11.08.99 ж. № 467-I; 2004.20.12 ж. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 53- бап өзгертілді
53-бап. Пайдалы қазбалар орналасқан алаңдарда құрылыс салу шарттары
1. Елдi мекендердi, өндiрiстiк кешендердi және басқа шаруашылық объектiлерiн жобалауға және салуға рұқсат жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органның болашақ құрылыс учаскелерi астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқтығы немесе оның маңызы аздығы жайындағы қорытындыларын алғаннан кейiн ғана берiледi.
2. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыс салу, сондай-ақ олар жатқан орындарда жер асты құрылыстарын салу, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі және өнеркәсiпте жұмыстардың қауiпсiз жүргiзiлуiн қадағалау және тау-кендi қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органдардың рұқсатымен пайдалы қазбаларды өндiру мүмкiндiгi қамтамасыз етiлген немесе құрылыс салудың экономикалық тиiмдiлiгi дәлелденген жағдайда жүргiзiледi.
3. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда рұқсатсыз құрылыс салу оған контракт аумағының жерлерiн қалпына келтiруге және салынған объектiлердi қайта бұзуға кеткен шығындардың қайтарымынсыз тоқтатылады.
7-Тарау
Халықтың және қызметкерлердiң қауiпсiздiгi
01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара); 2004.20.12 ж. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 54-бап өзгертілді
54-бап. Жер қойнауын пайдалануда халықтың және қызметкерлердiң қауiпсiздiк жағдайларын қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы заңда көзделген жұмыс жүргiзу қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерi орындалуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк арулардың алдын алу және оны жою жөніндегі шаралардың жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Егер адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызатын болса, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзуге тыйым салынады.
3. Жер қойнауын пайдалану кезiнде техникалық қауiпсiздiк және өндiрiстiк санитарлық ережелерi мен нормаларының сақталуына мемлекеттік бақылауды өнеркәсiпте жұмыстардың қауiпсiз жүргiзiлуiн қадағалау және тау-кен қадағалауы жөніндегі уәкiлеттi орган және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi талаптары мыналар болып табылады:
1) жұмысқа арнаулы дайындығы және мамандығы бар адамдарды, ал тау-кен жұмыстарын басқаруға тиiстi арнаулы білімi бар адамдарды жiберу;
2) тау-кен және бұрғылау жұмыстарындағы адамдарды арнаулы киiмдермен, дербес және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету;
3) қауiпсiздiк талаптары мен санитарлық нормаларға сай келетiн машиналарды, жабдықтар мен заттарды қолдану;
4) қопарғыш заттар мен қопару құралдарын, есепке алу және дұрыс сақтау, сондай-ақ оларды орнымен және қауiпсiз пайдалану;
5) жұмыстың технологиялық циклын қамтамасыз етуге қажет және қауiптi жағдайларды болжауға жеткiлiктi геологиялық, маркшейдерлiк және басқа бақылаулар кешенiн жүргiзу, қауiптi аймақтарды уақтылы анықтау және оны тау-кен жұмыстары жоспарына түсiру;
6) кенiштiң атмосферасының жай-күйiн, ондағы оттегi мөлшерiн, зиянды және жарылғыш қауiптi газдар мен тозаңдарды ұдайы бақылау;
7) жұмысты жүргiзудiң қауiпсiз аймақтарының шектерiн анықтайтын техникалық құжаттамалары мен аварияларды жоюдың жоспарларын мәлiметтермен уақытылы толықтыру;
8) қатқыл пайдалы қазбалар кен орындарын игерудiң, мұнай, газ және жер асты суларының кен орындарын игерудiң және құрудың жобалары мен технологиялық сызбаларын жобалау жүйелерiн сақтау;
9) газдардың күтпеген жерден шығарылуын, судың, пайдалы қазбалардың және кен жыныстарының сыртқа жарып шығып кетуiн, сондай-ақ тау соққыларын болжау және алдын алу жөніндегі арнайы iс-шараларды жүзеге асыру.
5. Жұмысшылардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылардың лауазымды адамдары жұмысты дереу тоқтатып, адамдарды қауiпсiз жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жер қойнауын пайдалану операциялары әсер ететiн аймақтарда халықтың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда тиiстi ұйымдардың басшылары бұл туралы жергiлiктi атқарушы органдарға кiдiрiссiз баяндауға мiндеттi.
