5) аяқталған соңғы екі қаржы жылының аудиторлық ұйым куәландырған жылдық қаржылық есептілігін, сондай-ақ тиісті өтінішті табыс етер алдындағы аяқталған соңғы тоқсанның қаржы есептілігін;
6) өтініш берушінің және банктің мәртебе алғаннан кейінгі болжамды есеп айырысу балансын қоса алғанда, банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуының қаржылық салдарларының талдамасын, іс-шаралар жоспарын және ұйымдық құрылымды қоса алғанда, өтініш берушінің банк активтерін сату, қайта ұйымдастыру немесе банк қызметіне немесе оны басқаруға айтарлықтай өзгерістер енгізу жөніндегі жоспарлары мен ұсыныстарын, егер олар бар болса, табыс етеді.
6. Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлға банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім алу үшін мына құжаттарды:
1) осы баптың 4-тармағының 1)- 3) тармақшаларында және 5-тармағының 1), 3)-6) тармақшаларында аталған мәліметтер мен құжаттарды;
2) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірі берген заңды тұлғаның кредит рейтингі туралы мәліметтерді табыс етеді.
7. Банктің ірі қатысушы мәртебесін алуға келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті емес - қаржы ұйымы мынадай құжаттарды:
1) осы баптың 6-тармағында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
2) өтініш беруші шыққан елдің қаржылық қадағалау органының өтініш беруші қаржылық қызметін осы ел заңнамасының шеңберінде жүзеге асыруға уәкілетті екендігі туралы жазбаша растауын не өтініш беруші шыққан елдің қаржылық қадағалау органының осы елдің заңнамасы бойынша мұндай рұқсат талап етілмейтіндігі туралы мәлімдемесін табыс етеді.
8. Жиынтығында банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) он және одан астам процентін иеленетін немесе банк акцияларының он немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар және:
1) банк қабылдайтын шешімдерге өздерінің арасында жасалған шартқа орай не өзгеше түрде бірлесіп ықпал ететін;
2) жеке алғанда немесе өзара бір-бірінің ірі қатысушылары болып табылатын;
3) олардың бірі лауазымды тұлға немесе басқа тұлғаның өкілі болып табылатын;
4) олардың бірі өздерінің арасында жасалған шартқа сәйкес екінші тұлғаға банк акцияларын сатып алу мүмкіндігін берген;
5) жақын туыстар немесе ерлі-зайыптылар болып табылатын тұлғалар бірлесіп банктің ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалар деп танылады.
9. Уәкілетті органның банктің ірі қатысушысы болғысы келетін тұлғаларға келісім беруден бас тартуына:
осы Заңның 20-бабы 2-тармағының 3)-5) тармақшалары талаптарының (жеке тұлғаға немесе өтініш беруші заңды тұлғаның басшы қызметкерлеріне қатысты) сақталмауы;
өтініш берушінің қаржылық жай-күйінің тұрақсыздығы;
осы бапта аталған құжаттарды табыс етпеу;
өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуы нәтижесінде монополияға қарсы заңнама талаптарының бұзылуы;
банктің ірі қатысушысы мәртебесін алу жөніндегі мәміледе тараптардың бірі оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлға (оның аффилиирленген тұлғасы) немесе тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақта тіркелген заңды тұлғалардың қатысушысы (құрылтайшысы, акционері) болып табылатын жеке тұлға болған жағдайлар;
банктің құрылтайшылары мен акционерлеріне осы Заңда белгіленген өзге де талаптарды өтініш берушінің сақтамауы;
өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуының қаржылық салдарларын талдау банктің қаржылық жай-күйінің нашарлайтынын болжауы;
өтініш берушіде - Қазақстан Республикасының резиденті емес қаржы ұйымында шыққан елі заңнамасының шеңберінде қаржылық қызметті жүзеге асыру өкілеттігінің болмауы;
өтініш берушіде - Қазақстан Республикасының резиденті емес-заңды тұлғада тізбесін уәкілетті орган айқындайтын халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі қажетті рейтингінің болмауы негіз болып табылады.
