2. 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2-1. Келісім-шарт талаптары тараптардың өзара келісімiмен белгiленедi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келуге тиiс.
2-2. Келісім-шарт талаптарының Қазақстан Республикасына қатысты тиiмдiлiгi конкурстық ұсыныс талаптарымен салыстырғанда аз болуы мүмкiн емес. Бұл ретте салық салу ережелерi Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес белгiленедi. Келісім-шарт талаптарында жер қойнауын пайдаланушының қабылдаған мiндеттерiн орындамағаны үшiн, оның iшiнде қазақстандық мазмұн бойынша да, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар мен өсiмпұлдар) көлемi көрсетiлуге тиiс.
2-3. Жұмыс бағдарламасы келісім-шартқа мiндеттi қосымша болып табылады және ол жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлетті органмен келісілуге тиiс.
2-4. Тараптар келісім-шартты жасасқан кезде жер қойнауын пайдаланушы келісім-шарт бойынша жұмыстарды орындауға тартылатын қазақстандық персоналға төлейтiн, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкасын негiзге ала отырып жыл сайын индекстелетiн жалақының деңгейiн келiседi.
3. Бiрлескен барлау мен өндiру жөніндегі жұмыстарды (операцияларды) жүргiзуге арналған келісім-шартты жасасу кезiнде тараптар барлау жөніндегі операцияларды жүргiзуге байланысты шарттарды келiсуi мүмкiн. Өндiру жөніндегі жұмыстарды (операцияларды) жүргiзуге байланысты талаптар не бiрлескен барлау мен өндiру жөніндегі жұмыстарды (операцияларды) жүргiзуге арналған келісім-шартты жасасу кезiнде не коммерциялық табу жасалғаннан кейiн келісілуi мүмкiн.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 43-бап жаңа редакцияда; 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 43-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
43-бап. Контрактiнiң қолданылу мерзiмi
1. Барлауға контракт алты жылға дейiнгi мерзiмге жасалады. Мердiгер контрактiде , жұмыс бағдарламасында және жылдық жұмыс бағдарламаларында белгiленген мiндеттемелердi орындаған жағдайда мердiгердiң контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартуға құқығы бар. контрактiнiң қолданылу мерзiмi әрбiр кезеңi ұзақтығы екi жылға дейiн болып екi рет ұзартылуы мүмкiн. Егер мердiгер мерзiмдi ұзарту үшiн контрактiнiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн 3 айдан кешiктiрмей өтiнiш жасаған болса, барлауға контрактiнiң мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
2. Өндiруге арналған келісім-шарт - жиырма бес жылға дейiнгi мерзiмге, ал пайдалы қазбаларының қорлары мол және бiрегей кен орындары бойынша қырық бес жылға дейiнгi мерзiмге жасалады. Өндiруге арналған келісім-шарттың мерзiмi, егер жер қойнауын пайдаланушы мерзiмдi ұзарту үшiн келісім-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн он екi айдан кешiктiрмей өтiнiш жасаса, ұзартылуы мүмкiн.
3. Бiрлескен барлау мен өндiруге контракт мүмкiн болатын ұзарту мерзiмдерi ескерiле отырып, барлау мен өндiрудiң мерзiмiн қамтитын мерзiмге жасалады. Бұл ретте мерзiмдердi ұзартуға осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелер қолданылады.
4. пайдалы қазба табылған жағдайда контрактiнiң қолданылу мерзiмiн коммерциялық табуды бағалау үшiн мердiгердiң қажет кезеңге ұзартуға құқығы бар.
5. Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiм ол құзыреттi органға келiп түскен күнiнен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қаралуға тиiс.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 43-1-баппен толықтырылды 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 43-1- бап өзгертілді
43-1-бап. Контрактiнің қолданылуының аумақтық аясы (контрактілік аумақ)
1. Контрактілік аумақтың шегiнде жер қойнауының бiр-бiрiмен өзара аралас ретiнде де, бөлек те бiр учаскесi немесе жер қойнауының бiрнеше учаскесi болуы мүмкiн. Контрактілік аумақтың шегiнде бөлiнетiн жер қойнауы учаскесi (жер қойнауы учаскелерi) белгiлi бiр тереңдiкпен шектелiне алады (шектелiнуi мүмкiн).
2. Егер барлауды және (немесе) өндiрудi жүргiзген кезде кен орны географиялық шекараларының (құрлықта немесе теңiзде орналасқанына қарамастан) көрсетілген геологиялық немесе тау-кендiк бөлудегi келісім-шарттық аумақ шегінен шығып кеткенi байқалса, онда оны кеңейту туралы мәселені құзыреттi орган конкурс өткiзбестен келісім-шарт талаптарын өзгерту арқылы шешуге тиіс.
3. Контрактiнiң аумағын қайтарудың шарттары мен тәртібі Контрактiде айқындалады.
4. Контракт аумағының бөлiктерiн қайтару, контракт аумағынан осындай геологиялық бөлуден қайтарылатын бөлiктердi қоспағанда, геологиялық бөлудi қайта ресiмдеу арқылы жүзеге асырылады.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 44-бап өзгертілді; 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 44-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 44- бап өзгертілді
44-бап. Келісім-шарт жасасу және оны орындау
1. Жер қойнауын пайдаланушы келісім-шарт жобасын конкурстық комиссия конкурс жеңiмпазы туралы шешiм қабылдаған кезден бастап жетi ай iшiнде ұсынады. Құзыреттi орган келісім-шарттың талаптарын жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер арқылы келiседi.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тараптармен келісілген келісім-шарт жобасына оған қол қойылғанға дейiн бiр ай мерзiм iшiнде құқықтық, экологиялық, экономикалық және салықтық, денсаулық сақтау және санитария, жер қойнауын зерттеу және пайдалану, тау-кен қадағалау мәселелерi бойынша мiндеттi сараптамалар жасалуға тиiс.
Сараптама қорытындыларын тиiстi мемлекеттік органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес бередi. Қажеттi сараптамалар жүргiзiлгеннен кейiн құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы келісім-шарттың түпкiлiктi талаптарын келiседi.
3. Келісім-шартты құзыреттi орган тiркеуге тиiс. Егер келісім-шарттың күшiне енуiнiң өзге де неғұрлым кеш мерзiмдерi келісім-шартта айтылмаса, тiркелген кезден бастап күшiне енедi.
4. ҚР 2005.14.10 № 79-III Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Келісім-шартты жасау жер қойнауын пайдаланушы өтiнiш берген күннен бастап отыз күн iшiнде жергiлiктi атқарушы органдардың дереу ресiмдеуi үшiн негiз болып табылады. Бұл ретте ресiмделетiн жер учаскесiнiң кеңiстiк шекаралары жер қойнауын пайдаланушы жер учаскесiн iс жүзiнде пайдалану мерзiмдерiнiң шегiнде жердiң үстiңгi бетiн бұза отырып iс жүзiнде пайдаланатын аумақпен шектеледi.
6. ҚР 2005.14.10 № 79-III Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
7. Жер қойнауын пайдаланушының келісім-шарт жасасқан кездегi, оның iшiнде қазақстандық мазмұн бойынша мiндеттемелерiн орындамауы келісім-шартта белгiленген айыппұлдар мен өсiмпұлдарды қолдануға әкеп соғады.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 45-бап жаңа редакцияда
45-бап. Контрактiнi жарамсыз деп тану
1. Контракт мынадай жағдайларда:
1) сот тәртібімен құзыреттi органға осы тұлғамен контракт жасауға шешiм қабылдауға ықпал еткен көрiнеу жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда;
2) сот тәртібімен конкурсты жүргiзуге не жер қойнауын пайдалану құқығын алуды ұтып алған үмiткермен оған басқа үмiткерлердiң алдында заңсыз басымдықтар беру мақсатында контракт жасасуға қатысушы лауазымды адамдардың арасында сөз байласу, бюджетке төленетiн төлемдердiң шарттарын ырықтандыру және олардың мөлшерiн азайту фактілері анықталған жағдайда;
3) қолданылуы контракт жасасуға тiкелей ықпал еткен шарттың күшiн сот тәртібімен жою кезiнде жарамсыз деп табылады.
2. Контрактiнi жарамсыз деп тану үшiн соттың осы баптың 1-тармағында көрсетiлген фактiлердiң болғандығын растайтын шешiмiнiң немесе үкімінiң заңды күшiне енуi негiз болып табылады. контракт ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.
