Мемлекеттік мекеме төлем құжатының көшірмесін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде түсімнің негізділігін анықтау және түсім сомасы есептелуі тиіс тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) түрлерін анықтау және хатты аумақтық қазынашылық бөлімшесіне беру жөнінде жұмыс жүргізеді. Хатта мемлекеттік мекеме соманы ҚБШ-ға есептеу қажеттілігі туралы тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлерінің кодын көрсете отырып не оларды бюджет кірісіне аударуды растайды.
Мемлекеттік мекеменің хаты негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы төлеуге берілетін шотты ҚБАЖ-да қалыптастырады және бекітеді:
аумақтық қазынашылық бөлімшесінің 902-шотынан жоспарда көзделмеген түсімдер сомасын есептен шығару жөнінде операция жүргізу үшін және хатта көрсетілген тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлерінің коды бойынша оны ҚБШ-ға есептеу бойынша;
жоспарда көзделмеген түсімдер сомасын тиісті бюджет кірісіне аудару үшін.
Мемлекеттік мекеме хатты уақтылы беруді және хат деректерінің растылығын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне белгіленген мерзімде хат бермеген жағдайда аумақтық қазынашылық бөлімшесі белгіленген мерзім өткен күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша есебінен мемлекеттік мекеменің төлемдері мен ақша аударымын жүзеге асыруды тоқтата тұрады.
329. Мемлекеттік мекеме басқа мемлекеттік мекемелерге тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатуды жүзеге асыра алады.
330. Мемлекеттік мекемеге бюджет қаражатын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған ашылатын шоттардан қаражатты ҚБШ-ға ақылы қызмет бойынша аударуға тыйым салынады.
331. Мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтаған тәртіппен, нысанда және мерзімде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақшаның түсімі мен жұмсалу жоспарларының орындалуы туралы есеп жасайды.
8-бөлім. Сайлауларды қаржыландыру және бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу тәртібi
42-тарау. Сайлауларды мемлекеттік қаржыландыру
332. Партиялық тізімдер негізінде сайланатын Парламент Мәжілісінің, мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін қоспағанда, Президентті, Парламент депутаттарын, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау осы мақсаттар үшін ашылатын жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шотынан басқа жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты арқылы республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.
333. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жергілікті атқарушы органның жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шотынан басқа және Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде сайлау іс-шараларын жүргізуге арналған шығыстар жөніндегі операцияларды есепке алуға арналған жергілікті атқарушы органның ҚБШ (бұдан әрі - сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар) ашуын жүзеге асырады. Сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар Орталық сайлау комиссиясының қолдаухаты негізінде ашылады. Сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар сайлау іс-шараларын қаржыландыру аяқталғанға дейінгі мерзімге ашылады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган сайлауларды қаржыландыру үшін шоттарды ашқаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы сайлауларды қаржыландыру үшін ашылған шоттардың нөмірі мен күні туралы әрбір аумақтық сайлау комиссиясына жазбаша хабар береді. Сайлауларды қаржыландыру үшін шот бойынша операциялар жүргізу үшін аумақтық сайлау комиссиясы аумақтық қазынашылық органына сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау туралы мәслихат шешімінің көшірмесі мен нотариалды куәландырылған қолдар мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатты береді.
334. Сайлауларды мемлекеттік қаржыландыру міндеттемелерді қабылдауға рұқсат беру арқылы жүзеге асырылады:
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган - міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес - Орталық сайлау комиссиясына электрондық түрде, қағаз тасығыштағы рұқсаттың бір данасы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда қалады;
жеке қаржыландыру жоспарларына сәйкес - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органына тиісті аумақтық қазынашылық бөлімшелері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ҚБАЖ-да қалыптастырған рұқсатты екі данада басып шығару және қол қою арқылы. Рұқсаттың бір данасы аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады, екінші данасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органына беріледі.
335. Бекітілген жеке қаржыландыру жоспары шеңберінде сайлау компаниясын жүргізу үшін бөлінетін бюджет қаражатын бөлушілер тиісті сайлау комиссиясының төрағалары болып табылады. Сайлау өткізуге арналған бюджет қаражатын жұмсау республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшін ашылған жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссиясының төрағаларына азаматтық-құқықтық мәмілелер жасауға және төлемдерді жүзеге асыруға берілген рұқсаттарды жеткізеді. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) жеткізуге арналған шарттарды "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына берілген рұқсаттар шеңберінде тиісті сайлау комиссиясының төрағалары ақша алушылармен жасалады.
