1) ірі қатысушының (банк холдингінің) қызмет түрлерінің сипаттамасы;
2) ірі қатысушы (банк холдингі) қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталына қатысу үлесінің мөлшері (тиесілі акцияларының саны), қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы, ірі қатысушы (банк холдингі) ірі қатысушысы (ірі акционері) болып табылатын ұйымдардың қаржылық есептілігі;
3) банктің ірі қатысушысының (банк холдингінің) ірі қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталға қатысу үлесінің мөлшері (оған тиесілі акциялардың саны), осы ұйымның қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы және қаржылық есептілігі, сондай-ақ аффилиирленген тұлғалар туралы, ірі қатысушыға бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы, банктің ірі қатысушысын бақылайтын тұлғаның еншілес және тәуелді ұйымдары туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Банкте банк холдингі болмаған жағдайда банктің ірі қатысушысы тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей қаржылық есептілікті және осы баптың 4-тармағында аталған ақпаратты табыс етуге тиіс.";
31) 55-баптағы "түрлер мен мерзімдерде" және "нысан бойынша және мерзімде" деген сөздер "мерзімдерде қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін" деген сөздермен ауыстырылсын;
32) 57-бапта:
1-1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Банк конгломераты қатысушыларының аудитін бір ғана аудиторлық ұйым жүзеге асырады.";
4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Аудиторлық ұйым аудит нәтижелерін және өз қорытындыларын банктің директорлар кеңесі мен басқармасына, банк айқындайтын қажетті жағдайда банк конгломератының құрамына кіретін басқа заңды тұлғаларға табыс етілетін есепте баяндайды.
Банктің немесе банк конгломератының құрамына кіретін басқа заңды тұлғалардың қаржылық есептілігінің және өзге ақпаратының аудиторлық есебі коммерциялық құпия болып табылмайды. Өзге ақпараттар аудиті банктің уәкілетті органның пруденциялық нормативтері мен активтерді және шартты міндеттемелерді (провизияларды қалыптастыру) жіктеу бойынша талаптарын орындауын тексеруді қамтиды.
Аудиторлық ұйымның қосымша қызмет көрсетуге арналған шарты уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
5. Банк аудиторлық есептің көшірмесін оны алғаннан кейін он күн ішінде банк конгломераты құрамына кіретін басқа заңды тұлғаларға беруге міндетті.";
6-тармақта:
бірінші абзацтағы "банк тобының" деген сөздер "банк конгломератының" деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші абзац алып тасталсын;
33) 63-баптың 1-тармағындағы "не осы Заңның 20-бабының 3-5-тармақтарында белгіленген ең төменгі талаптарға сай келетін, оның қызметкерлері болып табылмайтын адамдар" деген сөздер ", депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымдардың өкілдері, не осы Заңның 20-бабының 2-тармағында белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін өзге адамдар" деген сөздермен ауыстырылсын;
34) 65-бапта:
1-тармақтың б) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"банк органдарының өкілеттіктері тоқтатылады және оның басшы қызметкерлері жұмыстан шеттетіледі;";
2-тармақта:
е) тармақшасындағы "шығаруға құқылы." деген сөздер "шығаруға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы ж) тармақшасымен толықтырылсын:
"ж) кредитор мен борышкер бір адам болғандықтан, өзара талаптарды есепке алуға құқылы.";
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Консервациялау процесіндегі банкке қойылатын талаптар талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындаса, кредитормен өзара талаптарды есепке алуға тыйым салынады.";
35) 73-бапта:
4) тармақшадағы "салық органдарының" деген сөздер "салық қызметі органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Аралық тарату балансы бекітілгенге дейін кредитор мен борышкер бір адам болатындықтан, өзара талаптарды есепке алуға жол беріледі.
Аралық тарату балансы бекітілгеннен кейін осы кредитордың талаптарын қанағаттандырудың тиісінше кезегі келген кезде ғана өзара талаптарды есепке алу жүргізіледі.
