5. Жер қойнауының мониторингі мемлекеттік жер қойнауы қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету және олардың өзгерістерін уақтылы анықтау, теріс процестерді бағалау, олардың алдын алу және салдарларын жою үшін жер қойнауының жай-күйіне бақылау жасау жүйесі болып табылады. Жер қойнауы мониторингінің деректері Мемлекеттік жер қойнауы кадастрында қорытылады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мониторингі - табиғи процестердің қалыпты өтуі мен қоршаған ортаның жай-күйіндегі өзгерістердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелеріне әсерін зерттеу үшін бақылау жасау жүйесі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мониторингінің деректері Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрында қорытылады.
7. Таулы экожүйелер мен шөлейттену мониторингі - шөлейттену мен оның зардаптарына және таулы экожүйелердің жай-күйіне бақылау жасау.
8. Орман мониторингі орман қорын күзету, қорғау және ормандарды молықтыру, орман қорын пайдалану, биологиялық әралуандықты және ормандардың экологиялық функцияларын сақтау саласындағы мемлекеттік басқару мақсатында орман қорының жай-күйі мен серпінін бақылау, бағалау және болжау жүйесін білдіреді. Орман мониторингінің деректері Мемлекеттік орман кадастрында қорытылады.
9. Жануарлар дүниесінің мониторингі жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру мен пайдалану және биологиялық әралуандықты сақтау саласындағы мемлекеттік басқару мақсатында жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі мен динамикасын бақылау, бағалау және болжау жүйесі болып табылады. Жануарлар дүниесі мониторингінің деректері Жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастрында қорытылады.
10. Өсімдіктер дүниесінің мониторингі өсімдіктер дүниесін зерттеу, қорғау, молықтыру және тұрақты пайдалану мақсатында олардың объектілері жай-күйінің бағалануын бақылау жүйесін білдіреді.
143-бап. Мониторингтің арнайы түрлерi
1. Мониторингтің арнайы түрлеріне:
1) әскери-сынақ полигондарының мониторингі;
2) "Байқоңыр" зымыран-ғарыш кешенінің мониторингі;
3) парниктік газдардың және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мониторингі;
4) санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг;
5) климаттың және Жердің озон қабатының мониторингі;
6) төтенше экологиялық жағдайлар және экологиялық зілзала аймағының мониторингі;
7) ғарыштық мониторинг жатады.
2. Әскери-сынақ полигондарының мониторингі - әскери, оның ішінде зымырандық техниканы сынақтан өткізуден, жабық және қолданыстағы полигондар аумақтарында бейбіт мақсаттарда ядролық жарылыстар жасаудан туындайтын қоршаған ортаның ластануына бақылау жасау жүйесі.
3. "Байқоңыр" зымыран-ғарыш кешенінің мониторингі - "Байқоңыр" кешенінің зымыран-ғарыш қызметі әсер еткен аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жасау жүйесі.
4. Парниктік газдардың және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мониторингі - парниктік газдардың атмосфераға шығарылатын шығарындыларын және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуды және олардың көздеріне бақылау жасау және есепке алу жүйесі.
5. Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг - халықтың денсаулығы мен тіршілік ету ортасының жай-күйіне, оларды талдаудың, бағалаудың және болжаудың, сондай-ақ халықтың денсаулығы жай-күйі мен тіршілік ету ортасы факторларының әсері арасындағы себеп-салдар байланыстарын айқындаудың мемлекеттік бақылау жасау жүйесі. Мониторингті халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
6. Климаттың және Жердің озон қабатының мониторингі - климаттың өзгерістері мен Жердің озон қабатының динамикасына, олардың жай-күйін кешенді бағалау мен болжауға бақылау жасау.
7. Төтенше экологиялық жағдайлар және экологиялық зілзала аймағының мониторингі - төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарының аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жасау жүйесі.
