2) ауылшаруашылық техникасының;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамының;
3-1) тiкұшақтар мен ұшақтардың;
3-2) темiр жол локомотивтерi мен вагондардың;
4) өзінің өндірістік мұқтажы үшін әкелінетін қосалқы бөлшектердің импорты бойынша белгіленген тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төленеді.
Аталған тауарлар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қосылған құн салығын төлеушi кеден органына қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлiктiң көшiрмесiн, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша декларацияда осы баптың 1-тармағында аталған тауарлардың импорты бойынша төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасын көрсету жөнiндегi мiндеттеменi табыс етедi.
Мiндеттеме уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда екi дана етiп толтырылады.
Мiндеттеме негiзiнде тауарларды еркiн айналысқа шығару - белгiленген тәртiппен кеден төлемдерiн, ал акцизделетiн тауарлар бойынша акциздердi де төлеген жағдайда, қосылған құн салығы iс жүзiнде төленбей жүргiзiледi.
3. Мiндеттемеде көрсетiлген қосылған құн салығының сомасы қосылған құн салығы жөнiндегi декларацияда осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес бiр мезгiлде есепке жатқызыла отырып, салықтың есептелген сомасы ретiнде көрсетiледi.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған тауарларды одан әрi пайдалануға осы Кодекске сәйкес қосылған құн салығы салынуға тиiс.
41-тарау. Қосылған құн салығы бойынша
бюджетпен өзара қатынас
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 251-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
251-бап. Есепке жатқызылған салық сомасы салық кезеңi iшiнде есептелген салық сомасынан асып кеткен жағдайларда бюджетпен өзара қатынас
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, есепке жатқызылған салық сомасының салық кезеңi iшiнде есептелген салық сомасынан асып кетуi қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдердiң есебiне жатқызылады.
2. Нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша осы баптың 1-тармағында аталған асып кету сомасы, егер де мына шарттар орындалатын болса:
1) қосылған құн салығын төлеушi нөлдiк ставка бойынша салық салынатын тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) тұрақты өткiзудi жүзеге асырып отырса;
2) қайтарып алуға өтiнiш берген айдың алдындағы үш айдың әрқайсысы үшiн нөлдiк ставка бойынша салық салынатын өткiзу жөнiндегi айналым өткiзу бойынша жалпы салық салынатын айналымның кемiнде 70 процентi болса, қосылған құн салығын төлеушiге осы Кодекстің 252-бабында белгiленген тәртiппен қайтарылады.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар орындалмаған жағдайда, асып кеткен сома қосылған құн салығын төлеушiге оның өткен салық кезеңдерi үшiн қосылған құн салығы бойынша мiндеттемелерiн есепке ала отырып, нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымының мақсаттары үшiн пайдаланылған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша есепке жатқызылған салық сомасы бөлiгiнде қайтарылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес қайтарылуға тиiс қосылған құн салығының сомасын анықтау кезiнде салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ашылған банк шоттарына валюталық түсiм түсiрген тауарлардың экспорты есепке алынады.
5. Егер нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдары бар қосылған құн салығын төлеушi қосылған құн салығының сомасын қайтару туралы салық органына өтiнiш жасамаса, онда осы баптың 2-тармағында аталған асып кету сомасы есептi салық кезеңiнен кейiнгi салық кезеңiнде қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер есебiне есепке жатқызылады.
6. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған жағдайлардан басқа мынадай жағдайларда:
1) грант қаражаттары есебiнен алынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) берушiлерге осы Кодекстiң 253-бабында көзделген тәртiппен төленген;
2) дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге ресми пайдалануға, сондай-ақ осы өкiлдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiне, олармен бiрге тұратын отбасыларының мүшелерiн қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулердi) берушiлерге осы Кодекстiң 254-бабында көзделген жағдайларда төлеген қосылған құн салығы;
3) бюджетке артық төленген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 39 және 40-баптарында белгiленген тәртiппен қайтарылуға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 252-бап өзгертілді
252-бап. Нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдар
бойынша қосылған құн салығын қайтару
1. Нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша қосылған құн салығын қайтару салық органы қосылған құн салығын төлеушiнiң уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша салықты қайтару туралы өтiнiшiн алған кезден бастап алпыс жұмыс күнi iшiнде және:
1) салық кезеңi iшiндегi қосылған құн салығы жөнiндегi декларация;
2) осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес тауарларды экспорттың растау үшiн қажет құжаттар
3) салық органы жүргiзген салық тексеру актiсiне сәйкес қайтаруға ұсынылған салық сомасының дұрыстығын растау негiзiнде жүргiзiледi.
