5. Тасымалдаушы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген зиянның орнын толтырумен бiрге, егер тасымал ақысы олардың құнына кiрмейтiн болса, клиентке жоғалтқан, жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) багажды, жүктi, жүк-багажды тасымалдау үшiн алған тасымал ақысын қайтарады.
6. Багаж, жүк, жүк-багаж жеткiзiп беру мерзiмiнен жетi күн өткеннен кейiн жоғалды деп есептеледi.
Багаж, жүк, жүк-багаж аталған мерзiм өткеннен кейiн келген жағдайда, алушы оларды қабылдай алады және тасымалдаушының жоғалтқаны үшiн төлеген сомасын қайтара алады.
7. Егер тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуы, жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүктiң немесе багаждың жоғалуына жауап бередi.
8. Темір жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтерге сәйкес келмейтiн жүктi берген жағдайда, мұндай жүктi тасымалдаушы тиеген болса, ол жүк алушы алдында жүктiң темір жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген құны мөлшерiнде, оны жоғалтқанмен бiрдей жауапкершiлiкте болады.
77-бап. Жүк тасымалдау жоспары бойынша өтiнiмдердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмге сәйкес көлiк құралдарын бермегенi, ал жүк жөнелтушi жүктi ұсынбағаны, сондай-ақ берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн, айлық есептiк көрсеткiш шамасынан мынадай мөлшерде процентпен есептелетін айыппұл түрінде өзара мүлiктiк жауапкершiлiкте болады:
1) жүктi контейнерлермен тасымалдағанда:
брутто салмағы қоса алғанда бес тоннаға дейiн әр контейнер үшiн он бес процент;
брутто салмағы қоса алғанда бес тоннадан он тоннаға дейiн әр контейнер үшiн отыз процент;
брутто салмағы он тоннадан артық әр контейнер үшiн алпыс процент;
2) жүктi рефрижератор вагондардан, транспортерлардан басқа вагондарда тасымалдаған кезде - әр вагон үшiн бiр жүз елу процент;
3) рефрижератор вагондарда, транспортерларда тасымалдаған кезде - әр вагон, транспортер үшiн екi жүз тоқсан процент.
2. Жүктi (вагондармен ғана тасымалдау белгiленген) тар табанды теміржол желiлерiмен тасымалдаған кезде - осы баптың 1-тармағында көзделген айыппұлдардың елу процентi мөлшерiнде мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
3. Жүк тасымалдау өтiнiмiн орындамағаны үшiн айыппұл вагондарды, контейнерлерді пайдаланғаны үшiн төлемге қарамастан алынады.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Тасымалдаушының қабылданған өтiнiмге сәйкес жылжымалы құрамның берiлмегенi үшiн айыппұл төлеуi оны жылжымалы құрамды беру жөніндегі одан әрi атқаратын мiндеттемелерден босатпайды. Жылжымалы құрам жүк жөнелтушiмен келісілген ұзартылған мерзiмде берiлмеген жағдайда, егер тасымалдаушы жылжымалы құрамның берiлмеуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, тасымалдаушы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 5 еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
78-бап. Вагондар мен контейнерлердi өз бетiмен иеленiп алғаны, бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы, жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ басқа да тұлғалар өздерiне тиесiлi емес вагондарды, контейнерлердi өздерiнiң тасымалдары, жүктерiн сақтауы үшiн пайдалануға, сондай-ақ олардың иелерiнiң рұқсатынсыз, егер бұл тиiстi шарттарда көзделмесе, тиеу үшiн пайдалануға құқығы жоқ.
2. Мұндай талапты сақтамағаны үшiн кiнәлi тарап вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақы төлеумен қатар көлiк құралдары иесiнiң алдында вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы мөлшеріндегі айыппұл түрiнде мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген айыппұлды төлеу кiнәлi тарапты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен белгiленген иеленушi алдындағы мүлiктiк жауапкершiлiктен босатпайды.
79-бап. Жүктi жеткiзiп беру мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Жүктi жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кеткен әр тәулiгi үшiн, соның iшiнде тiкелей аралас қатынаста тасымалдаған кезде жолдың темір жол бөлiгi үшiн, егер тасымалдаушы мерзiмнiң өтiп кеткенi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүк алушыға темір жол көлiгiмен тасымалдағаны үшiн тасымал төлемiнiң бес процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымал төлемiнiң елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Тасымалдаушыға тиесiлi емес бос вагондарды жеткiзiп беру мерзiмiн өткiзiп жiбергенi үшiн де тасымалдаушыдан осы мөлшерде айыппұл алынады.
2. Жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор Қазақстан Республикасы заңдарының тауарлар экспортына, импортына, транзитiне арналған құжаттарды ресiмдеу жөніндегі талаптарын бұзғаны, оның салдары кеден, шекара немесе бақылау жасау түрлерiнiң басқа да органдарының вагондар мен контейнерлердi кiдiртiп қоюына әкеп соққаны үшiн тасымалдаушының пайдасына вагондарды, контейнерлердi пайдалану ақысы мөлшерiнде айыппұл алынады.
80-бап. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмдерiнiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы багажды, жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кеткен әр тәулiгi үшiн жолаушыға, алушыға, егер мерзiмнiң өтiп кетуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жол жүру ақысының он процентi мөлшерiнде, бiрақ жол жүру ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кетуi багаж, жүк-багаж жеткiзiлуге тиiс тәулiктегi сағат жиырма төрттен бастап есептеледi.
2. Багажды, жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмдерiн бұзғаны үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының, алушының өтiнiшi бойынша жалпы нысандағы актiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
3. Жолаушылар тасымалдайтын жолаушы поезының жөнелтiлуiн кiдiрткенi, сондай-ақ баратын темір жол станциясына кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы, егер кiдiру немесе кешiгу тежеусiз күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешiккен әр сағат үшiн жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
Өндiрiп алынған айыппұлдың сомасы жол жүру құжатының (билеттiң) құнынан аспауға тиiс.
Жолаушы поезының кешiккенi үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
81-бап. Багажды, жүктi, жүк-багажды тасымалдау шарттарын бұзып тасымалдауға ұсынғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Темір жол көлiгi жүкқұжатында жүктiң атауын, оның ерекше қасиеттерiн немесе қажеттi алдын ала сақтық шараларын дұрыс көрсетпегенi, сондай-ақ тасымалдауға тыйым салынған жүктi жөнелткенi үшiн жүк жөнелтушiден тасымалдаушының пайдасына осы жағдай салдарынан келтірілген шығындарды өтеумен қатар, тасымалдау құнының бес есе мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
2. Багажды, жүк-багажды жөнелтушi тасымалдауға тыйым салынған багажды, жүк-багажды тасымалдағаны үшiн тасымалдаушы алдында тасымалдау құнының бес есе мөлшеріндегі айыппұл түрiнде жауапты болады, ал Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларда әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
82-бап. Вагонға, контейнерге артық жүк тиегенi үшiн жауапкершiлiк
Вагонға, контейнерге жүк көтерiмдiлiгiнен (сыйымдылығынан) артық жүк тиегенi үшiн жүк жөнелтушiден тасымалдаушының пайдасына келтiрiлген залалдарды өтеумен қатар, тасымал ақысының елу процентi мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
83-бап. Вагондарды, контейнерлердi жүктi түсiргеннен кейiн тазаламағаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушының тазаланбаған вагонды, контейнердi қабылдаудан бас тартуға құқығы бар. Вагонның, контейнердiң тазалауда тұрған уақытына жүк алушы тасымалдаушыға пайдаланғаны үшiн ақы төлейдi.
2. Вагонды, контейнердi тазалаудан бас тартқаны үшiн жүк алушыдан тасымалдаушының пайдасына тазалау жөніндегі жұмыс құнының екi есе мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
84-бап. Жылжымалы құрамды, контейнерлердi, түсiретiн тасымалдау құралдарын бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн жауапкершiлiк
Жылжымалы құрамды, контейнерлердi, түсiретiн тасымалдау және пакеттеу құралдарын бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн кiнәлi тараптан меншiк иесiнiң (иеленушiнiң) пайдасына жоғалған мүлiктiң немесе қажеттi жөндеудiң құны, сондай-ақ жоғалған мүлiк немесе қажеттi жөндеу құнының елу процентi мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
85-бап. Вагондарды кiрме жолдарға берудi, олардан алып кетудi кешiктiргенi үшiн жауапкершiлiк
1. Вагондарды кiрме жолдарға беру және олардан алып кету, кiрме жолдарды пайдалану шарттары бойынша тасымалдаушы темір жолдардың кiрме жолдарындағы тиеу және түсiру (жүктен босату) орындарына (орындарынан) вагондарды берудi, алып кетудi, қабылдауды кешiктiргенi үшiн әр вагонға сағатына айлық есептiк көрсеткiш шамасының 1,7 процентi мөлшерiнде айыппұл төлеу түрiнде жауаптылықта болады.
