6) кредиторлар комитетінің оңалтуды және конкурстық басқарушылармен жасайтын келісімінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келуін қарайды;
7) оңалтуды басқарушының оңалту рәсімін жүргізу барысы туралы есебін қарайды (жасалған мәмілелер туралы ақпарат сұратады);
8) оңалту рәсімдерін жүргізу нәтижелері бойынша қорытынды береді;
9) конкурстық іс жүргізу кезінде кредиторлар комитетінің құрамын бекітеді;
10) кредиторлар талаптарының тізілімін бекітеді;
11) тізілімге кредиторлар талаптарын енгізу туралы кредиторлар мен оңалтуды (конкурстық) басқарушылар арасындағы келіспеушіліктерді қарайды;
12) санацияға қатысушыдан растайтын құжаттар талап етуге құқылы;
13) конкурстық іс жүргізу мерзімін ұзартады;
14) конкурстық массаны сату жоспарын қарайды;
15) оңалтуды және конкурстық басқарушылар банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде заңдардың талаптарын бұзған жағдайда оларды шеттету туралы шешім қабылдайды;
16) борышкердің конкурстық массасын конкурстық сауда-саттықта өткізу кезінде жариялылықтың, бәсекелестіктің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
17) жалған және әдейі жасалған банкроттықтың белгілерін анықтайды;
18) оңалтуды және конкурстық басқарушылардың әрекеттеріне шағымдарды қарайды;
19) осы Заңның 6-бабында көрсетілген жағдаяттар кезінде жасалған мәмілелерді анықтау жөнінде шаралар қолданады.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 2-тараудың тақырыбы өзгертілді
2-тарау. Кредиторлар комитеті
ҚР 11.07.01 № 239-II; 08.04.04 ж. № 542-II Заңдарымен 11-бап өзгертiлдi
11-бап. Кредиторлардың комитетiн құру
1. Банкроттық рәсiмдерiнде, оңалту рәсiмiнде және соттан тыс тарату рәсiмiнде кредиторлардың мүдделерiн қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешiмдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитетi құрылады.
Кредиторлар комитетiнiң құрылуы:
1) банкроттық рәсiмi кезiнде осы заңның 70-бабымен;
2) оңалту рәсiмi кезiнде осы заңның 43-бабымен;
3) соттан тыс тарату рәсiмi кезiнде осы Заңның 97-бабымен реттеледi.
2. Кредиторлар комитетінің құрамына кредиторлардың еңбекке ақы төлеу, Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар жөніндегі өкілі, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредиторлар және борышкерге қоятын талап сомасы неғұрлым көп, мүлік кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша кредитор енеді.
3. Кредиторлар комитетi мүшелерi жетi адамнан аспайтын тақ санынан тұрады.
4. Кредитор кредиторлар комитетiнiң мүшесi ретiнде банкроттық рәсiмдерiне, оңалту рәсiмiне не соттан тыс тарату рәсiмiне қатысудан бас тартуға құқылы.
5. Құрылған және бекітілген кредиторлар комитетiнiң құрамына осы баптың 2 және 3-тармақтарының талаптары ескерiле отырып, конкурстық кредиторлар арасынан жаңа мүшелер енгiзiлуi мүмкiн.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Кредиторлар комитетiнiң отырыстары
1. Кредиторлар комитетiнiң бiрiншi отырысы кредиторлар комитетiнiң құрамы бекітілген күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде өткiзiлуге тиiс.
2. Кредиторлар комитетi бiрiншi отырысында:
1) дауысқа қою рәсiмiнде дауыстар тең болған жағдайда шешушi дауыс құқығы берiлетiн комитет төрағасын сайлауға;
2) конкурстық басқарушының кредиторлар комитетінің алдында түгендеу жөнінде есеп беру мерзімін белгілеуге;
3) сыйақының сомасын және оны оңалту немесе конкурстық басқарушыға төлеудiң тәртібін белгiлеуге мiндеттi.