336. Сайлау өткізу уақытында жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақтық қазынашылық бөлімшелеріне қол мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатты береді. Бұл ретте, бірінші қол қою құқығы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына беріледі. Екінші қол қою құқығы тиісті аппарат әкімінің бас бухгалтеріне (қаржы қызметінің басшысына) тиесілі.
Құжат жергілікті атқарушы органның елтаңбалы мөрінің үлгісін, аумақтық сайлау комиссиясының сайлауы туралы тиісті мәслихат шешімінің (жоғары тұрған сайлау комиссиясының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін - оны мәслихат сайлағанға дейін шығып кеткеннің орнына аумақтық сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау туралы шешімінің) нөмірі мен күнін көрсете отырып ресімделеді. Жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотынан 001 "Сайлау өткізуді ұйымдастыру" бағдарламасының "Сайлау өткізу" кіші бағдарламасы бойынша қаражатты жұмсауға аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының өкілеттілігі сайлау өткізу не қайта дауыс беру не қайта сайлау мерзіміне және олар аяқталғаннан кейін отыз күнтізбелік күнге дейін ғана белгіленеді.
337. Аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының қаражатты жұмсауға арналған өкілеттік мерзімі қаржы жылының соңына келген жағдайда, сайлау бойынша төлемдер жүргізу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген мерзімде және қазынашылық бөлімшелерімен қаржы жылы аяқталған соң ҚБЕО төлем жүйесінің жұмысын ұйымдастыру үшін белгілеген мерзімде жүзеге асырылады.
338. Аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары ақша қаражатына билік етеді және қаржылық құжаттардың қаржы мәселелері бойынша сайлау комиссияларының шешімдеріне сәйкес келуіне жауап береді.
339. Республикалық бюджет қаражатынан мыналарға арналған шығыстар жабылады:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен қызметі:
сайлау комиссияларының босатылған мүшелерінің жалақысы;
сайлау комиссиялары мүшелерінің қосымша еңбекақысы;
жалақыға есептеу;
техникалық қамтамасыз ету (компьютерлер, ұйымдастыру техникаларын сатып алу, жабдықтарды жалға алу және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ дауыс беруге арналған құрал-жабдықты сатып алу және жасау);
көлік шығыстары;
бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
байланыс қызметтері, почта-телеграф шығыстары;
еңбек келісімдері негізінде штаттан тыс қызметкерлер орындалатын жұмыстар;
полиграфиялық шығыстар;
кеңсе және шаруашылық тауарларын, ұрандар, плакаттар, мемлекеттік рәміздер үшін материалдар сатып алу;
2) үй-жайларды жалға алу;
3) іссапар шығыстары;
4) консультанттардың, сарапшылардың, лингвистикалық комиссия мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу;
5) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлейтін сөздері;
6) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес кандидаттардың көпшілікке сайлау алдында іс-шаралар өткізу және партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттардың үгіт материалдарын шығару;
7) партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде көлік шығыстары.
340. Аумақтық және округтік сайлау комиссияларының төрағаларына тұрғын үй-жайды жалға алу бойынша іссапар шығыстарын өтеу мемлекеттік мекемелердің басшылары және басшыларының орынбасарларына белгіленген мөлшерде, ал учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен сайлау комиссияларының мүшелеріне - мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне белгіленген мөлшерде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі № 1428 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджеттің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегіндегі қызметтік іссапарлары туралы ережемен жүзеге асырылады.
341. Жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотынан қаражатты жұмсау аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының шешімі бойынша мынадай тәртіппен жүргізіледі:
аумақтық сайлау комиссияларын қаржыландыру жоспарларының шегінде ақша аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары есеп беретіндей етіп беріледі, орындалған жұмыстар және сайлау учаскелеріне сатып алынған материалдық құндылықтар үшін шығыстар төленеді. Пайдаланылмаған есеп берілетін сомалардың қалдығын сайлаулар аяқталғаннан кейін үш күн мерзімде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшеліктері бойынша жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу үшін әкім аппаратының кассасына тапсырады;
аумақтық сайлау комиссияларының шығыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен олардың қаржыландыру жоспары шегінде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары бекіткен, оның негізінде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу жүзеге асырылатын құжат ұсынылғаннан кейін төленеді. Аумақтық сайлау комиссиясының шығыстарына арналған қолма-қол ақшаны беру осы комиссияның төрағасының өкімі бойынша жүргізіледі. Аванстық есепті алғаннан кейін әкім аппаратының бас бухгалтері (қаржы қызметінің басшысы) растайтын, оның негізінде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу жүзеге асырылатын құжаттардың ресімделу дұрыстығын тексереді және оларды осы комиссия төрағасының бекітуіне береді.
