2) қосылған құн салығы 1 миллион теңгеден астам сомаға көрсетiлiп шот-фактура жазған берушiлер (жоғарыда аталғандарды қоспағанда) мiндеттi тексеруге жататыны ескерiле отырып қабылданады.
5. Осы бапта көзделген қосылған құн салығы:
1) шағын бизнес субъектiлерi;
2) шаруа (фермер) қожалықтары;
3) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғалар үшiн белгiленген арнаулы салық режимiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушiлерге қайтарылмайды.
253-бап. Грант қаражаттары есебiнен сатып алынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару
1. Грант қаражаттары есебiнен алынатын тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушiлерге төленген қосылған құн салығын, егер бiр мезгiлде мынадай шарттар сақталса:
1) тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) алынатын грант қаражаттары мемлекеттер, мемлекеттер үкiметтерi, халықаралық ұйымдар желiсi бойынша берiлсе;
2) тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тек грант мақсаттарын iске асыру үшiн ғана алынса;
3) тауарларды өткiзу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету грант алушымен не грант мақсаттарын жүзеге асыру үшiн грант алушы тағайындаған орындаушымен жасалған шартқа (келiсiм-шартқа) сәйкес жүзеге асырылса, салық органдары отыз жұмыс күнi ішiнде қайтарады.
2. Осы бапқа сәйкес грант алушыларға қосылған құн салығын қайтару осы Кодекстің 252-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген тәртiппен, қосылған құн салығы грант қаражаттары есебiнен төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жүргiзiледi. Қосылған құн салығының грант қаражаттары есебiнен төленгенiн растайтын құжаттардың тiзбесiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 254-бап өзгертілді
254-бап. Қосылған құн салығын Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге қайтару
1. Осы Кодекстің 251-бабы 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген қосылған құн салығын қайтару Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда мұндай қайтару көзделген жағдайда жүргiзiледi.
2. Қосылған құн салығы сомаларын Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге қайтару осы дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер жасаған жиынтық ведомостардың (тiзiлiмдердiң) және қосылған құн салығының төленген фактiсiн растайтын құжаттардың (шот-фактуралардың, чектердiң және т.б.) көшiрмелерi негiзiнде жүзеге асырылады.
Жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда орындалып, дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер жанама салықтар (қосылған құн салығы және акциз) бойынша жеңілдiктер беру кезiнде өзара түсiнiстiк принципiн сақтау жөнiндегi Ноталармен алмасуды растау үшiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне табыс етедi. Расталғаннан кейiн жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) уәкiлеттi мемлекеттiк орган қайтару жүргiзудi белгiлейтiн салық органына тапсырылуға тиiс.
Егер жиынтық ведомостарға (тiзiлiмдерге) қоса тiркелетiн құжаттарда қосылған құн салығының сомалары жеке жолмен бөлiнiп көрсетiлмесе, салық бойынша қайтарымды алу құқығы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушiлерден олардың қосылған құн салығын шот-фактураға енгiзуi туралы растауы алынған кезде ғана мүмкiн болады.
3. Салық органдары дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге салықты қайтаруды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнен жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) алғаннан кейiн отыз жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
Бюджеттен қайтарылуға тиiс салық сомалары дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және (немесе) осы өкiлдiктердiң дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық қызметшiлерiнiң тиiстi шотына аударылады.
9-бөлім. Акциздер
42-тарау. Жалпы ережелер
255-бап. Акциздердi қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға, сондай-ақ тiзбесi осы Кодекстiң 257-бабында анықталған қызмет түрлерiне акциз салынады.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 256-бап өзгертілді
256-бап. Төлеушiлер
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделген тауарларды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасының аумағында аталған тауарлар бойынша акциз төленбесе, тәркiленген, иесi жоқ акцизделетiн тауарларды, сондай-ақ мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетiн тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) Қазақстан Республикасының аумағында қызметтiң акцизделетiн түрлерiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушiлер болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, резидент емес заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.
257-бап. Акцизделетiн тауарлар мен қызмет түрлерiнiң тiзбесi
1. Мыналар:
1) спирттің барлық түрлерi;
2) алкоголь өнiмi;
3) темекi бұйымдары;
4) құрамында темекi бар басқа бұйымдар;
5) бекiре және қызыл балық уылдырығы;
6) алтыннан, платинадан немесе күмiстен жасалған зергерлiк бұйымдар;
7) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны;
8) жеңiл автомобильдер (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын автомобильдерден басқа);
9) атыс және газ қарулары (мемлекеттiк билiк органдарының қажеттiлiктерi үшiн алынғандардан басқа);
10) газ конденсатын қоса алғанда, шикi мұнай акцизделетiн тауарлар болып табылады.
2. Қызметтің акцизделетiн түрлерi мыналар болып табылады:
1) ойын бизнесi;
2) лотереяны ұйымдастыру мен өткiзу.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 258-бап өзгертілді
258-бап. Акциз ставкалары
1. Акциз ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және тауар құнына процентпен (адвалорлық) және (немесе) заттай нысандағы өлшем бiрлiгiне абсолюттiк сомада (тұрлаулы) белгiленедi.
2. Алкоголь өнiмiне акциздер ставкасы осы баптың 1-тармағына сәйкес не онда су араластырылмаған (жүз проценттiк) спирттiң болу көлемiне байланысты бекiтiледi.
3. Спирттiң барлық түрлерiне акциз ставкалары спирттiң бұдан әрi пайдаланылу мақсаттарына қарай сараланады.
Алкоголь өнiмдерiн өндiру үшiн өткiзілетiн спиртке акциз ставкасы алкоголь өнiмдерiн өндiру үшiн пайдаланбайтын адамдарға өткiзiлетiн спиртке белгiленетiн базалық ставкадан төмен белгiленуi мүмкiн.
4. Ойын бизнесi объектілерiне акциздiң базалық ставкасының ең жоғары және ең төмен шектерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр жылға есептеп белгiлейдi.
Жергiлiктi өкiлдi органдар ойын бизнесi объектiлерiне белгiленген базалық ставкалар шегiнде қызметiн бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жүзеге асыратын барлық салық төлеушiлер үшiн бiрыңғай акциз ставкасын белгiлейдi.
5. Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жеке тұлғалар оңайлатылған тәртiппен өткiзетiн акцизделетiн тауарларға акциз ставкалары осы баптың 1-тармағына сәйкес белгiленедi және осы Кодекстiң 516-бабының 2-тармағына сәйкес жиынтық кедендiк төлем құрамына қосылуы мүмкiн, оның мөлшерi Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес айқындалады.
43-тарау. Қазақстан Республикасында өндірілетін,
өткізілетін акцизделетін тауарларға және
акцизделетін қызмет түрлеріне салық салу
259-бап. Салық салу объектiсi
1. Мыналар:
1) акциз төлеушiнiң өзi жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйылған акцизделетiн тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялары:
акцизделетiн тауарларды өткiзуi;
акцизделетiн тауарларды алыс-берiс негiзiнде ұқсатуға беруi;
алыс-берiс, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды ұқсату өнiмдерi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беруi;
жарғылық капиталға жарнасы;
заттай ақы төлеген кезде акцизделетiн тауарларды пайдалануы;
тауар өндiрушiнiң акцизделетiн тауарларды өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне тиеп жөнелтуi;
тауар өндiрушiлердің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйылған тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдалануы;
2) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткiзуi;
3) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзуi;
4) тәркiленген және (немесе) иесi жоқ, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделген тауарларды өткiзуi;
5) ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыруы;
6) лотереяларды ұйымдастыруы және өткiзуi;
7) акцизделетiн тауарлардың, акциз алымы маркаларының бүлiнуi, жоғалуы акциз алынатын объект болып табылады.
2. Мыналарға:
1) егер осы Кодекстiң 268-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетiн тауарлардың экспортына;
2) этил спиртiн өндiрудi және оның айналымын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтiн квоталар шегiндегi этил спиртi:
тауар өндiрушiде аталған өнiмдi өндiру құқығына Қазақстан Республикасының лицензиясы бар болған жағдайда емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек әзiрлеу үшiн;
мемлекеттiк медицина мекемелерiне босатылса;
3) тұтынушының сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дәрiлiк құрал ретiнде тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы (бальзамнан басқа) өнiмге акциз салынбауға тиiс.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 260-бап өзгертілді
260-бап. Операция жасалған күн
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, барлық жағдайларда акцизделетiн тауарларды алушыға тиеп жөнелту (беру) күнi операция жасалған күн болып табылады.
2. Тауар өндiрушi өзi өндiрген акцизделетiн тауарларды өзiнiң құрылымдық бөлiмшелер желiсi арқылы өткiзген жағдайда тауарларды құрылымдық бөлiмшелерге тиеп жөнелткен күн операция жасалған күн болып табылады.
3. Акцизделетiн алыс-берiс тауарларын беру кезiнде аталған тауарларды мердiгерге (ұқсатушыға) берген күн операция жасалған күн болып табылады.
Алыс-берiс тауарларынан акцизделетiн тауарлар әзiрленген кезде әзiрленген акцизделетiн тауарларды тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға берген күн операция жасалған күн болып табылады.
4. Акцизделетiн тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк қажеттерiне пайдаланған кезде аталған тауарларды осындай пайдалануға берген күн операция жасалған күн болып табылады.
5. Лотерея ұйымдастырған және өткiзген жағдайда салық органында лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеген күн операция жасалған күн болып табылады.
6. Акцизделетiн өнiм, акциз алымы маркалары бүлiнген жағдайда бүлiнген акцизделетiн өнiмдi (акциз алымы маркаларын) есептен шығару туралы акт жасалған күн немесе оны өндiрiстiк процесте одан әрi пайдалану туралы шешiм қабылданған күн операция жасалған күн болып табылады.
Акцизделетiн тауарлар, акциз алымы маркалары жоғалған жағдайда акцизделетiн тауарлар, акциз алымы маркалары жоғалған күн операция жасалған күн болып табылады.
261-бап. Салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкасы белгiленген акцизделетiн тауарлар бойынша салық базасы өндiрiлген, өткiзiлген заттай нысандағы акцизделетiн тауарлар көлемi ретiнде белгiленедi.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарлар бойынша салық базасы өндiрушi осы тауарды акциздер мен қосылған құн салығын енгiзбей беретiн бағалар бойынша анықталатын өндiрiлген, өткiзiлген акцизделетiн тауарлар құны ретiнде белгiленедi.
3. Лотереяларды ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiндегi салық базасы лотереяны ұйымдастырушы салық органында лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеген кезде жүлде қорына жатқызылатын сома алып тасталған, оған акциз сомасы қосылмай мәлімделген түсім сомасы ретiнде анықталады және шығарылым тiркелгеннен кейiн ол өзгертiлмеуге тиiс.
262-бап. Түрлi ставкалар белгiленген жағдайда спирттiң барлық түрiне салық салу ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстiң 258-бабының 3-тармағына сәйкес спирттiң барлық түрiне әртүрлi акциз ставкалары белгiленген жағдайда, салық базасы сол бiр ставкамен салық салынатын операциялар бойынша жеке-жеке анықталады.
2. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер базалық ставкадан төмен акцизбен сатып алған спирттi алкоголь өнiмiн өндiруден басқа мақсатқа пайдаланған кезде осы спирт бойынша акциз сомасы алкоголь өнiмiн өндiрушiсi болып табылмайтын тұлғаларға сатылатын спирттiң барлық түрлерi үшiн белгiленген акциздiң базалық ставкасы бойынша қайта есептеліп, бюджетке төленуге тиiс. Қайта есептеу мен салық төлеудi спирттi алушы жүргiзедi.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелерi емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек өндiру және медициналық қызмет көрсету үшiн алынған спирт мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда да қолданылады. Осы спирт бойынша емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек өндiрушiлер мен спирттi акцизсiз алған мемлекеттiк медициналық мекемелер акциз төлеушiлер болып табылады.
263-бап. Акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы
1. Төтенше оқиғалар салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бүлiнген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленедi.
Осы ереже одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны бүлiнген, жоғалған жағдайда да қолданылады.
2. Осы баптың мақсаты үшiн акцизделетiн өнiмнiң бүлiнуi, жоғалуы болып осы Кодекстiң 237-бабының 2-тармағында сипатталған оқиғалар ұғылады.
264-бап. Акциз алымы маркаларының бүлiнуi, жоғалуы
1. Осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, акциз алымы маркалары жоғалған, бүлiнген кезде акциз мәлiмделген ассортимент мөлшерiнде төленедi.
Осы Кодекстiң 549-бабына сәйкес алкоголь өнiмiн таңбалауға арналған акциз алымының бүлiнген немесе жоғалған (оның iшiнде ұрланған) маркалары бойынша акциздi есептеу маркада көрсетiлген сауыттың (ыдыстың) көлемiне қолданылатын белгiленген ставка негiзге алынып жүргiзiледi.
Маркада сауыттың (ыдыстың) көлемi белгiленбеген жағдайда акциз алымының бүлiнген немесе жоғалған маркалары бойынша акциздi есептеу акциз алымы маркалары бүлiнген, жоғалған кезеңнiң алдындағы салық кезеңi iшiнде өнiм құю (орау) жүргiзiлген сауыттың (ыдыстың) неғұрлым үлкен көлемi негiзге алынып жүргiзiледi.
2. Акциз алымы маркалары бүлiнген, жоғалған кезде мынадай жағдайларда:
1) акциз алымы маркалары төтенше жағдайлар салдарынан бүлiнсе, жоғалса;
2) акциз алымының бүлiнген маркаларын салық органдары жоюға жасалған есептен шығару актiсi негiзiнде қабылдаса, акциз төленбейдi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын көтерме және бөлшек саудада өткiзуге жатқызу өлшемдерi
1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы аталған акцизделетiн тауарларды қабылдауға және оларды одан әрi өткiзу үшiн пайдалануға мiндеттенсе, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:
Көтере өткізу саласына одан әрі өткізу үшін құрылымдық бөлімшелерге бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын тиеп жөнелту де жатқызылады.
1) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын өндiрушi;
2) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын одан әрi өткiзу мақсатында сатып алуды не олардың импортын жүзеге асырған салық төлеушi өнiм берушiлер болып табылған жағдайда, бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өткiзу көтерме саудада өткiзу саласына жатқызылады.
2. Бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын бөлшек саудада өткiзу саласына осы баптың 1-тармағында аталған берушiлер жүзеге асыратын мынадай:
1) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын заңды тұлғаларға (оның iшiнде шетелдiк заңды тұлғаларға) және жеке кәсiпкерлерге олардың өндiрiстiк қажеттерi үшiн өткiзу;
2) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын жеке тұлғаларға өткiзу;
3) өндiрiлген немесе одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын өзiнiң өндiрiстiк қажеттерiне пайдалану операциялары жатады.
266-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызметке салық салу
1. Ойын бизнесi (лотереяларды қоспағанда) саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде мыналар:
1) ойын столы;
2) ақшалай ұтысы бар ойын автоматы;
3) тотализатор кассасы;
4) букмекер кеңселерiнiң кассасы салық салу объектiсi болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ұғымдар осы Кодекстiң 391-бабымен анықталады.
267-бап. Лотереяларды ұйымдастыруға және өткiзуге салық салу
1. Лотерея ұйымдастырушысының лотерея билеттерiн сатуға шығаруы лотерея бойынша салық салу объектiсi болып табылады.
Осы баптың мақсаттары үшiн лотерея ұйымдастырушысы өткiзуге әзiрлеген лотерея билеттерiнiң саны сатуға шығару деп ұғылады.
2. Лотерея билеттерiн сатуға шығарудың әрбiр шығарылымы және оның ақша түрiндегi көлемi лотерея билеттерiн өткiзу басталғанға дейiн он күнтiзбелiк күннен кешiктiрiлмей салық органдарында мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.
Лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңымен 268-бап өзгертілді
268-бап. Акцизделетiн тауарлар экспортын растау
1. Акцизделетiн тауарларды экспортқа өткiзу кезiнде осы Кодекстiң 259-бабының 2-тармағына сәйкес салық салудан босатудың негiздiлiгiн растау үшiн салық төлеушi тiркелген орны бойынша салық органына алпыс жұмыс күнiнің ішінде міндетті түрде мына құжаттарды:
1) экспортталатын акцизделетiн тауарларды беруге шартты (келiсiм-шартты);
2) акцизделетiн тауарларды экспорт режимiнде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгiлерi бар кедендiк жүк декларациясын немесе оның кеден органы куәландырған көшiрмесiн табыс етедi.
Акцизделетiн тауарларды экспорт режимiнде магистральдық құбыр жүйесiмен не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмiн қолдана отырып әкеткен жағдайда кеден ресiмдеуiн жүргiзген кеден органының белгiлерi соғылған толық кедендiк жүк декларациясы экспортты куәландыру болып табылады;
3) Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткiзу пунктiнде орналасқан кеден органының белгiсi соғылған тауарға iлеспе құжаттардың көшiрмелерiн табыс етедi.
Акцизделетiн тауарларды экспорт режимiнде магистральдық құбыр жүйесiмен әкеткен жағдайда тауарға iлеспе құжаттар көшiрмелерiнің орнына тауарларды қабылдау-тапсыру актiсi табыс етiледi;
4) салық төлеушiнің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасында ашылған шоттарына акцизделетiн тауарлар өткізуден түскен нақты түсiмді растайтын төлем құжаттары мен банк көшiрмесiн табыс етедi.
2. Қазақстан Республикасы акцизделетiн тауарлар экспортын акцизден босатуды көздейтiн халықаралық шарттар жасасқан Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге акцизделетiн тауарлар экспортталған кезде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан экспорт режимiнде әкетiлген акцизделетiн тауарларды импорттаған елде ресiмделген кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi қосымша табыс етiледi.
3. Акцизделетiн тауарларды экспортқа өткiзу осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес расталмаған жағдайда, мұндай өткiзуге Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарларды өткiзу үшiн осы тарауда белгiленген тәртiппен акциз салынуға тиiс.
269-бап. Акциз сомасын есептеу
1. Акциз сомасын есептеу белгiленген акциз ставкасын салық базасына қолдану арқылы жүргiзiледi.
2. Ойын бизнесi бойынша акциз сомасын есептеу салық кезеңiне белгiленген акциз ставкасын салық салынатын объектiлердiң санына қолдану арқылы анықталады.
Салық кезеңiнде салық салынатын объектiлердiң саны өзгерсе, енгiзiлген (шығып қалған) объектiге акциз сомасы толық көлемде төленедi.
270-бап. Салықтан шегеру
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 269-бабына сәйкес белгiленген салық сомасын осы бапта белгiленген шегерiмдерге кемiтуге құқығы бар.
2. Акцизделетiн тауарларды (спирттiң барлық түрiн және газ конденсатымен бiрге мұнайды қоспағанда) сатып алған немесе оны Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттаған кезде, егер аталған тауарлар бұдан әрi акцизделетiн тауарлар өндiру үшiн негiзгi шикiзат ретiнде пайдаланылған болса, Қазақстан Республикасының аумағында төленген акциз сомалары шегерiлуге тиiс.
Осы тармаққа сәйкес салық кезеңiнде акцизделетiн тауарлар дайындауға нақты пайдаланылған акцизделетiн шикiзат көлемi негiзге алынып анықталған акциз сомасына шегерiм жасалады.
