569-бап. Статистика органдары
1. Статистика органдары осы Кодекстiң 381-384-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға:
аудандық (қалалық) статистика бөлiмдерiнiң басшылары - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң - беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
облыстық (Астана, Алматы қалаларының) статистика және талдау жөнiндегi басқармаларының басшылары айлық есептiк көрсеткiштiң - онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
ҚР 13.03.03 ж. N 394-II Заңымен 570-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
570-бап. Салық қызметi органдары
1. Салық органдары осы Кодекстiң 88 (үшінші бөлігінде), 146, 164-166, 205 (бiрiншi, екiншi, төртiншi, бесiншi бөлiктерiнде), 206-209, 210, 212, 215, 216, 218, 219, 358-361-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Салық қызметiнiң басшылары мен олардың орынбасарлары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға құқылы.
ҚР 12.07.01 ж. N 240-II Заңымен 570-1-баппен толықтырылды
570-1-бап. Қаржы полициясы органдары
1. Қаржы полициясы органдары осы Кодекстiң 140 (бiрiншi бөлiгiнде), 141, 145, 146, 159, 161 (бiрiншi бөлiгiнде), 164, 165, 166, 176 (бiрiншi бөлiгiнде), 205 (бiрiншi, екiншi, төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде), 207, 212, 215, 358-361-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға қаржы полициясы органдарының басшылары мен олардың орынбасарлары құқылы.
571-бап. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң органдары
1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң органдары осы Кодекстiң 167, 176 (екiншi бөлiгiнде), 177, 178, 185-187, 204-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға:
1) осы Кодекстiң 167-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн, - Қазақстан Республикасының Қаржы министрi, оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi комитетiнiң төрағасы, оның орынбасарлары, министрлiктiң аумақтық органдарының басшылары;
2) осы Кодекстiң 178, 185, 186-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн, - Қазақстан Республикасының Қаржы министрi, оның орынбасарлары, министрлiктiң аумақтық органдарының басшылары;
3) осы Кодекстiң 176 (екiншi бөлiгiнде), 177, 187, 204-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн, - Қазақстан Республикасының Қаржы министрi, оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қаржы бақылау комитетiнiң төрағасы, оның орынбасарлары, министрлiктiң аумақтық органдарының басшылары құқылы.
ҚР 28.03.03 ж. N 398-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. N 483-II (01.01.04 ж. күшіне енеді) (қолданыстағы ред. қара) Заңдарымен 572-бап өзгертілді
572-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң органдары
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң органдары осы Кодекстiң 168, 168-2 (екiншi, бесiншi, жетiншi және сегiзiншi бөлiктер - валюталық бақылау мәселелерi бойынша, оныншы және он бiрiншi бөлiктер), 169, 180-182, 187, 189, 218-баптарында (валюталық бақылау мәселелерi бойынша), сондай-ақ мемлекеттiк статистикалық есеп беру мен бақылаудың, жиналуы мен өңделуi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк органдарының құзыретiне кiретiн деректерi бөлiгiнде 381-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi органдарының, сондай-ақ оның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалғандығы туралы хаттама жасауға құқығы бар қызметкерлерiнiң өкiлеттiктерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.
ҚР 03.06.03 ж. N 428-II Заңымен 573-бап өзгертілді; ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (01.01.04 ж. күшіне енеді) 573-бап жаңа редакцияда (қолданыстағы ред. қара)
573-бап. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және
қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган
1. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган осы Кодекстiң 88 (бiрiншi бөлiк), 158-1, 168-2 (бiрiншi - тоғызыншы бөлiктер), 170, 171, 172, 172-1, 173, 174, 175 (бiрiншi бөлiк), 191, 193, 195, 196, 198, 201, 218-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк айыппұл салуға қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы және оның орынбасарлары құқылы.
ҚР 13.03.03 ж. N 394-II Заңымен 574-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
574-бап. Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтiк қорғау органдары
1. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің органдары осы Кодекстің 88-бабында (екінші бөлігінде) көзделген әкімшілік құкық бұзушылық туралы істерді қарайды.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң орынбасарлары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аумақтық органдарының басшылары, олардың орынбасарлары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк айыппұл салуға құқылы.