10. Мына жағдайлардың бірінің болуы:
өтініш беруші - заңды тұлға өтініш берген күнге дейін екі жылға жетпейтін уақытта құрылса;
өтініш беруші міндеттемелері басқа заңды тұлғалардың акцияларына және жарғылық капиталдарына қатысу үлестеріне орналастырылған банк акцияларын сатып алуға көзделген активтерінің сомасын шегеріп тастағанда өзінің активтерінен асып кетсе;
аяқталған соңғы екі қаржы жылының нәтижелері бойынша залал шексе;
өтініш беруші міндеттемелерінің мөлшері банктің қаржылық жай-күйін айтарлықтай тәуекелге ұрындыратындай болса;
өтініш берушінің банк алдында мерзімі өткен және (немесе) банк балансына жатқызылған берешегі болса;
өтініш берушінің банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуының қаржылық салдарларын талдау банктің қаржылық жай-күйінің нашарлайтынын болжаса;
банкке және (немесе) оның депозиторларына нұқсан келтіру мүмкіндігін куәландыратын өзге де негіздер өтініш берушінің - заңды тұлғаның қаржылық жағдайының тұрақсыздық белгісі болып табылады.
11. Тұлға ірі қатысушы мәртебесін алуға келісім алмаған жағдайда, уәкілетті орган осы тұлғаға осы Заңның 47-1-бабында көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
12. Банк холдингі болғысы келетін тұлғаларға уәкілетті органның келісім беруі банктің ірі қатысушысы үшін айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Банк холдингі болғысы келетін тұлға осы баптың 5-7-тармақтарында көзделген құжаттармен және мәліметтерден басқа, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің, оның ішінде еншілес ұйым қызметіне байланысты тәуекелдерге қатысты жүйелердің бар екенін растайтын құжаттарды табыс етеді.
Осы Заңның банк холдингі мәртебесін алу жөніндегі талаптары өзі орналасқан елде шоғырландырылған бақылауға жатқызылатын Қазақстан Республикасының резиденті емес банкке қолданылмайды.
Банк холдингі болғысы келетін тұлғаларға уәкілетті органның келісім беруден бас тартуына осы баптың 9-тармағында көзделген негіздерден басқа, мыналар:
өтініш беруші - қаржы ұйымы өзі орналасқан елде шоғырландырылған негізде қадағалауға жатқызылмайтын жағдайлар;
Қазақстан Республикасының резиденті емес - банк конгломератына қатысушылар орналасқан елдер заңнамаларының олардың және банк конгломератының осы Заңда көзделген талаптарды орындауына мүмкіндік бермеуіне байланысты банк конгломератына шоғырландырылған қадағалау жүргізудің мүмкін болмауы негіз болып табылады.
13. Банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес және одан астам процентін иеленетін немесе банк акцияларының жиырма бес және одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар және:
1) банк қабылдайтын шешімдерге өздерінің арасында жасалған шартқа орай не өзгеше түрде бірлесіп ықпал ететін;
2) жеке алғанда немесе өзара бір-бірінің ірі қатысушылары болып табылатын;
3) олардың бірі басқа тұлғаның өкілі болып табылатын;
4) олардың бірі өздерінің арасында жасалған шартқа сәйкес екінші тұлғаға банк акцияларын сатып алу мүмкіндігін берген тұлғалар бірлесіп банк холдингі болып табылатын тұлғалар деп танылады.
14. Уәкілетті орган осы баптың талаптарына сәйкес банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін берілген өтініш бойынша шешімді құжаттардың толық топтамасы табыс етілген күннен бастап үш ай ішінде қабылдауға тиіс.
15. Уәкілетті орган келісім беруге негіз болған дұрыс емес мәліметтер анықталған немесе банктің ірі қатысушылары немесе банк холдингі осы Заңның талаптарын сақтамаған жағдайда осы бапқа сәйкес берілген келісімді кері қайтарып алуға құқылы. Бұл жағдайда мұндай шара қолданылатын тұлға банк акцияларының өзіне тиесілі санын осы бапта белгіленгеннен төмен деңгейге дейін азайтуға немесе өзінің тікелей немесе жанама дауыс беру құқығын қолдануды қоса алғанда, банктің басшылығына немесе оның саясатына ықпал етуді (немесе ықпал етуге тырысуды) тоқтату міндеттемесін қабылдауға міндетті.
16. Тұлға өзіне қатысты емес себептер бойынша банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі белгілеріне сәйкес келген не банктің акциялары кепіл болып табылатын борыштық міндеттемелер бойынша кепілге салынған мүліктің оған көшуі нәтижесінде банктің осы бапта белгіленген шектерге тең немесе одан асатын мөлшердегі акцияларын меншігіне алған жағдайларға осы баптың міндетті түрде уәкілетті органның келісімін алдын ала алу қажеттігі туралы талаптары қолданылмайды.
Аталған жағдайларда банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі белгілеріне сәйкес келетін тұлға акцияларды сатып алған немесе оған өзінің банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі белгісіне сәйкес келетіні белгілі болған кезден бастап отыз күн ішінде уәкілетті органға хабарлауға және осы баптың ережелеріне сәйкес уәкілетті органның жазбаша келісімін алғанға дейін банктің басшылығына немесе оның саясатына ықпал етуге бағытталған ешқандай әрекет жасамауға немесе осындай жолмен сатып алған акцияларымен дауыс бермеуге міндетті.
