1) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң банк операцияларын жүргiзуге берген лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын мынадай банк операциялары:
депозиттердi қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргiзу;
банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттiк шоттарын ашу және жүргiзу;
осы тұлғаға тиесiлi тазартылған қымбат металдардың нақты саны көрсетiлетiн жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргiзу;
аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың ақшаны аудару жөнiндегi тапсырмаларын орындау;
заем операциялары: ақшалай нысанда кредиттер беру;
факторингтiк және форфейтингтiк операциялар;
жеке және заңды тұлғалардың, оның iшiнде корреспондент банктердiң тапсырмасымен олардың банк шоттары бойынша есеп айырысуын жүзеге асыру;
сенiмгерлiк (траст) операциялары: сенiм бiлдiрушiнiң мүддесi үшiн және тапсырмасы бойынша ақшаны, тазартылған қымбат металдар мен бағалы қағаздарды басқару;
клирингтiк операциялар: төлемдердi жинау, салыстырып тексеру, сұрыптау және растау, сондай-ақ олардың өзара есепке алынуын жүргізу және клирингке қатысушылардың таза позицияларын айқындау;
ломбард операциялары: депозиттелетiн тез сатылатын бағалы қағаздар мен жылжымалы мүлiктiң кепiлi бойынша қысқа мерзiмдi кредиттер беру;
шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру;
төлем құжаттарын (вексельдерден басқа) инкассоға қабылдау;
ақшалай нысанда орындауды көздейтiн кепiлдiктер беру;
аккредитивтi ашу (шығарып қою) мен растау және ол бойынша мiндеттемелердi орындау;
кассалық операциялар : банкноттар мен монеталарды қабылдап алу, беру, қайта санау, ұсақтау, айырбастау, сорттау, буып-түю және сақтау;
құжатсыз нысанда шығарылған бағалы қағаздарды сақтау;
үшiншi тұлғалар үшiн ақшалай нысанда орындау көзделетiн банк кепiлдiктерiн және өзге де мiндеттемелер беру;
2) бағалы қағаздармен жасалатын операциялар, бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың қызметi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген лицензия негiзiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру жөнiндегi ұйымдардың қызметтерi;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) жөнiндегi операциялар, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау жөнiнде сақтандыру брокерлерiнiң (сақтандыру агенттерiнің) қызмет көрсетуi;
4) төлем карточкаларымен, чектермен, вексельдермен, депозиттiк сертификаттармен жасалатын операциялар;
5) зейнетақы активтерiн басқару жөнiнде қызметтер көрсету;
5-1) ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша талап құқықтарын басқару жөнінде қызмет көрсету;
6) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту жөнiнде зейнетақы активтерiнен алынған инвестициялық табысты бөлу мен есептеу жөнiнде көрсететiн қызметтерi;
7) кәсiпорынның жарғылық капиталына қатысу үлесiн өткiзу.
228-бап. Қаржы лизингiне берiлген мүлiк
Мүлiктi қаржы лизингiне беру лизинг берушi алуға тиiс сыйақы сомасы бөлiгiнде мынадай талаптар сақталған жағдайда:
мұндай беру осы Кодекстiң 74-бабында белгiленген талаптарға сай келсе;
лизинг алушы мүлiктi негізгi құрал ретiнде алса, қосылған құн салығынан босатылады.
229-бап. Коммерциялық емес ұйымдар көрсететiн қызметтер
Осы Кодекстiң 120-бабының 1-тармағында аталған коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асыратын қызметтердi көрсету бойынша айналымдар, егер олар:
1) балаларды, қарттарды, соғыс және еңбек ардагерлерi мен мүгедектердi қорғау және әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiнде қызмет көрсетумен;
2) дiни ұйымдардың әдет-ғұрыптар мен рәсiмдердi жүзеге асыруына және дiни қажеттiлiк заттарын өткiзуiне байланысты болса, қосылған құн салығынан босатылады.
230-бап. Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру
жұмыстары
Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстарын өткiзу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстары деп көмiрсутектi және минералдық шикiзат кен орындарын (кендерiн) iздестiрудi, барлауды, бағалау мен игеруге дайындауды қамтамасыз ететiн, өзара байланысты, белгiлi бiр сабақтастықта қолданылатын жұмыстардың жиынтығы ұғылады.
