578. Ресімделген қарыз шартына қол қою Бюджет кодексінің 180-бабына сай қабылданатын кредит берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.
579. Қол қойылған қарыз шарттары өтеу, сыйақыларды (мүддені) төлеу кестесімен және басқа да қосымшалармен бірге бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тіркеуіне жатады. Бұл ретте қарыз алу шарты тіркелгеннен кейін ғана күшіне енеді.
580. Жергілікті атқарушы органдар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға кредит қаражаты бойынша борыштарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі есепті осы Ережеге 63, 64-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 күніне дейін табыс етеді.
67-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарызды алған қарыз алушының қаржылық жай-күйі мониторингінің тәртібi
581. Осы тарау мемлекеттік кепілдіктермен қарыз алған заңды тұлғаның қаржылық жай-күйі мониторингінің рәсімдерін анықтайды, мемлекеттік кепілдіктермен қарыз алған заңды тұлғаның ақпараттық қамтамасыз ету мониторингін және қаржылық жай-күйінің мониторингін жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
582. Қаржылық коэффициенттерді агент мемлекет кепілдігімен қарыз алған қарыз алушының қаржылық есебінің негізінде екі жылда бір рет есептейді. Мемлекет кепілдігімен қарыз алған қарыз алушы Банкке қаржылық есептілікті, ал қажет болған кезде тиісті қосымшалар мен оның таратылып жазылуын ұсынады.
583. Мониторингке мемлекет кепілдігімен қарыз алған және кредит беруші не республикалық бюджет алдында борышы бар заңды тұлғалар жатады.
584. Мониторинг базалық талдаудан (заңды тұлғаның басшылығы, қызметінің, саласының түрлері, бәсекелестері мен нарықтары, нормативтік құқықтық ортасы туралы ақпарат) және қаржылық ақпараттан (қаржылық есептіліктің, бизнес-жоспардың талдамасы) тұратын қарыз алушылардың қаржылық жай-күйін талдауды қамтиды.
585. Мониторингті жүзеге асыру кезінде мынадай қаржылық коэффициенттер:
өтімділік коэффициенті - ақша қаражаты мен қысқа мерзімді дебиторлық берешектердің қысқа мерзімді міндеттемелердің мөлшеріне қатынасы;
жабу коэффициенті - ағымдағы активтердің қысқа мерзімді міндеттемелерге қатынасы;
қарыз және меншік қаражатының ара қатынасы - ағымдағы міндеттемелердің меншік капиталының мөлшеріне қатынасы;
тарту коэффициенті - міндеттемелердің ағымдағы және ұзақ мерзімді активтерге қатынасы;
пайда нормасы - салық салғанға дейінгі жиынтық кірістің сату көлеміне қатынасы;
меншік капиталының пайдалылық коэффициенті - салық салғанға дейінгі жиынтық кірістің меншік капиталының мөлшеріне қатынасы;
кредиттік берешектің айналымдылық коэффициенті - іске асыру көлемінің кредиттік берешекке қатынасы қолданылады.
Мониторингті жүргізу үшін Банк мемлекет кепілдік берген қарыздың және инвестициялық жобалар тәуекелінің шарттарына байланысты басқа да қаржы коэффициенттерін пайдалануы мүмкін.
586. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жыл сайын мониторингке жататын қарыз алушылардың тізімін Банкке жібереді.
587. Қажет болған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен мемлекет кепілдік берген қарыздар алған қарыз алушылардан олардың қаржылық көрсеткіштері туралы қосымша ақпаратты сұратуы мүмкін.
588. Банк осы ұсынылған көрсеткіштер негізінде анықталған қаржылық коэффициенттерді, заңды тұлғалардың өткен кезеңдегі ұқсас коэффициентімен мемлекет кепілдік берген қарыз алған басқа қарыз алушылардың, ұқсас қызметінің ұқсас бейінімен және осы коэффициенттердің жалпы қабылданған нормаларымен салыстыру арқылы заңды тұлғаның қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізеді.