3. Кредиторлар комитетiнiң бұдан кейiнгi отырыстары комитет белгiлейтiн тәртiппен және мерзiмде шақырылады.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 13-бап өзгертілді
13-бап. Кредиторлар комитетiнiң өкiлеттiгi
Кредиторлар комитетi:
оңалту рәсiмiн жүргiзу, ұзарту немесе тоқтату туралы сот алдында өтiнiш жасауға;
сотқа оңалтуды басқарушының кандидатурасын ұсынуға, соттан тыс тарату рәсiмiн жүргiзу кезiнде конкурстық басқарушының кандидатурасын тағайындауға;
оңалтуды немесе конкурстық басқарушының iс-әрекеттерiн бақылауды жүзеге асыру үшiн кредиторлар комитетi мүшелерiнiң арасынан кредиторлардың өкiлiн сайлауға;
осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес оңалтуды немесе конкурстық басқарушыға төленетiн төлемнiң сомасын белгiлеуге;
оңалтуды немесе конкурстық басқарушыдан борышкердiң қаржы жағдайы және банкроттық рәсiмiн, оңалту рәсiмiн және соттан тыс тарату рәсiмiн жүзеге асыру барысы туралы ақпарат берудi талап етуге;
оңалтуды немесе конкурстық басқарушылардың іс-әрекеттеріне уәкілетті органға немесе сотқа шағымдануға, сондай-ақ оларды атқаратын міндеттерінен шеттету туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгіну жөнінде шешім қабылдауға;
борышкердiң өндiрiп алынуы мүмкiн емес дебиторлық берешектерiнiң сомасын бекітуге;
конкурстық басқарушы ұсынған конкурстық массаны iске асыру жоспарын бекітуге;
банкроттық рәсімін, оңалту рәсімін, соттан тыс тарату рәсімін өткізу үшін аудиторлық тексеріс пен түгендеу нәтижелерін назарға алуға, шығыстар баптары мен сметасын бекітуге;
орынды жағдайда конкурстық басқарушыға, егер бұл кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтірмесе, банкрот деп танылған кәсіпорынның өндірістік қызметін тоқтатпау жөнінде ұсыныс жасауға;
осы Заңда көзделген өзге де құқықтарды иеленуге құқылы.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Кредиторлар комитетiнiң шешiм қабылдауы
1. Кредиторлар комитетінің отырысына комитет мүшелерінің немесе олардың сенімді адамдарының кемінде 2/3-і қатысса, ол құқылы болады.
2. Кредиторлар комитетiнiң отырысы хаттамамен ресiмделедi.
3. Кредиторлар комитетiнiң шешiмi "бiр комитет мүшесi - бiр дауыс" деген принцип бойынша жалпы дауыс санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
4. Борышкердiң басқа барлық кредиторлардың кредиторлар комитетiнiң отырысына кеңесшi дауыс құқығымен қатысуға құқығы бар.
3-тарау. Банкроттық туралы істерді сот
тәртібімен қарау
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Банкроттық туралы iс қозғау тәртібі
1. Банкроттық туралы iс бойынша сотта борышкердiң, кредиторлардың (кредиторлардың) өтiнiшi негізінде осы Заңнын 4-бабында көрсетілген жағдайларда, және осы Заңның 26-бабында көзделген жағдайларда прокурордың өтiнiшi негiзiнде iс қозғалады.
2. Борышкердi банкрот деп тану туралы кредитордың өтiнiшiн сотқа беру құқығына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты салық және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар - азаматтық-құқықтық мiндеттемелер жөніндегі кредиторлар ие болады.
3. Банкроттық туралы iс бойынша сот борышкердi банкрот ден тану туралы өтiнiштi iске қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап iс қозғалды деп есептеледi.
4. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы берген өтiнiшi соттың тиiстi шешiмiнсiз қайтарылып алынбайды.
Кредиторлар (кредитор), прокурор өз өтiнiшiн борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Банкроттық туралы iске қатысушы адамдар
Банкроттық туралы iске қатысушы адамдар мыналар бола алады:
1) борышкер;
2) кредиторлар;
3) кредиторлардың еңбекке ақы төлеу жөніндегі өкілі;
4) прокурор;
5) борышкер мүлкiнiң иесi немесе ол уәкiлдiк берген орган;
6) уәкiлеттi орган;
7) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Борышкердiң өтiнiшi
1. Борышкер өзiн банкрот деп тану туралы:
1) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарымен уәкiлдiк берiлген органның;
2) борышкер мүлкi иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның шешiмдерi негiзiнде сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Борышкер мүлкiнiң иесi, ол уәкiлдiк берген орган, заңды тұлғаның құрылтайшылары немесе құзыреттi органы, оны тарату туралы шешiм қабылдаған, ал мүлiк кредиторлардың талаптарын толық көлемiнде қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда, борышкер өзiн банкрот деп тану туралы сотқа немесе уәкiлеттi органға жүгiнуге мiндеттi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II; 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 16-бап өзгертілді
18-бап. Борышкер өтiнiшiнiң нысаны мен мазмұны
1. Борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша түрде берiледi. Оған борышкердiң - заңды тұлғаның басшысы немесе құрылтай құжаттарына сәйкес оның орнындағы адам қол қояды.
2. Борышкердiң өтiнiшiнде мыналар болуға тиiс:
1) өтiнiш берiлетiн соттың атауы;
2) азаматтық-құқықтық міндеттемелер бойынша кредиторлардың, олардың тұрғылықты жері және борышкерге қойған талаптарының сомасы көрсетілген тізбесі;
3) моральдық нұқсанның орнын толтыру туралы талаптарды қоспағанда, өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн борышкердiң өзi жауап беретiн азаматтардың талап етуi бойынша берешегiнiң сомасы;
4) борышкердiң қызметкерлерiне төленуге тиiстi еңбекақы мен өтемақылар бойынша берешек сомасы; Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды төлеу бойынша берешек сомасы; авторлық шарттар бойынша төлеуге есептелген сыйлықақы сомасы;
5) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек сомасы;
6) кредиторлардың талабын қанағаттандыру мүмкiн еместiгiне негiздеме;
7) борышкерге талап-арыздарды соттардың iске қабылдап алғаны туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер;
8) борышкерде бар мүлiк, оның iшiнде жалдаудағы және лизингтегi кепiлге берiлген мүлiк туралы, банктiк шоттарда жатқан ақша туралы мәлiметтер; шоттардың нөмiрлерi және банктердің тұрғылықты жері, дебиторлардың тұрғылықты жері және олардың берешегінің сомасы көрсетілген тізбесі туралы мәлiметтер;
9) борышкердiң өтiнiштi берген күннен бастап бiр жыл iшiнде орындалуы керек болатын мiндеттемелерi туралы мәлiметтер;
10) банкроттық туралы iске қатысу үшiн еңбек ұжымының өкiлi (қызметкерлердiң өкiлi) туралы мәлiметтер;
10-1) борышкер қызметінің табиғи монополия саласына қатысы туралы немесе осы борышкер тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға; ие болған нарық субъектісі болып табылатыны туралы ақпарат;
11) қоса тiркелетiн құжаттар тiзбесi.
Егер банкроттық туралы iстi қарауға қажет болса, борышкердiң өтiнiшiнде өзге де мәлiметтердiң, сондай-ақ өтiнiш берушiде бар өтiнiштер көрсетiлуi мүмкiн.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 19-бап өзгертілді
19-бап. Борышкердiң өтiнiшiне қоса тiркелетiн құжаттар
1. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:
1) борышкер мемлекеттік бажды төлеудi кейiнге қалдыру туралы өтiнiш берген жағдайлардан басқа, белгiленген мөлшер мен тәртiп бойынша мемлекеттік бажды төлегендiгiн;
3) берешек болуын, сондай-ақ кредиторлардың талаптарын борышкердiң қанағаттандыра алмайтындығын;
4) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге жағдайларды растайтын құжаттар қоса тiркеледi.