231-бап. Мәдениет, ғылым және бiлiм беру саласындағы
қызмет көрсетулер, жұмыстар
Мәдениет, ғылым және бiлiм беру саласындағы қызмет көрсетулер, жұмыстар, егер олар мынадай:
1) шоу-бизнес саласындағы қызметтердi қоспағанда, театр-концерт қызметiн жүзеге асыру жөнiндегi;
2) мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқыту; бастауыш, негiзгi, орта, қосымша жалпы бiлiм беру; бастауыш, орта, жоғары және жоғары оқу орындарынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру; қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру салаларында қызметтiң осы түрлерiн жүргiзуге құқық беретiн тиiстi лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын бiлiм беру;
3) мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына;
4) кiтапхана қызметiн көрсету жөнiндегi;
5) тарихи және мәдени мұраны, мұрағаттық құндылықтарды сақтау жөнiндегi қызмет көрсетулерге, жұмыстарға жататын болса, қосылған құн салығынан босатылады.
232-бап. Медициналық және мал дәрiгерлiк қызмет саласындағы тауарлар мен қызмет көрсетулер
1. Медициналық және мал дәрiгерлiк қызмет көрсетумен байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзу бойынша айналымдар:
1) кез келген нысандағы дәрi-дәрмектiк заттарды, сондай-ақ оларды өндiру үшiн қажет материалдар мен жинақтаушы заттарды өткiзген;
2) медициналық (мал дәрiгерлiк) мақсаттағы бұйымдарды, оның iшiнде протездiк-ортопедиялық бұйымдар мен медициналық (мал дәрiгерлiк) техниканы қоса алғанда, сондай-ақ оларды өндiру үшiн қажет материалдар мен жинақтаушы заттарды өткiзген;
3) косметологиялық қызметтi қоспағанда, медициналық (мал дәрiгерлiк) қызмет көрсетiлген жағдайларда қосылған құн салығынан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
233-бап. Кәсiпорынды сату
1. Қосылған құн салығын төлеушiнiң бiреуi екiншi бiр қосылған құн салығын төлеушiге кәсiпорынды немесе кәсiпорынның дербес жұмыс iстеп тұрған бөлiгiн өткiзуi:
1) берiлетiн активтерiн, оларды қалыптастыру көздерiн және (немесе) олар бойынша мiндеттемелердi көрсете отырып, кәсiпорынның тарату балансы және (немесе) бөлу мен беру балансы негiзiнде;
2) осы тармақта көзделген, айналым жасалғаннан кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей тиісті салық органдарына ұсынылған қосылған құн салығынан босатуды қолдану жөнiндегi операцияға қатысушылардың екеуi де қол қойған өтiнiш негiзiнде қосылған құн салығынан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережесi жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шарт беретiн құқықтарды қайтадан басқа бiреуге берген жағдайда да қолданылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 234-бап өзгертілді
234-бап. Қосылған құн салығынан босатылатын импорт
1. Қосылған құн салығынан мынадай тауарлардың импорты босатылады:
1) ұлттық валюта, шетел валютасы (нумизматикалық мақсатта пайдаланатыннан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздар импорты;
2) жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тауарларды бажсыз әкелу нормалары бойынша тауарлар импорты;
3) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен iзгiлiк көмек ретiнде әкелiнген тауарлар импорты;
4) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, мемлекет, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық ұйымдар желiлерi бойынша қайырымдылық мақсатында әкелiнген тауарлар импорты, оның iшiнде техникалық жәрдем көрсету;
5) шет елдің дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнің ресми пайдалануы үшiн, сондай-ақ солармен бiрге тұратын олардың отбасы мүшелерiн қоса алғанда, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiнiң жеке пайдалануы үшiн әкелiнген және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес салықтан босатылған тауарлар импорты;
6) салық төлеуден босатуды белгілейтiн кеден режимдерiнде Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес декларациялануға тиiстi тауарлар импорты;
7) дәрi-дәрмектiк заттардың, оның iшiнде субстанция-дәрiлер; протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, сурдотифлотехниканы және медициналық (мал дәрiгерлiк) техниканы қоса алғанда медициналық (мал дәрiгерлiк) мақсаттағы бұйымдар; протездiк-ортопедиялық бұйымдарды және медициналық (мал дәрiгерлiк) техниканы қоса алғанда, дәрi-дәрмек және диабет заттарын өндiруге арналған материалдар мен жинақтаушы заттар, медициналық (мал дәрiгерлiк) мақсаттағы бұйымдар импорты.
Осы тармақшада аталған тауарлардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi;
8) пошта маркаларының (коллекциялық маркалардан басқа) импорты;
9) қағаз ақша белгілерi өндiрiсi үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және оның ұйымдары жүзеге асыратын шикiзат импорты;
10) төлем карточкаларымен қызмет көрсетуге арналған құрал-жабдықтар импорты;
11) мемлекеттердiң, мемлекеттер үкiметтерi мен халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша берiлген гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тауарлар импорты.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
38-тарау. Қосылған құн салыҒы бойынша есепке жатқызу
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 235-бап өзгертілді
235-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушының бюджет жарнасына жатқызылуға тиiс салық сомасын анықтау кезiнде, негiзгi құралдарды қоса алғанда, алынған тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, сондай-ақ, егер мынадай шарттар орындалса:
1) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы осы Кодекстiң 207-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын төлеушi болып табылса;
2) тауар берушi Қазақстан Республикасының аумағында өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) шот-фактурасын немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес берілетін басқа да құжат табыс еткен болса. Егер тауар берушi осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығының төлеушiсi болып табылмаса, осы баптың 2-тармағына сәйкес берілетін шот-фактура немесе басқа құжат "ҚҚС жоқ" белгiсімен жазылады;
3) тауарлар импорты жағдайында - қосылған құн салығы бюджетке төленген болса;
4) осы Кодекстiң 221-бабында көзделген жағдайларда - қосылған құн салығы iс жүзiнде бюджетке енгiзiлген болса, олар үшiн төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.
1-1. Лизинг берушінің қаржы лизингіне беруге жататын мүлікті сатып алуымен байланысты шығыстары салық салынатын айналымның мақсаты үшін шеккен шығыстар ретінде қарастырылады.
2. Мыналар:
1) осы тармақтың 1-1) және 1-2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, қосылған құн салығы бөлiп көрсетiлген шот-фактуралар бойынша өнiм берушi төлеуге тиiс салық сомасы;
1-1) оларда қосылған құн салығымен бөліп көрсетіле отырып ұсынылған шот-фактуралар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар төлеуге жататын, бірақ осы Кодекстің 245-бабының 1-тармағында белгіленген ставкадан аспайтын салық сомасы;
1-2) осы Кодекстің 242-бабының 5-1-тармағына сәйкес жазылған шот-фактуралар бойынша төлеуге жататын, бірақ осы Кодекстің 217-бабының 8-тармағына сәйкес лизинг берушінің айналым жасау күніне айқындалатын салық салынатын айналым мөлшеріне келетін салық сомасынан аспауға тиіс салық сомасы;
2) Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес ресiмделiп, кедендiк жүк декларациясында көрсетiлген және белгiленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бюджетiне төленген және кеден режимiнiң шарттарына сәйкес қайтарылуға жатпайтын салық сомасы;
3) осы Кодекстiң 221-бабына сәйкес қосылған құн салығының төленгенін растайтын төлем құжатында көрсетiлген салық сомасы;
4) темiр жол немесе әуе көлiктерiнде берiлетiн жол жүру билеттерiнде көрсетiлген салық сомасы;
5) есеп айырысулары банктер арқылы жүргiзiлетiн, коммуналдық қызметтер көрсетушi қолданатын құжаттарда көрсетiлген салық сомасы;
6) осы Кодекстiң 208-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, осы баптың тиiстi тармақшаларына сәйкес расталған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша есепке қойылған күнге жасалған тауарлардың қалдықтарын түгендеу тiзiмдемеде көрсетiлген салық сомасы;
7) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) қолма-қол есеп айырысу арқылы сатып алған жағдайда, бақылау-касса машинасының чегiнде көрсетiлген салық сомасы осы баптың 1-тармағына сәйкес есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы болып табылады.
3. Халықаралық шартқа сәйкес оларға қатысты тауарлардың экспорты мен импортына салық салудың өзгеше тәртiбi қолданылатын, Қазақстан Республикасына импортталатын тауарларды берушiлерге төленуге тиiс қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен есепке жатқызылады.
4. Қосылған құн салығы осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) алынған салық кезеңiнде есепке жатқызылады.
Егер осы баптың 4-1-тармағында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы осы Кодекстiң 221-бабына сәйкес төленген жағдайда, төленген салық бюджетке салық нақты енгiзiлген салық кезеңiнде есепке жатқызылады.
4-1. Егер шот-фактураның жазбасы осы Кодекстің 242-бабының 4-тармағында көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізу бойынша айналым жасау күнінен кейін жүзеге асырылса, қосылған құн салығы шот-фактура жазу күнінің сол салық кезеңінде есепке жатқызылады.
5. Қосылған құн салығын төлеушiде салық салынатын және салық салынбайтын, оның iшiнде қосылған құн салығынан босатылған айналымдар болған кезде, қосылған құн салығы осы Кодекстің 239-бабында көзделген тәртiппен есепке жатқызылады.