8. Ғарыштық мониторинг - ғарыштық орналастыру және дистанциялық тексеріп көрудің бақылау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жасау жүйесі, оның жұмыс істеуін ұйымдастыруды аэроғарыштық қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
9. Осы баптың 2-4, 6, 7-тармақтарында аталған мониторинг түрлерінің жүргізілуін ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
144-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деңгейлері мен байқау желілерi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің мониторингін жүргізу мынадай үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті (өндірістік мониторинг және елді мекендердің нақты учаскелерінің, су тоғандары мен өзендердің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мониторингі);
2) өңірлік (өңірлердің физикалық-географиялық және экономикалық ерекшеліктерін, экологиялық тұрғыдан ауыртпалықты аймақтардың бар-жоғын және қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстардың пайдаланылуына әсер ететін табиғи және техногендік факторлар кешенін ескере отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер шегіндегі мониторинг);
3) республикалық (қажет болған кезде жалпы мемлекеттік мәні бар ірі өңірлер мен жекелеген объектілерді бөліп көрсете отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын мониторинг).
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, сондай-ақ талдау үшін сынамаларды іріктеу арнайы құрылған мемлекеттік, аумақтық және жекеменшік бақылау желілерінің пункттерінде жүзеге асырылады. Іріктеліп алынған сынамалардағы ластаушы заттардың құрамын талдау аккредиттелген талдамалық зертханаларда жүзеге асырылады.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің шеңберінде бақылау желілерін құру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
145-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеу негіздерi
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі:
1) ғылыми зерттеулер ұйымдастыру мен жүргізу, Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі үшін қажетті және жеткілікті әдістемелік база;
2) қоршаған ортаның жай-күйін айқындайтын нормативтерді, оған антропогендік әсер ететін нормаларды, қоршаған ортаның жай-күйін бағалау мен болжау, табиғат қорғау қызметінде басқарушылық шешімдерді шығару және қабылдау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін негіз болып табылатын экологиялық қауіпсіздік нормаларын әзірлеу және белгілеу;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің, оның құрылымдық бөлімшелері мен элементтерін құру және жұмысын ұйымдастыру үшін қажетті талаптарды, ережелер мен рәсімдерді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және қолданысқа енгізу;
4) бақылаудың салыстырмалы нәтижелерін алуға мүмкіндік беретін әдістемелік құжаттарды әзірлеуді және енгізуді ұйымдастыру;
5) ақпараттық жүйелердің құрылымдарын, деректер базасының жүйелерін, жіктеуіштерді, деректер сөздіктерін және құжаттардың біріздендірілген нысандарын әзірлеу;
6) техникалық қамтамасыз ету;
7) талдамалық зертханаларды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін басқа да бөлімшелерді аккредиттеуді ұйымдастыру негізінде жұмыс істейді.
146-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қаржыландыру
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылады.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қаржыландыру:
1) мониторингтің республикалық деңгейін жасауға және оның жұмыс істеуіне қолдау көрсетуге;
2) мониторингтің және оның кіші жүйелерінің жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету, республикалық (мемлекеттік және салалық) нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламалар арқылы мониторингтің нысаналы бағдарламаларын орындау үшін ғылыми-техникалық өнімді жасауға;
3) мониторингтің аумақтық деңгейін жасауға және оның жұмыс істеуіне қолдау көрсетуге, оны дамыту мүддесі үшін ғылыми-техникалық өнімді жасауға арналып көзделеді.
17-тарау. Қоршаған ортаның ластану учаскелерін мемлекеттік
есепке алу
147-бап. Қоршаған ортаның ластану учаскелерін есепке алуды жүргізудің міндеттері мен принциптерi
1. Қоршаған ортаның ластану учаскелері мен объектілерін мемлекеттік есепке алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген нормативтерден жоғары деңгейде зиянды, оның ішінде шығу тегі табиғи заттармен ластанған қоршаған орта учаскелері мен объектілерін сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштерді жүйелі түрде айқындау мен бекіту болып табылады.
2. Қоршаған ортаның ластану учаскелерін мемлекеттік есепке алудың деректері олардың адам өмірі мен денсаулығы үшін өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздігінің, зерделенуінің, пайдаланылуының және рекультивациялануының дәрежесін сипаттайды.
