6. Осы бапта белгiленген тәртiп осы Кодекстiң 272-бабының 2-тармағында аталған қызметтi өзi тiркелген орнынан тыс жерде жүзеге асыратын жеке кәсiпкер акциз төлеген жағдайда да қолданылады. Жеке кәсiпкер, ағымдағы төлемдердi қоса алғанда, акциз төлеудi өзi қызметiн жүзеге асыратын жерi бойынша жүргiзедi.
274-бап. Салық кезеңi
Акцизге қатысты күнтiзбелiк ай салық кезеңi болып табылады.
275-бап. Салық декларациясы
1. Әрбiр салық кезеңi аяқталған соң, салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей, салық төлеушi өзi тiркелген жерi бойынша салық органдарына акциз жөнiндегi декларация табыс етуге мiндеттi.
2. Осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағында аталған акциз төлеушiлер декларациямен бiр мезгiлде құрылымдық бөлiмшелер үшiн акциз бойынша есептi табыс етедi.
3. Декларация мен құрылымдық бөлiмшелер үшiн акциз бойынша есеп-қисаптар салық органына салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрiлмей табыс етiледi.
44-тарау. Акцизделетін тауарлардың импортына салық салу
276-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарлардың салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарларды Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттау кезiнде салық базасы импортталатын акцизделетiн тауарлардың заттай түрдегi көлемi ретiнде белгiленедi.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарларды импорттау кезiнде салық салынатын база импортталатын акцизделетiн тауарлардың Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес айқындалатын кедендiк құны ретiнде анықталады.
277-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарларға акциз төлеу
мерзiмдерi
1. Импортталатын тауарларға акциздер, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңдарында кеден төлемдерiн төлеу үшiн белгiленген күнi төленедi.
2. Осы Кодекстің 549-бабына сәйкес таңбалануға тиiстi импортталатын акцизделетiн тауарларға акциздiк алымы маркаларын алған күнге дейiн немесе алған күнi акциз төленедi.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған акцизделетiн тауарларды iс жүзiнде импорттауды жүзеге асыру кезiнде акциз сомасы нақтылануға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 278-бап өзгертілді
278-бап. Акцизден босатылған акцизделетiн тауарлардың импорты
1. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нормалар бойынша импорттайтын акцизделетiн тауарларына акциз төленбейдi.
2. Төмендегi тiзiп көрсетiлген импортталатын тауарлар:
1) жол бойы бағытында және аралық аялдама пункттерiнде халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарын пайдалану үшiн қажеттi, сондай-ақ аварияны (сынып қалуды) жою үшiн шет елден сатып алынған акцизделетiн тауарлар;
2) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзгенге дейiн бүлiнуi салдарынан бұйым және материал ретiнде пайдалануға жарамсыз болып қалған тауарлар;
3) шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдiктердiң ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiнің, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, жеке пайдалануы үшiн әкелiнген және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес акцизден босатылатын тауарлар;
4) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн, "Еркiн айналыс үшiн тауарлар шығару" режимiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңдарымен белгiленген кеден режимi шеңберiнде акцизден босатылатын тауарлар;
5) сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын тұтынушы ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы өнiм (бальзамдардан басқа) акциз төлеуден босатылады.
10-бөлім. Жер қойнауын пайдаланушыларға
салық салу
45-тарау. Жалпы ережелер
279-бап. Осы бөлiм реттейтiн қатынастар
Осы бөлiм жер қойнауын пайдалануға келiсiм-шарттар бойынша туындайтын салық мiндеттемелерiн орындауға байланысты ерекшелiктердi айқындайды және:
1. Үстеме пайда салығын;
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерiн:
1) бонустарды:
а) қол қойылатынын;
б) коммерциялық табуды;
2) роялтидi;
3) өнiмдi бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесiн есептеу мен төлеу тәртiбiн белгiлейдi.
280-бап. Төлеушiлер
Техногендiк минералды құралымдардан пайдалы қазбалар алуды қоса, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрi - жер қойнауын пайдаланушылар) жер қойнауын пайдаланушылардың үстеме пайдаға салынатын салығы мен арнаулы төлемдердi төлеушiлер болып табылады.
281-бап. Жер қойнауын пайдаланушыларға жер қойнауын пайдалануға келiсiм-шарттар жасалғанға дейiн салық салу
Пайдалы қазбалар өндiрудi жер қойнауын пайдалануға келiсiм-шарт жасалғанға дейін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдаланғаны үшiн республикалық бюджеттің кiрiсiне Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн мөлшерде роялти түрiнде аударымдар жасайды.
Бұл ретте салық салу объектiлерi мен осы аударымдарды төлеу мерзiмдерiн айқындау осы Кодексте роялти төлеу үшiн белгiленген тәртiппен жүргiзіледi.
282-бап. Жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шарттарда салық режимiн белгiлеу
1. Жер қойнауын пайдаланушы үшiн белгiленетiн салық режимi тек қана Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен жер қойнауын пайдалануға жасалатын келiсiм-шартта айқындалады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуiн реттейтiн мәселелердi жер қойнауын пайдаланушының қызметiмен байланысты басқа актiлерге енгiзуге тыйым салынады.
2. Келiсiм-шартта белгiленетiн салық режимi жеке және заңды тұлғалардың салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуiн реттейтiн, келiсiм-шартқа қол қойылған (келiсiм-шарт жасалған) күнi қолданыстағы салық заңдарының ережелерiне сәйкес келуi тиiс.
3. Салық заңдары салық сараптамасы өткiзiлген күннен бастап келiсiм-шартқа қол қойылған күн аралығындағы кезеңде өзгертiлген жағдайда, салық сараптамасы қайтадан өткiзiлім, салық режимi осы өзгерiстерге сәйкес келтiрiлуi тиiс.
4. Бiр келiсiм-шарт бойынша жер қойнауын пайдалануды бiрнеше салық төлеушi жүзеге асыратын жағдайларда келiсiм-шартта белгiленген салық режимi барлығы үшiн бiрыңғай болып табылады.
Бұл ретте:
1) осындай келiсiм-шарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық төлеушiлер салықтың салыну мақсаттарында бiрыңғай шоғырландырылған есеп жүргiзуге және келiсiм-шартта белгiленген барлық салық пен төлемдердi төлеуге мiндеттi;
2) бiр келiсiм-шарт бойынша қызметтi жүзеге асыратын резидент емес жер қойнауын пайдаланушыларға келiсiм-шартта белгiленген салықтар бойынша осы Кодекстiң 184-186-баптарына сәйкес салық салынуға тиiс.
5. Жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шартта көзделген салық режимiне сәйкес салық мiндеттемелерiн есептеу және осы келiсiм-шарт шеңберiнен тыс қызмет бойынша салық мiндеттемелерiн есептеу үшiн бөлек есеп жүргiзуге мiндеттi.
Осы ереже кең таралған пайдалы қазбалар өндiру және (немесе) жерасты суларын алу жөнiндегi келiсiм-шарттарға қолданылмайды.
6. Жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шартта көрсетiлмеген iлеспе пайдалы қазбаларды коммерциялық мақсатта өндiрген жағдайда олар бойынша төлемдердi осы Кодекстiң 281-бабында белгiленген тәртiппен жасайды.
283-бап. Жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм- шарттардың салық режимiнiң үлгiлерi
1. Жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу келiсiм-шарттардың негiзгi түрлерiне қарай екi үлгiге бөлiнедi:
1) бiрiншi үлгi жер қойнауын пайдаланушының осы Кодексте көзделген салық пен басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерiн төлеуiн көздейдi;
2) екiншi үлгi жер қойнауын пайдаланушының өнiмдi бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесiн төлеуiн (беруiн), сондай-ақ осы Кодексте көзделген салық пен басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерiн төлеуiн көздейдi, оларға:
шикi мұнай мен басқа да пайдалы қазбаларға салынатын акциз;
үстеме пайдаға салынатын салық;
жер салығы;
мүлiк салығы қосылмайды.
2. Салық режимiнiң бiрiншi үлгiсi салық режимiнiң екiншi үлгiсi белгiленетiн өнiмдi бөлу туралы келiсiм-шарттарды қоспағанда, барлық келiсiм-шарттарда белгiленедi.
3. Өнiмдi бөлу туралы келiсiм-шарттар бойынша өнiмнiң бөлiнуiне қарай Қазақстан Республикасының үлесi республикалық және жергiлiктi бюджеттердің көзi болып табылады және тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн мөлшерде тиiстi бюджеттердiң кiрiсiне түседi.
4. Салық режимiнiң екiншi үлгiсi бойынша келiсiм-шарттарда көзделетiн жер қойнауын пайдаланушының салық мiндеттемелерiнiң деңгейi бiрiншi үлгi деңгейiнен кем болмауы тиiс.
284-бап. Жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыруға қатысы жоқ операциялар бойынша салық режимi
Келiсiм-шарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық мiндеттемелерiн орындау жер қойнауын пайдаланушыны осындай мiндеттемелердiң пайда болған күнi қолданылып жүрген салық заңдарына сәйкес, келiсiм-шарт шеңберiнен тыс қызметтi жүзеге асырғаны үшiн осы Кодексте көзделген салық мiндеттемелерiн орындаудан босатпайды.
285-бап. Салық заңдары өзгерген кезде салық салу шарттары
1. Жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шарттарда белгiленген салық салу шарттары тараптардың келiсiмi бойынша салық заңдарының өзгеруiне байланысты түзетiлуi мүмкiн.
Салық заңдарындағы өзгерiстер нәтижесiнде жер қойнауын пайдаланушыға салық салу шарттары жақсарған жағдайда, жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шарттарда Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қалпына келтiру мақсатында салық салу шарттарына түзету жасалады.
2. Келiсiм-шартта көзделген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жекелеген түрлерiнiң күшi жойылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртiппен келiсiм-шартқа тиiстi өзгерiстер енгiзiлгенге дейiн келiсiм-шартта белгiленген тәртiппен және мөлшерде оларды бюджетке төлеудi жалғастыра бередi.
286-бап. Салық сараптамасы
1. Салық сараптамасы - құзыреттi орган жасаған келісiм-шарт жобасына, оған толықтырулар мен өзгерiстерге талдау жасау мен баға берудi қамтитын, салық режимін анықтау, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерi мен салығын белгiлеу мақсатында өткiзiлетiн мiндеттi сараптама.
2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi барлық келiсiм-шарттарға қол қойылғанға дейiн олар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен және мерзiмдерде мiндеттi салық сараптамасынан өткiзiлуге тиiс. Осы ереже бұрын жасалған келiсiм-шарттарға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға да қолданылады.
3. Салық сараптамасының нәтижелерi бойынша белгiленген салық режимi келiсiм-шарттың түпкiлiктi мәтiнiне мiндеттi түрде ешбiр өзгерiссiз және түзетусiз енгiзiлуге тиiс.
46-тарау. Бонустар
287-бап. Бонустар туралы жалпы ережелер
1. Бонустар жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемдерi болып табылады және жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шартта белгiленген мөлшерлерде және тәртiппен ақшалай нысанда төленедi.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануды жүргiзудiң жеке жағдайларын негiзге ала отырып, бонустардың мынадай түрлерiн:
1) қол қойылатын;
2) коммерциялық табу бонусын төлейдi.
Жасалатын келiсiм-шарттың техникалық-экономикалық есептеулерiне сәйкес бонустардың бiр немесе екi түрi де белгiленуi мүмкін.
§ 1. Қол қойылатын бонус
288-бап. Қол қойылатын бонусты белгiлеу тәртiбi
1. Қол қойылатын бонус жер қойнауын пайдаланушының келiсiм-шарт жасалатын аумақта жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығы үшiн бiржолғы тiркелген төлемi болып табылады және келiсiм-шарт жасалған кезде белгiленедi.
2. Қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшерлерiн пайдалы қазбалар көлемi мен кен орнының экономикалық құндылығы ескерiлген есеп негiзiнде Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
3. Қол қойылатын бонустың түпкiлiктi мөлшерi жер қойнауын пайдалану үшiн берiлетiн кен орындарының (аумақтардың) экономикалық құндылығы есепке алынып, келiсiм-шартта белгiленедi, бiрақ бастапқы мөлшерлерден төмен болмауы керек.