3. Сот тәртібімен оның негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресiмдеу жүзеге асырылған шартты жою не бұзу контрактiнiң өзiнiң емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай берумен байланысты қабылданған өзгерістер мен толықтырулардың жарамсыздығына әкелiп соғады.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 45-1-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 45-1- бап өзгертілді
45-1-бап. 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред .қара)
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 45-2-баппен толықтырылды; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ; 2006.29.12. № 209-III (бұр. ред .қара) ҚР Заңдарымен 45-2- бап өзгертілді
45-2-бап. Контрактiнi өзгерту және тоқтату
1. Құзыреттi орган контрактiнi мынадай жағдайларда:
1) мердiгер барлау, өндiру, бiрлескен барлау мен өндiру не барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудi тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға әкеп соққан себептердi жоюдан бас тартқан жағдайда, не осы себептер оларды жою үшiн жеткiлiктi мерзiмде жойылмаған жағдайда;
2) жер қойнауын пайдаланушылар осы Заңның 70-бабында көзделген шараларды қолданбаған жағдайда;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептердi жою мүмкiн болмайтын жағдайда;
4) мердiгер контрактiмен не жұмыс бағдарламасымен белгiленген мiндеттемелерiн айтарлықтай бұзған жағдайда;
5) мердiгер осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану Құқығы кепiл нысанасы болып табылатын жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес банкрот деп танылған жағдайда;
6) осы Заңның 71-бабының мемлекеттiң басым құқығына қатысты үшiншi бөлігін орындамаған жағдайда бiржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
2. Құзыреттi орган контрактiнi бұзу туралы тиiстi шешiм қабылдағанға дейiн мердiгерге хабарлама жiберу арқылы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзудi дереу тоқтатуды талап етуге құқылы, ал мердiгер мұндай талапты дереу атқаруға мiндеттi.
3. Тараптар Қазақстан Республикасының заң актілерінде және келісім-шартта көзделген негiздер бойынша және тәртiппен ғана келісім-шарттың қолданысын тоқтатуы немесе оның шарттарын өзгертуi мүмкiн.
4. Тараптар келісім-шарттың қолданысы тоқтатылған немесе оның шарттары өзгертiлген кезде орындалмай қалған ағымдағы мiндеттемелердi орындаудан босатылмайды.
5. Келісім-шарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген тарату жобасына сәйкес келісім-шарттық аумақты халықтың денсаулығы мен өмiрiне және қоршаған орта үшiн қауiпсiз болатын жағдайға дейiн қалпына келтiру жөніндегі мiндеттердi орындаудан босатпайды.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап 01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 6- тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
6-тарау. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау,
жер қойнауын зерттеу мен пайдалану
01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 47- бап өзгертілді
47-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғаудың,
жер қойнауын зерттеу мен пайдаланудың мiндеттерi
Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын зерттеу және пайдалану:
1) халықтың денсаулығын және өмiрiн қорғау;
2) жер қойнауының ресурстарын тиiмдi және кешендi пайдалану;
3) табиғи ландшафттарды сақтау және бүлiнген жерлердi, өзге де геоморфорологиялық құрылымдарды қалпына келтiру;
4) жер сiлкiнудi, көшкiндi, су басуды, топырақтың отыруын болдырмау мақсатында жер қойнауының үстiңгi бөлiктерiнiң энергетикалық жай-күйiн сақтау;
5) су объектiлерiнiң табиғи жағдайын сақтауды қамтамасыз ету бағыттарына негiзделген құқықтық, ұйымдастыру, экономикалық, технологиялық жүйелердi және басқа шараларды қамтиды.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 48-бап өзгертілді
48-бап. Жалпы экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында болжауды, жоспарлауды, жобалауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген экологиялық талаптар басымдық ретте сақталуға тиiс.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзген кезде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауға қойылатын негiзгi талаптар:
1) кен орнын игерудiң арнаулы тәсiлдерiн қолдану есебiнен жердiң үстiңгi қабатын сақтау;
2) жердiң техногендiк шөлейттенуiн болдырмау;
3) жер қойнауын пайдалану операциялары басталмай тұрып, табиғатты қорғау органдарымен келісілген автомобиль жолдарын салудың тиiмдi сызбасын жасау, сондай-ақ скважиналарды бұрғылауда тармақты әдiстi қолдану, iшкi үйiндiлер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикiзатты өндiру мен Өңдеудiң қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлiнетiн жерлердiң аумағын азайту;
4) топырақтың, аршу жыныстары үйiндiлерiнiң және өндiрiс қалдықтарының жел эрозиясын, олардың тотықтануын және өздiгiнен жануын болдырмау;
5) сiңiрме және тұщы су қабаттарын ластанудан сақтау үшiн оқшаулау;
6) жер үстi және жер асты суларын сарқылудан және ластанудан сақтау;
7) жуғыш сұйықтарды дайындағанда усыз реагенттердi пайдалану;
8) бұрғылау ерiтiндiлерiн тазалау мен қайталап пайдалану;
9) қоршған ортада бұрғылау мен жанар-жарағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауiпсiз тәсiлмен жою;
10) мұнай кен орындарында қабатаралық қысымды сақтау жүйесiнде мұнай өндiрiсi сарқынды суларын тазалау және қайталап қолдану.