236-бап. Есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы
Қосылған құн салығы, егер:
1) қосылған құн салығын төлеушiнiң кәсiпкерлiк қызметiне жатпайтын шаралар өткiзумен байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi);
2) қонақүй ретiнде пайдаланылатын ғимараттарды қоспағанда, тұрғын үй қорындағы ғимараттарды (ғимараттың бiр бөлiгiн);
3) негізгi құралдар ретiнде сатып алынған жеңiл автомобильдердi;
4) жалдау шартына сәйкес жөндеу шығыстарын жалға берушi өтеген және жөндеудi жүзеге асырған жалға алушының салық салынатын айналымы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, тұрғын үй қорындағы жалға алынған ғимараттарды жөндеуге пайдаланылған тауарлар мен қызметтердi;
5) өтеусiз алынған мүлiктi (тауарларды, жұмыстарды, қызметтердi), осындай мүлiк Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден әкелiнген және осы мүлiктi алушы импорт кезiнде қосылған құн салығын төлеген жағдайларды қоспағанда, алумен байланысты төленуге тиiс болса, есепке жатқызылмайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 237-бап өзгертілді
237-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету
1. Бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:
1) салық салынатын айналым мақсаттарында пайдаланылмаған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша;
2) негiзгi құралдарды қоса алғанда, тауарлар бүлiнген, жоғалған жағдайда (төтенше жағдайлар салдарынан туындаған реттердi қоспағанда), олар бойынша;
Негізгі құралдар бүлінген, жоғалған жағдайда, қосылған құн салығы негізгі құралдардың теңгерім құнына жататын құн бөлігінің есебінен алып тасталады;
3) табиғи монополиялар субъектiсi нормативтен тыс шеккен шығыстар бойынша;
4) осы Кодекстiң 242-бабында белгiленген ережелер сақталмаған жағдайда есептен шығарылып тасталуға тиiс.
2. Осы баптың мақсаттары үшiн тауардың (мүлiктiң) барлық немесе жекелеген сапасының (өзiндiк қасиеттерiнiң) нашарлауы, соның салдарынан осы тауардың (мүлiктің) салық салынатын айналым мақсатында пайдалануға келмей қалуы тауардың (мүлiктiң) бүлiнуiн бiлдiредi.
Салдары тауардың (мүлiктiң) жойылуына және (немесе) ысырап болуына әкеп соққан оқиға тауардың (мүлiктің) жоғалуы деп ұғынылады. Салық төлеушi табиғи залалдың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нормалар шегiнде шеккен тауар (мүлiк) ысырабы жоғалту болып табылмайды.
3. Осы Кодекстiң 218-бабының 2-тармағында аталған жағдайларда алынған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) құны өзгерген кезде, бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы тиiсiнше түзетiледi.
4. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осы баптың 1 және 3-тармақтарында аталған жағдайлар туындаған нақ сол салық кезеңiнде жүргiзiледi.
238-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасын түзету
1. Тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша күмәндi мiндеттеме сомасын табысқа енгiзген кезде осындай тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы, ол есепке жатқызылған кезден бастап үш жыл өткен соң есептен шығарып тасталуға тиiс.
Егер қосылған құн салығы шығарып тасталғаннан кейiн қосылған құн салығын төлеушi тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн ақы төлеген жағдайда, осы аталған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша салық сомасы сол ақы төленген салық кезеңiндегi есепте қалпына келтiрiлуге тиiс.
2. Қосылған құн салығын өнiм берушi-төлеушi банкрот деп танылған жағдайда, бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомаларын есептен шығарып тастау банкрот деп танылған қосылған құн салығын өнiм берушi-төлеушiнi заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiзiлiмiнен алып тастау туралы әдiлет органдарының шешiмi шығарылған салық кезеңiнде жүргiзiледi.
3. Күмәндi мiндеттемелер ұғымы осы Кодекстiң 84-бабына сәйкес анықталады.
239-бап. Қосылған құн салығы салынбайтын өткiзу бойынша айналымдар болған кезде қосылған құн салығын есепке жатқызу тәртiбi
1. Салық салынбайтын айналымдар мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша өнiм берушiге төленуге тиiс және импорт бойынша қосылған құн салығы есепке жатқызылмайды.
2. Салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар болған кезде қосылған құн салығын төлеушiнiң таңдауы бойынша барабарлық немесе бөлек есептеу әдiсiмен анықталған қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызылады.
Есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасын анықтаудың таңдап алынған әдiсi салық жылы iшiнде өзгертiлмеуге тиiс.
3. Осы бапқа сәйкес есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы салық салынатын табысты анықтау кезiнде осы Кодексте белгiленген тәртіппен шегерiмге жатқызылады.
