5) сулы жиектер болып табылмайтын және төмен жатқан сулы жиектермен гидравликалық байланысы жоқ геологиялық қабаттардың болуы;
6) опырылмалы тектониканың және қарқынды жарықшақтықтың болмауы, сейсмикалық қауіпті опырылуға дейінгі арақашықтықтың қырық километрден астам болуы;
7) төгінділер құрауға, шөгуге, құлауға өте төмен сезімталдықтың болуы;
8) эрозияның болмауы;
9) геоморфологиялық тұрақтылық;
10) іргетастың қатты және өте тығыз топырақты және тау жынысты болуы;
11) іргетастың мықтылығы он метрден асатын, су өтпейтін тау жынысты болуы;
12) жергілікті жердің бес проценттен аспайтын еңісті шағын қыратты болуы;
13) жақын жердегі жер асты және жер үсті суларының су жинау тоғанына дейінгі немесе жер үстіндегі су көздеріне дейінгі арақашықтықтың төрт шақырымнан алыс болуы;
14) жерді іс жүзінде пайдаланудың айтарлықтай экономикалық тиімділік бермеуі, сонымен қатар жерді әлеуетті пайдаланудың танылған бағасының жоқтығы;
15) төрт шақырым арақашықтықта мәдени және ұлттық мәні бар құндылықтардың жоқтығы;
16) бұл жердің туристік құндылығының жоқтығы және оған жақын маңдағы елді мекендер тұрғындары сирек келуі.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген шарттардың бірі сақталмаған кезде:
1) суды аз өткізетін және сорбцион-сыйымдылық материалдарынан (полиэтиленнен, бетоннан, керамикадан, саздан, цеолиттен) жасалған инженерлік кедергілер жасау;
2) жер үсті суларының, ызасулардың және жер асты суларының пункттерді айналып өтуін қамтамасыз ететін сорғының жүйелерін жасау жолымен қоршаған ортаны радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің зиянды әсерінен қорғау жөнінде немесе оны табиғи және техногендік факторлардан қорғау жөніндегі іс-шаралар әзірленуге тиіс.
10. Уранды және уранды емес тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардың активтілігі төмен қалдықтары үшін радиоактивті қалдықтарды аэрация аймағынан төмен және сорбцион-сыйымдылық қасиеттері неғұрлым жоғары (радионуклидтердің пункттен тыс таралу ықтималдығын болдырмайтын) басқа тау жыныстары арасында орналастыра отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазбалары пайдаланылуы мүмкін.
11. Уранды және уранды емес тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардың активтілігі орташа қалдықтары үшін де саздан, цеолиттен және радионуклидті сорбциондайтын басқа материалдардан жасалған техникалық кедергілерді қосымша орната отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазбалары пайдаланылуы мүмкін.
12. Су өткізбейтін жыныстардан немесе басқа материалдардан жасалған табиғи немесе жасанды төсеніш болған кезде рельефтегі табиғи ойпауыттар активтілігі төмен қатты және сұйық радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге орналастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
13. Сұйық қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Сұйық қалдықтар қоршаған ортадағы болбыр тау жыныстардың ылғалдылығына дейін сорғытылуға немесе қатайтылуға тиіс.
14. Активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін міндетті түрде күзету іс-шаралары мен белгі беру құралы, белсенділігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін белгі беру құралынсыз күзету іс-шаралары көзделеді.
15. Дозалық жүктеменің есебі және халықтың радиациялық қорғалуы жөніндегі тиімді шараларды әзірлеу халықтың тәуекелді топтары бойынша дозаның есебі негізінде жүзеге асырылады. Халықтың тәуекелді тобы халықтың осы тобына радиоактивті заттар жететін тәуекелді жолды талдау және анықтау негізінде айқындалады.
16. Жер үсті суларының, ызасулардың және жер асты суларының радиоактивті ластану есебі ерітінділердің сүзілуінің және ластанудың жылдамдығын, олардың таралу қабілеттерін және су сиятын тау жыныстарының сорбциондық мүмкіндіктерін айқындау үшін орындалатын арнайы гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу негізінде орындалады.
17. Қоршаған ортаға авариялық радиоактивті ластану әсерінен келтірілген залал рекультивациялау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қорғаныш шараларын орындауға арналған іс-шаралардың құны бойынша бағаланады.
45-тарау. Парниктік газдардың эмиссиясы мен сіңірілуі
саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
310-бап. Климатты және Жердің озон қабатын қорғаудың негізгі принциптері
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау мынадай принциптерге негізделеді:
1) климаттың өзгеруінің (жаһандық өзгеруді қоса алғанда) және Жердің озон қабатының тозуының орны толмас салдарларын болдырмау, бәсеңсіту;
2) атмосфераға парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды шығаруды мемлекеттік реттеудің міндеттілігі;
3) климаттың өзгеруі және Жердің озон қабатының тозуы туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және дұрыстығы;
4) климатты және Жердің озон қабатын қорғау әдісінің ғылыми негізділігі, жүйелілігі және кешенділігі.
