5) кеме тiркелген, тiкелей ту ауыстырғанға дейiн шет мемлекеттiң құзыреттi билiк орындары берген және бұл мемлекеттiң туын көтерiп жүзу құқығының кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзу құқығы берiлген мерзiмге тоқтатыла тұрғанын растайтын құжат табыс етiледi.
29-бап. Кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан:
1) опат болған немесе хабарсыз жоғалып кеткен;
2) конструкциялық жағынан күйреген;
3) қайта жасау немесе басқа да өзгерістер нәтижесiнде кеме сапасын жоғалтқан;
4) осы Заңның 24-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкестiгiн жоғалтқан кеме шығарылуға тиiс.
2. Кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару үшiн кеменiң меншiк иесi уәкiлеттi органға өтiнiш пен мұндай шығаруға негiз болып табылатын мән-жайларды растайтын құжаттарды беруге мiндеттi.
30-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеу
ережелерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Кеменi және оған құқықтарды мiндеттi мемлекеттік тiркеуден жалтарған тұлға, сондай-ақ кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде белгiленген тәртiптi бұза отырып тiркеген тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
31-бап. Кеменi тұтқындау және мәжбүрлеп сату
Егер сот кеменi тұтқынға алу түрiнде талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдаған немесе кеме атқарушылық iс жүргiзу тәртібімен сатылған жағдайда уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тiзiлiмiне тиiстi жазба енгiзедi. Бұл ретте, уәкiлеттi орган кеменiң меншiк иесiн кемеге қатысты талапты қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау немесе кемеден мұндай шараларды алып тастау туралы хабардар етуге тиiс.
32-бап. Кеме кепiлi, кеменiң немесе жасалып жатқан
кеменiң ипотекасы
Кеме кепiлi, кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7-тарау. Кеме экипажы
33-бап. Кеме экипажының құрамы
1. Кеме экипажы кеменiң командалық құрамының адамдарынан, кеме командасынан, ал жолаушы кемелерiнде - кеме жолаушыларына қызмет көрсетушi персоналдан да тұрады.
2. Кеменiң командалық құрамына кеме капитаны, су түбiн тереңдету немесе су түбiн тазалау снарядының командирi, олардың көмекшiлерi, механиктер мен электромеханиктер, механиктер мен электромеханиктердiң көмекшiлерi, радиомамандар және дәрiгерлер кiредi.
3. Кеме командасы кемеде жұмыс iстейтiн, кеменiң командалық құрамына және кеме жолаушыларына қызмет көрсететiн персоналға жатпайтын адамдардан тұрады.
4. Көлiк кемесi экипажының ең аз құрамын уәкiлеттi орган белгiлi бiр түрдегi кеменi пайдалану талаптарына сәйкес белгiлейдi.
5. Кеме экипажының құрамына кiретiн адамдар кеме экипажы мүшелерiнiң тiзiмiне (кеме рөлi) енгiзiлуге тиiс, оны жүргiзу кеме капитанының мiндетi болып табылады.
34-бап. Кеме экипажының мүшелерiне қойылатын талаптар
1. Кеме экипажы мүшелерiнiң лауазымдарын иеленуге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн кемелер экипаждары мүшелерiне диплом беру туралы ережелерге сәйкес тиiстi біліктiлiгi бар адамдар жiберiледi.
2. Кемедегi жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша мұндай жұмысқа жарамдылығы туралы медициналық комиссияның қорытындысы бар адамдар жiберiледi.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзушi кеме экипажының құрамына кiретiн шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар кеме капитаны, кеме капитанының аға көмекшiсi, аға механик пен радиомамандар лауазымдарына тағайындала алмайды. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кеме экипажының құрамына кіру мүмкiндiгiнiң шарттарын уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесiп өтуге байланысты кеме қатынасын жүзеге асыратын кемедегi жұмысқа Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ресiмделген теңiзшi паспорты бар адамдар жiберiледi.
35-бап. Кеме капитаны
1. Кеме капитаны біліктiлiк деңгейi қойылған талаптарға сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс.