240-бап. Барабарлық әдiсi
1. Есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы барабарлық әдiс бойынша салық салынатын айналымның жалпы айналым сомасындағы үлес салмағына қарай анықталады.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшiн бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операцияларды жүзеге асыру кезiнде бағалы қағаздарды өткiзу кезiнде алынған өсiм өткiзу бойынша айналымға қосылады.
241-бап. Бөлек есептеу әдiсi
1. Бөлек есептеу әдiсi бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасын анықтау кезiнде, қосылған құн салығын төлеушi алған, салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша шығыстар мен қосылған құн салығының сомалары бойынша бөлек есеп жүргiзедi.
2. Есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн пайдаланатын банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кепiлдегi мүлiктi (тауарларды) алуға және өткiзуге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомаларын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдiсiн қолдануға құқығы бар.
39-тарау. Шот-фактура
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 242-бап өзгертілді
242-бап. Шот-фактура
1. Шот-фактура осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық қосылған құн салығын төлеушiлер үшiн мiндеттi құжат болып табылады.
2. Қосылған құн салығы салынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткiзудi жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушi аталған тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы тұлғаға, осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қосылған құн салығы көрсетiлген шот-фактураны беруге мiндеттi.
3. Осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшiн негiздеме болып табылатын шот-фактурада:
1) шот-фактураның реттiк нөмiрi мен толтырылған күнi;
2) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушi мен алушының тегi, аты, әкесiнiң аты не толық атауы, мекен-жайы және тiркеу нөмiрi, сондай-ақ өнiм берушiнiң қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғаны туралы куәлiктiң нөмiрi;
3) өткiзiлетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) атауы;
4) салық салынатын айналымның мөлшерi;
5) қосылған құн салығының ставкасы;
6) қосылған құн салығының сомасы;
7) қосылған құн салығы ескерiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құны көрсетiлуге тиiс.
4. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура өткiзу бойынша айналым жасалған күннен кешiктiрiлмей жазылады және берушiнiң басшысы мен бас бухгалтерiнің, не осыған уәкiлеттi өзге де лауазымды адамдардың қолымен куәландырылады.
Қосылған құн салығы салынатын электр энергиясын, су, газ сатуды, байланыс қызметтерін, коммуналдық қызмет көрсетулерді, темір жол тасымалдарын, көлік-экспедиторлық қызмет көрсетуді, банк операцияларын жүзеге асыратын салық төлеушілер салық кезеңінің қорытындысы бойынша шот-фактуралар жазып беруге құқылы.
5. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, салық салынатын айналымның мөлшерi шот-фактурада тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) әрбiр атауы бойынша бөлек көрсетiледi.
Егер мұндай шот-фактураға өткiзiлетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) тiзбесi көрсетiлген құжат қоса тiркелген болса, айналымның жалпы мөлшерiн көрсетуге жол берiледi.
Бұл ретте шот-фактурада құжаттың нөмiрi мен күнiне, сондай-ақ оның атауына сiлтеме болуға тиiс.
5-1. Лизинг беруші өзі беретін лизинг нысанасына жазатын шот-фактурада салық салынатын айналым мөлшері оған сыйақы және қосылған құн салығы сомалары енгізілместен қаржы лизингінің шартына сәйкес барлық лизинг төлемдерінің жалпы сомасы ескеріле отырып көрсетіледі.
5-2. Жүкті жөнелтушілер немесе алушылар үшін жүктерді тасымалдауға шот-фактураның жазбасын, егер аталған тасымалдау көлік экспедициясы шартына сәйкес жүргізілсе, экспедитор жүзеге асырады. Мұндай шот-фактураларда салық салынатын айналымның мөлшері тасымалдаушылар және басқа да жеткізушілер көлік экспедициясы шартының шеңберінде орындаған және көрсеткен жұмыстар мен қызметтер құны ескеріле отырып көрсетіледі.
Осы тармаққа сәйкес шот-фактуралардың жазбасы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын қосылған құн салығын төлеушiлер уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен және нысан бойынша шот-фактуралар жазады.
Осы тармақта көрсетiлген қосылған құн салығын төлеушiлер осы Кодекстiң 388-бабының 2-тармағына сәйкес табыс бойынша есептелген салық сомасынан аспайтын жалпы сомаға қосылған құн салығын қоса отырып шот-фактуралар жазады.
7. Сыртқы сауда келiсiм-шарттары бойынша тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткiзу жағдайларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құны және қосылған құн салығының сомасы шот-фактурада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiледi.