5. Мемлекеттік органдардың Үкiмет қаулылары мен
Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын дайындау
және ресiмдеу тәртібі
22. Мемлекеттік органдар Үкiмет қаулыларының жобаларын дайындауды Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Президент кесiмдерiнiң және өзге де нормативтік құқықтық кесiмдердiң негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырады.
Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын дайындау әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке сипаттағы мәселелердi шешу үшiн жүзеге асырылады.
Орталық атқарушы органдар арасында қағидатты және еңсерiлмес келiспеушiлiктер болған кезде келісілген шешiмдер қабылдауды, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестiрудi талап ететiн мәселелер Үкiметтiң мәжілістерiнде не Премьер-Министрде, оның орынбасарларында немесе Кеңсе Басшысында өтетiн кеңестерде қаралуы мүмкін.
23. Үкiмет қаулыларының және Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын (бұдан әрi - жобалар) дайындауды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы", "Тiл туралы" Заңдарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесiнде iс жүргiзу жөнiндегі нұсқаулықтың, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 22 шiлдедегi № 678 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары мен Премьер-Министрi өкiмдерiнiң жобаларын дайындаудың және келiсудiң тәртiптерi мен оларды ресiмдеудiң ережелерi (заңдық техникасы) туралы нұсқаулықтың және осы Регламенттiң талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік және орыс тiлдерiнде жүзеге асырады. Мемлекеттік тiлде дайындалған жобаларда тiзiмдер мен тiзбелер болған кезде олар қазақ әлiпбиiне сәйкес жасалады.
Жобаны әзiрлеудi жүзеге асырушы мемлекеттік органның бірiншi басшысы оның Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясына және Үкiмет Бағдарламасына сәйкес болуы, жобаның уақтылы, сапалы әзiрленуi және белгiленген мерзiмдерде Үкіметке ұсынылуы, жобаның мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі мәтiндерiнің дәлме-дәл болуы үшiн дербес жауап бередi.
24. Ведомстволардың санын, министрлiктердiң, агенттіктер мен ведомстволардың, олардың басшы лауазымды адамдарының штат санын өзгертудi (арттыруды немесе қысқартуды) көздейтiн жобаны дайындауды мемлекеттік орган мұндай өзгертуге Мемлекет басшысының немесе оның өкiлеттiк беруiмен Президент Әкiмшілiгінiң жазбаша келісімi болған кезде ғана жүзеге асырады.
Үкіметтің экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң экспорты, импорты және транзитi мәселелерi жөніндегі қаулыларының жобаларын дайындауды Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік комиссиясының жұмыс органы жүзеге асырады. Көрсетілген қаулылар жобаларын келісу мен енгізу мәселелерi осы Мемлекеттік комиссия туралы ережемен айқындалады.
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыштық аппараттарды ұшыру мен зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары жөніндегі Үкiметтiң қаулылары жобаларын келiсу және енгізу мәселелерi Yкімет бекітетiн тиiсті нұсқаулықпен айқындалады.
Үкiметтің кадр мәселелерi жөніндегі қаулыларының жобаларын дайындауды Үкiмет белгілеген тәртiппен Кеңсе жүзеге асырады.
25. Жобаны әзiрлеушi, егер оны қабылдағаннан кейiн мұндай қажеттілiк туындаса, жобада сонымен бір мезгілде Үкіметтiң және/немесе Премьер-Министрдiң бұрын қабылдаған шешiмдерiн жобаға сәйкес келтiру жөнiндегі нормаларды көздейдi.