Кеме капитанына қойылатын біліктiлiк талаптарын, оны аттестаттау тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Кеме капитанына кеменi басқару, оның iшiнде кеме жүргiзу, кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету, кемедегi тәртiптi сақтау, қоршаған ортаны қорғау, кемеге, кемедегi адамдарға, багажға және жүкке зиян келтiрiлуiн болдырмау жөнiнде шаралар қабылдау жүктелeдi.
3. Кеменiң меншiк иесi, кеме иесi, жүк жөнелтушi немесе олардың өкiлдерi болмаған уақытта кеме капитаны қажет болған жағдайда кемеге, жүкке немесе кеменiң жүзуiне қатысты мәмiлелер жасасу, сондай-ақ кемедегi мүлiкке қатысты талап қою кезiнде кеменiң меншiк иесiнiң, кеме иесiнiң және жүк жөнелтушiнiң өкiлi болып табылады.
4. Егер кеме капитанының пiкiрi бойынша кемеге анық опат болу қаупi төнген жағдайда кеме капитаны жолаушыларды құтқару жөніндегі барлық шаралар қабылданғаннан кейiн кеме экипажының мүшелерiне кеменi тастап шығуға рұқсат етедi. Кеме капитаны кеме журналын, машиналық журналды, кеменiң жүзу бағытының карталарын, кеме мөрiн, құжаттар мен бағалы заттарды құтқару жөніндегі өзiне байланысты барлық шараларды қабылдағаннан кейiн кеменi ең соңынан тастап шығады.
5. Кеменiң меншiк иесi мен кеме иесi кеме капитанының осы баптың 4-тармағында көзделген мiндеттердi бұзғаны үшiн жауап бермейдi.
36-бап. Кеме капитанының құқықтары мен мiндеттерi
1. Кеме капитанының өз өкiлеттiгi шегiнде берген өкiмдерiн кемедегi адамдардың барлығы орындауға тиiс.
2. Кеме капитаны:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экипаж мүшелерiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге;
2) Қазақстан, Республикасының еңбек туралы заңдарында белгiленген тәртiппен кеме экипажының мүшелерiн көтермелеуге және оларға тәртiптiк жазалар қолдануға;
3) жүзу кезiнде кемеде болған адамның аманатын куәландыруға құқылы, бұл ретте кеме капитаны куәландырған аманат Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариалдық куәландырумен теңестiрiледi.
3. Кеме капитаны:
1) егер өз кемесiне және ондағы адамдарға қауiп төндiрмейтiн болса, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсетуге;
2) кемелер соқтығысқан жағдайда осы соқтығысқа ұшыраған басқа кемеге, оның жолаушылары мен экипаж мүшелерiне көмек көрсетуге, бұл ретте соқтығысқан кемелердiң капитандары бiр-бiрiне өз кемелерiнiң атауларын хабарлауға;
3) кеме экипажының мүшесiне немесе жолаушыға кеме жүзуде жүрген уақытта көрсетiлуi мүмкiн емес шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда - кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн, порт капитанын, ал кеме шетелдiк портқа кiрген кезде Қазақстан Республикасының консулы мен кеме иесiнiң агентiн де (шетел портында мұндай агент болған кезде) хабардар ете отырып, ең жақын портқа кіруге;
4) кеме экипажының мүшесi немесе жолаушы оның опат болу мүмкiндiгi бар мән-жайларда жоғалып кеткен жағдайда кеме журналына жазба енгiзуге, акт жасауға, сондай-ақ жоғалып кеткен кеме экипажы мүшесiнiң немесе жолаушының кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасап, аталған акті мен мүлiктi eң жақын порттың капитанына тапсыруға;
5) кемеде бала туылған немесе кемеде қайтыс болудың әрбiр жағдайында екi куәгердiң және егер кемеде дәрiгер болса, соның қатысуымен тиiстi акт жасауға, сондай-ақ кеме журналына жазба енгiзуге;
6) кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн кемедегi қайтыс болу жағдайы туралы хабардар етуге және қайтыс болған адамның мәйiтiн сақтау әрi оны туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсыру жөнiнде шаралар қолдануға;
7) қайтыс болған адамның кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасауға және мұндай мүлiктiң жасалған тiзiмдемеге сәйкес қайтыс болған адамның туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсырылғанға дейiн сақталуын қамтамасыз етуге;
8) iс-әрекетi кеме немесе ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды оқшаулауға;
9) жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыстардың белгiлерi бар әрекеттер анықталған жағдайда ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға және мұндай қылмыстың жасалуына күдiктi адамды ол ең жақын порттағы немесе ең жақын елдi мекендегi аталған органдарға берiлгенге дейiн ұстауға;
10) құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасау мақсатында кемеге адамдар шабуыл жасаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес әрекет етуге мiндеттi.