Айыппұл аталған шарттарда көзделген вагондарды беру, алып кету мерзiмiн бұзған кезден бастап кешiктiрiлген бүкiл уақытқа есептеледi.
2. Вагондарды отыз минуттан аз уақытқа кешiктiру есепке алынбайды. Вагондарды отыз минуттан бiр сағатқа дейiнгi мерзiмге кешiктiру толық бiр сағатқа есептеледi.
86-бап. Жауапкершiлiктен босату
1. Тараптар тасымалдау шартынан туындайтын мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер бойынша жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн.
2. Егер мiндеттемелердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау:
1) тежеусiз күштiң, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың;
2) әскери iс-қимылдың, төтенше жағдай енгізудiң;
3) осы Заңда белгiленген тәртiппен жарияланған жүк тасымалын, поездардың жүруiн тоқтатудың немесе шектеудiң салдарынан болса, тараптар жауапкершiлiктен босатылады.
87-бап. Тасымалдаушыны жауапкершiлiктен босату
1. Тасымалдаушы осы Заңның 86-бабының 2-тармағында көрсетiлген негiздерден басқа мынадай:
1) жолаушының, жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының), экспедитордың кiнәсiнен мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған;
2) онкүндiктiң жекелеген күндерiнде вагондарды, контейнерлердi бермеудiң орнын осы күнтiзбелiк онкүндiк iшiнде жүк жiберушiнiң келісімi бойынша толтырған;
3) вагондар мен контейнерлердi беру осы Заңның 47-бабының 3-тармағында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған немесе жүктердiң жөнелтiлуi кiдiртiлген;
4) жүк алушының жүктi дер кезiнде түсiрмеуi және алып кетпеуi салдарынан жүк бұзылған (бүлiнген);
5) багаж, жүк, жүк-багаж жөнелтушi (жүк жөнелтушi) бекiткен ақаусыз бекіту-пломбалау құрылғылары бар ақаусыз вагонда, контейнерде не ақаусыз жылжымалы құрамда жолшыбай ауыстырып тиелмей, ақаусыз қорғаныш таңбамен немесе дұрыс байламмен келген, сондай-ақ багаждың, жүктiң, жүк-багаждың сақталғандығын куәландыратын басқа да белгiлерi болған;
6) жүк ерекше табиғи қасиеттерiне байланысты, сондай-ақ оны тасымалдау құжаттарында тасымалдау немесе сақтау кезiнде ерекше жағдайды немесе алдын ала сақтандыру шараларын қажет ететiн ерекше қасиеттерiн көрсетпей тапсыру салдарынан сақталмаған;
7) егер тиеу немесе түсiру (жүктен босату) жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының құралдарымен жүргiзiлiп, жүк жабық вагонға, контейнерге тиелген, түсiрiлген (жүктен босатылған);
8) жүк ашық жылжымалы құраммен тасымалдануына байланысты табиғи себептердiң салдарынан сақталмаған;
9) жүк жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жолсерiгiнiң жолбасшылығымен тасымалданған;
10) жүк жөнелтушi темір жол көлiгi жүкқұжатында көрсеткен мәлiметтер қате, дәл емес немесе толық емес болған;
11) жүк салмағындағы табиғи азаю, ылғалдылықтың төмендеу нормалары шегіндегі айырмашылық және таразылар көрсетуіндегі нормалардың алшақтауы, сондай-ақ жүк тасымалдаушының қатысуынсыз жүк жөнелтушi белгiлеген салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған жүк салмағында айырмашылық болған;
12) тез бүлiнетiн жүк тасымалдаудың шектi мерзiмi және температуралық режим сақталған кезде бүлiнген;
13) көлiк ыдысының немесе олардың қасиеттерiнiң көзге көрiнбейтiн кемшiлiктерiнен багаж, жүк, жүк-багаж сақталмаған жағдайларда жауапкершiлiктен босатылады.
2. Тасымалдаушының кiнәсiнен багаждың бүлiну жағдайларын қоспағанда, жолаушы қол жүгi ретiнде өзiмен бiрге алып жүретiн багаждың сақталуына тасымалдаушы жауапты болмайды.
88-бап. Жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны жауапкершiлiктен босату
Жүк жөнелтушi немесе жүк алушы осы Заңның 86-бабының 2-тармағында көрсетiлген негiздерден басқа мынадай:
1) өзiнiң алдын ала келісімiнсiз берiлген вагондар, контейнерлер пайдаланылмаған;
2) онкүндiктiң жекелеген күндерiнде жүктiң жол берiлген кем тиелуiн осы күнтiзбелiк онкүндiк iшiнде тасымалдаушының келісімiмен толтырған;
3) тығыздап тиеу нәтижесiнде вагондарды, контейнерлердi өтiнiмде көзделген мөлшерден аз пайдаланған;
4) тасымалдаушыны вагондарды, контейнерлердi пайдаланбайтындығы туралы жүк тиейтiн күннен кем дегенде үш тәулiк бұрын ескерткен жағдайларда жауапкершiлiктен босатылады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 10-1-тараумен толықтырылды
10-1-тарау.
Темір жол көлігі саласындағы көліктік бақылауды
жүзеге асыру
88-1-бап. Көліктік бақылауды жүргізудің нысанасы мен мақсаты
1. Көліктік бақылау жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының темір жол көлігі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын қызметіне жүргізіледі.
2. Көліктік бақылауды жүргізудің мақсаты Қазақстан Республикасының темір жол көлігі саласындағы заңнамасының темір жол көлігін қауіпсіз пайдалану және оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын сақтау болып табылады.
3. Уәкілетті орган орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасасады, бірлескен бақылау шараларын қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес темір жол көлігі саласында қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне көліктік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда жәрдемдесуге міндетті.
88-2-бап. Тексерулерді жүзеге асырудың кезеңділігі мен түрлерi
1. Тексерудің түрлері:
жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін, мемлекеттік орган жоспарлаған тексеру;
жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылық туралы өтініштерде және өзге де ақпараттарда жазылған фактілер бойынша жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді дереу жоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық белгілерінің тікелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын тексеру;
қарсы - тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік органдарда үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттігі туындаған жағдайда осы тұлғаларға қатысты жүргізілетін тексеру;
рейдтік - көлік жүрісі қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі немесе жеке және заңды тұлғалардың нормативтік құқықтық актілер талаптарын сақтауы нысанасында тексеру.
Тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде тексеру жүргізіліп, оның нәтижелері тексеру жүргізу туралы актімен, қажет болғанда анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама берумен ресімделеді.
2. Тексеру жүргізу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының және көлік кәсіпорнының қызметін тоқтатпауға тиіс.
Уәкілетті орган заңды тұлғаның өзін тексеруді жүргізуге қарамастан, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерін тексеруге құқылы.
88-3-бап. Тексеру жүргізу мерзімдерi
1. Тексеру жүргізу мерзімі акті тапсырылған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
2. Құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлғаны тексеруді жүргізу кезінде уәкілетті орган тексеру жүргізу мерзімін күнтізбелік он күнге дейін ұзартуы мүмкін.
3. Арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған ерекше жағдайларда, сондай-ақ тексеру көлемі ауқымды болуына байланысты мемлекеттік органның басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргізу мерзімін құрылымдық бөлімшесі жоқ заңды тұлғалар үшін күнтізбелік жиырма күнге дейін және құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлғалар үшін күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін.
4. Тексеру жүргізу мерзімін мемлекеттік орган тасымалдаушыға уәкілетті органның құжаттарды ұсыну туралы талаптарын табыс ету мен тасымалдаушының тексеру жүргізу кезінде сұратылған құжаттарды ұсыну кездері аралығындағы уақыт кезеңінде, сондай-ақ уәкілетті органның сауалы бойынша мәліметтер мен құжаттар алу кезінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ете отырып, тексеру жүргізу мерзімін тоқтата тұру немесе жаңғырту туралы акті шығару арқылы тоқтата тұрады немесе жаңғыртады.