26. Әзiрлеушi Кеңсе Басшысы белгіленген нысан бойынша мынадай негiзгi мәлiметтердi қамтуы тиiс түсiндiрме жазбаны жобаға мiндеттi түрде қоса бередi:
1) жобаны қабылдауға негiздеме (тиiстi нормативтік құқықтық кесімдерге сілтеме және/немесе оны қабылдау қажеттігiнiң басқа да негіздемелерi);
2) жоба бойынша қаржылық шығындардың қажеттілiгi және оның қаржылық қамтамасыз етілуi;
3) жоба қабылданған жағдайдағы болжамды салдарлар;
4) нақты мақсаттары мен күтілетін нәтижелердiң мерзiмдерi;
5) жобада қаралатын мәселелер бойынша бұдан бұрын қабылданған Президенттiң және/немесе Үкіметтің кесiмдерi және оларды iске асыру нәтижелерi туралы мәлiметтер;
6) енгізілетiн жоба қабылданған жағдайда оған қолданыстағы заңнаманы сәйкес келтiру қажеттілiгi (басқа нормативтiк құқықтық кесiмдер қабылдау немесе қолданыстағы кесiмдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу талап етiлетiндiгi көрсетiлсiн) не мұндай қажеттіліктiң болмауы;
7) жобада көрсетiлген мәселелер құзыретiне енетiн мүдделi мемлекеттік орган басшысы бұрыштамасының болмау себебi (мұндай факт болған кезде).
Жобалардың, сондай-ақ оларға қосымшалардың әрбір парағына әзiрлеушi мемлекеттік органның бірiншi басшысы не оның мiндетiн атқарушы адам алдын ала қол қояды.
Қаулы жобасында халықаралық шарттарға немесе өзге де құжаттарға (заңнамалық кесiмдерден, Президент, Үкiмет және Премьер-Министр кесiмдерiнен басқа) сiлтемелер болған кезде әзiрлеушi тиiсiнше Сыртқы iстер министрлігі немесе жобаны әзiрлеушi куәландырған мемлекеттік, орыс және өзге де қол қойылған тiлдердегi (мәтiндiк алшақтықтар кезiнде басымдыққа ие) осы құжаттардың көшiрмелерiн мiндеттi түрде жобаға қоса бередi.
27. Жобалар мiндеттi түрде:
1) құзыретiне қарай мүдделi орталық атқарушы органдармен (министрлiктермен, агенттiктермен) келісіледi, бұл ретте жобаны келісудегі мұндай мүдделiлік жобада қаралатын мәселелердiң мәнісі негiзге алына отырып, белгiленедi;
2) экономикалық орындылығы және мемлекеттік әлеуметтiк-экономикалық саясаттың негiзгi бағыттарына жобаның сәйкес келуiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау шеңберiнде - жобаның қаржылық қамтамасыз етілуi, мемлекеттік кiрiстердiң ықтимал қысқартылуы және мемлекеттік шығыстардың арттырылуы мәселелерi бойынша - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен келісіледi;
3) жобаның Үкiметтiң құзыретiне сәйкестiгi мәнiнде заңдық сараптама жүргiзу және оның Қазақстан Республикасының Конституциясына заңнамалық кесiмдерiне, Президентінің, Үкiмет пен Премьер-Министрдiң кесiмдерiне сәйкестiгiн қамтамасыз ету мақсатында Әдiлет министрлігімен келісіледi.
Келiсушi мемлекеттік органдарға оларда осы органдардың тiкелей құзыретiне немесе жобалардың мәтiндерiне қатысты емес ескертулер болған кезде жобаларды "ескертулермен" келiсуге (бұрыштама соғуға) тыйым салынады.
Оларды қабылдау экологиялық, соның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке қоршаған ортаны қорғауға қауiп төндiруi мүмкiн зардаптар болжанып отырған жобалар мiндеттi экологиялық сараптауға жатады. Жобаны әзiрлеушi оны дайындағаннан кейiн және мүдделi мемлекеттік органдармен келiсуге дейiн нәтижелерi жобаға қоса берiлетiн жобаны экологиялық сараптамадан өткізудi қамтамасыз етедi.