311-бап. Климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы мемлекеттік басқару
Климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
312-бап. Климатты және Жердің озон қабатын қорғау бағдарламалары және оларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар парниктік газдардың атмосфераға шығарылуын және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын азайту жөніндегі іс-шараларды, парниктік газдар шығарындыларының мониторингі деректерін, парниктік газдар шығарындыларын және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын бақылау нәтижелерін ескере отырып, климатты және Жердің озон қабатын қорғау жөніндегі тиісті мемлекеттік, салалық және жергілікті атқарушы органдармен келісілген өңірлік нысаналы бағдарламалар мен іс-шаралар әзірлейді.
2. Климатты және Жердің озон қабатын қорғау бағдарламаларының жобалары климаттың өзгеруінің (жаһандық өзгеруді қоса алғанда) және Жердің озон қабатының тозуының салдарларын болдырмау және бәсеңсіту жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын ескеру мақсатында олардың талқылауына ұсынылуы мүмкін.
313-бап. Парниктік газдардың шекті жол берілетін шығарындылары және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын регламенттеу
1. Парниктік газдардың шығарындыларын және озонды бұзатын заттардың тұтынылуын мемлекеттік реттеу мақсатында парниктік газдардың шекті жол берілетін шығарындыларының және озонды бұзатын заттарды тұтынудың лимиттері (квоталары) белгіленеді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдар шығарындылары көздерінің жекелеген түрлері үшін парниктік газдардың шекті жол берілетін шығарындыларын белгілейді.
3. Озон бұзатын заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
314-бап. Парниктік газдардың және озонды бұзатын заттардың шығарындыларына жол берілетін шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын жалпы талаптар
1. Озонды бұзатын және құрамында олардың өнімдері бар заттардың импорты, экспорты, озонды бұзатын заттар пайдалана отырып жүргізілетін жұмыстар, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеу, монтаждау, оларға қызмет көрсету шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлері болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Қалалық және өзге де қоныстарды салу кезінде шаруашылық және өзге де қызмет объектілерін жобалау, орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалану парниктік газдар шығарындыларының азайтылуы және оларды сіңіргіштердің абсорбциялау деңгейінің сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.
315-бап. Атмосфераға парниктік газдар шығарындылары көздерінің және озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік есебі
1. Атмосфераға парниктік газдар шығарындыларының көздері бар және озонды бұзатын заттарды тұтынуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алынуға тиіс.
2. Тиісті аумақтарда климатты және Жердің озон қабатын қорғау саласындағы статистикалық байқауды белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік статистика органдарымен келісім бойынша айқындайды.
316-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік есебі мен мемлекеттік кадастры
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес реттелетін озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрын әзірлеуді ұйымдастырады.
2. Озонды бұзатын заттарды әкелуді және тұтынуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрын әзірлеу үшін жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың екінші тоқсанынан кешіктірмей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға озонды бұзатын заттардың жылдық тұтынылуы туралы деректерді табыс етеді.
3. Озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастрының деректері ашық болып табылады және жариялануға жатады.
317-бап. Парниктік газдарды мемлекеттік түгендеу және парниктік газдардың мемлекеттік кадастры
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдардың мемлекеттік кадастрын әзірлеу үшін парниктік газдардың эмиссиясы мен сіңірілуіне жыл сайынғы мемлекеттік түгендеу жүргізуді ұйымдастырады.
2. Парниктік газдардың көздері мен сіңірушілері бар заңды тұлғалар парниктік газдардың эмиссиясы мен сіңірілуіне түгендеу жүргізу үшін жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың екінші тоқсанынан кешіктірмей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға парниктік газдарға түгендеу жүргізу және мемлекеттік кадастрын жасау үшін бастапқы ақпаратты табыс етеді.
3. Парниктік газдардың мемлекеттік кадастрының деректері ашық болып табылады және жариялануға жатады.
318-бап. Парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды өндірістік бақылау
1. Атмосфераға парниктік газдарды және озонды бұзатын заттар шығарындыларының көздері бар заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен парниктік газдардың және озонды бұзатын заттардың шығарындыларына жыл сайынғы түгендеу жүргізу жолымен өндірістік бақылауды жүзеге асырады.
2. Экологиялық қызметтерді ұйымдастыру туралы және парниктік газдар мен озонды бұзатын заттарға өндірістік бақылау жүргізуге жауапты тұлғалар туралы мәліметтер, сондай-ақ парниктік газдарды және озон бұзатын заттарды түгендеу нәтижелері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етіледі.
9-Бөлім. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік
және экологиялық дауларды шешу
46-тарау. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік
және экологиялық дауларды шешу
319-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтың түрлері
Экологиялық құқық бұзушылықтың түрлеріне:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын мүліктік жауапкершілікке әкеп соғатын бұзушылық;
2) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
3) экологиялық қылмыстар жатады.
320-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
321-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудан келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі
1. Экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздері келтірген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті.
