2. Жүк жөнелтушiнiң тез бүлiнетiн жүкке қалай иелiк ету жөніндегі нұсқауы болмаған, жүктi сақтау оның бұзылуына әкелiп соғуы мүмкiн болатын жағдайда тасымалдаушының оны сатуға құқығы бар.
Тез бүлiнетiн жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi барлық төлемдердi шегергеннен кейiн жүк жөнелтушi үшiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.
3. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын алған кезге дейiн жүктi жүк алушыға беруге құқылы.
4. Жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмде алмаған жағдайда тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға құқылы.
54-бап. Жүктiң тиiстi емес жүк алушының атына келуi
1. Жүк алушының атына берiлуi шартта көзделмеген жүк келген, сондай-ақ атауы темір жол көлiгі жүкқұжатында көрсетілген атауға сәйкес келмейтiн жүк келген жағдайда:
1) жүк алушы жүктiң келгенi жөнiнде хабарлама алған кезден бастап бiр тәулiк iшiнде тасымалдау шарты бойынша өзiнiң тиiстi тарап еместiгi туралы тасымалдаушыға жазбаша хабарлама жiберуге мiндеттi;
2) тасымалдаушы жүк жөнелтушiнi жүкке иелiк ету қажеттiгi туралы дереу хабардар етуге мiндеттi, ал жүк жөнелтушi төрт тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) iшiнде жүкке иелiк ету туралы жазбаша нұсқау беруге мiндеттi.
2. Темір жол жүкқұжатында көрсетiлген жүк алушы тасымалдаушыға тиiстi барлық төлемдердi төлеген жағдайда, оның жүктi алуға құқығы бар.
3. Жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмде алмаған жағдайда, тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi осы Заңның 53-бабының 2-тармағына сәйкес сатуға құқылы.
55-бап. Жүк тасымалдауға кедергiлер
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жүктi тасымалдауға кедергiлер туындағаны (кеден және өзге де мемлекеттік органдардың кiдiртуi) және мұндай жүктi одан әрi тасымалдау үшiн басқа тасымалдаушыларға тапсыру мүмкiн еместiгi туралы жасалған шартқа сәйкес, дереу телеграф арқылы немесе өзге тәсiлмен жүк жөнелтушінi немесе экспедиторды хабардар етуге мiндеттi. Жүк жөнелтушi, сондай-ақ экспедитор, егер шартта оған осындай мiндеттемелер жүктелген болса, жүк тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Тасымалдаушы үшiн белгiленген жүктi жеткiзiп беру мерзiмдерi жүк жөнелтушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жүктi кiдiрткен уақытқа ұзартылады.
3. Экспорттық және импорттық жүктi кiдiрткен уақыты үшiн кiнәлi тұлға тасымалдаушыға - вагондар мен контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақы, ал транзиттiк жүктi кiдiрткен уақыты үшiн Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген мөлшерде ақы төлейдi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 4-тармақ толықтырылды
4. Жүк жөнелтушi немесе жүк алушы тасымалдаушыдан хабарлама алған кезден бастап сегiз тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - төрт тәулiк) iшiнде кідіртілген жүктерге қатысты шара қолданбаған жағдайда, тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi осы Заңның 53-бабының 2-тармағына сәйкес сатуға құқылы.
8-тарау. Кірме жолдар
56-бап. Кiрме жолдарды пайдалану шарттары
1. Кiрме жолдар, олардың құрылыстары мен құрылғылары құрылыс нормалары мен ережелерiнiң талаптарына сай келуге, жылжымалы құрамды магистралдық жолдарда рұқсат етiлетiн техникалық жүктеме нормасымен өткізудi қамтамасыз етуге тиiс.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Кiрме жолдар, олардың құрылыстары мен құрылғылары жүктi ырғақты тиеудi, түсiрудi (жүктен босатуды), жүк айналымына сәйкес маневрлiк жұмысты, сондай-ақ жылжымалы құрамды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге тиiс.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 3-тармақ толықтырылды
3. Кiрме жолды оны салу немесе шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргiзу кезеңiнде пайдалану қысқа мерзiмдi шарт талаптарымен жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Кiрме жолдардағы қозғалысқа қызмет көрсету және оны ұйымдастыру тәртібі туралы нұсқаулықты тасымалдау ережелерiне сәйкес темір жол желісінiң операторы әзiрлеп, бекiтедi.
