7-баптың 2-тармағы "органның" деген сөзден кейін ", кредиттік серіктестіктердің, Ұлттық почта операторының" деген сөздермен толықтырылсын.
7. "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 35-құжат; № 15-16, 109-құжат; № 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 1, 180-құжат; № 14, 274-құжат; 1997 ж., № 12, 183-құжат; 1998 ж., № 5-6, 50-құжат; № 17-18, 224-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 63, 64-құжаттар; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 1, 1-құжат; № 8, 52-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 18, 157-құжат; 2003 ж., № 4, 25-құжат; № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар):
1) 6-бапта:
үшінші бөлікте:
"банк және сақтандыру қызметі" деген сөздер "қаржылық қызмет көрсету" деген сөздермен ауыстырылсын;
", ал банктердің филиалдары мен өкілдіктерін, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын есептік тіркеу үшін аталған органның келісімі" деген сөздер алып тасталсын;
төртінші және бесінші бөліктер алып тасталсын;
2) 8-баптың екінші бөлігі "филиалдың (өкілдіктің) атауы, орналасқан жері" деген сөздерден кейін "(банк филиалының бір облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) шегінде орналасқан барлық үй-жайларының мекен-жайы)" деген сөздермен толықтырылсын.
8. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 15-16, 106-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 184-құжат; № 15, 281-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 5, 58-құжат; № 13-14, 205-құжат; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 11-12, 176-құжат; № 17-18, 224-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 9, 86-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 5, 31-құжат; № 10, 51-құжат; № 11, 56, 67-құжаттар; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар):
1) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) банк акцияларын жанама иелену (дауыс беру) - банктің, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену арқылы банктің бірлескен ірі қатысушы, банк холдингі болып табылатын тұлғалардың шешімін айқындау мүмкіндігі;
2) банк конгломераты - бас ұйымнан және оның еншілес ұйымдарынан, сондай-ақ бас ұйым және (немесе) оның еншілес ұйымдары капиталына қомақты қатысатын ұйымдардан тұратын және мынадай шарттардың біріне сәйкес келетін заңды тұлғалар тобы:
банк бас ұйым болып табылады немесе еншілес ұйымдардың бірі банк болып табылады;
банк бас ұйым болып табылмайды, бірақ топтың қызметі негізінен банк секторында шоғырланған, яғни банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жиынтық активтерінің, топтың жиынтық активтеріне топтың қатынасы қырық және одан да көп процентті құрайды;
банк бас ұйым болып табылмайды, бірақ топта бір банк және өзге қаржылық ұйым бар.
Егер заңды тұлғалар тобында бас ұйым - Қазақстан Республикасының резиденті емес-банк болатын болса, онда Қазақстан Республикасының резиденті-еншілес банк және оның еншілес ұйымдары, сондай-ақ еншілес банк және оның еншілес ұйымдары капиталына қомақты қатысатын ұйымдар банк конгломераты болып танылады;
3) банк холдингі - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының жиырма бес немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (осындай иеленуші мемлекет болып табылатын жағдайларды қоспағанда) немесе:
банк акцияларының жиырма бес немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге;
шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде банк қабылдайтын шешімдерді айқындауға немесе бақылау жасауға мүмкіндігі бар заңды тұлға;
4) банктің реттеуші меншікті капиталы (бұдан әрі - меншікті капитал) - банктің инвестициялары шегерілген капитал сомасы;
5) банктің ірі қатысушысы - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (мемлекет осындай иеленуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда) немесе:
банк акцияларының он немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге;
шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен банк қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар жеке және заңды тұлға;
6) бақылау - бір заңды тұлғаның мынадай шарттардың бірі:
бір тұлғаның заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не басқа тұлғаның орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегере отырып) елу процентінен астамына дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленуі не басқа заңды тұлға акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігінің болуы;
бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлға директорлар кеңесінің немесе басқармасының кемінде жартысын сайлау мүмкіндігінің болуы;
бір заңды тұлғаның қаржылық есептілігін аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржылық есебіне қосқан кезде;