589. Ықтимал төлем қабілеті дәрменсіз қарыз алушы анықталған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бұл туралы Қазақстан Республикасының Yкіметіне хабарлайды және мемлекет кепілдік берген қарызды өтеу үшін көзделген республикалық бюджет қаражатын оқшаулаудың алдын алу үшін шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізеді.
590. Мемлекет кепілдік берген қарызға қызмет көрсету жөніндегі Банк болмаған жағдайда қарыз алушының қаржылық жай-күйі туралы есепті қарыз алушының өзі жүзеге асырады.
68-тарау. Yкіметтік қарыздарды, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын және мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі төлемдерді, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарды бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында сатып алуды, сондай-ақ мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу, оларға қызмет көрсету, жоспарлау тәртібi
591. Осы тарау Қазақстан Республикасы Үкіметінің (бұдан әрі - үкіметтік қарыздар), Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарының қарыздары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдардың қарыздары) мен республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарды (бұдан әрі - мемлекет кепілдік берген қарыздар), сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу және қызмет көрсету бойынша жоспарлау, төлемдерді жүзеге асыру рәсімдерін белгілейді.
592. Үкіметтік қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша жоспарлау, төлемдерді жүзеге асыру рәсімдері қарыз шарттарын жасасу нысанында несие капиталының сыртқы және ішкі нарықтарындағы қарыз алу не мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру арқылы тартылған қарыздар үшін ортақ.
593. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында шығарған бағалы қағаздарын сатып алуды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджет қаражатының есебінен ҚР ҰБ-мен жасасқан шарт негізінде ҚР ҰБ арқылы жүзеге асырады.
594. Yкіметтік ішкі қарыздарды, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді алдағы өтеу және оларға қызмет көрсету көлемін жоспарлауды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді, ал үкіметтік сыртқы қарыздарды, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеуді және оларға қызмет көрсетуді бюджетті атқару жөніндегі орталық өкілетті орган үкіметтік қарыздарды алдағы өтеу және қызмет көрсету көлемінің болжамдық есептері негізінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу шеңберінде жыл сайын жүргізеді.
595. Жүргізілетін есептеулер тоқсанның алдағы есептеулерінің соңындағы жағдай бойынша үкіметтік борыш мониторингінің деректеріне, үкіметтік қарыздардың қолданыстағы және ағымдағы жыл мен жоспарланған жылы тартуға көзделіп отырған қаражаттың игеру болжамына, макроэкономикалық көрсеткіштер болжамына негізделеді.
596. Үкіметтік қарыздардың қолданыстағы және ағымдағы жыл мен жоспарланған жылы тартуға көзделіп отырған қаражатын игеру болжамын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган инвестициялық жобаларды іске асыру кестесіне негіздей отырып, үкіметтік ішкі қарыздардың түсу болжамын жоспарланған жылы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемін болжауға негіздей отырып бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтайды.
597. Республикалық бюджет тапшылығының көлемі, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер, ұлттық валюта бағамы ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарының өлшемдерімен анықталады.
598. Жоспарланып отырған жылы үкіметтік ішкі қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету көлемдерін есептеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді, жоспарланып отырған жылы үкіметтік сыртқы қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету көлемдерін есептеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мынадай түрде жүргізеді:
1) әрбір қолданыстағы үкіметтік қарыз бойынша қарыз қаражатының игерілмеген көлемдерін жылдар бойынша болжамдық бөлуді жүргізеді;
2) қарыз шартының талаптары, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру негізінде үкіметтік қарыз бойынша борышты өтеу мерзімі мен көлемі анықталады;
3) үкіметтік қарыз бойынша борыш сомасының өзгеру серпінінің есептемесі жүргізіледі;
4) қарыз шартының талаптары, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру негізінде сыйақыларды (мүдде), комиссиялық төлемдер мен өзге да төлемдерді төлеу бойынша төлемдердің мерзімдері мен көлемінің есептемелері жүргізіледі. Егер, қаржы шартында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген есептеулер қарыз беру валютасында жүзеге асырылады;
5) шетелдік валютада тартылған үкіметтік қарыздарды өтеу мен қызмет көрсету теңгелік баламада қайта есептеледі. Бұл ретте жоспарланған жылға арналған теңгеге тоқсанның алдындағы есептемелердің соңында және АҚШ долларының болжамды орташа жылдық бағамында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамдары пайдаланылады;
6) үкіметтік қарыздарды тартуды көздейтін қаражатты игеру көлемінің болжамы негізінде қарыз беру мен сыйақы (мүдде) ставкасының орта шарттарын пайдалана отырып үкіметтік қарыздарды тартуды көздейтін өтеу мен қызмет көрсету мерзімінің және көлемінің есептемесі жүргізіледі.
