Темір жол көлігі туралы Қазақстан Республикасының
2001 ж. 8 желтоқсандағы N 266-ІІ
Заңы
(ҚР 08.05.03 ж. N 414-II; 09.07.04 ж. N 596-II
Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы редакцияларды қара
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 13 баптар)
2-тарау. Темір жол көлігіндегі басқару (14 - 17 баптар)
3-тарау. Темір жол көлігінің қажетіне арналған (18 - 21 баптар)
жер және қорғалатын аймақтар
4-тарау. Темір жол көлігі қызметкерлерінің еңбек (22 - 24 баптар)
қатынастарын реттеу ерекшеліктері
5-тарау. Темір жол көлігінде (25 - 29 баптар)
жолаушыларды сақтандыру
6-тарау. Жүру қауіпсіздігі, темір жол көлігінің (30 - 35 баптар)
жүктері мен объектілерін күзету, ерекше
жағдайларда жұмысты ұйымдастыру
7-тарау. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру (36 - 55 баптар)
8-тарау. Кірме жолдар (56 - 63 баптар)
9-тарау. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және (64 - 72 баптар)
почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау
10-тарау. Тасымалдаудан туындайтын міндеттемелер (73 - 88 баптар)
бойынша жауапкершілік
11-тарау. Актілер, кінә қою, талап қою (89 - 93 баптар)
12-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер (94 - 97 баптар)
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен өзгерістер енгізілді (бұр. ред. қара)
Осы Заң темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерi тасымалдарын жүзеге асыру кезiндегi тасымалдаушылар, тасымал процесiне қатысушылар, мемлекеттiк органдар, жолаушылар, жөнелтушiлер, алушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) багаж - жолаушылар немесе почта-багаж поезында тасымалдауға қабылданған, салмағы екi жүз килограмнан аспайтын мүлiк;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) вагон - темiр жолдармен тасымалдауға арналған өздiгiнен жүрмейтiн тiркемелi көлiк құралы;
2) тармақ иеленушi - меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiзде темiр жолдың кiрме жолдарын иеленушi тұлға;
3) жүк - жүк поезында тасымалдауға қабылданған мүлiк;
4) жүк-багаж - жолаушылар мен почта-багаж поездарында тасымалдауға қабылданған, салмағы екi жүз килограмнан артық мүлiк;
5) жүк жөнелтiлiмi - бiр темiр жол көлiгi жүкқұжатымен тасымалдауға ұсынылатын жүк партиясы;
6) жүк жөнелтушi - тасымалдау құжаттарында көрсетiлген және жүктi жөнелтушi тұлға;
7) жүк алушы - тасымалдау құжаттарында көрсетiлген және жүктi алушы тұлға;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) темiр жол станциясы - поездар қозғалысын реттеудi, өткiзу қабiлетiн қамтамасыз ететiн және оларды қабылдау, жөнелту, тоғыстыру, басып озу жөнiндегi, жолаушыларға қызмет көрсету, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтiлiмдерiн және (немесе) жүктердi қабылдау, беру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге мүмкiндiк беретiн жолдық дамуы бар, магистралдық жолдарды учаскелерге бөлетiн пункт;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
8) темiр жол қатынасы - жөнелтетiн және баратын бекеттер арасында темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерi тасымалдау, оның мына түрлерi:
халықаралық - Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасында және (немесе) Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен тасымалдау;
облысаралық - Қазақстан Республикасының әртүрлi облыстарындағы жөнелту және межелi пункттерi арасындағы тасымалдау;
ауданаралық (қалааралық) - бiр облыс шегiндегi елдi мекендер арасындағы тасымалдау;
iшкi - қала (аудан) iшiнде және қала маңында тасымалдау;
9) темiр жолдар - жылжымалы құрамның жүруi iске асырылатын жылжымайтын мүлiк объектiлерi (тар және кең табан магистралдық, станциялық, кiрме жолдар);
10) темiр жол көлiгi - темiр жолдармен тасымалдауды қамтамасыз ететiн көлiк түрi;
11) темiр жол көлiгiнiң қажетiне арналған жер - темiр жолдар, құрылыстар, жол желiсiндегi және басқа ғимараттар, темiр жол станциялары, қорғаныш екпе ағаштар және жол құрылғылары алып жатқан жер учаскелерi;
12) клиент - жасалған шартқа сәйкес тасымалдаушының қызметiн пайдаланатын тұлға;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) контейнер - жүктердi тасымалдауға арналған бiрнеше мәрте қолданылатын әмбебап көлiк жабдығы;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 12-2) тармақшамен толықтырылды
