«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 Қаулысы
(2020.06.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2022 жылғы 6 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен тықырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 15) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесі бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттары айқындалсын.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы № 511 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 22, 270-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы № 511 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі № 328 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 144-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.06.05. № 271 Қаулысымен (бұр.ред.қара) ереже жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 11 маусымдағы
№ 573 қаулысымен
бекітілген
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 4-бабының 15) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес әзірленді және «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткер - бұл Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерінде тұратын және еңбек қызметін жүзеге асыратын және магистр дәрежесін алу үшін конкурсқа қатысатын үміткер;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясы (бұдан әрі - «Болашақ» стипендиясы) - Қазақстан Республикасы азаматтарының күндізгі оқу нысаны бойынша шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарында оқуы немесе санаттарын Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жұмыскерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия;
3) «Болашақ» стипендиясының әкімшісі (бұдан әрі - Әкімші) - шетелде кадрлар даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары, оның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;
4) «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпазы (бұдан әрі - конкурс жеңімпазы) - осы Қағидаларда көзделген барлық турлардан өткен және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес «Болашақ» стипендиясы тағайындалған үміткер;
5) жұмыс беруші - жұмыскер Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы, оның филиалы, өкілдігі;
6) кешенді тестілеу - зияткерлік қабілеті, тұлғалық-іскерлік құзыреттер деңгейін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын айқындау бойынша тестілеу;
7) магистратура алдындағы дайындық - конкурс жеңімпаздарын академиялық оқитын елінде 2 (екі) айдан аспайтын мерзімде шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың білім беру жүйесіне және оқыту әдістеріне бейімдеп дайындау;
8) тәуелсіз сараптамалық комиссия - «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына (бұдан әрі - конкурс) қатысатын үміткермен жеке әңгімелесуді жүзеге асыратын, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы жанындағы консультативтік-кеңесші орган;
9) үміткер - осы Қағидаларда көзделген талаптар мен шарттарға сай келетін және конкурсқа қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;
10) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия - «Болашақ» стипендиясы мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган (бұдан әрі - Республикалық комиссия);
11) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Жұмыс органы).
3. «Болашақ» стипендиясы дербес болып табылады және оны «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесіне сәйкес Республикалық комиссия:
1) конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын, конкурсқа қатысу сәтінде немесе кейінгі жылдары бекітілген Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасы азаматтарының күндізгі оқу нысаны бойынша магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін оқуы, резидентурада оқуы;
2) конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының базасындағы шетелдік ұйымдарда, сондай-ақ әлемге танылған ғылыми-зерттеу орталықтарында, зерттеу науқандары шеңберінде ғылыми ұйымдарда, салалық ұйымдарда және өндірісте 12 (он екі) айға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан Республикалық комиссия айқындайтын қызметкерлер санаттарының тағылымдамадан өтуі мақсатында тағайындайды.
Жұмыс органы конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін (бұдан әрі - Тізім), сондай-ақ Тізімді қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін (бұдан әрі - Тізбе) «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өтінімдер негізінде Жұмыс органы әзірлейді.
Тізбені халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның еңбек нарығы қажеттілігінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, мамандықтар бағыттары бойынша стипендиялардың шекті санын анықтап, жұмыс органы қалыптастырады.
4. «Болашақ» стипендиясы мынадай санаттарға тағайындалады:
1) магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға үміткерлер, оның ішінде магистр дәрежесін алуға ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер;
2) конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсыру кезінде Қазақстан Республикасы ұйымдарының Республикалық комиссия айқындаған қызметкерлер санатына жататын, кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде мамандығының таңдаған саласында соңғы 12 (он екі) ай жалпы жұмыс өтілі бар тағылымдамадан өтуге үміткерлер.
5. Құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін Жұмыс органы жыл сайын бекітеді және Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында құжаттарды қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күн бұрын орналастырады.
6. «Болашақ» стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады және:
«Болашақ» стипендиясы бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру, оның ішінде «Болашақ» стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыруды ақпараттық қамтамасыз ету бойынша қызметтерді көрсетуге байланысты шығыстардың төлемін;
үміткерлер үшін кешенді тестілеу жүргізу бойынша қызметтер төлемін;
үміткерлермен жеке әңгімелесу жүргізгені үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері қызметтерінің төлемін;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын «Болашақ» стипендиясын жұмсау бағыттары (бұдан әрі - Жұмсау бағыты) бойынша шығыстардың төлемін қамтиды.
7. «Болашақ» стипендиясы тағылымдамадан өту, әрбір дәрежені (магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор) алу, резидентурада оқу үшін бір рет тағайындалады.
Бұрын тағайындалған стипендияны пайдаланбаған және оқуға немесе тағылымдамаға кіріспеген тұлғалардың Әкімші алдында берешегі болмаған жағдайда оларға «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қайтадан қатысуға бір рет мүмкіндік беріледі.
8. Конкурсқа қатысуға жоғары білімі не бакалавр дәрежесі бар және осы Қағидалардың шарттары мен талаптарына сәйкес құжаттарын ұсынған, тілдік курстарда оқуға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен еңбекпен өтеуге кететін жиынтық мерзімдерін ескергенде құжат тапсырған кезде заңнамада белгіленген зейнеткерлік жас шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.
Жұмыс органы үміткерлер үшін мемлекеттік тілді меңгерудің қажетті ең төменгі деңгейін бекітеді.
Үміткерлер үшін шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін Жұмыс органы шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік серіктестердің талаптарын ескере отырып айқындайды және бекітеді.
«Болашақ» стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған тұлғалар «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
2. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін магистр
дәрежесін алуға үміткерлерге қойылатын талаптар
9. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлердің магистр дәрежесін алуға конкурсқа қатысу шарттары мынадай болып табылады:
1) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлерді қоспағанда, Тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылдануы (қаржылық шарттарды қоспағанда);
2) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес мемлекеттік тілді білуі;
3) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес шет тілін білуі;
4) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балы кемінде 2.67 (4.0/4.33) GPA-ге немесе Жұмыс органы бекітетін «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалығы кестесіне (бұдан әрі - бағалар баламалылығы кестесі) сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;
5) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін соңғы 3 (үш) жылда ауылдық елдi мекенде тұруы және соңғы 2 (екі) жылды еңбек қызметін ауылдық елдi мекенде жүзеге асыруы;
6) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін Жұмыс органы бекітетін «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқуы үшін мәндес мамандықтар тізбесіне (бұдан әрі - мәндес мамандықтар тізбесі) сәйкес таңдаған мамандығының бакалавр/маман дипломы бойынша мамандыққа сәйкес келуі.
10. Үміткерлер магистр дәрежесін алуға конкурсқа қатысу үшін Әкімшіге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Жұмыс органы бекітетін нысан бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурсқа қатысу үшін толтырылған сауалнама (бұдан әрі - сауалнама);
2) паспорт және жеке куәлік;
3) қосымшасымен бірге бакалавр немесе маман дипломы, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымында оқыған болса - білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік не Заңның 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжат;
4) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін еңбек қызметін растайтын құжаттар, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметі кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді;
5) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлер үшін белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
6) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
7) шетелге шығатын тұлғалар үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
8) ауылдық елдi мекеннен шыққан үміткерлерді қоспағанда, оқу бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар, академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжаттардың (қаржылық шарттарды қоспағанда) көшірмелері;
9) Тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын тұлғалар үшін шетелдік жоғары оқу орны берген үлгерімі туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты, сондай-ақ осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімінің орташа балын көрсететін белгіленген үлгідегі анықтама, бар болса - мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы;
10) ауылдық елді мекеннен шыққан үміткердің тұрғылықты жері туралы Әкімші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және дерекқорлардан алған мәліметтер.
3. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға үміткерлерге қойылатын талаптар
11. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға конкурсқа қатысу шарттары мынадай болып табылады:
1) Тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылдануы (қаржылық шарттарды қоспағанда);
2) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес мемлекеттік тілді білуі.
