Өсімдіктерді қорғау туралы Қазақстан Республикасының
2002 ж. 3 шілдедегі N 331-ІІ Заңы
(ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Өсімдіктерді қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу (4 - 10 баптар)
3-тарау. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылау (11 - 14 баптар)
4-тарау. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі талаптар (15 - 19 баптар)
5-тарау. Өсімдіктерді қорғау саласындағы іс-шараларды (20 - 21 баптар)
қаржыландыру көздері және өсімдіктерді қорғау туралы
заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заң өсiмдiктердi зиянкестерден, арамшөптерден және өсiмдiктер ауруларынан қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды және егiн өнiмiн, оның сапасын сақтау мен Қазақстан Республикасының аумағында фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсердi болғызбауға бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) зиянды организмдер - топыраққа, өсiмдiкке және ауыл шаруашылық өнiмiне терiс әсер ететiн зиянкестер, арамшөптер және өсiмдiктердiң аурулары;
2) пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк тiркеу - препараттарды биологиялық, уыттылық, гигиеналық және экологиялық бағалау процесiн аяқтайтын рәсiм, оның нәтижесi бойынша жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында оларды Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарына сәйкес қолдану құқығына тiркеу куәлiгi берiледi;
3) мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау - уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарын сақтауына бағытталған қызметi;
4) өсiмдiктердi қорғау - өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерден ысырабын болғызбау мақсатымен фитосанитариялық мониторинг әдiстерiн, фитосанитариялық iс-шараларды әзiрлеуге және практикада қолдануға бағытталған қызмет саласы;
5) пестицидтердiң (улы химикаттардың) бастапқы компоненттерi- пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiруге арналған химиялық және басқа да заттар;
6) пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыру - тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтердi (улы химикаттарды), сондай-ақ олардың ыдыстарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәдеге жаратуға, көмуге немесе жоюға бағытталған iс-шаралар;
7) ауыл шаруашылық мақсатындағы объектiлер - ауыл шаруашылық және өзге де жерлер, өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өндiруге, сақтауға және қайта өңдеуге арналған астық сақтау орындары, көкөнiс сақтау орындары, қоймалар, ашық алаңдар, өндiрiстiк және өзге де үй-жайлар;
8) ерекше қауiптi зиянды организмдер - оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм, экономикалық, экологиялық залал келтiретiн және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ерекше қауiптi зиянды организмдер тiзбесiне енгiзiлген зиянкестер мен өсiмдiктер аурулары;
9) пестицидтердiң (улы химикаттардың) қалдық мөлшерi - өсiмдiк шаруашылығы өнiмi мен қоршаған орта объектiлерiндегi химиялық заттар құрамының мөлшерлiк көрсеткiші, олардың адам мен жануарларға қауiпсiздiгi осы көрсеткiш арқылы бағаланады;
10) пестицидтер (улы химикаттар) - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерге қарсы, сондай-ақ егiндi жинау алдында құрғатып алу, жапырақтарды түсiру және өсiмдiктердiң өсуiн реттеу үшiн пайдаланылатын химиялық, биологиялық және басқа да заттар;
11) пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдануережелерi - пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану жағдайларының қауiпсiздiгi мен технологияларына қойылатын мiндеттi талаптар;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды
11-1) пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау) - бастапқы компоненттердiң негiзiнде пестицидтер (улы химикаттар) дайындаудың технологиялық процесi;
12) өсiмдiк шаруашылығы өнiмi - халықтың - тамақ өнiмдерiне, мал шаруашылығының - жемшөпке және өнеркәсiптiң шикiзатқа деген қажеттерiн қанағаттандыруға арналған өнiм;
13) пестицидтер (улы химикаттар) тiзiмi - Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етiлiп тiркелген пестицидтер (улы химикаттар) тiзбесi;
14) арнаулы техника - пестицидтердi (улы химикаттарды) қолдануға арналған құрылғы және (немесе) жабдық;
15) арнаулы сақтау орындары (көмiндiлер) - тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтердi (улы химикаттарды), сондай-ақ олардың ыдыстарын көмуге арналған сақтау орындары;
16) уәкiлеттi орган - жеке және заңды тұлғалардың өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметін үйлестiру мен реттеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарының сақталуын мемлекеттiк бақылауды өз өкiлеттiгi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
17) фитосанитариялық ахуал - ауылшаруашылық мақсатындағы объектiлердiң зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң санымен және зиян тигiзуiмен анықталатын қалыптасқан жай-күйi;
18) фитосанитариялық iс-шаралар - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң саны мен зиян тигiзуiн азайтуды қамтамасыз ететiн шаралар кешенi;
19) фитосанитариялық нормативтер - фитосанитариялық iс-шаралар көлемiн анықтау үшiн пайдаланылатын белгiленген шамалар параметрлерi;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 20)-тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20) фитосанитариялық мониторинг - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердi зерттеудi, байқауды, олардың дамуы мен таралуын есепке алуды, сондай-ақ осылардың негiзiнде фитосанитариялық болжам әзiрлеудi қамтитын iс-шаралар жүйесі;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 20-1) тармақшамен толықтырылды
20-1) фитосанитариялық болжам - фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзудiң мерзiмдерi мен көлемдерiн жоспарлау мақсатында зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң ықтимал таралуы мен дамуы дәрежесiн алдын ала айқындау;
21) зиян тигiзудiң экономикалық шегi - зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң ысырабын туғызатын, фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзудi қажет ететiн саны.
2-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерi
Өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерi:
1) елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету;
3) фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзу кезiнде пестицидтердiң (улы химикаттардың) адамдардың денсаулығына зиянды әсерiнiң, ауыл шаруашылық өнiмi, қоршаған орта ластануының алдын алу және оларды болдырмау болып табылады.
2-тарау. Өсімдіктерді қорғау саласындағы
мемлекеттік реттеу
4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өсiмдiктер қорғау жүйесi
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өсiмдiктер қорғау жүйесiне:
1) Қазақстан Республикасының Yкiметi;
2) уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi;
3) жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары;
4) өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдар;
5) мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауға жататын объектiлердi пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар енедi.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өсiмдiктердi қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң өсiмдiктердi қорғау саласындағы құзыретiне:
1) өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу және iске асыру;
2) өсiмдiктердi қорғау саласындағы бағдарламаларды бекiту;
3) ерекше қауiптi зиянды организмдер тiзбесiн бекiту;
4) өсiмдiктердi қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық;
5) заң актiлерiмен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен белгiленген өзге де функциялар енедi.
6-бап. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретi
1. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) өсiмдiктердi қорғау саласындағы бағдарламаларды әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Yкiметiне табыс ету;
2) ерекше қауiптi зиянды организмдер тiзбесiн әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметiне табыс ету;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) өз құзыретi шегiнде өсiмдiктердi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен бекiту;
3) пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану ережелерiн әзiрлеу мен бекiту;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), өткiзу және қолдану жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережелерiн әзiрлеу мен бекiту;
4) пестицидтердi (улы химикаттарды) тiркеу сынақтарын және мемлекеттiк тiркеудi жүргiзу ережелерiн әзiрлеу мен бекiту;
5) Қазақстан Республикасының аумағында пестицидтердi (улы химикаттарды) қолдану құқығына тiркеу куәлiктерiн беру;
6) пестицидтер (улы химикаттар) тiзiмiн әзiрлеу, бекiту және жүргiзу;
7) фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру жөнiндегi ұсыныстар мен әдiстемелiк нұсқаларды бекiту;
8) хаттамалар мен нұсқамалар нысандарын, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасау мен шығару тәртiбiн бекiту;
9) фитосанитариялық iс-шараларды ұйымдастыру;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 10)-тармақша толықтырылды (бұр.ред. қара)
10) пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), өткiзу және қолдану жөнiндегi қызметтi лицензиялау;
11) мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзудегi қызметiн үйлестiру;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк сатып алуды, оларды сақтау, тасымалдау, қолдану жөнiндегi жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi ұйымдастыру мен өткiзу, сондай-ақ пестицидтердiң (улы химикаттардың) запасын жасау;
13) мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келiсе отырып, пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыру жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