5. Темір жол саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілері, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жылына бір реттен жиі болмайтындай етіп тексерілуге тиіс.
88-4-бап. Уәкілетті органның құқықтары
Уәкілетті орган алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін:
1) жеке және заңды тұлғалардан уәкілетті органның құзыретіне кіретін барлық мәселелер бойынша қажетті ақпараттар, материалдар, анықтамалық деректер сұратуға;
2) темір жол көлігінде тасымалдау және басқа да қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың қызметін олардың:
темір жол желісінің станциялық және магистралдық жолдар мен темір жолдағы кірме жолдарды күтіп-ұстауды;
жылжымалы құрамды күтіп-ұстауды, пайдалануды және жөндеуді;
жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдаудың белгіленген ережелерін, сондай-ақ жүктерді тасымалдау ережелерін;
темір жол көлігінде жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техникалық құралдарды күтіп-ұстауды, пайдалануды және жөндеуді;
жасанды құрылыстарды, сондай-ақ темір жол өткелдерін күтіп-ұстауды, пайдалануды және жөндеуді сақтау бөлігінде тексеруге;
3) 2007.27.07. № 316-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) өз құзыреті шегінде тексеру нәтижелері бойынша акті жасауға және көліктің жұмыс істеу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, стандарттардың және нормалардың талаптарын бұзушылық анықталғанда оларды жою туралы нұсқамалар енгізуге;
5) хаттамалар толтыруға, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда жеке тұлғаны әкімшілік ұстауды, көлік құралын ұстап-кідіртуді жүзеге асыруға, жеке тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүретін заттарын тексеріп қарауды, көлік құралдарын тексеріп қарауды жүргізуге;
7) өз құзыреті шегінде заңды тұлғаға тиесілі аумақты, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлікті қарап шығуға, сондай-ақ тиісті құжаттарды тексеруге;
8) уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартуға;
9) мемлекеттік органдарға көлік оқиғаларының, көлікті пайдалану ережелерін бұзушылықтың алдын алу жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар енгізуге;
10) жүру қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғаудың белгіленген талаптарына жай-күйі сай келмейтін магистралдық темір жол желісінің, темір жолдар мен жылжымалы құрамның объектілерін, сондай-ақ жолаушыларды, жүктерді және қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде пайдалануды тоқтата тұруға және тоқтатуға құқылы.
88-5-бап. Актілердің нысандары
Тексеру жүргізуге, жүргізілген тексеру нәтижелерін ресімдеуге арналған актілердің, жүру қауіпсіздігін бұзушылық жағдайларын есепке алу жөніндегі қажетті есеп құжаттарының, анықталған бұзушылықты жоюға нұсқамалардың нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
11-тарау. Актілер, кінә қою, талап қою
89-бап. Кiнә қоюдың шарттары мен тәртібі
1. Тасымалдаушыға тасымалдау шартынан туындайтын кiнә қоюға жолаушының, жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының) құқығы бар.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Өтiнiш берушiнiң кiнә қоюға құқығы бар екендiгiн куәландыратын құжаттар жүк тасымалдау ережелерiне сәйкес, кінә қоюға қоса тiркелуге тиiс.
3. Кiнә қоюға өтiнiш берушiнiң талаптарын растайтын мына құжаттар түпнұсқа түрiнде қоса тiркелуге тиiс:
1) жолаушылар поезының жөнелтiлуi кiдiртiлген немесе ол кешiгiп келген жағдайда - жол жүру құжаты (билет);
2) багажды, жүк-багажды жоғалтқан, жеткiзiп беру мерзiмiн бұзған жағдайда - багаждың, жүк-багаждың квитанциясы;
3) багаж, жүк-багаж жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) жағдайда - багаж, жүк-багаж квитанциясы мен коммерциялық акт;
4) жүк жоғалған жағдайда - жүк квитанциясы;
5) жүк жетiспеген, бұзылған (бүлiнген), жүктi беру кешiктiрiлген жағдайда - темір жол көлiгi жүкқұжаты, сондай-ақ коммерциялық акт;
6) жүктi жеткiзiп беру мерзiмдерi бұзылған жағдайда - темір жол көлiгi жүкқұжаты.