Тиісті мәртебені алу туралы өтініш акцияларды сатып алған кезден бастап не оған өзінің банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі белгісіне сәйкес келетіні белгілі болған кезден бастап алпыс күн ішінде, егер бұл тұлға аталған мерзімде акцияларды иеліктен шығарғысы келмесе, уәкілетті органға табыс етіледі. Акцияларды сатып алған күннен бастап алпыс күн ішінде оларды иеліктен шығару жөнінде шешім қабылданғаны туралы ақпарат осындай шешім қабылданған күннен бастап дереу уәкілетті органға табыс етіледі.
17. Егер уәкілетті органға тұлғаның банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы белгісіне сәйкес келетінін немесе банктің акцияларын тікелей, жанама иеленуші болып табылатынын немесе келісімнің негізінде немесе өзгеше түрде осы Заң талаптарына сәйкес уәкілетті органның келісімінсіз, банктің осы бапта белгіленген шектерге тең немесе одан асатын мөлшердегі акцияларымен дауыс беруге мүмкіндігі бар екенін көрсететін мәліметтер белгілі болса, ол жеке және заңды тұлғалардан ақпарат табыс етуді талап етуге құқылы. Ақпарат оны иеленетін кез келген тұлғадан, сондай-ақ осы тұлғалардың бақылауында болатын ұйымдардан талап етілуі мүмкін.
18. Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі банктің өзіне тиеселі тікелей немесе жанама иеленетін немесе тікелей не жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар акциялары санының орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының және (немесе) дауыс беретін акцияларының санына проценттік арақатынасын өзгерту туралы шешім қабылданған күннен бастап отыз күн мерзімде, растайтын құжаттарды табыс ете отырып, уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
19. Банк өзінің барлық ірі қатысушылары мен банк холдингтеріне тиесілі банк акциялары санының банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының санына және (немесе) дауыс беретін акциялардың санына проценттік арақатынасын көрсете отырып, олардың тізімін есепті тоқсаннан кейінгі айдың онынан кешіктірмей уәкілетті органға тоқсан сайын табыс етуге міндетті.
20. Банктер өзінің дауыс беретін және (немесе) орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының он және одан астам процентін иеленетін акционерлер құрамының өзгергені туралы осындай факт анықталған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
21. Банктердің, банктердің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, сондай-ақ банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы белгісіне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органға осы баптың 16-20-тармақтарына сәйкес талап етілетін ақпаратты көрсетілген мерзімде бермеуі, сол сияқты әлденеше рет уақтылы бермеуі немесе дұрыс емес мәліметтерді беруі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.";
11) 19-бапта:
3-тармақта:
б) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"б) құрылтайшылар туралы (уәкілетті орган белгілеген тізбе бойынша) мәліметтер, аяқталған соңғы екі қаржы жылы ішіндегі шоғырландырылған есепті қоса алғанда, қаржы есептілігі, аудиторлық ұйымның құрылтайшылардың қаржылық жай-күйі туралы есебі;";
мынадай мазмұндағы б-1) тармақшасымен толықтырылсын:
"б-1) егер тұлға банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі болатын болса, онда осы Заңның 17-1-бабында көзделген құжаттар мен мәліметтер;";
в) және г) тармақшалары алып тасталсын;
д) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"д) осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес банктің басшы қызметкерлері лауазымына ұсынылатын тұлғалардың, соның ішінде банк басқармасының кемінде үш мүшесінің құжаттары;";
к) тармақшасы алып тасталсын;
12) 20 және 21-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"20-бап. Банктің басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Банктің оқшауланған бөлімшелерінің бірінші басшыларын және олардың бас бухгалтерлерін қоспағанда, директорлар кеңесінің бірінші басшысы мен мүшелері, басқарманың бірінші басшысы мен мүшелері, банктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және банк операцияларын жүргізуге негіз болатын құжаттарға қол қоюға құқығы бар өзге де басшылар, банктің бас бухгалтері банктің басшы қызметкерлері болып танылады.
Банк операцияларын жүргізуге негіз болатын құжаттарға қол қоюға құқығы бар және бір ғана құрылымдық бөлімшенің қызметін бақылауды жүзеге асыратын адамдар банктің басшы қызметкерлері болып табылмайды.
