Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген жатын орындық үлгідегі, сондай-ақ бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайлар жекешелендіруге жатпайды.
6. Бiрнеше жалдаушы тұратын тұрғын үйдi (пәтердi) барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келісімiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй (пәтер) барлық жалдаушылардың ортақ үлестi меншiгiне көшедi.
14-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативi мүшесiнiң
пай жарнасының бүкiл сомасын төлеуi
Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң пай жарнасының бүкiл сомасын төлеген мүшесi тұрғын үйдiң меншiк иесiне айналады. Мұндай тұрғын үйге меншiк құқығына жинақталған пайдың бiр бөлiгiне құқығы бар оның отбасы мүшелерi де ие болады.
15-бап. Жер учаскелерiнiң мемлекеттік қажеттер үшiн
алынуына (сатып алынуына) байланысты тұрғын
үй бұзылған жағдайда меншiкке тұрғын үй беру
1. Жер учаскелерiнiң мемлекеттік қажеттер үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi.
2. Егер берiлетiн тұрғын үйдiң құны бұзылатын тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды.
3. Егер бұзылатын тұрғын үйдiң құны берiлетiн тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi.
16-бап. Тұрғын үйге ортақ меншiк құқығы
1. Тұрғын үйдi бiрлесiп салған, азаматтық-құқықтық мәмiлелер жолымен немесе мұраға алған жағдайда және заңдарға қайшы келмейтiн басқа жағдайларда екi немесе одан көп азаматтар тұрғын үйге ортақ меншiк құқығына ие бола алады.
2. Бiрнеше адамның меншiгіндегі тұрғын үй оларға ортақ бiрлескен меншiк құқығымен:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде тиесiлi болады.
3. Ортақ меншiктегi тұрғын үйдiң меншiк иелерi арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне белгiленген тәртiппен бөлiнуi мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi неке және отбасы туралы заңдармен белгiленедi.
5. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi осы Заңмен белгiленедi.
17-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығын тiркеу
Тұрғын үйге меншiк құқығы ол тiркеу органында тiркелген кезден бастап пайда болады.
Тiркеу тиiстi тәртiппен ресiмделген, осы Заңның 12-бабында көзделген негiздер бойынша тұрғын үй алынғандығын растайтын құжаттар көрсетiлген жағдайда жүргiзiледi.
3-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығының мазмұны
және оны жүзеге асыру шарттары
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 18-бап толықтырылды
18-бап. Тұрғын үй иесiнiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Тұрғын үйдiң, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үйдiң иесi оны, сату шартын белгiлей отырып, өз қалауы бойынша еркiн сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, басқа адамдарға мұраға қалдыруға, кепiлге беруге, осы бапта көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, заң актілерінде тыйым салынбаған өзге де жолмен оған билiк етуге құқылы.
1-1. Ипотекалық тұрғын үй қарызы қаражатының есебiнен толық немесе iшiнара сатып алынған тұрғын үйдi сатып алу-сату шарты мемлекеттік тiркелген кезден бастап меншiк иесiнiң ипотекалық тұрғын үй қарызы толық өтелгенге дейiн кредитордың келісімiнсiз осы тұрғын үйге билiк етуге құқығы жоқ.
2007.06.07 № 276-ІІI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi немесе оның бiр бөлiгiн тұрғын емес мақсатта пайдалануы оған мемлекеттік органдардың рұқсатын қажет етпейдi.
Бұл құқықты меншiк иесi құрылыс, санитариялық, өртке қарсы және басқа да мiндеттi нормалар мен ережелердi сақтаған жағдайда ғана iске асырады.
Егер құзыреттi органдар мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзу фактілерін не тұрғын үйдi пайдалану басқа азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн айтарлықтай бұзатын фактiлердi анықтаса, үй-жай иесi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тартылып, сонымен бiрге оған мұндай тәртiп бұзушылықтарды және олардың зардаптарын жою мiндетi жүктелуi мүмкiн.
3. Бiр тұрғын үйде орналасқан үй-жайлардың иелерi оны күтiп ұстау жөніндегі ортақ шығындарға қатысуға мiндеттi. Әрбiр меншiк иесi шығынның мөлшерi, егер меншiк иелерiнiң келісімiнде өзгеше белгiленбеген болса, тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлардың пайдалы алаңының немесе бөлек меншiктегi тұрғын емес үй жайлар алаңының тұрғын үйдiң жалпы алаңына қатынасымен анықталады.