57-бап. Кiрме жолдардың жалғасуы
2007.27.07. № 316-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2008.29.12. № 116-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Кiрме жолдардың магистралдық және станциялық жолдарға жалғасуы оларға белгіленген тәртіппен табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жаңадан салынып жатқан кiрме жолдардың жұмыс iстеп тұрған кiрме жолдарға жалғасуына тармақ иеленушiнiң келісімiмен рұқсат берiледi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Жаңа салынып жатқан кiрме жолдар жалғасқан немесе пайдаланылып жүрген кiрме жолда тасымалдау көлемi ұлғайған жағдайда, кiрме жолдар, темір жол станцияларын салу, магистралдық темір жол желісінiң бұрыннан бар темір жол станцияларын дамыту құрылыс бастамашысының қаражаты есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 57-1-баппен толықтырылды
57-1-бап. Кiрме жолдар қызметтерiн көрсету
1. Тармақ иеленушiлер жылжымалы құрамды өткізу, оның тұруы, вагондарды, контейнерлердi беру-алып кету және кiргiзу-шығару үшiн, жүктердi қабылдау, тиеу (түсiру), беру жөніндегі операцияларды, маневрлiк жұмыстарды және өзге де операцияларды жүзеге асыру үшiн тасымалдау процесiне қатысушыларға кiрме жолдар қызметтерiн көрсету жөніндегі шарттың негiзiнде кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге құқылы.
2. Тармақ иеленушiлер кiрме жолдар қызметтерiн көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлем алады.
3. Тармақ иеленушiлер кiрме жолдар қызметтерiн көрсетудi тасымал процесiне қатысушылардың тең құқықпен пайдалануын қамтамасыз етуге мiндеттi.
58-бап. Кiрме жолдардағы жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексеру ерекшелiктерi
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Магистралдық темір жол желісінiң операторы кiрме жолдар бойынша қозғалыс қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын, сондай-ақ тиеу (түсiру) жөніндегі қызметтi жүзеге асыру және маневрлiк жұмыс кезiнде қауiпсiздiк талаптарының сақталуын тексеруге құқылы.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік көлiк бақылау органы, магистралдық темір жол желісінiң операторы кiрме жолдарда қозғалыс қауiпсiздiгiне, жылжымалы құрамның, контейнерлердiң, жүктiң сақталуына қатер төндiретiн ақаулар тапқан жағдайда, анықталған бұзушылықтар туралы акт жасайды.
Тармақ иеленушi аталған актiнiң негiзiнде кiрме жолдар қызметiн көрсетуді тоқтата тұруға мiндеттi.
Тармақ иеленушi анықталған бұзушылықтарды актiде көрсетiлген мерзiмдерде жоймаған жағдайда, магистралдық темір жол желісінiң операторы кiрме жолдарға жылжымалы құрамды берудi және оны алып кетудi тоқтатуға құқылы.
3. Анықталған жолсыздықтар актiде көрсетiлген мерзiмде жойылмаған жағдайда уәкiлеттi орган кiрме жолды одан әрi пайдалануды тоқтату туралы шешiм қабылдайды. Анықталған жолсыздықтар жойылғаннан кейiн уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде кiрме жолды қайтадан пайдалануға жол берiледi.
4. Кiрме жолдардағы жылжымалы құрамды және контейнерлердi беру мен алып кетудi, маневрлiк жұмыстарды тоқтата тұрудың әрбiр жағдайы туралы магистралдық темір жол желісінiң операторы немесе тасымалдаушы мемлекеттік көлiк бақылау органына жазбаша хабарлауға және кiрме жолдағы қауiпсiздiктiң бұзылуы туралы акт жасалған кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей осы актiнi жiберуге мiндеттi.
Аталған жағдайда тармақ иеленушi шарт бойынша, оның iшiнде контрагентпен жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн толық мүлiктiк жауаптылықта болады.
59-бап. Магистралдық темір жол желісі операторының өкiмдерiн кiрме жолдарда орындаудың мiндеттілігi
Кiрме жолдарда қызметтiк мiндеттерiн атқаратын қызметкерлер магистралдық темір жол желісі операторының маневрлiк жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерi жөніндегі өкімін орындауға мiндеттi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
60-бап. Кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге жасалатын шарттар
1. Тасымалдау процесiне қатысушылардың кiрме жолдар қызметтерiн көрсету жөніндегі өзара қатынастары шартпен айқындалады.
2. Тармақ иеленушi бiр жақты тәртiппен:
1) кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге жасалатын шарт талаптарын өзгертуге;
2) кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге жасалатын шартты бұзуға;
3) тасымалдау процесiне қатысушылар кiрме жолдар қызметтерiн көрсету шартын өздерi бұзған жағдайларды қоспағанда, олардың тең қол жеткізу принципiн бұзатын өзге де iс-әрекеттер жасауға құқылы емес.
61-бап. Келiспеушiлiктердi сотқа дейiн реттеу
Кiрме жолдарды пайдалануға, вагондарды беруге-алып кетуге шарт жасасу кезiнде туындаған дауларды, сондай-ақ оларды өзгерту мен толықтыру жөніндегі келiспеушiлiктердi сотқа дейiн реттеу тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.
62-бап. Кiрме жолдарда вагондар мен контейнерлердiң сақталуы үшiн жауапкершiлiк
Кiрме жолдарда жүктер мен жылжымалы құрамның сақталуына қабылдаушы тарап жауапты болады. Тармақ иеленушiнiң алдындағы контрагенттiң жауаптылығы тармақ иеленушiнiң тасымалдаушы алдында жауап беретiн ережелерi сияқты ережелермен белгiленедi.
63-бап. Вагондар мен контейнерлердiң кiрме жолдарда тұру уақытын есепке алу
Вагондар мен контейнерлердiң кiрме жолдарда тұру уақытын есепке алу тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады. Вагондар мен контейнерлердi кiрме жолдарда қабылдау орны және тәртібі шартпен белгiленедi.
9-тарау. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және
почта жөнелтілімдерiн тасымалдау
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
64-бап. Жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру
Халықаралық және облысаралық қатынастарда жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыруды Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайды.
Ауданаралық (қалааралық) және iшкi қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдаудың ұйымдастырылуын жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар немесе тасымалдаушы айқындайды.
65-бап. Жолаушыны, багажды және жүк-багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыны тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы оған жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес поезда орын берiп, оны баратын жерiне жеткізуге мiндеттенедi, ал жолаушы жол жүру ақысын төлеуге мiндеттi.
2. Багажды, жүк-багажды тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы багажды, жүк-багажды баратын жерiне жеткiзiп беруге, ал жөнелтушi оның тасымалдау ақысын төлеуге мiндеттi.
3. Жолаушыны тасымалдау шарты - жол жүру құжатымен (билетпен), багажды тасымалдау - багаж квитанциясымен, жүк-багажды тасымалдау жүк-багаж квитанциясымен ресiмделедi.
4. Тасымалдаушы жолаушы айтқан, баратын станцияға дейiн жол жүру құжатының (билеттiң) сатылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Жолаушыға жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес орын бермеген немесе тасымалдауды жалғастырудан бас тартқан тасымалдаушы өз есебiнен жолаушыны баратын жерiне жеткізуге немесе жолаушыға шартты тиiсiнше орындамаудан келтiрiлген барлық залалды өтеуге мiндеттi.
6. Жол жүру құжаттарының (билеттерiнiң) нысаны, оларды сату тәртібі мен қолданылу мерзiмдерi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 66-бап толықтырылды
66-бап. Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарын (билеттердi) сату, олардың қолданылу мерзiмiн ұзарту және билет кассаларының жұмысын ұйымдастыру;
2) жолаушылар вагонының санаты, оның iшiнде жайлылық деңгейi бойынша санаты;
3) жолаушыларға жолаушылар поездары мен вокзалдарда жедел медициналық көмек көрсетудi қоса алғанда, мiндеттi түрде көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi;
4) жолаушылардың жол жүру жағдайының өзгеру, поездарда төсекорын жабдықтарын беру және басқа қызметтер көрсету шарттары мен тәртібі;
5) жолаушының жол бойында аялдама жасауын (он күнге дейiн) ресiмдеудiң тәртібі;
6) қол жүгiн алып жүру тәртібі мен шарттары;
7) багажды, жүк-багажды қабылдаудың және берудiң талаптары мен тәртібі;
8) тасымалдау құжаттарының нысандары және оларды ресiмдеудiң тәртібі;
9) тасымалдауға рұқсат етiлетiн жануарлардың тiзбесi, оларды тасымалдаудың тәртібі мен талаптары;
10) жол бойында багаж бен жүк-багажды берудiң тәртібі;
11) багаж бен жүк-багажды қайта жөнелтудiң тәртібі мен талаптары;
12) багаж бен жүк-багажды сақтау, ұстап қалу, беру тәртібі;
13) қауiптi заттарды тасымалдаудың тәртібі;
14) пайдаланылмаған жол жүру құжаттары (билеттер) үшiн төлемдердi қайтару тәртібі;
15) кәмелетке толмаған жолаушылардың жол жүру ережелерi;
16) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес өзге де жағдайлар белгiленедi.
Тасымалдаушылардың жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерiн сақтауын бақылауды жүзеге асыру тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 66-1-баппен толықтырылды
66-1-бап. Тасымалдаушылардың жолаушылар, багаж және
жүк-багаж тасымалдау ережелерін сақтауын бақылауды
жүзеге асыру ережелерi
Тасымалдаушылардың уәкілетті орган белгілеген жолаушылар, багаж және жүк-багаж тасымалдау ережелерін сақтауын бақылауды жүзеге асыру ережелерінде:
1) жолаушылардың поездарда жол жүру ережелерін сақтауы;
2) қол жүгін және багажды алып жүру тәртібі мен шарттарын сақтау;
3) тасымалдаушылардың жүк-багажды алып жүру тәртібін сақтауы;
4) жол жүру құжаттарын (билеттерді) сату, олардың қолданылу мерзімін ұзарту және билет кассаларының жұмысын ұйымдастыру тәртібін сақтау;
5) тасымалдаушылардың жолаушылар вагонының белгіленген санатын, оның ішінде жайлылық деңгейі бойынша санатын сақтауы;
6) жолаушылар поездары мен вокзалдарда жолаушыларға шұғыл медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, міндетті түрде көрсетілетін қызметтер тізбесін сақтау;
7) жолаушының жол жүру жағдайының өзгеру, поездарда төсек-орын жабдықтарын беру және басқа қызметтер көрсету тәртібін сақтауы;
8) тасымалдаушылардың багажды, жүк-багажды қабылдау және беру шарттары мен тәртібін сақтауы;
9) тасымалдау құжаттарының белгіленген нысандарының және оларды ресімдеу тәртібінің сақталуы;
10) тасымалдаушылардың тасымалдауға рұқсат етілетін жануарларды алып жүру тәртібін, оларды тасымалдау шарттарын сақтауы;
11) тасымалдаушылардың жол бойында багажды және жүк-багажды беру тәртібін сақтауы;
12) тасымалдаушылардың багажды және жүк-багажды сақтау, ұстап қалу, беру тәртібін сақтауы;
13) тасымалдаушылардың қауіпті заттарды тасымалдау шарттарын сақтауы;
14) пайдаланылмаған жол жүру құжаттары үшін төлемдерді қайтару тәртібінің сақталуы;
15) кәмелетке толмаған балалардың жол жүру ережелерін сақтауы;
16) бақылаушы органның лауазымды адамдарының әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауы және олардың жолын кесу;
17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де шарттардың сақталуы айқындалады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 66-2-баппен толықтырылды
66-2-бап. Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау
ережелерін тексеруді жүргізудің тәртібi
1. Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерінің сақталуы бойынша тасымалдаушыларды тексеруді қызметтік куәліктерін және тексеру жүргізу үшін берілген нұсқаманы көрсете отырып, уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
2. Тексеру аяқталғаннан кейін тексеру актісі жасалады, бұзушылық анықталған жағдайда оларды жою туралы нұсқама беріледі.
67-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушының:
1) поездар жүретiн маршруттар бойынша жолаушылар операциялары үшiн ашық, өзi атаған баратын станциясына дейiн кез келген поезға және кез келген вагонға жол жүру құжатын (билет) сатып алуға;
2) сатып алған жол жүру құжатына (билетке) сәйкес поездағы вагоннан орын алуға;
3) өзiмен бiрге жетi жасқа дейiнгi бiр баланы, егер бала жеке орын алатын болмаса - ақысыз және жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларды жол жүру ақысының елу процентiн төлеп алып жүруге құқығы бар.
Басқа мемлекеттердiң жолаушы вагондарында және басқа мемлекеттердiң аумағы бойынша Қазақстан Республикасының жолаушы вагондарында тасымалдау кезiнде осы құқықты беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады;
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 4) тармақша толықтырылды
4) бiр толық жол жүру құжатына немесе баланың жол жүру құжатына салмағы отыз бес килограмнан аспайтын қол жүгiн өзiмен бiрге ақысыз алып жүруге құқығы бар.
