3. Ортақ мүлiктi ұстауға жұмсалатын шығыстардың мөлшерi, егер меншiк иелерiнiң келісімiнде өзгеше көзделмесе, үй-жай иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесiне мөлшерлi белгiленедi.
36-бап. Үй-жайлардың иесi емес адамдардың мiндеттерi
1. Үй-жайды жалдаушының (жалға алушының), сондай-ақ оның меншiк иесi емес басқа да адамдардың дауыс беруге құқығы жоқ және кондоминиум объектiсiн басқаруға өзге де түрде қатыса алмайды, бiрақ барлық тұрғындар мен кондоминиум объектiсiнiң үй-жайларын жалдаушыларға (жалға алушыларға) ортақ ереженi сақтауға мiндеттi.
2. Кондоминиумдағы үй-жайдың орнында жоқ меншiк иесi ортақ мүлiктi ұстау жөніндегі мiндеттердi орындамаған жағдайда мұндай мiндеттердi жалға алынған тұрғын үйде тұратын адамдар немесе тұрғын емес үй-жайларды жалға алушылар орындауға тиiс.
37-бап. Тұрғын емес үй-жайлар иелерiнiң құқықтары
мен мiндеттерiнiң ерекшелiктерi
1. Тұрғын емес үй-жайдың иесi ортақ мүлiктiң тұрғын үй-жайларды пайдалануға ғана байланысты бөлiктерiне қатысты ортақ шығыстарға қатысуға мiндеттi емес.
2. Ортақ мүлiктiң тұрғын емес үй-жайларды пайдалануға ғана байланысты бөлiктерiне қатысты шығыстарды осындай үй-жайлардың меншiк иелерi көтередi.
3. Тұрғын емес үй-жайдың иесi өз мүдделерiне қатысы жоқ кондоминиум мәселелерiн шешуге қатыса алмайды.
Тұрғын емес үй-жайлар иелерiнiң мүдделерiне ғана қатысы бар мәселелердi шешуге басқа меншiк иелерi қатыса алмайды.
38-бап. Үй-жайларға кіру
Егер меншiк иесiнiң үй-жайынан ғана жүргiзiлуi мүмкiн ортақ мүлiктiң жай-күйiн тексеру, ортақ мүлiктi жөндеу немесе алмастыру қажет болса, алдын ала жазбаша хабар алу бойынша меншiк иесi не басқа бiр тұрушы үй-жайдың басқа меншiк иелерiнiң немесе кондоминиум объектiсiнiң басқару органының өкiлiн үй-жайға кiргiзуге мiндеттi.
Авариялық жағдайларда немесе адамның денсаулығына немесе өмiрiне қауiп төндiретiн өзге де төтенше жағдайларда кіруге алдын ала хабарлаусыз рұқсат етiлуге тиiс.
39-бап. Ортақ мүлiкке немесе басқа үй-жайларға
келтiрiлген залалды өтеу
1. Егер үй-жайдың меншiк иесi ортақ мүлiктiң кез келген бөлiгiне немесе кез келген басқа үй-жайға залал келтiрсе, ол залалды өз есебiнен жоюға, не оны жою жөніндегі шығындарды өтеуге мiндеттi.
2. Егер үй-жайда тұрушылар не үй-жайды пайдаланушы адамдар тiкелей залал келтiрушiлер болса, олар осындай мiндеттi меншiк иесiмен бiрлесiп көтередi.
40-бап. Кондоминиум объектiсіндегі үй-жайдың iшiн өзгерту
Меншiк иесiнiң үй-жайды ортақ мүлiкке қауiп төндiретiн немесе оны нашарлататын жұмыстар жүргiзумен байланысты өзгертуiне, соның iшiнде қайта жоспарлауына және қайта жабдықтауына тыйым салынады.
41-бап. Үй-жайлар арасындағы, сондай-ақ үй-жайлар мен
ортақ мүлiк арасындағы шекаралардың өзгертiлуi
1. Үй-жайлар арасындағы, сондай-ақ үй-жайлар мен ортақ мүлiк арасындағы шекараларды өзгертуге құрылыс нормалары мен ережелерi, сондай-ақ өзге де мiндеттi қауiпсiздiк талаптары сақталған жағдайда жол берiледi.
2. Көршiлес (шектес) үй-жайлардың арасындағы шекараларды өзгерту осы үй-жайлар иелерiнiң өзара келісімi бойынша жасалуы мүмкiн.
3. Үй-жайлар мен ортақ мүлiктiң арасындағы шекараларды өзгерту басқа меншiк иелерiнiң немесе кондоминиум объектiсiн басқару органының келiсуiмен ғана жасалуы мүмкiн.
7-тарау. Кондоминиум объектiсiн басқару
42-бап. Кондоминиум объектiсiн басқару нысандары
1. Кондоминиум объектiсi тiркелгеннен кейiн бiр айдан кешiктiрмей үй-жай иелерi кондоминиум объектiсiн басқару нысаны туралы мәселенi шешуге тиiс. Осындай шешiм қабылданғанға дейiн бiртұтас кешен ретiнде кондоминиумге, сондай-ақ тұрғын үйдi коммуналдық қызметтермен бiр орталықтан қамтамасыз етуге байланысты мiндеттемелер бойынша меншiк иелерi бiрдей жауап бередi.
Бiртұтас инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жүйесi бар және бiртұтас тұрғын үй-коммуналдық кешендi құрайтын көп пәтерлi тұрғын үйде (немесе оның бiр бөлiгiнде) кондоминиум объектiсiн бiрлесiп басқарудың бiр нысаны ғана қолданылуы мүмкiн.
2. Кондоминиум объектiсiн басқару нысаны оған қатысушылардың келісімiмен белгiленедi. Ондай нысандар:
1) егер барлық меншiк иелерiнiң саны төрт адамнан аспаса, олардың тiкелей бiрлесiп басқаруы;
2) үй-жай (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi;
3) кондоминиум объектiсiн үшiншi (сырт) жеке (тұрғын үйдi басқарушы) немесе заңды (тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету орны) тұлғалардың басқаруы;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де нысандар болуы мүмкiн.
3. Кондоминиум объектiсiн басқару жөнiнде шарт бойынша тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету орнына не тұрғын үй басқарушысына берiлетiн құқықтар көлемi шартпен белгiленедi.
4. Үй-жайлар иелерi тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсететiн ұйымдармен осындай қызмет көрсету туралы жеке шарттар жасасуға құқылы.
5. Меншiк иелерiнiң арасында кондоминиум объектiсiн басқару нысаны туралы келісімге қол жетпеген ретте меншiк иелерiнiң кез келгенi, ал кондоминиум (объектiсi) тұрғын үй-жайларды жекешелендiру нәтижесiнде құрылған үйлерде жекешелендiрудi жүзеге асырушы мемлекеттік орган да меншiк иелерiнiң алдына үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн құру туралы мәселе қоюға құқылы.
6. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi көпшiлiгiнiң шешiмi бойынша кондоминиум объектiсiн басқару нысанының өзгертiлуi мүмкiн.
7. Басқа үйлермен бiрге үй-жайлар иелерiнiң бiр кооперативi басқаратын тұрғын үй-жайдың иелерi көпшiлiк болып қабылданған шешiм бойынша осы кооперативтiң құрамынан шығып, өзiнiң жеке кооперативiн құруға не кондоминиум объектiсiн басқарудың өзге нысанын қолдануға құқылы.
43-бап. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн құру
1. Көп пәтерлi тұрғын үйдi немесе қатар орналасқан үйлер тобын басқару үшiн үй-жайлар иелерiнiң кооперативтерi, ал қоса салынған тұрғын емес үй-жайлары жоқ үйлер үшiн - пәтерлер иелерiнiң кооперативтерi құрылуы мүмкiн. Пәтерлер иелерi кооперативiнiң құқықтық жағдайы үй-жайлар иелерi кооперативiнiң құқықтық жағдайымен бiрдей.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi кондоминиумның екi немесе одан да көп қатысушыларынан тұруы мүмкiн. Кәмелетке толмаған азаматтардың мүдделерiн заң актілерінде белгiленген тәртiппен олардың ата-аналары, қорғаншылары немесе қамқоршылары бiлдiредi.
3. Құрылтай жиналысының өткiзiлгенi туралы кооператив құрудың бастамашылары әрбiр үй-жайдың иелерiне жиналыс өткiзiлетiн болып белгiленген күннен кемiнде он күн бұрын хабарлауға тиiс.
4. Егер кооперативтiң құрылтай жиналысына кондоминиумға қатысушы үй-жай иелерiнiң немесе олардың сенім бiлдiрген адамдарының кемiнде жартысы қатысса, ол өткiзiлген болып танылады.
5. Егер жиналысқа үй-жайлар иелерiнiң немесе олардың сенім бiлдiрген адамдарының жартысынан азы қатысса, жиналыс өткiзiлмеген болып танылады.
Жиналыстың қайта шақырылғаны туралы әрбiр меншiк иесiне шақыру белгiленген күннен кемiнде бес күн бұрын хабарланады. Қайта өткiзiлген жиналыс оған қатысушылардың санына қарамастан өткiзiлген болып танылады.
Жиналысты жүргiзу үшiн төраға мен хатшы сайланады.
6. Әрбiр үй-жай иесiнiң құрылтай жиналысында бiр даусы болады. Бiрнеше үй-жай иесiнiң мөлшерлi дауыс саны болады.
Құрылтай жиналысының шешiмi жиналысқа қатысушылардың немесе олардың сенім бiлдiрiлген адамдарының біліктi үштен екi даусымен қабылданады.
7. Құрылтай жиналысы мынадай мәселелер жөнiнде шешiмдер қабылдайды:
1) үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн құру;
2) кооператив Жарғысын бекіту;
3) кооператив басқармасының төрағасын, басқарма мен тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау.
Құрылтай жиналысы кондоминиум объектiсiне қатысты басқа да мәселелердi қарауға құқылы.
8. Үй-жайлардың кооператив iстерiн басқаруға қатыспайтын иелерi кооперативтiң барлық мүшелерiмен қатар кондоминиум объектiсiн ұстауға қажеттi мөлшерлi ақша төлеп және (немесе) еңбекпен қатысуға, кондоминиум объектiсiн басқару органдарының ортақ мүлiктi ұстау мен пайдалануға қатысты және үйдiң берiктiгi мен пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн барлық шешiмдерiн орындауға мiндеттi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 44-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
44-бап. Үй-жай иелерiнiң кооперативтерiн тiркеу
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi оның белгiленген тәртiпке сәйкес мемлекеттік тiркеуден өткен кезiнен бастап құрылған болып есептеледi және заңды тұлға құқығына ие болады.
2. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн тiркеу үшiн тiркеушi органға:
1) өтiнiш;
2) кондоминиум объектiсіндегі үй-жайлар иелерiнiң құрылтай жиналысының хаттамасы;
3) үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң Жарғысы;
4) кондоминиумды тiркеу туралы мемлекеттік акт табыс етiледi.
3. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары үй-жайлар иелерiнiң кооперативтерiн құруға жан-жақты көмек пен жәрдем көрсетуге тиiс.
4. Егер тiркеудi жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттардың бәрi тапсырылмаса немесе тапсырылған құжаттар талап етіліп отырған нысанға сәйкес келмесе, тiркеушi орган жеткiлiксiз құжаттарды тапсыру мерзiмiн белгiлейдi. Барлық құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылған ретте өтiнiш құжаттарды бастапқы тапсырған күнi берiлген болып есептеледi. Олай болмаған жағдайда өтiнiш пен басқа құжаттар тапсырылмаған болып есептелiп, өтiнiш берушiге қайтарып берiледi.
5. Тiркеуге тапсырылған құжаттар он бес күнге дейiнгi мерзiмде қаралады. Аталған мерзiм iшiнде тiркеушi органның:
1) кооперативтi тiркеу туралы;
2) тапсырылған құжаттарды заң талаптарымен сәйкес келтiру үшiн мерзiм белгiлеу туралы;
3) кооперативтi тiркеуден бас тарту туралы шешiмi қабылданады. Тiркеушi органның бас тартуды негiздеген тиiстi шешiмi ол қабылданғаннан кейiн бес күн iшiнде тiркеу туралы өтiнiште көрсетiлген адамның мекен-жайына жiберiледi не сол адамға немесе ол уәкiлдiк берген адамға қолхатпен тапсырылады.
6. Кооперативтi құру тәртібі мен шарттары елеулi түрде бұзылған жағдайда, кооператив Жарғысы заң талаптарына сәйкес келмеген ретте, үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн тiркеуден бас тартылуға тиiс.
7. Тiркелген кооперативке бес күн мерзiмде тiркеу туралы куәлiк берiледi.
8. Тiркеушi органның шешiмiне сот тәртібімен шағым берiлуi мүмкiн.
45-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң мүлкi
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi өзi сатып алған, кооператив өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн мүлiк оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Кооператив мүшелерi кооператив қарыздары бойынша жауап бермейдi.
46-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң Жарғысы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң Жарғысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 41 және 108-баптарында көзделген мәлiметтер болуға тиiс.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi құрылтай жиналысының шешiмi бойынша Жарғыға заңдарға қайшы келмейтiн басқа ережелер де енгiзiлуi мүмкiн.
47-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң жоғары органы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң жоғары органы кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады. Кооператив мүшелерi жиналысқа сенім бiлдiрiлген адамдар арқылы қатысуға құқылы.
Кооператив мүшелерi жалпы жиналысының ерекше құзыретiне:
1) кондоминиум объектiсiн тiркеу туралы мемлекеттік актiге, сондай-ақ Жарғыға өзгерістер енгізу қажеттiгiн белгiлеу, басқа ережелер мен қағидаларды өзгерту және қабылдау;
2) кооператив басқармасының төрағасын, басқарма мен тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау, оларға сыйақылар төлеудi шешу;
3) кооперативтiң жыл сайынғы есебiн бекіту;
4) кiрiстер мен шығыстардың жылдық бюджетi мен жылдық сметасын бекіту;
5) кооперативтiң резерв және басқа да арнаулы қорларын құру;
6) тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету орнымен кооперативтiң шарт жасасуы туралы мәселенi шешу;
7) заңды тұлғаны қоса алғанда, тұрғын үй басқарушысын шарт бойынша сырттан шақыру;
8) осы жылға арналған сметаның шығыс бөлiгiнiң жиырма бес процентiнен асатын сомаға несие алуға келісім беру;
9) үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн тоқтату жатады.
Кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi қызметiнiң кез-келген басқа да мәселелерiн өзiнiң қарауына қабылдай алады.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы жылына кемiнде бiр рет өткiзiледi. Кезектен тыс жиналыс басқарманың шешiмi бойынша не тексеру комиссиясының талап етуi бойынша не кооператив мүшелерiнiң кемiнде жиырма процентiнiң талап етуi бойынша шақырылады.
3. Алдағы жалпы жиналыс туралы кооператив мүшелерi кемiнде он күн бұрын құлақтандырылуға тиiс.
4. Кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысы не олардың сенім бiлдiрген адамдарының кемiнде елу процентi қатысқан ретте жиналыс заңды болады. Мұндай кворум болмаған ретте осы Заңның 43-бабының 5-тармағында көзделген салдарлар туады.
5. Жалпы жиналысқа қатысушы кооператив мүшелерiнiң (олардың сенім бiлдiрген адамдарының) кемiнде жиырма процентiнiң талап етуi бойынша шешiм қабылдау жасырын дауыс беру арқылы жүргiзiледi.
6. Кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысын кооператив басқармасының төрағасы, ал ол жоқта басқарма мүшелерiнiң бiрi жүргiзедi.
7. Егер осы Заңмен немесе кооператив Жарғысымен өзгеше көзделмесе, жиналыс шешiмi жиналысқа қатысушы кооператив мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Кооперативтiң әрбiр мүшесiнiң бiр даусы болады.
Егер кооперативтiң бiр мүшесiнiң бiрнеше үй-жайы болса, оның тиiсiнше дауыс саны болады. Дауыстар тең бөлiнген жағдайда жиналыс төрағасының даусы шешушi дауыс болып табылады.
8. Осы баптың 1-тармағының 1),6),7),8),9) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша, сондай-ақ ортақ мүлiктi жақсарту немесе толықтыру мәселесi бойынша шешiм қабылдау үшiн жиналысқа қатысқан кооператив мүшелерiнiң немесе олардың сенім бiлдiрген өкiлдерi даусының үштен екiсi талап етiледi.
9. Әрбiр қаржы жылы үшiн кооператив басқармасы жиналысқа қаржы есептерiн, сондай-ақ кондоминиум объектiсiн ұстау және оның жұмыс iстеуi жөнiнде күтіліп отырған шығыстарды жабуға жеткiлiктi жылдық сметалардың жобаларын ұсынады. Смета кооперативтiң резерв қорын құруды және толықтырып отыруды көздеуге тиiс.
48-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң басқармасы
және басқармасының төрағасы
1. Үй-жайлар иелерi кооперативi басқармасының сан құрамы мен өкiлеттiк мерзiмi Жарғымен белгiленедi.
2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi мүшелерi жалпы жиналысының құзыретiне ғана жататындарды қоспағанда, басқарма кооперативтiң бүкiл өкiлеттiгiн жүзеге асырады. Басқарманың құзыретiне, атап айтқанда:
1) кооператив мүшелерiнiң белгiленген мiндеттi төлемдер мен жарналарды уақытында төлеп отыруына бақылау жасау;
2) кооперативтiң бюджетiн, сметалары мен есептерiн жасау, оларды кооперативтiң жалпы жиналысының бекітуiне ұсыну;
3) кооператив атынан шарттар жасасу;
4) кондоминиум объектiсiн басқару немесе кондоминиум объектiсiн, басқаруға шарттар жасасу;
5) кондоминиум объектiсiне қызмет көрсету үшiн жұмысшылар мен қызметшiлер жалдау және оларды жұмыстан шығару;
6) кооператив мүшелерiнiң тiзiмiн, iс қағаздарын, бухгалтерлiк есеп пен есеп берудi жүргiзу;
7) жалпы жиналысты шақыру және оны өткізудi ұйымдастыру;
8) кооператив Жарғысынан туындайтын өзге де мiндеттердi орындау жатады.
3. Басқарма отырысын кооператив Жарғысында белгiленген мерзiмде төраға шақырады.
4. Басқарма отырысы оған басқарма мүшелерiнiң көпшiлiгi қатысқан жағдайда заңды болып танылады.
5. Кооператив басқармасының төрағасы азаматтық айналымда, мемлекеттік және сот органдарында кооперативтiң сенімхатсыз өкiлi болуға құқылы.
6. Егер үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн онға жетпейтiн мүше бiрiктiрсе, басқарма мiндеттерi кооператив төрағасына жүктелуi мүмкiн.
7. Кооператив төрағасының құқықтары мен мiндеттерi Жарғымен белгiленедi.
8. Кооператив басқармасының немесе оның төрағасының iс-әрекеттерiне кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысында шағым жасалуы мүмкiн.
49-бап. Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң тексеру комиссиясы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң тексеру комиссиясы кооператив қызметiнiң кез келген учаскесiне қаржы жөнiнен тексеру жүргiзуге құқылы. Тексеру комиссиясы кооператив басқармасының жыл сайынғы есебi бойынша және басқарма табыс еткен кiрiстер мен шығыстар сметасы бойынша қорытынды бередi.
2. Басқарма мүшелерi мен олардың отбасы мүшелерi, не басқарма мүшесiмен бiр пәтерде тұратын меншiк иелерi бiр мезгiлде тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
3. Егер кооператив онға жетпейтiн мүшенi бiрiктiрсе, тексеру комиссиясының орнына тексерушi сайлануы мүмкiн.
50-бап. Үй-жайлар иелерiнiң ортақ шығыстарға қатысуы
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi ортақ мүлiктi ұстау және пайдалану жөніндегі ортақ шығыстарға өз үлесi мөлшерiнде қатысуға мiндеттi. Егер кооператив Жарғысында өзгеше көзделмесе, мiндеттi төлемдер ай сайын төленiп отырады.
Мiндеттi және жалпы үйдi қажетiнше пайдалануды қамтамасыз ететiн шығыстар қатарына жатпайтын қосымша шығыстар үй-жайлар (пәтерлер) иелерiне олардың келісімiнсiз жүктеле алмайды.
2. Тұрғын емес үй-жайлардың иелерi ортақ мүлiктi пайдалану жөнiнде, өздерi жүзеге асыратын өндiрiстiк, сауда және сол сияқты қызметке байланысты белгiленген сметадан тыс шығыстарды жабуға мiндеттi.
Үй-жайлар иелерiнiң өздерiне үй-жайлар иелерiнiң кооперативi берген пайдаланылуы шектеулi ортақ мүлiктi немесе жер учаскесiн жеке пайдалануына байланысты шығыстары нақ осы тәртiппен жабылады.
3. Ортақ мүлiктi жеке мақсаттар үшiн пайдалануға байланысты шығыстарды сол мүлiктi шектеулi пайдалануға құқығы бар меншiк иесi өтеуге тиiс.
4. Үй-жайлардың иелерi жалпы шығыстар шотына мiндеттi төлемдердi кешiктiрген ретте мерзiмiнен асқан әрбiр күн үшiн келесi айдың алғашқы күнiнен бастап қарыз сомасына заңдарда белгiленген мөлшерде өсiм есептеледi.
Үй-жайлар иелерi кооперативiнiң мүшесi берешегiн белгiленген төлем уақытынан кейiнгi үш айдың iшiнде орынды себепсiз өтемеген ретте кооператив қарызды күштеп өндiрiп алу туралы сотқа жүгiнуге құқылы.
Өндiрiп алуға жүгiну Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
51-бап. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативiн тоқтату
1. Үй-жайлар иелерiнiң кооперативi мынадай жағдайларда:
1) жер учаскесi мемлекеттік қажеттер үшiн алынған (сатып алынған) ретте;
2) кондоминиум объектiсiн басқарудың басқа нысанына көшу туралы үй-жайлар иелерiнiң қабылдаған шешiмi бойынша;
3) өрт, жер сiлкiнiсi немесе өзге де зiлзалалар салдарынан үйдiң елу проценттен астамы зақымдалған (қираған) жағдайда тұрғын жайдың зақымдалған (қираған) бөлiгiн қалпына келтiрмеу жөнiнде үй-жайлар иелерiнiң қабылданған шешiмi бойынша;
4) кондоминиумды тоқтатқан ретте тоқтатылуы мүмкiн.
2. Кооперативтi тоқтатқан ретте оның борыштарды өтегеннен кейiн қалған мүлкi, егер меншiк иелерiнiң арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, кооператив мүшелерiнiң арасында олардың ортақ мүлiктегi үлестерiне мөлшерлi бөлiнедi.
3. Кооперативтiң тоқтатылуы оның құрылуы сияқты тiркеледi.
8-тарау. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс
Кооперативтерi
52-бап. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiн
құру
1. Азаматтар тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiне кіруге құқылы.
2. Тұрғын үй кооперативтерi пәтерлерi немесе өзге де тұрғын үй-жайлары кооператив мүшелерiне берiлетiн тұрғын үйдi сатып алу үшiн құрылады.
3. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi тұрғын үй салып, оны кейiннен кооператив мүшелерiнiң тұруына тұрғын үй-жайлар ретiнде пайдалану үшiн құрылады.
Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейiн тұрғын үй-құрылыс кооперативi тұрғын үй кооперативiнiң мәртебесiн алады.
4. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiн басқару, егер осы тараудың және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларына қайшы келмесе, үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн басқару үшiн осы Заңмен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
53-бап. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс
кооперативтерiне мүше болу шарттары
1. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшелерiнiң саны кәмелетке толған үш азаматтан кем болмауы керек.
2. Меншiктi тұрғын үйiнiң болуы, егер аталған кооперативтiң Жарғысында өзгеше көзделмесе, тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiне кіруге кедергi болмайды.
3. Егер кооператив Жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесi пайдалануға құқылы үй-жайлардың (пәтерлердiң) санына, сондай-ақ олардың мөлшерiне шек қойылмайды.
4. Пайдалануына кооперативтiк пәтер (тұрғын үй-жай) алған тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiнiң мүшелерi сол елдi мекенде орналасқан, мемлекеттік тұрғын үй қорының құрамына енетiн тұрғын үйден шығарылуға тиiс.
54-бап. Кооператив мүшесiне тұрғын үй-жай беру
1. Тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшелерiнiң арасында тұрғын үй-жайларды бөлу енгiзiлген немесе енгiзiлетiн пай жарналарының сомасына сәйкес кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмiмен жүргiзiледi.
Пай жарналарының мөлшерi кооператив мүшесiне берiлетiн үй-жайдың (пәтердiң) пайдалы алаңының жалпы үй алаңына қатынасымен анықталатын үлесiне сәйкес белгiленедi.
2. Кооперативтiң жалпы құрылтай жиналысының шешiмiмен пай жарналарын төлеу (пай қорларын құру) мерзiмдерi белгiленедi. Бастапқы жарна пай жарнасының кемiнде үштен бiрiн құрауға тиiс.
55-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативтерiн
қаржылай (несиелей) қолдау
1. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi заңдармен белгiленген тәртiппен мемлекеттен, меншiктiң мемлекеттік емес нысанына негiзделген заңды тұлғалардан, азаматтардан ақшалай қарыздар және өзге де материалдық көмек алуына болады.
2. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiнiң де жалпы негiздерде несиелер алуына болады.
56-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң Жарғысы
1. Тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативтерi кооператив мүшелерiнiң жалпы құрылтай жиналысында қабылданған Жарғы негiзiнде жұмыс iстейдi.
Жиналысқа кооператив мүшелiгiне кiретiн адамдардың немесе олар сенім бiлдiрген адамдардың кемiнде үштен екiсi қатысуға тиiс.
Жарғы жалпы құрылтай жиналысына қатысушылардың үштен екi көпшiлiк даусымен қабылдануы мүмкiн.
2. Кооператив Жарғысында:
1) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 41 және 108-баптарында белгiленген мәлiметтер;
2) кіру жарналары мен өзге де жарналардың мөлшерi;
3) тұрғын үй-жайларды жалға берудiң немесе оны тұрғын үй емес мақсатта пайдаланудың тәртібі;
4) тұрғын үй-жайларға уақытша тұрғындарды тұрғызу шарттары;
5) жиналған пайды бөлген ретте тұрғын үй-жайларды пайдалану тәртібі;
6) кооператив мүшесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн басқа адамдарға берудiң тәртібі мен шарттары;
7) үйдегi тұрғын үй-жайларды пайдаланудың өзге де шарттары көзделуге тиiс.
57-бап. Кооперативтi және оған тиесiлi жылжымайтын
мүлiктi тiркеу
1. Тұрғын үй және тұрғын-үй-құрылыс кооперативтерi заңды тұлғаларды тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
2. Тiркелген кезiнен бастап кооператив заңды тұлға құқығын алады.
3. Меншiк құқығымен кооперативке тиесiлi жылжымайтын мүлiк, соның iшiнде тұрғын үй жылжымайтын мүлiктi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
Бұл орайда кооперативтiң әрбiр мүшесiне пайдалануға берiлетiн әрбiр пәтер (тұрғын үй-жай) және тұрғын үйдегi адам тұрмайтын үй-жай тiркеледi.
58-бап. Кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерiнiң құқықтары
1. Тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшесiнiң отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
2. Егер жиналған пайға төлемдер ерлi-зайыптылар бiрлесiп өмiр сүрген кезеңде төленсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше белгiленбеген болса, жиналған пайдың бiр бөлiгiне кооператив мүшесi зайыбының (жұбайының) құқығы танылуы мүмкiн.
3. Қайтыс болған кооператив мүшесi мұрагерiнiң пай жинауға құқығы танылуы мүмкiн.
4. Жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерi пайдаланылып отырған үй-жай жөнiнде нақ кооператив мүшесi сияқты құқықтар мен мiндеттердi пайдаланады.
Кооператив мүшесi отбасының басқа мүшелерi кооператив мүшесiнiң үй-жайында тұрақты тұру (пайдалану) құқығын пайдаланады.