19-бап. Тұрғын үй иесiнiң жер учаскесiне құқығы
1. Тұрғын үй, сондай-ақ салынып бiтпеген тұрғын үй сатылған, сыйға тартылған, мұраға қалдырылған, кепiлге берiлген жағдайда жер учаскесiн меншiктену (жердi пайдалану) құқығы тұрғын үйдiң жаңа иесiне тұрғын үйдiң бұрынғы иесi ие болған көлемде көшедi.
2. Тұрғын үйге (тұрғын жайға) бекiтіліп берiлген жер учаскесiне тұрғын үй иелерiнiң құқықтары Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарымен белгiленедi.
20-бап. 2007.06.07. № 278-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 10.07.01 ж. № 227-II Заңымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi
1. Үнемi бiрге тұратын ерлi-зайыптылар мен олардың балалары тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылады. Ерлi-зайыптылардың ата-аналары, сондай-ақ өздерiнiң отбасы бар және меншiк иесiмен үнемi бiрге тұратын балалары өзара келісім бойынша ғана меншiк иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн.
2. Ерекше жағдайларда, егер меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса және онымен кемiнде бес жыл ортақ шаруашылық жүргiзсе, басқа адамдардың да тұрғын үй иесi отбасының мүшелерi деп танылуы мүмкiн. Еңбекке жарамсыз асырауындағылар, егер олар меншiк иесiмен үнемi бiрге тұрса, меншiк иесi отбасының мүшелерi болып табылады.
22-бап. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерiнiң негiзгi
құқықтары мен мiндеттерi
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi тұрғын үйiне өзi қоныстандырған отбасының мүшелерi, егер оларды қоныстандыру кезiнде өзгеше ескертiлмеген болса, тұрғын үйдi онымен бiрдей пайдалануға құқылы. Олар өздерiне меншiк иесi берген тұрғын үйге өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын тұрғызуға құқылы. Отбасының басқа мүшелерiн тұрғызуға меншiк иесiнiң келісімiмен ғана жол берiледi.
Меншiк иесiмен отбасылық қатынастар тоқтатылған жағдайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi, егер тұрғын үй иесiмен жазбаша келісімде өзгеше көзделмеген болса, жалға алу мерзiмiн көрсетпестен жалға алушы құқығын пайдалана алады. Бұл орайда отбасының бұрынғы мүшелерi тұрғын үйдi күтiп ұстау және коммуналдық қызметтердiң ақысын төлеу жөніндегі шығындарға қатысуға мiндеттi.
2. Тұрғын үй иесi отбасы мүшелерi өздерiнiң тұрғын үйдi пайдалану құқығын бұзған кез келген адамнан, соның iшiнде меншiк иесiнен де аталған бұзушылықты жоюын талап ете алады.
3. Меншiк иесi отбасының кәмелетке толған мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) өздерiнiң тұрғын үй-жайды пайдалануынан туындайтын мiндеттемелерi бойынша ортақ мүлiктiк жауапкершiлікте болады.
4-тарау. Жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйлердi жалдау
23-бап. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi басқа адамдарға жалға беруi
1. Меншiк иесi өзi тұратын тұрғын үйдi, не негiзгi мақсаты жалға алушыларға тұрақты не уақытша тұру үшiн берiлу болып табылатын тұрғын үйдi жалға беруге құқылы.
2. Тұру шарттары (жалдау мерзiмi, ақы төлеу мөлшерi, жөндеу жөніндегі мiндеттердi бөлiсу, жалға алушыларды шығарудың негiздерi және сол сияқтылар) осы Заңмен, сондай-ақ жалға берушi мен жалға алушы арасындағы шартпен белгiленедi.
3. Тұрғын үйiн жалға беретiн адамдарды меншiк иесi таңдайды.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 67-бабында аталған азаматтарға кейіннен беру үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдауға құқылы.
24-бап. Меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi жалдау
шарттары
1. Жеке тұрғын үй қорындағы меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi ол жазбаша түрде жасалған шарт бойынша басқа адамға жалға бере алады.