289-бап. Қол қойылатын бонусты төлеу мерзiмi
Қол қойылатын бонус келiсiм-шартта белгiленген мерзiмде, бiрақ келiсiм-шарт күшiне енген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей бюджетке төленуге тиiс.
290-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы қол қойылатын бонус бойынша декларацияны тiркелген жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi айдың 15-iне дейiн табыс етедi.
§ 2. Коммерциялық табу бонусы
291-бап. Коммерциялық табу бонусын белгiлеу тәртiбi
1. Коммерциялық табу - келiсiм-шарт аумағы шегiнде ашылған, өндiру үшiн экономикалық жағынан тиiмдi пайдалы қазбалардың белгiлi бiр түрiнiң запастары.
2. Осы баптың 3-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, коммерциялық табу бонусы келiсiм-шарт аумағындағы әрбiр коммерциялық табу үшiн, оның iшiнде кен орындарына қосымша барлау жүргiзу барысында, бастапқы анықталған алынатын қорды арттыруға жеткiзетiн пайдалы қазбалардың табылғаны үшiн белгіленедi.
3. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейiннен өндiрудi көздемейтiн барлау жүргiзуге жасалған келiсiм-шарттар бойынша коммерциялық табу бонусы белгiленбейдi.
292-бап. Коммерциялық табу бонусының мөлшерi
Коммерциялық табу бонусының мөлшерi салық салу объектiсi, есептеу базасы мен ставка негiзге алына отырып белгiленедi.
Коммерциялық табу бонусының мөлшерiн есептеу үшiн:
1) кен орнынан алынатын пайдалы қазбалар қорының уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен осы мақсаттағы көлемi салық салу объектiсi болып табылады;
2) алынатын пайдалы қазбалар қорының бекiтiлген көлемiнiң құны төлемдi есептеу базасы болып табылады. Алынатын қордың құны осы пайдалы қазбаның төлем жүзеге асырылған күнгi биржалық бағасын негiзге ала отырып белгiленедi;
3) коммерциялық табу бонусының ставкасы тиiстi коммерциялық табу бойынша алынатын қордың бекiтiлген құнына процент есебiмен, жер қойнауын пайдалануды жүзеге асырудың жеке жағдайлары негізге алына отырып, жер қойнауын пайдалануға жасалған әрбiр келiсiм-шартта белгiленедi, бiрақ ол 0,1 проценттен кем болмауы керек.
293-бап. Коммерциялық табу бонусын төлеу мерзiмi
Коммерциялық табу бонусын төлеу мерзiмi келiсiм-шартпен белгiленедi.
294-бап. Салық декларациясы
Коммерциялық табу бонусы жөнiндегi декларацияны жер қойнауын пайдаланушы тiркелген жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi айдың 15-iне дейiн табыс етедi.
47-тарау. Роялти
295-бап. Роялти туралы жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдаланушы роялтидi Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн пайдалы қазбалардың әр түрi бойынша, оның сатып алушыларға өткiзiлгенiне (тиеп жөнелтiлгенiне) немесе өз қажетiне пайдаланылғанына қарамастан, жеке төлейдi.
2. Жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шартта белгiленген роялти, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақшалай нысанда төленедi.
3. Келiсiм-шарт бойынша қызметтi жүзеге асыру барысында роялтидi ақшалай төлеу нысаны Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен құзыреттi органмен қосымша келiсiмде белгiленген тәртiппен заттай нысанмен ауыстырылуы мүмкiн.
296-бап. Төлеушiлер
Техногендiк минералды құралымдардан пайдалы қазбалар алуды қоса алғанда, пайдалы қазбалар өндiрудi жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар, есептi кезеңде олардың өткiзiлген-өткiзiлмегенiне қарамастан, роялти төлеушiлер болып табылады.
297-бап. Роялтидi белгiлеу тәртiбi
1. Роялти мөлшерi салық салу объектiсi, есептеу базасы мен ставка негiзге алына отырып белгiленедi.