2. Мыналардың:
1) табиғи ресурстарды жою мен бүлдірудің;
2) табиғи ресурстарды өз бетімен және ұтымсыз пайдаланудың;
3) қоршаған ортаны өз бетімен ластаудың, оның ішінде авариялық, келісілмеген жаппай шығарындылар мен төгінділердің, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырудың;
4) қоршаған ортаны нормативтен тыс ластаудың салдарынан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залал өтелуге тиіс.
3. Экологиялық құқық бұзушылық жасаған тұлғалардың жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залалды өтеуі ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі. Зиян жәбірленушінің еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, оның емделуіне және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындар, аурудың күтіміне байланысты шығындар, өзге де шығыстар мен жоғалтулар ескеріле отырып, толық көлемде өтелуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу ерікті түрде немесе жүргізілу тәртібі осы Кодекске сәйкес айқындалатын залалды экономикалық бағалау негізінде сот шешімі бойынша жүргізіледі.
5. Қызметі қоршаған ортаға жоғары қауіптілікпен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның еңсерілмейтін күш немесе жәбірленушінің теріс пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, жоғары қауіп көзі келтірген зиянды өтеуге міндетті.
6. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген моральдық зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс.
322-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудан келтірілген зиянды өтеу тәртібі
1. Қоршаған ортаға зиян келтірген тұлға келтірілген залалды ерікті түрде жоюға не өзгеше тәсілмен оның орнын толтыруға құқылы. Тұлғаның залалды жою не оның орнын толтыру туралы міндеттемесі кепілхатта жазылуға тиіс.
2. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғаның өз қаражаты немесе сақтандыру төлемдері есебінен құндық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Зиянды өтеудің құндық нысандарына қоршаған ортаның зиян
келтірілгенге дейінгі жай-күйін қалпына келтіруге, табиғи ресурстарды молықтыру жөніндегі іс-шараларды орындауға, талапкерге, алынбай қалған пайданы қоса алғанда, өзге шығындарды өтеуге арналған ақшалай қаражат жатады.
4. Тараптардың келісімімен сот шешімі бойынша зиян жауапкерге қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі міндеттерді жүктеу жолымен заттай нысанда өтелуі мүмкін.
5. Зиянды өтеудің заттай нысандарына қоршаған ортаның зиян келтірілгенге дейінгі жай-күйін қалпына келтіру, жойылған не бүлінген табиғи ресурстың орнына оған құны тең ресурс беру жөніндегі шаралар жатады. Зиянды заттай нысанда өтеу келтірілген зиянды өтеудің тәртібін, талаптарын, мерзімдері мен көлемін регламенттейтін шарт және (немесе) келісім жасасу жолымен жүргізіледі.
6. Зиянды өтеудің өндіріліп алынатын сомасы мемлекеттік бюджетке, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жәбірленуші тұлғаға аударылады.
7. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғаны әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
323-бап. Экологиялық дауларды шешу тәртібі
1. Экологиялық дауларды соттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шешеді.
2. Экологиялық құқықтық қатынастар субъектілері арасындағы экологиялық даулар келіссөздер арқылы, оның ішінде сарапшыларды тарта отырып не тараптардың бұрын келісілген дауларды шешу рәсіміне сәйкес шешілуі мүмкін.
47-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
324-бап. Өтпелі ережелер
1. Табиғат пайдаланушылардың осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін алған табиғат пайдалануға арналған рұқсаттары қанша мерзімге берілсе, сонша мерзім ішінде қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары табиғат пайдалануға арналған рұқсаттарының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін экологиялық рұқсаттар алуға міндетті.
3. Қалдықтарды көму полигондарының және қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтау қоймаларының иелері 2007 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде полигонды осы Кодекстің 43-тарауында көзделген экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жоспарларын әзірлеуге және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге тиіс.
4. Табиғат қорғауды жобалауға, экологиялық сараптама саласындағы нормалауға және жұмыстарға, экологиялық аудиторлық қызметке лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда қайта рәсімдеуге міндетті. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін бұл лицензиялар жарамсыз деп есептеледі.
5. Осы Кодекске сәйкес лицензиялауға жатпайтын, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне арналған лицензиялардың қолданысы осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап тоқтатылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне арналған лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органына табиғат пайдаланушылар 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін табыс еткен материалдар бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты ІІ, ІІІ және ІV санат объектілері үшін табыс етілген материалдар толық болған және олар осы Кодекстің талаптарына сәйкес болған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы қарайды және береді және олар берілген мерзім ішінде қолданыста болады.
325-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
Осы Кодекс ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру мен пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
326-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасының мына заңдарының күші жойылды деп танылсын:
1) «Экологиялық сараптама туралы» 1997 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 6, 67-құжат; 1998 ж., № 24, 443-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2003 ж., № 14, 112-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
2) «Қоршаған ортаны қорғау туралы» 1997 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 17-18, 213-құжат; 1998 ж., № 24, 443-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 13-14, 171-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 10, 57-құжат; № 23, 137, 142-құжаттар; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; № 14, 57-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат);
3) «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» 2002 жылғы 11 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 5, 54-құжат; 2004 ж. № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат).
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы қаңтардың 9-ы.
№ 212-III ҚРЗ