ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
60-бап. Кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге жасалатын шарттар
1. Тасымалдау процесiне қатысушылардың кiрме жолдар қызметтерiн көрсету жөнiндегi өзара қатынастары шартпен айқындалады.
2. Тармақ иеленушi бiр жақты тәртiппен:
1) кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге жасалатын шарт талаптарын өзгертуге;
2) кiрме жолдар қызметтерiн көрсетуге жасалатын шартты бұзуға;
3) тасымалдау процесiне қатысушылар кiрме жолдар қызметтерiн көрсету шартын өздерi бұзған жағдайларды қоспағанда, олардың тең қол жеткiзу принципiн бұзатын өзге де iс-әрекеттер жасауға құқылы емес.
61-бап. Келiспеушiлiктердi сотқа дейiн реттеу
Кiрме жолдарды пайдалануға, вагондарды беруге-алып кетуге шарт жасасу кезiнде туындаған дауларды, сондай-ақ оларды өзгерту мен толықтыру жөнiндегi келiспеушiлiктердi сотқа дейiн реттеу тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.
62-бап. Кiрме жолдарда вагондар мен контейнерлердiң сақталуы үшiн жауапкершiлiк
Кiрме жолдарда жүктер мен жылжымалы құрамның сақталуына қабылдаушы тарап жауапты болады. Тармақ иеленушiнiң алдындағы контрагенттiң жауаптылығы тармақ иеленушiнiң тасымалдаушы алдында жауап беретiн ережелерi сияқты ережелермен белгiленедi.
63-бап. Вагондар мен контейнерлердiң кiрме жолдарда тұру уақытын есепке алу
Вагондар мен контейнерлердiң кiрме жолдарда тұру уақытын есепке алу тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады. Вагондар мен контейнерлердi кiрме жолдарда қабылдау орны және тәртiбi шартпен белгiленедi.
9-тарау. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және
почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
64-бап. Жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру
Халықаралық және облысаралық қатынастарда жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыруды Қазақстан Республикасы Үкiметi айқындайды.
Ауданаралық (қалааралық) және iшкi қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдаудың ұйымдастырылуын жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар немесе тасымалдаушы айқындайды.
65-бап. Жолаушыны, багажды және жүк-багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыны тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы оған жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес поезда орын берiп, оны баратын жерiне жеткiзуге мiндеттенедi, ал жолаушы жол жүру ақысын төлеуге мiндеттi.
2. Багажды, жүк-багажды тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы багажды, жүк-багажды баратын жерiне жеткiзiп беруге, ал жөнелтушi оның тасымалдау ақысын төлеуге мiндеттi.
3. Жолаушыны тасымалдау шарты - жол жүру құжатымен (билетпен), багажды тасымалдау - багаж квитанциясымен, жүк-багажды тасымалдау жүк-багаж квитанциясымен ресiмделедi.
4. Тасымалдаушы жолаушы айтқан, баратын станцияға дейiн жол жүру құжатының (билеттiң) сатылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Жолаушыға жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес орын бермеген немесе тасымалдауды жалғастырудан бас тартқан тасымалдаушы өз есебiнен жолаушыны баратын жерiне жеткiзуге немесе жолаушыға шартты тиiсiнше орындамаудан келтiрiлген барлық залалды өтеуге мiндеттi.
6. Жол жүру құжаттарының (билеттерiнiң) нысаны, оларды сату тәртiбi мен қолданылу мерзiмдерi тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 66-бап толықтырылды
66-бап. Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерi
Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерiнде:
1) жол жүру құжаттарын (билеттердi) сату, олардың қолданылу мерзiмiн ұзарту және билет кассаларының жұмысын ұйымдастыру;
2) жолаушылар вагонының санаты, оның iшiнде жайлылық деңгейi бойынша санаты;
3) жолаушыларға жолаушылар поездары мен вокзалдарда жедел медициналық көмек көрсетудi қоса алғанда, мiндеттi түрде көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi;
4) жолаушылардың жол жүру жағдайының өзгеру, поездарда төсекорын жабдықтарын беру және басқа қызметтер көрсету шарттары мен тәртiбi;
5) жолаушының жол бойында аялдама жасауын (он күнге дейiн) ресiмдеудiң тәртiбi;
6) қол жүгiн алып жүру тәртiбi мен шарттары;
7) багажды, жүк-багажды қабылдаудың және берудiң талаптары мен тәртiбi;
8) тасымалдау құжаттарының нысандары және оларды ресiмдеудiң тәртiбi;
9) тасымалдауға рұқсат етiлетiн жануарлардың тiзбесi, оларды тасымалдаудың тәртiбi мен талаптары;
10) жол бойында багаж бен жүк-багажды берудiң тәртiбi;
11) багаж бен жүк-багажды қайта жөнелтудiң тәртiбi мен талаптары;
12) багаж бен жүк-багажды сақтау, ұстап қалу, беру тәртiбi;
13) қауiптi заттарды тасымалдаудың тәртiбi;
14) пайдаланылмаған жол жүру құжаттары (билеттер) үшiн төлемдердi қайтару тәртiбi;
15) кәмелетке толмаған жолаушылардың жол жүру ережелерi;
16) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де жағдайлар белгiленедi.