3. Қоршаған ортаның ластану учаскелерін мемлекеттік есепке алуды арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырысы бойынша табиғат пайдаланушылар және қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингін жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын деректердің негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
148-бап. Қоршаған ортаның ластану учаскелерін есепке алуды жүргізудің тәртібі және олардың тізілімдерi
1. Қоршаған ортаның ластану учаскелерінің мемлекеттік тізілімі ластану учаскелерінің түрлері мен шығу көздері, олардағы ластаушы заттардың көлемі мен шоғырлану көлемі, ластану учаскелерінің тиесілігі және оларды жою жөніндегі шаралар туралы деректер жинақталатын деректер банкі болып табылады.
2. Қоршаған ортаның ластану учаскелерінің мемлекеттік тізілімі орталық және аумақтық тізілімдерден тұрады. Мемлекеттік тізілімнің жүргізілуін ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Қоршаған ортаның ластану учаскелерінің мемлекеттік тізілімі бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
18-тарау. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары
149-бап. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрларының бірыңғай жүйесi
1. Қазақстан Республикасының табиғи ресурстары мемлекеттік кадастрларының бірыңғай жүйесі (бұдан әрі - Кадастрлардың бірыңғай жүйесі) Қазақстан Республикасының табиғи және экономикалық әлеуетінің бірыңғай жалпы мемлекеттік кешенді есебін жүргізу мен бағалауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының табиғи ресурстары мемлекеттік кадастрларының барлық түрлерін біріктіретін салааралық ақпараттық жүйе ретінде құрылады және жүргізіледі.
2. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен табиғи ресурстардың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы ақпараттың жүйелендірілген жиынтығы болып табылады.
3. Қоршаған ортаның құрамдас бөліктері: жер, су, орман, топырақ, жер қойнауы, өзара байланыста болатын жануарлар мен өсімдіктер дүниесі Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің объектілері болып табылады.
4. Кадастрлардың бірыңғай жүйесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғи ресурстардың жай-күйі мен оларды пайдалану есебі деректерінің негізінде табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізеді.
5. Табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары жүйесінде географиялық байланысы мен ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетіле отырып, әрбір есепке алынған кадастрлық объектіге оның жай-күйі туралы цифрлы түрдегі құжаттамалық мәліметтер қамтылады.
6. Кадастрлардың бірыңғай жүйесін жүргізудің негізгі принциптері:
1) кадастрлық ақпаратты өңдеу мен ұсыну технологиясының біртұтастығы;
2) автоматтандырылған ақпараттық технологияларды қолдану;
3) ақпаратты толықтыру мен жаңартудың объективтілігі болып табылады.
150-бап. Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің құрылымы мен мазмұны
Кадастрлардың бірыңғай жүйесінің құрылымын мына есепке алу объектілері құрайды, олар бойынша мониторингті мына арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады:
1) мемлекеттік жер кадастры бойынша - жер ресурстарын басқару саласындағы орталық уәкілетті орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
2) мемлекеттік су кадастры бойынша (жер үсті және жер асты су көздері, су ресурстарын пайдалану) - қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану мен қорғау, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - өзендер бассейні және әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
3) мемлекеттік орман кадастры бойынша - орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
4) кен орындарының және пайдалы қазбалар көріністерінің, техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастры бойынша - жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры бойынша - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде;
6) жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастры бойынша - жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - жалпы республика бойынша, ал оның аумақтық органдары - әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде.
151-бап. Ақпарат беру
1. Табиғи ресурстардың кадастрлары шеңберінде алынған объектілерді есепке алу мен тіркеудің нәтижелерін арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтеусіз береді.
2. Кадастрлардың бірыңғай жүйесіне енгізілген объект туралы деректерде:
1) арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен статистикалық нысандардың мәліметтері, есептік материалдар, объект паспорты;
2) объектілердің кеңістіктегі жағдайы туралы картографиялық материал және аумақтарды кешенді бағалау үшін қажетті басқа да деректер қамтылуға тиіс.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың кадастрларында қамтылатын ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
19-тарау. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік
Кадастры
152-бап. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастры
1. Өндіріс пен тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастры (бұдан әрі - Қалдықтардың мемлекеттік кадастры) қалдықтарды орналастырудың әрбір объектісі (олардың кеңістіктегі орналасуын көрсете отырып) бойынша геоақпараттық жүйелер, сондай-ақ қалдықтардың түрлері, олардың шығу көздері мен физикалық-химиялық қасиеттері (халыққа және қоршаған ортаға қауіптілігі ескеріле отырып), компоненттік құрамы, сандық және сапалық көрсеткіштері, оларды сақтаудың, көму мен тастаудың техникалық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттары, оларды пайдалану мен залалсыздандыру технологиялары негізінде жүйелендірілген, кезеңділікпен толықтырылатын және нақтыланатын бірегей мәліметтер жиынтығы болып табылады.