6-1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар әсер ететiн аймақта халықтың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi және халықтың денсаулығы мен өмiрi үшiн қауiпсiз жағдай жасалмайынша және төнген қауiп жойылмайынша, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны қайта бастауға құқылы емес. Қауiптi болдырмау үшiн өзге шараларды қолдану мүмкiн болмаған кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың қауiптi әсер ету аймағынан халық көшiрiлгеннен кейiн ғана жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға құқылы.
7. Жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен ережеге сәйкес құтқару қызметтерiмен қамтамасыз етiледi.
8-Тарау
Жер қойнауының мемлекеттік қоры
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
55-бап. Жер қойнауы мемлекеттік қорының жай-күйiн есепке алу
1. Жер қойнауының мемлекеттік қоры Қазақстан Республикасының Жер қойнауларынан құралады.
2. Жер қойнауының мемлекеттік қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мыналар жүргiзiледi:
1) жер қойнауының мемлекеттік мониторингi;
2) жер қойнауына мемлекеттік сараптама;
3) геологиялық ақпаратты мемлекеттік сақтау ;
4) пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік балансын жасау;
5) мыналарға:
а) пайдалы қазбалар кен орындары мен көрiнiс - белгiлерiне;
ә) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көметiн және қалдық суларды ағызатын орындарға;
б) техногендiк минералдық түзiлiмдерге мемлекеттік кадастрлар жасау.
3. Жер қойнауын пайдаланушылар алғашқы есепке алу материалдарына негiзделген жер қойнауының жай-күйi туралы геологиялық есептi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен арнаулы нысандарға сәйкес бередi.
56-бап. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингi
1. Жер қойнауының мемлекеттік Мониторингi жер қойнауының мемлекеттік қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету, олардың өзгеруiн уақытылы анықтау және бағалау, келеңсiз процестердiң зардаптарының алдын алу және жою үшiн жер қойнауының жай-күйiн бақылау жүйесi болып табылады.
2. 2004.20.12 ж. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
3. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингiнiң құрылымын, мазмұнын және жүргiзiлу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
11.08.99 ж. № 467-I; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара); 2004.20.12 ж. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 57-бап өзгертілді
57-бап. Жер қойнауын мемлекеттік сараптама
1. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалануға жағдайлар жасау, жер қойнауын пайдалануға төлемдердi, жер қойнауын пайдалануға берiлетiн жер қойнауы учаскелерiнiң шекараларын анықтау мақсатында пайдалы қазбалардың, барланған кен орындарының қоры мемлекеттік сараптауға жатады.
2. Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына ие мердiгер өндiрудi пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттік сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана бастауға құқылы. Мемлекеттік сараптаманың барланған пайдалы қазбалардың қорын игерудiң тиiмдiлiгi жайындағы қорытындылары оларды мемлекеттік есепке қоюға негiз болып табылады.
3. Мемлекеттік сараптамаға ұсынылған геологиялық материалдар пайдалы қазбалар қорының мөлшерi мен сапасын, олардың республика экономикасындағы маңызын, өндiрудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа жай-күйiн объективтi бағалауға мүмкiндiк берген жағдайда мемлекеттік сараптама кен орнын геологиялық зерделеудiң кез келген сатысында жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Өндiруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және пайдалануға жарамды жер қойнауы учаскелерi туралы геологиялық ақпарат та мемлекеттік сараптауға жатады. Жер қойнауының мұндай учаскелерiн жер қойнауын пайдалануға беру геологиялық ақпаратты мемлекеттік сараптаудан өткiзгеннен кейiн ғана жүргiзiледi.
5. Жер қойнауын мемлекеттік сараптауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жүргiзедi.
11.08.99 ж. № 467-I ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 58- бап өзгертілді
58-бап. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы
1. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансын жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзат базасының жай-күйiн есепке алу мақсатында жүргiзедi.
2. Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік балансында Коммерциялық жолымен табылған, пайдалы қазбалардың әр түрiнiң қорының мөлшерi, сапасы мен зерделену дәрежесi, олардың орналасуы, өндiрiстiк игерiлу дәрежесi, өндiру, ысырабы мен өнеркәсiптiң пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етiлуi туралы мәлiметтер болуы қажет.
3. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа енгізу және оларды мемлекеттік баланстан шығару тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
4. Жер қойнауын-зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлетті орган мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансы жөніндегі ақпаратты табыс етедi.
11.08.99 ж. № 467-I ; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 59- бап өзгертілді
59-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттік кадастры
1. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттік кадастрын, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi орган жер қойнауын геологиялық зерттеудiң салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларын әзiрлеудi, кен орнын кешендi пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да мiндеттердi шешу мақсатында жүргiзедi.
2. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттік кадастры әрбiр кен орны бойынша негiзгi және онымен бiрге жатқан басқа пайдалы қазбалардың саны мен сапасы және олардағы компоненттердiң мөлшерi мен сапасы, кен орнын игерудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық, тағы басқа жай-күйi мен оны геологиялық-экономикалық бағалау, сондай-ақ пайдалы қазбалардың анықталған көрiнiс-белгiлерi туралы мәлiметтерден құралады.
3. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттік кадастрын жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I ; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 60- бап өзгертілді
60-бап. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттік кадастры
1. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттік кадастрын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзедi.
2. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттік кадастры мөлшерi мен сандық көрсеткiштерi көрсетiлген көмiлген заттар мен ағын сулардың типтерi мен түрлерiн сипаттайтын мәлiметтер, көму мен ағызудың тау-кен техникалық, арнаулы инженерлiк-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жай-күйi туралы мәлiметтердi қамтиды.
3. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму мен қалдық суларды ағызудың мемлекеттік кадастрын жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 61- бап өзгертілді
61-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттік кадастры
1. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттік кадастрын жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлетті орган жүргiзедi.
2. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттік кадастры сақтаудың сандық және сапалық көрсеткiштерiн, тау-кен техникалық және экологиялық жай-күйi көрсетiлген техногендiк минералдық түзiлiмдердiң типi мен түрлерiн сипаттайтын үйме объектi туралы мәлiметтердi қамтиды.
3. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттік кадастрын жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
9-Тарау
Құқықтық шарттар
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 62-бап өзгертілді
62-бап. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары
Жер қойнауын пайдаланушының мыналарға құқығы бар:
1) өзiне берiлген контракт аумағы шегiнде контрактыда бекітілген шарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланудың кез келген заңды әрекеттерiн өз еркiмен жүргiзу;
2) контрактыда басқа жағдай ескерiлмеген болса, өзiнiң әрекетiнiң нәтижелерiн, соның iшiнде минералдық шикiзатты өз қалауынша пайдалану;
3) контракт аумағында, қажет болған жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушыға белгiленген тәртiп бойынша бөлiнiп берiлген басқа жер учаскелерiнде, жұмысты жүргiзуге қажет өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлер салуға, сондай-ақ контракт аумағы шегiнде және одан тыс аумақтарда жалпы пайдаланатын коммуникациялар және объектiлердi келiсу арқылы пайдалану;
4) осы Заңның 43-бабына сәйкес белгiленген контракт күшiнiң мерзiмiн ұзарту туралы келiссөздi бiрiншi кезекте жүзеге асыру;
5) жер қойнауын пайдалану операцияларымен байланысты жекелеген жұмыс түрлерiн жүргiзу үшiн мердiгерлердi тарту;
6) осы Заңмен белгiленген шарттарды сақтай отырып, өз құқығын немесе оның бөлiгiн басқа тұлғаларға беру;
7) осы Заңда және контрактыда белгiленген шарттарға сәйкес өз қызметiн тоқтату;
8) 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
11.08.99 ж. № 467-I; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ; 2006.29.12. № 209-III (бұр. ред .қара) ҚР Заңдарымен 63-бап өзгертілді
63-бап. Жер қойнауын пайдаланушының мiндеттерi
1. Жер қойнауын пайдаланушы:
1) жер қойнауын пайдаланудың оң тәжiрибесiне негiзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзудiң неғұрлым тиiмдi әдiстерi мен технологияларын таңдауға;
1-1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде адам өмірінің, денсаулығының және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
2) контракт аумағын тек қана контрактыда көзделген мақсаттарға пайдалануға;
3) егер контрактіде басқа мерзiм көрсетiлмесе, контракт тiркелген күннен бастап барлау немесе өндiру жұмыстарын жүргiзудi бастауға;
4) жер қойнауын пайдалану операцияларын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзуге;
5) қызметкерлердiң және халықтың денсаулығы мен өмiрiнiң қауiпсiздiгiн, жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен келісілген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзудiң технологиялық схемалары мен жобаларын сақтауға;
6) контракт аумағы шегiнде басқа адамдардың еркiн жүруiне, ортақ пайдаланылатын коммуникациялар мен объектiлердi пайдалану немесе, егер жер қойнауын пайдалану операциясына кедергi келтiрмесе және олар қауiпсiздiктiң ерекше жағдайларымен байланысты болмаса, онда жұмыстың барлық түрлерiн, соның iшiнде табиғи ресурстардың басқа түрлерiн барлауға және өндiруге кедергi жасамауға;
7) Қазақстан Республикасында өндiрiлген жабдықтарды, материалдарды және дайын өнiмдi, олар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, мiндеттi түрде пайдалануға;
8) егер осы көрсетiлетiн қызметтер, Қазақстан Республикасының резидент еместерi орындайтын бiртектес жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң стандарттарына, бағалық және сапалық сипаттамаларына сәйкес келсе, әуе, темір жол, су және басқа да көлiк түрлерiн пайдалануды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу кезiнде жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге қазақстандық ұйымдарды мiндеттi түрде тартуға;
8-1) 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9) жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзгенде қазақстандық мамандарға басымдық беруге;
9-1) келісім-шарт бойынша жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасының азаматтарын даярлау мен қайта даярлауды қаржыландыру iсiн келісім-шартқа сәйкес жүзеге асыруға;
10) құзыреттi органға жұмыс бағдарламасын iске асыру туралы ақпарат ұсынуға;
11) Қазақстан Республикасының бақылау органдарына олардың қызметтiк функцияларын атқару кезiнде қажет құжаттарды, мәлiметтердi кедергiсiз беру мен жұмыс орындарына өтуге мүмкiндiк жасауға және олар айқындаған кемшiлiктердi уақтылы жоюға;
12) контракт аумағындағы жұмыс нәтижесiнде алынған геологиялық есептердi жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органға беруге;
13) салықтарды, жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшiн айыппұлдарды және өзге мiндеттi төлемдердi уақытылы төлеуге;
13-1) құзыреттi органға тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың жылдық бағдарламасын ұсынуға;
14) қажет болған жағдайда, операциялардың мазмұны туралы ақпаратты үшiншi бiреуге, егер контрактыда өзгеше белгiленбесе, қатысушы жақтардың ортақ келісімi арқылы ғана беруге;
15) мәдени-тарихи маңызды объектiлердi сақтауға;
16) жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу әсерiнен бүлiнген жер учаскелерiн және басқа табиғи объектiлердi заңдарға сәйкес оны әрi қарай пайдалануға жарамды қалыпқа келтiруге ;
17) өз қызметiнiң экологиялық салдарын жобалау сатысында болжауға;
18) қоршаған ортаға зиян келтiргенi үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруға;
19) келісім-шарттық аумақтағы бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды балансқа қабылдауға, олар бойынша мониторинг жүргiзуге мiндеттi.
2. Контрактыда жер қойнауын пайдаланушының заңдарға қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 63-1-баппен толықтырылды
63-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды
жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстарды және
көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу мынадай тәсiлдердiң бiрi қолданылып:
1) ашық немесе жабық конкурс;
2) бәсекелес орта болмаған кезде бiр көзден;
3) осы Заңда белгiленген тәртiппен конкурссыз негiзде жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың негiзгi тәсiлi конкурс болып табылады. Ашық және жабық конкурстар екi кезеңдi рәсiмдердi пайдалана отырып өткiзiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың ережелерiн;
тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтерді конкурссыз негiзде жүзеге асырылатын сатып алудың ең жоғарғы мөлшерiн белгiлейдi.
4. Жер қойнауын пайдаланушылар конкурстарды Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге мiндеттi. Жекелеген жағдайларда құзыреттi органмен келiсе отырып, конкурс Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өткiзiлуi мүмкiн.