ҚР 13.03.03 ж. N 394-II Заңымен 574-1-баппен толықтырылды; ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен (01.01.04 ж. күшіне енеді) 574-1-бап алып тасталды (қолданыстағы ред. қара)
574-1-бап. алып тасталды
575-бап. Шекара қызметiнiң органдары
1. Шекара қызметiнiң органдары осы Кодекстiң 298 (бiрiншi бөлiгiнде), 306 (бiрiншi бөлiгiнде), 389, 390, 391 (бiрiншi бөлiгiнде), 392, 396 (бiрiншi бөлiгiнде) - баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және Қазақстан Республикасы шекара қызметi органдарының атынан әкiмшiлiк жаза қолдануға: шекара қызметiнiң басшысы мен оның орынбасарлары, аймақтық басқармалардың, бiрлестiктердiң басшылары және олардың орынбасарлары азаматтарға - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi, лауазымды адамдарға - жиырма беске дейiнгi, заңды тұлғаларға бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
шекара отрядтарының бастықтары, шекаралық бақылаудың әскери бөлiмдерiнiң, әскери теңiз бөлiмдерiнiң командирлерi мен олардың орынбасарлары азаматтарға - ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi, лауазымды адамдарға жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету жөнiнде қызмет атқаратын шекара корабльдерiнiң (катерлерiнiң) командирлерi азаматтарға ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жаза қолдануға:
1) Қазақстан Республикасы континенттiк қайраңының минералдық немесе жанды ресурстарын шет мемлекеттердiң жеке немесе заңды тұлғаларына не шет мемлекеттерге заңсыз бергенi үшiн;
Қазақстан Республикасы шекара қызметiнiң басшысы мен оның орынбасарлары, аймақтық басқармалардың, бiрлестiктердiң басшылары мен олардың орынбасарлары - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
шекара отрядтарының бастықтары, шекаралық бақылаудың әскери бөлiмдерiнiң, әскери теңiз бөлiмдерiнiң командирлерi - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
Мемлекеттiк шекараны күзету жөнiндегi мiндеттердi атқаратын шекара корабльдердiң (катерлерiнiң) командирлерi - айлық есептiк көрсеткiштiң бiр жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
2) Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңын күзету органдары лауазымды адамдарының кеменi тоқтату туралы заңды талаптарын орындамағаны немесе осы лауазымды адамдардың өздерiне жүктелген өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына, соның iшiнде кеменi тексеруге кедергi жасағаны үшiн:
шекара қызметiнiң басшысы мен оның орынбасарлары, аймақтық басқармалардың, бiрлестiктердiң басшылары мен олардың орынбасарлары айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
шекара отрядтарының бастықтары, шекаралық бақылаудың әскери бөлiмдерiнiң, әскери теңiз бөлiмдерiнiң командирлерi - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
шекара корабльдерiнiң (катерлерiнiң) командирлерi - айлық есептiк көрсеткiштiң бiр жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
576-бап. Мемлекеттiк құпияларды қорғау органдары
1. Мемлекеттiк құпияларды қорғау органдары осы Кодекстiң 385, 386 (бiрiншi, екiншi бөлiктерiнде) - баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және белгiленген әкiмшiлiк жазаларды қолдануға:
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң басқарма бастығы мен оның орынбасары, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң департаментi бастығы мен оның орынбасары лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
4-бөлiм. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу
33-тарау. Негізгі ережелер
577-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң мiндеттерi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң мiндеттерi әрбiр iстiң мән-жайын дер кезiнде, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, шығарылған қаулының орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
578-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң тәртiбi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судьялар мен органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу тәртiбi осы Кодекспен айқындалады.
2. Қылмыстық немесе азаматтық iстердi қарау процесiнде соттың әкiмшiлiк жазалар қолдану тәртiбi осы Кодекстiң ережелерiмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiне сәйкес айқындалады.
579-бап. Өтiнiш жасау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысушы адамдардың, сол iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) мiндеттi түрде қарауына жататын өтiнiш мәлiмдеуге құқығы бар.
2. Өтiнiш жазбаша түрде мәлiмденедi және дереу қаралуға тиiс.
3. Өтiнiштi қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм ұйғарым түрiнде шығарылады.
580-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi болдырмайтын
мән-жайлар
1. Төмендегi мән-жайлардың ең болмағанда бiреуi болған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс қысқартылуға жатады:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғаларының болмауы;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы, соның iшiнде әкiмшiлiк жауапқа тарту үшiн жеке адамның құқық бұзушылық жасаған кезде осы Кодексте көзделген жасқа толмауы немесе құқыққа қарсы әрекет жасаған жеке адамның ақыл-есiнiң дұрыс болмауы;
3) әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылуы;
4) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңды немесе оның кейбiр ережелерiн Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп тануы салдарынан олардың күшi жойылуы;
5) әкiмшiлiк жауапқа тарту мерзiмiнiң өтуi;
6) әкiмшiлiк жауапқа тартылатын адам жөнiнде сол факт бойынша әкiмшiлiк жаза қолдану туралы судьяның, органның (лауазымды адамның) қаулысының не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстiң қысқартылуы туралы күшi жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша қылмыстық iс қозғау туралы қаулының болуы;
7) iсi жүргiзiлiп отырған жеке адамның қайтыс болуы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көзделген негiз бойынша және зиян келтiру заңды болып табылғанда немесе осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылық жоққа шығарылатын мән-жайларда жасалған ретте қысқартылады.
