2. Адамдар тобымен немесе бірнеше рет жасалған, немесе күш көрсетумен не оны қолданамын деп қорқытумен ұштасқан, сол сияқты өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып, адам не қоғамдық бірлестiктiң жетекшiсi жасаған нақ сол iс-әрекеттер -
бес жүзден үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бір жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бір лауазымдарды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан iс-әрекеттер -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi лауазымдарды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5-тарау. Мемлекеттің конституциялық
құрылысына және қауiпсіздiгiне қарсы қылмыстар
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына 165-бап өзгертілді
165-бап. Мемлекеттік опасыздық
Мемлекеттік опасыздық, яғни соғыс уақытында немесе қарулы жанжал кезiнде жау жағына өтiп кетуден, сол сияқты шпиондық жасаудан, мемлекеттік құпияларды жатқа беруден не Қазақстан Республикасына қарсы дұшпандық әрекет жүргiзуден, шетелдiк мемлекетке, шетелдiк ұйымға немесе олардың өкiлдерiне өзге де көмек көрсетуден көрiнген, Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсіздiгi мен егемендiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында жасаған қасақана әрекет -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында ауырлататын мән-жайлар кезiнде - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына немесе мүлкi тәркiленiп немесе онсыз өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта, сол сияқты осы Кодекстiң 166 және 168-баптарында көзделген қылмыстарды жасаған адам, егер ол мемлекеттік органдарға ерiктi және дер кезiнде хабарлауымен немесе өзгеше жолмен Қазақстан Республикасының мүдделерiне залал келтiрудi болдырмауға жәрдемдессе және оның iс-әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 166-бап өзгертілді
166-бап. Шпионаж
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтердi шетелдiк мемлекетке, шетелдiк ұйымға немесе олардың өкiлдерiне беру, сол сияқты оларға беру мақсатында жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдiк барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәлiметтердi Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсіздiгi мен егемендiгiне зиян келтiре отырып пайдалану үшiн беру немесе жинау, егер осы әрекеттердi шетелдiк азамат немесе азаматтығы жоқ адам жасаса -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 19.02.02 ж. № 295-II Заңына сәйкес 167-бап жаңа редакцияда
167-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне
қастандық жасау
Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне оның мемлекеттік қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасау, -
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 168-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
168-бап. Билiктi күшпен басып алу немесе билiктi күшпен ұстап тұру не Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдары мен лауазымды адамдарының құзырына кiретiн өкiлеттiктердi шет мемлекет немесе шетелдiк ұйым өкiлдерiнiң жүзеге асыруы
1. Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзып, билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған, сол сияқты Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекеттер, -
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасының, оның уәкiлеттi органдарының немесе лауазымды адамдарының құзырындағы өкiлеттiктердi шет мемлекет немесе шетелдiк ұйым өкiлдерiнiң жүзеге асыруы, -
бір мың айлық есептiк көрсеткiштен бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айдан бір жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
169-бап. Қарулы бүлiк
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын құлату немесе күштеп өзгерту не Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу мақсатында қарулы бүлiк ұйымдастыру не оған белсендi түрде қатысу -
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 19.02.02 ж. № 295-II Заңына сәйкес 170-бап өзгертілді
170-бап. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын
күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық
тұтастығын күшпен бұзуға шақыру
1. Өкiметтi күштеп басып алуға, өкiметтi күштеп ұстауға, мемлекет қауiпсіздiгiне нұқсан келтiруге немесе конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын және оның аумағының бірлiгiн күштеп бұзуға жария түрде үндеу, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта тарату -
үш жүзден бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып немесе ұйымдасқан топпен жасалған, сол сияқты бұрын осы бап бойынша сотталған адам жасаған нақ сол әрекеттер -
бір мыңнан бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айдан бір жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
171-бап. Диверсия
Қазақстан Республикасының қауiпсіздiгi мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiру мақсатында адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтiруге, кәсiпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектілерін қиратуға, немесе зақымдауға бағытталған жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге iс-әрекеттер жасау, сол сияқты осы мақсатта жаппай улау немесе эпидемиялар мен эпизоотиялар тарату -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 172-бап жаңа редакцияда
172-бап. Мемлекеттік құпияларды заңсыз алу, жария ету
1. Құжаттарды ұрлау, мемлекеттік құпияларды бiлетiн адамдарды немесе олардың жақындарын сатып алу немесе қорқыту, байланыс құралдары арқылы қолға түсiру, компьютерлiк жүйеге немесе желiге заңсыз кіру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану жолымен, сол сияқты өзге де заңсыз әдiспен мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтер жинау мемлекетке опасыздық немесе шпиондық белгiлерi болмаған жағдайда -
төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға немесе белгiлi бір лауазымдарда болу немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамның өзiне сенiп тапсырылған немесе қызмет немесе жұмыс бабымен мәлiм болған мемлекеттік құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуi, мемлекетке опасыздық белгiлерi болмаған жағдайда -
үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бір лауазымдарда болу немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Адамның өзiне сенiп тапсырылған немесе қызмет немесе жұмыс бабымен мәлiм болған қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуi, егер бұл ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса, мемлекетке опасыздық белгiлерi болмаған жағдайда -
екi жүзден бес жүзге дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бір лауазымда болу немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
үш жылға дейiнгi мерзiмде белгiлi бір лауазымда болу немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 173-бап жаңа редакцияда
173-бап. Мемлекеттік құпиялары бар құжаттарды, заттарды жоғалту
1. Адамның өзiне қызмет немесе жұмыс бабымен сенiп тапсырылған мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәлiметтер мемлекеттік құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса,-
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бір лауазымда болу немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамның өзiне қызмет немесе жұмыс бабымен сенiп тапсырылған қызметтiк құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәлiметтер қызметтiк құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы, егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса, -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не бір жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi айға дейiнгi мерзiмге қамауға алуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бір лауазымда болу немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
174-бап. Жұмылдыруға шақырудан жалтару
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен құрамалары қатарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында жасалған нақ сол әрекет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн толықтыру үшiн одан әрi шақырудан жалтару -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
6-тарау. Меншiкке қарсы қылмыстар
05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 175-бап өзгертілді
175-бап. Ұрлық
1. Ұрлық, яғни бөтен мүлiктi жасырын ұрлау -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiн бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық не қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту.
1. Осы Кодекстiң баптарында ұрлық деп пайдакүнемдiк мақсатта бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.
2. Осы тараудың баптарында iрi мөлшер немесе iрi залал деп қылмыс жасалу сәтiне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген айлық есептi көрсеткiштен бес жүз есе асып түсетiн мүлiктiң құны мен залалдың мөлшерi танылады.
3. Осы Кодекстiң 175-181-баптарында бірнеше рет жасалған қылмыс деп осы баптарда, сондай-ақ осы Кодекстiң 248, 255, 260-баптарында көзделген бір немесе одан да көп қылмыстардан кейiн жасалған қылмыс танылады.
4. Осы тараудың баптарында, сондай-ақ осы Кодекстiң басқа баптарында ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын сотталған адам деп осы Кодекстiң 175-181, 248, 255, 260-баптарында көзделген бір немесе бірнеше қылмыс үшiн сотталған адам танылады.
