды ұсына алады. Сонымен бірге кейбір жерлер өздерінің дәстүрлі қолөнерлерімен және бірегей рецептерімен әйгілі. Осылайша, тауарлардың шығарылған жерлері ретінде қазақстандық географиялық көрсеткіштерді тіркеуге мол мүмкіндік бар, бұл, әрине, біздің өндірушілерге ерекше қорғалған өнімдерімен әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге қазір құқықтық қорғауға және анықтамаға зияткерлік меншік объектісі, сондай-ақ цифрлік ортада нарық қатынасушыларының бірегейлендіру құралы ретінде «домен атауы» деген ұғымды енгізу қажеттілігі аса туындап отыр.
Фармацевтикалық фирмалармен дәрілік заттардың атауларында сөзді тауар таңбалары кең пайдаланылады. Тауар таңбасы ретінде дәрілік заттардың атауларын тіркеудің рәсімі және фармокопеялық комитетінің номенклатуралық комиссиясында оларға атау беруде айтарлықтай сәйкессіздіктер бар. Бір жағынан, «Дәрілік заттар туралы» ҚР Заңы дәрілік заттарды әзірлеушіге дәрілік заттың атауын тіркеуге және осы атаумен өнім өндіруге құқық береді, мұндағы атауды пайдалану құқығы айрықша емес екендігін айта кету керек. Оны мемлекеттен дәрілік заттарды өндіруге тиісті лицензияны алған дәрілік заттың кез келген өндірушісі алуы мүмкін. Бірақ дәрілік затты осы атаумен басқа ешкім өндіре алмайды. Осымен қатар «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» ҚР Заңы тауар таңбасы ретінде дәрілік заттың сол атауын (немесе аралас дәрежеге дейін ұқсас) кез келген тұлғаның атына тіркеуге мүмкіндік береді, оның ішінде дәрілік заттардың өндірісіне қатысы болмаған тұлғаның атына. Оған қоса, тауар таңбасы тіркелген тұлға оны пайдалануға айрықша құқық алады.
Жоғарыда айтылғаннан, номенклатуралық комиссиямен бекітілген дәрілік заттың атауы және дәрінің сауда атауы - қорғаудың әр түрлі объектілері екені ортаға шығады. Сауда атауының (тауар таңбасының) құқықтық статусы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» ҚР Заңымен регламенттеледі, ал дәрілер атауларының құқықтық қағидалары халықаралық немесе ұлттық номенклатуралардың ережелеріне негізделеді және атаулары тиісті номенклатуралық комиссиялармен беріледі. Осылайша, дәріні әзірлеген адамның өзіне дәрі өндірісін сатып алуға немесе тыйым салу мақсатында дәрінің сауда атауларын (тауар таңбаларын) өз атына тіркеген теріс пиғылды тұлғалардың пайдаланатын қайшылықтардың тууы үшін құқықтық шарттар құрылады.
Сондықтан дара заттардың, дәрілік заттардың және тауар таңбаларын тіркеу кезінде министрліктер мен ведомстволардың өзара іс-әрекеттер тәртібін жасау және бекіту қажет, осы тәртіпке сәйкес дәрілік затты әзірлеуші әзірлеген заттың атауын номенклатуралық құрылымдарда (фармакопеялық комитеттің номенклатуралық комиссиясында) тіркеп қана қоймай, тауар таңбасы ретінде дәрінің сауда атауын уәкілетті патенттік органда тіркелуін алдын ала қамтамасыз етуі қажет.
Бұл ұсыныстың түйіні мынада: дәрілік затты мемлекеттік тіркеу рәсімі кезінде әзірлеушіге уәкілетті патенттік органнан мынадай мәліметтердің берілуін ұсынады:
- деректер базасында дәрілік заттың атауымен аралас дәрежеге дейін бірдей немесе ұқсас өтінім берілген немесе тіркелген тауар таңбаларының бар-жоқтығы туралы;
- тауар таңбасы туралы заңдар жағынан осындай белгінің қорғалу қабілеттігі туралы, сонымен бірге қорғалу қабілеттігі жоқ тауар таңбалары категорияларына фармацевтикалық заттар үшін халықаралық патенттелмейтін атаулар жатады, олардың құқықтық статусы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының құжаттарымен реттеледі.
Іздеу барысында өтінім берілген дәрілік заттың атауымен аралас дәрежеге дейін бірдей немесе ұқсас белгілер табылмаған жағдайда, сонымен қатар оның қорғалуға қабілеттігі бар болған жағдайда, әзірлеушіге мүмкін болатын қайшылықтардың алдын алу мақсатында бұл белгіні тауар таңбасы ретінде тіркеуге өтінім берілуі ұсынылады.