бір заңды тұлғаның шарттың (растайтын құжаттардың) күшімен не өзгеше түрде, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда басқа заңды тұлғаның шешімін айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын басқа заңды тұлғаның шешімін айқындау мүмкіндігі;
7) депозит - бір тұлға (депозитор) басқа тұлғаға - банкке, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі - Ұлттық Банк) және Ұлттық почта операторына олар номиналды түрде қайтарылатын шартпен, алғашқы талап етуі бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін толық немесе бөліп-бөліп, алдын ала келісілген үстемесімен не онсыз, депозиторға тікелей не оның тапсыруымен үшінші тұлғаға берілетініне қарамастан, беретін ақша;
8) бас ұйым - басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға;
9) еншілес ұйым - басқа заңды тұлға тарапынан бақылау жасалатын заңды тұлға;
10) заңды тұлғаның ірі қатысушысы - заңды тұлғаның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентін иеленетін (осындай иеленуші мемлекет болып табылатын жағдайларды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлға;
11) капиталға қомақты қатысу - дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан астам процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе бір не бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан астам процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы.";
2) мынадай мазмұндағы 2-1-баппен толықтырылсын:
"2-1-бап. Банктің аффилиирленген тұлғалары
Банктің аффилиирленген тұлғалары - "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабында айқындалған тұлғалар, сондай-ақ банк конгломератының қатысушылары.";
3) 5-баптағы "негізінде" деген сөзден кейін "не Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес" деген сөздермен толықтырылсын;
4) 6-баптың 2-тармағы "мемлекеттік органның" деген сөздерден кейін ", кредиттік серіктестіктердің, Ұлттық почта операторының" деген сөздермен толықтырылсын;
5) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"8-бап. Банктер үшін тыйым салынған немесе шектелген қызмет
1. Банктерге банк қызметіне қатысы жоқ не осы Заңның 30-бабының 12-тармағында көзделмеген кәсіпкерлік қызмет ретіндегі операциялар мен мәмілелерді жүзеге асыруға, сондай-ақ осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларды және осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда бағалы қағаздармен мәміле жасауды қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген тыйым салу мынадай жағдайларда:
1) қаржы ұйымдарының;
2) акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғары санаты бойынша енгізілген қаржы ұйымы болып табылмайтын заңды тұлғалардың;
3) кредиттік бюролардың, ломбардтардың, бағалы қағаздарды орналастыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының резиденті емес арнайы ұйымдардың, лизингтік ұйымдардың, сондай-ақ айрықша қызмет түрі банктің операциялық қызметін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын жылжымайтын мүлікті иелену және оны басқару болып табылатын ұйымдардың, банк қызметін автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың;
4) заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес банктердің меншігіне өткен кезде осы ұйымдардың;
5) осы Заңның 10-бабында аталған заңды тұлғалардың;
6) Қазақстан Республикасының резиденттері-акционерлік инвестициялық қорлардың;
7) банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін банк сатып алған жағдайларда қолданылмайды.
Осы тармақтың 2) және 6) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың банкке тиесілі акциялар саны бір заңды тұлғаның орналастырылған акцияларының жалпы санының он процентінен аспауға тиіс.
3. Банктің осы баптың 2-тармағы 1)-3), 6) және 7) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін не акцияларын сатып алуы бір заңды тұлғаға:
1) 1), 3) және 7) тармақшаларда аталған ұйымдар үшін - банктің меншікті капиталының он бес процентінен;
2) 2) және 6) тармақшаларда аталған заңды тұлғалар үшін - банктің меншікті капиталының он процентінен аспауға тиіс.
Заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылдаған акциялары немесе жарғылық капиталға қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес банктің меншігіне өткен жағдайларда, банктердің осындай ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуы кезінде банктің осындай заңды тұлғаларға қатысуы банктің меншікті капиталының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, бұл ретте акцияларды немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін өткізу мерзімі бір жылдан артық болмауға тиіс.
Банктің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не акцияларының жиынтық құны:
қаржы ұйымдары болып табылмайтын заңды тұлғалар үшін - банктің меншікті капиталының алпыс процентінен;
сақтандыру ұйымдары үшін - банктің меншікті капиталының қырық процентінен аспауға тиіс.