28. Халықаралық ұйымдарға кіру және олардан шығу, халықаралық шарттарға қосылу мәселелерi жөнiндегі жобалар Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі сарапшылық кеңесiнде (бұдан әрi - Сарапшылық кеңес) алдын ала қаралуға жатады. Сарапшылық кеңестiң шешiмi тиiстi жобамен бірге Үкiметке ұсынылады.
Осы жобалар, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Әдiлет министрлігінде құқықтық сараптамадан өткізуге жататын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшiн жою мәселелерi жөніндегі жобалар мүдделi мемлекеттік органдармен алдын ала келісілуi тиiс, ал құқықтық сараптамадан өткендерi Сыртқы iстер министрлігінде келiсуге жатады.
Көрсетiлген жобаларға:
1) тиiстi шет ел мемлекетiмен (мемлекеттерiмен) немесе халықаралық ұйыммен келісілген, әзiрлеушi органның бірiншi басшысы алдын ала қол қойған халықаралық шарттың жобасы не Сыртқы iстер министрлігі куәландырған, оған сәйкес Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымға кіруi немесе одан шығуы не Қазақстан Республикасының шартқа қосылуы жоспарланып отырған көп жақты халықаралық шарттың мемлекеттік, орыс және қол қойылған өзге де тiлдегi (мәтiндiк алшақтықтар кезiнде басымдыққа ие) мәтiнi;
2) оның құзыретiне жататын жобалар бойынша Сарапшылық кеңестің шешiмi;
3) Сыртқы iстер министрлігі куәландырған халықаралық шарттар және оларға жобада сiлтемелер бар жобаны әзiрлеушi куәландырған халықаралық сипаттағы өзге де құжаттар қоса берiледi.
29. Премьер-Министр не оның тапсырмасы бойынша Кеңсе Басшысы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмау және оларды жою үшiн Үкiметтiң резервiнен шұғыл қаражат бөлу мәселелерi бойынша Премьер-Министр өкімдерiнiң жобаларын, Үкiмет қаулыларының жобаларын келiсудiң өзге де рәсімін айқындауы мүмкін.
30. Жобаны әзiрлеушi мемлекеттік орган, сонымен бір мезгілде осы Регламенттiң 27-тармағында көрсетiлген барлық мемлекеттік органдарға жобаның, оған түсiндiрме жазбаның және басқа да қажеттi құжаттардың көшiрмелерiн келiсуге жiбередi.
Жобаның көшiрмесiн келiсуге алған кезде мемлекеттік органдар оған басқа да мемлекеттік органдардың алдын ала бұрыштама соғуын талап етпеуi әрi желеу себеппен және өзге де негiзсiз себептер бойынша жобаны келiсуден бас тартпауы тиiс.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. № 635 қаулысымен 31-тармақ өзгертілді
31. Жобаларды мемлекеттік органдарда келiсу олардың түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмдерден аспауы тиiс:
1) осы Регламенттiң 62-1 және 62-2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Үкiмет қаулыларының жобалары, соның iшiнде Қазақстан Республикасы Президентінің және Парламентiнiң қарауына енгізу туралы тиiсiнше Президент кесiмдерiнiң жобалары мен заң жобалары - 10 жұмыс күнi;
2) Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобалары - 5 жұмыс күнi.
Үкiмет қаулысын немесе Премьер-Министр өкімін жедел қабылдау қажет болған кезде Премьер-Министрдiң, оның орынбасарларының немесе Кеңсе Басшысының тапсырмалары бойынша нақты жобаларды мемлекеттік органдарда келiсудiң неғұрлым қысқа мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн. Мұндай жағдайда жобаға мемлекеттік органның бірiншi басшысы не ол өкілеттiк берген оның орынбасары Үкiмет басшылығының кеңесiнде немесе ?кімет мәжілісiнде бұрыштама соғуы мүмкiн.
32. Жобаны келiсушi мемлекеттік органда қарау осы Регламентте белгіленген мерзiмдерде және осы мемлекеттік органның құзыретi шеңберiнде жүзеге асырылуы тиiс.