Егер дәрілік зат әзірленген және патенттік нормалармен, басқа да заңнамалық кесімдермен қорғалған мемлекеттен тыс жерге жеткізілсе, әзірлеушіге жеткізілім жасайтын елдің уәкілетті патенттік органында дәрілік затын патенттік тазалыққа тексерту ұсынылады.
Дәрілік заттың сауда атауына да қатысты жоғарыдағыдай шаралардың қолданылуы қажет. Әкелінетін дәрінің атауын жаңашылдыққа тексеру осы мемлекеттің аумағында тіркелген және қорғалатын тауар таңбалары иелерінің құқығын бұзудың алдын алу үшін қажет. Егер дәрінің атауы бірегей болатын болса, әзірлеушіге мемлекетке әкелуден бұрын уәкілетті патенттік органға атауын тауар таңбасы ретінде тіркеуге өтінім берілуі ұсынылады.
Дәрілік заттың сауда атауының тіркелуі ұлттық тіркеу жүйесі бойынша қалай іске асырылса, халықаралық бойынша да асырылады. Тауар таңбаларының ұлттық тіркелуі болжалды әкелінетін мемлекеттің заңдық және нормативтік актілеріне сәйкес жүзеге асады. Дәрілік заттың атауын өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының бірнеше мүше мемлекеттерінде тіркелген жағдайда, өтінім беруші таңбаларды халықаралық тіркеу жөніндегі Мадрид келісіміне сәйкес тауар таңбаларын тіркеудегі артықшылықтарды пайдалана алады. Бұл жағдайда, тауар таңбасының базалық тіркеуі болса, өтінім беруші Халықаралық бюроға болжалды әкелінетін мемлекеттерді көрсете отырып бір өтінім бере алады. Аталған елдердегі тауар таңбасының тіркеу күшін тарату мен өтінім беру механизмі мадрид келісімінің Нұсқаулығымен реттеледі.
1.4. Қорғау құжаттарын беру мерзімін қысқарту
Қазіргі заманғы техникалық даму жағдайында өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту, экономикалық айналымға жаңа технологияларды жылдам енгізуге және инновациялық процестерді жеделдетуге ықпал ету мақсатында қорғау құжаттарын жедел беру қажеттілігі артып отыр. Осылайша, Жапонияның Патенттік ведомствосы сараптаманы күту кезеңінің мерзімін 26 айдан 11 айға дейін қысқартуды жоспарлап отыр, АҚШ патенттік ведомстволары, Еуропа патенттік ведомствосы патенттік сараптаманың қарқынын арттыру мүмкіндігін қарауда.
Қазіргі кездегі ҚР қорғау құжаттарын беру мерзімі Қазақстанның инновациялық даму қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Біріншіден, оның ұзақтылығы патенттік-ақпараттық іздеу жүргізудің қиындықтарына, сарапшылардың жетіспеушілігіне, сараптамалық жұмыстардың жеткіліксіз техникалық жабдықталуына байланысты.
Өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту, берілетін қорғау құжаттарының сенімділігін арттыру техникалық және ақпараттық жабдықталумен, сондай-ақ кадрлық қамтамасыз етілумен байланысты. Зияткерлік меншік объектілерін тіркеуге берілетін өтінімдердің және сарапшылардың штаттағы санын талдау сараптамалық корпусты айтарлықтай ұлғайту қажеттілігін көрсетіп отыр. Білімнің нақты салалары бойынша сарапшылардың белгілі бір салада ғана мамандануын енгізу өнертабыстар мен пайдалы модельдерге өтінімдердің қаралуын жеделдетуге ықпал етеді.
Өтінімдерді электронды түрде беру қорғау құжаттарын беруді жеделдетудің маңызды резерві болып табылады.
Ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі дамуы жағдайында өтінімдерді тіркеу үшін электронды байланыс құралдарын пайдалану мейлінше өзекті болып табылады. Өтінімді электронды түрде беруді енгізу қорғау құжаттарын беру рәсімін жетілдіру процесінің құрама бөліктерінің бірі ғана болып табылмайды, ол сондай-ақ «электронды үкімет» тұжырымдамасын іске асыруға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, қағаз бетіндегі құжат айналымын азайтуға, іс жүргізуді жеңілдетуге нақты қадам болып табылады.
Электронды өтінім беруді енгізу кезінде өтінім беру рәсімін жеңілдету мен электронды нысандағы өтінімдердің материалдарын өңдеу кезінде жұмсалатын уақыттың қысқаруы есебінен мәні бойынша сараптама мерзімдерін айтарлықтай қысқарту нәтижесінде өнеркәсіптік меншік объектілерінің елеулі санын тіркеуге нақты мүмкіндік туады.
2. Зияткерлік меншік объектілерін қорғау
саласын кеңейту және жетілдіру
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты интегралды миркосхемалар топологиясы, жабық ақпараттар, компьютерлік бағдарламалар, селекциялық жетістіктер, дәстүрлі білімдер, фольклор, генетикалық ресурстар, домендік атаулар сияқты зияткерлік меншіктің дәстүрден тыс объектілерін қорғауды кеңейту және жетілдіру болжанып отыр. Сонымен қатар, қызметтік және құпия өнертабыстар саласындағы заңдарды жетілдіру керек, өйткені ол тікелей мемлекеттің экономикалық мүдделері саласына және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты.
2.1. Қызметтік өнеркәсіптік меншік объектілері
Өндірістік, ғылыми-зерттеу, көркем-құрастырмалық және басқа да жұмыстарды жүзеге асыру барысында кәсіпорындар, ұйымдар, кез келген нысандағы мекемелер сияқты жұмыс берушілерден алынған қызметтік тапсырмаларды орындау процесінде жұмыскердің объектіні жасау фактісі қызметтік өнеркәсіптік меншік объектісінің ерекшелік белгісі болып табылады. Инновациялық процестерді тиімді басқару үшін мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмыскердің мүдделерінің теңгерімін толық көлемде қамтамасыз ету өте маңызды. Сонымен қатар инновациялық процестің барлық өзге субъектілерінің, сондай-ақ өнеркәсіптік меншік объектілерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын тұлғалардың да мүдделерін есепке алу сонша маңызды. Өнеркәсіптік меншік объектілерін жасағаны үшін авторларға сыйақы төлеудің нақты әрі міндетті механизмін жасау керек. Инновациялық процестердің субъектілері - авторлар, жұмыс берушілер, мемлекет пен инвесторлар арасындағы шарттық қатынастарды тиісті түрде орындауға жауапкершілікті күшейту керек.
2.2. Құпия өнеркәсіптік меншік объектілері
Мемлекеттік құпияға жататын мәліметтерді қамтитын өнеркәсіптік меншік объектілері құпия өнертабыстар болып танылады. Мемлекет әзірлеуші авторларға өтемақы төлей отырып, ондай объектілерге иеліктен айыруға тиіс.
Әлемдегі өнеркәсіптік тұрғыда дамыған елдердің барлығы құпия өнертабыстарға қандай да бір түрдегі құқықтық қорғау береді. Бұрын КСРО-да құпия өнертабыстарға авторлық куәліктер берілетін, олар ашық баспада жарияланбайтын және тиісті мемлекеттік орган немесе ұйым мемлекет атынан оның айрықша құқығын куәландыратын.
Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес өнеркәсіптік меншік объектілеріне берілетін өтінімдер мемлекеттік құпияны құрайтын Мәліметтердің тізімі бойынша тексеріледі және өтінімнің материалдарында мемлекеттік құпияға жатқызылатын мәліметтер табылған жағдайда ондай өтінімдер сәйкес мемлекеттік органға құпияландыру негіздемесін анықтау үшін және құпиялылық дәрежесін анықтау үшін жолданады.
Бірақ, білікті патенттік жұмыскерлері болмаса, мемлекеттік органдар құпиялылықтың дәрежесін анықтауда қиналады және мәні бойынша өтінім материалдарының білікті сараптамасын өткізе алмайды. Патенттік жүйенің бүкіл әрекет ету мерзімі ішінде Қазақстанда құпия өнертабысқа бірде бір патент берілмеген. Өтініштердің материалдарын құпияландыратын бірқатар уәкілетті органдар олардың қаралуын және тиісті шешім қабылдауды негізсіз созады. Одан аса құпиялық белгі қойылған өтініштер бойынша тиісті сараптама жүргізілмейді, және көбінесе, бес жыл өткен соң, яғни құпиялауға жататын мәліметтердің заңнамада белгіленген тізімін қайта қарағаннан кейін, осындай өтініштерді құпиясыздандыру туралы шешім қабылданады.