12-2) контрагент - рельс бойындағы қоймаларға, жүк сақталатын алаңдарға, тиеу-түсiру механизмдерiне және (немесе) басқа тармақ иеленушiнiң кiрме жолдарына жалғасатын кiрме жолдарға меншiк құқығында немесе өзге заңды негiздерде иелiк ететiн тұлға;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
13) магистралдық темiр жол желiсi - магистралдық және станциялық жолдарды, сондай-ақ электрмен жабдықтау, сигнализация, байланыс объектiлерiн, құрылғыларды, жабдықты, ғимараттарды, құрылыстарды және оның жұмыс iстеуi үшiн технологиялық жағынан қажеттi өзге де объектiлердi қамтитын магистралдық темiр жол инфрақұрылымы;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
14) магистралдық жолдар - Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жалпы пайдаланудағы темiр жол көлiгiнiң жұмыс iстеуiне және басқа мемлекеттермен темiр жол қатынасын қамтамасыз етуге арналған темiр жол станцияларын қосатын темiр жолдар;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
15) Ұлттық темiр жол компаниясы - құрылтайшысы (бiрден-бiр қатысушысы) мемлекет болып табылатын магистралдық темiр жол желiсiн күтiп-ұстауды және пайдалануды жүзеге асыратын, сондай-ақ магистралдық темiр жол желiсi қызметтерiн көрсететiн ұйым;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 15-1) тармақшамен толықтырылды
15-1) Ұлттық тасымалдаушы - мәртебесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, арнайы және әскери тасымалдарды орындайтын және жылжымалы құраммен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтiлiмдерiн және (немесе) жүктердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн тасымалдаушы;
16) қауiптi жүктер - өздерiне тән қасиеттерiне қарай адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына; жарылысқа, өртке, мүлiктердiң бұзылуына немесе жойылуына, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға зиян келтiрiлуiне себеп болуы мүмкiн жүктер;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды
16-1) вагондар (контейнерлер) операторы - вагондарды (контейнерлердi) меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде иеленушi және (немесе) тасымалдаушымен жасалған шарт негiзiнде осы вагондарды (контейнерлердi) пайдалана отырып, тасымал процесiн жүзеге асыруға қатысатын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 16-2) тармақшамен толықтырылды
16-2) локомотивтiк тартқыш операторы - локомотивтi күтiп ұстауды және пайдалануды қамтамасыз ететiн және локомотивтiк тартқыш қызметiн көрсетуге сертификаты бар тартқыш көлiк құралының (локомотивтiң) иесi;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
17) магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы - мемлекет магистралдық темiр жол желiсi қызметтерiн көрсету және тасымалдау процесiн басқару үшiн құрған ұйым;
18) ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
19) жөнелтушi - багажды, жүк-багажды немесе почта жөнелтiлiмдерiн жөнелтетiн және тасымалдау құжаттарында көрсетiлген тұлға;
20) темiр жол көлiгiнiң қорғалатын аймақтары - тасымалдау қауiпсiздiгiн, темiр жол көлiгi құрылыстарының, құрылғыларының және басқа объектiлерiнiң сақталуын, төзiмдiлiгi мен берiктiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi жер учаскелерi;
21) жолаушы - жол жүру құжаты (билетi) бар және поезбен жол жүретiн жеке тұлға;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 22) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
22) темiр жол көлiгiндегi тасымалдаушы (бұдан әрi тасымалдаушы) - жылжымалы құраммен тасымалдауды жүзеге асыратын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тасымалдаушы;
23) тасымалдау құжаттары - ресiмделуi арқылы тасымалдау шарттары жасалатын құжаттар (жол жүру құжаты (билет), багаж бен жүк-багаж квитанциясы, темiр жол көлiгi жүкқұжаты);
24) тасымалдау процесi - тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде орындалатын ұйымдастырушылық және технологиялық тұрғыдан өзара байланысты iс-әрекеттер мен операциялар жиынтығы;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 25) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