Жобаны қарау нәтижелерi бойынша келiсушi мемлекеттік орган әзiрлеушiге жауаптың мынадай нұсқаларының бірiн ұсынуға тиiс:
1) жоба ескертулерсiз келісілдi (бірiншi басшының жобадағы бұрыштамасы);
2) жоба ескертулермен келісілдi (бірiншi басшының жобадағы ескертулерiмен бұрыштамасы). Бұл ретте ескертулер бірiншi басшы қол қойған жобаға қоса берiлетiн хатта баяндалады, онда мiндеттi түрде оларды жою жөніндегі ұсыныстар қамтылуы тиiс;
3) жобаға келiсуден бас тартылды (жобаға бұрыштама соғылмаған). Бұл ретте келiсуден бас тарту дәлелденген, бірiншi басшы қол қойған хат қоса берiледi.
33. Жоба ескертулермен келісілген жағдайда әзiрлеушi мемлекеттік орган өзi келiсетiн ескертулердi жояды және жобаның түпкiлiктi нұсқасын дайындайды әрi оны қайта келiсуге жiбередi. Қайта келiсу осы Регламенттiң 31-тармағында белгiленгенiне ұқсас мерзiмде жүзеге асырылады.
Әзiрлеушi келiспейтiн ескертулер бойынша оның және келiсушi органның арасында келiспеушiлiк хаттамасы жасалады. Бұл ретте жобаны әзiрлеушi келiспеушiлiк туғызған жоба тармақтарының әзiрлеушi мен келiсушi орган ұсынған редакциялары мен олардың негiздемесi қамтылуы тиiс кесте түріндегі келiспеушiлiк хаттамасын дайындайды. Әзiрлеушi органның бірiншi басшысы қол қойған келiспеушiлiктер хаттамасы жобаның түпкiлiктi нұсқасымен бірге келiсушi органға жiберіледi және қайтадан келiсу үшiн белгіленген мерзiмде оның бірiншi басшысы қол қоюы тиiс.
Келiспеушiлiк хаттамасы жобаны Кеңсеге енгiзген кезде мiндеттi тәртiппен оған тіркеледi.
34. Үкiмет қаулысы оның ұжымдық заңды пiкiрiн бiлдiруi тиiстілігiне байланысты қаулылар жобалары бойынша Үкiмет мүшелерiнiң дауыс беруi өткiзiледi.
Дауыс берудi өткізу мақсатында Үкiмет қаулысы жобасының түпкiлiктi нұсқасын Кеңсеге енгiзер алдында әзiрлеушi қағаз және/немесе магниттi ақпарат жеткізушiдегi оның мәтiнiнiң көшiрмесiн не электронды почта арқылы электронды көшiрмесiн (заң жобаларынан, құпия сипаттағы және кадр мәселелерi жөніндегі жобалардан басқа) Үкiмет мүшелерiнiң барлығына (Премьер-Министрдi, оның орынбасарларын және әзiрлеушi жобаны келiсудi жүргiзген адамдарды қоспағанда) жiбередi. Жобаға қосымшалар Үкiмет мүшелерiне тек оларға қатысты бөлiгiнде жiберiлуi мүмкiн.
Егер жоба Кеңседе елеулi жетiлдiруге ұшыраған жағдайда, сондай-ақ Кеңседе сараптамасы жүргiзiлген нақты заң жобасы бойынша шұғыл дауыс берудi өткізу қажет болған кезде, осындай жобалар бойынша дауыс берудi өз Басшысының нұсқауы бойынша Кеңсе ұйымдастырады, ол жобалардың (заң жобаларының) электронды көшiрмелерiн электронды почта арқылы Үкiмет мүшелерiне жiбередi.
