Қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы № 534 Қаулысы
Осы редакция 2007 жылғы 13 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
2) қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 27 маусымдағы
№ 534 қаулысымен
бекітілген
Қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті
лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы, «Темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы, «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі, «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы, «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Ереже темір жол, теңіз, өзен, автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдауға лицензиялар беру тәртібін белгілейді.
3. Темір жол, теңіз, өзен, автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаларын Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары (бұдан әрі - лицензиар) береді.
4. Лицензиялардың түрлері мен қолданылуын мынадай белгілері
бойынша ажырату қажет:
субъектілер бойынша:
1) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына берілетін;
2) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және халықаралық ұйымдарға берілетін лицензиялар.
Субъектілердің біліктілік деңгейі осы Ереженің талаптарына сәйкес болуы тиіс;
қызмет көлемі бойынша:
1) бас қызмет - қолданылу мерзіміне шек қойылмай қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға берілетін;
2) біржолғы - рұқсат берілген мерзім, көлем, салмақ немесе мөлшер шегінде белгілі бір шаруашылық операциясымен айналысуға (заттай не ақшалай түрде) берілетін лицензиялар.
2. Лицензиялауға жататын қызмет
5. Көлік саласындағы лицензиялауға қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызмет жатады, ол мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
1) қауіпті жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау;
2) қауіпті жүктерді теңіз көлігімен тасымалдау;
3) қауіпті жүктерді өзен көлігімен тасымалдау;
4) қауіпті жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау.
3. Лицензияларды беру тәртібі
6. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны жеке немесе заңды тұлғаның тіркелу орны бойынша лицензиар береді.
7. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін жеке және заңды тұлғалар мынадай құжаттарды ұсынады:
1) белгіленген үлгідегі өтініш;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
8. Лицензиясы бар қызмет түрі шеңберінде лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) белгіленген үлгідегі өтініш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) біліктілік талаптарына (кіші қызмет түріне) сәйкес мәліметтер мен құжаттар.
Кіші қызмет түрлері көрсетілген лицензияға қосымша, лицензияның ажырамас бөлігі болып табылады.
9. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру туралы шешімді лицензиар барлық қажетті құжаттарымен қоса өтінішті алған күнінен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды.
10. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартқан жағдайда лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімде өтініш берушіге бас тартудың себептері көрсетіле отырып жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
11. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген не өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себебі туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, онда мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші қызметтің өзі өтініш берген түрін және (немесе) кіші қызмет түрін жүзеге асыра бастағаны туралы лицензиарды жазбаша түрде хабардар етеді.
12. Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламасында көрсеткен күнінен бастап лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруі қажет.
13. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көрсетілген мемлекеттік органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгісі бар көшірмесі өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).
4. Лицензияның бар екендігін растайтын құжаттарды ресімдеу
14. Әрбір көлік құралына лицензияны ресімдеумен бір мезгілде қауіпті жүктерді тасымалдауға лицензияның бар екендігін растайтын құжат (бұдан әрі - есептік құжат) ресімделеді. Есептік құжат, сондай-ақ осы көлік құралын лицензияланатын қызметке пайдалануға рұқсат беретін куәлік болып табылады.
15. Бір тұлғаға қызметтің екі түріне лицензия берген кезде - көлік құралына берілген лицензияға сәйкес келетін екі есептік құжат ресімделеді. Есептік құжаттардың берілуі ақысыз жүзеге асырылады.
5. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта
ресімдеу, телнұсқаларын беру, қолданылуын тоқтату және
тоқтата тұру
16. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.
17. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, заңды тұлға бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған, атауы, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) кіші қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, лицензиат отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруі қажет.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.
18. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) жүзеге асырылуына лицензия берілген тасымалдар толық көлемде жасалғанда;
3) лицензия алып қойылғанда;
4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
5) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
6) лицензияланатын қызмет түрлері тізбесінен жекелеген қызмет түрі және (немесе) кіші қызмет түрі алып тасталғанда тоқтатылады.
19. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруы қажет.
20. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Лицензиялар тізілімі
21. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша қатаң есептегі бланктер болып табылады, бағалы қағаз деңгейінде қорғаныс дәрежесі, есептік сериясы, нөмірі болады және типографиялық әдіспен дайындалады. Оның заңды тұлғаға берілуі сенімхат бойынша, ал жеке тұлғаға - жеке куәліктің көшірмесі негізінде жүзеге асырылады.
22. Лицензиялар тізілімін жүргізуді лицензиар жүзеге асырады.
Лицензиялар тізілімі мынадай мәліметтерді қамтиды:
лицензиардың атауы;
лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның берілген күні және нөмірі;
дара кәсіпкер үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің нөмірі және берілген күні;
заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
қызмет түрі және (немесе) кіші қызмет түрлері;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күн;
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңарту негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 27 маусымдағы
№ 534 қаулысымен
бекітілген
Қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметке
қойылатын біліктілік талаптары
Қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
темір жол көлігімен:
1) аттестатталған мамандардың (мамандардың тізбесін, аттестаттауды өткізу тәртібін және қажетті білім ауқымын көлік саласындағы уәкілетті орган белгілейді);
2) қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған тасымалдау үдерісі қауіпсіздігінің техникалық талаптарына сәйкес келетін меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі жылжымалы құрамның;
3) лицензиялық қызметті жүзеге асыруға көлік құралының жарамдылығы туралы санитарлық және өрт қадағалау қорытындыларының;
4) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шарттың болуын қамтиды.
теңіз және өзен көлігімен:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тиісті біліктілігі бар жүзбелі көлік құралының жинақталған кеме экипажының;
2) қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі жүзбелі көлік құралдарының;
3) жүзбелі көлік құралымен қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру мүмкіндігін растайтын кеме қатынасы тіркелімі немесе біліктілік қоғамы қорытындысының;
4) лицензиялық қызметті жүзеге асыруға көлік құралының жарамдылығы туралы санитарлық және өрт қадағалау қорытындыларының;
5) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шарттың болуын қамтиды;
автомобиль көлігімен:
1) қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған меншік құқығындағы, жалдау шарты немесе сенімхат негізіндегі автокөлік құралдарының;
2) көлік құралының жүргізушісінде тиісті санаттағы жүргізуші ретінде кемінде 3 жыл үзіліссіз жұмыс өтілінің;
3) жүргізушіні қауіпті жүкті тасымалдауға жіберу туралы куәліктің;
4) автокөлік құралын қауіпті жүкті тасымалдауға жіберу туралы куәліктің;
5) лицензиялық қызметті жүзеге асыруға көлік құралының жарамдылығы туралы санитарлық және өрт қадағалау қорытындыларының;
6) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шарттың болуын қамтиды.