28-бап. Банкроттық туралы iс бойынша iс қозғаудың салдары
1. Банкроттық туралы iс бойынша iс қозғалған кезден бастап:
1) борышкер мүлкінің меншік иесі (оған уәкілеттік берілген орган), құрылтайшылар (қатысушылар), заңды тұлғаның барлық органдары борышкердің мүлкіне билік ету құқығынан айырылады. Егер осы Заңның 2-бабының 4-тармағында көрсетілген ұйым борышкер болып табылған жағдайда, уәкілетті органның өтініші бойынша сот іс жүргізу циклын, оның ішінде үздіксіз іс жүргізуді қолдауға және мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге қажетті ең төменгі ағымдағы төлемдерді жүргізуге уәкілетті тұлғаларды анықтауға құқылы;
2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды қоспағанда, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауап беретiн азаматтарға төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың , салық органдарының, сондай-ақ борышкердің мүлкіне қатысты оның меншік иелерінің (құрылтайшылардың, қатысушылардың) немесе органдардың бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы мүмкiн;
4) кредиторлардың, салық органы мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті мемлекеттік органның талаптары, соның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға тиiстi талаптары бойынша борышкердiң банк шотынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуға жол берiлмейдi;
5) акцияларды, борышкердің мүлкіндегі үлестерді иеліктен айыруға тыйым салынады.
2. Сот жеті күн ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және борышкердің тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын, белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында банкроттық туралы іс бойынша іс қозғалғандығы жөнінде мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялауға міндетті.
Хабарландыруды жариялау банкроттықты тану туралы өтiнiш берген тұлғаның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады, ол осы Заңның 40-бабында белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II; 08.04.04 ж. № 542-II ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Кредитордың немесе прокурордың мәлімдемесіне
борышкердің жауабы
1. Борышкер соттың банкроттық туралы iс қозғау жөніндегі ұйғарымының көшiрмесiн алған күннен бастап он күн мерзiм iшiнде сотқа кредитордың немесе прокурордың мәлiмдемесiне жауап қайтаруға мiндеттi.
2. Жауапта:
1) жауап жiберiлiп отырған соттың атауы;
2) мәлiмдеушiнiң атауы, мәлiмдеменiң нөмiрi мен күнi;
3) борышкердiң мәлiмдеушi талабына қарсылықтары;
4) өзге кредиторлар алдындағы мiндеттемелер, борышкер қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу, Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды төлеу, салық және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі берешектiң жалпы сомасы;
5) борышкердiң қолында бар мүлiк, оның iшiнде кепiлге берiлген, жалдаудағы немесе лизингтегi мүлiк туралы, банктер шоттарындағы ақша туралы мәлiметтер, шоттардың нөмiрлерi және банктердің тұрғылықты жері, дебиторлардың тұрғылықты жері және олардың берешегінің сомасы көрсетілген тізбесі;
6) борышкер мойындаған жағдайда мәлiмдеушi талаптарының қанағаттандырылғанына айғақтар.
3. Борышкердiң жауабына борышкердiң:
1) орындау мерзiмi жеткен борыштық мiндеттемелерiн орындауға;
2) орындау мерзiмi борышкердi банкрот деп тану туралы арыз берiлген кезден бастап үш айдың iшiнде келетiн борыштық мiндеттемелерiн орындауға қабiлеттi екенiн растайтын құжаттары қоса берiлуге тиiс.
4. Борышкер жауабының болмауы не оның осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмдi дәлелдi себепсiз бұза отырып тапсырылуы борышкердiң өзiнiң дәрменсiздiлiгiн мойындауы деп қаралады және соттың борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығаруына негiз болуы мүмкін.