2. Борышкердiң өтiнiшiне сондай-ақ:
1) борышкердiң оны банкрот деп тану туралы сотқа өтiнiш жасауына негiз болып табылатын меншiк иесiнiң немесе құрылтайшыларының (қатысушыларының), заңды тұлға органдарының шешiмi;
2) дебиторлық және кредиторлық берешектердiң, топтар бойынша негiзгi және айналым құралдары құрамының толық ашып көрсетiлетiн соңғы есептi кезең iшіндегі қаржы есептемесi;
3) банкроттық туралы iске қатысу үшiн жасырын дауыспен олардың өкiлi сайланған, борышкердiң еңбек ұжымы (қызметкерлерi) жиналысының (конференциясының) хаттамасы;
4) борышкердiң құрылтай құжаттары;
5) борышкер табиғи монополия субъектісі немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие болған нарық субъектісі болып табылатын жағдайда борышкердің өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуі жөніндегі жазбаша хабарламасы алынған кезден бастап монополияға қарсы органның он күн ішінде беретін қорытындысы қоса тіркеледі.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 24.12.01 ж. № 276-II Заңдарымен 20-бап өзгертілді
20-бап. Мемлекеттік баж төлеудi кейiнге қалдыру
1. Борышкердiң өтiнiшi бойынша, оның мүлiктiк жағдайын негiзге ала отырып, сот мемлекеттік баж төлеудi кейiнге қалдыруы мүмкiн. Бұл жағдайда мемлекеттік баж кредиторлармен есеп айырысқанға дейiн борышкердiң мүлкiнен ұсталады.
2. Борышкердiң мемлекеттік баж төлеудi кейiнге қалдыру туралы өтiнiмi болған ретте, оны банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа келу осы Заңға сәйкес борышкер үшiн мiндеттi болып табылған жағдайда, сот мемлекеттік бажды 6 айдан аспайтын мерзiмге борышкердiң кейiн төлеуiне қалдырады.
4. Сот тәртібімен дебиторлық берешектi өндiрiп алу кезiнде алынатын мемлекеттік бажды төлеуге қажеттi ақша қаражаты болмаған жағдайда конкурстық немесе оңалтуды басқарушының өтiнiшi бойынша сот дебиторлық берешектi өтеу шотына ақша қаражаты келiп түскенге дейiн мемлекеттік бажды төлеудi кейiнге қалдыруға мұрсат бередi.
21-бап. Борышкер өтiнiшiнiң қаралмай қайтарылуы
1. Борышкердiң банкрот деп тану туралы осы Заңның 18 және 19-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн өтiнiшпен сотқа жүгiнуi өтiнiштi қарамай қайтаруға негiз болып табылады.
2. Борышкер үшiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну осы Заңға сәйкес мiндеттi болып табылған және қажеттi құжаттар өтiнiшке қоса тiркелмеген жағдайларда мұндай өтiнiштi сот iс жүргiзуге қабылдайды, ал жеткiлiксiз құжаттарды сот қарауына iстi дайындау тәртібімен сот сұратып алады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Кредиторлардың (кредиторлардың) өтiнiшi
1. Азаматтық-құқықтық мiндеттемелер бойынша кредитор (кредиторлар) өтiнiштерiнiң негiзiнде банкроттық туралы iс қозғалуы мүмкiн.
2. Кредитордың өтiнiшi сотқа жазбаша түрде берiледi. Кредитор заңды тұлғаның өтiнiшiне оның басшысы не оның орнындағы адам, ал кредитор азаматтың өтiнiшiне - сол азамат қол қояды. кредитордың өтiнiшiне оның өкiлi қол қоюы мүмкiн. Бұл жағдайда өтiнiшке өкiлдiң кредитор атынан тиiстi өтiнiшпен сотқа жүгiнуге өкiлеттiгiн растайтын кредитордың сенiмхаты қоса тiркеледi.
