4) кемелер жолаушыларына қызмет көрсетудi;
5) порт кемелерi мен көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асырады.
2. Порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiне бағалар (тарифтер) және олардың шектi деңгейiн белгiлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізiледі.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiнiң тiзбесiне кiрмейтiн қызмет көрсетулерге ақы төлеудiң мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттармен белгiленедi.
10-тарау. Жолаушыларды, багажды және
почта жөнелтілімдерін тасымалдау
49-бап. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау жолаушы тасымалдау шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын пунктiне, ал жолаушы багаж тапсырған жағдайда багажды да баратын жерiне жеткізуге және оны жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы - жол жүргенi үшiн, ал багаж өткiзген жағдайда багажды алып жүргенi үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
3. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты уәкiлеттi орган бекiткен нысанда тиiсiнше жол жүру билетiмен және багаж түбiртегiмен ресiмделедi.
4. Жолаушыларды экскурсиялық және туристiк бағыттар бойынша тасымалдау шарты жолдама немесе жолаушылар тобын тасымалдау билетi нысанында ресiмделуi мүмкiн.
50-бап. Жолаушыларды және багажды тасымалдау тәртібі
мен түрлерi
1. Iшкi су көлiгi ұсынатын жолаушыларды тасымалдау оның шарттарына, ұзақтығына, қашықтығына және сапасына қарай мынадай түрлерге:
1) көлiктiк;
2) туристiк;
3) экскурсиялық;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де түрлерге бөлiнедi.
2. Жолаушыларды және багажды тасымалдау тәртібі мен түрлерiн (бұдан әрi - жолаушыларды тасымалдау ережелерi) уәкiлеттi орган айқындайды.
51-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушы, реттелетiн тасымалдауды қоспағанда, баға жасау ережелерiне сәйкес тасымалдауға арналған бағаларды еркiн белгiлеуге құқылы.
2. Тасымалдаушы жолаушыға билетте немесе жолдамада көрсетiлген кемедегi орынды беруге мiндеттi.
3. Жолаушыларға қызмет көрсету орындарында, оның iшiнде билеттер сатылатын пункттерде жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру туралы көрнекi және қолжетiмдi нысанда уақтылы әрi анық ақпарат берiлуге тиiс.
4. Тасымалдаушы билет сатуды, оның iшiнде алдын ала сатудыұйымдастыруға, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережелерiне сәйкес анықтама орындарының, сақтау камераларының, демалыс бөлмелерiнiң және басқа да орындардың қызметiн көрсетуге мiндеттi.
5. Жолаушы, үй-жайлары бар дебаркадерлерi болмаған елдi мекендерде - павильондар, ал қала маңындағы желiлер мен өткелдерде орындықтары бар шатырлы қалқалар болуға тиiс. Бұл ретте осындай павильондардың иелерi жолаушылардың қауiпсiздiгi мақсатында жолаушыларды отырғызу және түсiру орындарын қажеттi құрылғылармен жабдықтауға мiндеттi.
6. Жолаушыларға мемлекеттік стандарттармен және жолаушылар тасымалдау жөніндегі нормативтермен белгiленген тасымалдау жағдайлары қамтамасыз етiледi.
7. Жолаушыларға жеңiлдiктер әрi қызмет көрсетулер ұсынудың тiзбесi мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
8. Тасымалдаушы кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз етуге, оны экипажбен жасақтауға және оны бүкiл тасымалдау уақыты iшiнде тиiсiнше күтiп ұстау үшiн барлық қажеттi заттармен жарақтауға мiндеттi.
9. Вокзал маңындағы және айлақ маңындағы аумақтарды жайластыру олардың иелерi есебiнен жүзеге асырылады.
52-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушы:
1) кемелер қозғалысының кестесiнде көрсетiлген немесе кеме жүзiп өтетiн бағыт бойынша жарияланған кез келген портқа (пунктке) дейiн бару үшiн кез келген санаттағы жолаушы орнына билет алуға;
2) өзiмен бiрге жеке орын алу құқығынсыз - жетi жасқа дейiнгi, ал халықаралық қатынастарда бес жасқа дейiнгi бiр баланы тегiн алып жүруге; Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы жүзеге асыратын тасымалдау кезiнде - жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларға, халықаралық қатынастарда бес жастан он екi жасқа дейiнгi балаларға билеттiң толық құнының елу процентiн төлеп билет алуға;
3) өзiмен бiрге жалпы салмағы отыз алты килограмнан аспайтын, ал жүрдек кемелерде - жиырма килограмнан аспайтын қолжүгiн (алып жүруге жеңiл, басқа жолаушылардың орнын тарылтпайтын ұзындығы 1,8 метрден аспайтын немесе периметрi бойынша жалпы ұзындығы 2,6 метрден аспайтын заттарды) ақысыз алып жүруге құқылы. Қолжүгiн сақтау жауапкершiлiгi оның иесiне жүктеледi;
4) багажды тасымалдау тарифiне сәйкес багажды ақылы тасымалдау үшiн өткізуге;
5) кемелерде қашықтығы бес жүз километр және одан да асатын жол жүру кезiнде жүру жолында аялдауға және жол жүру құжатының (билетiнiң) жарамдылық мерзiмiн он тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
6) емдеу мекемесiнiң құжатымен расталған науқастану жағдайында билеттiң қолданылу мерзiмiн ауырған уақытқа ұзартуға немесе билеттi тапсырып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
7) кеме шыққанға дейiн кез келген уақытта, ал рейс басталғаннан кейiн кеме аялдаған кез келген портта тасымалдау шартынан бас тартуға, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен билеттi өткiзiп, кеме жолының жүзiп өтiлмеген бөлiгi үшiн тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
8) кеменiң шығуы кешiккен жағдайда тасымалдау шартынан бас тартып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға құқылы.
2. Жолаушы:
1) жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, жол жүргенде және жолда жол құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге;
2) кемеге отырғызу кезiнде және жолда жол жүру аяқталғанға дейiн жол жүру құжатын (билетiн) сақтауға;
3) қоғамдық тәртiптi, кемелердi және жағалауда орналасқан, жолаушы тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған объектiлердi пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
53-бап. Жолаушы тасымалдау шартының тасымалдаушы
бастамасымен тоқтатылуы немесе өзгертiлуi
1. Тасымалдаушы:
1) еңсерiлмейтiн күштiң, соғыс iс-қимылдарының, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың немесе тасымалдаушыға қатыссыз өзге де себептердiң салдарынан жолаушыны баратын портына тасымалдау мүмкiн болмаған;
2) тиiстi мемлекеттік органдардың шешiмi негiзiнде кеменiң шығуы кешiктiрiлген немесе кеме мемлекеттік қажеттiлiктерге тартылған;
3) кеме опат болған немесе оны күшпен басып алған;
4) жолаушы жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзған немесе жолаушы мұндай ережелердi сақтаудан бас тартқан жағдайда бiржақты тәртiппен жолаушыларды тасымалдау шартын бұза алады.
2. Кеме шыққанға дейiн тасымалдаушының бастамасымен тасымалдау шарты тоқтатылған кезде жолаушыға - жол ақысы және багажды тасымалдау ақысы, ал аталған шарт рейс аяқталғанға дейiн тоқтатылған кезде кеме жүзiп өтпеген қашықтық үшiн жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы қайтарылады.
Егер аталған шарттың тоқтатылуы жолаушының жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзуынан немесе оның кеме қатынасы, басқа жолаушылардың өмiрi мен денсаулығы қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн iс-әрекеттерiнен туындаған жағдайда жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы жолаушыға қайтарылмайды.
3. Жолаушы тасымалдау шарты, осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының бастамасымен кеме рейсi кезiнде тоқтатылған жағдайда, тасымалдаушы жолаушыны оның талабы бойынша жөнелту портына немесе жолаушының баратын портына жету мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында ең жақын елдi мекенге өз есебiнен жеткізуге, сондай-ақ тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушыға келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
54-бап. Талап етiлмеген багаж
1. Жолаушы багажын тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен алмаған жағдайда тасымалдаушы оны келiп жеткен күнiнен бастап үш ай бойы келген портында сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген сақтаудың шектi мерзiмдерi өткен соң талап етiлмеген багаж сатылуы мүмкiн.
3. Багаж түбiртегiн көрсетушi талап-арыз қою мерзiмi iшiнде тасымалдаушыға талап етiлмеген багажды сақтау және оны сату кезiнде келтiрiлген шығындар шегерiле отырып, осы баптың 2-тармағына сәйкес сатудан түскен соманы алуға құқылы.
55-бап. Почта жөнелтiмдерiн тасымалдау
1. Почта операторларына тұрақты рейстер жасайтын кемелерде белгiленген ақыға өз қызметкерлерiнiң iлесiп жүруiмен почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға құқық берiледi.
Почта операторлары-қызметкерлерiнiң iлесiп жүруiмен почта жөнелтiмдерiн тасымалдайтын кемелерде почта қызметтерiн көрсету, почта жөнелтiмдерiн сақтауды жүзеге асыру және почта операторлары-қызметкерлерiнiң демалысы үшiн белгiленген тәртiппен ақылы негiзде орын-жайлар ұсынылады.
2. Почта жөнелтiмдерiн iшкi су көлiгiмен тасымалдау тәртібін байланыс саласындағы мемлекеттік уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Тасымалдаушының кiнәсiнен почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының почта операторлары алдындағы жауапкершiлiгi почта операторларының жөнелтушi немесе адресат алдында көтеретiн жауапкершiлiгi мөлшерiнен аспауға тиiс.
11-тарау. Жүктерді тасымалдау
56-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су көлiктерiнде жүктердi тасымалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге және жүк тасымалдау шартына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Iшкi су көлiктерiнде жүк тасымалдауды жүзеге асыру тәртібін (бұдан әрi - жүк тасымалдау ережелерi) уәкiлеттi орган бекiтедi.
Жүк тасымалдау ережелерiнде:
1) жүктердi тасымалдауға ұсынудың және қабылдаудың;
2) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеудiң;
3) жүктердi тиеу мен түсiрудiң;
4) жүктердi үйiп және ақтара тиеп тасымалдаудың;
5) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың;
6) жүк массасын айқындаудың;
7) кемелер мен контейнерлерге қойылатын талаптардың;
8) кемелер мен контейнерлердi пломбалаудың;
9) жүктердi кемеде орналастыру мен бекітудiң;
10) кеменi немесе контейнердi жүктi тиеу мен түсiру үшiн берудiң;
11) тасымалдаулар бойынша есеп айырысулардың;
12) жүктердi жеткізу мерзiмдерiнiң және жеткізу мерзiмдерiн есептеудiң;
13) жүктерге билiк етудiң, оларды басқа мекен-жайға жiберудiң және қайтарудың;
14) жүктердi сақтаудың, ұстап қалу мен берудiң;
15) жүктердi сатудың;
16) қауiптi жүктердi тасымалдаудың;
17) жүктердi басқа мекен-жайға жiберудiң;
18) кеменi тазалаудың шарттары мен тәртібі айқындалады.
57-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер жүк тасымалдауды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет болғанда жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасасуға құқылы.
Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартқа сәйкес тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - оны тасымалдау үшiн уағдаласқан көлемде ұсынуға мiндеттенедi. Шартта көлiк құралдарын беру мен жүктердi тасымалдауға ұсынудың көлемi, мерзiмi және басқа да шарттары, есеп айырысу тәртібі, сондай-ақ жүк тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделмеген өзге де шарттары белгiленедi.
58-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шарты тасымалдау құжаттарын - көлiктiк жүкқұжатты, жол ведомосын (көлiктiк жүкқұжат негiзiнде ресiмделген) және жүктi тасымалдауға қабылдау туралы түбiртектi толтыру арқылы ресiмделедi.
2. Тасымалдау құжаттарының нысандары мен оларды толтыру тәртібі жүк тасымалдау ережелерiмен белгiленедi және iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
59-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдау
1. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарындағы кеме қатынасы тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар айқындайды.
2. Қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру, сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, үйлерден, құрылыстардан, ғимараттардан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта болуға тиiс.