2. Қосылған құн салығын қайтару:
1) қосылған құн салығын осы салықты төлеушiнiң аталған салық пен салықтың басқа да түрлерi бойынша салық берешегiн өтеу есебiне есепке жатқызу;
2) тауарлардың импорты кезiнде төленуге тиiс қосылған құн салығының есебiне есепке жатқызу;
3) осы Кодекстiң 221-бабына сәйкес төленуге тиiс қосылған құн салығының есебiне есепке жатқызу;
4) қосылған құн салығын төлеушiнiң банк шотына ақша аудару арқылы жүргiзiледi.
Осы тармаққа сәйкес қосылған құн салығын қайтару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
3. Қосылған құн салығын төлеушiнің банк шотына қосылған құн салығын қайтару оның салықтар бойынша мемлекеттiк бюджетке салық берешегi болмаған кезде жүргiзiледi.
Басқа салықтар бойынша салық берешегi болған жағдайда, бюджеттен қайтарылуға тиiстi салық сомасы осы берешектi өтеуге жатқызылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде қосылған құн салығын төлеушiнің берушiлерi қарсы салық тексеруiн өткiзу барысында анықталған бұзушылықтарды жоймаса, мұндай қосылған құн салығын төлеушiлерге салықты қайтару бұзушылықтар анықталмаған не бұзушылықтар жойылған сомалар шегiнде жасалады.
Осы бапқа сәйкес расталған, бірақ белгіленген мерзімдерде қайтарылмаған қосылған құн салығының сомасына бұзылған қайтару мерзімінің әрбір күні үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландыру ставкасының 2 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау үшiн берушiге тексеру тағайындау туралы шешiм уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен, мынадай жағдайлар:
1) бұл салық төлеушiнің қосылған құн салығын қайтаруға өтiнiш беру кезiнiң алдындағы он екi ай кезеңi ішінде аталған салық төлеушiге айына кемінде бiр рет талаптар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткiзудi жүзеге асырған өнiм берушiлерге , сондай-ақ электр және жылу энергиясын, суды, газды, байланыс қызметін жеткізушілерге қарсы тексеру жасалмайтыны;
2) қосылған құн салығы 1 миллион теңгеден астам сомаға көрсетiлiп шот-фактура жазған берушiлер (жоғарыда аталғандарды қоспағанда) мiндеттi тексеруге жататыны ескерiле отырып қабылданады.
5. Осы бапта көзделген қосылған құн салығы:
1) шағын бизнес субъектiлерi;
2) шаруа (фермер) қожалықтары;
3) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғалар үшiн белгiленген арнаулы салық режимiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушiлерге қайтарылмайды.
253-бап. Грант қаражаттары есебiнен сатып алынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару
1. Грант қаражаттары есебiнен алынатын тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушiлерге төленген қосылған құн салығын, егер бiр мезгiлде мынадай шарттар сақталса:
1) тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) алынатын грант қаражаттары мемлекеттер, мемлекеттер үкiметтерi, халықаралық ұйымдар желiсi бойынша берiлсе;
2) тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тек грант мақсаттарын iске асыру үшiн ғана алынса;
3) тауарларды өткiзу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету грант алушымен не грант мақсаттарын жүзеге асыру үшiн грант алушы тағайындаған орындаушымен жасалған шартқа (келiсiм-шартқа) сәйкес жүзеге асырылса, салық органдары отыз жұмыс күнi ішiнде қайтарады.
2. Осы бапқа сәйкес грант алушыларға қосылған құн салығын қайтару осы Кодекстің 252-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген тәртiппен, қосылған құн салығы грант қаражаттары есебiнен төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жүргiзiледi. Қосылған құн салығының грант қаражаттары есебiнен төленгенiн растайтын құжаттардың тiзбесiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 254-бап өзгертілді
254-бап. Қосылған құн салығын Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге қайтару
1. Осы Кодекстің 251-бабы 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген қосылған құн салығын қайтару Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда мұндай қайтару көзделген жағдайда жүргiзiледi.
2. Қосылған құн салығы сомаларын Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге қайтару осы дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер жасаған жиынтық ведомостардың (тiзiлiмдердiң) және қосылған құн салығының төленген фактiсiн растайтын құжаттардың (шот-фактуралардың, чектердiң және т.б.) көшiрмелерi негiзiнде жүзеге асырылады.
Жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда орындалып, дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер жанама салықтар (қосылған құн салығы және акциз) бойынша жеңілдiктер беру кезiнде өзара түсiнiстiк принципiн сақтау жөнiндегi Ноталармен алмасуды растау үшiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне табыс етедi. Расталғаннан кейiн жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) уәкiлеттi мемлекеттiк орган қайтару жүргiзудi белгiлейтiн салық органына тапсырылуға тиiс.
Егер жиынтық ведомостарға (тiзiлiмдерге) қоса тiркелетiн құжаттарда қосылған құн салығының сомалары жеке жолмен бөлiнiп көрсетiлмесе, салық бойынша қайтарымды алу құқығы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушiлерден олардың қосылған құн салығын шот-фактураға енгiзуi туралы растауы алынған кезде ғана мүмкiн болады.
3. Салық органдары дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге салықты қайтаруды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнен жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) алғаннан кейiн отыз жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
Бюджеттен қайтарылуға тиiс салық сомалары дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және (немесе) осы өкiлдiктердiң дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық қызметшiлерiнiң тиiстi шотына аударылады.
9-бөлім. Акциздер
42-тарау. Жалпы ережелер
255-бап. Акциздердi қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға, сондай-ақ тiзбесi осы Кодекстiң 257-бабында анықталған қызмет түрлерiне акциз салынады.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 256-бап өзгертілді
256-бап. Төлеушiлер
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделген тауарларды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасының аумағында аталған тауарлар бойынша акциз төленбесе, тәркiленген, иесi жоқ акцизделетiн тауарларды, сондай-ақ мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетiн тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) Қазақстан Республикасының аумағында қызметтiң акцизделетiн түрлерiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушiлер болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, резидент емес заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 257-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
257-бап. Акцизделетiн тауарлар мен қызмет түрлерiнiң тiзбесi
1. Мыналар:
1) спирттің барлық түрлерi;
2) алкоголь өнiмi;
3) темекi бұйымдары;
4) құрамында темекi бар басқа бұйымдар;
5) бекiре және қызыл балық уылдырығы;
6) алып тасталды
7) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны;
8) жеңiл автомобильдер (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын автомобильдерден басқа);
9) атыс және газ қарулары (мемлекеттiк билiк органдарының қажеттiлiктерi үшiн алынғандардан басқа);
10) газ конденсатын қоса алғанда, шикi мұнай акцизделетiн тауарлар болып табылады.
2. Қызметтің акцизделетiн түрлерi мыналар болып табылады:
1) ойын бизнесi;
2) лотереяны ұйымдастыру мен өткiзу.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 258-бап өзгертілді
258-бап. Акциз ставкалары
1. Акциз ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және тауар құнына процентпен (адвалорлық) және (немесе) заттай нысандағы өлшем бiрлiгiне абсолюттiк сомада (тұрлаулы) белгiленедi.
2. Алкоголь өнiмiне акциздер ставкасы осы баптың 1-тармағына сәйкес не онда су араластырылмаған (жүз проценттiк) спирттiң болу көлемiне байланысты бекiтiледi.
3. Спирттiң барлық түрлерiне акциз ставкалары спирттiң бұдан әрi пайдаланылу мақсаттарына қарай сараланады.
Алкоголь өнiмдерiн өндiру үшiн өткiзілетiн спиртке акциз ставкасы алкоголь өнiмдерiн өндiру үшiн пайдаланбайтын адамдарға өткiзiлетiн спиртке белгiленетiн базалық ставкадан төмен белгiленуi мүмкiн.
4. Ойын бизнесi объектілерiне акциздiң базалық ставкасының ең жоғары және ең төмен шектерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр жылға есептеп белгiлейдi.
Жергiлiктi өкiлдi органдар ойын бизнесi объектiлерiне белгiленген базалық ставкалар шегiнде қызметiн бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жүзеге асыратын барлық салық төлеушiлер үшiн бiрыңғай акциз ставкасын белгiлейдi.
5. Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жеке тұлғалар оңайлатылған тәртiппен өткiзетiн акцизделетiн тауарларға акциз ставкалары осы баптың 1-тармағына сәйкес белгiленедi және осы Кодекстiң 516-бабының 2-тармағына сәйкес жиынтық кедендiк төлем құрамына қосылуы мүмкiн, оның мөлшерi Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес айқындалады.