12. Үміткерлер философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға конкурсқа қатысу үшін Әкімшіге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) толтырылған сауалнама;
2) паспорт және жеке куәлік;
3) қосымшасымен бірге бакалавр немесе маман дипломы, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымында оқыған болса - білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік не Заңның 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжат;
4) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
5) шетелге шығатын тұлғалар үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
6) мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариалдық куәландырылған аудармасы бар, оқу бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжаттардың көшірмелері (қаржылық шарттарды қоспағанда);
7) Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында академиялық оқуда оқитын тұлғалар үшін шетелдік жоғары оқу орны берген үлгерімі туралы ресми құжат/мамандығын, курсын (оқу жылын), осы оқу орнында пайдаланылатын бағалау жүйесі туралы ақпаратты, сондай-ақ осы оқу орнындағы ағымдағы үлгерімінің орташа балын көрсететін белгіленген үлгідегі анықтама, бар болса - мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы;
8) Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орнымен келісілген және осы шетелдік жетекші жоғары оқу орны философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу үшін белгілеген мерзімдерден аспайтын, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар жеке оқу жоспары.
4. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін тағылымдамадан өтуге
үміткерлерге қойылатын талаптар
13. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін тағылымдамадан өтуге конкурсқа қатысу шарттары мынадай болып таблады:
1) тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның сөзсіз (қаржылық шарттарды қоспағанда) шақыруының болуы;
2) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес мемлекеттік және шет тілдерін білу.
14. Тағылымдамадан өтуге үміткерлер конкурсқа қатысу үшін Әкімшіге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) толтырылған сауалнама;
2) Жұмыс органы бекітетін нысан бойынша жұмыс орнын сақтап қалу шартымен маман даярлауға жұмыс берушінің өтінімі;
3) жеке куәлік және паспорт;
4) қосымшасымен бірге бакалавр немесе маман дипломы, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымында оқыған болса - білімі туралы құжатты тану және/немесе нострификациялау туралы куәлік не Заңның 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжат;
5) еңбек қызметін растайтын құжаттар, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметі кезеңі үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді;
6) тағылымдамадан өту үшін қабылдайтын шетелдік ұйымның талабы болған жағдайда, сондай-ақ визаны ресімдеу қажет болған кезде тағылымдамадан өту үшін тиісті нәтижесі бар, шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
7) белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат;
8) шетелге шығатын тұлғалар үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
9) тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның тағылымдамадан өту мерзімдері, құны (есептеулері толық жазылған) көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар сөзсіз (қаржылық шарттарды қоспағанда) шақыруын растайтын құжаттар;
10) Жұмыс органы белгілейтін талаптарға сәйкес құрылған және тағылымдамаға жіберуші және қабылдаушы ұйымдар бекітетін тағылымдамадан өту бағдарламасы.
5. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қатысуға
үміткерлердің құжаттарын қабылдау және қарау тәртібі
15. Үміткер құжаттар жиынтығын «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы Жұмыс органы бекіткен құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде береді.
Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша үміткерге порталдағы жеке кабинетіне құжаттардың қабылданғаны және конкурсқа қатысуға рұқсат берілгені туралы немесе құжаттардың Жұмыс органына жеке тәртіппен қарау үшін жіберілгені не оларды қабылдаудан дәлелді бас тартылғаны туралы хабарлама жіберіледі.
Құжаттар осы Қағидалардың талаптары мен шарттарына сәйкес келмеген, сондай-ақ құжаттар жиынтығы толық ұсынылмаған жағдайда үміткер кемшіліктерді жояды және құжаттарды қабылдау үшін белгіленген мерзім кезеңінде құжаттар жиынтығын қайта тапсыра алады.
Конкурсқа қатысуға рұқсат алу үшін үміткердің және құжаттар жиынтығының осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарауды Әкімші жүзеге асырады.
16. Мына:
1) конкурсқа қатысу үшін үміткер ұсынған дипломда (бакалавр немесе маман) көрсетілген мамандық атауы мәндес мамандықтар тізбесінде болмаған;
2) академиялық оқуға тіркелгенін растау құжатында көрсетілген мамандық атауы Тізбеден таңдап алынған мамандық атауына сәйкес келмеген;
3) үміткер ұсынған (бакалавр немесе маман) диплом немесе ағымдағы үлгерімі туралы анықтама бойынша оқуды бағалау жүйесі бағалар баламалылығы кестесінің бағалау жүйесіне сәйкес келмеген;
4) Тізімде медициналық мамандықтар не өнер саласындағы мамандықтар бойынша мамандарды даярлауды жүзеге асыратын мамандандырылған шетелдік жоғары оқу орны болмаған;
5) құжаттарды тапсыру сәтінде тілдік курстарда оқуға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен еңбекпен өтеуге кететін жиынтық шекті мерзімдер заңнамада белгіленген зейнеткерлік жас шегінен асып кеткен жағдайларда Әкімші құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Жұмыс органы үміткерлердің материалдарын қарауды және конкурсқа жіберу туралы шешім қабылдауды жеке тәртіппен жүзеге асырады.
17. Осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларда құжаттары Жұмыс органына қарауға жіберілген үміткерлерге Жұмыс органы шешім қабылдаған күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Әкімші конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы не конкурсқа қатысуға рұқсат беруден бас тарту туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Құжаттар жеке тәртіппен қаралған жағдайларда үміткерді конкурсқа қатысуға жіберуден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) дипломда көрсетілген (бакалавр немесе маман) мамандықтардың оқу бағдарламаларының мәндес мамандықтар тізбесінде көрсетілген мамандықтардың оқу бағдарламаларының біріне сәйкес келмеуі;
2) академиялық оқуға тіркелгенін растайтын құжатта көрсетілген мамандықты алуға арналған оқу бағдарламасының Тізбеден таңдап алынған мамандықтың оқу бағдарламасына сәйкес келмеуі;
3) дипломның (бакалавр немесе маман) орташа балының немесе ағымдағы оқу үлгерімі туралы анықтаманың осы Қағидалардың 9-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеуі;
4) магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алу, резидентурада оқу үшін медициналық мамандықтар және өнер саласындағы мамандықтар бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыратын мамандандырылған шетелдік жоғары оқу орнының мынадай үш және одан да көп өлшемшарттарға сәйкес келмеуі:
жылына кемінде үш жарияланған оқу құралын, монография, авторлық куәлік шығару;
трансұлттық компаниялардың іске асырылған кемінде үш ірі жобасының немесе/және осы оқу орны оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен соңғы 10 жылда өткізілген ұлттық және халықаралық мәні бар жобалардың болуы;
осы оқу орны оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен халықаралық және ұлттық деңгейдегі жылына кемінде 50 көрсетілім/концерт немесе 10 конференция/көрме өткізу;
осы оқу орнының халықаралық немесе/және мемлекеттік/ұлттық аккредиттеуден өткенін растайтын құжаттың болуы;
осы оқу орны базасында клиникалардың, зертханалардың немесе зерттеу орталықтарының болуы;
осы оқу орнының мамандануы саласында кемінде бір ұлттық және/немесе халықаралық сыйлығының болуы;
5) үміткердің осы Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі.
Үміткердің конкурсқа қатысуына рұқсат беруден бас тарту үшін негіз болған сәйкессіздіктер жойылған және бас тартуды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттар қайта тапсырылған жағдайда үміткер конкурсқа қатысуға жіберіледі.
Әкімші үміткердің құжаттарды тапсыру немесе конкурстан өту кезеңінде көрінеу жалған мәліметтер бергенін анықтаған жағдайда ол ағымдағы жылы конкурстық іріктеуге жіберілмейді.
6. «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру және жүргізу
18. Конкурс 3 (үш) турдан тұрады.
19. Бірінші және екінші турларды Қазақстан Республикасының ұйымдарымен және сарапшыларымен бірлесіп Әкімші ұйымдастырады және өткізеді.
Бірінші турда үміткердің зияткерлік қабілеттілік деңгейін, сондай-ақ тұлғалық-іскерлік құзыреттерін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтау бойынша кешенді тестілеу жүргізіледі.
20. Екінші тур үміткерлердің тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес анонимді әңгімелесуін ұйымдастыру арқылы өткізіледі. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның құрамын, жұмыс тәртібі мен оны ұйымдастыруды Жұмыс органы бекітеді.
Екінші турда үміткердің кәсіптік дайындық деңгейі, теориялық білімі және таңдаған мамандану саласы бойынша кәсіптік құзыреттерінің болуы анықталады.
Әкімші бірінші және екінші турдың өтетін орны мен уақытын айқындап, бұл туралы электрондық/телефон байланысы арқылы күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей үміткерді хабардар етеді.
21. Тәуелсіз сараптамалық комиссия бірінші турдың нәтижелерін ескере отырып, Жұмыс органы бекітетін нысан бойынша әрбір үміткерге ұсыным дайындайды.