Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң кейбір мәселелерi Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1119 Қаулысы
(ҚР Үкіметінің 2004.24.12. № 1377; 2005.03.06. № 559 қаулыларымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 21 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөніндегі шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi № 1449 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрiне бес вице-министрi болуына рұқсат етілсiн.
3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының кейбір шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2004 жылғы 28 қазандағы № 1119 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігi туралы
ережe
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрi Министрлiк) басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте оның құзыретіне жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
Министрлiктiң негiзгі мiндеттерi:
мемлекеттік бюджеттiң атқарылуы, кедендiк, салықтық бақылау, iшкi қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу, темекi өнiмдерiнiң, этил спирті мен алкоголь өнiмдерiнiң, мұнай өнiмдерінің жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен оның айналымын мемлекеттік реттеу, банкроттық (банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), борышкерді таратудың соттан тыс рәсiмi, дәрменсiз борышкерлерге қатысты оңалту рәсiмдерi, мемлекеттік меншiктi басқару, бухгалтерлiк есеп, қаржылық есептілік және аудит саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және iске асыруды қамтамасыз ету;
мемлекеттік бюджеттiң атқарылуы, бюджеттік есепке алу, кедендiк, салықтық бақылау, iшкi қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу, темекi өнiмдерiнің, этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң, мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен оның айналымын мемлекеттік реттеу, банкроттық (банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), борышкердi таратудың соттан тыс рәсiмi, мемлекеттік меншікті басқару, дәрменсiз борышкерлерге қатысты оңалту рәсiмдерi, бухгалтерлiк есеп, қаржылық есептілiк және аудит саласындағы салааралық үйлестiру мен әдiстемелiк басшылық жасау болып табылады.
2. Министрлiктiң мынадай ведомстволары бар: Қазынашылық комитеті, Кедендiк бақылау комитетi, Салық комитетi, Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетi, Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитеті, Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi.
3. Министрлiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Yкіметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесімдеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Министрлiк мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Министрлiктiң қазынашылық органдарында шоттары және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де шоттары болады.
Министрлiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Министрлiктiң, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкiлетті болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
5. Министрлiктiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
6. Министрлiктiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Жеңiс даңғылы, 33.
7. Министрлiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі" мемлекеттік мекемесi.
8. Осы Ереже Министрлiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
9. Министрлiктiң қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен ғана жүзеге асырылады.
Министрлiкке өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Министрлiкке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген болса, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Министрлiктiң функциялары мен құқықтары
10. Министрлiк заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) мемлекеттік саясатты қалыптастыруды қамтамасыз ететiн стратегиялық функцияларды:
тиiсті қаржы жылына арналған республикалық бюджет, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзiрлеуге, сондай-ақ тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзiрлеуге қатысуды;
мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды, Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарларын және Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарларын, негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштердi әзiрлеуге қатысуды;
бюджетке түсiмдердi болжауға және мемлекеттік бюджетке кiрiс түсiмдерi саласында мемлекеттік саясат мақсаттары мен басымдықтарын анықтауға қатысуды;
заңнама қолдану практикасына талдауды, оны жетілдiру жөніндегі ұсыныстарды дайындауды, өз құзыретi шегiнде нормативтік құқықтық кесiмдердің жобаларын әзiрлеудi және дайындауды (немесе қабылдауды);
өз құзыретi шегiнде мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруды қамтамасыз етудi;
2) мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететін функцияларды: республикалық бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етудi және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына қызмет көрсетудi;
түсiмдердiң жиынтық жоспарын бекіту мен оған өзгерістер енгізiлуiн және республикалық бюджеттi қаржыландыруды қамтамасыз етудi;
Қазақстан Республикасы Үкіметінен қарыз алуды, пайдалануды, тiркеудi, өтеудi және қызмет көрсетудi, бағалы қағаздарды ұйымдастыру рыногiне олар шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен сатудың жүзеге асырылуын, сондай-ақ мемлекет кепілдiк берген мемлекеттік емес қарыздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi;
ұтымды үкiметтiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алуды, сондай-ақ мемлекеттік борыштың басқарылуын қамтамасыз етудi;
келiссөздер жүргiзудi, Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыздарының шарттарына қол қоюды, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын шығаруды, мемлекеттік емес қарыздары бойынша мемлекеттік кепiлдiктер берудi ұйымдастыруды;
мемлекеттік кепiлдiктермен тартылған үкiметтік қарыздар, мемлекеттік емес қарыздардың және жергiлiктi атқарушы органдар қарыздарының шарттарына қаржылық сараптама жүргiзудi;
республикалық бюджетте көзделген және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерiне сәйкес инвестициялық жобаларға, мемлекеттік бағдарламаларға және өзге де iс-шараларға кредит берудi;
үкіметтiк сыртқы қарыздар туралы келісімдердi бекітуге қажеттi құжаттарды дайындауды;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiмен келісім бойынша конкурстық негiзде үкiметтік қарыздарға мемлекет кепiлдiк берген мемлекеттік емес қарыздарға және кейіннен үкiметтік қарыз алуға байланысты гранттарға қызмет көрсету үшiн екiншi деңгейдегi банктердi, бастапқы дилерлердi, лид-менеджерлердi және мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жөніндегі басқа да әрiптестердi iрiктеудi;
уәкiлеттi банк-агенттермен бiрлесіп республикалық бюджеттен оқшауландырылған қаражатты өндiрiп алу жөнiнде түпкi қарыз алушылармен жұмыстарды ұйымдастыруды және жүргiзудi;
түпкі қарыз алушылар мен екiншi деңгейдегi банктердiң үкiметтік қарыздардың қаражатын және Қазақстан Республикасы Үкiметінің бiрлесiп қаржыландыру үлесiн республикалық бюджетке қайтару туралы iшкi кредит келісімдердiң жобаларын дайындауды;
республикалық бюджет қаражаты есебiнен бюджеттік кредиттердiң берiлуiн, қызмет көрсетілуiн және мақсатты пайдаланылуын бақылауды, олардың есебiн, мониторингі мен қайтарылуын қамтамасыз етудi;
республикалық бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттік бағдарламалардың тиiмділігiн бағалауды;
бюджеттiң атқарылуы жөнiндегі есептіліктi жасауды, сондай-ақ мемлекеттік қаржы және меншiк бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптасуы және пайдаланылуы туралы статистикалық есептердi жасауды;
бюджет есебiнiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етудi;
бюджет жүйесiнде бюджеттік және бухгалтерлiк есеп пен есептiлiктi дамытуды және жетілдiрудi;
қаржылық бақылау мәселелерi бойынша есептілiк нысандарын, оны жасау мен берудiң тәртібін әзiрлеудi;
бухгалтерлiк есеп пен аудит саласындағы, оның iшiнде өз құзыретi шегінде аудиторлық қызметтi лицензиялау саласындағы функцияларды орындауды;
мемлекеттік сатып алу процесiн үйлестiрудi және мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiн, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз етудi;
салықтар, алымдар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсiмдерiн және бюджетке түсетiн өзге де түсiмдердi, мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және уақытылы аударылуын, шикiзат секторы ұйымдарынан бюджетке түсетiн түсiмдер бөлiгiнiң Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорына аударылуын қамтамасыз етудi;
этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң, темекi өнiмдерiнiң, мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен айналымының мемлекеттік реттелуiн және салықтық бақылауды қамтамасыз етудi;
республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы жөнiндегі есеп пен есептіліктің атқарылуы, жүргізiлуi, олардың атқарылуына баға беру, гранттардың, мемлекет активтерiнiң, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердiң иелігінде қалған тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатудан түскен ақшаның пайдаланылуы бөлiгiнде мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес келуiн тексерудi қамтамасыз етудi;
республикалық бюджеттiң түсiмдерi мен оны қаржыландырудың жиынтық жоспарларын бекіту және оларға өзгерістер енгізу, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне рұқсаттар беру, мемлекеттік мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн тiркеу, мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелерi бойынша төлемдердi жүзеге асыру жөнiндегі жұмыстарды ұйымдастыруды;
республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердi қаржыландыру жоспарларын жасаудың дұрыстығын мемлекеттік бақылауды және бекiтілуiн қамтамасыз етудi;
Қазақстан Республикасында кеден iсінің басшылығын жүзеге асыруды және Қазақстан Республикасының кеден және орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз етудi;
банкроттық рәсiмдердiң жүргiзiлуiн (банктерді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда) мемлекеттік бақылауды, соттан тыс рәсiмде дәрменсiз борышкердi таратуды, сондай-ақ дәрменсiз борышкерлерге қатысты оңалту рәсiмдерiн қолдану жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етудi;
мемлекеттік меншіктi басқару және жекешелендiру жүйесiн ұйымдастыруды;
мемлекеттік кiрiстер бойынша мемлекеттік есептілік алымының нысандары мен әдiстерiн жетiлдiрудi;
өз құзыретi шегiнде жұмылдыру жұмыстары мен мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етудi;
Министрлiк ведомстволарының мiндеттерi мен функцияларының орындалуын үйлестіру мен қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
11. Министрлiктiң:
мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан және жеке тұлғалардан Министрлiкке жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажеттi ақпараттарды сұратуға және алуға;
өз құзыретi шегінде барлық мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың және жеке тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық кесiмдердi шығаруға;
Министрлiктiң қарамағындағы комитеттер мен мемлекеттік ұйымдардың бұйрықтарын, өзге де кесiмдердi жоюға немесе тоқтата тұруға;
акционерлік қоғамдардағы мемлекеттік үлеске және республикалық меншiктегi басқа да мүлiкке иелік етуге, пайдалануға, сондай-ақ заңнамалық кесiмдермен және Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілеген жағдайларда билiк етуге;
Министрлiктiң қарамағындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыруға;
бюджеттік заңнамада көзделген жағдайларда бюджет қаражаттарын қайтарып алуды және қаржыландыруды тоқтата тұруды қамтамасыз етуге;
жергілікті атқарушы органдардан облыстың, Астана және Алматы қалаларының бекiтілген бюджетi туралы жиынтық деректер мен олардың атқарылуы туралы ай сайынғы есептердi, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерден - шығыстар сметаларының атқарылуы туралы ай сайынғы есептердi алуға;
республикалық және жергілікті бюджеттердiң атқарылуы туралы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамаларының талаптарының бұзылу себептерiне баға, сондай-ақ бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) тиiмділiгi мен орындылығына баға беруге;
Министрлiктiң құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Министрлiктiң мүлкі
12. Министрлiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Министрлiктiң мүлкi өзiне мемлекет берген мүлiктiң, сондай-ақ құны Министрлiктiң теңгерiмiнде көрсетілетiн өзге де мүлiктiң есебiнен қалыптасады.
13. Министрлiкке бекiтілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
14. Министрлiктiң өзiне бекітілген мүлiктi және егер заңнамалық кесiмде өзгеше белгiленбесе, оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлiнген қаражаттың есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетінше иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
4. Министрлiктiң қызметiн ұйымдастыру
15. Министрлiк пен олардың аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда оның ведомстволары Министрлiктiң бiрыңғай жүйесiн құрайды.
16. Министрдi Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Министрдiң орынбасары (орынбасарлары (вице-министрлері) болады. Министрдiң орынбасарларын қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды Министрдiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
17. Министр Министрлiктiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Министрлiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауап бередi.
18. Министр осы мақсаттарда:
өзiнiң орынбасарлары мен Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттіктерiн айқындайды;
заңнамаға және Қазақстан Республикасы Қаржы министрi бекiтетiн Министрлiк жүйесiнiң органдары қызметкерлерiнiң лауазымдар номенклатурасына сәйкес салық және кеден органдарын қоспағанда, оның ведомстволары аумақтық органдарының басшыларын қоса алғанда Министрлiктiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
заңнамада белгiленген тәртiппен Министрлiктiң қызметкерлерiне тәртiптiк жаза қолданады;
Министрдiң бұйрықтарына қол қояды;
өз құзыретi шегiнде Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiткен штат саны лимитiнің шегiнде Министрлiктің құрылымы мен штат санын бекiтедi;
қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Министрлiктi бiлдiредi;
Қазақстан Республикасының Президентiне кеден органдары қызметкерлерiне жоғары басқарушы құрамның арнайы атақтарын беру туралы ұсыным енгiзедi.