11) ластайтын заттарды атмосфералық ауаға шығаруды болғызбау;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген кен орындарын жою (консервациялау) жобасы бойынша қоршаған ортаға келтiрiлген зиянның салдарларын жою.
ҚР 11.08.99 ж. № 467-I Заңымен 48-1-баппен толықтырылды
48-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды сақтық аймағының шегiнде жүргiзу
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды сақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі осы операцияларды судың деңгейiнiң көтерiлуi жағдайында теңiздiң ластануын болдырмайтындай немесе барынша төмендететiндей етiп жүргiзуге мiндеттi.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды сақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі жүргiзiлген операциялардың және мұндай жер қойнауын пайдаланушының кiнәсi болу-болмауына қарамастан су деңгейiнiң көтерiлуiнiң нәтижесiнде теңiздiң ластануы жағдайында қоршаған ортаға не жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген зиян мен залал үшiн жауапкершiлiкте болады.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 48-2-баппен толықтырылды
48-2-бап. Тарату қоры
Тарату қорына аударымдардың мөлшерi мен тәртібі келісім-шартпен белгiленедi. Тарату қорының қаражатын пайдалану құзыреттi органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдалану объектiлерiн тарату және консервациялау ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
11.08.99 ж. № 467-I ; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ; 2007.09.01. № 213-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 49- бап өзгертілді
49-бап. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану
мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар
1. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзу үшiн, соның iшiнде өндiруге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшiн берiлетiн пайдалы қазбалар, кен орындары жер қойнауы учаскелерi қорының ауқымы мен құрылымын нақтылы бағалау үшiн жер қойнауын iлгерiлей геологиялық зерттеудiң толымдылығын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргiзудiң барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды және кешендi пайдалануды қамтамасыз ету;
3) бай учаскелердi таңдап игеруге жол бермей пайдалы қазбаларды жер қойнауынан бөлiп алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
4) кен орнын игеру кезiнде айырып алынған және жер қойнауында қалдырылатын негiзгi және онымен бiрге орналасқан пайдалы қазбаларды және қосалқы компоненттердi, соның iшiнде минералдық шикiзатты, өңдеу өнiмдерi мен өндiрiс қалдықтарын нақты есепке алу;
4-1) бастапқы өңдеу деректерi бойынша мемлекеттік баланста есепте тұрған пайдалы қазбалар қорларын түзетудi жою;
5) су жинау алаңдарында және жер асты сулары жинақталған жерлерде ауыз сумен немесе өнеркәсiптiк сумен қамтамасыз ету үшiн пайдаланылатын өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;
6) жер қойнауын кен орындарының сапасын төмендететiн немесе оларды пайдалануды және игерудi күрделiлендiретiн су басудан, өрттен және басқа сұрапыл факторлардан қорғау;
7) жер қойнауын пайдалану, әсiресе мұнайды, газды және басқа заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму, қалдық суларды ағызу жөніндегі операцияларды жүргiзуде жер қойнауын ластанудан сақтау;
8) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру, доғару, кен орнын игеру объектiлерiн тоқтатып қою мен жою жөніндегі белгiленген тәртiптi сақтау;
9) өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтарды үю мен орналастыру кезiнде олардың су ағызатын алаңдарда және жер асты сулары орналасқан жерлерде жиналуын болдырмау мақсатында экологиялық талаптарды қамтамасыз ету.
2. Жер қойнауын қорғаудың негiзiн жер қойнауын пайдалану объектiлерiн геологиялық, гидрогеологиялық, экологиялық, инженерлiк-геологиялық және технологиялық зерделеудiң толымдылығы мен дәлдiгi құрайды.
3. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан зиян келтiрген тұлғалар, егер зиян еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғандығын дәлелдей алмаса, онда келтiрiлген зиянды нақты залал көлемiнде өтеуге мiндеттi.
4. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзудың салдарынан келтірілген зиянның көлемін жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4-1. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзудың салдарынан келтірілген зиянның көлемін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
5. Зиянның көлемiн анықтауға байланысты туындайтын дауларды Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңдарында айқындалатын тәртiппен сот шешедi.