14) мемлекеттiк статистиканың орталық атқарушы органымен келiсе отырып, фитосанитариялық нормативтердi, фитосанитариялық есепке алу мен есептiлiк нысандарын, сондай-ақ оларды табыс ету тәртiбiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әзiрлеудi ұйымдастыру және бекiту;
15) зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдер бойынша фитосанитариялық мониторингтi ұйымдастыру;
16) пестицидтердi (улы химикаттарды) тiркеу, өндiру сынақтарын және мемлекеттiк тiркеудi ұйымдастыру;
17) өсiмдiктердi қорғау саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге тапсырыс берудi ұйымдастыру мен үйлестiру, жүзеге асыру;
18) республикалық бюджет қаражаты есебiнен сатып алынған пестицидтердi (улы химикаттарды) фитосанитариялық мониторинг деректерiне және қалыптасатын фитосанитариялық ахуалға қарай Қазақстан Республикасының аумағы бойынша бөлу, пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану ережелерiнiң сақталуын бақылау;
19) халық арасында өсiмдiктердi қорғау саласында түсiндiру жұмысын ұйымдастыру мен жүргiзу, сондай-ақ зиянды организмдер бойынша фитосанитариялық мониторинг жүргiзу жөнiндегi әдiстемелiк көмек көрсету;
20) мүдделi адамдарға өсiмдiктердi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер және фитосанитариялық iс-шаралар туралы ақпарат табыс етудi ұйымдастыру мен қамтамасыз ету;
21) халықаралық ұйымдармен және мемлекеттiк органдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру және өсiмдiктердi қорғау саласындағы халықаралық бағдарламаларды iске асыруға қатысу;
22) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функциялар енедi.
2. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне оларға уәкiлеттi орган жүктеген функцияларды жүзеге асыру енедi.
7-бап. Өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың құзыретi
1. Уәкiлеттi органның тиiстi құрылымдық бөлiмшесiнiң басшысы Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.
Уәкiлеттi органның тиісті құрылымдық аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары Қазақстан Республикасының тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiнiң өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
Өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi функцияларды тiкелей орындайтын уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң өзге де лауазымды адамдары өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторының құзыретiне:
1) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
2) жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру жөнiндегi нұсқамалар шығару және олардың орындалуын бақылау;
3) фитосанитариялық есепке алу мен есептiлiктi жүргiзудi ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасының аумағында фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шаралардың жүргiзiлуiн бақылау;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функциялар енедi.
3. Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының құзыретiне:
1) тиiстi аумақта мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
2) жеке және заңды тұлғаларға тиісті аумақта фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру жөнiндегi нұсқамалар шығару және олардың орындалуын бақылау;
3) тиiстi аумақта фитосанитариялық есепке алуды және есептiлiктi ұйымдастыру, жүргiзу және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен есептi табыс ету;
4) тиісті аумақта фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шаралардың жүргiзiлуiн бақылау;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функциялар енедi.
4. Өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың құзыретiне:
1) тиiстi аумақта мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру;
2) фитосанитариялық есепке алу мен есептiлiктi белгiленген нысан бойынша жүргiзу және оларды уәкiлеттi органға табыс ету;
3) тиiстi аумақта фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шаралардың жүргiзiлуiн бақылау;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функциялар енедi.
8-бап. Өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың құқықтары
1. Өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың:
1) Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын тексеру мақсатында олардың фитосанитариялық бақылау объектiлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кедергiсiз кiруге;
2) жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамалар шығаруға;
3) айрықша жағдайларда үш күннен аспайтын мерзiмде сотқа мiндеттi түрде талап арыз бере отырып, аталған мерзiмге жеке және заңды тұлғалардың қызметiн сот шешiмiнсiз тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға құқығы бар. Бұл орайда тыйым салу немесе тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады;
4) жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарын бұзған жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапқа тартуға құқығы бap.
2. Өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың iс-әрекеттерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
9-бап. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының өсiмдiктердi қорғау саласындағы құзыретi
Жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
1) уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарын орындауы үшiн жағдай жасайды;
2) арнаулы сақтау орындарының (көмiндiлердiң) құрылысын жүзеге асырады, оларды тиiстi жағдайда ұстайды және сақтайды;
3) жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен сатып алынған пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыруды жүзеге асырады;
4) ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлердiң қаражаты есебiнен сатып алынған пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыруды ұйымдастырады.
10-бап. Өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк ұйымдар
1. Өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметтiң мынадай түрлерiн:
1) зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң фитосанитариялық мониторингiн;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) фитосанитариялық болжамның жасалуын;
2) тiркеуге ұсынылатын пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiрiстiк жағдайларда байқаудан өткiзу үшiн өндiру сынақтарын;
3) ауыл шаруашылық өнiмiнде пестицидтердiң (улы химикаттардың), нитраттардың, нитриттердiң және ауыр металдар тұздарының қалдық мөлшерiнiң бар-жоғын тексерудi орындау мақсатында құрады.
2. Ерекше қауiптi зиянды организмдердiң фитосанитариялық мониторингi мемлекеттiк монополияға жатады.
3. Өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк ұйымдар фитосанитариялық есепке алуды жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға есептiлiктi табыс етедi.
3-тарау. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылау
11-бап. Мемлекеттiк фитосанитариялық бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау:
1) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарында белгiленген талаптарды сақтау жөнiндегi қызметiн бақылауды;
2) фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шараларды ұйымдастыруды және олардың орындалуын бақылауды;
3) фитосанитариялық есепке алу мен есептiлiктi жүргiзудi және табыс етудi;
4) Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарын бұзушылықты анықтауды және олардың жолын кесудi;
5) пестицидтердi (улы химикаттарды) тiркеу және өндiру сынақтарының жүргiзiлуiн бақылауды;
6) пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыруға бақылау жасауды;
7) арнаулы сақтау орындарының (көмiндiлердiң) жай-күйiн бақылауды;
8) лицензиялық ережелердiң сақталуын бақылауды көздейдi.
12-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), әкелу, сақтау, өткiзу, тасымалдау және қолдану, сондай-ақ олардың тiркеу және өндiрiстiк сынақтарын жүргiзу мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауға жатады.
2. Мемлекеттiк тiркеуден өтпеген пестицидтердi (улы химикаттарды), сондай-ақ тiркеуден өтпеген пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру үшiн бастапқы компоненттердi, тiркеу, өндiрiстiк сынақтар мен ғылыми зерттеулер үшiн әкелiнетiн тәжiрибелiк үлгiлердi қоспағанда, өндiруге және әкелуге тыйым салынады.
3. Пестицидтердi (улы химикаттарды) мемлекеттiк тiркеу мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен жүргiзiледi.
4. Мемлекеттiк тiркеуден өткен пестицидтер (улы химикаттар) уәкiлеттi орган жүргiзетiн пестицидтер (улы химикаттар) тiзiмiне енгiзiледi.
13-бап. Мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауға жататын объектiлер
Мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауға жататын объектiлер:
1) зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң тiршiлiк ететiн орындары болып табылатын ауыл шаруашылығына арналған объектiлер, автомобиль жолдарының, темiржолдардың бөлiнген белдеулерi мен күзет аймақтары және өзге де аумақтар, сондай-ақ өсiмдiктен алынатын өнiм;
2) зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдер;
3) фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзу пайдаланылатын арнаулы техника мен пестицидтер (улы химикаттар);
4) арнаулы сақтау орындары (көмiндiлер) болып табылады.
14-бап. Өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметтi лицензиялау
1. Пестицидтердiң (улы химикаттардың) адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсерiн болғызбау мақсатында:
1) тiркеу, өндiру сынақтары мен ғылыми зерттеулерге арналған тәжiрибелiк үлгiлердi қоспағанда, пестицидтер (улы химикаттар) мен оларды өндiруге арналған бастапқы компоненттердi әкелу;
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 2-тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), өткiзу және қолдану жөнiндегi қызмет лицензиялануға тиiс.
2. Тiркеу, өндiру сынақтары мен ғылыми зерттеулер үшiн әкелiнетiн пестицидтердiң (улы химикаттардың) мөлшерiн уәкiлеттi орган айқындайды.
ҚР 09.07.04 ж. N 584-II Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Пестицидтердi (улы химикаттарды) өндiру (формуляциялау), өткiзу және қолдану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын бiлiктiлiк талаптары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
4. Лицензиат өзiнiң өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметiнiң нәтижесi бойынша пестицидтердiң (улы химикаттардың) келiп түсуi мен жұмсалуын есепке алуды жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға фитосанитариялық есептiлiктi табыс етедi.
4-тарау. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі талаптар
15-бап. Жеке және заңды тұлғалардың зиянды организмдер таралуының алдын алу жөнiндегi мiндеттерi
Қызметi мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау объектiлерiне байланысты жеке және заңды тұлғалар:
1) зиянды организмдер таралуының алдын алу мақсатымен өз аумақтарында фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық ic-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге;
2) пестицидтердi (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану ережелерiн сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарына сәйкес өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың нұсқамаларын орындауға;
4) өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларға олардың Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңдарын орындауына жәрдем көрсетуге;
5) пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыруға;
6) фитосанитариялық есепке алуды жүргiзуге және уәкiлеттi органға есептiлiктi табыс етуге мiндеттi.
16-бап. Пестицидтердiң (улы химикаттардың) запасы
1. Пестицидтердiң (улы химикаттардың) запасы дегенiмiз пестицидтердiң (улы химикаттардың) ұдайы жаңартылып отыратын белгiлi бiр көлемi және ол уәкiлеттi органның қарауындағы (билiгiндегi) мемлекеттiк меншiк болып табылады.
2. Пестицидтердiң (улы химикаттардың) запасы ерекше қауiптi зиянды организмдердiң тосыннан жаппай таралуын жоюға арналған.
3. Запас қалыптасатын фитосанитариялық ахуалды ескере отырып, фитосанитариялық мониторинг негiзiнде республикалық бюджет қаражаты есебiнен сатып алынған пестицидтер (улы химикаттар) көлемiнен қалыптастырылады.
4. Пестицидтердiң (улы химикаттардың) түрлерi бойынша запастың нормативiн және оларды пайдалану тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
17-бап. Фитосанитариялық нормативтер
1. Фитосанитариялық нормативтер фитосанитариялық ахуалды өсiмдiк шаруашылығы өнiмiне, ауыл шаруашылық мақсатындағы объектiлерге қауiпсiздiгi тұрғысынан сипаттайтын көрсеткiштердiң жол берiлетiн сан және (немесе) сапа жөнiндегi мәнiн айқындайды.
2. Фитосанитариялық нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн зерттеулер негiзiнде белгiленедi.
3. Фитосанитариялық нормативтер фитосанитариялық iс-шаралар көлемiн объективтi және негiздеп жоспарлауды жүргiзу, сондай-ақ зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдердiң жаппай көбею, таралу және оларды жою мүмкiндiгiн болжау үшiн негiз болып табылады.
4. Фитосанитариялық нормативтер өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың мемлекеттiк фитосанитариялық бақылауды жүргiзуi үшiн негiз болып табылады.
18-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыру тәртiбi
1. Пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыру тәртiбiн уәкiлеттi орган мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келiсе отырып айқындайды.
2. Пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыру үшiн арнаулы сақтау орындары (көмiндiлер) пайдаланылады.
3. Арнаулы сақтау орындарын (көмiндiлердi) салуға, сондай-ақ пестицидтердi (улы химикаттарды) залалсыздандыруға рұқсатты мемлекеттiк экологиялық бақылау органы бередi.
4. Аймақтарда арнаулы сақтау орындарын (көмiндiлердi) орналастырудың орындылығын және олардың санын жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары уәкiлеттi органмен және мемлекеттiк экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келiсе отырып айқындайды.