5. Борышкердiң жауабында өзiн дәрменсiз деп тануды бiлдiруi соттың оны банкрот деп тану туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Борышкер жауабында өзiнiң дәрменсiздiгiн мойындаған жағдайда осы баптың 3-тармағында аталған құжаттардың табыс етiлуi мiндеттi емес.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 09.08.02 ж. № 346-II Заңдарымен 30-бап өзгертiлдi
30-бап. Кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету
Кредитордың немесе прокурордың не iске қатысушы өзге адамның өтiнiшi бойынша сот кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету жөнiнде мынадай шаралар қолдануға:
1) борышкерге тиесiлi мүлiкке (оның бiр бөлiгiне), соның iшiнде ақшаға тыйым салуға;
2) борышкер мүлкiнiң азайып кетуiне не кредиторлардың мүдделерiне өзгеше түрде нұқсан келтiруi мүмкiн iс-әрекеттер жасауына борышкерге тыйым салуға;
3) өндiрiп алу даусыз (акцептсiз) тәртiппен жүргiзiлетiн орындау құжаттары немесе өзге де құжаттар бойынша өндiрiп алуды тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II; 09.08.02 ж. № 346-II ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара)
Заңдарымен 31-бап өзгертілді
31-бап. Iстi соттың қарауына дайындау
1. Кредитордың немесе прокурордың сотқа осы Заңның 29-бабының ережелерiн ескере отырып табыс еткен талабына борышкердiң қарсылық бiлдiрген жауабының болуы iстi сотта қарауға дайындау үшiн негiз болып табылады.
2. Борышкердiң банкроттығы туралы iстi сотта қарауға дайындау кезiнде iс жүргiзу заңдарында көзделген әрекеттермен қатар сот:
1) iстi сот отырысында қаралатын уақыты мен орнын iске қатысатын уәкілетті органға, кредиторларға, прокурорға және өзге де тұлғаларға хабарлайды;
2) осы Заңның 18-бабының 2-тармағында және 19-бабында көзделген мәлiметтер мен құжаттарды борышкерден талап етiп алады;
3) iстi мәнi бойынша қарау үшiн соттың отырысын тағайындайды.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 32, 33-баптар алынып тасталды
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Соттың iстi қарауы
Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ iс қозғалған соң бiр айдан кешiктiрiлмей, банкроттық туралы iс соттың қарауына тағайындалуға тиiс, ол туралы сот ұйғарым шығарады.
Банкроттық туралы iс сотқа өтiнiш түскен күннен бастап екi айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
35-бап. Банкроттық туралы iс бойынша сот қаулылары
1. Сот банкроттық туралы iстi сот отырысына қарап, мынадай сот актілерінiң бiрiн қабылдай алады:
1) борышкердi банкрот деп тану және конкурс жүргiзу туралы шешiм;
2) борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм;
3) өтiнiш жасалған жағдайда оңалту рәсiмiн қолдану туралы ұйғарым;
4) iс жүргiзудi қысқарту туралы ұйғарым.
2. Соттың осы баптың 1-тармағында көзделген шешiмдерi мен ұйғарымдары, осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, iс жүргiзу заңдарының талаптарына сәйкес болуға тиiс.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 18.12.00 ж. № 128-II; 02.03.01 ж. № 162-II; 11.07.01 ж. № 239-II ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм
1. Соттың борышкердi банкрот деп тану және конкурстық iс жүргiзудi қозғау туралы шешiмi мынадай жағдайларда:
1) iс қозғалған кезден бастап екi айдан аспайтын мерзiмде соттың iстi қарауы барысында борышкер өзiнiң қабiлеттiлiгiн дәлелдей алмағанда;
2) iс қозғалған кезден бастап отыз күннен аспайтын мерзiмде борышкердiң өз жауабында дәрменсiздiгiн мойындағанда;
3) iс қозғалған кезден бастап он күннен аспайтын мерзiмде борышкер өзiн банкрот деп тану туралы арыз бергенде;
4) кредиторлар комитетiнiң бас тарту туралы шешiмi алынған кезден бастап бес күннен аспайтын мерзiмде, осы Заңның 14-бабы 2-тармағының талаптарын сақтай отырып, кредиторлар комитетi борышкерге оңалту рәсiмдерiн қолданудан бас тартқанда;
5) банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу жаңғыртылған күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде оңалтуды басқарушы оңалту рәсiмдерiнiң сәтсiз өткiзiлгенi туралы уәкілетті органның қорытындысымен сотқа жазбаша жүгiнгенде ;
6) банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу жаңартылған күннен бастап он күннен кешіктірілмейтін мерзімде оңалту мақсаттарына қол жеткізу мүмкін болмауына байланысты оңалту рәсімін тоқтату туралы уәкілетті орган мәлімдегенде шығарылады.