4. Кеме капитаны ауырған немесе оған өз қызметтiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн өзге де себептер болған жағдайларда, сондай-ақ ол қайтыс болғанда кеме капитанының мiндеттерi кеменiң меншiк иесiнiң және (немесе) кеме иесiнiң өкімін алғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
37-бап. Кемедегi еңбек қатынастары
1. Кеме экипажының мүшелерiн тағайындауды кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме капитанымен келiсе отырып жүзеге асырады.
2. Кеме экипажының мүшелерiн жұмысқа қабылдау тәртібі, олардың құқықтары мен мiндеттерi, еңбек ету және ақы төлеу шарттары, сондай-ақ жұмыстан босатудың тәртібі мен негiздерi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен айқындалады.
3. Кеме иесi кеме экипажының мүшелерiне олар кемеде болған кезде:
1) Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес еңбектiң қауiпсiз жағдайларын;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес денсаулықты қорғау мен медициналық көмектi;
3) құтқару құралдарының болуын;
4) азық-түлiкпен және сумен үздiксiз жабдықтауды;
5) санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетiн демалуға, тамақтануға, емделуге, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған үй-жайлармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Кеме экипажының мүшесi өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде опат болған немесе оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда кеменiң меншiк иесi және (немесе) кеме иесi кеме экипажының мұндай мүшесiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi.
5. Кеме экипажының мүшесi жеке пайдалануға арналған мүлкiн кемеде алып жүруге құқылы. Кеменiң оқиғаға ұшырауы салдарынан мұндай мүлiк жойылған немесе зақымданған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме экипажының осы мүшесiне келтiрiлген нұқсанды өтеуге мiндеттi. Бұл ретте кеменiң оқиғаға ұшырауына кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген нұқсан өтелмейдi.
38-бап. Кеме экипажы мүшесiнiң ол жұмысқа қабылданған
жерге қайта оралуы
1. Кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi:
1) кеме опат болған;
2) кеме экипажының мүшесi ауырып қалған немесе кемеден тысқары жерде емделудi қажет ететiн жарақат алған;
3) Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған, оның iшiнде белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шартының қолданылу мерзiмi Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде аяқталған;
4) кеме иесiнiң банкротқа ұшырауы, кеменi сату немесе кеме тiркелген мемлекеттiң өзгеруi салдарынан кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесiнiң кеме экипажының мүшесiне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жеке еңбек және ұжымдық шарттарда көзделген өз мiндеттерiн орындау мүмкiндiгi болмаған;
5) кеме экипажы мүшесiнiң келісімiнсiз кеме әскери iс-қимылдар аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда кеме экипажының мүшесiн және оның салмағы отыз килограммға дейiнгi жеке мүлкiн өз есебiнен кеме экипажының мүшесiн жұмысқа қабылдаған жерге немесе тараптар келiскен басқа жерге жеткізудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме экипажы мүшесiнiң жұмысқа қабылданған жерге қайта оралуының себебi олардың жеке еңбек және ұжымдық шарттарды бұзуы болып табылған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi Қазақстан Республикасының заңдарына, жеке еңбек және ұжымдық шарттарға сәйкес осы экипаж мүшелерiнен мұндай қайта оралуға байланысты шығыстарды толық немесе iшiнара өндiрiп алуға құқылы.
8-тарау. Кемені жалға алу
39-бап. Жалпы ережелер
1. Кеменi жалға алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына және осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Егер жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы тарауда белгiленген ережелер қолданылады.
2. Кеменi экипажымен жалға алу жалға берушiнiң кеменi жалға алушыға сонымен қатар кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөніндегі қызметтер көрсетудi де беруiн көздейдi.