25) жылжымалы құрам - жолаушыларды, багажды, жүктi, жүк-багажды және почта жөнелтiлiмдерiн темiр жолдармен тасымалдауға арналған тартқыш көлiк құралдары (локомотивтер), вагондар, өздiгiнен жүретiн және өзге де көлiк құралдары;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 26) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
26) кiрме жолдар - жүк жөнелтушiлер мен жүк алушыларға қызмет көрсетуге арналған және тiкелей немесе басқа да кiрме жолдар арқылы магистралдық және (немесе) станциялық жолдарға жалғасатын темiр жолдар;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 26-1) тармақшамен толықтырылды
26-1) ортақ пайдаланылатын кiрме жолдар - тасымалдау ережелерiне сәйкес, тасымалдау процесiне қатысушыларға тиесiлi және багажды, жүктердi, жүк-багажды тиеу (түсiру), сұрыптау, сақтау жөнiндегi операцияларды орындау үшiн пайдаланылатын темiр жол станциясы аумағында да, одан тысқары жерлерде де арнайы бөлiнген темiр жолдар;
27) алушы - багажды, жүк-багажды немесе почта жөнелтiлiмдерiн алатын және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 28) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
28) тасымалдау ережелерi - тасымалдау процесiнiң барлық қатысушыларының қызметiн және өзара қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер;
29) қол жүгi - жолаушының вагонда өзiмен бiрге ақысыз тасымалдайтын, салмағы мен көлемi бойынша белгiленген мөлшерден аспайтын жеке заттары;
30) тез бүлiнетiн багаж, жүк, жүк-багаж - жарамдылық мерзiмi шектеулi және тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайын талап ететiн багаж, жүк, жүк-багаж;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 30-1) тармақшамен толықтырылды
30-1) әлеуметтiк мәнi бар қатынастар - әлеуметтiк мәнiн:
облысаралық қатынастарда - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
ауданаралық (қалааралық) және iшкi қатынастарда жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайтын қатынастар;
31) арнаулы тасымалдаулар - мемлекет және қорғаныс қажеттерiне арналған арнаулы жүктердi тасымалдау;
32) тасымалдануға болатын мерзiм - тез бүлiнетiн багаждың, жүктiң, жүк-багаждың сертификатта (сапалық куәлiкте) көрсетiлген деректер негiзге алынып, жолда болуының барынша шектi мерзiмi;
33) станциялық жолдар - кiрме жолдарды қоспағанда, темiр жол станциясының шекарасындағы темiр жолдар;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 33-1) тармақшамен толықтырылды
33-1) тасымалдау - багажды, жүктердi, жүк-багажды жөнелту пунктiнен межелi пунктiне апару мақсатында орындалатын тасымалдаушының, магистралдық темiр жол желiсi операторының, локомотивтiк тартқыш операторының өзара байланысты iс-қимылдарының жиынтығы;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 34) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
34) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз құзыретi шегiнде көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасында көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiрудi, реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын орталық атқарушы орган;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 35) тармақшамен толықтырылды
35) локомотивтiк тартқыштың қызметтерi - темiр жолдар бойынша тартқыш көлiк құралымен (локомотивпен) жылжымалы құрамның орнын ауыстыру жөнiнде көрсетiлетiн қызметтер;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 36) тармақшамен толықтырылды
36) магистралдық темiр жол желiсiнiң қызметтерi - магистралдық темiр жол желiсiн пайдалануға ұсыну және онымен жылжымалы құрамды өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi қызметтер;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 37) тармақшамен толықтырылды
37) кiрме жолдардың қызметтерi - кiрме жолдарды пайдалануға беру бойынша көрсетiлетiн қызметтер;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 38) тармақшамен толықтырылды
38) тасымал процесiнiң қатысушысы - темiр жол көлiгi саласында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын тұлға, соның iшiнде тармақ иеленушi, контрагент және клиент;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 39) тармақшамен толықтырылды
39) экспедитор - тасымалдау құжаттарында көлiк экспедициясы шартының негiзiнде тасымал төлеушісі ретінде көрсетiлуi мүмкiн, жүк тасымалдарын ұйымдастыру жөнiнде қызметтер көрсететiн тұлға.