Салмағы бұдан асатын қол жүгi багаж вагонына тапсырылуға тиiс;
5) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiп бойынша тасымалдаушыға жол жүру құжатын (билеттi) қайтарып тапсыруға және тасымалдаушыдан жол жүру және багажды алып жүру ақысын (ал жөнелтушi - багаж, жүк-багаж тасымалының ақысын) қайтарып алуға;
6) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн ұзартуға;
7) жол бойында аялдама жасап, тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жол жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн он күннен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
8) бос орындар болған және сатып алынған жол жүру құжатына (билетiне) өзгерістер енгiзген жағдайда, жол жүру құжаты (билет) сатып алынған поездан бұрын жүретiн жолаушы поезымен жүруге;
9) белгiленген ақысын төлеп, багажын тасымалдауға тапсыруға құқығы бар.
2. Жолаушы:
1) қала маңындағы қатынас поездарын қоспағанда, жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, поезға отырғызу кезiнде жол бойында жол жүру құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуге;
2) поезға отырғызған кезде және жол үстiнде сапар аяқталғанға дейiн оның жол жүру құжаты (билетi) болуы;
3) қоғамдық тәртiптi, жолаушы вагондарын және вокзал үй-жайларын пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
68-бап. Багажды және жүк-багажды тасымалдау
1. Тасымалдаушы жолаушыдан немесе жөнелтушiден багажды және жүк-багажды қабылдап алуға және осы операциялар үшiн ашық кез келген темір жол станциясына дейiн жөнелтуге мiндеттi.
Жөнелтушiнiң багажы, жүк-багажы таяу арада жүретiн багаж вагоны бар поезбен жөнелтiледi. Бұл орайда тасымалдаушы жолаушының багажын, жүк-багажын бiрiншi кезекте жөнелтудi қамтамасыз етуге мiндеттi. Жолаушының жол жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген маршрут бойынша жеткiзiлетiн багаж, жүк-багаж жолаушы отырған поезбен немесе таяу арада жүретiн багаж вагоны бар поезбен жөнелтiлуге тиiс.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Жолаушы (жөнелтушi) багажды тапсыру кезiнде оның құнын жариялауға құқылы, ал жүк-багажды тапсыру кезiнде оның құнын жариялауға мiндеттi.
3. Багажбен, жүк-багажбен тасымалдауға өзiнiң мөлшерiне, буып-түйiлуiне және қасиеттерiне қарай багаж вагонына қиындықсыз тиелiп, орналастырылатын және тасымалдаушының мүлкiне және басқа жолаушылардың (жөнелтушiлердiң) багажына, жүк-багажына зиян келтiрмейтiн заттар мен нәрселер қабылданады.
69-бап. Багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi
1. Багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi тасымалдауды жүзеге асыратын поездың қозғалыс кестесiне сәйкес баратын темір жол станциясына дейiн жүру уақытымен айқындалады.
Егер багажды, жүк-багажды тасымалдау жол жүру барысында ауыстырып тиеу арқылы жүзеге асырылса, онда жеткiзiп беру мерзiмi әрбiр ауыстырып тиеу үшiн бiр тәулiкке арттырылады.
2. Жолаушыға, алушыға багаж, жүк-багаж баратын станцияда багаж, жүк-багаж квитанциясын және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейiн берiледi.
3. Багажды, жүк-багажды беру жолаушылар тасымалы жөніндегі операциялар үшiн станция ашық болған уақыт iшiнде жүргiзiледi.
70-бап. Сақтаудың шектi мерзiмi аяқталуының салдары
1. Жолаушы, алушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды, жүк-багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы оны баратын станцияда, келген күнiнен бастап - отыз күн бойы, ал кедендiк бақылаудағы багаж бен жүк-багажды он бес күн бойы сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған сақтаудың шектi мерзiмi аяқталысымен, тасымалдаушы багаж бен жүк-багажды уәкiлеттi мемлекеттік органдардың (салық, кеден және өзге де) билiгiне бередi. Осы кезден бастап жолаушы, жөнелтушi, алушы оларға құнын өтеу немесе багажды, жүк-багажды алу мәселесi бойынша өтiнiш жасауға құқылы.