581-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен, 67, 68-баптарда көзделген жағдайларда, сондай-ақ әрекетте қылмыстық заңдарда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi болуына байланысты материал прокурорға, алдын ала тергеу немесе анықтау органына берiлген жағдайда қысқартылуы мүмкiн.
582-бап. Прокурорлық қадағалау
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу процесiнде заңдардың дәл және бiркелкi қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалауды мемлекет атынан тiкелей де, өзiне бағынысты прокурорлар арқылы да Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
583-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуде прокурордың
заңдылықты қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiгi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тексеру нәтижелерi бойынша прокурор:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға сотқа, өзге де уәкiлеттi органға немесе оның лауазымды адамына наразылық келтiруге;
2) уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқау беруге;
3) уәкiлеттi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе өзiне бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзудi талап етуге;
4) заңда белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қысқартуға;
5) әкiмшiлiк жаза туралы қаулының орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкiмшiлiк ұстауға заңсыз таратылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) өкiлеттi мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң мiндеттерiн орындауға байланысты жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын жағдайларда қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап қоюға;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
2. Прокурордың осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 6) және 7) тармақшаларында аталған актiлерi дереу орындалуға тиiс. Прокурордың аталған актiлерiнiң орындалуын кiдiртуге кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленгендей жауапты болады.
34-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге
қатысушылар, олардың құқықтары мен міндеттері
584-бап. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп
жатқан адам
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iс қаралғанда ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге, егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашының қызметiн пайдалануға; iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс жөнiндегi қаулыға шағымдануға, сондай-ақ өзiне осы Кодексте берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның қатысуымен қаралады. Аталған адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
3. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкiмшiлiк қамауға алу, тәркiлеу не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу, сондай-ақ шетелдiк азаматты не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынан шығарып жiберу немесе адамды өзiне берiлген арнайы құқықтардан айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соқтыратын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауапқа тартылып отырған адамның қатысуы мiндеттi.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған адамдар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзушi судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органының (полицияның) алып келуiне болады.
5. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайын қарау кезiнде уақытша шығарыла тұруы мүмкiн.
585-бап. Жәбiрленушi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан тән жарақатын алған, мүлiктiк немесе моральдық жағынан зақым келтiрiлген жеке немесе заңды тұлға жәбiрленушi болып табылады.
2. Жәбiрленушi iстiң барлық материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, өкiл ұстауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымдануға, өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жәбiрленушiнiң қатысуымен қаралады. Ол адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмағанда қаралуы мүмкiн.
4. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 594-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi заңды тұлға болса, оның заңды өкiлiнен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
586-бап. Жеке адамның заңды өкiлдерi
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның немесе кәмелетке толмаған не тән саулығына немесе психикалық жай-күйiне байланысты өз құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айрылған жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Жеке адамның ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қорғаншысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар оның заңды өкiлдерi болып табылады.
3. Жеке адамның заңды өкiлдерi болып табылатын адамдардың туысқандық байланыстары немесе тиiстi өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттармен куәландырылады.
4. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның заңды өкiлi әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды әкiмшiлiк ұстау кезiнен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
5. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған адамдарға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай мiндеттердi өз мойнына алады.
6. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралған кезде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда оған iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.
587-бап. Заңды тұлғаның заңды өкiлдерi
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның басшысы, сондай-ақ заңға немесе құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның органы болып табылатын өзге де адам оның заңды өкiлдерi болып табылады. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған тұлғалар жөнiнде осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай мiндеттердi өз мойнына алады.
3. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң өкiлеттiгi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң немесе қорғаушысының қатысуымен қаралады. Аталған адамдарға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және олардан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
5. Жасалуы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың құралы немесе тiкелей объектiсi болған затты тәркiлеу немесе ақысын төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соқтыратын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауапқа тартылатын заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң немесе қорғаушысының қатысуы мiндеттi.
6. Заңды тұлғаның заңды өкiлi iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда аталған адамға судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.
588-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Қорғаушы ретiнде адвокаттар, әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкiлдерi, кәсiподақтардың және қоғамдық бiрлестiк мүшелерiнiң iстерi бойынша осы бiрлестiктердiң өкiлдерi жiберiледi. Егер заңда белгiленген тәртiппен өзара қатынас негiзiнде Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, шетелдiк адвокаттар iске қорғаушы ретiнде қатысуға жiберiледi.
3. Қорғаушы әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды әкiмшiлiк ұстау кезiнен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға араластырылады.