«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 Қаулысы
(2022.23.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен тықырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2022.06.12. № 986 Қаулысымен кіріспе жаңа редакцияда (2022 ж. 23 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 15) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесі бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттары айқындалсын.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы № 511 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 22, 270-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы № 511 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі № 328 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 144-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.06.05. № 271 Қаулысымен (бұр.ред.қара) ереже жаңа редакцияда; ҚР Үкіметінің 2022.06.12. № 986 Қаулысымен қағида жаңа редакцияда (2022 ж. 23 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 11 маусымдағы
№ 573 қаулысымен
бекітілген
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 15) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына (бұдан әрі – № 470 Жарлық) сәйкес әзірленді және «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткер – Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерінде соңғы 2 (екі) жыл ішінде тұратын және еңбек қызметін жүзеге асыратын және магистр дәрежесін алу үшін конкурсқа қатысатын үміткер;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясы (бұдан әрі – «Болашақ» стипендиясы) – Қазақстан Республикасы азаматтарының күндізгі оқу нысаны бойынша шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарында оқуы немесе санаттарын Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жұмыскерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия;
3) «Болашақ» стипендиясының әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – шетелде кадрлар даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары, оның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;
4) «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпазы (бұдан әрі – конкурс жеңімпазы) – осы Қағидаларда көзделген барлық турлардан өткен және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес «Болашақ» стипендиясы тағайындалған үміткер;
5) жұмыс беруші – жұмыскер Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы, оның филиалы, өкілдігі;
6) инженерлік-техникалық қызметкер – өндірістік процесті (өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, өңдеуді/қайта өңдеуді), оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында ұйымдастыру мен басқаруды, сондай-ақ ұйымдағы тікелей өндірістік қызметті жүзеге асыратын, «Болашақ» стипендиясы шеңберінде техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша оқыту үшін мамандығының таңдаған саласында кемінде 1 (бір) жыл жалпы өтілі бар жеке тұлға;
7) кешенді тестілеу – зияткерлік қабілеті, тұлғалық-іскерлік құзыреттер деңгейін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын айқындау бойынша тестілеу;
8) магистратура алдындағы дайындық – егер бұл академиялық оқуға қабылдау үшін оқу орнының міндетті талабы болса, конкурс жеңімпаздарын академиялық оқитын елінде 2 (екі) айдан аспайтын мерзімде шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру жүйесіне және оқыту әдістеріне бейімдеп дайындау;
9) медицина қызметкері – медициналық ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын және тікелей медициналық көмек көрсететін, «Болашақ» стипендиясы шеңберінде медициналық бағыттағы мамандықтар бойынша оқу үшін жалпы медициналық өтілі кемінде 1 (бір) жыл, жоғары медициналық білімі бар жеке тұлға;
10) тәуелсіз сараптамалық комиссия – «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына (бұдан әрі – конкурс) қатысатын үміткермен жеке әңгімелесуді жүзеге асыратын, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы жанындағы консультативтік-кеңесші орган;
11) үміткер – осы Қағидаларда көзделген талаптар мен шарттарға сай келетін және конкурсқа қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;
12) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия – «Болашақ» стипендиясы мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі – Республикалық комиссия);
13) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – жұмыс органы).
3. «Болашақ» стипендиясы дербес болып табылады және оны «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесіне сәйкес Республикалық комиссия:
1) конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын, конкурсқа қатысу сәтінде немесе кейінгі жылдары бекітілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасы азаматтарының күндізгі оқу нысаны бойынша магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін оқуы, резидентурада оқуы;
2) конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының базасындағы шетелдік ұйымдарда, сондай-ақ әлемге танылған ғылыми-зерттеу орталықтарында, зерттеу науқандары шеңберінде ғылыми ұйымдарда, салалық ұйымдарда және өндірісте 12 (он екі) айға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан Республикалық комиссия айқындайтын қызметкерлер санаттарының тағылымдамадан өтуі мақсатында тағайындайды.
Жұмыс органы конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін (бұдан әрі – тізім), сондай-ақ тізімді қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін (бұдан әрі – тізбе) № 470 Жарлыққа сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өтінімдер негізінде жұмыс органы әзірлейді.
Тізбені халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның еңбек нарығы қажеттілігінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, мамандықтар бағыттары бойынша стипендиялардың шекті санын анықтау арқылы жұмыс органы қалыптастырады.
4. «Болашақ» стипендиясы мынадай санаттарға тағайындалады:
1) академиялық оқуға өз бетінше түскен немесе тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқитын магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға үміткерлер;
2) ауылдық елді мекеннен шыққан магистр дәрежесін алуға үміткерлер;
3) конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде инженерлік-техникалық қызметкерлер болып табылатын магистр дәрежесін алуға үміткерлер;
4) конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде медицина қызметкерлері болып табылатын магистр дәрежесін алуға үміткерлер;
5) конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру кезінде Республикалық комиссия айқындаған Қазақстан Республикасы ұйымдарының қызметкерлері санатына жататын, жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде мамандығының таңдаған саласында үзіліссіз соңғы 12 (он екі) ай жұмыс өтілі бар «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 2-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда, құжаттар тапсыру кезінде ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы ескеріліп, талап етілген кезең үшін міндетті зейнетақы аударымдары расталған тағылымдамадан өтуге үміткерлер.
5. Құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін жұмыс органы жыл сайын бекітеді және Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында құжаттарды қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей орналастырады.
6. «Болашақ» стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады және:
«Болашақ» стипендиясын тағайындауға үміткерлердің құжаттарын қабылдауды ұйымдастыру және өткізу;
оқу, кепіл және (немесе) кепілдік шарттарын жасасу;
стипендиаттардың академиялық оқуын және тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру және мониторингілеу;
оқытуды және тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру;
стипендиаттардың Қазақстан Республикасының аумағында еңбекпен өтеу бөлігінде шарт талаптарын орындауына мониторинг жүргізу;
халықаралық әріптестермен, шетелдік оқу орындарымен стипендиаттарды оқытуды ұйымдастыруға арналған шарттар жасасу;
«Болашақ» стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру жөніндегі қызметтерді көрсетуге байланысты, оның ішінде «Болашақ» стипендиясы бойынша іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі шығыстарды төлеу;
үміткерлер үшін кешенді тестілеуді өткізу бойынша қызметтерге ақы төлеу;
үміткерлермен дербес әңгімелесу өткізгені үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерінің қызметтеріне ақы төлеу;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын «Болашақ» стипендиясын жұмсау бағыттары бойынша шығыстарды төлеу (бұдан әрі –жұмсау бағыттары).
7. «Болашақ» стипендиясы тағылымдамадан өту, әрбір дәрежені (магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор) алу, резидентурада оқу үшін бір рет тағайындалады.
Бұрын тағайындалған стипендияны пайдаланбаған және оқуға немесе тағылымдамаға кіріспеген адамдардың әкімші алдында берешегі болмаған жағдайда оларға «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қайтадан қатысуға бір рет мүмкіндік беріледі.
8. Конкурсқа қатысуға жоғары білімі не бакалавр дәрежесі бар және осы Қағидалардың шарттары мен талаптарына сәйкес құжаттарын ұсынған, тілдік курстарда оқуға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен еңбекпен өтеуге кететін жиынтық мерзімдерін ескергенде құжат тапсырған кезде заңнамада жалпы белгіленген зейнеткерлік жас шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.
Жұмыс органы үміткерлер үшін мемлекеттік тілді меңгерудің қажетті ең төменгі деңгейін бекітеді. Үміткерлер үшін шет тілін білудің қажетті ең төменгі деңгейін жұмыс органы шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік серіктестердің талаптарын ескере отырып айқындайды және бекітеді.
«Болашақ» стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған, ғылыми тағылымдамадан өту шеңберінде тағылымдамадан өткен және еңбекпен өтеу бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған, сондай-ақ әкімші алдында оқытуға/тағылымдамадан өтуге жұмсалған бюджет қаражатын қайтаруға байланысты берешегі бар адамдар «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
2-тарау. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін магистр дәрежесін алуға үміткерлерге қойылатын талаптар
9. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлердің магистр дәрежесін алуға конкурсқа қатысу шарттары мынадай болып табылады:
1) ауылдық елдi мекендерден шыққан үміткерлерді, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлерін қоспағанда, тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылдануы (қаржылық шарттарды қоспағанда).
Тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар магистр дәрежесін тағайындау үшін академиялық оқудың бүкіл кезеңі үшін академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық өтей отырып, ұсынатын магистр дәрежесін тағайындау үшін өтеусіз негізде академиялық оқуға шартсыз шақыруы (қабылдауы) бар үміткердің конкурсқа қатысуына жол беріледі;
2) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес мемлекеттік тілді білуі;
3) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес шет тілін білуі;
4) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлері үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балы кемінде 3.0 (4.0/4.33) GPA-ге немесе жұмыс органы бекітетін «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалығы кестесіне (бұдан әрі – бағалар баламалылығы кестесі) сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;
5) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлері үшін бакалавр/маман дипломы бойынша мамандығының жұмыс органы бекітетін «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқуы үшін мәндес мамандықтар тізбесіне (бұдан әрі – мәндес мамандықтар тізбесі) сәйкес таңдаған мамандыққа сәйкес келуі.