2. Соттың борышкердi банкрот деп тану туралы шешiмiнде:
1) борышкердi тарату туралы;
2) уәкілетті органға конкурстық басқарушыны тағайындауға тапсырма беру туралы;
3) шешiм шығарылғанға дейiн сотқа жүгiнген кредиторлардың мәлiмделген талаптарының сомасы туралы ;
4) борышкердің лауазымды тұлғаларының құрылтай, қаржы және оның мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарын, сондай-ақ борышкердің мөрін конкурстық басқарушыға ол тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде беру туралы нұсқаулар болуға тиіс.
2-1. Уәкілетті орган конкурстық басқарушының борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін үш күн мерзімнен кешіктірмей тағайындайды.
3. Борышкердi банкрот деп тану және конкурстық iс жүргiзудi қозғау туралы хабарландыруды конкурстық басқарушы ол тағайындалған күннен бастап он күннен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және борышкердің тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын, белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялайды.
Борышкердi банкрот деп тану туралы жарияланымда:
1) борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығарған сот органының атауы;
2) банкроттың атауы және орналасқан жерi;
3) жарияланым шыққан күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде өздерiнiң борышкерге қоятын талаптарын табыс ету қажеттiгi туралы кредиторларға хабарлама болуға тиiс.
37-бап. Соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы
шешiмi
1. Егер кредиторлардың қойған талаптарына борышкер қарсылықтарын сот дәлелдi деп таныса, сот борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
2. Соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi кредиторларды iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша борышкерге өз талаптарын қою құқығынан айырмайды.
38-бап. Жалған банкроттық кезіндегі сот шешiмi
1. Жалған банкроттық белгiлерi болған кезде кiнәлi лауазымды адамдардан барлық сот шығындарын өндiрiп ала отырып, сот борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарады.
2. Сот шешiмiнде жалған банкроттықтан келтiрiлген шығындарды борышкерден өтеудi талап етуге кредиторлардың құқығы көрсетiлуге тиiс (осы Заңның 5-бабының 2-тармағы).
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 39-бап өзгертiлдi
39-бап. Iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту туралы ұйғарым
1. Банкроттық туралы iс бойынша iстi сот iс жүргiзу заңдарында көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ мына жағдайларда:
1) оңалту рәсiмiн жүргiзу мақсатында қол жеткiзiлгенде;
3) борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi керi қайтарып алғанда (осы Заңның 15-бабының 4-тармағы) қысқартады.
2. Оңалту рәсiмiн жүргiзу мақсатына қол жеткiзiлуiне байланысты соттың банкроттық туралы iс бойынша iстi қысқарту жөніндегі ұйғарымында:
1) оңалтуды басқарушының есебiн бекіту туралы;
2) оңалту рәсiмiн тоқтату туралы нұсқаулар болуға тиiс.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 40 - бап өзгертілді
40-бап. Әкiмшiлiк шығыстарын бөлу
1. Борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданған кезде әкiмшiлiк шығыстары борышкердiң мүлкiне жатқызылады және осы мүлiктiң есебiнен кезектен тыс өтеледi. Оңалту рәсiмiн жүргiзу мақсатында қол жеткiзiлуiне байланысты iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарылған кезде сот және әкiмшiлiк шығыстары осы тәртiппен өтеледi.
2. Борышкердiң кредиторлардың талаптарына қарсылықтарын соттың дәлелдi деп тануына байланысты борышкердi банкрот деп танудан бас тартылған жағдайда осы баптың 1-тармағында көзделген шығындар сотқа өтiнiш берген кредиторларға жатқызылады және олардың арасында талаптарына қарай бөлiнедi.
2006.10.01 № 115-III Заңымен 41 - бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
41-бап. Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi. Шешiмдi
(ұйғарымды) қайта қарау
Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi мен оларды апелляциялық және қадағалау тәртібімен қайта қарау азаматтық сот iсiн жүргiзу ережелерi бойынша жүзеге асырылады.
2006.10.01 № 115-III Заңымен 3- 1- тараумен толықтырылды
3-1-тарау. Сырттай байқау
41-1-бап. Сырттай байқау
1. Кредитордың не уәкілетті органның өтініші бойынша сот:
1) сырттай байқау рәсімін қолдануға келісім білдірген кемінде үш кредитор, оның ішінде өтініш беруші болған кезде;
2) борышкер төлемге қабілетсіз болған кезде, борышкерге қатысты үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге сырттай байқау рәсімін енгізуі мүмкін.