5. Меншiк құқығында ұйымға тиесiлi немесе оның қарамағындағы бөтен біреудiң мүлкiн ұрлау, алаяқтық жасау, иемденiп алу немесе ысырап ету жолымен жасалған ұсақ-түйек ұрлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Оны жасауға кiнәлi адам заңға сәйкес әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Егер ұрланған мүлiктiң құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын болса, ұрлық ұсақ-түйек ұрлау деп танылады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 25.09.03 ж. № 484-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 176-бап өзгертілді
176-бап. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу
немесе ысырап ету
1. Иеленiп алу немесе ысырап ету, яғни кiнәлi адамға сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ұрлау -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған нақ сол әрекеттер -
бес жүзден бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бір жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз белгiлi бір лауазымдарды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi, егер оларды:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған болса -
г) мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адам не оған теңестiрiлген адам, егер оларды өзiнiң қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса-
мүлкi тәркiленiп және үш жылға дейiнгi, ал г) тармағында көзделген жағдайларда - жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бір лауазымдарды атқару немесе белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 177-бап өзгертілді
177-бап. Алаяқтық
1. Алаяқтық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық -
жетi жүзден бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бір жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған алаяқтық, -
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
178-бап. Тонау
1. Тонау, яғни бөтен мүлiктi ашық ұрлау -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) жәбірленушiнiң өмiрi мен денсаулығына қауiптi емес күш қолданумен, не осындай күш қолданамын деп қорқыту арқылы;
б) бірнеше рет;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
г) тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған тонау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған тонау -
мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 179-бап өзгертілді
179-бап. Қарақшылық
1. Қарақшылық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмiрi мен денсаулығына қауiптi күш көрсетумен немесе тiкелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған;
г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданумен жасалған;
д) денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен жасалған қарақшылық -
мүлкi тәркiленiп бес жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен, абайсызда жәбірленушiнiң өлiмiне әкеп соққан;
в) мүлiктi iрi мөлшерде ұрлау мақсатында;
г) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қарақшылық -
мүлкi тәркiленiп сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
180-бап. Ерекше құнды заттарды ұрлау
1. Ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттарды ұрлау, ұрлықтың жасалу тәсiлiне қарамастан -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттi:
а) адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ұйымдасқан топ жасаса;
б) бірнеше рет жасалса;
в) осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған заттардың немесе құжаттардың жойылуына, бұзылуына немесе бүлiнуiне әкеп соқса -
мүлкi тәркiленiп сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
181-бап. Қорқытып алушылық
1. Қорқытып алушылық, яғни бөтен мүлiктi немесе мүлiкке құқықты берудi немесе күш қолданумен не бөтен мүлiктi жоюмен немесе бүлдiрумен қорқыту арқылы мүлiктiк сипаттағы басқа да iс-әрекеттер жасауды талап ету, сол сияқты жәбірленушiнi немесе оның туыстарын масқаралайтын мәлiметтердi таратумен не жәбірленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялау -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға,не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға немесе онсыз төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай жолмен:
а) күш қолдану;
б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
в) бірнеше рет жасалған қорқытып алу -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай жолмен:
а) ұйымдасқан топ;
б) жәбірленушiнiң денсаулығына ауыр зардап келтiру;
в) iрi мөлшерде мүлiк алу мақсатында;
г) ұрлық немесе қорқытып алу үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қорқытып алу -
мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұрынғы ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 182-бап өзгертілді
182-бап. Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүлiктiк залал келтiру
1. Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен меншiк иесiне немесе өзге мүлiк иеленушiге ұрлық белгiлерiнсіз мүлiктiк залал келтiру -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттi:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бірнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасау -
төрт жүзден сегiз жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның төрт айдан сегiз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
а) ұйымдасқан топ жасаған;
б) iрi зиян келтiрген әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 183-бап өзгертілді
183-бап. Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi сатып алу немесе сату
1. Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi алдын ала уәделеспей сатып алу немесе сату -
елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бір айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не мүлкi тәркiленiп немесе онсыз алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) автомобиль немесе iрi мөлшердегi өзге мүлiк жөнiнде;
б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасаса;
в) ұрлық, қорқытып алу, көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi сатып алғаны немесе сатқаны үшiн бұрын сотталған адам жасаса;
г) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiне, сондай-ақ аулауға толық тыйым салынған жануарларға, не олардан алынатын өнiмдерге қатысты жасалса, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салып немесе мүлкi тәркiленiп немесе онсыз төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген ұйымдасқан топ немесе адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 184-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
184-бап. Интеллектуалдық меншiк құқықтарын бұзу
1. Авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектілерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ өнер табысты, пайдалы үлгiнi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi заңсыз пайдалану, ғылыми жаңалықтың, өнертабыстың, пайдалы үлгiнiң немесе өнеркәсiптiк үлгiнiң мәнiн олар туралы мәлiметтердi ресми жариялағанға дейiн автордың немесе жариялаушының келісімiнсіз жұртқа жаю, сол сияқты авторлықты иеленiп алу немесе қосарлас авторлыққа мәжбүр ету, егер осы әрекеттер пайда келтiру мақсатымен жасалып, iрi зиян келтiрсе, -