22-1) жер қойнауын пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының аумағында, мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 22-2)- тармақшамен толықтырылды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
22-2) негізгі құралдар - өндірісте пайдалануға, тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) беруге, жалға беруге және (немесе) әкімшілік мақсаттарға арналған, қызмет ету мерзімі бір жылдан астам материалдық активтер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасында және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарында айқындалған инвестициялық жылжымайтын мүлік;
23) ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен алынып тасталды
24) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақы - шығарылым шарттары бойынша купон төлеу көзделетiн борыштық бағалы қағаздардың бастапқы орналастыру (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алу (купон есепке алынбаған) құны мен номиналдық құнының арасындағы айырма;
25) туынды бағалы қағаздар - осы туынды бағалы қағаздардың базалық активiне қатысты құқықты куәландыратын бағалы қағаздар. Туынды бағалы қағаздарға опциондар, своптар, форвардтар, фьючерстер, депозитарийлiк қолхаттар, варранттар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес туынды бағалы қағаздар деп танылған басқа да бағалы қағаздар жатады. Тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта және қаржы құралдары базалық активтер болуы мүмкiн;
25-1) қызметкер - жұмыс берушiмен еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек (ұжымдық) шарты бойынша тiкелей жұмыс атқаратын жеке адам; мемлекеттік қызметшiлердi қоспағанда, акционерлік қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшесi;
26) өткізу - сату, айырбастау, өтеусiз беру мақсатында тауарларды тиеп жiберу, жұмыстарды орындау және қызметтер ұсыну, сондай-ақ кепiлге берiлген тауарларды кепiл ұстаушыға беру;
27) роялти - мыналар үшiн:
пайдалы қазбаларды өндiру және техногендiк құралымдарды қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
авторлық құқықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етудi, патенттердi, сызбаларды немесе модельдердi, тауар белгiлерiн немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; өнеркәсiп, сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн; "ноу-хауды" пайдаланғаны үшiн; кинофильмдердi, бейнефильмдердi, дыбыс жазу немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшiн төленетiн төлем. Бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңiз және әуе кемелерi өнеркәсiптiк жабдыққа жатады.
27-1) валюта айырбастаудың нарықтық бағамы - қазақстандық қор биржасының негізгі сессиясында қалыптасқан және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілеген тәртіппен анықталған теңгенің шетел валютасына орташа салыстырылған биржалық бағамы;
теңгенің қазақстандық қор биржасында сауда-саттық жүргізілмейтін шетел валютасына бағамы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп белгілейтін тәртіппен кросс-бағамдар пайдаланыла отырып есептеледі;
28) арнаулы салық режимi - салық төлеушiлердің жекелеген санаттары үшiн белгiленетiн және жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ақы төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігiн берудiң оңайлатылған тәртібін қолдануды көздейтiн бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібі;
28-1) демеушiлiк көмек - осы көмектi көрсететiн тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтeуciз негiзде:
жеке тұлғаларға жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу үшiн және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертабыс қызметтерiн дамыту, білім және спорт шеберлiгi деңгейiн арттыру үшiн қаржылық (әлеуметтiктен басқа) қолдау түрiнде;
коммерциялық емес ұйымдарға өздерiнiң жарғылық мақсаттарын iске асыру үшiн берiлетiн мүлiк;
29) заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi - филиал, өкiлдiк;
30) сыртқы экономикалық қызметтiң тауар номенклатурасы - тауар сыныптамасының тауарларды сипаттау мен олардың кодын белгiлеудiң үйлестiрiлген жүйесiне негiзделген кодтары жүйесi;
31) уәкiлеттi мемлекеттік орган - мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
32) уәкiлеттi органдар - бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдердi есептеудi және (немесе) жинауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлеттiк берген салық органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
32-1) ақпараттарды өңдеу жөніндегі қызметтер көрсету - ақпараттық массивтердi жинау мен қорытуды, жүйеге келтiрудi жүзеге асыру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының иеленуiне беру жөніндегі қызметтер;
33) салық төлеушінің электрондық құжаты - белгіленген электрондық форматта берілген, ол қабылданып және бірдейлігі расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;
34) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарынан жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның салық төлеушіге тиесілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандардың реттілігі;
35) бағалы қағаздар - акциялар, борыштық бағалы қағаздар, туынды бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар деп танылған мүлiктiк құқықтың өзге де объектiлерi.
2. Салық заңдарының басқа арнаулы ұғымдары мен терминдерi осы Кодекстiң тиiстi баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады.
3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңдары салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, заңдардың сол салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
2-тарау. Салық төлеушінің және салық агентінің
құқықтары мен міндеттері. Салық
қатынастарындағы өкілдік
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
11-бап. Салық төлеушiнiң құқықтары
1. Салық төлеушi:
1) қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы, салық заңдарындағы өзгерістер туралы салық қызметi органдарынан ақпарат алуға;
2) салық қатынастары мәселелерi бойынша өз мүдделерiн жеке өзi не өз өкiлi арқылы немесе салық консультантының қатысуымен бiлдiруге;
3) салық бақылауы нәтижелерiн алуға;
4) салық бақылауы нәтижелерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу жөнiнде салық қызметi органдарына түсiндiрме табыс етуге;
5) жеке шотынан салық мiндеттемелерiнiң орындалуы бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйi туралы көшiрме алуға;
6) осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде белгiленген тәртiппен салықтық тексеру актілері бойынша хабарламаға және салық қызметi органдары лауазымды адамдарының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасауға;
7) салық құпиясының сақталуын талап етуге;
8) салық салуға қатысы жоқ ақпарат пен құжаттар табыс етпеуге құқылы.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 1-1- тармақпен толықтырылды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Салық төлеуші салық заңнамасында реттелетін қатынастарға уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.
2. Салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Салық төлеушiнiң мiндеттерi
1. Салық төлеушi:
1) осы Кодекске сәйкес салық мiндеттемелерiн дер кезiнде және толық көлемiнде орындауға;
2) салық қызметi органдарының анықталған салық заңдарын бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ қызметтiк мiндеттерiн атқаруы кезіндегі заңды қызметiне кедергi жасамауға;
3) нұсқама негiзiнде салық қызметi органдары лауазымды адамдарының салық салу объектiсi және салық салумен байланысты объект болып табылатын мүлiктi тексеруiне жол беруге;
4) салық есептілігi мен құжаттарды осы Кодексте көзделген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының трансферттік бағаларды қолдану кезінде мемлекеттік бақылау мәселелерін реттейтін заңдарында көзделген ақпарат пен құжаттарды табыс етуге;
5) осы Кодекске сәйкес қолма-қол ақшамен, төлемдiк банк карточкаларымен, чектермен сауда операцияларын жасаған немесе қызметтер көрсеткен кезде тұтынушылармен ақшалай есеп айырысуды фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде пайдалана және тұтынушының қолына бақылау чегiн бере отырып жүргiзуге;
6) заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуына (осы Кодекстiң 69-бабы 7-тармағының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда) және (немесе) таратылуына, жеке кәсiпкердiң кәсiпкерлiк қызметiнiң тоқтатылуына байланысты құжаттық тексеруді жүргізу туралы салық органына өтініш беруге міндетті.
2. Салық төлеушi осы Кодексте көзделген өзге де мiндеттердi орындайды.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 13-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-бап. Салық агентiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Салық агентiнiң, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеушi сияқты құқықтары бар және сондай мiндеттерi болады.
2. Салық агентi сондай-ақ:
1) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес төлем көзiнен ұсталатын салықтарды дұрыс және дер кезiнде есептеуге;
2) салық төлеушiден тиiстi салықтарды ұстап қалуға және осы Кодексте көзделген тәртiппен және мерзiмде оларды бюджетке аударуға;
3) салық төлеушiлерге төленген табыстардың, сондай-ақ ұсталған және бюджетке аударылған салықтар сомасының есебiн, соның iшiнде әрбiр салық төлеушi бойынша жеке-жеке жүргiзуге;
4) тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша салық органына осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген тәртiппен салық есептілігiн табыс етуге;
5) осы Кодекстiң 177-бабының 6-1-тармағының ережелерiн қолдануға мiндеттi.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 3- тармақпен толықтырылды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Салық агенті салық заңнамасында реттелетін қатынастарға уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.
14-бап. Осы Кодекспен реттелетiн салық қатынастарындағы
өкiлдiк
1. Салық төлеушi салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға заңды немесе уәкiлеттi өкiлi арқылы қатысуға құқылы.
2. Салық төлеушiнiң атынан заң негiзiнде уәкiлеттi болатын тұлға салық төлеушiнiң заңды өкiлi болып танылады.
3. Салық төлеушi салық қызметi органдарымен қатынастарда өз мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi болатын жеке немесе заңды тұлға салық төлеушiнің уәкiлеттi өкiлi болып танылады. Салық төлеушiнiң уәкiлеттi өкілi салық төлеушi беретiн сенімхат (құрылтай құжаттары) негiзiнде әрекет етедi, сенімхатта оның өкiлеттiктерiнің нақты тiзбесi көрсетiледi.
4. Салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға салық төлеушiнiң өзiнiң қатысуы оны өкiл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкiлдiң қатысуы салық төлеушiнi аталған қатынастарға өзiнiң қатысу құқығынан айырмайды.
5. Салық төлеушi өкiлдерiнiң салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға сол салық төлеушiнiң қатысуына байланысты жасаған әрекеттерi (әрекетсiздiгi) салық төлеушiнiң әрекеттерi (әрекетсiздiгi) болып танылады.
3-тарау. Салық қызметі органдары. Кеден органдары.
Салық қызметі органдарының басқа мемлекеттік
органдармен өзара іс-қимылы
ҚР 21.03.02 ж. № 312-II; 23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi мен құрылымы
1. Салық қызметi органдарына салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің толық түсуiн, мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және дер кезiнде аударылуын қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ салық төлеушiлердiң салық мiндеттемелерiн орындауына салық бақылауын жүзеге асыру жөніндегі мiндеттер жүктеледi.
2. Салық қызметi органдары уәкiлеттi мемлекеттік орган мен салық органдарынан тұрады.
3. Салық органдарына аймақаралық салық комитеттері, облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерi, ауданаралық салық комитеттерi, аудандар, балалар және қалалардағы аудандар бойынша салық комитеттерi жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда бұл аймақтардың аумағында салық комитеттері құрылуы мүмкін.
4. Салық органдары тиiстi жоғары тұрған салық қызметi органына төменнен жоғары қарай тiкелей бағынады және жергiлiктi атқарушы органдарға жатпайды.
5. Уәкiлеттi мемлекеттік орган салық органдарына басшылық жасауды жүзеге асырады.
6. Салық органдарының бiрiншi басшыларын қызметке уәкiлеттi мемлекеттік органның бiрiншi басшысы тағайындайды.
23.11.02 ж. № 358-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара); 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Салық қызметi органдарының құқықтары
1. Салық қызметi органдары:
1) осы Кодексте көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге және бекітуге;
2) өз құзыретi шегiнде салық мiндеттемелерiнiң туындауы, орындалуы мен тоқтатылуы жөнiнде түсіндiрудi жүзеге асыруға және түсiнiктеме беруге;
3) осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық бақылауын жүзеге асыруға;
4) салық төлеушiнің бухгалтерлік құжаттамасына, сметаларына, ақшасының бар-жоғына, бағалы қағаздарына, есеп айырысуларына, декларацияларына және салық мiндеттемелерiн орындауға байланысты өзге де құжаттарына Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген талаптарды сақтай отырып, тексеру жүргiзуге;
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5) салық төлеушiден уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысандар бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу (ұстау мен аудару) жөнiнде құжаттар, оларды толтыру жөнiнде түсiндiрмелер, сондай-ақ салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың дұрыс есептелгендiгiн және дер кезiнде төленгендiгiн (ұсталғандығын және аударылғандығын) растайтын құжаттар берудi, сондай-ақ резидент салық төлеушінің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан еншілес компанияларының қаржылық есептілігін қоса алғанда, оның шоғырландырылған қаржылық есептілігін талап етуге;
6) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен салық тексеруiн жүзеге асыру барысында салықтық құқық бұзушылықтар жасалғанын айғақтайтын құжаттарды салық төлеушiден алып қоюға;
7) орналасқан жерiне қарамастан табыс табу үшiн пайдаланылатын кез келген салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi тексеруге, салық төлеушiнiң мүлiктерiне (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу жүргiзуге;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн тiзбе бойынша уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен салық төлеушiден электрондық құжаттар түріндегі ақпарат алуға;
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
9) мыналарға:
салық салуға байланысты мәселелер бойынша тексерілетін салық төлеушіге - заңды тұлға мен дара кәсіпкерге;
қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша, уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен әрекетсіз заңды тұлғаға;
заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттың депутаттығына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген тұлғаға және оның зайыбына (жұбайына) қатысты коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, банктерден немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан банк шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы мәліметтер алуға;
10) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда салық төлеушiнің салық мiндеттемесiн жанама әдiспен айқындауға;
10-1) салық тексерулеріне басқа да мемлекеттік органдардың мамандарын тартуға;
11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соттарға талаптар қоюға құқылы.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
12) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы сотқа талап-арыз беруге құқылы.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 1-1- тармақпен толықтырылды (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жүктелген міндеттерді іске асыруды уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.