3. Қауiптi жүктердi жөнелтушi және алушы - жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдауды орындайтын тасымалдаушы олардың тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, авариялық жағдайлардың туындауын болдырмау және (немесе) олардың зардаптарын жою үшiн қажеттi құралдар мен икемдi бөлiмшелердiң болуын қамтамасыз етуге (оның iшiнде тасымалдау шарты бойынша) мiндеттi. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде авариялық жағдай туындаған кезде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар аталған бөлiмшелердiң оқиға болған жерге дереу жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
60-бап. Жүктi жеткізу мүмкiндiгi болмауының салдары
1. Тасымалдауға қабылданған жүктi жеткізу портына апару немесе оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға беру еңсерiлмейтiн күш, соғыс iс-қимылдары, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың акт шығаруы (жария акт), дүлей сипаттағы құбылыстар, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар немесе тасымалдаушыға қатыссыз өзге де себептер салдарынан мүмкiн болмаған кезде тасымалдаушы жүктi жеткізуге кедергi келтiретiн себептердi көрсете отырып, ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны, жөнелту және жеткізу порттарында тиеу-түсiру жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарды хабардар етедi және жүктi не iстеу керектiгi туралы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының өкімін сұратады.
Егер тасымалдаушы төрт тәулiк өткенше (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жүктi не iстеу керектiгi туралы өкімін алмаса немесе орындалуы көрiнеу мүмкiн емес өкiм алса, онда тасымалдаушы ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны хабардар ете отырып, жүктi өзiнiң пiкiрi бойынша жүк жөнелтушi, жүк алушы үшiн неғұрлым тиiмдi деп есептеген таяудағы порттардың бiрiне түсiруге, не жүктi жөнелтiлген портқа қайтаруға құқылы.
2. Егер жүк ерекше жағдайларда сақтауды қажет ететiн болса (тез бүлiнетiн жүктер) және оны сақтау мүмкiн болмай, оның бүлiнуiне әкеп соғуы мүмкiн жағдайда тасымалдаушы жүктi сатуға құқылы.
Жүктi сатудан алынған сома тасымалдаушыға тиесiлi сома шегерiле отырып, депозит шарттарымен нотариустың атына енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айналымнан алынған және айналымы шектелген, сондай-ақ арнайы жүктер, оның iшiнде мемлекеттік және қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыруға арналған әскери мақсаттағы жүктер сатылуға жатпайды.
4. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғанға дейiн тасымалдау үшiн қабылданса және осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, кеме рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе, тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен, жүк алушымен келiсе отырып, жүктi межелi портқа немесе басқа пунктке көлiктiң басқа түрiмен жөнелту жөнiнде шаралар қабылдауға немесе оны осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға мiндеттi.
Жүрiп өтпеген қашықтық үшiн тасымалдау ақысы жүк тасымалдауға ақы төлеген жүк жөнелтушiге немесе жүк алушыға қайтарылады. Портта жүктi түсiру мен сақтау тасымалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғаннан кейiн тасымалдау үшiн қабылданса және кеме осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе және төрт тәулiк iшiнде жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан жүктi не iстеу керектiгi туралы өкiм келiп түспесе, тасымалдаушы оны өз қалауы бойынша жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының есебiнен рейстi жалғастыру мүмкiндiгi туындағанға дейiн сақтауға қалдыруға, оның iшiнде навигацияаралық кезеңге кемеде қалдыруға немесе жүктi осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
61-бап. Жүктердi сату тәртібі
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жүктердi қоспағанда, осы Заңда көзделген жағдайларда жүктердi сату:
1) олардың құнын төлеу туралы құжаттармен расталған жүктердiң бағасын негiзге ала отырып сатып алу-сату шартына сәйкес;
2) салыстырмалы жағдайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып, тараптардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
Сатылатын тауарларды есепке алу және олар үшiн есеп айырысу тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Жүктердi сатудан түскен сома, тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер мен оларды сатуға жұмсалған шығындар шегерiле отырып, жүктердiң құнын ол төлеген жағдайда - жүк алушыға немесе басқа жағдайларда жүк жөнелтушiге аударылуға тиiс.
Егер жүктердi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдердi және жүктердi сақтау мен сатуға жұмсалған шығыстарды жабу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы алынбаған қалған соманы жүк жөнелтушiден өндiрiп алуға құқылы.
3. Егер жүктер тез бүлiнетiн болса немесе көрсетiлген мерзiмде жүктердi сақтауға жұмсалатын шығыстар жүктердiң құнынан асып кететiн болса, тасымалдаушы жүктердi осы Заңда көзделген мерзiмдерден бұрын сатуға құқылы.
62-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және екiншi тараптың (клиенттiң, жөнелтушiнiң немесе жүк алушының) есебiнен жүк тасымалдауға байланысты шартта айқындалған қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
2. Көлiк экспедициясы шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалады.
12-тарау. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу
объектiлерiн тiркеп сүйреу
63-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу
объектiлерiн тiркеп сүйреу шарты
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу шартына сәйкес бiр тарап (тiркеп сүйреушi) тiркеп сүйреу шарттарын сақтай отырып, кеменi, салды немесе өзге де жүзу объектiсiн межелi пунктiне уақтылы әрi сол күйiнде тiркеп сүйреп жеткізуге және оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға тапсыруға, ал екiншi тарап (жөнелтушi) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынуға және ол үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйреу (бұдан әрi тiркеп сүйреу) тiркеп сүйреу шартына және уәкiлеттi орган бекiтетiн кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу ережелерi:
1) жүкқұжатты, тасымалдау және өзге де құжаттарды ресiмдеудiң;
2) тiркеп сүйреудi ұйымдастырудың;
3) тiркеп сүйреу жөніндегі қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеудiң;
4) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынудың;
5) кеменiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң экипаж құрамына және тiркеп сүйреудi жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптардың;
6) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтудiң, қабылдаудың және тапсырудың тәртібі мен шарттарын айқындайды.
64-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу
объектiлерiн тiркеп сүйреу кезіндегі
жауапкершiлiк
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн iшкi су жолдарымен не порт акваториясында тiркеп сүйреу тiркеп сүйрейтiн кеме капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Тiркеп сүйретiлетiн кемеге, салға немесе басқа да жүзу объектiсiне, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер мұндай нұқсан өзінің кінәсінен келтірілмегенін дәлелдей алмаса, тiркеп сүйрейтiн кеменiң меншiк иесi және (немесе) иесi жауапты болады.
2. Егер тiркеп сүйреу шарты бойынша тiркеп сүйреудi басқару мiндетi тiркеп сүйретiлетiн кеменiң капитанына жүктелген болса, мұндай тiркеп сүйреу кезiнде тiркеп сүйрейтiн кемеге, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер нұқсан өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, тiркеп сүйретiлетiн кеменiң, салдың немесе басқа да жүзу объектiсiнiң меншiк иесi мен (немесе) иесi жауапты болады.
13-тарау. Жалпы авария. Кемелердi және басқа да
мүлiктердi құтқару
65-бап. Жалпы авария, кемелердi және басқа да
мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын
қатынастарды реттеу
Iшкi су көлiгіндегі жалпы авария, кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын қатынастарды реттеу осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Мүлiктiң контрибуциялық құны
1. Мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) жалпы апатты бөлу тәртібімен өтелетiн шығындарды жабуға арналған жарналар соған мөлшерлес белгiленетiн жалпы құны (контрибуциялық құны) кеме рейсі аяқталғаннан кейiнгi осы мүлiктiң нақты таза құны негiзiнде осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.
2. Кеменiң контрибуциялық құны кеменiң зақымданған жағдайындағы құнының негiзiнде айқындалады.
3. Жүктiң контрибуциялық құны жүктi түсiру сәтiнде - жүк алушыға ұсынылатын саудалық есеп негiзiнде белгiленетiн құнды негiзге ала отырып, ал мұндай есеп болмаған кезде жүктi тиеп жiберу сәтіндегі оның құны негiзiнде айқындалады. Жүктiң құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн жүк жөнелтушi ғана көтеретiн болса, сақтандыруға арналған шығыстарды және тасымалдау ақысын қамтиды. Жүктiң құнынан жүктiң опат болуынан немесе зақымдануынан бастап оны түсiргенге дейiнгi не түсiру кезіндегі келтiрiлген барлық залалдар сомасы шегерiледi.
4. Тасымалдау ақысының контрибуциялық құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн тасымалдаушы көтеретiн болса, жоғалған тасымалдау ақысына тең болады.
5. Егер де жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтелетiн сома мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) контрибуциялық құнына енгiзiлмеген болса, мұндай сома осы құнға қосылады.
6. Жүк орындарын бекітудiң кез келген құралдары жалпы авария бойынша енгiзiлген жарналарда жүкпен тең есептеледi.
67-бап. Диспаша және диспашерлер
Мүдделi тұлғалардың өтiнiштерi бойынша жалпы аварияның болған-болмағаны анықталады және оны бөлу жөніндегі есептi (диспашаны) диспашерлер жасайды.
68-бап. Дәлелдеу ауыртпалығы
Жалпы апатты бөлудi талап етушi тарап мәлiмделген залалдардың жалпы авария болып танылуы тиiс екенiн дәлелдеуге мiндеттi.
69-бап. Кемелер керуенi
1. Кемелер тобындағы әрбiр кеме жеке-жеке алғанда өздiгiнен қозғалыс жасай алмайтындай жағдайда бiр-бiрiмен өзара тiркемеленген кемелер тобы кемелер керуенi болып табылады.
2. Егер керуеннiң бiр және (немесе) бiрнеше кемесiне және ондағы жүктерге қатысты оларға төнген жалпы қауiптен құтқару операцияларын жүзеге асыру мақсатында iс-қимылдар жасалған жағдайда, осы тарауда белгiленген ережелер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарында белгiленген ережелер қолданылады.
Керуен кемесi, егер ол басқа кемеден немесе басқа кемелерден бөлiнiп кету нәтижесiнде қауiпсiз жағдайда болса, керуендегi басқа кемемен бiрге жалпы қауiп төнген кеме болып есептелмейдi.
3. Кеме және жүк деп кемелер керуенiне қатысты контрибуциялық құнды айқындау кезiнде жалпы қауiп төнген керуеннiң барлық кемелерi мен жүктердiң жалпы құны ұғынылады.
70-бап. Паналау орны
1. Iшкi су жолдарындағы су тасуы, сең жүру, су деңгейiнiң кенеттен әрi жылдам төмендеуi салдарынан кеменiң портқа немесе өзге де паналау орнына кіруiне жұмсалған немесе кеменiң портқа немесе өзге де паналау орнына кіру қажеттiгiмен, оның портта немесе өзге де паналау орнында болуымен және кеменiң порттан немесе өзге де паналау орнынан шығуымен байланысты өзге де төтенше жағдайлар кезіндегі шығыстар жалпы авария деп танылады. Шығыстар жүгi бар кеме жүк тиелген портқа қайтып оралған жағдайда өтелуге тиiс.
2. Егер су тасуы немесе сең жүру жүгi бар кеме жүк түсiрiлетiн портқа кiргеннен кейiн орын алса және кеме жүктi түсiру аяқталғанға дейiн басқа қауiпсiз портқа кіру мақсатында бұл порттан кетуге тиiс болса, мұндай порт паналау порты болып есептеледi.
3. Егер кеме су тасуы немесе сең жүру салдарынан рейстi жалғастыра алмаса және жүктiң осы портқа арналған бөлiгiн түсiрiп болғаннан кейiн портта қалуға тиiс болса, ол мұндай кеме үшiн басқа порттарға арналған жүктерге қатысты ғана паналау порты болып есептеледi.
71-бап. Машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға
отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден
және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария
1. Машиналар жұмысының өзгеруi нәтижесiнде, сондай-ақ кеме қайраңнан шығуға әрекеттенген, рулдiк, қозғалу, тiркеп сүйреу, басқа да құрылғылары зақымданған кезде туындаған зақымдануларды жоюға арналған шығыстар машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария деп танылады.
2. Кеменi әдейi қайраңға отырғызудан немесе оны әдейi суға батырудан кемеге және (немесе) жүкке келтiрiлген зақымданулардан болған залалдар машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария деп танылады.