Тасымалдаушылардың жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау ережелерiн сақтауын бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
67-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушының:
1) поездар жүретiн маршруттар бойынша жолаушылар операциялары үшiн ашық, өзi атаған баратын станциясына дейiн кез келген поезға және кез келген вагонға жол жүру құжатын (билет) сатып алуға;
2) сатып алған жол жүру құжатына (билетке) сәйкес поездағы вагоннан орын алуға;
3) өзiмен бiрге жетi жасқа дейiнгi бiр баланы, егер бала жеке орын алатын болмаса - ақысыз және жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларды жол жүру ақысының елу процентiн төлеп алып жүруге құқығы бар.
Басқа мемлекеттердiң жолаушы вагондарында және басқа мемлекеттердiң аумағы бойынша Қазақстан Республикасының жолаушы вагондарында тасымалдау кезiнде осы құқықты беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады;
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 4) тармақша толықтырылды
4) бiр толық жол жүру құжатына немесе баланың жол жүру құжатына салмағы отыз бес килограмнан аспайтын қол жүгiн өзiмен бiрге ақысыз алып жүруге құқығы бар.
Салмағы бұдан асатын қол жүгi багаж вагонына тапсырылуға тиiс;
5) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiп бойынша тасымалдаушыға жол жүру құжатын (билеттi) қайтарып тапсыруға және тасымалдаушыдан жол жүру және багажды алып жүру ақысын (ал жөнелтушi - багаж, жүк-багаж тасымалының ақысын) қайтарып алуға;
6) тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн ұзартуға;
7) жол бойында аялдама жасап, тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жол жүру құжатының (билеттiң) қолданылу мерзiмiн он күннен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
8) бос орындар болған және сатып алынған жол жүру құжатына (билетiне) өзгерiстер енгiзген жағдайда, жол жүру құжаты (билет) сатып алынған поездан бұрын жүретiн жолаушы поезымен жүруге;
9) белгiленген ақысын төлеп, багажын тасымалдауға тапсыруға құқығы бар.
2. Жолаушы:
1) қала маңындағы қатынас поездарын қоспағанда, жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, поезға отырғызу кезiнде жол бойында жол жүру құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуге;
2) поезға отырғызған кезде және жол үстiнде сапар аяқталғанға дейiн оның жол жүру құжаты (билетi) болуы;
3) қоғамдық тәртiптi, жолаушы вагондарын және вокзал үй-жайларын пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
68-бап. Багажды және жүк-багажды тасымалдау
1. Тасымалдаушы жолаушыдан немесе жөнелтушiден багажды және жүк-багажды қабылдап алуға және осы операциялар үшiн ашық кез келген темiр жол станциясына дейiн жөнелтуге мiндеттi.
Жөнелтушiнiң багажы, жүк-багажы таяу арада жүретiн багаж вагоны бар поезбен жөнелтiледi. Бұл орайда тасымалдаушы жолаушының багажын, жүк-багажын бiрiншi кезекте жөнелтудi қамтамасыз етуге мiндеттi. Жолаушының жол жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген маршрут бойынша жеткiзiлетiн багаж, жүк-багаж жолаушы отырған поезбен немесе таяу арада жүретiн багаж вагоны бар поезбен жөнелтiлуге тиiс.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Жолаушы (жөнелтушi) багажды тапсыру кезiнде оның құнын жариялауға құқылы, ал жүк-багажды тапсыру кезiнде оның құнын жариялауға мiндеттi.
3. Багажбен, жүк-багажбен тасымалдауға өзiнiң мөлшерiне, буып-түйiлуiне және қасиеттерiне қарай багаж вагонына қиындықсыз тиелiп, орналастырылатын және тасымалдаушының мүлкiне және басқа жолаушылардың (жөнелтушiлердiң) багажына, жүк-багажына зиян келтiрмейтiн заттар мен нәрселер қабылданады.