599. Жоспарланған жылы үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдердің мерзімі мен көлемін есептеуді үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер шарттарының негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.
600. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асыратын үкіметтік ішкі қарыздарды, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу мен оларға қызмет көрсету, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асыратын үкіметтік сыртқы қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету мерзімдері мен көлемдерін есептеу негізінде үкіметтік қарыздарды, сондай-ақ жоспарланып отырған жылы үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу мен оларға қызмет көрсетудің жалпы көлемі анықталады.
601. Жоспарланып отырған жылғы үкіметтік қарыздарға және үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерге қызмет көрсетудің жалпы көлемі жеке бюджеттік бағдарлама бойынша тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында көрсетіледі. Үкіметтік қарыздарды өтеудің жалпы көлемі "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану)" бөлімі бойынша республикалық бюджетте көрсетіледі.
602. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемін жоспарлауды жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемінің болжамдық есептемелер негізінде тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттердің жобасын әзірлеу шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.
603. Жүргізілетін есептемелер тоқсанның алдындағы есептемелердің соңындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар борышы мониторингінің, жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы және жоспарланатын жылы қолданылатын және тартуға көзделетін қаражатты игеру болжамының, жергілікті бюджеттердің болжамдық көрсеткіштерінің деректеріне негізделеді.
604. Алдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттердің болжамдық көрсеткіштері жергілікті уәкілетті органдар бекіткен аумақтардың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының өлшемдерімен анықталады. Жоспарланып отырған жылғы ұлттық валюта бағамы Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған тиісті жылға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарының өлшемдері ескеріле отырып анықталады.
605. Жоспарланып отырған жылы жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен қызмет көрсету көлемдерінің есептемелері мынадай түрде жүргізіледі:
1) жергілікті атқарушы органның әрбір қолданыстағы қарызы бойынша игерілмеген қарыз қаражатын игеру көлемдерін жылдар бойынша болжамдық бөлу жүргізіледі;
2) қарыз шартының талаптары негізінде жергілікті атқарушы органның қарызы бойынша борышты өтеу мерзімдері мен көлемі анықталады;
3) жергілікті атқарушы органның қарызы бойынша борыш сомасының серпінін есептеу жүргізіледі;
4) қарыз шартының талаптары негізінде сыйақыларды (мүдделерді), комиссиялық төлемдер мен өзге де төлемдерді төлеу бойынша төлемдердің мерзімдері мен көлемінің есептемелері жүргізіледі. Егер, қарыз шартында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген есептемелер қарыз берілген валютада жүзеге асырылады;
5) шетелдік валютада тартылған жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен қызмет көрсету теңгелік баламада қайта есептеледі. Бұл ретте, жоспарланған жылға арналған теңгеге тоқсанның алдындағы есептемелердің соңында және болжамды жылдық орта АҚШ долларының бағамында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен анықталған валюталардың нарықтық айырбас бағамы пайдаланылады;
6) қарыздарды берудің орташа шарттарын және сыйақы (мүдде) ставкасын пайдалана отырып жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын тартуға ұйғарылатын қаражатты игерудің көлемдерін болжау негізінде тартуға болжамдалатын жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу және оларға қызмет көрсету мерзімі мен көлемін есептеу жүргізіледі.
606. Жергілікті атқарушы органның қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету мерзімінің және көлемінің есептемесі негізінде жоспарланып отырған жылғы жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен қызмет көрсетудің жалпы көлемі анықталады.