Таратылатын банкке қойылатын талаптар талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындаса, кредитормен өзара талаптарды есепке алуды жүргізуге тыйым салынады.";
36) мынадай мазмұндағы 73-1-баппен толықтырылсын:
"73-1-бап. Мәжбүрлеп таратылатын банктің дебиторлық
берешегі, мүлкі бойынша міндеттемелерінің бір
бөлігін және талап ету құқығын бір мезгілде
басқа банкке (банктерге) беру жөніндегі операция
1. Соттың банкті мәжбүрлеп тарату жөніндегі шешімі күшіне енген күннен бастап уәкілетті органмен келісім бойынша, банктің бір жыл және одан артық өтеу мерзімімен ұзақ мерзімдік кредиттер түріндегі дебиторлық берешегі бойынша талап ету құқықтарын басқа банкке (банктерге) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік берген депозиттері бойынша банк міндеттемелері бөлігімен бір мезгілде беру жөніндегі операцияларды жүргізуге жол беріледі.
2. Мәжбүрлеп таратылатын банктің аралық тарату балансы бекітілгеннен кейін осы Заңның 74-2-бабымен белгіленген кредиторлар талаптарын қанағаттандыру кезегі сақтала отырып, оның міндеттемелері мен мүлкін бір мезгілде беру жөніндегі операцияларды жүргізуге жол беріледі.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген операцияларды жүргізу тәртібі және ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
4. Қатысушы банктің кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) беру депозиторлардың келісімімен жүзеге асырылады. Уақытша әкімшілік депозиторлардың келісімін алу мақсатында қатысушы банктің тарату комиссиясы республикалық мерзімдік баспа басылымдарында кепілдік берілген депозиттер бойынша болғалы отырған міндеттемелерді беру туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарландыруларды жариялайды. Хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде депозиторлардан жазбаша қарсылық болмауы депозитордың депозитті беруге келіскені деп қарастырылады.";
37) 74-баптың 1-тармағының үшінші бөлігі "тағайындау" деген сөзден кейін "және тарату" деген сөздермен толықтырылсын;
38) 74-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"74-2-бап. Таратылатын банк кредиторларының талаптарын
қанағаттандырудың кезектілігі
1. Таратылатын банк кредиторларының, оның ішінде оның банкроттығымен байланысты талаптары осы бапта белгіленген тәртіппен қанағаттандырылады.
2. Тарату ісін жүргізумен байланысты шығыстар, оның ішінде банктің тарату комиссиясының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі шығыстар кезектен тыс жүргізіледі.
3. Кредиторлардың белгіленген тәртіппен танылған талаптары мынадай кезектілікпен қанағаттандырылуға тиіс:
1) бірінші кезекте жеке тұлғалардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін жауап бере отырып, таратылатын банк олардың талаптарын тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру жолымен қанағаттандырады;
2) екінші кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың еңбекақысы мен өтемақысын төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым бойынша берешекті, жалақыдан ұсталған алиментті және міндетті зейнетақы жарналарын, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу бойынша есеп айырысулар жүргізіледі;
3) үшінші кезекте депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымдардың мәжбүрлеп таратылатын банкке ұсынылатын есеп айырысуға сәйкес кепілдік берілген депозиттер бойынша төленген (төленетін) өтемақы сомалары бойынша талаптары қанағаттандырылады;
4) төртінші кезекте депозиттер және ақша аударымдары бойынша жеке тұлғалардың талаптары, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері есебінен жүзеге асырылған депозиттер бойынша талаптары, "өмірді сақтандыру" саласы бойынша тартылған қаражат есебінен жүзеге асырылған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша талаптары қанағаттандырылады;
5) бесінші кезекте тек қана қайырымдылық қызметімен айналысатын коммерциялық емес ұйымдармен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұйымдарымен және оған теңестірілген адамдардың ұйымдарымен, Қазақстан Республикасы Мүгедектерінің ерікті қоғамымен, Қазақ зағиптар қоғамымен, Қазақ саңыраулар қоғамымен және осы заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын және олардың қаржысы есебінен құрылған өндірістік ұйымдармен, олардың банктік шоттарында бар және депозитке орналастырылған қаржысы бойынша басқа да мүгедектер ұйымдарымен есеп айырысулар жүзеге асырылады;
6) алтыншы кезекте таратылатын банктің мүлкін кепілге алумен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша заңды тұлғалардың талаптары қанағаттандырылады;
7) жетінші кезекте салық, алым және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ республикалық бюджеттен берілген кредиттерді қайтару жөніндегі берешектер өтеледі;
8) сегізінші кезекте басқа кредиторлармен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес есеп айырысулар жүргізіледі.
