Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жанындағы Мемлекеттік ономастика
комиссиясы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1998 жылғы 21 сәуірдегі № 368 қаулысы
(2008.31.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 13 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегi Заңының 23-бабына сәйкес (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 202-құжат) Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жанынан Мемлекеттік ономастика комиссиясы құрылсын.
2. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттік ономастика комиссиясы (Мемономком) туралы ереже бекітілсiн.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының құрамы 1-қосымшаға сәйкес бекітілсiн.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2-қосымшаға сәйкес кейбір шешiмдерiнiң күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1998 жылғы 21 сәуірдегі № 368 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жанындағы
Мемлекеттік ономастика комиссиясы
(Мемономком) туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы (бұдан әрi - Комиссия) географиялық объектiлердiң атауына бiрыңғай көзқарасты қалыптастыру, топономикалық атауларды қолдану мен олардың есебiн жүргiзудi реттеу, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау және оларды қайта атау мақсатында ономастика (антропонимика, топонимика, космонимика, астронимика, этнонимика, зоонимика, құжатнама, эргонимика және басқалары) саласында мемлекеттік тiл саясатын iске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық кеңесу органы болып табылады.
2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Комиссияның жеке құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулысымен бекітіледi.
4. Комиссияның шешiмi ұсынымдық сипатта болады.
5. Қазақстан Республикасында топонимикалық объектiлердiң жаңадан берiлген, қайта аталған және нақтыланған атауларын бекiтудi Комиссияның қорытындысы болған кезде ғана, белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 13.04.04 ж. № 413; 2005.01.04 . № 295 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 6-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінiң 2008.11.06. № 577 қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті Комиссияның жұмыс органы болып табылады
2. Негiзгi мiндеттерi
7. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
географиялық атауларды жинақтау, жүйелендiру және зерделеу, ономастика жөнiнде ғылыми негiзделген сөздiктер құрастыру;
бұрын жоғалтылған тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiнде ұсыныстар енгізу;
жаңа географиялық объектiлер үшiн атаулар әзiрлеуге қатысу;
ономастика географиялық және тарихи-мәдени пәндеме ретiнде қолдау көрсету болып табылады.
3. Негiзгi функциялар мен өкiлеттiгi
8. Комиссия өзiне жүктелген мiндеттердi шешу мақсатында:
1) орфографияның, ғылыми транскрипцияның және қалыптасқан мәдени-тарихи және әлеуметтiк факторлардың қолданылып жүрген нормаларының негiзiнде:
қалалардың, аудандардың, басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң, өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының, темір жол және автомобиль жолдары станцияларының, пошта бөлiмшелерiнiң, ғылыми-зерттеу жобалау ұйымдарының, мекемелердiң, кәсiпорындардың, жоғары, жалпы білім беретiн, арнаулы орта және кәсiптiк оқу орындарының, көлiк, балық аулау кемелерiнiң, айлақтардың, су құрылыстарының, әуежайлардың және Қазақстан Республикасының республикалық министрлiктерi мен ведомстволарына ведомстволық бағыныстағы басқа да объектiлердiң атауларының аталуы, қайта аталуы, нақтылануы және транскрипциясы;
азаматтардың тегi, аты және әкесiнiң аты, сондай-ақ жазушылар мен қоғам қайраткерлерiнiң бүркеншiк аттары туралы қорытындылар ұсынады;
2) республиканың министрлiктерi мен ведомстволарына карталар жасау, анықтамалықтар, сөздiктер, атластар шығару процесiнде пайда болған мәселелердi шешуде консультациялық көмек көрсетедi, оларда Қазақстанның географиялық атаулары номенклатураларының дұрыс транскрипциялануын қадағалайды;
3) ономастика мен топонимика жөнiнде анықтамалықтар мен сөздiктер шығаруды үйлестiредi;
4) елдi мекендердiң, көшелердiң, даңғылдардың, алаңдардың тұғырлы атауын сақтауға бағытталған шаралардың кешенiн жүзеге асырады;
5) ел халқының Қазақстан Республикасы тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретіндегі байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыруға белсендi ықпал етедi;
6) жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп қалалық аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, парктердiң, саябақтардың және с.с. атаулары және оларды қайта атау, транскрипциясына нақтылаулар енгізу туралы шешiм қабылдайтын жергiлiктi жерлердегi ономастикалық комиссияның қызметiн үйлестiредi;
7) өз отырыстарында облыстық, қалалық, аудандық ономастика комиссиялары төрағаларының хабарламалары мен ақпараттарын тыңдайды;
8) әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң, кәсiпорындардың, бiрлестiктердiң, темір жол станцияларының, әуежайлардың және басқа да физикалық-географиялық объектiлердiң атаулары мен қайта аталуы, топонимдерiнiң, транскрипциясына нақтылаулар енгізу туралы даулы мәселелер бойынша қорытынды бередi;
9) ұйымдардың, шығармашылық одақтардың, жекелеген азаматтардың тарихи топонимдердi қалпына келтiру немесе ауыстыру мәселелерi жөніндегі хаттарын қарайды және тиiстi ұсынымдар енгiзедi;
10) Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарының, басқа да ұйымдардың, материалдары, хабарлаулары және ақпараттары бойынша ономастика саласында мемлекеттік тiл саясатын iске асырудың жай-күйiн талдайды.