4. Жүктiң жоғалуына, жетiспеуiне немесе бұзылуына (бүлiнуiне) қатысты кiнә қоюға осы баптың 3-тармағында аталған құжаттардан басқа меншiк құқығын және жүктiң құнын растайтын құжаттар қоса берiлуi тиiс.
90-бап. Кiнә қоюдың мерзiмдерi
1. Тасымалдау шартынан туындайтын кiнәнi тасымалдаушыға талап қою мерзiмi iшiнде қоюға болады.
Кiнә қою мерзiмдерi мыналарға қатысты:
1) багаждың, жүктiң, жүк-багаждың жоғалғаны үшiн шығынды өтеуге жеткiзiп беру мерзiмi аяқталғаннан жетi тәулiк өткеннен кейiн;
2) багаждың, жүктiң, жүк-багаждың жетiспеушiлiгi, бұзылғаны (бүлiнгенi), жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кеткенi үшiн шығынды өтеуге берiлген күннен бастап;
3) багаж, жүк, жүк-багаж тасымалына артық төленген тасымал төлемдерiн қайтаруға - берiлген күннен бастап;
4) багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi өтiп кетуiне берiлген күннен бастап;
5) жүк тасымалына қабылданған өтiнiмдi орындамағаны үшiн айыппұл өндiрiп алуға - өтiнiмдi орындау үшiн тасымалдау ережелерiнде белгiленген мерзiм аяқталған соң есептеледi.
Өзге жағдайларда - талап қоюға негiз болған оқиға туындаған күннен бастап есептеледi.
2. Тасымалдаушы, егер кiнә қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн дәлелдi деп таныса, қойылған кiнәнi белгiленген мерзiм өткеннен кейiн де қарауға құқығы бар.
91-бап. Кiнә қоюды қараудың тәртібі мен мерзiмдерi
1. Кiнә қою ол алынған күннен бастап бiр ай мерзiмде қаралуға тиiс.
2. Кiнә қоюды тасымалдаушы толығымен немесе iшiнара қанағаттандыруы немесе қабылдамай тастауы мүмкiн. Тасымалдаушы кiнә қоюды қараудың нәтижесi туралы өтiнiш берушiге жазбаша түрде хабарлайды.
3. Өтiнiш берушiнiң талабын iшiнара қанағаттандырған немесе қабылдамай тастаған жағдайда тасымалдаушының хабарламасында қабылданған шешiмiнiң негiздемесi көрсетіліп, тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерге сiлтеме жасалуға тиiс. Хабарлама өтiнiш берушiге кiнә қоюға қоса тiркелген құжаттармен бiрге жiберiледi.
92-бап. Актiлер
1. Тасымалдарды жүзеге асырған кезде тасымалдаушының, жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының), экспедитордың немесе жолаушының мүлiктiк жауапкершiлiгi үшiн негiз болатын мән-жайлар коммерциялық актiлермен немесе жалпы нысандағы актiлермен куәландырылады. Коммерциялық актiнiң және жалпы нысандағы актiнiң нысандары, сондай-ақ оларды жасау ережелерi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
2. Тасымалдаушы багажды, жүктi, жүк-багажды берген кезде мына мән-жайларды:
1) нақты атауының, сондай-ақ салмағы мен орын санының тасымалдау құжаттарында көрсетiлген деректерге сәйкес келмеуiн;
2) бұзылуын (бүлiнуiн);
3) тасымалдау құжаты жоқ багажды, жүктi не жүк-багажды немесе багажсыз, жүксiз не жүк-багажсыз тасымалдау құжатын тапқанын;
4) тасымалдаушыға ұрланған багажды, жүктi немесе жүк-багажды қайтарғанын;
5) жүк беру туралы құжаттарды ресiмдегеннен кейiн жиырма төрт сағат iшiнде тасымалдаушының түсiретiн (жүктен босататын) орынға жүктi бермегенiн куәландыру үшiн коммерциялық акт жасауға мiндеттi. Бұл жағдайда коммерциялық акт жүк алушының талабы бойынша ғана жасалады;
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) багажды, жүктi немесе жүк-багажды өткізуге бергенiн куәландыру үшiн коммерциялық акт жасауға мiндеттi.
Тасымалдаушы тасымалдау құжаттарына коммерциялық акт жасалғандығы туралы белгi соғуға мiндеттi.