43-тарау. Қазақстан Республикасында өндірілетін,
өткізілетін акцизделетін тауарларға және
акцизделетін қызмет түрлеріне салық салу
259-бап. Салық салу объектiсi
1. Мыналар:
1) акциз төлеушiнiң өзi жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйылған акцизделетiн тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялары:
акцизделетiн тауарларды өткiзуi;
акцизделетiн тауарларды алыс-берiс негiзiнде ұқсатуға беруi;
алыс-берiс, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды ұқсату өнiмдерi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беруi;
жарғылық капиталға жарнасы;
заттай ақы төлеген кезде акцизделетiн тауарларды пайдалануы;
тауар өндiрушiнiң акцизделетiн тауарларды өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне тиеп жөнелтуi;
тауар өндiрушiлердің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйылған тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдалануы;
2) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткiзуi;
3) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзуi;
4) тәркiленген және (немесе) иесi жоқ, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделген тауарларды өткiзуi;
5) ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыруы;
6) лотереяларды ұйымдастыруы және өткiзуi;
7) акцизделетiн тауарлардың, акциз маркаларының бүлiнуi, жоғалуы акциз алынатын объект болып табылады.
2. Мыналарға:
1) егер осы Кодекстiң 268-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетiн тауарлардың экспортына;
2) этил спиртiн өндiрудi және оның айналымын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтiн квоталар шегiндегi этил спиртi:
тауар өндiрушiде аталған өнiмдi өндiру құқығына Қазақстан Республикасының лицензиясы бар болған жағдайда емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек әзiрлеу үшiн;
мемлекеттiк медицина мекемелерiне босатылса;
3) тұтынушының сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дәрiлiк құрал ретiнде тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы (бальзамнан басқа) өнiмге акциз салынбауға тиiс.
ҚР 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 260-бап өзгертілді
260-бап. Операция жасалған күн
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, барлық жағдайларда акцизделетiн тауарларды алушыға тиеп жөнелту (беру) күнi операция жасалған күн болып табылады.
2. Тауар өндiрушi өзi өндiрген акцизделетiн тауарларды өзiнiң құрылымдық бөлiмшелер желiсi арқылы өткiзген жағдайда тауарларды құрылымдық бөлiмшелерге тиеп жөнелткен күн операция жасалған күн болып табылады.
3. Акцизделетiн алыс-берiс тауарларын беру кезiнде аталған тауарларды мердiгерге (ұқсатушыға) берген күн операция жасалған күн болып табылады.
Алыс-берiс тауарларынан акцизделетiн тауарлар әзiрленген кезде әзiрленген акцизделетiн тауарларды тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға берген күн операция жасалған күн болып табылады.
4. Акцизделетiн тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк қажеттерiне пайдаланған кезде аталған тауарларды осындай пайдалануға берген күн операция жасалған күн болып табылады.
5. Лотерея ұйымдастырған және өткiзген жағдайда салық органында лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеген күн операция жасалған күн болып табылады.
6. Акцизделетiн өнiм, акциз маркалары бүлiнген жағдайда бүлiнген акцизделетiн өнiмдi (акциз маркаларын) есептен шығару туралы акт жасалған күн немесе оны өндiрiстiк процесте одан әрi пайдалану туралы шешiм қабылданған күн операция жасалған күн болып табылады.
Акцизделетiн тауарлар, акциз маркалары жоғалған жағдайда акцизделетiн тауарлар, акциз маркалары жоғалған күн операция жасалған күн болып табылады.
261-бап. Салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкасы белгiленген акцизделетiн тауарлар бойынша салық базасы өндiрiлген, өткiзiлген заттай нысандағы акцизделетiн тауарлар көлемi ретiнде белгiленедi.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарлар бойынша салық базасы өндiрушi осы тауарды акциздер мен қосылған құн салығын енгiзбей беретiн бағалар бойынша анықталатын өндiрiлген, өткiзiлген акцизделетiн тауарлар құны ретiнде белгiленедi.
3. Лотереяларды ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiндегi салық базасы лотереяны ұйымдастырушы салық органында лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеген кезде жүлде қорына жатқызылатын сома алып тасталған, оған акциз сомасы қосылмай мәлімделген түсім сомасы ретiнде анықталады және шығарылым тiркелгеннен кейiн ол өзгертiлмеуге тиiс.
262-бап. Түрлi ставкалар белгiленген жағдайда спирттiң барлық түрiне салық салу ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстiң 258-бабының 3-тармағына сәйкес спирттiң барлық түрiне әртүрлi акциз ставкалары белгiленген жағдайда, салық базасы сол бiр ставкамен салық салынатын операциялар бойынша жеке-жеке анықталады.
2. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер базалық ставкадан төмен акцизбен сатып алған спирттi алкоголь өнiмiн өндiруден басқа мақсатқа пайдаланған кезде осы спирт бойынша акциз сомасы алкоголь өнiмiн өндiрушiсi болып табылмайтын тұлғаларға сатылатын спирттiң барлық түрлерi үшiн белгiленген акциздiң базалық ставкасы бойынша қайта есептеліп, бюджетке төленуге тиiс. Қайта есептеу мен салық төлеудi спирттi алушы жүргiзедi.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелерi емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек өндiру және медициналық қызмет көрсету үшiн алынған спирт мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда да қолданылады. Осы спирт бойынша емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек өндiрушiлер мен спирттi акцизсiз алған мемлекеттiк медициналық мекемелер акциз төлеушiлер болып табылады.
263-бап. Акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы
1. Төтенше оқиғалар салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бүлiнген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленедi.
Осы ереже одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны бүлiнген, жоғалған жағдайда да қолданылады.
2. Осы баптың мақсаты үшiн акцизделетiн өнiмнiң бүлiнуi, жоғалуы болып осы Кодекстiң 237-бабының 2-тармағында сипатталған оқиғалар ұғылады.
264-бап. Акциз маркаларының бүлiнуi, жоғалуы
1. Осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, акциздiк маркалар жоғалған, бүлiнген кезде акциз мәлiмделген ассортимент мөлшерiнде төленедi.
Осы Кодекстiң 549-бабына сәйкес алкоголь өнiмiн таңбалауға арналған бүлінген немесе жоғалған (оның iшiнде ұрланған) акциздiк маркалар бойынша акциздi есептеу маркада көрсетiлген сауыттың (ыдыстың) көлемiне қолданылатын белгiленген ставка негiзге алынып жүргiзiледi.
Маркада сауыттың (ыдыстың) көлемi белгiленбеген жағдайда бүлiнген немеce жоғалған акциздiк маркалары бойынша акциздi есептеу акциз маркалары бүлiнген, жоғалған кезеңнiң алдындағы салық кезеңi iшiнде өнiм құю (орау) жүргiзiлген сауыттың (ыдыстың) неғұрлым үлкен көлемi негiзге алынып жүргiзiледi.
2. Акциз маркалары бүлiнген, жоғалған кезде мынадай жағдайларда:
1) акциз маркалары төтенше жағдайлар салдарынан бүлiнсе, жоғалса;
2) бүлiнген акциз маркаларын салық органдары жоюға жасалған есептен шығару актiсi негiзiнде қабылдаса, акциз төленбейдi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын көтерме және бөлшек саудада өткiзуге жатқызу өлшемдерi
1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы аталған акцизделетiн тауарларды қабылдауға және оларды одан әрi өткiзу үшiн пайдалануға мiндеттенсе, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:
Көтере өткізу саласына одан әрі өткізу үшін құрылымдық бөлімшелерге бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын тиеп жөнелту де жатқызылады.
1) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын өндiрушi;
2) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын одан әрi өткiзу мақсатында сатып алуды не олардың импортын жүзеге асырған салық төлеушi өнiм берушiлер болып табылған жағдайда, бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өткiзу көтерме саудада өткiзу саласына жатқызылады.
2. Бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын бөлшек саудада өткiзу саласына осы баптың 1-тармағында аталған берушiлер жүзеге асыратын мынадай:
1) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын заңды тұлғаларға (оның iшiнде шетелдiк заңды тұлғаларға) және жеке кәсiпкерлерге олардың өндiрiстiк қажеттерi үшiн өткiзу;
2) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын жеке тұлғаларға өткiзу;
3) өндiрiлген немесе одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын өзiнiң өндiрiстiк қажеттерiне пайдалану операциялары жатады.
266-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызметке салық салу
1. Ойын бизнесi (лотереяларды қоспағанда) саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде мыналар:
1) ойын столы;
2) ақшалай ұтысы бар ойын автоматы;
3) тотализатор кассасы;
4) букмекер кеңселерiнiң кассасы салық салу объектiсi болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ұғымдар осы Кодекстiң 391-бабымен анықталады.
267-бап. Лотереяларды ұйымдастыруға және өткiзуге салық салу
1. Лотерея ұйымдастырушысының лотерея билеттерiн сатуға шығаруы лотерея бойынша салық салу объектiсi болып табылады.
Осы баптың мақсаттары үшiн лотерея ұйымдастырушысы өткiзуге әзiрлеген лотерея билеттерiнiң саны сатуға шығару деп ұғылады.