3. Кеменi экипажсыз жалға алуға жалға берушiнiң кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөніндегі қызметтер көрсетуi кiрмейдi.
4. Жалға алушыға қойылатын талаптардан туындайтын өндiрiп алу талаптарын үшiншi бiр тараптардан жалға алынған кемеге қатысты қоюға жол берiлмейдi.
5. Жалға алу шарты қолданыста болған уақытта кеменi иелiктен айыру оның қолданысының тоқтатылуына әкеп соқпайды, бұл ретте жаңа меншiк иесi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен мұндай шартта көзделген барлық құқық пен мiндеттердi иеленедi.
Кемеге иелiк етуден айырылған тұлға кемеге меншiк құқығын иеленген тұлғаны иелiктен айырылған кемеге қатысты жасалған жалға алу шарты туралы хабардар етуге мiндеттi. Кемеге меншiк құқығын иеленушi тұлғаның мiндетi осы кеменi жалға алушыны меншiк иесiнiң ауысқаны туралы хабардар ету болып табылады.
6. Кеменi жалға беру және кеменi қайтарып алу жалға алу шартында көрсетiлген жерде жүзеге асырылады. Кеменi шартта көрсетiлген жерге жеткізуге байланысты шығыстарды, егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, кеменi жалға берушi тарап көтередi.
7. Жалға алу шартында жалға беру мерзiмiнiң басталу және аяқталу күндерi көрсетiле отырып, кеменi жалға алушының иеленуi мен пайдалануына берудiң мұндай мерзiмi қарастырылады. Жалға алушы кеменi иеленуге және пайдалануға мұндай мерзiмнiң басталу күнiнен бұрын алуға мiндеттi емес. Жалға алушы кеменi өз билiгiне мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткенге дейiн алуға мiндеттi. Егер кеме жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде жалға алушының иеленуiне және пайдалануына берiлмеген жағдайда жалға алушының жалға алу шартын бұзуды талап етуге құқығы бар. Егер жалға алушы мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткеннен кейiн кеменi алмаса, жалға берушi де жалға алу шартын бұзуға құқылы.
Жалға алу шартын өзгерту және бұзу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Жалға алушы жалға берушiнiң келісімi бойынша кеменi қосалқы жалға беруге құқылы.
Қосалқы жалға беру шартын жасасқан кезде кеменi берушi тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында кеме қосалқы жалға тапсырылатын тұлғаға қатысты жалға берушiлер үшiн көзделген құқықтар мен мiндеттердi иеленедi, бiрақ, бұл ретте бұған дейiн кеменi жалға немесе қосалқы жалға алған тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында және жалға алу шартында көзделген құқықтары мен мiндеттерi сақталады.
Қосалқы жалға беру шарты жалға алу шартының мерзiмiнен асатын мерзiмге жасалмайды.
40-бап. Кеменi экипажымен жалға беру кезіндегі
жалға берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға берушi жалға алу шартында көзделген мақсаттар үшiн кеменiң жарамдылығын, кеменiң экипажбен және тиiстi жабдықтармен жасақталуын, сондай-ақ кеменi техникалық қауiпсiз пайдалануды, оның экипажын ұстауды және жалға алу мақсаттарына сәйкес осы Заңда көзделген кеме құжаттарының болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме экипажы мүшелерiнiң кеменi жалға берушiмен еңбек қатынастары сақталады. Бұл ретте, жалға берушi кеменi басқаруға және техникалық пайдалануға қатысты кеме экипажының мүшелерiне өкімдер беруге құқылы.
Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, экипаж мүшелерi көрсететiн қызметтерге төлем жасау жөніндегі шығыстарды, сондай-ақ оларды ұстау жөніндегі шығыстарды жалға берушi көтередi.
3. Жалға берушi жалға берiлген кеменiң кемшiлiктерi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
4. Жалға берушi кеменiң меншiк иесi болмаған жағдайда, мұндай кеменi жалға немесе қосалқы жалға беру кеменiң меншiк иесiнiң келісімi бойынша жүргiзiледi.