3. Багаж, жүк-багаж (алып қойылған, тәркiленген, иесiз деп танылған) соттардың және басқа уәкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша сатылған жағдайда тасымалдаушының тасымалдау мен сақтауға байланысты шеккен шығыстары сот шешiмдерiн және басқа уәкiлеттi органдардың шешімдерін орындауға құзыретті тұлғалардың атқарушылық іс-әрекеттерін жүзеге асыру жөніндегі шығыстары ретінде өтеледі.
71-бап. ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 72-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
72-бап. Почта жөнелтілімдерiн тасымалдау
Почта жөнелтілімдерiн тасымалдау Қазақстан Республикасының почта туралы заңдарында белгiленген тәртiппен почта вагондарымен жүзеге асырылады.
10-тарау. Тасымалдаудан туындайтын міндеттемелер
бойынша жауапкершілік
73-бап. Тасымалдау жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-тармақ толықтырылды
1. Тасымалдаудан туындайтын мiндеттемелердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және темір жол көлiгi саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ осылардың негiзiнде жасалған шарттарда белгiленген негiздер бойынша және мөлшерде жауапты болады.
Мiндеттеменi бұзған тарапты жауапқа тарту, құқығы бұзылған тараптың талап етуi бойынша ғана жүргiзiледi.
2. Тараптардың осы Заңда белгiленген жауапкершiлiктi шектеу немесе жою мақсатындағы келісімдерi жарамсыз болып табылады.
Тараптар өзара келісім бойынша жауапкершiлiк мөлшерiн ұлғайта алады, сондай-ақ тасымалдау шарты бойынша қосымша жауапкершiлiк көздей алады.
3. Тасымалдау жөніндегі мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тасымалдаушылардың өзара жауапкершiлiктерi осы Заңда, жүктердi, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ тасымалдаушылар арасындағы шарттарда белгiленедi.
4. Тасымалды бiрнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда олар жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының) алдында багаждың, жүктiң, жүк-багаждың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi, бұзылғаны (бүлiнгенi), жеткiзiп беру мерзiмiн өткiзiп жiбергенi үшiн ортақ жауапкершiлiкте болады.
5. Егер тасымалдаушы басқа тасымалдаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, тармақ иеленушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жауапқа тартылса, оның кiнәлiлерге керi талап қоюға құқығы бар.
74-бап. Тұрақсыздық айыбы
1. Жүк тасымалы бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн кiнәлi тарап Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда немесе шартта белгiленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.
2. Тасымалдаушыға тиiстi төлемдi мерзiмiн өткiзiп төлегенi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде бөтен адамдардың ақша қаражатын заңсыз пайдаланғаны үшiн белгiленген жауапкершiлiк мөлшерiнде тұрақсыздық айыбы алынады.
3. Тараптардың өзге шарттары болмаған ретте төлем жасалған сомадан, ең алдымен - тұрақсыздық айыбының сомасы, ал қалған бөлiгiнен борыштың негiзгi сомасы өтеледi.
75-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тасымалдаушы жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
Жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрген зиян үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi жолаушының поезда отырған және вокзал аумағында поезға отырғызу (одан түсiру) кезiнде туындайды.
76-бап. Тасымалдаушының багажды, жүктi, жүк-багажды жоғалтқаны, олардың жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi, багажды, жүк-багажды тасымалдауға алған кезден бастап жүк алушыға, алушыға берген кезге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Багажды, жүктi, жүк-багажды жоғалтқаны, оның жетiспеуi, бұзылуы (бүлiнуi) үшiн мүлiктiк жауапкершiлiк оларды қабылдаған - тапсырған кезден бастап ауысады.
3. Тасымалдауға құндылығы жарияланбай қабылданған жүктi жоғалтқаны, оның жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн тасымалдаушы мына мөлшерде:
1) жоғалтқан немесе жетiспеген жағдайда - жоғалған немесе жетiспеген жүктiң құны мөлшерiнде;
2) бұзылған (бүлiнген) жағдайда - жүктiң құны төмендеген сома мөлшерiнде жауапты болады.
Жүктiң құны сатушының шотында, шартта көрсетiлген баға негiзге алынып, ал ол болмаған кезде салыстырмалы жағдайларда осыған ұқсас тауарлар үшiн алынатын баға негiзге алынып анықталады.
4. Тасымалдауға құндылығы жарияланып тапсырылған багаж бен жүк-багажды, сондай-ақ жүктi жоғалтқаны, олардың жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн тасымалдаушы жарияланған құндылығы мөлшерiнде жауапты болады.