2. Жеке тұрғын үй-жай не тұруға жарамды, құрылыс, санитариялық, өртке қарсы және басқа мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн жеке бөлме (бөлмелер) жалға берiлуi мүмкiн.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға алушы жалға алынған үй-жайға өзiнiң отбасы мүшелерiн, қосымша жалдаушыларды және уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы.
Тұрғын үй-жайды жергілікті атқарушы орган жалға алып берген адам оған қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы емес.
4. Егер шартта өзгеше көзделмеген болса, жалға алушы жалға алынған үй-жайды алты айға дейiнгi мерзiмге тастап кетуге құқылы.
Бұдан неғұрлым ұзақ уақыт бойы болмаған жағдайда шарттың күшi жалға берушiнiң келісімiмен ғана сақталады.
5. Жалға беру шартының күшi тараптар белгiлеген мерзiм бiткеннен кейiн не шартта көрсетiлген ахуал туғанда тоқтатылады. Жалға берушiнiң талап етуi бойынша шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтарында, 101-бабының 9-тармағында, 105-бабының 1-тармағындағы 1), 2) және 3) тармақшаларда, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Қолданылу мерзiмi және тоқтатудың өзге де негiздерi көзделмейтiн шартты жалға берушi жалға алушыға кемiнде үш ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта бұза алады. Шарт тоқтатылған не бұзылған жағдайда жалға алушы өзiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
6. Жалға алушы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда ол бұл туралы жалға берушiге кемiнде бiр ай бұрын ескертуге не сол ай үшiн шартта белгiленген ақыны төлеуге мiндеттi.
Егер шартта көзделген мерзiмге не шарттың қолданылуын тоқтататын өзге де ахуалға бiр айға жетпейтiн уақыт қалса, аталған мерзiм тиiсiнше қысқартылады.
7. Егер отбасы мүшесiн қоныстандырған кезде сол мүше мен жалға алушы арасында өзгеше келісім болмаса, жалға алу шартының ережелерiне сәйкес жалға алушымен бiрге тұратын отбасы мүшесi, тұрғын үй-жайды жалға алушының өзi сияқты, дәл сондай пайдалану құқығына ие болады.
Отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
8. Тұрғын үй-жайға немесе жалға берiлген тұрғын үй-жай орналасқан тұрғын үйге меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда жалдау шарты, егер жалға алушының және тұрғын үй-жайды жалға берген меншiк иесiнiң арасында өзгеше көзделмесе, жаңа меншiк иесi үшiн күшiн сақтап қалады.
25-бап. Меншiк иесi тұрақты тұратын тұрғын үйдi
жалдау ережелерi
1. Меншiк иесi тұрақты тұрғын үйде жалға алушыға тұрғын үй-жайды немесе оның бiр бөлiгiн, оның iшiнде жапсарлас бөлменi немесе бөлменiң бiр бөлiгiн жалға беруге болады. Тұрғын үйде бiрнеше меншiк иесi тұрған жағдайда тұрғын үйдi жалға беру үшiн барлық меншiк иелерiнiң келісімi талап етiледi.
2. Жалға алушының басқа адамдарды, оның iшiнде өз отбасының мүшелерiн де меншiк иелерiнiң келісімiнсiз тұрғызуға құқығы жоқ.
3. Жалға алу мерзiмi аяқталғаннан кейiн жалға алушыда шартты жаңарту құқығы болмайды және ол жалға берушiнiң талап етуi бойынша басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс. Жалдау шарты жалға берушiнiң талап етуi бойынша жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ себептi тосын жағдайларда не осы Заңның 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша ғана мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
4. Мерзiмi көрсетiлмей жасалған жалдау шартын жалға берушi себебiн түсiндiрместен кез келген уақытта тоқтатуы мүмкiн. Жалға берушi жалға алушыға, жалдау шартының тоқтатылуы туралы кемiнде бiр ай бұрын ескертуге мiндеттi.
5. Жалға алушы жалдау шартын, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, мерзiмiнен бұрын және ескертусiз бұзуға құқылы.
26-бап. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындардың
құқықтық жағдайы
1. Қосымша жалдаушылардың тұру шарты, атап айтқанда, тұру мерзiмi, төленетiн ақының мөлшерi мен оны төлеу тәртібі тұрғын үй-жайды жалға алушы мен қосымша жалдаушы арасындағы шарт арқылы белгiленедi.
2. Қосымша жалдау шарты тараптар белгiлеген мерзiм бiткенде не шартта көрсетiлген ахуал пайда болғанда тоқтатылады.
Шарт қосымша жалдаушы шартты бұзған жағдайда жалға алушының талап етуi бойынша, ал мерзiм не өзге де тоқтату негiздерi белгiленбеген шарттар қосымша жалдаушыны кемiнде бiр ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. Қосымша жалдау шарты осы Заңның 29-бабында көзделген тұрғын үйге меншiк құқығы мәжбүр етіліп тоқтатылған жағдайда да тоқтатылады.
3. Қосымша жалдаушы шартты, егер қосымша жалдау шартында өзгеше көзделмеген болса, кез келген уақытта бұзуға құқылы.
4. Қосымша жалдау шарты тоқтатылған не оны жалға алушы бұзған жағдайда қосымша жалдаушы басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
5. Жалға алушы тұрғын үй-жайға уақытша тұрғындарды жалдау шартын жасаспай-ақ тұрғызуға құқылы. Уақытша тұрғындардың тұру шарттарын жалға алушы белгiлейдi.
Уақытша тұрғындар жалға алушының талап етуi бойынша, басқа тұрғын үй-жай берiлместен, кез келген уақытта, кемiнде жетi күн бұрын ескерте отырып шығарылуға тиiс.
27-бап. Жалдау шарты тоқтатылған жағдайда қосымша
жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды шығару
Жалдау шартының тоқтатылуымен бiрге қосымша жалдау шарты да тоқтатылады. Қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындар жалдау шарты тоқтатылған жағдайда басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
5-тарау. Тұрғын үйге жеке меншiк құқығының
Тоқтатылуы
28-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Тұрғын үйге меншiк құқығы тұрғын үй иесi тұрғын үйдi басқа адамның иелiгiне берген кезде, меншiк иесi қайтыс болған жағдайда не тұрғын үй жойылған (қираған) жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
2. Тұрғын үйге ортақ үлестi меншiкке қатысушылардың бiреуi өз үлесiн сатқан кезде ортақ үлесi бар меншiкке басқа қатысушының сатып алуға басым құқығы болады.
Егер сатылатын үлестi сатып алуға ортақ үлестi меншiкке қатысушылардың бiрнешеуi ниет бiлдiрсе, сатып алушыны таңдау құқығы сатушыға тиесiлi болады. Тұрғын үйге ортақ меншiктегi үлестi басымдықпен сатып алу құқығын iске асыру тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен белгiленедi.
ҚР 10.07.01 ж. № 227-II Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп тоқтату
1. Тұрғын үйге меншiк құқығын күштеп (меншiк иесiнiң еркiнен тыс) тоқтатуға:
1) меншiк иесiнiң қарыздары бойынша жер учаскесiмен бiрге төлеттiрiп алуды тұрғын үйге аудару;
2) реквизициялау;
3) тәркiлеу;
4) үй орналасқан жер учаскесiн мемлекеттік қажеттер үшiн алу (сатып алу) жағдайларында жол берiледi.
2. Тұрғын үйге меншiк құқығын осы баптың 1-тармағындағы 2) және 4) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша күштеп тоқтатқан кезде меншiк иесiне оның қалауы бойынша:
1) тұрғын үйдiң және жер учаскесiнiң нарықтық құнын қоса, меншік иесiне құқығы тоқтатылғанға дейiн төленетiн ақшалай өтем төленуге, сондай-ақ меншiк иесiне келтiрiлген залалдардың орны толық толтырылуға;
2) осы Заңның 15-бабында көзделген тәртiп бойынша меншiгiне тұрмысқа жайлы тұрғын үй (пәтер немесе тұрғын жай) берiлуге;
3) реквизициялауды туғызған төтенше жағдайлар тоқтатылғаннан кейiн меншiк иесiне реквизициялаудан келтiрiлген залалдардың өтемақысын толық төлеу арқылы реквизицияланған тұрғын үй қайтарылуға тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағындағы 1) және 3) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша тұрғын үйдi меншiктену құқығы тоқтатылған кезде меншiк иесi мен алынатын тұрғын үйде тұратын барлық адамдар басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен. 30-бап толықтырылды
30-бап. Меншiк иесiнiң отбасы мүшелерiн және басқа да
тұрғындарды тұрғын үйден шығару
1. Осы Заңның 29-бабының 1-тармағындағы 2) және 4) тармақшаларда көзделген негiздер бойынша тұрғын үйдi меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi (бұрынғы мүшелерi) тұрғын үйден шығарылады және бұрынғы тұрғын үйдiң өтемi ретiнде алынған тұрғын үйде тұру құқығын алады.
