Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесiн одан әрi дамытудың
2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 31 желтоқсандағы № 1376 қаулысы
(2006.11.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 тамыздағы № 1165 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесiн ізгiлендiру және оның материалдық-техникалық базасын одан әрi жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесiн одан әрi дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі жыл сайын қаңтарда және шiлдеде жарты жылдық қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы ақпарат берсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1376 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару
жүйесiн одан әрi дамытудың 2004-2006 жылдарға
арналған бағдарламасы
Астана, 2003 ж.
ҚР Үкіметінің 2006.11.02. № 97 қаулысымен 1-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы - Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару
жүйесiн одан әрі дамытудың 2004-2006
жылдарға арналған бағдарламасы
Әзiрлеу үшiн - Қазақстан Республикасы Президентінің
негiздеме 2003 жылғы 15 тамыздағы № 1165 Жарлығымен
бекітілген Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған
бағдарламасы
- Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2003 жылғы 5 қыркүйектегi № 903 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын
iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспары
Әзiрлеуге жауапты - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі
орган
Мақсаты - Мыналардың:
түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандарды
ұстау жағдайларын;
қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаны
орындаудың сапасын;
қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң
кәсiби даярлығын жақсарту
Мiндеттерi - Жазаны орындау саласында заңнаманы
жетiлдiру, түзеу мекемелерінде ұсталатын
адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн
қамтамасыз ету;
- Сотталғандарды ұстау жағдайларын
халықаралық нормалар мен стандарттар
талаптарына барынша жақындату;
- Жаңа түзеу мекемелерiн салу және
қолданыстағыларын қайта жаңғырту;
- Түзеу мекемелерiнiң материалдық-техникалық
базасын жақсарту;
- Бас бостандығынан айыруға және
қылмыстық-құқықтық ықпалы ету шараларына
баламалы жазаларды тиiмдi орындау үшiн
жағдайлар жасау;
- Сотталғандардың еңбекпен қамтылуын арттыру;
- Қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiнiң
кәсiби даярлығын жақсарту
Қаржыландыру көздерi - 2004-2006 жылдар мерзiмiне республикалық
бюджет қаражаты 7 млрд. 401 млн. 262 мың
теңге сомасында
Күтiлетін нәтижелер - Заңнамалық база қылмыстық-атқару жүйесiнiң
тиiмдi қызметiне ықпал етедi
- Жазаны орындау кезiнде сотталғандардың
құқығы мен заңды мүдделерi толығымен
қамтамасыз етiледi
- Бас бостандығынан айырылған адамдардың жаза
өтеу жағдайы жақсарады
- Түзеу мекемелерiнде сотталғандарды ұстау
тығыздығы азаяды
- Мыналар:
- түзеу мекемелерiнде сотталғандарды ұстау
қауiпсiздiгiнiң деңгейi;
- түзеу мекемелерiн күзету сенiмдiлiгi артады.
Мынадай:
- сотталғандардың барлық санаттары, өздерi
сотталған немесе қамалғанға дейiн тұрған
өңiрлерi шегiнде жазаларын өтеу;
- сотталғандарды әлеуметтiк оңалту мен
бейiмдеу үшiн жағдайлар жасалады;
- Қылмыстық-атқару жүйесiнiң
қаржылық-экономикалық жағдайы тұрақталады;
- Бас бостандығынан айыру орындарында
ұсталатын еңбекке қабiлеттi адамдар үшiн
жұмыс орындарының саны артады;
- Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету
жақсарады;
- Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес
жазаларды орындайтын қылмыстық-атқару
инспекцияларының функциялары кеңейедi;
- ҚАЖ қызметкерлерiнiң кәсiби даярлығы артады.
Iске асыру мерзiмдерi - 2004-2006 жылдар
2. Кiрiспе
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесi (бұдан әрi ҚАЖ) жазаларды атқарудың мемлекеттік тетiгiнiң маңызды буыны болып табылады.
ҚАЖ-ды дамытудағы маңызды мiндеттердi шешу үшiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң "Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару жүйелерi мекемелерi мен алдын-ала қамауға алу орындарының қызметiн тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы" 1996 жылғы 1 қазандағы № 1199 және "Қазақстан Республикасы түзеу мекемелерiнiң және тергеу изоляторларының материалдық-техникалық базасын жақсартудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы туралы" 2001 жылғы 22 қаңтардағы № 92 қаулыларымен бекітілген бағдарламалық құжаттар қабылданды және негiзiнен iске асырылды. Бұл ретте, позитивтi нәтижелерге қол жеткiзiлдi, оның iшiнде сотталғандар құқығы кеңейтiлдi, олардың әлеуметтiк және құқықтық қорғалуы неғұрлым тиiмдi бола түстi, жаза өтеудiң прогрессивтi жүйесi енгiзiлдi.
Қазiргi уақытта әлемдiк қоғамдастық пенитенциарлық жүйенi дамытудың сапалы жаңа кезеңiне өтуде. Осыған байланысты, ҚАЖ-да сотталғандарды ұстаудың халықаралық нормалар мен стандарттардың талаптарына барынша жақын жағдайын жасау қажет.
ҚАЖ-ды одан әрi дамыту жөніндегі мiндеттер кешенiн шешу тұрақты мемлекеттік қолдаусыз, халықаралық ұйымдармен белсендi ынтымақтастықсыз мүмкiн емес.
Мұнымен бағдарламалық құжаттарды қоғам дамуының осы кезеңi үшiн сипатты өзектi проблемалар мен басымдықтарды ескере отырып, жазаны орындау саласында бұрын қолданыста болған бағдарламаларға қатысы бойынша сабақтастық қағидатын сақтай отырып әзiрлеу қажеттiлiгi негiзделедi.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 5 қыркүйектегi № 903 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесiн одан әрi дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы әзiрлендi.
3. ҚАЖ-дың қазіргі жай-күйiн талдау
"Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне қылмыстық-атқару жүйесiн реформалау және осы жүйе қызметкерлерiнiң мәртебесi мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi Заңымен ҚАЖ Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігінiң қарамағына берiлдi.
Қазiргi уақытта ҚАЖ органдары мен мекемелерi бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған адамдарға қатысты сот үкiмдерiн, қаулыларын және ұйғарымдарын орындайды, сондай-ақ сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Түзеу мекемелерi (бұдан әрi - TM) қызметiн реттейтiн ведомстволық кесiмдерге жазаларды орындау кезiнде заңдылықты сақтау кепiлдiгiн күшейтуге, сотталғандарды құқықтық және әлеуметтiк қорғауға, шектеулер мен тыйымдар санын азайтуға, мерзiмiнен бұрын босату үшiн негiздердi кеңейтуге бағытталған түзетулер енгiзiлдi.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесiп ТМ-нiң қызметкерiн пенитенциарлық мекемелердегi қамаудағыларды ұстау жағдайларына қатысты халықаралық нормалармен және стандарттармен таныстыру бойынша жұмыс жүргiзiлуде.
Сонымен бірге, ҚАЖ-дағы барлық оң өзгерістер жағдайында шешiлмеген проблемалар да қалып отыр.
Республика аумағында режим түрлерi бойынша ТМ-нiң әркелкi орналасуын атап өту қажет. TM-нiң қазiргi орналасуы кезiнде жыл сайын сотталғандарды республиканың түрлi өңiрлерiне көшiру жүргiзiледi, оған тек 2002 жылы - 22 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалды. Бұл мақсаттарға 2003 жылы шамамен республикалық бюджетте 35 млн. теңге болатын қазiргi қажеттiлiк кезiнде 25 млн. теңге бөлiндi. Өмiр бойы бас бостандығынан айырылған сотталғандар үшiн ерекше режимдегi түзеу колониялары жоқ.
Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында қатаң режимдегi, Қызылорда облысында жалпы режимдегi ТМ жоқ. Республикада әйелдер мен кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған ТМ-нiң саны жеткiлiксiз, бұл сотталғандардың көрсетiлген санаттарының әлеуметтiк байланысын сақтау үшiн қиындықтар туғызады.
Қолданыстағы ТМ-нiң толып кетуi сотталғандарды орналастыруда, режим мен қадағалауды қамтамасыз етуде, бас бостандығынан айыру орындарында құқық бұзушылықтардың алдын-алуда, сотталғандардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде, сондай-ақ олармен тәрбие жұмысын жүргiзуде қиындықтар туғызады. Сол сияқты сотталғандарды еңбекпен қамтудағы, туберкулезбен науқастанған сотталғандарға емдеу жүргiзуге, коммуналдық-тұрмыстық жағдайды ұйымдастыруға байланысты ахуал күрделене түсуде.
Қылмыстық саясатты iзгiлендiрудiң объективтi процестерiне сай бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған адамдардың саны едәуiр артады. Бұл ретте, қылмыстық-атқару инспекциялары, ең алдымен штат санының жеткілiксiздiгінен де өздерiне жүктелген мiндеттердiң толыққанды орындалуын қамтамасыз етуге дайын емес. Бұл проблемаларды шешу үшiн қылмыстық-атқару инспекцияларының функцияларын кеңейту аталмыш қызметтi әрбір ауданда құра отырып, қызметкерлердiң штат санын арттыру қажет.
ҚАЖ қызметкерлерiн кәсiби даярлауда, әлеуметтiк қамтамасыз етуде, сондай-ақ сотталғандардың камераларда оқшау емес, отрядтарда ұсталуынан қызметкерлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде проблемалар бар.
ТМ-дi техникалық қадағалау мен күзет құралдары бүгiндерi моральдық және физикалық жағынан ескiрген.
Қазiргi уақытта бас бостандығынан айыру орындарында 7 мыңнан астам туберкулезбен ауырғандар және 500 ЖҚТБ инфекциясын жұқтырғандар ұсталуда. Осы ауруларды емдеу мен алдын алу ТМ үшiн қосымша медициналық құрал-жабдықтар сатып алу қажеттiгiн талап етедi.
Сотталғандардың еңбекпен қамтылуы бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын еңбекке қабiлеттi сотталғандардың жалпы санының 32,7 пайызын құрайды. ҚАЖ кәсiпорындары толық қуатында жұмыс iстеп тұрған жоқ, олардың өнiмдерi рынокта бәсекеге қабiлеттi бола алмайды. Осыған байланысты, ҚАЖ кәсiпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын әзiрлеу қажет.
Жоғарыда аталған проблемаларды шешу ҚАЖ-ды одан әрi дамытудың негiзгi бағыттарын анықтайды.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты:
ТМ-де ұсталатын сотталғандарды ұстау жағдайларын;
қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындау сапасын;
ҚАЖ қызметкерлерiнiң кәсiби даярлығын жақсарту жолымен ҚАЖ-ды одан әрi дамыту болып табылады.
Бағдарламаның мiндеттерi:
жазаларды орындау, ТМ-де ұсталатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетiлдiру;
сотталғандарды ұстау жағдайларын халықаралық нормалар мен стандарттардың талаптарына барынша жақындату;
ТМ-нiң жаңасын салу және қолданыстағысын қайта жаңғырту;
ТМ-нiң материалдық-техникалық базасын жақсарту;
бас бостандығынан айыруға баламалы жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын тиiмдi орындау үшiн жағдайлар жасау;
сотталғандардың еңбекпен қамтылуын арттыру;
ҚАЖ қызметкерлерiн кәсiби даярлау.
5. Дамудың негiзгi бағыттары мен Бағдарламаны iске асыру тетiктерi
ҚАЖ қызметiнiң заңнамалық базасын жетiлдіру
ҚАЖ-ды дамыту қолданыстағы заңнама базасын қайта қараумен, халықаралық нормалар мен стандарттардың талаптарына сәйкес жаңа нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеумен және қабылдаумен қатар жүруi тиiс.
Елбасы белгiлеген, қылмыстық саясатты iзгiлендiруге бағытталған бағытты iске асыру аясында қызметкерлер мен сотталғандардың қауiпсiздiгiн ескере отырып, жаза өткеру тәртібі мен шарттарын iзгiлендiру жағына қарай өзгерту мәселелерi бойынша бірқатар нормативтiк құқықтық кесiмдер жобаларын әзiрлеу қажет.
Қазақстанда өмiр бойы бас бостандығынан айыруды енгізуге орай, ТМД мен алыс шет елдердiң тәжiрибесiн зерделей отырып, жазалаудың осы түрiн орындауды регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу қажет.
ҚАЖ-дың ұйымдық-құрылымдық құрылысын жетiлдiру
ҚАЖ-дың ұйымдық-құрылымдық құрылысын жетiлдiру мақсатында:
жаңа ТМ-дi құру;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды оңалту орталықтарының қызметiн ұйымдастыру;
сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындайтын қылмыстық-атқару инспекцияларының құқықтық мәртебесiн көтерiп және осы қызметтi әрбір ауданда құра отырып, қызметкерлердiң штат санын арттырып, олардың функцияларын кеңейту;
TM-де қадағалау жөніндегі бақылаушылардың штат санын кезең-кезеңiмен арттыру;
ҚАЖ-ды басқару процесiн сапалы ақпараттық-талдаумен қамтамасыз етудi құру жөніндегі iс-шараларды әзiрлеу және iске асыру қажет, оны оңтайландыру, компьютерлендiру құралдарының кеңiнен енгiзiлуi мен байланыстың дамуы негiзiнде жүзеге асырылуы тиiс.
ТМ-де режимдi, қадағалауды және күзетудi ұйымдастыру
Қылмыстық заңнаманы iзгiлендiру жағдайында сотталғандарды жасақтық ұстау түзеу мекемелерiнен біртiндеп камералық және жасақтық ұстаудың ақылға қонымды аралас үлгiсiне көшiру жөнiнде шаралар қабылдаған жөн, ол үшiн жалпы және қатаң режимдердегi ТМ-де сотталғандарды камерада ұстауға арналған жатақханалар салудың орындылығын және мүмкiндiгiн зерделеу қажет.
ТМ аумағында орналасқан объектiлер мен ғимараттарды одан әрi оқшаулау жөніндегі iс-шараларды жалғастыру.
Сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету
Сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтау кепiлдiгiн нығайту мақсатында:
адам құқықтарын қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік және үкiметтiк емес ұйымдарды қатыстыра отырып, сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға бақылауды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
Сотталғандардың заң көмегiн алуы уақытылы және оңай болуын қамтамасыз ету.
Сотталғандармен тәрбие жұмысы
Сотталғандармен тәрбие жұмысы жазаны өтеу жағдайларын одан әрi iзгiлендiруге, сотталғандарды әлеуметтiк-құқықтық және әлеуметтiк-психологиялық қорғауды қамтамасыз етуге, оларға көмек және қолдау көрсетуге, шектеулер мен тыйым салуларды біртiндеп азайтуға, сотталғандарды ТМ-де болған бірiншi күннен бастап бостандықтағы өмiрге дайындауға бағыт алуы тиiс.
Бұл ретте, сотталғандармен дербес жұмыс бағдарламаларын әзірлеу мен енгізуге, сотталғандар мен олардың туыстары, қоғамдық, дiни және өзге де ұйымдар арасындағы байланысты қолдау мен нығайтуға, дiни қажеттiлiктердi, рухани және моральдық сұраныстарды қанағаттандыруға, ұлттық салт-дәстүрлердi, әдет-ғұрыптар мен жоралғыларды сақтауға жағдай жасауға маңызды орын берiлуi тиiс.
Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандардың орта білім алу жүйесiн оқыту нысандарының икемдi құрылымын құру негізiнде жетiлдiру қажет.
Сол сияқты, сырттай және дистанциялық оқыту нысандарын сотталғандардың анағұрлым кеңiрек пайдаланып жоғары білім алу мүмкiндiгiн оны мемлекеттік білім берудiң жалпы желісіне енгiзе отырып қарау қажет.
Тәрбие аппараты сотталғандардың жеке басының дамуы үшiн, олардың орта білім алу мүмкiндiгiне жағдай жасауда, сотталғандардың бос уақытын ұйымдастырудың жаңа нысандары мен әдiстерiн әзiрлеу мен енгізудi қамтамасыз етуде, олардың дене және психикалық денсаулығын сақтауда, клуб және үйiрме жұмыстарының жүйесiн кеңейтуде, сотталғандар мен олардың туыстары, қоғамдық және дiни ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуда жұмыс iстеу керек болады.
Сотталғанды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды және өзгеде қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау
Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға сотталғандарды тәрбиелеу және оңалту құралдарын қолданудың тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн олардың мiнез-құлқын психологиялық-криминалистикалық жағынан болжау әдiстемесiн әзiрлеу керек болады.
Локалдық компьютерлiк желiлер мен қылмыстық-атқару инспекцияларында есепте тұрған сотталғандардың ақпараттық деректер базасын құру қажет болады.