4. Әр кезектің талабы алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін орындалады.
Кредитордың талабы оның келісімімен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
Таратылатын банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі, бір кезектегі кредиторлардың талаптары қанағаттандырылған кезде, осы кезектегі кредиторлардың арасында қанағаттандырылуға тиісті талаптар сомасына бара-бар бір мезгілде бөлінеді.";
39) 74-4-баптың 1-тармағының 5) тармақшасындағы "жүгінуге құқылы." деген сөздер "жүгінуге;" деген сөзбен ауыстырылып, тармақ мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
"6) тарату шығыстары сметасын қалыптастыру мен бекітудің ерекшеліктерін және тәртібін белгілеуге;
7) тарату комиссиясының кассадағы қолма-қол ақшаны сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, кассалық құжаттарды жүргізу ережелерін орындау, қолма-қол ақшаның жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарын, касса қалдықтарының лимиттерін, сондай-ақ тарату комиссиясының ағымдағы шотына қолма-қол ақшаны өткізу мерзімдерін айқындауға құқылы.".
9. Қазақстан Республикасы Президентінің "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы заң күші бар Жарлығына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 165-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2000 ж., № 18, 336-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат):
1) актінің нысаны мен тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы";
2) кіріспе алып тасталсын;
3) бүкіл мәтін бойынша "Жарлықта", "Жарлықты", "Жарлықпен", "Жарлықтың", "Жарлық" деген сөздер тиісінше "Заңда", "Заңды", "Заңмен", "Заңның", "Заң" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 1-бап мынадай мазмұндағы 4-1) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:
"4-1) ипотекалық ұйым - қызметінің айрықша түрі осы Заңда көзделген қызмет болып табылатын заңды тұлға;";
"9) уәкілетті орган - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.";
5) 2-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
"4. Ипотекалық ұйымдарға осы Заңда көзделген банк операцияларын жүзеге асыру үшін лицензия алуға, сондай-ақ олардың қызметін реттеуге байланысты қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.";
6) мынадай мазмұндағы 1-1-тараумен толықтырылсын:
"1-1-тарау. Ипотекалық ұйым
5-1-бап. Ипотекалық ұйымды құру
1. Ипотекалық ұйым Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес акционерлік қоғам нысанында құрылады.
2. Ипотекалық ұйымның атауында "ипотекалық ұйым" деген сөздер болуға тиіс.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ипотекалық ұйым ретінде тіркелмеген заңды тұлға ипотекалық ұйым деп аталына алмайды.
3. Ипотекалық ұйым уәкілетті орган берген лицензияның негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын коммерциялық ұйым болып табылады.
5-2-бап. Ипотекалық ұйымның қызметі
1. Ипотекалық ұйым қызметінің негізгі түрі банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға уәкілетті орган берген лицензияның негізінде ипотекалық қарыз беру болып табылады.
2. Ипотекалық ұйым мынадай қосымша операцияларды:
1) сенімгерлік операцияларды: сенім білдірушінің мүддесіне орай және оның тапсырмасы бойынша ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын басқаруды;
2) факторингтік операцияларды: тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушыдан төлемеу тәуекелін қабылдай отырып, төлемді талап ету құқығын сатып алуды;
3) форфейтингтік операцияларды (форфетингтеу): тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемелерін сатушыға айналым түспейтін жолмен вексель сатып алу арқылы төлеуді;
4) лизинг қызметін жүзеге асыруға құқылы.
3. Ипотекалық ұйымға лицензия беру, оны тоқтата тұру және кері қайтарып алу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
4. Ипотекалық ұйым мынадай қызмет түрлерін:
1) осы баптың 6-тармағында көзделген шектеулерді ескере отырып, инвестициялық қызметті;
2) кез келген ақпарат тарату түрлерінде ипотекалық кредит беру мәселелері жөніндегі арнайы әдебиетті сатуды;
3) өз мүлкін сатуды;
4) кепілге салынған мүліктерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатуды;
5) өз қызметіне байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызмет көрсетуді;
6) бағалы қағаздарды, оның ішінде облигацияларды шығару мен орналастыруды;
7) ипотекалық ұйымдардың қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді іске асыруды;
8) ипотекалық кредит беру саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастыру мен жүргізуді жүзеге асыруға құқылы.