Осындай өтініштердің материалдары ұзақ уақыт қараусыз қалған соң, олардағы жаңа енгізулер ескіріп қалады. Әзірлеушілер өздерінің объектілері құпияланғаны үшін өтемақы алмайтыны өзіне басқа, ал мемлекет пен қоғам осындай объектіні пайдаланудан түсетін пайданы ала алмайды.
Қолданылып жүрген нормативтік құқықтық база құпия өнертабыстармен жұмыс істеуді тиімді реттеуге мүмкіндік бермейді, құпия өнертабыстардың құқықтық қорғанысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін және авторлардың, мемлекет пен өндірушілердің арасындағы арақатынастарды реттеуге мүмкіндік беретін олармен жұмыс істеудің бірыңғай механизмі жоқ.
Құпия өнертабыстарды ұжырымды құқықтық қорғау негізінде құпия өнертабыстар үшін ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еліміздің әскери-өнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында мемлекеттік құпия туралы заңдардың талаптарын ескеріп отыратын нарықтық қатынастарды құруға ықпал етуге тиіс.
2.3. Селекциялық жетістіктер
Қазақстан Республикасы үшін селекциялық жетістіктерді қорғау тиімділігі маңызды мәнге ие. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы UРОV мүшесі болып табылмайды, демек отандық селекционерлердің халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндігі жоқ.
Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институтының» РМҚК мен Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық министрлігі Өсімдіктер сорттары мен мал тұқымдары жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың селекциялық жетістіктерді сараптау және қорғау саласындағы өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелерін реттеу қажет. Селекциялық жетістіктердің патент қабілеттілігіне сараптама өткізудің нормативтік және әдістемелік базасын құру қажет, сондай-ақ өсімдік сорттарының, тұқымның (өсімдіктерге қатысты) нұсқаулық үлгілерін сақтау үшін өсімдік сорттарының гендік қорларын құру керек.
Жұмыс беруші мен селекциялық жетістік авторының арасындағы азаматтық арақатынастарды да белгілеу керек, өйткені селекциялық жетістіктер көп жағдайда қызметтік міндеттемелерді орындау процесінде туындайды. Селекционерлердің мүдделерін, сондай-ақ осындай зияткерлік меншік объектілерін жасауға материалдық және өзге де құралдарын, тәжірибесі мен білімін салған жұмыс берушінің құқықтарын заң жүзінде қорғау керек.
2.4. Дәстүрлі білімдер, генетикалық ресурстар және фольклор
Зияткерлік меншікті құқықтық қорғаудың әлемдік үрдісі дәстүрлі білімдерді, генетикалық ресурстарды және халық шығармашылығын қорғауды жетілдіруге бағытталған.
БҰҰ-ның зиятркерлік меншікке жауапты мамандандырылған органы ретінде ДЗМҰ Дәстүрлі білімдер, генетикалық ресурстар мен фольклор комитетін құрған. Комитеттің концепциясына сәйкес ортақ мұра - генетикалық ресурстарға, дәстүрлі білімдер мен фольклорға қатысты халықаралық саясаттың негізгі мақсаты халықтың игілігін сақтап қалу болып табылады. Аталған объектілердің ерекшелігі олардың ресми және бейресми жаңашылдық пен шығармашылық салаларымен қиылысып адамның дараландырылған зияткерлік қызметінен тыс және тәуелсіз өзгеру әрі даму қабілеті болып табылады. Халықаралық қауымдастық таптырмас сипатын ескеруге мүмкіндік беретін зияткерлік меншіктің жаңа стандарттарын белгілейді.
ДЗМҰ-дың Зияткерлік меншік, генетикалық ресурстар, дәстүрлі білімдер және фольклор жөніндегі үкіметаралық комитетінің бірінші сессиясында (биологиялық компоненттер үшін генетикалық ресурстар - іс жүзінде құндылығы бар немесе болуы әбден ықтимал және өсімдік, жануар, микроб немесе басқа текті, биологиялық әр түрлілік туралы Конвенцияның 2 бабына сәйкес құрамында функционалдық тұқым қуалаушылық бірліктері бар кез келген генетикалық материалды, анықтаманы пайдалану туралы шешім қабылданған.
Дүниедегі биосфераға бұзғыш антропогендік әсер етудің ғаламдық сипаттамасы бірігу және экологиялық дағдарыстан шығу шараларын үйлестіру қажеттілігін белгіледі. Осы мақсатта: БҰҰ-дың қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП), Жаһандық экологиялық қор (ГЭФ), Халықаралық табиғатты қорғау қоры (МСОП), Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры (WWF), Табиғи және мәдени мұра (UNESCO) және басқалары құрылды.