5. Конкурсты ұйымдастырушы басқа да тең жағдайлар болғанда қазақстандық өндiрушiлерге басымдық беруге тиiс.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 63-2-баппен толықтырылды ; 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 63-бап өзгертілді (бұр. ред .қара)
63-2-бап. Қазақстандық өндiрушiлердi қолдау
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу кезiнде мердiгер тауарлар, жұмыстар және көрсетiлетiн қызметтер Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, осы Заңның талаптарына сәйкес оларды қазақстандық өндiрушiлерден сатып алуға мiндеттi.
2. Сатып алатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң қазақстандық өндiрушiлерi болған кезде конкурс өткізуге бiрыңғай шетелдiк ұйымдарды тартуға жол берiлмейдi.
3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың жеңiмпазын анықтаған кезде тауарлары, жұмыстары және көрсететiн қызметтерi конкурстың талаптарына және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес келген жағдайда, конкурсқа қатысушылардың - қазақстандық өндiрушiлердiң конкурстық өтiнiмiнiң бағасын шартты түрде жиырма процентке азайтады.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 63-3-баппен толықтырылды
63-3-бап. Жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтiн
өндiрiстердi, магистральды және өзге де құбырларды
дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге
объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану
жөніндегі мiндеттемелердi iске асыру
Жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтiн өндiрiстердi магистральды және өзге де құбырларды дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану жөніндегі мiндеттемелердi жер қойнауын пайдаланушының iске асыруы жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттың және ұсынылған объектiлердi инвестициялауға арналған қосымша шарттың ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайдаланушының аталған мiндеттемелердi орындауға байланысты шығындары өндiрiлген мұнайдан алынған өнiмдi бөлу туралы келісім-шарт бойынша жер қойнауын пайдаланушыға өтелмейдi.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 64-бап өзгертілді; 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 64-бап өзгертілді
64-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды
жүргiзудiң шарттары
1. Пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру және пайдалы қазбаларды өндiруге байланысты емес мақсаттарда жер қойнауын пайдалану бекітілген техникалық жобаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Барлауды жүзеге асыратын мердiгердiң кен орнының қорларын сынамалы пайдалануды жүргiзуге, егер бұл келісім-шартта және жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жылдық жұмыс бағдарламасында көзделген жағдайда ғана құқығы бар.
3. Барлау, өндiру не бiрлескен барлау мен өндiру жөніндегі операцияларды жүргiзетiн жер қойнауын пайдаланушы жылдық жұмыс бағдарламасын жыл сайын жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлетті органмен, егер келісім-шартта мұндай келісу үшін өзгеше мерзiм белгiленбесе, бiрiншi жылы - келісім-шарт жасалған айдан кейінгі айдың 30-нан кешiктiрмей, ал одан кейiнгі жылдары жоспар жасалып отырған жылдың алдындағы жылдың 30 желтоқсанынан кешiктiрмей келiсуге мiндеттi.
Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мердiгердiң техникалық жобаның шешімдерiн және кен орындарын игерудiң оң тәжiрибесiн қолдану жөніндегі мiндеттемелердi сақтамауынан басқа ешқандай өзге негiздер бойынша жылдық жұмыс бағдарламасымен келiспеуге құқылы емес. Жылдық жұмыс бағдарламасын қарау және келiсу мерзiмi жетi күннен аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жылдық бағдарламаны жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша қайта қарауы мүмкiн.
5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу туралы есептердi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн шарттарда және тәртiппен табыс етуге мiндеттi.
6. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi орган жылдық жұмыс бағдарламаларының келiсу хаттамаларының көшiрмелерiн олардың келісілген күнінен бастап бір айдан кешiктiрмей құзыреттi органға табыс етеді.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 64-1-баппен толықтырылды
64-1-бап. Коммерциялық табу
1. Барлауға арналған келісім-шарттың негiзiнде жұмыс жүргiзген және коммерциялық табуды жасаған жер қойнауын пайдаланушының тiкелей келiссөздер жүргiзу негiзiнде өндiруге құқық алуға айрықша құқығы бар.
2. Жер қойнауын пайдаланушы барлау нәтижесiнде кен орнын (кен орындарын) тапқан жағдайда бұл туралы құзыреттi органды хабардар етуге, кен орнына бағалау жүргiзуге және ол коммерциялық табу болып табыла ма, соған қорытынды жасауға мiндеттi. Табу туралы хабардар ету мерзiмдерi, бағалау, коммерциялық табудың бар екендiгi туралы шешiм қабылдауды талқылау рәсiмi келісім-шартпен айқындалады.