Есеп берілетін соманың пайдаланылмаған қалдығын аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары сайлау аяқталғаннан кейін үш күндік мерзімде шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшеліктері бойынша жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына есептеу үшін әкім аппаратының кассасына тапсырады.
342. Сайлау науқандарына, оның ішінде кандидаттарға бөлінген республикалық бюджет қаражатын жұмсауды бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
343. Кандидатурасын алып тастауға немесе кандидатты ұсыну туралы шешімнің күшін жоюға байланысты және сайлау комиссиясының республикалық бюджет қаражатынан сайлау науқанын өткізуге жұмсалған шығыстар бөлігін кандидаттың, оны ұсынған мәслихаттың немесе қоғамдық бірлестіктің шотына жатқызу туралы шешімі болған кезде, егер республикалық бюджеттен шығыстар және қаражатты қалпына келтіру бір қаржы жылында жүргізілсе, соңғысы жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына сайлауларды өткізу жөніндегі кассалық шығыстарды қалпына келтіруге қаражат аударады. Республикалық бюджеттен шығыстарды бір, ал қаражатты қалпына келтіру келесі қаржы жылында жүзеге асырылған жағдайда, бұл қаражатты кандидат "Республикалық бюджетке түсетін өзге салықтық емес түсімдер" коды бойынша республикалық бюджеттің кірісіне аударады. Бұл ретте көрсетілген шешімді: Президентті сайлау кезінде - Орталық сайлау комиссиясы, Сенат депутаттарын сайлау кезінде - аумақтық сайлау комиссиялары, Мәжіліс және Мәслихат депутаттарын сайлау кезінде округтік сайлау комиссиялары қабылдайды.
344. Президентті, партиялық тізімдер негізінде сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын қоспағанда, Парламент, мәслихаттар депутаттарын және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есеп беруді жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
43-тарау. "Өкілдік шығындар" бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте көзделген қаражатты пайдалану тәртібi
345. Өкілдік шығындар - тиісті қаржы жылына арналған және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне шетел делегацияларын қабылдауға, кеңестер, семинарлар, салтанатты және ресми іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің, республикалық бюджет есебінен ұсталатын, халықаралық қадағалау комиссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберілетін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың шетелге іссапарлары уақытында өкілдік мақсаттарға бөлінетін қаражат.
Осы тармақтың үшінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, өкілдік шығындарға:
1) Қазақстан Республикасына іс-шараларға қатысу үшін шақырылатын тұлғалардың өмір сүруіне және белгіленген пунктіне дейінгі көлік шығындарына ақы төлеуге;
2) ресми түскі ас, кешкі ас, кофе-брейк, фуршеттерге;
3) ресми қабылдауларды музыкалық сүйемелдеуге;
4) сувенирлер, естелік сыйлықтар сатып алуға;
5) автокөліктік қызмет көрсетуге;
6) аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеуге;
7) залды жалға алуға;
8) сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган рұқсат берген өзге де шығыстарға арналған шығындар жатады.
Республикалық бюджет есебінен ұсталатын, халықаралық қадағалау комиссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберілетін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың өкілдік шығындарына:
1) автокөліктік қызмет көрсету;
2) аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеу жатады.
346. Сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте өкілдік шығындарға көзделген қаражат көлемінен шыға отырып, өкілдік шығындарды талап ететін жылдық Іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - Жоспар) жасайды.
Бір жыл ішінде мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган болжамдалмаған іс-шаралар өткізудің саяси маңыздылығын және бөлінген қаражат көлемін ескере отырып Жоспарды түзете алады.
347. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетте өкілдік шығындарға көзделген қаражатты бөлу туралы өтініштерін сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган мыналар болған жағдайда қарайды:
1) іс-шаралар өткізу қажеттілігінің негізділігі;
2) деңгейі мен форматы бойынша делегацияның келу бағдарламалары;
3) іс-шаралар дайындау мен өткізудің жұмыс жоспары;
4) іс-шараларға қатысушылардың нақты санын растайтын құжаттар;
5) шығыстардың әрбір ерекшелігін негіздей отырып қаржыландыру жоспарлары;
6) осы Ереженің 346-тармағына сәйкес Жоспарда тиісті іс-шаралардың болуы кезінде.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері өкілдік шығыстарды өтеуге қаражат бөлу туралы өтініш жасаған кезде нақты шығыстарды растайтын құжаттарды да (түбіртектер, шот-фактура, жөнелтпе құжат) ұсыну қажет.
348. Осы Ереженің 345-тармағының 3), 4), 7) тармақшаларында көзделген өкілдік шығындар бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тауарлар мен қызметтер құнын, сондай-ақ көрсетілген тауарлар мен қызметтерді ұсынатын ұйымның деректемелерін көpceтe отырып, заңнамада белгіленген тәртіптің сақталуын растайтын құжаттарды береді.