2. Барлық қалдық түрлері және қалдықтарды орналастыру объектілері Қалдықтардың мемлекеттік кадастрында есепке алынуға тиіс.
153-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрының мақсаттары мен міндеттерi
1. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауға қатысты технологиялық, экономикалық, құқықтық және басқа да шешімдерді бағалау, болжау, әзірлеу үшін ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ қалдықтардың жалпы мемлекеттік кешенді есебін жүргізу мақсатында жүргізіледі.
2. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізудің негізгі міндеті жалпы мемлекеттік, өңірлік және салалық ақпараттық-сараптамалық жүйелерді және деректер банкін қалдықтар, оларды өңдеудің қасиеттері мен технологиялары бойынша ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
154-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу
1. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мына құжаттаманы:
1) қауіпті қалдықтардың паспортын;
2) қалдықтарды түгендеу материалдарын;
3) нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қауіпті қалдықтар бойынша есептерді;
4) мыналарды:
облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының қалдықтарды жинақтауға және жоюға арналған жер учаскесін бөлу туралы шешімін;
жер учаскесі орналасқан жер бойынша өздерінің құзыреті шеңберінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері растаған, жер учаскесінің шекараларын белгілеу және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың берілгені туралы анықтаманы;
қалдықтарды орналастыру объектілерін құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін;
қалдықтарды орналастыру объектілерін құруға арналған мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар мен Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындыларын қамтитын, қалдықтарды орналастыру объектісі бойынша кадастр ісін ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында аталған құжаттама есеп беру жылынан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейінгі жағдай бойынша жыл сайын электрондық және қағаз жеткізгіштермен беріледі.
Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында аталған құжаттама оны өзгерткен жағдайда қайта ұсынылады.
155-бап. Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу нәтижелері туралы ақпарат
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу нәтижелері бойынша жыл сайын ақпараттық шолу жасайды.
2. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік тілде және орыс тілінде жеке безендірілген кітап түрінде қағаз жеткізгіште бес жылда бір рет мерзімділікпен басып шығарылады.
20-тарау. Зиянды зaттapды, радиоактивті қалдықтарды көму
мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттік
кадастры
156-бап. Зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттік кадастры
1. Зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың мемлекеттік кадастрын (бұдан әрі - Көмудің мемлекеттік кадастры) жүргізу - Қазақстан Республикасының аумағында зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызу объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін міндетті болып табылады.
2. Көмудің мемлекеттік кадастрын жедел ақпарат алу, қоршаған орта саласында шешім қабылдау, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жай-күйіне жоспарлы бақылау жасау мақсаттарында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
3. Көмудің мемлекеттік кадастрының деректері жер қойнауы туралы біртұтас цифрлы ақпараттар жүйесіне енгізіледі және жер қойнауы мемлекеттік мониторингінің құрамдас бөлігі болып табылады.
4. Көмудің мемлекеттік кадастрының есебіне зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін объектілер мен жер қойнауына сарқынды су ағызылатын жерлер жатады.