4. Жұмысын ұйымдастыру
9. Комиссияның отырысы Комиссияның отырысында қабылданатын және оның төрағасы бекiтетiн жұмыс жоспарына сәйкес жүйелi түрде өткiзiледi. Егер оған оның мүшелерiнiң кемiнде жартысы қатысса Комиссияның отырысы күшi бар деп саналады.
10. Комиссияның шешiмi оның отырысына қатысып отырған Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс берумен қабылданады.
11. Қажет болған жағдайда Комиссияның құзыретiне кiретiн жекелеген мәселелердi қарау үшiн жұмыс топтары құрылады.
12. Комиссияның хатшысы отырыстарының жұмыс жоспарын, күн тәртібін жасайды, Комиссия мүшелерiнiң өзара iс-қимылын ұйымдастырады және iс қағаздарын жүргiзуге жауап бередi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1998 жылғы 21 сәуірдегі № 368 қаулысына
1 қосымша
ҚР Үкіметінің 17.10.00 ж. № 1551; 03.04.02 ж. № 397;13.04.04 ж. № 413; 2005.01.04 . № 295 (бұр. ред. қара); 2006.27.06. № 588 (бұр. ред.қара); 2007.04.10. № 897 (бұр.ред.қара); 2008.11.06. № 577 (бұр.ред.қара) ; 2008.31.12 № 1338 (бұр. ред. қара) қаулыларымен құрам өзгертілді
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жанындағы
Мемлекеттік ономастика комиссиясының құрамы
Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы | - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі, төраға |
Майлыбаев Бағлан Асаубайұлы | - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі, төрағаның орынбасары |
Жартыбаев Асылбек Ешенқұлұлы | - «КГТИ-Лингва» Орталық Қазақстан университетінің президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор (келісім бойынша) |
Қаймолдинова Күләш Дүйсенбайқызы | - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің елтану және әлеуметтік география кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты, доцент (келісім бойынша); |
Шаймерден Ербол Шаймерденұлы | - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы |
Комиссия мүшелерi:
Уәлиев Нұргелді | - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты |
Қамзабекұлы Дархан | - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігінің Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi Гуманитарлық институтының директоры |
Тілеухан Бекболат Қанайұлы | - Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша) |
Жанпейісов Амангелді Сүйінбайұлы | - Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары |
Әбдірахманов Сламқұл | - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі География институтының аға ғылыми қызметкері |
Мырзахметұлы Мекемтас | - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы |
Сейдiмбек Ақселеу Сланұлы | - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігінiң Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры |
Әбжанов Хангелді | - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының профессоры, тарих ғылымдарының докторы |
Керімбаев Есенгелді | - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі "М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының профессоры, филология ғылымдарының докторы |
Алпысбаев Төлеубек Жұмагелдіұлы | - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті нормативтік-лингвистикалық проблемалар басқармасының бастығы, хатшы; |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1998 жылғы 21 сәуірдегі № 368 қаулысына
2-қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір күшi
жойылған шешiмдерiнiң тiзбесi
1. "Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанынан Мемлекеттік ономастика комиссиясын құру туралы" Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 1990 жылғы 20 сәуірдегі № 156 қаулысы (Қаз КСР ҚЖ, 1992 ж., № 12, 73-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының (Қазономком) құрамы туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 31 қаңтардағы № 114 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., № 5, 54-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының (Қазономком) құрамы туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 31 қаңтардағы № 114 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1994 жылғы 27 маусымдағы № 720 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., № 27, 295-құжат).
4. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 31 қаңтардағы № 114 қаулысына өзгертулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1995 жылғы 17 қазандағы № 1340 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., № 33, 415-құжат).