10. Үміткерлер магистр дәрежесін алуға конкурсқа қатысу үшін әкімшіге «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурсқа қатысу үшін толтырылған сауалнама (бұдан әрі – сауалнама);
2) портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған паспорт (сканерленген көшірмесі) және жеке куәлік;
3) қосымшасымен бірге бакалавр немесе маман дипломы, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымында оқыған болса, білімі туралы құжатты тану туралы куәлік не Заңның 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжат;
4) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлері үшін еңбек қызметін растайтын құжаттар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 2-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда, портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқордан алынған осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметінің кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді;
5) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
6) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
7) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);
8) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлерді, инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлерін қоспағанда, оқу бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар, академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжаттардың (қаржылық шарттарды қоспағанда) көшірмелері;
9) тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар академиялық оқудың бүкіл кезеңі үшін академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық өтей отырып ұсынатын, мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармалары бар (бар болса), академиялық оқуға үміткердің өтеусіз негізде қабылданғанын растайтын құжаттардың көшірмелері;
10) тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын адамдар үшін шетелдік жоғары оқу орны берген үлгерімі туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты, сондай-ақ осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімінің орташа балы көрсетілген белгіленген үлгідегі анықтама, бар болса, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы;
11) ауылдық елді мекеннен шыққан үміткердің тұрғылықты жері туралы әкімші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқорлардан алған мәліметтер.
3-тарау. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға үміткерлерге қойылатын талаптар
11. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға конкурсқа қатысу шарттары мынадай болып табылады:
1) тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылдануы (қаржылық шарттарды қоспағанда).
Тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін тағайындау, резидентурада оқу үшін академиялық оқудың бүкіл кезеңі үшін академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық өтей отырып, ұсынатын философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін тағайындау, резидентурада оқу үшін академиялық оқуға өтеусіз негізде шартсыз шақыруы (қабылдауы) бар үміткердің конкурсқа қатысуына жол беріледі;
2) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес мемлекеттік тілді білуі.
12. Үміткерлер философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға конкурсқа қатысу үшін әкімшіге портал арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) толтырылған анкета;
2) портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған паспорт (сканерленген көшірмесі) және жеке куәлік;
3) қосымшасымен бірге бакалавр немесе маман дипломы, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымында оқыған болса, білімі туралы құжатты тану туралы куәлік не Заңның 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжат;
4) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);
6) мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар, оқу бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжаттардың көшірмелері (қаржылық шарттарды қоспағанда);
7) тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар академиялық оқудың бүкіл кезеңі үшін академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық өтей отырып ұсынатын, мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармалары бар (бар болса), академиялық оқуға үміткердің өтеусіз негізде қабылданғанын растайтын құжаттардың көшірмелері;
8) тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын адамдар үшін шетелдік жоғары оқу орны берген үлгерімі туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты, сондай-ақ осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімінің орташа балы көрсетілген белгіленген үлгідегі анықтама, бар болса – мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы;
9) тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орнымен келісілген және осы шетелдік жетекші жоғары оқу орны философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін белгілеген мерзімдерден аспайтын, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар жеке оқу жоспары.
4-тарау. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін
тағылымдамадан өтуге үміткерлерге қойылатын талаптар
13. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін тағылымдамадан өтуге конкурсқа қатысу шарттары мынадай болып табылады:
1) тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның сөзсіз (қаржылық шарттарды қоспағанда) шақыруының болуы;
2) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес мемлекеттік және шет тілдерін білу.
14. Тағылымдамадан өтуге үміткерлер конкурсқа қатысу үшін әкімшіге портал арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) толтырылған анкета;
2) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша жұмыс орнын сақтап қалу шартымен маман даярлауға жұмыс берушінің өтінімі;
3) портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған паспорт (сканерленген көшірмесі) және жеке куәлік;
4) қосымшасымен бірге бакалавр немесе маман дипломы, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымында оқыған болса, білімі туралы құжатты тану туралы куәлік не Заңның 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжат;
5) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 2-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда, портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқордан алынған еңбек қызметін растайтын құжаттар, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметі кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірме;
6) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
7) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);
9) тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның тізбеден таңдалған тағылымдамадан өтетін мамандығы, мерзімдері, құны (толық есептеулері жазылған) көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар сөзсіз (қаржылық шарттарды қоспағанда) шақыруын растайтын құжаттар;
10) жұмыс органы белгілейтін талаптарға сәйкес құрылған және тағылымдамаға жіберуші және қабылдаушы ұйымдар бекітетін тағылымдамадан өту бағдарламасы.
5-тарау. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қатысуға
үміткерлердің құжаттарын қабылдау және қарау тәртібі
15. Үміткер құжаттар жиынтығын жұмыс органы бекіткен құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде портал арқылы береді.
Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша үміткерге порталдағы жеке кабинетіне құжаттардың қабылданғаны және конкурсқа қатысуға рұқсат берілгені туралы немесе құжаттардың жұмыс органына жеке тәртіппен қарау үшін жіберілгені не оларды қабылдаудан дәлелді бас тартылғаны туралы хабарлама жіберіледі.
Құжаттар осы Қағидалардың талаптары мен шарттарына сәйкес келмеген, сондай-ақ құжаттар жиынтығы толық ұсынылмаған жағдайда үміткер кемшіліктерді жояды және құжаттарды қабылдау үшін белгіленген мерзім кезеңінде құжаттар жиынтығын қайта тапсыра алады.
Конкурсқа қатысуға рұқсат алу үшін үміткердің және құжаттар жиынтығының осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарауды әкімші жүзеге асырады.