Сырттай байқауды енгізу туралы сот ұйғарымында уәкілетті органға үш күн мерзімде сырттай байқау әкімшісін тағайындау тапсырылатыны көрсетіледі.
Сырттай байқау әкімшісін тағайындау тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2. Сырттай байқау әкімшісі болып банкроттық рәсімдерінде төлемге қабілетсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті орган берген лицензиясы бар жеке тұлға - жеке кәсіпкер тағайындалады.
Осы Заңның 9-бабының 4-тармағында көрсетілген тұлғалар сырттай байқау әкімшісі болып тағайындала алмайды.
3. Сырттай байқау әкімшісі:
1) өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған, жекелеген кредиторлардың мүддесіне нұқсан келтіретін не басқаларға артықшылық беретін әрекеттер жасаған, басшыны жұмыстан босатуға негіз болып табылатын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған;
2) өзіне жүктелген міндеттерді орындау мүмкіндігі болмаған жағдайларда, борышкердің істерін және мүлкін басқаруға қандай тәртіппен тағайындалған болса, аталған функцияларды жүзеге асырудан сондай тәртіппен шеттетілуге тиіс.
Сырттай байқау әкімшісін осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шеттету Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады.
Лицензияны кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарында көзделген негіздер бойынша сот тәртібімен жүргізілуі мүмкін.
4. Сырттай байқау енгізілген кезде мынадай салдарлар туындайды:
1) кредиторлардың борышкерге қатысты кез келген талаптары осы Заңда көзделген сырттай байқау рәсімі шегінде ғана қойылуы мүмкін;
2) борышкердің лауазымды тұлғаларына өздеріне тиесілі акцияларды, борышкер мүлкіндегі үлестерін иеліктен айыруына тыйым салынады.
5. Сотқа сырттай байқауды енгізу туралы өтініш берген кезде кредитор салық қызметінің тиісті органына хабарлама жібереді.
41-2-бап. Кредиторлар комитетін құру
1. Сырттай байқау кезінде кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында кредиторлар комитеті құрылады, оның құрамын осы баптың талаптарына сәйкес сырттай байқау әкімшісі құрады және оны уәкілетті орган бекітеді.
2. Кредиторлар комитетінің құрамына борышкерге ең көп талабы бар азаматтық-құқықтық міндеттемелер бойынша кредиторлар, сондай-ақ салықтық берешегі болған кезде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор кіруі мүмкін.
3. Өтініштері бойынша сырттай байқау рәсімі енгізілген кредиторлар, талаптардың мөлшеріне қарамастан, кредиторлар комитетінің құрамына енгізіледі.
4. Кредиторлар комитеті мүшелері жеті адамнан аспайтын тақ саннан тұрады.
41-3-бап. Кредиторлар комитетінің өкілеттіктерi
Кредиторлар комитетінің өкілеттіктеріне:
1) сырттай байқау әкімшісінің іс-әрекеттерін үйлестіру мен бақылау;
2) борышкердің негізгі құралдарды иеліктен айыру, мүлікті кепілге немесе жалға беру бойынша мәмілелер, сондай-ақ олардың орындалуы борышкерге залал келтіруі мүмкін, нарықтық бағадан айтарлықтай төмен бағамен не жеткіліксіз негіздер бойынша өзге мәмілелер жасауына қатысты сырттай байқау әкімшісінің іс-әрекеттерін келісу, қайта ұйымдастыруды жүргізу;
3) сырттай байқау әкімшісімен борышкердің мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, нәтижесінде борышкердің төлемге қабілетсіздігі туындаған, сырттай байқау рәсімін енгізгенге дейін жасалған оның мәмілелерін және іс-әрекеттерін анықтау мен талдау, мүлікті түгендеу актілері бойынша салыстыру жүргізу жөніндегі іс-шаралар және осы Заңда белгіленген өзге де іс-шаралар туралы уәкілетті органмен келісілген келісім жасау;
4) уәкілетті органға сырттай байқау әкімшісінің іс-әрекеттері жөнінде шағымдану;
5) сырттай байқау рәсімін ұзарту немесе тоқтату туралы сотқа өтініш жасау жатады.