2. Роялтидi есептеу үшiн:
1) өндiрiлiп алынған пайдалы қазбалардың көлемi немесе осы Кодекстiң 298-бабында белгiленген нақты өндiрiлген пайдалы қазбалардан алынған алғашқы тауарлы өнiмнiң көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
Бұл ретте:
а) пайдалы қазбалардың өзi:
мұнай, табиғи газ және газ конденсаты;
көмiр және жанғыш тақтатастар;
тауарлы рудалар;
жерасты сулары, оның iшiнде бастапқы өңдеуден өткен сулар;
слюда, асбест, құрылыс материалдарын өндiруге арналған шикiзат;
металлургияға арналған руда емес шикiзат;
б) бағалы металдар, құмдағы, рудадағы, концентраттағы химиялық таза металдар;
в) қара, түстi, сирек кездесетiн және радиоактивтi металдардың, кен-химия шикiзатының концентраттары;
г) асыл тастар, бастапқы өңдеуден өткен жарқырауық тасты және пьезооптикалық шикiзат;
д) басқа пайдалы қазбалар бойынша - бастапқы өңдеуден өткен минералдық шикiзат алғашқы тауарлы өнiм болуы мүмкiн;
2) осы Кодекстің 299-бабына сәйкес белгiленген пайдалы қазбалардың құны роялтидi есептеу базасы болып табылады;
3) роялти ставкасы жоба экономикасы негiзге алына отырып, келiсiм-шартта, кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын қоспағанда, пайдалы қазбалардың барлық түрлерi бойынша белгіленедi. Бұл ретте роялтидiң ең төменгi ставкасы 0,5 проценттен кем болмауға тиiс.
3. Көмiрсутектерi бойынша роялти ставкалары өндiрiлу көлемiне қарай белгiленген процент ретiнде жылжымалы шкаламен мынадай екi әдiстiң бiрi бойынша:
1) келiсiм-шартта көзделген бүкiл қызмет кезеңiнде өндiрiлген көмiрсутегiнiң жинақталған көлемiне қарай;
2) келiсiм-шарт бойынша қызметтің әрбiр жекелеген жылы iшiнде жинақталған өндiру деңгейiне қарай белгiленедi.
4. Алтынды, күмiстi, платинаны, басқа да бағалы металдар мен асыл тастарды қоса алғанда, қатты пайдалы қазбалар бойынша роялти ставкалары келiсiм-шарт қолданылатын бүкiл кезеңге тiркелген процент түрiнде белгiленедi.
5. Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бойынша роялти ставкасы осы Кодекстiң 300-бабына сәйкес белгiленедi.
298-бап. Роялти салынатын объект
Пайдалы қазбалардың көлемi немесе нақты өндiрiлген пайдалы қазбалардан алынған алғашқы тауарлы өнiм өндiрiлген пайдалы қазбалардың барлық түрлерi бойынша роялти салынатын объект болып табылады.
299-бап. Пайдалы қазбалардың құнын белгiлеу тәртiбi
1. Роялтидi есептеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңiнде өндiрген пайдалы қазбалар құны, алтынды, күмiстi және платинаны қоспағанда, өндiрiлген пайдалы қазбалардан алынған алғашқы тауарлы өнiмнiң салық кезеңiндегi орташа өлшемдi өткiзу бағасы негiзге алына отырып, жанама салық пен оларды сату (тиеп жөнелту) пунктiне дейiн тасымалдауға кеткен нақты шығындар сомасы есепке алынбай белгiленедi.
2. Жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңiнде өндiрген алтынның, күмiс пен платинаның құны осы металдардың Лондон металл биржасында салық кезеңiнде қалыптасқан орташа бағасы негiзге алына отырып есептеледi.
300-бап. Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары
бойынша роялтидiң ставкалары
1. Кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бойынша роялти барлық жер қойнауын пайдаланушылар, оның iшiнде пайдалы қазбалардың басқа түрлерiн өндiруге жасалған келiсiм-шарттар бойынша қызметтi жүзеге асыратындар үшiн мынадай тiркелген ставкалар бойынша белгiленедi:
Р/с N | Пайдалы қазбаның атауы | Роялти ставкасы, % |
1 | Металлургияға арналған руда емес шикiзат | 1 |
| 1 |
3 | Тамақ өнеркәсiбiне арналған әк | 1 |
4 | Басқа руда емес шикiзат | 3,5 |
5 | Отқа берiк саз балшықтар, каолин, вермикулит | 3,5 |
6 | Ас тұзы | 3,5 |
7 | Жергілікті құрылыс материалдары | 4,5 |
8 | Ауа кіретін кеуек жыныстар, құрамында суы бар ауа кіретін шынылар мен шыны тектес жыныстар (перлит, обсидиан), малта тас пен қиыршық тас, қиыршық тас-құм қоспасы, гипс, гипстік тас, ангидрит, гажа, саз балшық және саз балшықты жыныстар (баяу балқитын және тез балқитын саз балшық, құмды саз балшық, аргиллиттер, алевролиттер, сазбалшықты тақтатастар), бор, мергель мергельдi-борлы жыныстар, кремнийлі жыныстар (трепел, опока, диатомит), кварцты-далалық шпаты жыныстар, шой тас, шөгiндi, атқылаудан кейiнгi және метаморфозалық жыныстар (гранит, базальт, диабаз, мәрмәр), қалыпқа салынатыннан басқа құм (құрылыстық, кварцты, кварцты- далалық шпатты), құм тас, табиғи пигменттер, ұлутас. | 4,5 |
9 | Жерасты сулары | 10 |
2. Жер қойнауын пайдаланушы кең таралған пайдалы қазбалар мен
жерасты сулары бойынша роялтидi, осы баптың 3-тармағында көзделген
жағдайларды қоспағанда, олардың тұтынушыларға сатылғанына немесе өз
қажеттерiне пайдаланылғанына қарамастан төлейдi.
3. Роялтидi:
1) жеке тұлғалар өзiнiң жеке меншiк құқығындағы жер учаскелерiнде
өндiретiн жерасты сулары бойынша, осы сулар сыртқа сатылмайтын және
кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде өндiрiс пен технологиялық
қажеттерге жұмсалмаған жағдайда;
2) жерасты суларын өзiнiң шаруашылық қажеттерi үшiн өндiрудi
жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер;
3) жер қойнауын пайдаланушылар iлеспе өндiрiлген жерасты суларын жер
қабатының қысымын қалпында ұстау үшiн керi айдағанда төлемейдi.
301-бап. Төлеу мерзiмдерi
Пайдалы қазбалардың барлық түрлерi бойынша роялти салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрiлмей төленедi.
302-бап. Салық кезеңi
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнтiзбелiк ай роялти төлеу жөнiндегі салық кезеңi болып табылады.
2. Егер алдыңғы тоқсандағы роялти бойынша орташа айлық төлемдер 1000 айлық есептiк көрсеткiштен кем болса, онда салық кезеңi тоқсан болып табылады.
303-бап. Өнiм өткiзiлмеген жағдайда салық салу объектiсiн
анықтау
1. Салық кезеңiнде алғашқы тауарлы өнiм өткiзiлмеген жағдайда, орташа өлшемдi сату бағасы деп, осы Кодекстiң 299-бабының 2-тармағында аталған пайдалы қазбаларды, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, тауарлы өнiмдi өткізу орын алған соңғы кезеңдегi орташа өлшемдi сату бағасы алынады.
2. Осы Кодекстiң 299-бабының 2-тармағында аталған пайдалы қазбаларды қоспағанда, алғашқы тауарлы өнiм толық сатылмаған жағдайда, салық кезеңiнде роялти салу объектiсiн есептеу үшiн пайдалы қазбаларды өндiруге нақты жұмсалған шығындар орташа өлшемдi сату бағасы деп алынады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы алғашқы тауарлы өнiмнiң нақты сату бағасын негiзге ала отырып, алғашқы сатылған салық кезеңiнде есептелген роялти сомасына кейiннен түзету жасауға мiндеттi.
3. Салық кезеңiнде кең таралған пайдалы қазбалар өткiзiлмеген немесе олар жеке мұқтаждар үшiн толық пайдаланылған жағдайда, алғашқы тауарлы өнiмнiң орташа өлшемдi өткiзу бағасы ретiнде жер қойнауын пайдаланушының оларды өндiру мен бастапқы өңдеуге жұмсаған шығынының осы салық кезеңiнде нақты қалыптасқан рентабельдiлiк нормасына арттырылған нақты қалыптасқан сомасы алынады.
Шығарылатын өнiмнiң және (немесе) көрсетiлетiн қызметтiң негiзгi компонентi ретiнде жерасты сулары пайдаланылған жағдайда салық кезеңiнде алғашқы тауарлы өнiмнiң орташа өлшемдi өткiзу бағасы ретiнде жер қойнауын пайдаланушының оларды өндiру мен бастапқы өңдеуге жұмсаған шығынының осы салық кезеңiнде нақты қалыптасқан рентабельдiлiк нормасына арттырылған нақты қалыптасқан сомасы алынады.
304-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы роялти жөнiндегi декларацияны тiркелген жерiндегi салық органына салық кезеңiнен кейiнгi айдың 10-ынан кешiктiрмей табыс етедi.
48-тарау. Үстеме пайда салығы
305-бап. Төлеушiлер
Өнiмдi бөлу туралы келiсiм-шарттар және кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өндiруге жасалған келiсiм-шарттар бойынша қызметтi жүзеге асыратындарды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушылар осы келiсiм-шарттар пайдалы қазбалардың басқа түрлерiн өндiрудi көздемеген жағдайда, үстеме пайдаға салық төлеушiлер болып табылады.
306-бап. Салық салу объектiсi
Жер қойнауын пайдаланушы пайданың iшкi нормасының 20 проценттен астамын алған салық кезеңiндегi әрбiр жекелеген келiсiм-шарт бойынша жер қойнауын пайдаланушының таза табыс сомасы үстеме пайдаға салық салу объектiсi болып табылады.
307-бап. Салықты есептеу тәртiбi
1. Үстеме пайдаға салынатын салық салық кезеңiнiң аяғында қол жеткен пайданың iшкi нормасы деңгейi негiзге алына отырып, осы Кодекстiң 308-бабында белгiленген ставкалар бойынша есептеледi.
2. Пайданың iшкi нормасы жер қойнауын пайдаланушының инфляция индексiне түзетiлген жылдық ақша ағыны негiзiнде мынадай формула бойынша есептеледi:
КТҚ (r1)
ПIН = r1+ ------------------------------ х (r2 - r1),
КТҚ (r2) - КТҚ (r1)
мұнда: ПIН - пайданың ішкi нормасы;
КТҚ - таза келтiрiлген (ағымдағы) құн - ақша құнының уақыт және дисконттау ставкасына қарай өзгертiліп түзетілген, қолма-қол ақша ағынына орай есептелген, салынған инвестициялардың қайтарылым құнының есеп айырысу көрсеткiшi;
r1 - КТҚ ең төменгі теріс мәнге (КТҚ (r1) тең болатын дисконттау ставкасы (проценттік ставка);
r2 - КТҚ ең төменгі теріс мәнге (КТҚ (r2) тең болатын дисконттау ставкасы (проценттiк ставка);
Пайданың iшкi нормасының неғұрлым дәл нәтижесiн алу үшiн КТҚ ең төмен оң және ең төмен терiс мәнге тең болған кездегі дисконттау ставкалары бiр-бiрiне жақын болуы қажет.
Келтірілген таза құн (КТҚ) мына формула бойынша белгіленеді:
ТАА1 ТАА2 ТАА n
КТҚ@ r = --------- + --------- +...+ ---------
(1 + r)1 (1 + r)2 (1 + r)n
мұнда: КТҚ - келтiрiлген (ағымдағы) таза құн;
ТАА - түзетiлген қолма-қол ақша ағыны;
@ r - КТҚ ең төмен оң мәнге (КТҚ (r1)) және терiс мәнге (КТҚ (r2)) тең болған кездегі дисконттау ставкасы;
r - дисконттау ставкасы (проценттiк ставка);
1, 2,... n - уақыт кезеңi (жыл).