Банктер он бес, отыз немесе қырық процент деңгейінен ұлғаю немесе кему фактісін анықтаған күннен бастап он күн ішінде:
акционері банк болып табылатын заңды тұлғаның орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) жалпы санына акциялар санының проценттік қатынасын;
банкке тиесілі заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген шектеулер банктің еншілес ұйымдарының және банк пен оның еншілес ұйымдары капиталына қомақты қатысатын ұйымдардың қызметіне қолданылады.
5. Осы баптың 1-тармағында белгіленген тыйым салу:
бағалы қағаздары Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғары және ең жоғарыдан кейінгі санаттары бойынша енгізілген заңды тұлғалардың облигацияларымен;
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларымен;
рейтинг агенттіктерінің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі бар шетел эмитенттерінің облигацияларымен мәмілелер жасау жүзеге асырылғанда қолданылмайды.";
6) 11-бап алып тасталсын;
7) 11-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"11-1-бап. Банктердің еншілес ұйымдары және ұйымдардың
жарғылық капиталдарына банктердің қомақты қатысуы
1. Банк осы Заңның 8-бабында өзіне берілген өкілеттіктерді жүзеге асыру мақсатында уәкілетті органның рұқсаты болғанда ғана еншілес ұйым құра алады немесе оны иелене алады.
Еншілес ұйымды құруға немесе сатып алуға рұқсат беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
Акциялары және жарғылық капиталға қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес кепіл ретінде қабылданған жағдайда, банктің меншігіне өтетін заңды тұлғалар банктің еншілес ұйымына жатқызылмайды, бұл ретте осындай акцияларды және жарғылық капиталға қатысу үлестерін өткізу мерзімі бір жылдан аспауға тиіс.
2. Банктердің еншілес ұйымдары еншілес ұйым құруға және (немесе) оларды иеленуге құқылы емес.
Банктің еншілес ұйымы өзінің толық атауында "еншілес" деген сөзді көрсетуге және бас банктің атауын пайдалануға міндетті.
3. Рұқсат алуға берілген өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркелуге тиіс:
1) еншілес ұйымның құрылтай құжаттары, жарғының бекітілгені туралы хаттамалар;
2) банктің уәкілетті органының еншілес ұйым құру немесе оны сатып алу туралы шешімі;
3) еншілес ұйымның басшы қызметкерлері туралы ақпарат;
4) еншілес ұйымның ұйымдық құрылымы және аффилиирленген тұлғалар туралы мәліметтер.
Банкте банк холдингі болмаған жағдайда:
осы ұйымдар қауымдастығы меморандумының немесе ережелерінің шарттарына сәйкес олардың қызметін бірлескен негізде басқаруға;
егер аталған ұйымдардың директорлар кеңесі немесе басқармасы құрамының үштен бірінен астамын сол белгілі бір тұлғалар құрайтын болса, еншілес ұйымға байланысты ұйымдар туралы ақпарат қосымша беріледі;
5) бизнес-жоспарын табыс ете отырып, еншілес ұйым қызметінің түрі немесе түрлері туралы ақпарат;
6) құрылатын еншілес ұйымның құрылтайшылары енгізетін акцияларды алдын ала төлеу мөлшері туралы ақпарат;
7) құрылатын еншілес ұйымның жарғылық капиталына банктің қатысу үлесі мен сомасы, сондай-ақ олар сатып алатын акциялар саны және акцияларды алдын ала төлеу мөлшері туралы ақпарат;
8) еншілес ұйымды сатып алу шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер;
9) аудиторлық ұйымның есебі және сатып алынатын еншілес ұйымның аудиторлық ұйым куәландырған қаржы есептілігі;
10) сатып алынатын еншілес ұйымның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өткендігі туралы куәлігінің нотариат куәландырған көшірмесі;
11) сатып алынатын еншілес ұйымның жарғылық капиталының мөлшері туралы (егер мұндай ақпарат аудиторлық есепте болмаса), сондай-ақ банктің жарғылық капиталға қатысу үлесі немесе еншілес ұйымның сатып алынатын акцияларының саны, оларды сатып алу бағасы туралы ақпарат;
12) банк жарғылық капиталға қатысу үлесін немесе акцияларын иемдену арқылы еншілес ұйымын иемденген заңды тұлға туралы:
заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жерін;
құрылтайшысы (қатысушысы) банк болып табылатын заңды тұлғаның жарғылық капиталына банктің қатысу үлесінің мөлшері, оны сатып алу бағасы туралы мәліметті;
акционері банк болып табылатын заңды тұлғаның акциялар саны, оларды сатып алу бағасы, олардың орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алғандары шегеріле отырып) жалпы санына проценттік арақатынасы туралы мәліметті;
заңды тұлғаның (оның құрылтайшысы, қатысушысы, акционері банк болып табылатын) басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесінің мөлшері, оны сатып алу бағасы туралы мәліметті;
акционері (құрылтайшысы, қатысушысы) банк болып табылатын заңды тұлға сатып алған акциялар саны, сатып алу бағасы, олардың орналастырылған акциялардың (артықшылықты және қоғам сатып алғандары шегеріле отырып) жалпы санына проценттік арақатынасы туралы мәліметті қамтитын деректер;
13) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің, оның ішінде еншілес ұйым қызметіне байланысты тәуекелдерге қатысты жүйелердің бар екенін растайтын құжаттар;
14) еншілес ұйымды бақылауды және бақылау негіздерін растайтын құжаттар.
4. Банк соңғы аяқталған екі қаржы жылының қорытындылары бойынша оның қызметі шығынсыз болған жағдайда және уәкілетті органға рұқсат алуға өтініш берілген күннің алдындағы соңғы үш ай ішінде уәкілетті орган белгілеген пруденциалдық нормативтерді сақтаған жағдайда, еншілес ұйым құруға құқылы.
5. Еншілес ұйымды құруға, сатып алуға рұқсат беруден бас тартуға:
1) рұқсат алуға қажетті құжаттардың табыс етілмеуі;
2) еншілес ұйымның басшы қызметкерлерінің (немесе басшы қызметкерлер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға ұсынылған кандидаттардың) осы Заңның 20-бабының 2-тармағы 3)-5) тармақшаларының талаптарына сай келмеуі;
3) көзделген еншілес ұйымдардың болуы нәтижесінде шоғырландырылған негізде пруденциалдық нормативтерді және банктер сақтауға міндетті уәкілетті орган белгілеген басқа да нормалар мен лимиттерді банктің сақтамауы;
4) еншілес ұйымның қызметі немесе банк жоспарлаған инвестициялар салдарынан банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауы және (немесе) банк салымшыларының мүдделеріне нұқсан келтіру көзделетін қаржылық салдарларды талдау;
5) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің, оның ішінде еншілес ұйым қызметіне байланысты тәуекелдерге қатысты жүйелердің бар екенін растайтын табыс етілген құжаттардың уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қоятын талаптарына сәйкес келмеуі;
6) банктің уәкілетті органға рұқсат алуға өтініш берген күннің алдындағы соңғы үш ай ішінде және/немесе өтінішті қарау кезеңінде белгіленген пруденциалдық нормативтерді сақтамауы;
7) өтініш берілген күнгі банкке қатысты қолданылған шектеулі ықпал ету шараларының және санкцияларының болуы негіз болып табылады.
6. Уәкілетті орган өтініш берілгеннен кейін үш ай ішінде рұқсат беруге немесе рұқсат беруден бас тартуға міндетті.
Рұқсат беруден бас тартқан жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге бас тартудың негіздері туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
7. Банктің еншілес ұйымы құрылтай құжаттарына енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
8. Уәкілетті органның рұқсатын алмаған жағдайда банк еншілес ұйымның өзіне тиесілі акцияларын (қатысу үлестерін) үш ай мерзім ішінде осы банкпен ерекше қарым-қатынасы жоқ тұлғаларға иелігінен шығаруға не еншілес ұйым қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігінен бас тартуға және растайтын құжаттарды уәкілетті органға беруге міндетті.
9. Банктің ұйымның жарғылық капиталына қомақты қатысуына уәкілетті органның рұқсаты болғанда ғана жол беріледі.
Ұйымның жарғылық капиталына қомақты қатысуына рұқсат беру уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен белгіленеді.