Халықаралық Конвенциялар экологиялық тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды құралы болды. Қазақстан БҰҰ жанындағы Тұрақты даму комиссиясының мүшесі ретінде 17 конвенцияларға қосылды, олардың ішінде: Конвенция (СBD), (1992); «Су-батпақ аумақтарды қорғау туралы» Рамсар конвенциясы» және Сирек әрі сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерімен халықаралық сауда жасау жөніндегі конвенция (СИТЕС) және басқалар.
Қазақстан, 2000 жылдан бастап СИТЕС Конвенциясының мүшесі болысымен, жануарлардың барлық жылжуларын Комитеттің - СИТЕС ғылыми органының сертификаты бойынша жүзеге асырады.
XX ғасырдың аяғына дейін биолог-ғалымдар тірі организмдердің, өсімдіктердің және жануарлардың жеке түрлерін олардың мекендеген жерлерін қорғаусыз сақтау мүмкін емес деген бір ауызды шешімге келді. Сондықтан, XX ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап «экожүйелік зерттеулер» дами бастады, олар бұрын жинақталған білімдерді қорытындылаудың жаңа деңгейіне көтерілуге, табиғи резерваттар, бақтар, қорықтар жүйесін кеңейтуге және Заң қабылдауға мүмкіндік берді. Биологиялық түрлілікке келтірілген залал осы жағымсыз құбылысты жеңу амалдарын қолдануға бастамашы болды - өсімдіктер және жануарлар туралы білімдер іргелі флористикалық және фауналық жинақтар, каталогтар, кадастрлар, анықтамалықтар және олардың электрондық версияларын басып шығару арқылы, генетикалық карталау арқылы жүйелендірілді және қорытылды.
Биотүрлілік туралы Конвенцияның шарттары бойынша «Ұлттық әрекеттер жоспары және Шөлденуге қарсы күрес жүргізу жөніндегі ұлттық стратегия» (1997); «Ұлттық стратегия және биологиялық түрлілікті сақтау және теңдестіріліп пайдалану жөніндегі іс-әрекеттер жоспары» (1999); «Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-әрекеттердің ұлттық жоспары» (1999); Каспий және Арал теңіздері, Семей ядролық полигоны аумақтарының экологиялық проблемалары жөніндегі ғылыми баяндамалар сияқты маңызды негізгі құжаттар және басқа да мемлекеттік деңгейдегі материалдар әзірленді.
Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түршелері, 96 омыртқасыздар мен өсімдіктердің 303 түрі енгізілді.
Биологиялық түрлілікті сақтап қалу үшін, оның тұрақты дамуы үшін республикалық маңыздылығы бар қорықтар, ұлттық парктер, табиғи резерваттар мен жергілікті маңыздығы бар табиғи саябақтар сияқты заңды тұлға мәртебесі бар айрықша сақталатын табиғи аумақтардың (АҚТА) маңызы зор. Бірақ табиғи объектілерді қорғаудың осы амалдары тұтастай экожүйені және, атап айтқанда оның генетикалық ресурстарын толық көлемде құқықтық қорғауды қамтамасыз етпейді. Зияткерлік меншік саласында табиғи ресурстар мен оның генетикалық ресурстарын құқықтық қорғауға арналған нақты механизмнің жоқтығы, осымен байланысты, еркін саудаға ықпал етуге, қоршаған ортаны сақтауға, азық-түлік өнімдерінің, сырттан әкелінетін ГЖӨ (генетикалық жақсартылған өнімдері) қауіпсіздігін, сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерін, тұқым материалдарын және т.б. тиісті бақылаудың болмауымен байланысты бір топ проблемаларды шешуге кедергі келтіріп отыр.
ДЗМҰ Бас ассамблеясының 26-ші сессиясының шешіміне сәйкес алғаш рет Зияткерлік меншік, генетикалық ресурстар, дәстүрлі білімдер және фольклор жөніндегі үкіметаралық комитет шақырылды. 2001 жылы Комитеттің екі сессиясы өтті, онда SСBD, МСОП және басқалардың өкілдері қатысты, генетикалық ресурстарға қол жеткізу және пайданы бөлісу жөнінде тақырыптар талқыланды.
Генетикалық ресурс немесе кең аспектіде - биологиялық ресурс биологиялық орта жағдайында өздігінен көбею қабілеті бар, тамыр қуалаушы ақпаратты қамтитын объект болып табылады.