69-бап. Багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi
1. Багаж бен жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмi тасымалдауды жүзеге асыратын поездың қозғалыс кестесiне сәйкес баратын темiр жол станциясына дейiн жүру уақытымен айқындалады.
Егер багажды, жүк-багажды тасымалдау жол жүру барысында ауыстырып тиеу арқылы жүзеге асырылса, онда жеткiзiп беру мерзiмi әрбiр ауыстырып тиеу үшiн бiр тәулiкке арттырылады.
2. Жолаушыға, алушыға багаж, жүк-багаж баратын станцияда багаж, жүк-багаж квитанциясын және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейiн берiледi.
3. Багажды, жүк-багажды беру жолаушылар тасымалы жөнiндегi операциялар үшiн станция ашық болған уақыт iшiнде жүргiзiледi.
70-бап. Сақтаудың шектi мерзiмi аяқталуының салдары
1. Жолаушы, алушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды, жүк-багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы оны баратын станцияда, келген күнiнен бастап - отыз күн бойы, ал кедендiк бақылаудағы багаж бен жүк-багажды он бес күн бойы сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған сақтаудың шектi мерзiмi аяқталысымен, тасымалдаушы багаж бен жүк-багажды уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың (салық, кеден және өзге де) билiгiне бередi. Осы кезден бастап жолаушы, жөнелтушi, алушы оларға құнын өтеу немесе багажды, жүк-багажды алу мәселесi бойынша өтiнiш жасауға құқылы.
3. Багаж, жүк-багаж (алып қойылған, тәркiленген, иесiз деп танылған) соттардың және басқа уәкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша сатылған жағдайда тасымалдаушының тасымалдау мен сақтауға байланысты шеккен шығыстары сот шешiмдерiн және басқа уәкiлеттi органдардың шешімдерін орындауға құзыретті тұлғалардың атқарушылық іс-әрекеттерін жүзеге асыру жөніндегі шығыстары ретінде өтеледі.
71-бап. ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 72-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
72-бап. Почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау
Почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау Қазақстан Республикасының почта туралы заңдарында белгiленген тәртiппен почта вагондарымен жүзеге асырылады.
10-тарау. Тасымалдаудан туындайтын міндеттемелер
бойынша жауапкершілік
73-бап. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 1-тармақ толықтырылды
1. Тасымалдаудан туындайтын мiндеттемелердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және темiр жол көлiгi саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ осылардың негiзiнде жасалған шарттарда белгiленген негiздер бойынша және мөлшерде жауапты болады.
Мiндеттеменi бұзған тарапты жауапқа тарту, құқығы бұзылған тараптың талап етуi бойынша ғана жүргiзiледi.
2. Тараптардың осы Заңда белгiленген жауапкершiлiктi шектеу немесе жою мақсатындағы келiсiмдерi жарамсыз болып табылады.
Тараптар өзара келiсiм бойынша жауапкершiлiк мөлшерiн ұлғайта алады, сондай-ақ тасымалдау шарты бойынша қосымша жауапкершiлiк көздей алады.
3. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тасымалдаушылардың өзара жауапкершiлiктерi осы Заңда, жүктердi, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ тасымалдаушылар арасындағы шарттарда белгiленедi.
4. Тасымалды бiрнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда олар жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының) алдында багаждың, жүктiң, жүк-багаждың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi, бұзылғаны (бүлiнгенi), жеткiзiп беру мерзiмiн өткiзiп жiбергенi үшiн ортақ жауапкершiлiкте болады.
5. Егер тасымалдаушы басқа тасымалдаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, тармақ иеленушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жауапқа тартылса, оның кiнәлiлерге керi талап қоюға құқығы бар.
74-бап. Тұрақсыздық айыбы
1. Жүк тасымалы бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн кiнәлi тарап Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда немесе шартта белгiленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.
2. Тасымалдаушыға тиiстi төлемдi мерзiмiн өткiзiп төлегенi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде бөтен адамдардың ақша қаражатын заңсыз пайдаланғаны үшiн белгiленген жауапкершiлiк мөлшерiнде тұрақсыздық айыбы алынады.
3. Тараптардың өзге шарттары болмаған ретте төлем жасалған сомадан, ең алдымен - тұрақсыздық айыбының сомасы, ал қалған бөлiгiнен борыштың негiзгi сомасы өтеледi.
75-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тасымалдаушы жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянның салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
Жолаушының өмiрi мен денсаулығына келтiрген зиян үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi жолаушының поезда отырған және вокзал аумағында поезға отырғызу (одан түсiру) кезiнде туындайды.
76-бап. Тасымалдаушының багажды, жүктi, жүк-багажды жоғалтқаны, олардың жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi, багажды, жүк-багажды тасымалдауға алған кезден бастап жүк алушыға, алушыға берген кезге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Багажды, жүктi, жүк-багажды жоғалтқаны, оның жетiспеуi, бұзылуы (бүлiнуi) үшiн мүлiктiк жауапкершiлiк оларды қабылдаған - тапсырған кезден бастап ауысады.
3. Тасымалдауға құндылығы жарияланбай қабылданған жүктi жоғалтқаны, оның жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн тасымалдаушы мына мөлшерде:
1) жоғалтқан немесе жетiспеген жағдайда - жоғалған немесе жетiспеген жүктiң құны мөлшерiнде;
2) бұзылған (бүлiнген) жағдайда - жүктiң құны төмендеген сома мөлшерiнде жауапты болады.
Жүктiң құны сатушының шотында, шартта көрсетiлген баға негiзге алынып, ал ол болмаған кезде салыстырмалы жағдайларда осыған ұқсас тауарлар үшiн алынатын баға негiзге алынып анықталады.
4. Тасымалдауға құндылығы жарияланып тапсырылған багаж бен жүк-багажды, сондай-ақ жүктi жоғалтқаны, олардың жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) үшiн тасымалдаушы жарияланған құндылығы мөлшерiнде жауапты болады.
5. Тасымалдаушы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген зиянның орнын толтырумен бiрге, егер тасымал ақысы олардың құнына кiрмейтiн болса, клиентке жоғалтқан, жетiспеген, бұзылған (бүлiнген) багажды, жүктi, жүк-багажды тасымалдау үшiн алған тасымал ақысын қайтарады.
6. Багаж, жүк, жүк-багаж жеткiзiп беру мерзiмiнен жетi күн өткеннен кейiн жоғалды деп есептеледi.
Багаж, жүк, жүк-багаж аталған мерзiм өткеннен кейiн келген жағдайда, алушы оларды қабылдай алады және тасымалдаушының жоғалтқаны үшiн төлеген сомасын қайтара алады.
7. Егер тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуы, жетiспеуi немесе бұзылуы (бүлiнуi) өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүктiң немесе багаждың жоғалуына жауап бередi.
8. Темiр жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтерге сәйкес келмейтiн жүктi берген жағдайда, мұндай жүктi тасымалдаушы тиеген болса, ол жүк алушы алдында жүктiң темiр жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген құны мөлшерiнде, оны жоғалтқанмен бiрдей жауапкершiлiкте болады.
77-бап. Жүк тасымалдау жоспары бойынша өтiнiмдердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмге сәйкес көлiк құралдарын бермегенi, ал жүк жөнелтушi жүктi ұсынбағаны, сондай-ақ берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн, айлық есептiк көрсеткiш шамасынан мынадай мөлшерде процентпен есептелетін айыппұл түрінде өзара мүлiктiк жауапкершiлiкте болады:
1) жүктi контейнерлермен тасымалдағанда:
брутто салмағы қоса алғанда бес тоннаға дейiн әр контейнер үшiн он бес процент;
брутто салмағы қоса алғанда бес тоннадан он тоннаға дейiн әр контейнер үшiн отыз процент;
брутто салмағы он тоннадан артық әр контейнер үшiн алпыс процент;
2) жүктi рефрижератор вагондардан, транспортерлардан басқа вагондарда тасымалдаған кезде - әр вагон үшiн бiр жүз елу процент;
3) рефрижератор вагондарда, транспортерларда тасымалдаған кезде - әр вагон, транспортер үшiн екi жүз тоқсан процент.
2. Жүктi (вагондармен ғана тасымалдау белгiленген) тар табанды темiржол желiлерiмен тасымалдаған кезде - осы баптың 1-тармағында көзделген айыппұлдардың елу процентi мөлшерiнде мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
3. Жүк тасымалдау өтiнiмiн орындамағаны үшiн айыппұл вагондарды, контейнерлерді пайдаланғаны үшiн төлемге қарамастан алынады.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Тасымалдаушының қабылданған өтiнiмге сәйкес жылжымалы құрамның берiлмегенi үшiн айыппұл төлеуi оны жылжымалы құрамды беру жөнiндегi одан әрi атқаратын мiндеттемелерден босатпайды. Жылжымалы құрам жүк жөнелтушiмен келiсiлген ұзартылған мерзiмде берiлмеген жағдайда, егер тасымалдаушы жылжымалы құрамның берiлмеуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, тасымалдаушы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 5 еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
78-бап. Вагондар мен контейнерлердi өз бетiмен иеленiп алғаны, бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы, жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ басқа да тұлғалар өздерiне тиесiлi емес вагондарды, контейнерлердi өздерiнiң тасымалдары, жүктерiн сақтауы үшiн пайдалануға, сондай-ақ олардың иелерiнiң рұқсатынсыз, егер бұл тиiстi шарттарда көзделмесе, тиеу үшiн пайдалануға құқығы жоқ.
2. Мұндай талапты сақтамағаны үшiн кiнәлi тарап вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақы төлеумен қатар көлiк құралдары иесiнiң алдында вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы мөлшерiндегi айыппұл түрiнде мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген айыппұлды төлеу кiнәлi тарапты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен белгiленген иеленушi алдындағы мүлiктiк жауапкершiлiктен босатпайды.
79-бап. Жүктi жеткiзiп беру мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Жүктi жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кеткен әр тәулiгi үшiн, соның iшiнде тiкелей аралас қатынаста тасымалдаған кезде жолдың темiр жол бөлiгi үшiн, егер тасымалдаушы мерзiмнiң өтiп кеткенi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүк алушыға темiр жол көлiгiмен тасымалдағаны үшiн тасымал төлемiнiң бес процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымал төлемiнiң елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Тасымалдаушыға тиесiлi емес бос вагондарды жеткiзiп беру мерзiмiн өткiзiп жiбергенi үшiн де тасымалдаушыдан осы мөлшерде айыппұл алынады.
2. Жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор Қазақстан Республикасы заңдарының тауарлар экспортына, импортына, транзитiне арналған құжаттарды ресiмдеу жөнiндегi талаптарын бұзғаны, оның салдары кеден, шекара немесе бақылау жасау түрлерiнiң басқа да органдарының вагондар мен контейнерлердi кiдiртiп қоюына әкеп соққаны үшiн тасымалдаушының пайдасына вагондарды, контейнерлердi пайдалану ақысы мөлшерiнде айыппұл алынады.
80-бап. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмдерiнiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушы багажды, жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кеткен әр тәулiгi үшiн жолаушыға, алушыға, егер мерзiмнiң өтiп кетуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жол жүру ақысының он процентi мөлшерiнде, бiрақ жол жүру ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Жеткiзiп беру мерзiмiнiң өтiп кетуi багаж, жүк-багаж жеткiзiлуге тиiс тәулiктегi сағат жиырма төрттен бастап есептеледi.
2. Багажды, жүк-багажды жеткiзiп беру мерзiмдерiн бұзғаны үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының, алушының өтiнiшi бойынша жалпы нысандағы актiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
3. Жолаушылар тасымалдайтын жолаушы поезының жөнелтiлуiн кiдiрткенi, сондай-ақ баратын темiр жол станциясына кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы, егер кiдiру немесе кешiгу тежеусiз күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешiккен әр сағат үшiн жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
Өндiрiп алынған айыппұлдың сомасы жол жүру құжатының (билеттiң) құнынан аспауға тиiс.
Жолаушы поезының кешiккенi үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
81-бап. Багажды, жүктi, жүк-багажды тасымалдау шарттарын бұзып тасымалдауға ұсынғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Темiр жол көлiгi жүкқұжатында жүктiң атауын, оның ерекше қасиеттерiн немесе қажеттi алдын ала сақтық шараларын дұрыс көрсетпегенi, сондай-ақ тасымалдауға тыйым салынған жүктi жөнелткенi үшiн жүк жөнелтушiден тасымалдаушының пайдасына осы жағдай салдарынан келтірілген шығындарды өтеумен қатар, тасымалдау құнының бес есе мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
2. Багажды, жүк-багажды жөнелтушi тасымалдауға тыйым салынған багажды, жүк-багажды тасымалдағаны үшiн тасымалдаушы алдында тасымалдау құнының бес есе мөлшерiндегi айыппұл түрiнде жауапты болады, ал Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларда әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
ҚР 09.07.04 ж. N 596-II Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
82-бап. Вагонға, контейнерге артық жүк тиегенi үшiн жауапкершiлiк
Вагонға, контейнерге жүк көтерiмдiлiгiнен (сыйымдылығынан) артық жүк тиегенi үшiн жүк жөнелтушiден тасымалдаушының пайдасына келтiрiлген залалдарды өтеумен қатар, тасымал ақысының елу процентi мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
83-бап. Вагондарды, контейнерлердi жүктi түсiргеннен кейiн тазаламағаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдаушының тазаланбаған вагонды, контейнердi қабылдаудан бас тартуға құқығы бар. Вагонның, контейнердiң тазалауда тұрған уақытына жүк алушы тасымалдаушыға пайдаланғаны үшiн ақы төлейдi.