2. Салық қызметi органдарының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi
1. Салық қызметi органдары:
1) салық төлеушiнiң құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғауға;
3) салық төлеушiнiң салық мiндеттемелерiн орындауына, Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық есептелуiне және уақтылы төленуiне, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының дер кезiнде ұсталуына және аударылуына салық бақылауын жүзеге асыруға;
4) салық төлеушiлердiң, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердің есебiн, есептелген және төленген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есебiн белгiленген тәртiппен жүргiзуге;
5) белгiленген салық есептілігiнiң нысандарын толтыру тәртібін түсiндiруге;
6) салық тексеруiн қатаң нұсқамалар бойынша жүргiзуге;
7) осы Кодекс ережелерiне сәйкес салық құпиясын сақтауға;
8) осы Кодексте көзделген мерзiмдер мен жағдайларда салық төлеушiге салық мiндеттемелерiнiң орындалуы жөнiнде хабарлама тапсыруға;
9) салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша үш күн мерзiмнен кешiктiрмей салық мiндеттемелерiн орындауы жөніндегі бюджетпен есеп айырысуларының жай-күйi туралы оның жеке шотынан көшiрменi беруге;
10) салық төлеушiге берiлетiн, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық мiндеттемелерiнің орындалу фактiсiн растайтын квитанциялар көшiрмесiнiң бес жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге;
11) мемлекет меншiгiне айналған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінiң сақталуын, оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиiстi уәкiлеттi органға толық және уақтылы тапсырылуын, сондай-ақ ол сатылған жағдайда ақшаның бюджетке толық және дер кезiнде түсуiн бақылауды жүзеге асыруға;
12) салық мiндеттемелерiнің орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерiн қолдануға және салық төлеушiден салық берешегiн осы Кодекске сәйкес мәжбүрлеп өндiрiп алуға;
13) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес салық төлеушiге әкiмшiлiк айыппұлдар салуға мiндеттi.
2. Салық тексеруi барысында салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден қасақана жалтару фактілері, сондай-ақ қылмыс белгiлерiн көрсететiн әдейi, жалған банкроттық фактілері анықталған кезде, салық органдары Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн тиiстi құқық қорғау органдарының тергеуiне жататын материалдарды жiбередi.
3. Салық қызметi органдары Қазақстан Республикасының салық заңдарымен көзделген өзге де мiндеттердi орындайды.
18-бап. Мүдделер қақтығысы
Салық қызметi органдары лауазымды адамдарының жақын туысы (ата-анасы, жұбайы (зайыбы), аға-iнiлерi, апа-қарындастары, балалары) немесе жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, апа-қарындастары, ата-анасы мен балалары) болып табылатын және (немесе) қаржылық жағынан тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар салық төлеушiге қатысты мұндай лауазымды адамның қызметтiк мiндеттерiн жүзеге асыруына тыйым салынады.
19-бап. Кеден органдарының салықтар алу жөніндегі өкiлеттiгi
Кеден органдары, Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан тауарлар өткiзiлген кезде, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алуды жүзеге асырады.
20-бап. Уәкiлеттi органдардың өкiлеттiктерi
Уәкiлеттi органдардың бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдердi алу жөніндегі өкiлеттiктерi осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде айқындалады.
23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 21-бап толықтырылды 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
21-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлеттiктерi
1. Кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi (бұдан әрi - әкiмдер) салық төлеушi - жеке тұлға төлейтiн мүлiкке, көлiк құралдарына салынатын салықтарды, жер салығын жинауды ұйымдастырады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған салықтарды жинау қатаң есептілік құжаты болып табылатын квитанция негiзiнде жүзеге асырылады. Квитанция нысанын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған салықтарды жинауды ұйымдастыру кезiнде әкiмдер:
1) есептелген күнiнен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық органы есептеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомасы туралы хабарламаларды салық төлеушiге тапсыруды;
2) салық төлеушiге - жеке тұлғаға салық сомаларын төлеу фактiсiн растайтын квитанция берудi;
3) банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға ақша қабылдау жүзеге асырылған банктiк күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, салық сомаларын кейiннен бюджет есебiне жатқызу үшiн күн сайын өткізудi қамтамасыз етедi. Егер күн сайынғы ақша түсiмi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiштен кем болса, сондай-ақ банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым болмаған кезде елдi мекенде ақша өткізу үш банктiк күнде бiр рет жүзеге асырылады;
4) квитанциялардың дұрыс толтырылуын және сақталуын;
5) салық органына квитанцияларды пайдалану туралы, сондай-ақ салық сомаларын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен және мерзiмде банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға өткізу туралы есептердi берудi қамтамасыз етедi.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 4- тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) немесе аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлеген тәртiппен бiржолғы талондарды берудi ұйымдастырады және бiржолғы талондарды өткізуден түскен соманың толық жиналуын қамтамасыз етедi.