Үкiмет мүшелерiнiң қаулылар жобалары бойынша дауыс беру мерзiмi жобалар көшiрмелерi (электронды көшiрмелер) жiберiлген күннен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Дауыс беру мерзiмi аяқталысымен Үкiмет мүшелерi әзiрлеушiге жобалар бойынша өз пiкiрiн бiлдiрген жазбаша жауап жiбередi. Көрсетiлген мерзiмде жазбаша жауап берiлмеген жағдайда Үкiмет мүшесi жобаны ескертулерсiз қабылдауға дауыс бердi деп есептеледi. Үкiмет қаулыларының жобалары бойынша дауыс берудi Үкiмет мүшелерi алмастыру құқығынсыз жүзеге асырады.
Үкiмет қаулысының жобасы бойынша дауыс беру нәтижелерiн әзiрлеушi жобамен бір мезгiлде және оған Кеңсе белгiлеген нысан бойынша басқа да материалдармен бірге ұсынады.
ҚР Үкіметінің 12.08.03 ж. № 804 қаулысымен 35-тармақ өзгертіліді (бұр. ред. қара)
35. Дауыс беру аяқталысымен қағазының форматы A4 болатын жай парақта (мемлекеттік және орыс тілдерінде - қаріп мөлшерi 14, қарiптің гарнитурасы "TimesNewRoman", кодтау стандарты ҚР СТ 1048-2002 стандартына сәйкес) және магниттi жеткізушіде жобаны, сондай-ақ оған қажеттi материалдарды әзiрлеушi мемлекеттік органдар өкілдерi өз қолымен Кеңсеге енгiзедi. Почта арқылы келiп түскен жобаларды Кеңсе әзiрлеушiге қараусыз және тiркеусiз қайтарады.
Кеңседе тiркеу алдында жоба Кеңседе iс жүргiзу жөніндегі нұсқаулықтың және осы Регламенттiң талаптарына оның сәйкестiгi, сондай-ақ iрiктелiп, дәлме-дәлдiгi тексерiледi. Осы талаптарға сәйкессiздiгi немесе мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі жоба мәтiндерiнiң дәлме-дәл еместiгi анықталған жағдайда жоба (құпия сипаттағы жобаларды қоспағанда) анықталған кемшiлiктердi жою үшiн әзiрлеушiнiң өкiлiне тiркеусiз қайтарылады.
Кеңсеге "Ерекше маңызды", "Өте құпия" және "Құпия" құпиялық белгiсiмен келiп түскен жобалар белгiленген тәртiппен тiркеледi және Кеңсе Басшысына баяндалады. Құпия сипаттағы жобалар көрсетiлген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша әзiрлеушiге қайтарылады.
36. Жобаны Кеңсеге енгiзген кезде оған мемлекеттік органның бірiншi басшысы мiндетiн атқарушы адам бұрыштама қойған жағдайда оған бірiншi басшының мiндетiн атқару жүктелгенi туралы актiнiң көшiрмесi жобаға қоса берiледi.
37. Кеңседе жоба тiркелгеннен кейiн оның Кеңседе тiркелген күнiнен бастап есептелетiн, осы Регламенттiң 31-тармағында көрсетiлген мерзiмде жобаның қаржылық-экономикалық, құқықтық, лингвистикалық және өзге де аспектiлерiне сараптама (бұдан әрi - сараптама) жүргiзiледi.
Жобаның дайындалу сапасына, негiздiлiгiне, уақтылылығына баға беру, ықтимал терiс салдарларды анықтау үшiн, сондай-ақ жобаның жоғары деңгейдегi, Үкiмет пен Премьер-Министрдiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкестiгi мәнiнде және жобаның мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі мәтiндерiнiң дәлме-дәлдiгiне сараптама жүргiзiледi. Жобалар сараптамасының нәтижелерi Премьер-Министр мен оның орынбасарлары, Кеңсе Басшысы үшiн олардың тиiстi жобаларға қол қоюы немесе келiсу туралы шешiмдер қабылдауы кезiнде ақпараттық-ұсынымдық сипатқа ие.
Жобаның өтуiне жауапты Кеңсенiң құрылымдық бөлiмшесi жүргiзген сараптаманың нәтижелерi бойынша жобаға қорытынды дайындалады. Қорытынды мынадай ақпаратты қамтуға тиiс: жобаны қабылдау қажеттілігi неден туындады, оны дайындау кезiнде осы Регламенттiң талаптары сақталды ма, келiсушi мемлекеттік органдардың қандай қарсылықтары бар, жоба бойынша ?кімет мүшелерiнiң дауыс беру қорытындылары, жоба сараптамасының нәтижелерi, жобаны жетiлдiру туралы мәлiметтер (ондай фактi болған кезде), жоба бойынша өзге де қажеттi мәлiметтер, жобаны қабылдау немесе қабылдамау мүмкiндiгi туралы ұсынымдар.
38. Кеңсе сараптама жүргiзу барысында немесе оның нәтижелерi бойынша жобаны мемлекеттік органға мынадай негiздер бойынша жетілдiруге қайтаруға құқылы:
1) оның жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес келмейтінi анықталғанда;
2) жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтiндерiнiң дәлме-дәл келмейтiнi анықталғанда;
3) Үкiмет бекiткен Кеңседе iс жүргiзу жөніндегі нұсқаулық, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын ресiмдеу (заңдық техникасы) жөніндегі нұсқаулық және осы Регламент талаптарының бұзылғаны анықталғанда.
Кеңсенiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң өзге де аспектiлер бойынша терiс сараптамалық қорытындысы да Үкiмет басшылығының немесе Кеңсе Басшысының жобаны қайтаруы үшiн себеп болуы мүмкiн.
39. Жоба мынадай ретпен жетiлдiруге қайтарылуы мүмкiн:
1) мемлекеттік органдар бірiншi басшыларының не олар өкiлеттiк берген адамдардың қатысуымен Үкiмет мәжілісiнiң немесе Үкiмет басшылығында немесе Кеңсе Басшысында болған кеңестiң хаттамасы негiзiнде;
2) жоба сараптамасының нәтижелерi бойынша Кеңсе құрылымдық бөлiмшелерiнiң қорытындысы негiзiнде жобада қаралатын мәселелер құзыретiне жататын Премьер-Министр орынбасарының немесе Кеңсе Басшысының не оның мiндетiн атқарушы адамның жазбаша тапсырмалары бойынша;
3) жобаны әзiрлеушi орган не оның өкiлi (өкiлеттi адам) Кеңсе құрылымдық бөлiмшелерiнiң ескертулерiмен келiскен кезде Кеңсе Басшысының рұқсатымен әзiрлеушi өкiлiнiң (өкiлеттi адамның) жобаның келiсу парағына қолы қойылып, жұмыс бабында. Әзiрлеушiнiң жобаны жұмыс бабында жетiлдiру мерзiмi 7 жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
Егер қайтарылатын жобаларға тапсырмаларда өзге мерзiм көрсетілмесе, әзiрлеушiлер жобаларды жетiлдiрудi, қайтадан дауыс беруге салуды және енгізудi (жұмыс бабында жетiлдiру жағдайларын қоспағанда) қайтарылған күнiнен бастап бір ай мерзiмнен асырмай жүзеге асырады. Жетiлдiру мерзiмi аяқталғаннан кейiн әзiрлеушi жетiлдiрiлген жобаны және оған дауыс беру нәтижелерiн (Кеңсе белгiлеген нысан бойынша) не жобаны қараудан алу туралы жазбаша өтiнiштi Кеңсеге ұсынуы тиiс.
Жоба жетiлдiрiлгеннен кейiн Кеңсеге қайта енгiзiлген кезде оның сараптамасын жүргізудiң және қорытындысын дайындаудың жаңа мерзiмi белгіленедi.