5. Ипотекалық ұйым өз қызметін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландыру көздерін пайдалануға құқылы.
6. Ипотекалық ұйымға:
1) қаржы ұйымдарының;
2) акциялары Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне листингтің ең жоғарғы санаты бойынша енгізілген, қаржылық ұйымдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың;
3) ипотекалық ұйымдардың қызметін автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алудан басқа жағдайларда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алуға тыйым салынады.
5-3-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган ипотекалық ұйымдарға қатысты мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ипотекалық ұйымдарға осы Заңда көзделген банк операцияларын жүзеге асыруға лицензиялар береді;
2) ипотекалық ұйымдардың тізілімін жүргізеді;
3) пруденциялық нормативтерді және ипотекалық ұйымдар сақтауға міндетті басқа нормалар мен лимиттерді белгілейді;
4) ипотекалық ұйымдар орындауға міндетті нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
5) ипотекалық ұйымдар есептілігінің тізбесін, нысандарын, табыс ету мерзімдері мен тәртібін белгілейді;
6) ипотекалық ұйымдардың қызметіне дербес не басқа ұйымдарды тарта отырып тексеру жүргізеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
5-4-бап. Ипотекалық ұйымдарға қолданылатын ықпал ету
шаралары және оларды қолдану негізі
1. Ипотекалық ұйымдар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда оларға осы бапта белгіленген ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. Ықпал ету шаралары деп ықпал етудің шектеулі шаралары мен санкциялар түсініледі.
2. Уәкілетті орган ықпал етудің шектеулі шаралары ретінде, ипотекалық ұйымға:
1) міндеттеме-хатты талап ету;
2) орындауға міндетті жазбаша нұсқама беру шектеулі шараларын қолдануға құқылы.
Ипотекалық ұйымның міндеттеме-хатында орын алған кемшіліктерді мойындау фактісі және ипотекалық ұйым басқармасы басшысының жоспарланған іс-шаралар тізбесін көрсете отырып, кемшіліктерді қатаң белгіленген мерзімде жоятындығы туралы кепілдігі болуға тиіс.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасы - бұл анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоюға бағытталған түзету шараларын қабылдау туралы ипотекалық ұйымға нұсқау. Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
Ипотекалық ұйым міндеттеме-хаттың немесе жазбаша нұсқаманың құжатта көрсетілген мерзімде орындалғаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
3. Ықпал етудің шектеулі шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
4. Уәкілетті орган ипотекалық ұйымға қатысты санкция ретінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл салу және оны өндіріп алу;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша лицензияны тоқтата тұру не кері қайтарып алу;
3) мынадай:
осы Заңда көзделген қызметті жүзеге асыруға байланысты міндеттемелерді тиісінше орындамау;
уәкілетті органның міндеттеме-хатын және жазбаша нұсқамасын орындамау;
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзу негіздері бойынша ипотекалық ұйым басқармасының бірінші басшысын қызметтік міндеттерін орындаудан ипотекалық ұйымның тиісті органы осы мәселені қарағанға дейін уақытша (үш айдан аспайтын мерзімге) шеттету шараларын қолдануға құқылы.
5. Уәкілетті орган бұзушылықтың сипатына қарай банк операцияларының барлық не жекелеген түрлерін жүзеге асыруға берілген лицензияны тоқтата тұрады не оны кері қайтарып алады.
Уәкілетті орган қабылданған шешім туралы ақпаратты мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.
6. Уәкілетті органның осы бапта көзделген ықпал ету шараларын ипотекалық ұйымға қолдану туралы шешіміне сотқа шағым жасауға болады.".
10. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 186-құжат; 1998 ж., № 24, 437-құжат; 1999 ж., № 8, 237-құжат; № 23, 925-құжат; 2001 ж., № 17-18, 245-құжат; № 20, 257-бап; 2002 ж., № 1, 1-құжат; № 23-24, 198-құжат; 2003 ж., № 1-2, 9-құжат; № 11, 56-құжат; № 15, 139-құжат; № 21-22, 160-құжат; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 23, 140, 142-құжаттар; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 11, 39-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 12-1), 12-2), 15-2) - 15-4), 29-1) тармақшалармен толықтырылсын:
"12-1) еншілес ұйым - өзіне қатысты басқа заңды тұлға бақылау жасайтын заңды тұлға;
12-2) капиталға қомақты қатысу - дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан да көп процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан да көп процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы;";
"15-2) бақылау - бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол:
бір тұлға басқа тұлғаның дауыс беретін акцияларының елу процентінен астамын дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін не басқа заңды тұлға акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігі болатын;
бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның директорлар кеңесі немесе басқармасы құрамының кемінде жартысын сайлау мүмкіндігі болатын;
бір заңды тұлғаның қаржы есептілігі аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржы есептілігіне қосылатын;
бір заңды тұлғаның шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде басқа заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі болатын жағдайлардың бірі болған кезде туындайды;
15-3) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын жанама иелену (дауыс беру) - ашық жинақтаушы зейнетақы қорының, ашық жинақтаушы зейнетақы қоры ірі қатысушысының немесе заңды тұлғаның акцияларын (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену арқылы ашық жинақтаушы зейнетақы қорының бірлескен ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
15-4) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес ашық жинақтаушы зейнетақы қорының дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иелене алатын (мемлекет осындай иеленуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда) немесе:
ашық жинақтаушы зейнетақы қоры акцияларының он немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беру;
ашық жинақтаушы зейнетақы қоры қабылдайтын шешімдерге шартқа орай не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие Қазақстан Республикасының резиденті - жеке тұлға немесе заңды тұлға;";
"29-1) бас ұйым - басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға;";
2) 35-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"35-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдарын,
өкілдіктерін құру, жабу
1. Жинақтаушы зейнетақы қоры қордың басқару органының шешімі негізінде уәкілетті органның келісімінсіз Қазақстан Республикасының аумағында өзінің оқшауланған бөлімшелерін - филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің филиалының және өкілдігінің әділет органдарында есептік тіркелген күнінен бастап он төрт жұмыс күні ішінде:
1) жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының және өкілдігінің есептік тіркелуі туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін;
2) тіркеген әділет органының белгісі және мөрі қойылған филиал немесе өкілдік туралы ереженің нотариат куәландырған көшірмесін;
3) филиалдың немесе өкілдіктің бірінші басшысына берілген сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесін қоса тіркей отырып, олардың ашылғаны жөнінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге міндетті.
3. Жинақтаушы зейнетақы қорының филиалы - жинақтаушы зейнетақы қорының заңды тұлға болып табылмайтын, жинақтаушы зейнетақы қоры орналасқан жерден тыс орналасқан, жинақтаушы зейнетақы қорының атынан қызметін жүзеге асыратын және жинақтаушы зейнетақы қоры берген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін оқшауланған бөлімшесі. Жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының жинақтаушы зейнетақы қорымен бірыңғай балансы, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдігі - жинақтаушы зейнетақы қорының заңды тұлға болып табылмайтын, жинақтаушы зейнетақы қоры орналасқан жерден тыс орналасқан, жинақтаушы зейнетақы қорының атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін және зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын оқшауланған бөлімшесі.
5. Қазақстан Республикасының резиденті емес жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдары мен өкілдіктерін Қазақстан Республикасында ашуға тыйым салынады.
6. Жинақтаушы зейнетақы қорының филиалдарын ашудың міндетті шарттары:
1) соңғы аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының залал шекпеген қызметі;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының филиалды ашу туралы шешім қабылдау алдындағы үш ай ішінде пруденциялық нормативтерді сақтауы;
3) филиалды әділет органдарында есептік тіркеген күннің алдындағы үш ай ішінде жинақтаушы зейнетақы қорына уәкілетті органның ықпал ету шараларын қолданбауы болып табылады.
7. Жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша залал шекпеген қызметі жағдайында жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының аумағында өкілдіктер ашуға құқылы.
8. Филиал, өкілдік туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде жинақтаушы зейнетақы қоры көрсетілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар есептік тіркелген күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге тиіс.
9. Жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің филиалын немесе өкілдігін әділет органдарында есептік тіркеуден шығарған күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының немесе өкілдігінің есептік тіркеуден шығарылғанын растайтын әділет органы құжатының нотариат куәландырған көшірмесін қоса тіркей отырып, олардың қызметінің тоқтатылғаны туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге тиіс.