2. Вагонды, контейнердi тазалаудан бас тартқаны үшiн жүк алушыдан тасымалдаушының пайдасына тазалау жөнiндегi жұмыс құнының екi есе мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
84-бап. Жылжымалы құрамды, контейнерлердi, түсiретiн тасымалдау құралдарын бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн жауапкершiлiк
Жылжымалы құрамды, контейнерлердi, түсiретiн тасымалдау және пакеттеу құралдарын бұзғаны немесе жоғалтқаны үшiн кiнәлi тараптан меншiк иесiнiң (иеленушiнiң) пайдасына жоғалған мүлiктiң немесе қажеттi жөндеудiң құны, сондай-ақ жоғалған мүлiк немесе қажеттi жөндеу құнының елу процентi мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
85-бап. Вагондарды кiрме жолдарға берудi, олардан алып кетудi кешiктiргенi үшiн жауапкершiлiк
1. Вагондарды кiрме жолдарға беру және олардан алып кету, кiрме жолдарды пайдалану шарттары бойынша тасымалдаушы темiр жолдардың кiрме жолдарындағы тиеу және түсiру (жүктен босату) орындарына (орындарынан) вагондарды берудi, алып кетудi, қабылдауды кешiктiргенi үшiн әр вагонға сағатына айлық есептiк көрсеткiш шамасының 1,7 процентi мөлшерiнде айыппұл төлеу түрiнде жауаптылықта болады.
Айыппұл аталған шарттарда көзделген вагондарды беру, алып кету мерзiмiн бұзған кезден бастап кешiктiрiлген бүкiл уақытқа есептеледi.
2. Вагондарды отыз минуттан аз уақытқа кешiктiру есепке алынбайды. Вагондарды отыз минуттан бiр сағатқа дейiнгi мерзiмге кешiктiру толық бiр сағатқа есептеледi.
86-бап. Жауапкершiлiктен босату
1. Тараптар тасымалдау шартынан туындайтын мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер бойынша жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн.
2. Егер мiндеттемелердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау:
1) тежеусiз күштiң, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың;
2) әскери iс-қимылдың, төтенше жағдай енгiзудiң;
3) осы Заңда белгiленген тәртiппен жарияланған жүк тасымалын, поездардың жүруiн тоқтатудың немесе шектеудiң салдарынан болса, тараптар жауапкершiлiктен босатылады.
87-бап. Тасымалдаушыны жауапкершiлiктен босату
1. Тасымалдаушы осы Заңның 86-бабының 2-тармағында көрсетiлген негiздерден басқа мынадай:
1) жолаушының, жөнелтушiнiң (жүк жөнелтушiнiң), алушының (жүк алушының), экспедитордың кiнәсiнен мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған;
2) онкүндiктiң жекелеген күндерiнде вагондарды, контейнерлердi бермеудiң орнын осы күнтiзбелiк онкүндiк iшiнде жүк жiберушiнiң келiсiмi бойынша толтырған;
3) вагондар мен контейнерлердi беру осы Заңның 47-бабының 3-тармағында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған немесе жүктердiң жөнелтiлуi кiдiртiлген;
4) жүк алушының жүктi дер кезiнде түсiрмеуi және алып кетпеуi салдарынан жүк бұзылған (бүлiнген);
5) багаж, жүк, жүк-багаж жөнелтушi (жүк жөнелтушi) бекiткен ақаусыз бекiту-пломбалау құрылғылары бар ақаусыз вагонда, контейнерде не ақаусыз жылжымалы құрамда жолшыбай ауыстырып тиелмей, ақаусыз қорғаныш таңбамен немесе дұрыс байламмен келген, сондай-ақ багаждың, жүктiң, жүк-багаждың сақталғандығын куәландыратын басқа да белгiлерi болған;