19. Министрлiк қабылдаған шешiмдер Министрдiң немесе оны ауыстыратын тұлғаның бұйрықтарымен ресiмделедi.
20. Министрлiктiң консультативтiк-кеңесшi орган болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және жеке құрамын Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының қатарынан Министр бекiтедi.
21. Министрлiктiң қызметiн ұйымдастырудағы өзге де мәселелер, лауазымды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi, оның қызметiн қамтамасыз ететiн құрылымдық бөлiмшелердiң құзыретi мен өкілеттігі Министрлiктiң жұмыс регламентiмен және белгіленген тәртiппен бекітілетiн құрылымдық бөлiмшелер туралы ережелермен белгiленедi.
5. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату
22. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2004 жылғы 28 қазандағы № 1119 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2004.24.12. № 1377; 2005.03.06. № 559 қаулыларымен тізбе толықтырылды
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң
қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi
"Медетші қор" акционерлік қоғамы
"Қызмет" акционерлік қоғамы
"Қазақстанның тұрғын үй акционерлік қоғамы
құрылыс жинақ банкi"
"Қаржы жүйесiн республикалық мемлекеттік
ақпараттандыру орталығы" кәсiпорыны
"Мемлекеттік аннуитеттік компания"
өмiрдi сақтандыру компаниясы" акционерлік қоғамы
"Қазақстан ипотекалық компаниясы" акционерлік қоғамы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2004 жылғы 28 қазандағы № 1119 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң күшi жойылған
кейбір шешiмдерiнiң тiзбесi
1. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 6 наурыздағы № 207 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 8, 59-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 9 сәуірдегі № 392 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 12, 118-құжат).
3. "Жергілiктi қаржы органдары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 6 шiлдедегi № 934 қаулысының 3-тармағы.
4. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Бас есептеу орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнын қайта атау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 9 шiлдедегi № 951 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 34, 303-құжат) бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзілетін өзгерістердiң 2-тармағы.
5. "Есеп" республикалық мемлекеттік кәсiпорнын жекешелендiру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 23 шiлдедегi № 1046 қаулысының 3-тармағының 2) тармақшасы.
6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 2 тамыздағы № 1093 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 40, 343-құжат) бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзілетiн өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы.
7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қыркүйектегi № 1301 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 45, 403-құжат) бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзілетiн өзгерістердiң 3-тармағы.
8. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 11 қаңтардағы № 48 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 2, 20-құжат).
9. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 6 наурыздағы № 207 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 21 желтоқсандағы № 1880 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 55, 609-құжат).
10. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетiнiң кейбір мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 15 қазандағы № 1127 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 35. 376-құжат) 6-тармағының 1) тармақшасы.
11. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң "Медетшi қор" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 23 тамыздағы № 1101 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 30, 392-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы.
12. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң кейбір мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 3 қыркүйектегi № 962 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., № 29, 322-құжат) 1-тармағы.
13. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 3 қыркүйектегi № 962 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 7 ақпандағы № 144 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 7, 72-құжат).
14. "Қазақстанның Инвестициялық қоры" акционерлік қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 30 мамырдағы № 501 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 23-24, 222-құжат) 5-тармағының 1) тармақшасы.
15. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 30 қыркүйектегі № 1004 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 39, 414-құжат) 1-тармағының 1) тармақшасы.
16. "Қазақстан Эксимбанкi" ашық акционерлік қоғамының және "Медетші қор" жабық акционерлік қоғамы қызметiнiң кейбір мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 1267 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 46, 522-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы.
17. "Инвестициялық компания: Қазақстанның Инвестициялық Қоры", "Қазақстанның Даму Банкi", "Ұлттық инновациялық қор" акционерлік қоғамдарының кейбір мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 22 қаңтардағы № 68 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 2, 34-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы.
18. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетiнiң аумақтық органдары - мемлекеттік мекемелерiн қайта атау, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 24 маусымдағы № 695 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 25, 328-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 3 және 12-тармақтары.
19. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне және Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 3 тамыздағы № 825 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 29, 383-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы.