Аграрлық секторға несие беру мәселелерi туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2001 жылғы 25 қаңтардағы № 137 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. № 276 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 7 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы редакцияларды қара
Ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң қаржы қаражатына қол жеткiзуiн қамтамасыз ету және тиiмдi пайдаланылуын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қаржы ресурстарын тарта отырып ауыл шаруашылығы өндiрiсiне несие берудiң пилоттық жобасы мақұлдансын.
2. "Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамы мемлекеттiң 100 пайыз қатысуымен құрылсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі заңнамада белгіленген тәртiппен 2001 жылы:
"Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамының жарғылық капиталын қалыптастыру үшiн "Аграрлық несие корпорациясын құру туралы" № 40 бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 150 000 000 (жүз елу миллион) теңге сомасында қаражат бөлсiн;
"Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамының несиелiк ресурстарын қалыптастыру үшiн көздер қарастырсын.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң Мемлекеттік мүлік және жекешелендiру комитетi заңнамада белгіленген тәртiппен:
"Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамының жарғысын бекiтсiн;
мемлекеттік тiркеуден кейiн "Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетiне иелiк ету және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне берсiн;
осы тармақтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкiмдерiмен бiрлесiп, базасында ауылдық несие серiктестiктерi өрiс алатын аудандардың тiзбесiн айқындасын.
6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі "Акциялардың мемлекеттік пакеттерiне және ұйымдардағы қатысудың мемлекеттік үлестерiне мемлекеттік меншiктiң түрлерi туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысына және "Акциялардың мемлекеттік пакеттерiне және республикалық меншiктегi ұйымдардағы мемлекеттік үлестерге иелiк ету және пайдалану бойынша құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысына тиiсті толықтыру әзiрлесiн және бекiтуге енгізсiн.
ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. № 276 қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi А.С. Есiмовке жүктелсiн.
8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы ?кіметінiң
2001 жылғы 25 қаңтардағы № 137 қаулысымен
Мақұлданған
Мемлекеттік қаржы ресурстарын тарта отырып
ауыл шаруашылығы өндiрiсiне несие берудiң
ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ
Жобаның мақсаты: Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне несие беру жүйесiн ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерiнiң қаржылық қаражатын тарту және осы мақсатқа бөлiнетiн мемлекеттік несие ресурстарын тиiмдi пайдалану арқылы ұйымдастыру.
Жобаны iске асырудың негізгі кезеңдерi
1. Пилоттық жоба (бұдан әрi - Жоба) екi кезеңде iске асырылады, оның әрбiреуi республикалық және аймақтық деңгейге сай қаржы институттарын құруға бағытталған іс-шаралардың кешенiн орындауды көздейдi.
2. Бiрiншi кезеңнiң iс-шараларын iске асыру мамандырылған қаржы институты - Аграрлық несие корпорациясын құруға бағытталған.
3. "Аграрлық несие корпорациясы" жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрi - Корпорация) мемлекеттiң 100 пайыз қатысуымен жабық акционерлік қоғам нысанында құрылады.
4. Корпорацияның жарияланған жарғылық капиталы 150 000 000 (жүз елу миллион) теңге мөлшерiнде қалыптасады.
5. Қазақстан Республикасының Yкіметі Корпорацияға 9 000 000 (тоғыз миллион) дейiнгi АҚШ доллары сомасында несиелiк ресурстарды бередi. Несиелiк ресурстар Корпорацияға сыйақының (мүдденiң) нөлдiк ставкасы бойынша бес жыл мерзiмге берiледi.
ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. № 276 қаулысымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Корпорация республикалық бюджет қаражатын Жобаны және Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 маусымдағы № 889 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік аграрлық азық-түлiк бағдарламасын iске асыру шеңберiнде пайдаланады.
6. Корпорация несие операцияларын жүргізудегі өз қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негiзiнде жүзеге асырады және тек ауылдық несие серiктестiктерiне несие бередi.
7. Жобаның екiншi кезеңiнде аймақтық қаржы институттарының ауылдық несие серiктестіктерiнiң желiсiн құру көзделедi.
8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгі, облыстардың әкiмдерi және Корпорация ауылдық несие серiктестiктерiн құру жөнiндегі ұйымдастыру жұмыстарын жүргізедi.
ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. № 276 қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр ред. қара)
9. Ауылдық несие серiктестiктерiн құру ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрудi тиiмдi және/немесе қайта өңдеудi жүргiзетiн өңiрлерде пайдалы, экономикалық тұрғыдан өзiн ақтайтын аграрлық өнеркәсiп кешенi секторларында жүргiзiледі.
10. Ауылдық несие серiктестiгі (бұдан әрi - Серiктестік) өз қызметiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 05.03.04 ж. № 276 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр ред. қара)
11. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Корпорацияның уәкiлетті органы ретiнде Корпорацияның iшкi құжаттарын әзiрлеу кезiнде мынадай талаптарды:
1) Серiктестiктiң ықтимал қатысушыларына (ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерiне):
- Серiктестiктiң ықтимал қатысушылары Серiктестiктiң жарғылық капиталына жарнаны тек қана ақшалай енгiзудi, бұл ретте заңды тұлғалар үшiн - өз қаражаты шегінде; жеке тұлғалар үшiн - алынған таза табыс есебiнен енгізудi;
- Серiктестiк құрылған кезде Серiктестiктiң ықтимал қатысушыларында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру және/немесе қайта өңдеу саласындағы қызметiнiң үш жылдан кем емес мерзiмi болуын;
- қолда бар жылжымайтын мүлiкке тиiсті үлгіде ресiмделген құжаттарының болуын;
- өндiрiстiк-қаржы қызметi орнықтылығының болуын;
- олар өндiретiн өнiмнiң жалпы көлемiнiң кемiнде 50 пайызы ауыл шаруашылығы өнiмiн құрайтын өндiрiстiң жүзеге асырылуын;
- ауыл шаруашылығы өнiмiнiң қайта өңделуiн және сатылуын көздесiн;
2) ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң үлесi Серiктестiктiң жарғылық капиталының кемiнде 50 пайызын, ал олардың саны 20 қатысушыны құрауы тиiс;
3) Серiктестiктiң жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi кемiнде 3 000 000 (үш миллион) теңгенi құрауы тиiс;
4) қатысушының ең төменгі жарнасы 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде белгiленедi. Серiктестiктi басқаруға қатысу - Серiктестiктiң жарғылық капиталына төленген жарнаға бара-бар.
12. Корпорация құрылатын Серiктестiктердiң жарғылық капиталына өзiнiң жарғылық капиталының қаражаты есебiнен қатысады. Бұл ретте Серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы Корпорацияның үлесi бастапқы кезеңде үлесiн немесе оның бөлiгін Серiктестiктiң басқа қатысушыларына немесе оған жаңадан қабылданғандарға сату арқылы, Серiктестiктердiң қолданылып жүрген жарғылық капиталындағы Корпорацияның үлесiн бiрте-бiрте азайту шартымен кемiнде 35 пайызды құрауға тиiс.
13. Корпорация заңнамада белгiленген тәртiппен Серiктестiктердiң қызметiн басқаруға қатысады.
Серiктестiктердiң несие ресурстарын қалыптастыру
көздерi
14. Серiктестiктiң бастапқы айналым капиталы:
- Серiктестіктiң жарғылық қорының сатып алынған үлесiнiң төлемiне енгiзiлетiн Серiктестік қатысушыларының жарналары;
- Корпорация бөлетiн жеңiлдiк беретiн несие ресурстары;
- Серiктестiктiң қатысушыларында болатын бос ресурстар;
- Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражаттың есебiнен қалыптасады.
15. Серiктестіктерге Корпорацияның несие ресурстары қайтарымдылық, ақылы және мерзiмдiлiк шартында бөлiнедi.
Несие ресурстарының қайтарымдылығын
қамтамасыз ету
16. Серiктестiк қатысушыларына бөлiнетiн несие ресурстарының қайтарымдылығын қамтамасыз ететiн тәсiл:
- Серiктестiктiң қатысушылары берген өтiмдi кепiлдi несие мүлiгі;
- Серiктестіктiң кемiнде 2 қатысушысының кепiлгерлігі, бұл ретте кепiлгерлер несие алушы бола алмайды;
- екiншi деңгейдегі банктің тиiсті түрде ресiмделген кепiлдiк хаты;
- қолданылып - жүрген азаматтық заңнамада көзделген өзге де тәсiлдер болып табылады.