40. Кеңседе жобаға сараптама жүргiзiлгеннен, оны жетiлдiргеннен (осындай факт болған кезде) және қорытынды дайындалғаннан кейiн жоба Кеңседе iс жүргiзу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес тиiстi түрде қорғалған елтаңбалық бланкiге түсiрiледi, оған: жобаның өтуiне жауапты орындаушы мен құрылымдық бөлiмшенiң басшысы; жобаға сараптама жүргiзген құрылымдық бөлiмшелердiң басшылары; мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жоба мәтiндерiнiң дәлме-дәлдігін және олардың ережелерiне сәйкестiгiн тексерудi жүзеге асырған қызметкерлер бұрыштама қояды.
41. Жобаны Премьер-Министрдiң орынбасарларында келiсу Премьер-Министрдiң, оның орынбасарлары мен Кеңсе Басшысының арасында мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес жүзеге асырылады. Премьер-Министрдiң орынбасарларында жоба бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған кезде олар кеңестер өткізуi мүмкiн. Кеңестерде қабылданған шешiмдер кеңестер хаттамалары түрiнде ресімделедi.
Мемлекеттік органдар арасында жобаны келiсу процесiнде жойылмаған қағидатты келiспеушілiктер болған кезде Премьер-Министрдiң орынбасарлары, Кеңсе Басшысы нәтижелерi хаттамалар түрiнде ресiмделетiн жоба бойынша келiспеушiлiктердi реттеу мақсатында кеңестер өткізуi мүмкiн. Егер талқыланып отырған мәселе бойынша өзара қолайлы шешiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда кеңестi өткізушi Премьер-Министрдiң орынбасары немесе Кеңсе Басшысы түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн бұл туралы Премьер-Министрдi хабардар етедi.
Үкiмет қаулысының жобасы бойынша Үкiмет мүшелерi көпшiлiгiнiң ескертулерi және/немесе қарсылықтары болған кезде Премьер-Министр, Премьер-Министрдiң орынбасарлары және Кеңсе Басшысы Үкiмет мүшелерiнiң көпшiлiгiмен келісілген шешiм әзiрлеу үшiн кеңес өткізуi мүмкiн. Келісілген ұстанымға қол жеткiзiлмеген кезде Үкiмет қаулысы қабылданбайды, бұл кеңес хаттамасында көрсетілуi тиiс.
Қажет болған кезде Премьер-Министрдiң орынбасарлары, Кеңсе Басшысы жобаны тиiстi мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қосымша келiсуге жiберуi мүмкiн.
42. Премьер-Министрдiң тиiстi орынбасарларының келісімiнен (бұрыштама қоюынан) кейiн жобаға Кеңсе Басшысы бұрыштама қояды және оны Премьер-Министрге не Премьер-Министрдiң мiндетiн атқарушы адамға жоба бойынша шешiм қабылдау үшiн баяндайды.
Премьер-Министр жобаны қажет болған кезде жетілдiру және/немесе қосымша келiсу үшiн тиiстi мемлекеттік органға жiберуi мүмкiн.
43. Үкiмет қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiне Премьер-Министр қол қояды. Премьер-Министр болмаған кезде Үкiмет қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiне Премьер-Министр белгiлейтiн мiндеттер бөлуге сәйкес Премьер-Министрдi алмастыратын оның орынбасары қол қоюы мүмкін.
Шешiмнiң түпнұсқасына оған қол қойылғаннан кейiн түзетулер енгізуге тыйым салынады.