10. Рұқсат алуға берілетін өтініш осы баптың 3-тармағының 2), 3), 5)-8) тармақшаларында көзделген құжаттар қоса тіркеле отырып табыс етіледі.
Ұйымның жарғылық капиталына қомақты қатысуға рұқсат беруден бас тарту осы баптың 5-тармағында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің, оның ішінде еншілес ұйым қызметіне байланысты тәуекелдерге қатысты жүйелердің бар екенін растайтын табыс етілген құжаттардың уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қоятын талаптарына сай келмеуі ұйымның жарғылық капиталға қомақты қатысуына рұқсат беруден бас тарту үшін негіз болып табылмайды.";
8) 16-бапта:
3-тармақ алып тасталсын;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Банктің меншікті капиталын және инвестициясын есептеу әдістемесін уәкілетті орган айқындайды.
Егер банк міндеттемелерінің сомасы оның активтерінің құнынан артық болған жағдайда, банктің меншікті капиталы теріс капитал болады.";
8-тармақта:
бірінші бөліктегі "Банк капиталының" деген сөздер "Банктің меншікті капиталының" деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөліктегі "оның нақты капиталының мөлшерін" деген сөздер "оның міндеттемелерінің сомасы шегеріле отырып банк активтерінің құнын" деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 17-баптың 6-тармағы алып тасталсын;
10) 17-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"17-1-бап. Банк холдингі және банктің ірі қатысушысы
1. Бірде-бір тұлға уәкілетті органның жазбаша келісімінсіз дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп банк холдингі, банктің ірі қатысушысы бола алмайды.
Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғалар рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингі болған кезде банк холдингі немесе банктің ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін уәкілетті органның келісімін ала алады. Ең төменгі рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
Банктің ірі қатысушылары - жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген кіріс және мүлік туралы декларацияны табыс ету жөніндегі талаптарды ескере отырып, банктің акцияларын төлеуге құқылы.
2. Банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алуға келісім беру, оны кері қайтарып алу ережелерін, осы келісімді алу үшін табыс етілетін құжаттарға қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
3. Банктің ірі қатысушысы болғысы келетін тұлға келісім алу үшін уәкілетті органға осы баптың 4-7-тармақтарында айқындалған құжаттар мен мәліметтерді қоса тіркей отырып, банктің ірі қатысушысы мәртебесін алу туралы өтініш беруге міндетті.
4. Банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім алу үшін жеке тұлға мынадай құжаттарды:
1) растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса тіркей отырып, акцияларды сатып алуға жұмсалатын ақша көздері мен қаражаттардың сипаттамасын қоса алғанда, банктің акцияларын сатып алу шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді;
2) өтініш берушінің мүддесін білдіру тапсырылатын өтініш берушінің өкіліне (ол бар болғанда) берілген сенімхатты;
3) өзі ірі қатысушы болып табылатын заңды тұлғалардың тізімін және олардың құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін;
4) білімі, еңбек қызметі туралы, сотталғандығының бар-жоғы туралы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, қаржы, салық салу саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны туралы мәліметтерді қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш беруші туралы қысқаша деректерді;
5) Қазақстан Республикасының резиденті емес жеке тұлға тұратын елдің тиісті мемлекеттік органының Қазақстан Республикасының резидент-банкінің акцияларды сатып алуға осы ел заңнамасында рұқсат етілгені туралы жазбаша растауын не тиісті елдің уәкілетті органының көрсетілген құрылтайшы мемлекетінің заңнамасы бойынша мұндай рұқсат талап етілмейтіндігі туралы мәлімдемесін табыс етеді.
5. Банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті - заңды тұлға мынадай құжаттарды:
1) өтініш берушінің жоғары органының банк акцияларын сатып алу туралы шешімінің көшірмесін;
2) осы баптың 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
3) өтініш берушінің құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмесін, оның ірі қатысушылары туралы, сондай-ақ өтініш берушінің ірі қатысушыларының ірі қатысушылары туралы қысқаша деректерді;
4) білімі туралы, еңбек қызметі туралы, сотталғандығының бар-жоғы туралы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, қаржы, салық салу саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны туралы мәліметтерді қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш берушінің басшы қызметкерлері туралы қысқаша деректерді;