349. Жоспардың және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтініштері негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу және демаркациялауға Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін және тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша республикалық бюджетте сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органға көзделген қаражат есебінен қаржыландыру жүзеге асырылатын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты мәселелермен байланысты өкілдік шығындарды, қоспағанда, осы Ережеге 55-қосымшаға сәйкес өкілдік шығындардың нормаларына сәйкес республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өкілдік шығындарға қаражат бөлуді жүзеге асырады.
350. Өкілдік шығындарға арналған қаражатты бөлу сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімімен ресімделеді.
Іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Республикасына шақырылатын тұлғалардың қонақ үйде тұруына және баратын пунктіне дейінгі көліктік шығындарына ақы төлеуге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары кезіндегі өкілдік мақсаттарға қаражат бөлу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімімен ресімделетін халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасының атынан байқаушылар ретінде жіберілетін, республикалық бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына автокөліктік қызмет көрсетуге және аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеуге қаражат бөлу жағдайларын қоспағанда, сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімімен ресімделеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы шешімдері жоспарланған іс-шаралар басталғанға дейін қабылданады.
Егер дәйекті себептерге байланысты ерекше жағдайларда сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімін жоспарланған іс-шара басталғанға дейін қабылдау мүмкін болмағанда, белгіленген тәртіппен сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның өкілдік шығыстарды өтеу туралы шешімі қабылдана алады.
351. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімі негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді.
352. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шетелдік іссапарлары, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен ұсталатын, халықаралық қадағалау миссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберілетін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын жіберу кезінде өкілдік шығындарға қолма-қол шетел валютасын бөлу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
бөлінген қаражатты айырбастау үшін сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган Астана қаласының Қазынашылық департаментінде шетел валютасында шот ашады;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық филиалы Астана қаласы Қазынашылық департаментінің өтініші бойынша шетел валютасын айырбастауды жүргізеді және оны шетел валютасындағы шотқа есептейді;
Астана қаласының Қазынашылық департаменті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық филиалының үзіндісі негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шетел валютасындағы шотына шетел валютасын есептеуді жүргізеді;
ай сайын 10-күніне дейін сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган Астана қаласының Қазынашылық департаментіне келесі күнтізбелік айда тиісті айдағы жоспарлы жұмсалымдарға барабар сомада қолма-қол шетел валютасын алуға арналған өтінім жібереді;
өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы қабылданған шешімнің негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган қолма-қол шетел валютасын алуға арналған сенімхат беру үшін ресми делегацияның құрамына енетін тұлғаны көрсете отырып, Астана қаласының Қазынашылық департаментіне хат жібереді. Астана қаласының Қазынашылық департаменті сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның хатында көрсетілген тұлғаға Ұлттық Банкінің Астана қаласындағы орталық филиалында қолма-қол шетел валютасын алуға арналған сенімхат береді.
353. Сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган өкілдік шығындарға бөлінетін қаражаттың жұмсалуына бақылауды жүзеге асырады.
354. Өкілдік шығындарға қаражат алған республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органға тоқсан сайын көрсетілген қаражатты пайдаланғаны туралы есеп, ал өкілдік шығындарға қаражат алған тұлғалар іс-шараны өткізгеннен кейін 15 күнтізбелік күн ішінде - тиісті тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатқан ұйымның мөрімен расталған сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің құны мен көлемін көрсете отырып, растайтын құжаттарды (түбіртектерді, шот-фактураларды, жөнелтпе құжаттарды) беруі тиіс.
Осы Ереженің 352-тармағында анықталған тәртіппен бөлінетін қаражат бойынша есеп беретін тұлға іс-шаралар жүргізілгеннен кейін 30 күнтізбелік күннің ішінде сыртқы экономикалық қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның валюталық шотына пайдаланылмаған ақшаның сомасын қайтарады және оған гербтік мөрмен расталған Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Протоколының Бастығы немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы республикалық бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын халықаралық қадағалау миссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберу кезінде бекіткен өкілдік мақсаттарға арналған шығындар бойынша актіні, сондай-ақ қолма-қол қаражатты қайтару туралы түбіртекті және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі орталық филиалының кіріс ордерін қайтарады.
355. Өкілдік шығындарға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуына жауапкершілік республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жүктеледі.
44-тарау. Қазақстан Республикасы Yкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану тәртібi
356. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесу органы;
көзделмеген шығындар - көзделмегендігіне байланысты ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған және заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және арттыруға қаражат бөлуді қоспағанда, ағымдағы қаржы жылында кезек күттірмей қаржыландыруды талап ететін шығындар;