3. Кредитордың өтiнiшiнде мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) өтiнiш берiлiп отырған соттың атауы;
2) борышкердiң атауы және оның тұрғылықты жері;
3) өтiнiш берген кредитордың атауы және оның тұрғылықты жері;
4) борышкердiң кредитор алдындағы оның талабынан туындаған мiндеттемесi, бұл мiндеттеменiң орындалу мерзiмi;
5) осы кредитордың борышкерге қойған талаптарының мәнi мен сомасы;
6) мiндеттеме бойынша берешек сомасы және орындамағаны үшiн айып-ақы (айыппұл, өсiм) және борышкерден өндiрiп алуға жататын зияндар осы сомаға есептелген сыйақы (мүдде);
7) кредитор талаптарының белгіленген құқықтық негіздері (сот шешімі, бұл талаптарды борышкердің мойындауы, ал олар жоқ болған кезде - кредитор талаптарының негізділігін және олардың сомасын растайтын дәлелдемелер);
8) борышкерде бар мүлiк туралы кредиторға белгiлi мәлiметтер;
9) қоса тiркелетiн құжаттар тiзбесi;
10) борышкерге талаптар қою айғағы;
11) егер банкроттық туралы iстi қарау үшiн қажет болса, өзге де мәлiметтер.
4. Кредитор борышкерге өтiнiштiң және оған қоса тiркелетiн құжаттардың көшiрмесiн жiберуге мiндеттi.
5. кредитордың осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарға сай келмейтiн, сондай-ақ қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген өтiнiшiн сот қарамай қайтарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 239-II Заңымен 23-бап өзгертілді
23-бап. Кредитордың өтiнiшiне қоса тiркелетiн құжаттар
Кредитордың борышкердiң банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:
1) мемлекеттік баждың белгiленген тәртiп пен мөлшерде төленгенiн;
2) кредитор өтiнiшi көшiрмесiнiң және оған қоса тiркелген құжаттардың борышкерге жiберiлгенiн;
3) борышкердiң кредитор алдындағы мiндеттемелерi, сондай-ақ осы мiндеттемелер бойынша берешектiң бар-жоғы мен сомасын;
4) кредитор талаптарының орындылығын (орындау құжаттары, соттың шешiмi немесе кредитордың талаптарын борышкердiң жазбаша түрде мойындауы);
5) кредитордың өтiнiшi негiзделген өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса тiркеледi.
24-бап. Бiр немесе бiрнеше кредитордың талаптарын бiрiктiру
1. Кредитордың әртүрлi мiндеттемелер бойынша борышкерге қойған бiрнеше талапты бiр өтiнiшке бiрiктiруге құқығы бар.
2. Кредиторлардың борышкерге қойған өз талаптарын бiрiктiруге және сотқа бiр өтiнiшпен жүгiнуге құқығы бар. Мұндай өтiнiшке өз талаптарын бiрiктiрген кредиторлар қол қояды.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Салық органы мен салық және бюджетке төленетін басқа да
міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті мемлекеттік
органның мәлiмдемесi
1. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төлеуге қабiлетсiз болуына байланысты борышкердi банкрот деп тану туралы салық органы мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті мемлекеттік органның мәлiмдемесi, егер Заңда өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнiнен туындамаса, осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптарды сақтай отырып сотқа табыс етiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 239-II Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Прокурордың мәлiмдемесi
1. Прокурор:
1) өзi әдейі банкроттық белгiлерiн анықтағанда;
2) кредитор Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүдделерiн көздеп;
3) жоқ борышкердiң кредиторлардың мүдделерiн көздеп борышкердi банкрот деп тану туралы мәлiмдеме жасауға құқылы.
2. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнiнен туындамаса, прокурордың мәлiмдемесi сотқа осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптарды сақтай отырып берiледi.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 27-бап өзгертілді
27-бап. Банкроттық туралы iс бойынша iс қозғау
1. Борышкердi банкрот деп тану туралы заңдарда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш түскеннен кейiн бес күннен кешiктiрмей iс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот банкроттық туралы іс қозғау жөніндегі сот ұйғарымының көшірмесін борышкерге, мәлімдеушіге, уәкілетті органға және борышкердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық атқарушы іс жүргізу органына жібереді.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Банкроттық туралы iс бойынша iс қозғаудың салдары
1. Банкроттық туралы iс бойынша iс қозғалған кезден бастап:
1) борышкер мүлкiнiң иесi (ол уәкiлдiк берген орган), құрылтайшылары (қатысушылары), заңды тұлғаның барлық органдары борышкердiң мүлкiн билеу құқығынан айырылады;
2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды қоспағанда, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауап беретiн азаматтарға төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
3) кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы мүмкiн;
4) кредиторлардың, салық органы мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті мемлекеттік органның талаптары, соның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға тиiстi талаптары бойынша борышкердiң банк шотынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуға жол берiлмейдi;
5) борышкердiң лауазымды адамдарына өздерiне тиесiлi акцияларды, борышкердiң мүлкіндегі үлесiн иелiктен айыруға тыйым салынады.
2. Сот жеті күн ішінде ресми басылымдардың бірінде, сондай-ақ борышкердің тұрғылықты жеріндегі облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімі ресми жарияланым үшін белгілеген газеттердің немесе өзге мерзімді басылымдардың бірінде банкроттық туралы іс бойынша іс қозғалғандығы жөнінде мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялауға міндетті.
Хабарландыруды жариялау банкроттықты тану туралы өтiнiш берген тұлғаның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады, ол осы Заңның 40-бабында белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II; 08.04.04 ж. № 542-II Заңдарымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Кредитордың, салық органы мен салық және бюджетке төленетін
басқа да міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті
мемлекеттік органның немесе прокурордың мәлiмдемесiне
борышкердiң жауабы
1. Борышкер соттың банкроттық туралы iс қозғау жөніндегі ұйғарымының көшiрмесiн алған күннен бастап он күн мерзiм iшiнде сотқа кредитордың, салық органы мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті мемлекеттік органның немесе прокурордың мәлiмдемесiне жауап қайтаруға мiндеттi.
2. Жауапта:
1) жауап жiберiлiп отырған соттың атауы;
2) мәлiмдеушiнiң атауы, мәлiмдеменiң нөмiрi мен күнi;
3) борышкердiң мәлiмдеушi талабына қарсылықтары;
4) өзге кредиторлар алдындағы мiндеттемелер, борышкер қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу, Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды төлеу, салық және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі берешектiң жалпы сомасы;
5) борышкердiң қолында бар мүлiк, оның iшiнде кепiлге берiлген, жалдаудағы немесе лизингтегi мүлiк туралы, банктер шоттарындағы ақша туралы мәлiметтер, шоттардың нөмiрлерi және банктердің тұрғылықты жері, дебиторлардың тұрғылықты жері және олардың берешегінің сомасы көрсетілген тізбесі;
6) борышкер мойындаған жағдайда мәлiмдеушi талаптарының қанағаттандырылғанына айғақтар.
3. Борышкердiң жауабына борышкердiң:
1) орындау мерзiмi жеткен борыштық мiндеттемелерiн орындауға;
2) орындау мерзiмi борышкердi банкрот деп тану туралы арыз берiлген кезден бастап үш айдың iшiнде келетiн борыштық мiндеттемелерiн орындауға қабiлеттi екенiн растайтын құжаттары қоса берiлуге тиiс.
4. Борышкер жауабының болмауы не оның осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмдi дәлелдi себепсiз бұза отырып тапсырылуы борышкердiң өзiнiң дәрменсiздiлiгiн мойындауы деп қаралады және соттың борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығаруына негiз болуы мүмкін.