2-бап. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясат
1. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясат:
1) көлiк рыногының барлық субъектiлерiнiң темiр жол көлiгi қызметiне еркiн қол жеткiзуi;
2) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн қорғау;
3) тасымалдардың барлық қатысушылары үшiн құқықтық және экономикалық кепiлдiктердiң бiрыңғай стандартын қолдану принциптерiн негiзге алып, халықтың, экономиканың және мемлекеттiң тасымалдарға қажеттiгiн қанағаттандыру үшiн жағдай жасауға бағытталған.
2. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясаттың мақсаты:
1) темiр жол көлiгiнiң магистралдық темiр жол желiсiн дамыту;
2) тасымалдарды дамыту;
3) тасымалдардың қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес темiр жол көлiгiнде тариф, салық және кеден саясатын жүзеге асыру;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) темiр жол көлiгiнде еркiн кәсiпкерлiкке жағдай жасау және шаруашылық қызметiне мемлекеттiк органдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
6) бәсекелестiктi дамыту, соның iшiнде халықаралық тасымалдар саласындағы бәсекелестiктi дамыту;
7) магистралдық темiр жол желiсiнiң бiрыңғай мүлiктiк кешенiн сақтау;
8) қоршаған ортаны қорғау;
9) темiр жол көлiгiн жұмылдыру дайындығында ұстап тұру;
10) темiр жол көлiгiнiң қажеттерi үшiн импортты алмастыратын өндiрiстi дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
3. Темiр жол көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру уәкiлеттi органға және құзыретiне сәйкес өзге де мемлекеттiк органдарға жүктеледi.
3-бап. Темiр жол көлiгiнде жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерi тасымалын ұйымдастыру негiздерi
1. Темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушы осы Заңда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделгеннен басқа жағдайларда, ақысын төлеген және жол жүру немесе багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерi тасымалдарына арналған тасымалдау құжаттарын дұрыс ресiмдеген қызмет пайдаланушыларға тасымал жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Өзiнiң тартқыш көлiгi (локомотивi) жоқ тасымалдау процесiне қатысушы локомотивтiк тартқыштың операторымен жасалған шарт негiзiнде локомотивтiк тартқыш көрсететiн қызметтердi пайдаланады.
4-бап. Темiр жол көлiгi туралы заңдар
1. Темiр жол көлiгi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Әскери және арнайы тасымалдарды ұйымдастыру, қамтамасыз ету және орындау ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
5-бап. Темiр жол көлiгiнiң ортақ және жеке пайдаланылатын объектiлерi
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Магистралдық темiр жол желiсi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында ортақ пайдаланылатын темiр жол көлiгiнiң объектiсi болып табылады, жекешелендiруге жатпайды және Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн шарттармен және тәртiппен Ұлттық темiр жол компаниясына берiледi.
2. Магистралдық темiр жол желiсiне жатпайтын темiр жолдар жеке пайдалану объектiсi болып табылуы және жеке меншiкте болуы мүмкiн.
6-бап. Магистралдық темiр жол желiсi
1. Тасымалдаушылар магистралдық темiр жол желiсi бойынша тасымалдарды магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiне сәйкес жүргiзедi.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Тасымалдаушы магистралдық темiр жол желiсi көрсеткен қызметтер үшiн магистралдық темiр жол желiсiнiң операторына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген мөлшерде ақы төлейдi.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы магистралдық темiр жол желiсi көрсететiн қызметтерге кемсiтусiз қол жеткiзудi қамтамасыз етуге және тасымалдаушыларға магистралдық темір жол желiсiн пайдалануға бiрдей құқық беруге мiндеттi.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, өткiзу қабiлетiнiң шектелуiне байланысты тасымалдаушыларға поездар қозғалысының нақты бағытында магистралдық темiр жол желiсiн пайдалануға беру мүмкiндiгi болмаған кезде, тасымалдау тасымалдаушылардың магистралдық темiр жол желiсi көрсететiн қызметтерге кемсiтусiз қол жеткiзу ережелерiнде көзделген тәртiппен конкурстық негiзде жүзеге асырылады.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 4-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
4. Ұлттық темiр жол компаниясы магистралдық темiр жол желiсiн салуды, күтiп ұстауды және жаңғыртуды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен бағдарлама бойынша жүзеге асырады.
Жаңа магистралдық жолдар салу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 6-1-баппен толықтырылды
6-1-бап. Магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану кезiнде туындайтын мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауаптылық
Магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану кезiнде туындайтын мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiнде, сондай-ақ осылардың негiзiнде жасалатын шарттарда белгiленген негiздер бойынша және мөлшерде жауаптылықта болады.
7-бап. Темiр жол қатынасын тоқтату
Мемлекеттiк меншiк болып табылатын темiр жол бойынша темiр жол қатынасын тоқтатуды Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
8-бап. Темiр жол көлiгiндегi шарттар
1. Тасымалдау шарттарының мiндеттi талаптары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және соларға сәйкес шығарылған тасымалдау ережелерiнде белгiленедi. Тараптар тасымалдау шарттарының өзге де талаптарын белгiлеуге ерiктi.
2. Жолаушылар тасымалын ұйымдастырған кезде Ұлттық темiр жол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттiк басқару органдарымен өзара қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарт талаптарымен жүзеге асырылады.
3. Тасымалдаушы өздерiнiң құзыретiне сәйкес мәлiмделген ерекше маңызды тасымалдарды жүзеге асыру туралы мемлекеттiк органдардың жазбаша нұсқауларын (шешiмдерiн) орындауға мiндеттi. Тиiстi нұсқауларда (шешiмдерде) осындай тасымалдар үшiн есеп айырысу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
4. Темiр жол көлiгiмен халықаралық қатынаста және транзитпен жолаушыларды, багажды, жүктi және жүк-багажды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Локомотивтiк тартқыш операторы шарттар негiзiнде және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен локомотивтiк тартқыш қызметтерiн көрсетедi.
Тартқыш көлiк құралының (локомотивтiң) иесi бiрiншi кезекте арнайы және әскери тасымалдарды орындау үшiн Ұлттық тасымалдаушыға локомотивтiк тартқыш көрсететiн қызметтердi ұсынуға мiндеттi.
9-бап. Жылжымалы құрамды тiркеу
Жылжымалы құрам уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мiндеттi мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
10-бап. Лицензиялау
Темiр жол көлiгiндегi қызметтiң жекелеген түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
11-бап. Сертификаттау
1. Темiр жол көлiгiнiң қызметiне жататын өнiмдердi, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мiндеттi сертификаттау Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сертификатты Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес мемлекеттiк сертификаттау жүйесi таныған жағдайда, ол Қазақстан Республикасында жарамды деп есептеледi.
12-бап. Тарифтер және ақы төлеу
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы көрсететiн қызметтердiң бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi жолаушылардың халықаралық және облысаралық қатынастарда жол жүру бағаларына (тарифтерiне) жеңiлдiктер беруге құқылы. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жолаушылардың ауданаралық (қалааралық) және iшкi қатынастарда жол жүру бағаларына (тарифтерiне) жеңiлдiктер беруге құқылы.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2005 ж. 1 қаңтардан күшіне енеді)
2-1. Тасымалдауды жүзеге асыру жөнiнде қызметтер көрсететiн тасымалдаушының залалдары Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес бюджет қаражаты есебiнен субсидияланады.
3. Халықаралық қатынаста тарифтi (тасымалдау ақысын) қолдану ережесi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленедi.
13-бап. Тасымалдауға талап қою құқығын беру
Жүк жөнелтушiге байланысты себептер бойынша жүзеге асырылмаған (толық көлемiнде жүзеге асырылмаған) тасымалға алдын ала ақы төленген жағдайда, жүк жөнелтушi ақша қаражатын қайтарып алуға немесе тасымалдаушының келiсiмiмен осы тасымалға талап ету құқығын басқаға беруге құқылы.
2-тарау. Темір жол көлігіндегі басқару
14-бап. Темiр жол көлiгiндегi мемлекеттiк басқару
1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң темiр жол көлiгi саласындағы құзыретiне:
1) темiр жол көлiгiн дамыту тұжырымдамалары мен бағдарламаларын бекiту;
2) Ұлттық темiр жол компаниясының мәртебесiн белгiлеу;
3) Ұлттық темiр жол компаниясы мен тасымалдаушылардың тасымалды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылының тәртiбiн белгiлеу;
4) магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiн бекiту;
5) магистралдық, станциялық және кiрме жолдарда жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексеру ережелерiн бекiту;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6) магистралдық темiр жол желiсiне кiретiн темiр жолдардың тiзбесiн бекiту, сондай-ақ темiр жолдарды осындай тiзбеден шығару;
7) темiр жол көлiгiнiң қауiптiлiгi жоғары аймақтарда жолаушылардың, азаматтардың болу және объектiлер орналастыру, оларда жұмыс жүргiзу, темiр жолдар арқылы жүру және өту ережелерiн бекiту;
8) әскери және арнаулы тасымалдарды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
9) темiр жол көлiгiнiң мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмiнiң, жұмыстарының, көрсетiлетiн қызметтерiнiң тiзбесiн бекiту;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
10) темір жол көлігімен тасымалдау кезінде жүктердің әскерилендiрiлген күзетiн қамтамасыз ету тәртiбiн айқындау;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11) тасымалдаушының әлеуметтiк мәнi бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыруына байланысты залалдарын субсидиялау ережелерiн бекiту;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12) әлеуметтiк мәнi бар облысаралық қатынастарды айқындау;
13) ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
14) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк жолаушылар қатынасына тыйым салу туралы шешiм қабылдау;
15) тасымалдауды шектеу туралы, Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) багаж, жүк және жүк-багаж әкелуге, әкетуге, транзиттiк тасымалдауға тыйым салу туралы шешiм қабылдау.
16) ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) темiр жол желiсiн және темiр жол көлiгiн дамыту жөнiндегi тұжырымдамалар мен бағдарламаларды әзiрлеу;
2) темiр жол көлiгi саласындағы қатынастарды реттейтiн заң актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) магистралдық темiр жол желiсiнiң жұмыс iстеуi үшiн технологиялық қажеттi станциялық жолдардың, электрмен жабдықтау, сигнализация, байланыс объектiлерiнiң, құрылғылардың, жабдықтардың, үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың және өзге де объектiлердiң тiзбесiн табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылауды және реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша бекiту;