41-бап. Кеменi экипажымен жалға алу және кеменi
коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі
жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға алушы коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде жалға берушiнiң келісімiнсiз өз атынан, егер де кеменiң мақсаты мен сыныбына, сондай-ақ жалға алу шартында көзделген мақсаттарға қайшы келмесе, тасымалдау немесе тiркеп сүйреу шарттарын жасасуға құқылы.
2. Кеменi коммерциялық пайдалану кезiнде кеме экипажының мүшелерi жалға алушының өкiмдерiне бағынады. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануға байланысты барлық шығыстарды, оның iшiңде отын және пайдалану барысында жұмсалатын басқа да материалдар үшiн және алымдарды төлеуге арналған шығыстарды көтередi.
3. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде өз өкiлiн тағайындауға құқылы, өкiлдiң кеменi коммерциялық пайдалану тұрғысындағы өкiмдерi кеме капитаны үшiн мiндеттi болып табылады.
42-бап. Кеменi экипажсыз жалға беру кезіндегі жалға
берушiнiң және жалға алушының құқықтары мен
мiндеттерi
Кеменi экипажсыз жалға беру кезіндегі жалға берушiнiң және жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
43-бап. Кеменi жалға алғаны үшiн есеп айырысу
1. Жалға алушы жалға берушiге жалға алу шартында көзделген тәртiп пен мерзiмде жалдау ақысын төлейдi.
2. Жалға алушы жалға берушiнiң кiнәсiнен кеме пайдалануға жарамсыз болған уақыт iшiнде жалға алу ақысы мен кемеге қатысты шығыстарды төлеуден босатылады. Егер кеме жалға алушының кiнәсiнен пайдалануға жарамсыз болып қалған жағдайда, жалға алу ақысы толық көлемде төленуге тиiс.
3. Кеме опат болған жағдайда жалға алушы жалға алу ақысын оның опат болған күнiн, ал егер бұл күндi анықтау мүмкiн болмаса, ол туралы соңғы хабар алынған күндi қоса алған уақыт үшiн төлеуге тиiс.
4. Жалға берушiге кеменi уақтылы қайтармаған кезде жалға алушы кеменi пайдаланудың жалға алу шартының мерзiмiнен асып кеткен бүкiл мерзiм үшін жалға алу шартында көзделген жалға алу ақысы ставкасына немесе, егер ол жалға алу шартында көзделген жалға алу ақысы ставкасынан асып кетсе, жалға алу ақысының нарықтық ставкасына сүйене отырып, жалға алу, ақысын төлейдi.
5. Жалға алу ақысы төлем жасаудың шартта белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн екi реттен көп төленбеген жағдайда жалға берушi сот тәртібімен жалға алу шартын мерзiмiнен бұрын бұзуға құқылы.
6. Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға алушының кемеге жасаған ажыратып алуға болатын жақсартулары оның меншiгi болып табылады және жалға алушы оларды алып қоюы мүмкiн.
9-тарау. Порттар
44-бап. Порттың құқықтық мәртебесi, оның аумағы
мен акваториясы
1. Порттар:
1) мемлекеттiң;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының меншiгiнде болуы мүмкiн.
Iшкi су жолдарындағы порттар ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады.
2. Порт аумағын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес портқа бөлiнiп берiлген жер учаскелерi, соның iшiнде оның перспективалық дамуы үшiн қажетті аймақтар құрайды.
3. Порт акваториясын iшкi су жолдары шегіндегі акватория учаскелерi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен портқа бөлiнiп берiлген рейдтер мен портқа кiреберiс жолдар құрайды.
Порт акваториясының шекараларын белгiлеудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Порттардың акваториясы мен жағалау белдеуіндегі жерлер мемлекеттік меншiк болып табылады.
5. Мемлекет меншiгіндегі порттарды салу, қайта жаңарту үшiн жеке меншiктегi жер учаскелерi залалдар толық көлемiнде өтеле отырып немесе соған тең басқа жер учаскесi берiлiп, Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен алып қойылуы мүмкiн.
45-бап. Порт капитаны
1. Порт капитанын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады.
2. Порт капитанының өкiлеттiктерiне:
1) порт акваториясындағы кеме қатынасының және жұмыстардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) порт акваториясының ластануын болдырмау және олардың зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
3) төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
4) кемелерден шығарылатын қалдықтарды қабылдау мен өңдеудi ұйымдастыру;
5) порт акваториясы шегiнде кемелердi құтқару және порттағы кемелерде шыққан өрттердi сөндiру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
6) мiндеттi лоцмандық алып өтудi белгiлеу;
7) қауiптi жүктердi тиеу (түсiру) кезiнде қауiпсiздiк ережелерiнiң сақталуына бақылау жасау;
8) тиiстi мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жасау;
9) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жазалар қолдану;
10) порт қызметi туралы статистикалық деректер беру;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
3. Порт капитаны:
1) портқа кiретiн және порттан шығатын кемелерге, салдарға және өзге де жүзу объектiлерiне бақылауды жүзеге асыруға;
2) осы Заңда белгiленген жағдайларда кемелердiң порттан шығуына рұқсат беруге немесе рұқсат беруден бас тартуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Порт капитанының өз өкiлеттiктерi шегiнде берген өкiмдерi порттағы жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
5. Порт капитаны уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен кемелердi қадағалауды, порттағы қызметтi ұйымдастыру мен реттеудi жүзеге асырады.
6. Порт капитанының талабы бойынша порттағы кемелердiң капитандары, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң иелерi, сондай-ақ портта кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар портта апатқа ұшыраған адамдар мен кемелердi құтқаруға қатысуға мiндеттi.
7. Шет мемлекеттер кемелерiнiң кіруiне және оларға қызмет көрсетуге ашық порттарда, сондай-ақ өзен сағаларында орналасқан порттарда мемлекеттік қадағалау уәкiлеттi органның шешiмiмен порт капитанына жүктеледi.
Мұндай порттың капитаны өз қызметiн Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарына және уәкiлеттi орган бекiткен порт капитаны туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
46-бап. Порттарды пайдалануға қойылатын негiзгi талаптар
1. Порт айлақтарының иелерi кемелер үшiн қауiпсiз кiреберiстердi, кемелердiң мұндай айлақтардағы қауiпсiз тұрағын қамтамасыз етуге мiндеттi, олардың қоймалары, жүк массасын анықтауға арналған, жүк тиеу-жүк түсiру құралдары, жолаушыларды, оның iшiнде мүгедектердi кемеге отырғызуға, түсiруге және олардың кеменiң келуiн күтуге арналған құрылғылары мен қондырғылары, ал қажет болған жағдайларда портқа вагондарды әкелуге арналған темiржолдың кiрме жолдары болуға тиiс.
Жүк массасын анықтауға арналған құралдар белгiленген тәртiппен мемлекеттік метрологиялық бақылануға және қадағалануға тиiс.
2. Порттың гидротехникалық құрылыстары, навигациялық жабдықтардың құралдары, жүктi қайта тиеу кешендерi, айлақтары, қызметтiк ғимараттары мен портта орналасқан және пайдаланылатын өзге де мүлiк порт иесiнiң есебiнен күтiп ұсталады.
3. Порттарда қоршаған ортаны қорғауға, шаруашылық-тұрмыстық және құрамында мұнай бар суларды, басқа да қалдықтарды қабылдауға және өңдеуге арналған құралдар, сондай-ақ порт акваториясы шегiнде кемелердi құтқару және өрт сөндiру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға арналған құралдар болуға тиiс.
47-бап. Кемелердiң портқа кіру және порттан шығу тәртібі
1. Кемелердiң портқа кіруi және порттан шығуы, кемелердiң порт акваториясының шегiнде жүзуi және портта тұруы, сондай-ақ iшкi су көлiгiнде технологиялық байланысты пайдалануы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Шетелдiк кемелердiң Қазақстан Республикасының порттарына кіруi және оларға қызмет көрсету халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
48-бап. Портта көрсетiлетiн қызметтер
1. Порт:
1) кемелерге жүк тиеудi (түсiрудi) және қызмет көрсетудi олардың келу кезегiне қарай;
2) жүктермен көлiк-экспедиторлық және қоймалық операцияларды;
3) көлiктiң басқа түрлерiнен iшкi су көлiгiне және керiсiнше жүктердi ауыстырып тиеудi;