607. Жоспарланып отырған жылғы жергілікті атқарушы органдардың қарыздарына қызмет көрсетудің жалпы көлемі жеке бюджеттік бағдарлама бойынша тиісті жылға арналған жергілікті бюджеттерде көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеудің жалпы көлемі "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану)" бөлімі бойынша жергілікті бюджеттерде көрсетіледі.
608. Республикалық бюджеттен мемлекет кепілдік берген қарызды алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемін жоспарлауды мемлекет кепілдік берген қарыздарды республикалық бюджеттен алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемінің болжамдық есептемелер негізінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.
609. Жүргізілетін есептемелер тоқсанның алдындағы есептемелердің соңындағы жағдай бойынша мемлекет кепілдік берген борыш мониторингінің, қолданыстағы мемлекет кепілдік берген қарыз қаражатын игеру болжамының, мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелердің орындалу мүмкіндігін бағалау деректеріне негізделеді.
610. Жоспарланып отырған жылы республикалық бюджеттен мемлекет кепілдік берген қарызды өтеу мен қызмет көрсету көлемдерінің есептемелерін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мынадай түрде жүргізеді:
1) агенттердің әрбір қолданыстағы мемлекет кепілдік берген қарыз жөніндегі ақпаратының негізінде қарыз қаражатын игеру көлемін жылдар бойынша болжамдық бөлу жүргізіледі;
2) қарыз шартының талаптары негізінде мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша борышты өтеу мерзімі мен көлемдері анықталады;
3) мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша борыш сомасының серпінін есептеу жүргізіледі;
4) қарыз шартының талаптары негізінде сыйақыны (мүддені), комиссиялық төлемдер мен өзге да төлемдерді төлеу бойынша төлемдердің мерзімдері мен көлемінің есептемелері жүргізіледі. Егер, қарыз шартында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген есептемелер қарыз берілген валютада жүзеге асырылады;
5) шетелдік валютада тартылған мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу мен қызмет көрсету теңгелік баламада қайта есептеледі. Бұл ретте, жоспарланған жылға арналған теңгеге тоқсанның алдындағы есептемелердің соңында және болжамды жылдық орта АҚШ долларының бағамында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен анықталған валюталардың нарықтық айырбас бағамы пайдаланылады.
611. Мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындаудың белгіленген мерзімі мен көлемінің, мүмкіндігін бағалаудың негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілдік берген қарыздарды жоспарланып отырған жылы өтеу мен қызмет көрсетуге арналып республикалық бюджеттен бөлінетін шығыстардың жылдық көлемін анықтайды.
612. Жоспарланып отырған жылы мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындауға арналған республикалық бюджет шығыстарының жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көрсетіледі.
69-тарау. Үкіметтік қарыздарды, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын және мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі, сондай-ақ мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру тәртібi
613. Үкіметтік қарыздарды өтеуді және оларға қызмет көрсетуді, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеуді тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен ҚР ҰБ арқылы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
614. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Ережеге 65-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша алдағы айға республикалық бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының үкіметтік және мемлекет кепілдік берген борышына қызмет көрсетуге, оны өтеуге, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыруға арналған өтінімді (бұдан әрі - өтінім) ай сайын ағымдағы айдың жиырма бесінші күніне дейін жасайды, оған сәйкес республикалық бюджет ақшасын осыларға жұмсауға белгіленген тәртіппен рұқсат ашылады. Өтінім үкіметтік қарыздарды, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу және оларға қызмет көрсетудің нақтыланған мерзіміне және көлеміне негізделе отырып жасалады және төлем түрін, валютасын және төлемді алушыларды көрсете отырып, әр қарыз және үкіметтік қарыздарды хеджирлеу мәмілесі бойынша төлем болжамдарын қамтиды.
615. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет түсімдері мен қаржыландырудың жиынтық жоспарының тиісті айында үкіметтік қарыздарды өтеу мен қызмет көрсету бойынша, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша алдағы төлемдер көлемінің сәйкестігін тексереді. Жоспармен бекітілген көлемге сәйкес келмеген жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет түсімдері мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына тиісті өзгерістер енгізеді.