01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ; 2007.09.01. № 213-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 50- бап өзгертілді
50-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң экологиялық негiзi
1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу үшiн осы операцияларды жүргiзуге мемлекеттік экологиялық сараптама берген оңды қорытынды және соның негiзiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның міндетті шарт ретінде келісім-шартқа тиісті экологиялық талаптарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес берген экологиялық рұқсаты қажеттi экологиялық негiз болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік экологиялық сараптамаға жоспарланған iс-қимылдардың қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға берген барлық жобалау алдындағы және жобалық құжаттарды және барлау мен өндiру, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтату, немесе кен орнын игерудi тоқтатып қою кезеңдеріндегі шараларды қоса "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмiн тапсыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
01.12.04 ж. № 2-III ҚР Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 51- бап жаңа редакцияда
51-бап. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттік бақылаудың мiндетi жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауының ластануын болғызбау және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайту бөлiгiнде сақталуын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
3. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттік бақылау:
1) жер қойнауын қорғаудың мемлекеттік мониторингін;
2) жер қойнауын қорғау саласына жататын лицензиялық-келісім-шарттық талаптардың сақталуын бақылауды;
3) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудi және қалдық суларды ағызуды бақылауды;
4) жер қойнауының кен орны мен қоршаған ортаның бүлiнуiне әкеп соғатын ластанудан, су басудан, өрттен және техногендiк процестерден сақталуын бақылауды;
5) жер қойнауын пайдалану объектiлерiнiң консервациялануын және жойылуын бақылауды;
6) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезiнде авариялар мен өзге де қауіптi жағдайларды болғызбау жөніндегі iс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтиды.
2005.14.10 № 79-III ҚР Заңымен 51-1- баппен толықтырылды
51-1-бап. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды
мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттік бақылауды жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттік бақылау мiндетi жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын iздестiру және бағалау, өндiру кезiнде минералды шикiзатты ұтымды және кешендi пайдалану, өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және пайдалану үшiн геологиялық зерттеу және жер қойнауы учаскелерiн бағалау кезiнде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
3. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттік бақылaу:
1) қорларды ашуды, дайындауды және қазып алуды қамтамасыз ететiн, кен орындарының бай учаскелерiн таңдап игерудi болғызбайтын жер қойнауын геологиялық зерттеу мен пайдалануды, кен орындарын игерудiң техникалық жобалары шешiмдерiнiң сақталуын бақылауды;
2) пайдалы қазбалардың сыртқа шығарылатын және жер қойнауында қалдырылатын қорлары мен оларды өндiру кезіндегі ысырапты есепке алудың дұрыстығын бақылауды қамтиды.
ҚР 11.05.99 ж. № 381-1 Заңымен 52-бап жаңа редакцияда
52-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi ерекше күзетiлетiн құқықтық режимi болатын не мемлекеттік табиғи-қорық қорының дағдылы, бiрегей және сирек кездесетiн геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiн сақтауға арналған шаруашылық қызметi реттелетiн режимдегi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып табылады.
Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiне мыналар жатады:
геологиялық объектiлер - тiректi немесе сипатты тілімдер, сипатты тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетiн тау жыныстары мен минералдар, метеориттер, сақталынып қалған фауна мен флора қалдықтары бар табиғи және жасанды түрде аршылған жерлер;
геоморфологиялық объектiлер - жер бедерiнiң жасалу процесiн айқын көрсететiн және туризм мен рекреация үшiн ерекше құнды террастар, жайылмалар, үңгiрлер, сайлар, каньондар, сарқырамалар мен жер бедерiнiң басқа да нысандары;
гидрогеологиялық объектiлер - бiрегей және сирек кездесетiн қасиеттерiмен ерекшеленетiн жер асты сулары және олардың жер бетiне шығатын тұстары;
жартастардағы суреттерi, ертедегi кен орындары, тарихи, археологиялық және этнографиялық жағынан маңызды жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да объектiлерi бар жер қойнауы учаскелерi.
2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi жергiлiктi және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатады.
3. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн өзге қажеттер үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
ҚР 11.05.99 ж. № 381-1 Заңымен 52-1-баппен толықтырлды; 01.12.04 ж. № 2-III (бұр. ред. қара) ; 2005.14.10 № 79-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 52-1- бап өзгертілді
52-1-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi
1. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарымен белгiленедi.
2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиiстi учаскеде жұмысты тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органға хабарлауға мiндеттi.