5. Борышкердiң жауабында өзiн дәрменсiз деп тануды бiлдiруi соттың оны банкрот деп тану туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Борышкер жауабында өзiнiң дәрменсiздiгiн мойындаған жағдайда осы баптың 3-тармағында аталған құжаттардың табыс етiлуi мiндеттi емес.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 09.08.02 ж. № 346-II Заңдарымен 30-бап өзгертiлдi
30-бап. Кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету
Кредитордың немесе прокурордың не iске қатысушы өзге адамның өтiнiшi бойынша сот кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету жөнiнде мынадай шаралар қолдануға:
1) борышкерге тиесiлi мүлiкке (оның бiр бөлiгiне), соның iшiнде ақшаға тыйым салуға;
2) борышкер мүлкiнiң азайып кетуiне не кредиторлардың мүдделерiне өзгеше түрде нұқсан келтiруi мүмкiн iс-әрекеттер жасауына борышкерге тыйым салуға;
3) өндiрiп алу даусыз (акцептсiз) тәртiппен жүргiзiлетiн орындау құжаттары немесе өзге де құжаттар бойынша өндiрiп алуды тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 11.07.01 ж. № 239-II; 09.08.02 ж. № 346-II Заңдарымен 31-бап өзгертілді
31-бап. Iстi соттың қарауына дайындау
1. Кредитордың, салық органы мен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі өзге де уәкілетті мемлекеттік органның немесе прокурордың сотқа осы Заңның 29-бабының ережелерiн ескере отырып табыс еткен талабына борышкердiң қарсылық бiлдiрген жауабының болуы iстi сотта қарауға дайындау үшiн негiз болып табылады.
2. Борышкердiң банкроттығы туралы iстi сотта қарауға дайындау кезiнде iс жүргiзу заңдарында көзделген әрекеттермен қатар сот:
1) iстi сот отырысында қаралатын уақыты мен орнын iске қатысатын уәкілетті органға, кредиторларға, прокурорға және өзге де тұлғаларға хабарлайды;
2) осы Заңның 18-бабының 2-тармағында және 19-бабында көзделген мәлiметтер мен құжаттарды борышкерден талап етiп алады;
3) iстi мәнi бойынша қарау үшiн соттың отырысын тағайындайды.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 32, 33-баптар алынып тасталды
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1 Заңымен 34-бап жаңа редакцияда
34-бап. Соттың iстi қарауы
Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ iс қозғалған соң бiр айдан кешiктiрiлмей, банкроттық туралы iс соттың қарауына тағайындалуға тиiс, ол туралы сот ұйғарым шығарады.
Банкроттық туралы iс сотқа өтiнiш түскен күннен бастап екi айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
35-бап. Банкроттық туралы iс бойынша сот қаулылары
1. Сот банкроттық туралы iстi сот отырысына қарап, мынадай сот актілерінiң бiрiн қабылдай алады:
1) борышкердi банкрот деп тану және конкурс жүргiзу туралы шешiм;
2) борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм;
3) өтiнiш жасалған жағдайда оңалту рәсiмiн қолдану туралы ұйғарым;
4) iс жүргiзудi қысқарту туралы ұйғарым.
2. Соттың осы баптың 1-тармағында көзделген шешiмдерi мен ұйғарымдары, осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, iс жүргiзу заңдарының талаптарына сәйкес болуға тиiс.
ҚР 01.07.98 ж. № 256-1; 18.12.00 ж. № 128-II; 02.03.01 ж. № 162-II; 11.07.01 ж. № 239-II Заңдарымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм
1. Соттың борышкердi банкрот деп тану және конкурстық iс жүргiзудi қозғау туралы шешiмi мынадай жағдайларда:
1) iс қозғалған кезден бастап екi айдан аспайтын мерзiмде соттың iстi қарауы барысында борышкер өзiнiң қабiлеттiлiгiн дәлелдей алмағанда;