157-бап. Көмудің мемлекеттік кадастрының мазмұны
1. Көмудің мемлекеттік кадастрында көмілген заттардың және ағызылған сулардың сандық және сапалық көрсеткіштері, көму мен ағызудың тау-кен-техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жағдайлары көрсетілген үлгісі мен түрін сипаттайтын мәліметтер болады және:
1) зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін объектілер мен сарқынды су ағызылатын жерлердің жалпы сипаттамасын: орналасқан жерін, пайдалану кезеңін, ұстауға жұмсалатын шығынды, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі мен жер қойнауы мониторингін бақылау желісінің болуын және орналасуын;
2) зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар көмілетін объектілер мен сарқынды су ағызылатын жерлердің физикалық сипаттамасын: оқшаулану сипаттамасын, тау-кен жынысы типін, қабатты-коллектор жатқан жердің тереңдігі мен тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектік коэффициентін, төсеніштік және бөгесіндік су қысымының сипаттамасын, жер асты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, сарқынды сулардың сақталуы мен басқа да сандық және сапалық көрсеткіштерді;
3) зиянды заттардың, радиоактивті қалдықтардың, сарқынды сулардың сипаттамасын: өнімнің атауын, нәтижесінде өнім жасалатын технологиялық өндірістер немесе процестерді, физикалық сипаттамасын (толық химиялық құрамын, уытты компоненттерінің болуын, өрт шығу-жарылыс қауіптілігі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен сыйысымдылығы, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың активтілігі және басқа да сипаттамалар), тасымалдау жүйесінің сипаттамасын қамтиды.
2. Көмудің мемлекеттік кадастры қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, зиянды заттар, радиоактивті қалдықтар және жер қойнауына ағызылатын сарқынды сулар үшін жеке жүргізіледі.
158-бап. Көмудің мемлекеттік кадастрын жүргізу
1. Табиғат пайдаланушылар есеп беретін жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанының ішінде 1 қаңтарға дейінгі жағдай бойынша жыл сайын осы Кодекстің 157-бабының 1-тармағында аталған мәліметтердің екі данасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етеді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғат пайдаланушылардан түскен деректердің негізінде Көмудің мемлекеттік кадастрын жасайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Көмудің мемлекеттік кадастрын жүргізу кезінде:
1) табиғат пайдаланушылардан мәліметтердің уақтылы түсуін бақылауды;
2) материалдарды жинауды, олардың есебін, жүйеленуі мен сақталуын;
3) табиғат пайдаланушыларға анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету мақсатында есептеу техникасын пайдалану арқылы деректерді өңдеудің автоматтандырылған жүйесін жасауды және оның жұмыс істеуін;
4) Көмудің мемлекеттік кадастрын дұрыс ресімдеуді қамтамасыз етеді.
21-тарау. Экологиялық ақпарат
159-бап. Экологиялық ақпарат
1. Экологиялық ақпарат:
1) қоршаған ортаның және оның объектілерінің жай-күйі;
2) қоршаған ортаға әсер ету факторлары, оның ішінде оның ластануы туралы;
3) қоршаған ортаға әсер ететін немесе әсер ете алатын бағдарламалық, әкімшілік және өзге де шаралар;
4) экологиялық нормативтер мен шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар;
5) қоршаған ортаны қорғау жөнінде жоспарланатын және іске асырылатын іс-шаралар және оларды қаржыландыру;
6) қоршаған ортаға әсер ететін немесе әсер ете алатын қызмет, ол бойынша шешім қабылдау процесі және инспекторлық экологиялық тексерулер нәтижелері, оның ішінде бұл ретте қаралған қоршаған ортаға қатысты есептер, талдаулар мен өзге де мәліметтер;
7) қоршаған орта жай-күйінің халықтың денсаулығына, қауіпсіздігіне және тіршілік жағдайларына, мәдениет объектілеріне, ғимараттар мен құрылыстарға әсер етуі туралы мәліметтер мен деректерді қамтиды.
2. Экологиялық ақпарат жазбаша, электрондық, дыбыс бейнелі немесе өзге де нысанда көрсетілуі мүмкін.
160-бап. Мемлекеттік органдар мен өзге де заңды тұлғалардың экологиялық ақпаратты қалыптастыру және тарату жөніндегі қызметi
1. Мемлекеттік органдар мен өзге де заңды тұлғалардың экологиялық ақпаратты жинауы, есепке алуы, сақтауы және таратуы мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен орындау және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға құқығын іске асыру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органдар мен өзге де заңды тұлғалар міндетті түрде жинауға, есепке алуға және сақтауға тиіс экологиялық ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қоршаған ортаға айтарлықтай әсерін тигізуі мүмкін жоспарланатын және жүзеге асырылатын қызмет туралы, сондай-ақ қоршаған ортаға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретін табиғи және техногендік сипаттағы кез келген төтенше жағдайлар туралы мәліметтерді арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар міндетті түрде тексеруге және есепке алуға тиіс.