2. Мыналар:
1) жоғары білімі жоқ;
2) қаржылық қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу саласында осы бапта белгілеген жұмыс стажы жоқ;
3) экономикалық қызмет саласында жасаған қылмыстары үшін, сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстары үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
4) уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымының лицензиясын кері қайтарып алу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқарманың бірінші басшысы және оның орынбасары, бас бухгалтері болып табылған тұлға банктің басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Аталған талап уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымының лицензиясын кері қайтарып алу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жыл бойы қолданылады;
5) өзге қаржы ұйымында басшы қызметкер лауазымында болған кезеңінде басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) берілген келісім кері қайтарып алынған адам банктің басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Аталған талап ету уәкілетті органның басшы қызметкерді лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алу туралы шешімі қабылданғаннан кейін қатарынан соңғы он екі ай ішінде қолданылады.
3. Банктің ірі қатысушысы банк басқармасының бірінші басшысы лауазымына тағайындала (сайлана) алмайды.
Банктің директорлар кеңесі құрамының кемінде отыз проценті тәуелсіз директорлар болуға тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптарға сәйкес келу үшін:
1) банктің тәуелсіз директоры, басқармасының бірінші басшысы, бас бухгалтері лауазымдарына кандидаттар үшін - қаржылық қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу саласында кемінде үш жыл;
2) банк басқармасының мүшелері лауазымына кандидаттар үшін - қаржылық қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу саласында кемінде екі жыл;
3) банктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және банк операцияларын жүргізуге негіз болатын құжаттарға қол қоюға құқығы бар банктің өзге де басшылары лауазымына кандидаттар үшін - қаржылық қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу саласында кемінде бір жыл жұмыс стажы болуы қажет.
Тәуелсіз директорды қоспағанда, директорлар кеңесінің бірінші басшысы және мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін қаржылық қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу саласында жұмыс стажының болуы талап етілмейді.
Осы тармақпен белгіленген жұмыс стажына қаржы ұйымы бөлімшелеріндегі шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыс кірмейді.
5. Басшы қызметкер тағайындалған (сайланған) күннен өз қызметін уәкілетті органның келісімінсіз күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзім ішінде атқаруға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген мерзім өткеннен кейін және құжаттар уәкілетті органға келісуге табыс етілмеген жағдайда не уәкілетті орган келісуден бас тартқан жағдайда банк осы тұлғамен жасалған жеке еңбек шартын бұзуға міндетті.
Уәкілетті орган банктің басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін табыс етілген құжаттарды олар табыс етілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
6. Банктің басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісім беру тәртібі, келісім алуға қажетті құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
7. Уәкілетті орган банктің басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартқан не ол банктің басшы қызметкері лауазымынан босатылған немесе оны осы банкте өзге лауазымға ауыстырған жағдайда, аталған адам оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартылғаннан не ол банктің басшы қызметкері лауазымынан босатылғаннан не басқа лауазымға ауыстырылғаннан кейін кемінде күнтізбелік тоқсан күн өткен соң, бірақ қатарынан он екі ай ішінде екі реттен артық емес, осы банктің басшы қызметкері лауазымына қайтадан тағайындала (сайлана) алады.
8. Уәкілетті орган банктің басшы қызметкерін лауазымға тағайындауға (сайлауға) келісім беруден қатарынан екі рет бас тартқан жағдайда, аталған адам өзін уәкілетті органның осы банктің басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап қатарынан он екі ай өткеннен кейін осы банктің басшы қызметкері лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
9. Уәкілетті орган банктің басшы қызметкерін лауазымға тағайындауға (сайлауға) берілген келісімін:
1) келісім беруге негіз болған дұрыс емес мәліметтер анықталған;
2) банктің басшы қызметкеріне уәкілетті органның санкцияларды жүйелі түрде (қатарынан соңғы он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) қолдану негіздері бойынша кері қайтарып алуға құқылы.
Уәкілетті орган банктің басшы қызметкерін лауазымға тағайындауға (сайлауға) берілген келісімін кері қайтарып алған жағдайда, банк осы адаммен жасалған жеке еңбек шартын бұзуға міндетті.
10. Уәкілетті орган осы Заңда белгіленген тәртіппен банкті консервациялау немесе оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім қабылдаған жағдайда, банктің директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқарманың бірінші басшысы және оның орынбасарлары, бас бухгалтері болып табылатын басшы қызметкерлермен жасалған жеке еңбек шартын бұзуға міндетті.
11. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның бірінші басшысы осы бапта белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс және лауазымға уәкілетті органның келісімінсіз тағайындалады (сайланады).
21-бап. Қазақстан Республикасының резидент емес тұлғаларының
қатысуымен банк құруға қойылатын қосымша талаптар
Банктің құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті емес-жеке немесе заңды тұлға осы Заңның 19-бабында аталған құжаттардан басқа, банк ашуға рұқсат беру туралы өтінішке тиісті мемлекеттің уәкілетті органының (Қазақстан Республикасының резиденті емес банктер үшін - банктік қадағалау органының) осы тұлғаға Қазақстан Республикасының резидент банкінің акцияларын иеленуге рұқсат берілетіні жөніндегі жазбаша хабарламасын не тиісті мемлекеттің уәкілетті органының (Қазақстан Республикасының резиденті емес банктер үшін - банктік қадағалау органының) аталған құрылтайшы мемлекетінің заңнамасы бойынша мұндай шешім талап етілмейтіні жөніндегі мәлімдемесін қоса тіркеуге міндетті.";
13) 22-бап алып тасталсын;
14) 24-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы г-1) және г-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"г-1) құрылтайшының:
экономикалық қызмет саласында жасаған қылмыстары үшін, сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстары үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар болса;
уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымының лицензиясын кері қайтарып алу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқарманың бірінші басшысы және оның орынбасары, бас бухгалтері қызметінде болған болса, банктің басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Аталған талап уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымының лицензиясын кері қайтарып алу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жыл бойы қолданылады;
г-2) осы Заңның 17-1-бабы талаптарының сақталмауы;";
е) тармақшасында:
"ең төменгі" деген сөздер алып тасталсын;
"20-бабының 3-5-тармақтарында" деген сөздер "20-бабында" деген сөздермен ауыстырылсын;
ж) тармақшасы алып тасталсын;
3-тармақтағы "22" деген цифр "21" деген цифрмен ауыстырылсын;
15) 26-бапта:
2-тармақта:
б) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"б) уәкілетті органның немесе Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген талаптарға сәйкес мөлшерде жарғылық капиталы болуға;";
мынадай мазмұндағы в) тармақшасымен толықтырылсын:
"в) лицензиялық алым төлеуге тиіс.";
2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2-1. Жұмыс істеп тұрған банк қосымша банк операцияларын жүргізуге лицензия алу үшін:
1) қосымша банк операцияларын жүргізуге лицензия алу үшін өтініш берген айдың алдындағы қатарынан үш ай ішінде пруденциялық нормативтердің орындалуын қамтамасыз етуге;
2) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің болуы бөлігінде уәкілетті орган белгілеген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
3) банк операцияларының қосымша түрлерін жүргізудің жалпы шарттары туралы ережені табыс етуге тиіс.";
3-тармақ "құжаттарды" деген сөзден кейін "уәкілетті органның немесе Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен" деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақтағы "өтініш қабылданған күннен бастап" деген сөздер "лицензия беруге құжаттар табыс етілген күннен бастап" деген сөздермен ауыстырылсын;
16) 29 және 30-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"29-бап. Банктің филиалдары мен өкілдіктерін құру, жабу
1. Қазақстан Республикасының резидент-банкі банктің директорлар кеңесінің шешімі негізінде уәкілетті органның келісімінсіз Қазақстан Республикасының аумағында да, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де өзінің оқшауланған бөлімшелерін - өз филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.
2. Банк өзінің филиалы мен өкілдігі әділет органдарында есептік тіркелген күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде олардың ашылғаны туралы уәкілетті органға:
1) банк филиалы мен өкілдігін есептік тіркеу туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін;
2) тіркеген әділет органының белгісі мен мөрі бар банктің филиалы немесе өкілдігі туралы нотариат куәландырған ереженің көшірмесін;
3) Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға филиал үй-жайының сәйкестігін растайтын (филиалды ашу кезінде) Ұлттық Банктің тексеру қорытындысы мен актісінің нотариат куәландырған көшірмесін;
4) филиалдың немесе өкілдіктің бірінші басшысына берілген сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесін қоса тіркей отырып, жазбаша хабарлауға міндетті.
3. Қазақстан Республикасы аумағында банктің филиалын немесе өкілдігін құруға, жабуға жергілікті өкілді және атқарушы органдардың келісімі талап етілмейді.
4. Банктің филиалы - заңды тұлға болып табылмайтын, банк орналасқан жерден тысқары орналасқан, банк атынан банк қызметін жүзеге асыратын және өзіне банк берген өкілеттік шегінде әрекет ететін банктің оқшауланған бөлімшесі. Банк филиалының банкпен бірыңғай балансы, сондай-ақ банк атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.
Банк филиалы бір облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) шегінде бірнеше мекен-жай бойынша орналасқан үй-жайларға ие болуға құқылы.