Бұрынғы тұрғын үйде тұратын басқа адамдар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
2. Меншiк иесiнiң еркi бойынша (сату, сыйға тарту) тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда, егер тұрғын үйдi сатып алушымен жасалған шарт бойынша өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi, меншiк иесi отбасының бұрынғы мүшелерi және уақытша тұрғындар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
Меншiк құқығы тоқтатылуы, тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiне қатысты болса, ол осы Заңның 13-бабының 3-тармағында көзделген нормалармен реттеледi.
3 БӨЛIМ
6-тарау. Кондоминиум
31-бап. Кондоминиумның құрылуы және тоқтатылуы
1. Үй-жайлардың екi және одан да көп меншiк иелерiне тиесiлi тұрғын үйлерде меншiктiң ерекше нысаны - кондоминиум құрылады.
2. Үй-жай меншiк иелерiнiң әрқайсысы өзiне бөлек (жеке-дара) меншiк құқығы бойынша тиесiлi үй-жайды өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқылы.
Үйдiң бөлек (өзiндiк) меншiкке жатпайтын бөлiктерi (кiреберiс, баспалдақтар, лифтiлер, төбелер, шатырлар, подвалдар, пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлiк жүйелер мен жабдықтар, жер учаскесi, оның iшiнде көрiктендiру элементтерi және ортақтасып пайдаланылатын басқа да мүлiктер) үй-жай меншiк иелерiне ортақ меншiк құқығы бойынша тиесiлi болады.
Тұрғын үй iргесіндегі жер учаскесi де үй-жай меншiк иелерiне жердi ортақтасып пайдалану құқығы бойынша тиесiлi болуы мүмкiн.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Үй-жайдың әрбір меншік иесінің (өзге құқық иеленушінің) ортақ мүліктегі үлесі оған тиесілі үй-жайға өзіндік (дара) меншіктен (өзге заттай құқықтан) бөлінбейді. Үлестің мөлшері, егер кондоминиум қатысушыларының келісімінде өзгеше белгіленбесе, өзіндік (дара) меншіктегі (өзге заттай құқықтағы) тұрғын үй-жайлардың және (немесе) тұрғын емес үй-жайлардың пайдалы алаңының кондоминиумның осы объектісіндегі бүкіл тұрғын үй-жайлардың және бүкіл тұрғын емес үй-жайлардың пайдалы алаңының сомасына қатынасымен анықталады. Мұндай үлесті заттай бөліп беруге болмайды.
4. Егер үй-жай кондоминиум объектiсiне жапсарлас салынса немесе одан бөлiнсе, ортақ мүлiктегi үлес мөлшерi қайта есептеледi.
5. Үй-жайға (үй-жайларға) меншiк құқығының басқа адамға ауысуы ортақ мүлiктегi тиiстi үлестiң сатып алушыға ауысуына әкеп соғады.
6. Үй-жай меншiк иелерiнiң ортақ мүлiктегi өз үлесiн өзiне бөлек меншiк құқығымен тиесiлi үй-жайдан жеке бөлiп алуға құқығы жоқ.
7. Кондоминиум тұрғын үйдегi барлық үй-жайлар мен ортақ мүлiкке меншiк құқығы бiр меншiк иесiне (жеке, заңды тұлғаға, мемлекетке) ауысқан кезде немесе жер учаскесi мемлекеттік қажеттер үшiн алынған (сатып алынған) немесе төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйдiң көп бөлiгi бүлiнген (қираған) жағдайда тоқтатылуы мүмкiн.
ҚР 07.06.99 ж. № 391-I Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Кондоминиум объектiсiн тiркеу
1. Кондоминиум объектiсi жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлеге құқықты тiркеу туралы заңдарға сәйкес бiртұтас кешен ретiнде тiркелуге тиiс.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кондоминиум объектісін тіркеу кондоминиум қатысушысының не меншік иеленушілердің немесе кондоминиум басқармасы органының уәкілетті өкілінің өтініші бойынша жүзеге асырылады. Кондоминиум объектісін тіркеу кезінде ортақ мүлік құрамы мен әрбір үй-жайдың құқық иелерінің ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері айқындалады. Осылай тіркелгенге дейін, ортақ меншіктегі үлесі бар мәміле өзіндік (дара) меншіктегі (өзге заттай құқықтағы) мүлікпен мәмілелерді жасау кезінде жасалған деп саналатын жағдайларды қоспағанда, ортақ мүлікпен жасалатын мәмілелер заңдық күшке ие болмайды.
3. Көп пәтерлi тұрғын үйдi не мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды жекешелендiру кезiнде кондоминиум объектiсiн бастапқы тiркеу iсiн жекешелендiрудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган жүргiзуге тиiс.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Үй-жайлардың алаңын қатысушылардың келісімі немесе өзге де негіздер бойынша өзгерту нәтижесінде кондоминиум қатысушыларының ортақ мүлкінің құрамы және (немесе) олардың ортақ мүліктегі үлестерінің мөлшері өзгерген кезде тиісті өзгерістер мемлекеттік тіркелуге тиіс.
33-бап. Бөлек үй-жай иелерiнiң ортақ мүлiктегi үлестерi
1. Бiрнеше меншiк иелерiне тиесiлi бөлек үй-жайға меншiк иелерiнiң ортақ мiндеттемелеріндегі ынтымақтастық жауапкершiлiгiмен ортақ мүлiктегi бiр үлес сәйкес келедi. Мұндай меншiк иелерiнiң арасындағы өзара қатынастар олардың арасындағы келісімiмен реттеледi.
2. Ауызша немесе жазбаша келісім болмаған жағдайда әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiкте көрсетiлген үлеске меншiгiне байланысты бөлiнбейтiн құқықтары мен мiндеттерi тең болады.
34-бап. Үй-жай иелерiнiң кондоминиумдағы құқықтары
1. Үй-жайлардың барлық меншiк иелерi-кондоминиумға қатысушылар ортақ мүлiктi басқаруда тең құқыққа ие болады.
2. Үй-жай иесiнiң ортақ мүлiктi, сондай-ақ жер учаскесiн басқа меншiк иелерiмен қатар пайдалануға құқығы бар.
Аталған құқықты шектеу үй-жайлар иелерiнiң келісімiмен немесе кондоминиум объектiсiн басқару органының шешiмiмен белгiленуi мүмкiн.
3. Үй-жай иелерiнiң басқа жерде тұруы, сондай-ақ үй-жайды пайдалану құқығын басқа адамдарға беруi үй-жайды меншiктенушi құқықтарының шектелуiне әкелiп соқпайды және меншiк иесiн оған заңдармен, кондоминиум объектiсiн басқару жөніндегі меншiк иелерiнiң келісімiмен немесе меншiк иелерi бiрлестiгiнiң Жарғысымен жүктелетiн мiндеттерден босатпайды.
4. Үй-жайлардың иелерi ортақ мүлiктiң өздерiне бекiтіліп берiлген пайдаланылуы шектеулi бөлiгiн үй-жайлар иелерiнiң келісімiнде не кондоминиум объектiсiн басқару органының шешiмiнде белгiленген ережелермен пайдалануға құқылы.
Үй-жай иесiнiң пайдаланылуы шектеулi қандай да болсын ортақ мүлiктi өз атынан иелiктен шығаруға құқығы жоқ.
35-бап. Үй-жайлар иелерiнiң мiндеттерi
1. Үй-жайлардың иелерi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттердi атқарады.
2. Үй-жайлардың иелерi ортақ мүлiк пен үйдi ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға мiндеттi, ортақ мүлiктiң және бөлек (өзiндiк) меншiктегi үй-жайлардың сақталуы мен қауiпсiз пайдаланылуына жауапты болады.