44. Үкiмет қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiн тiркеу және есепке алу Кеңсе белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Қол қойылған Үкiмет қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiне Кеңсенiң тиiстi бөлiмшесi мыналарды қамтитын тіркеу нөмiрлерiн бередi:
1) құпия емес қаулылар үшiн - күнтiзбелiк жылдың басынан бастап есепке алу реттiк нөмiрiнен, өкiмдер үшiн - сызықша арқылы "ө" әрпiн қоя отырып, күнтiзбелiк жылдың басынан бастап есепке алу реттiк нөмiрiнен;
2) "Қызмет бабында пайдалану үшiн" белгiсi бар таралуы шектеулi қаулылар мен өкiмдер үшiн - "қбү" кiшi әрiптерiмен бос орын қалдыра отырып, құпия емес қаулыларға (өкiмдерге) арналған кезекті реттiк нөмiрден;
3) ерекше маңызды, өте құпия және құпия қаулылар мен өкiмдер үшiн берiлген құпиялық белгiсiне сәйкес: "Ерекше маңызды" - "ем", "Өте құпия" "өқ", "Құпия" - "қ" кiшi әрiптерiмен құпия қаулының (өкiмнiң) кезектi есепке алу нөмiрiн сызық арқылы қоя отырып, құпия емес қаулыларға (өкiмдерге) арналған кезектi реттiк нөмiрден;
4) бюджеттік бағдарламалардың бекітілген паспорттарына өзгерістер және/немесе толықтырулар енгiзiлуi көзделген қаулылар үшiн - әлiпбилiк тәртiппен берiлген әрiптiк литерi бар бастапқы қаулының реттiк нөмiрiнен.
45. Үкiмет қаулыларының және Премьер-Министр өкiмдерiнiң түпнұсқалары тұрақты сақталатын құжаттарға жатады және Кеңседе кемiнде 15 жыл сақталады, мерзiмi өтісімен олар Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатына мемлекеттік сақтауға тапсырылады.
46. Үкiмет қаулыларының және Премьер-Министр өкiмдерiнiң куәландырылған көшiрмелерiн уақтылы шығаруды және жiберудi Кеңсе жүзеге асырады. Қажет болған кезде қаулылардың (өкiмдердiң) қосымша даналары тек Кеңсе Басшысының рұқсатымен ғана берiледi. Құпия сипаттағы қаулылар мен өкiмдердiң куәландырылған көшiрмелерi немесе олардың үзiндiлерi белгiленген тәртiппен адресаттардың шектеулi санына жiберiледi.
Оларда техникалық қателер анықталған кезде ?кіметтiң құпия емес қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнiң бұрын жiберiлген даналарын ауыстыру Кеңсе Басшысының рұқсатымен жүргiзіледi. Бұл ретте бастапқы жiберiлген даналарын алушыларға "Бұрынғы жiберiлгеннiң орнына" мөртаңбасымен қаулылардың (өкiмдердiң) түзетiлген нұсқалары жiберiледi. Адресаттар көрсетiлген мөртаңбасы бар түзетiлген нұсқаны алғаннан кейiн олар қаулылардың (өкiмдердiң) бұрын жiберiлген даналарын Кеңсеге дереу қайтаруға тиiс.
Қаулыларды (өкiмдердi) қайтарып алу Кеңсе Басшысының нұсқауы бойынша жүзеге асырылады.
Ерекше маңызды, өтe құпия және құпия қаулылар (өкiмдер) Кеңсе Басшысының хатымен ресми түрде қайтарылып алынады.
47. Жобалары осы Регламент талаптары бұзыла отырып енгiзiлген Үкiметтiң және Премьер-Министрдiң қабылданған шешiмдеріндегі қателер үшiн жобаны әзiрлеушi жауапты болады.
48. Үкiметтiң нормативтiк қаулысы қабылданғаннан кейiн министрлiктер мен олардың ведомстволары, агенттiктер, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдар бір ай мерзiмде өздерiнiң кесiмдерiн ?кімет қабылдаған қаулыға сәйкес келтiруге мiндеттi.
Осы тармақтың орындалуын бақылауды Әдiлет министрлігі жүзеге асырады.
49. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi қабылдаған орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда оның кесiмдерiнiң күшi жойылды деп тану, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелердi оның құқықтық мұрагерi немесе жоғары тұрған орган шешедi.