Осы баптың ережелерi акцизделетiн алыс-берiс шикiзаты мен материалдарынан дайындалған акцизделетiн тауарларды беру кезiнде де, акцизделетiн алыс-берiс шикiзаты мен материалдарының меншiк иесi акциздiң төленгенiн растаған жағдайда қолданылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 271-бап өзгертілді
271-бап. Акциз төлеу мерзiмдерi
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акцизделетiн тауарларға акциз:
1) салық кезеңінің алғашқы он күні ішінде жасалған операциялар бойынша айдың он үшінші күнінен;
2) салық кезеңінің екiншi он күні ішінде жасалған операциялар бойынша айдың жиырма үшiншi күнінен;
3) салық кезеңiнiң қалған күндерінде жасалған операциялар бойынша есептi айдан кейiнгi айдың үшiншi күнінен кешiктiрiлмей бюджетке аударылуға тиiс.
2. Алыс-берiс шикiзаты мен материалдарынан өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бойынша акциз тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға өнiм берiлген күнi төленедi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген газ конденсатын қоса алғанда шикi мұнайды өнеркәсiптiк ұқсатуға берген кезде акциз ол берiлген күнi төленедi.
4 алып тасталды
1) салық кезеңiнiң алғашқы он күнiнде жасалған операциялар бойынша айдың он үшiншi күнiнен;
2) салық кезеңiнiң екiншi он күнiнде жасалған операциялар бойынша айдың жиырма үшiншi күнiнен;
3) салық кезеңiнiң қалған күндерiнде жасалған операциялар бойынша есептi айдан кейiнгi айдың үшiншi күнiнен кешiктiрiлмей бюджетке аударылуға тиiс.
5. Өз өндiрiсiнің акциз салынуға тиiстi шикiзатынан акцизделетiн тауарлар өндiрген кезде осы шикiзатқа акцизделетiн дайын тауарлар бойынша акциз төлеуге белгiленген мерзiмде акциз төленедi.
6. Ойын бизнесi бойынша акциз осы Кодекстiң 395-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде төленедi.
7. Лотерея ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудан түскен акциз осы Кодекстiң 267-бабына сәйкес жүзеге асырылатын лотерея билеттерiн сатуға шығару тiркелген күнге дейiн немесе тiркелген күнi төленедi.
272-бап. Акциз төленетiн жер
1. Акциз төлеу осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, акциз төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша жүргiзiледi.
2. Құрылымдық бөлiмшелерi бар акциз төлеушiлер, егер олар:
1) осы Кодекстiң 257-бабы 1-тармағының 1)-2) тармақшаларында көрсетiлген акцизделетiн тауарларды өндiрудi және (немесе) оларды құюды;
2) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын болса, осы Кодекстiң 273-бабында көзделген тәртiппен құрылымдық бөлiмшелердің орналасқан жерi бойынша акциз төлейдi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 273-бап өзгертілді
273-бап. Салық төлеушiлердiң құрылымдық бөлiмшелерi үшiн акциз есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Осы Кодекстiң 272-бабының 2-тармағында көрсетiлген және құрылымдық бөлiмшелерi бар акциз төлеушiлер құрылымдық бөлiмшелердi олардың орналасқан жерi бойынша салық органдарында тiркеу есебiне қоюға және өзiнің құрылымдық бөлiмшелерiн тiркеу есебiне қойғаны туралы өзi тiркелген жерi бойынша салық органына хабарлауға мiндеттi.
2. Құрылымдық бөлiмше үшiн төленуге тиiс акциз сомасы әр құрылымдық бөлiмше бойынша жасалған құрылымдық бөлiмше жөнiндегi акциз есебi негiзiнде анықталады.
3. Акциз есебiн құрылымдық бөлiмшелер бойынша жасаған кезде акциз салынған және салық кезеңi iшiнде құрылымдық бөлiмшелер жүргiзген операциялар ескерiледi.
4. Акциз төлеушiлер құрылымдық бөлiмшелерi үшiн төлеуге тиiс акциз сомалары бойынша есептi құрылымдық бөлiмшенің тiркелген жерi бойынша салық органына осы Кодекстің 275-бабында белгiленген мерзiмдерде табыс етуге мiндеттi.
5. Ағымдағы төлемдердi қоса алғанда, құрылымдық бөлiмшелер үшiн акциз төлеудi акциз төлеушi заңды тұлға тiкелей өзiнiң есеп шотынан төлейдi немесе ол құрылымдық бөлiмшеге жүктеледi.