41-4-бап. Сырттай байқау әкімшісінің өкілеттіктерi
1. Сырттай байқау әкімшісі:
1) сотқа борышкер мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде қосымша шаралар қолдану, сондай-ақ мұндай шаралардың күшін жою туралы өтініш жасауға;
2) түгендеу актілері бойынша борышкердің мүлкіне салыстыру жүргізуге;
3) борышкерден берешек сомасы көрсетілген оның кредиторлары мен дебиторларының толық тізбесін, активтері мен пассивтері толық көрсетілген балансын, борышкердің қаржылық жағдайы туралы есепті және басқа да қажетті ақпаратты талап етуге;
4) сот алдында үшінші тұлғалардан қажетті құжаттарды, қорытындыларды табыс ету және (немесе) оларды талап ету, олардың борышкердің алдыңғы үш жылдағы қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты өзге мәліметтерді табыс етуі туралы өтініш жасауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы мәліметтермен олардың тұрған жерінде танысуға;
5) сырттай байқау рәсімі енгізілгенге дейінгі алдыңғы үш жыл ішінде жасалып, борышкердің қаржылық жағдайын нашарлатқан мәмілелерді анықтауға, борышкерден оларды азаматтық заңдарда белгіленген негізде және тәртіппен бұзуды талап етуге;
6) борышкерден осы Заңның 41-7-бабында көзделген өзінің міндеттерін орындауын талап етуге;
7) осы Заңда көзделген тәртіппен және мөлшерде сыйақы алуға құқылы.
2. Сырттай байқау әкімшісі:
1) борышкерге қатысты өз іс-әрекеттерін кредиторлар комитетімен келісуге;
2) борышкер мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету және оны қорғау жөнінде шаралар қолдануға;
3) әдейі және жалған банкроттық белгілерінің бар екенін анықтауға және анықталған белгілер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға не борышкерден оның қаржылық жағдайын нашарлатқан мүлікті иеліктен айыру жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп тануын талап етуге;
4) борышкердің кредиторлары мен дебиторларын анықтауға, борышкерден дебиторлық берешекті өндіріп алу жөнінде шаралар қолдануын талап етуге;
5) сырттай байқау кезеңі аяқталғаннан кейін кредиторлар комитетімен және уәкілетті органмен келісілген, өз қызметі туралы есепті сотқа табыс етуге міндетті.
41-5-бап. Сырттай байқау әкімшісінің жауапкершілігi
Сырттай байқау әкімшісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
41-6-бап. Сырттай байқау шығыстары
Әкімшілік шығыстарды және сырттай байқау әкімшісіне ағымдағы төлемдерді қаржыландыру шарттары сырттай байқау енгізілгенге дейін оны қолдануға келісім білдірген кредиторлар арасында жасалатын келісіммен айқындалады.
41-7-бап. Борышкердің міндеттерi
Борышкер:
1) сырттай байқауды енгізу туралы ұйғарым заңды күшіне енген күннен бастап бір апта мерзімде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және борышкердің тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте таратылатын, белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында сырттай байқауды енгізу туралы жарияланымды мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастыруға;
2) сырттай байқау әкімшісінің талабы бойынша:
сырттай байқау енгізілгенге дейін жасалған, негізгі құралдарды иеліктен айыру, мүлікті кепілге немесе жалға беру жөніндегі мәмілелерге, сондай-ақ құны борышкер активтері құнының жалпы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын басқа да мәмілелерге қатысты қаржылық-шаруашылық және ұйымдастыру қызметі туралы ақпарат ұсынуға;
борышкердің қаржылық жай-күйін нашарлатқан мүлікті иеліктен айыру жөніндегі мәмілелерді бұзу жөнінде шаралар қабылдауға;
3) сырттай байқау әкімшісімен шығыстардың ұлғаюын, бухгалтерлік есеп стандарттарына сай өз капиталындағы өзгерісті, қайта ұйымдастыру жүргізуді, негізгі құралдарды иеліктен айыру, мүлікті кепілге немесе жалға беру жөніндегі мәмілелердің, сондай-ақ борышкер активтері құнының жалпы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын мүлікті сатып алу немесе иеліктен айыру жөніндегі мәмілелердің жасалуын келісуге міндетті.
41-8-бап. Сырттай байқауды тоқтату
Сырттай байқау:
1) сырттай байқау мерзімі біткен;
2) сырттай байқау мақсаттарына қол жеткізілген жағдайларда сот сырттай байқау әкімшісінің қорытынды есебін бекіткен кезде тоқтатылады.