616. Белгіленген мерзімде және қажетті көлемде үкіметтік қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша даярлықты қамтамасыз ету және төлемді жүзеге асыру мақсатында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кредит берушілерден, контрагенттерден төлеуге шоттардың, төлем тізімдерінің және төлем жасау үшін басқа да қажетті құжаттардың уақытылы түсуін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізеді.
617. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кредит берушілер, контрагенттер ұсынған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, валютасының, қарыз шартының, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелердің талаптарымен төлемдерді алушылардың мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелеріне сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
618. Төлемге ұсынылған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, валютасының, қарыз шартының, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелердің талаптарымен төлемдерді алушылардың, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелерінің сәйкес келмеуі анықталған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кредит берушілермен, контрагенттермен өзара әрекет ете отырып, кредит берушілердің төлемге ұсынылған шоттар мен төлем тізімдерін нақтылау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады.
619. Қарыз шартында және үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелерде, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру шарттарында анықталған үкіметтік қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдер мерзімінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган төлем құжаттарын ресімдейді және ҚР ҰБ-ға береді, онда үкіметтік қарыздың, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәміленің бірегейлендіру нөмірі, бенефициар, төлем деректемелері, түрі, сомасы, валютасы, қарыз шартының, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелердің талаптарына сәйкес төлем күні, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелері көрсетіледі.
620. Ұсынылған төлем құжаттарының негізінде ҚР ҰБ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның банктік шотынан кредит берушінің, сондай-ақ контрагенттердің банктік шотына қажет етілетін көлемде және валютада ақша аударады және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға төлем жасалған факті туралы жазбаша хабарламаны ұсынады.
621. Үкіметтік қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша операцияларды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептілікте ұлттық валютада көрсетеді. Бұл ретте үкіметтік қарыздар өтеу мен оларға қызмет көрсету, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша операцияларды шетелдік валютада жүзеге асырған жағдайда осы операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті валютаны сатып алу күніне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен анықталған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі.
622. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен оларға қызмет көрсетуді олар тиісті жылға арналған жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады.
623. Белгіленген мерзімде және қажетті көлемде жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша даярлықты қамтамасыз ету және төлемдерді жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар кредит берушілерден төлеуге шоттардың, төлем тізімдерінің және төлемдерді жүргізу үшін қажетті басқа да құжаттардың уақытылы түсуін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізеді.
624. Жергілікті атқарушы органдар ұсынылған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, төлем валютасының, төлем алушылардың қарыз шартының талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады.
625. Ұсынылған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, төлем валютасының, төлем алушылардың қарыз шартының талаптарына сәйкес келмеуі анықталған жағдайда жергілікті атқарушы органдар кредит берушілермен өзара іс-қимыл жасай отырып, ұсынылған шоттар мен төлем тізімдерін нақтылау бойынша жұмыстарды ұйымдастырады.
626. Қарыз шарттарында анықталған төлем мерзімінде жергілікті атқарушы органдар кредит берушінің шоттарына қажет етілетін көлемде ақша аударуды қамтамасыз етеді.
627. Осы операцияларды жергілікті атқарушы органдар республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептілікте теңгемен көрсетеді. Бұл ретте, төлемдерді шетел валютасында жүзеге асырған жағдайда операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті валютаны сатып алу күніне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен анықталған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі.
628. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті атқарушы органдар борышының мониторингін жүзеге асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша жүргізілген төлемдердің есебін жүргізеді.
629. Республикалық бюджеттен, оның ішінде мерзімінен бұрын мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бар болған кезде жүзеге асырылады.
630. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңы күшіне енгеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылының 1 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген, мемлекеттік емес қарыздар бойынша қарыз алушылардың тізбесін бекіту туралы қаулысының жобасын белгіленген тәртіппен әзірлейді және енгізеді. Көрсетілген тізбеге енген, мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушылар үшін өтеу мен қызмет көрсетуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қарыз шартында белгіленген мерзім мен көлемде кредит берушілердің төлем шоттарының негізінде, республикалық бюджеттен тиісті қаржы жылының ішінде жүзеге асырады.