4-тарау. Оңалту рәсімі
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану
Оңалту рәсiмi борышкер өтiнiш жасаған кредиторлар комитетінің және уәкілетті органның келісімi болған жағдайда сот тәртібімен тек коммерциялық ұйымдарға қатысты қолданылады.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiш жасау
1. Дәрменсiз борышкер өзiнiң төлем қабiлетiн қалпына келтiру мүмкiндiгi болған жағдайда, өзiн банкрот деп тану туралы сотқа арыз бергенге дейiн уәкiлетттi органға өзiне қатысты оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiн мәлiмдей алады. Мұндай өтiнiштi банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiн кредиторлар де немесе үшiншi тұлға да жасай алады.
2. Өтiнiште осы Заңның 11-бабының талаптары ескерiле отырып, борышкерге қатысты аталған рәсiмнiң қолданылуы орындылығының негiздемесi мен кредиторлар комитетi құрамы жөніндегі ұсыныс болуға тиiс.
3. Өтiнiшке:
1) соңғы екi жылдағы қаржы есебi;
2) дәрменсiз борышкердi оңалту жоспары;
2-1) борышкердің төлем қабілетін қалпына келтірудің нақты мүмкіндігі туралы аудиторлық есеп;
3) кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген талаптардың жалпы сомасының 50 проценттен астамын иеленетiн кепiлдiк кредиторлардың, сондай-ақ осы кредиторлар талаптарының жалпы сомасының 50 проценттен астам үлесi тиесiлi конкурстық кредиторлардың оңалту рәсiмдерiн өткізуге жазбаша келісімi;
4. Уәкiлеттi орган осы Заңның талаптарына сәйкес кредиторлар комитетiн құрады әрі бекітеді және Заңда белгiленген мерзiмде кредиторлар комитетiнiң бiрiншi отырысын шақырады, онда оңалту жоспары қаралуға тиiс.
4-1. Табиғи монополия субъектілері немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие болған нарық субъектілері болып табылатын не азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын, Республика экономикасы үшін зор стратегиялық маңызы бар ұйымдарды оңалту жоспары тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала негізін қалаушы кәсіпорындар бойынша - тиісті облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімімен келісілуге тиіс.
5. Егер борышкердi оңалтудың ұсынылып отырған жоспарын кредиторлар комитетi мен уәкiлеттi орган осы Заңмен белгiленген кредиторлар комитетi мен уәкiлеттi органның шешiмдер қабылдау тәртібін сақтай отырып, мақұлдаса, борышкердiң оңалту рәсiмiн өткізу туралы арызына кредиторлар комитетiнiң және уәкiлеттi органның берген келісімi сотқа жiберiледi.
6. Егер борышкерді оңалтудың ұсынылып отырған жоспарын кредиторлар комитеті мен уәкілетті орган мақұлдаса (келіссе), ал борышкерді оңалту жоспарымен келіспеген кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келмейтін болса, сот оңалту рәсімін өткізуге кредиторлар комитетінің және уәкілетті органның келісімін алған кезден бастап бес күн мерзімнен кешіктірмей оңалту жоспарын бекіту және борышкерге қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы ұйғарым шығарады.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 44-бап өзгертілді
44-бап. Дәрменсiз борышкердi оңалту жоспары
1. Дәрменсiз борышкердi оңалту жоспарында борышкердiң төлем қабiлетiн қалпына келтiру жөніндегі нақты шаралар (оңалту шаралары) және осы Заңның 47-бабының 2-тармағында аталған кредиторлар алдындағы берешектi өтеу мерзiмi қамтылуға тиiс.
Оңалту жоспарына өзгерістер енгізуге уәкілетті органның, кредиторлар комитетінің келісімімен жол беріледі және оны сот бекітеді.
2. Оңалту шараларына кез келген ұйымдық-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және заңдарға қайшы келмейтiн, дәрменсiз борышкердi таратуға жол бермеуі бағытталған өзге де шаралар, сондай-ақ осындай шаралар кешенi, атап айтқанда, санация, мүлікті (активтерді) сауда-саттық жүргізу арқылы сату, борышкердiң талап ету құқықтарына кеңшiлiк жасау, борышты акцияға айырбастау, бiтiмгершiлiк келісім жасау кiруi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 239-II ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Оңалту шараларын қолданудың негiзi