Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға жол берген әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар аталған органдардың талап етуi бойынша өз есебiнен және өз күштерiмен аталған жолсыздықты тоқтатуға немесе ондай қызметтiң жүргiзiлуiн тоқтатуға мiндеттi.
Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Тәртiп бұзушы әуе кемесi
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзған немесе республика әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн өзгеше бұзуға жол берген әуе кемесi тәртiп бұзушы деп танылады және егер әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң сақталуына бақылау жасайтын органдардың талабына бағынбаса, ерiксiз қондырылуы мүмкiн.
Қону туралы нұсқау алған тәртiп бұзушы әуе кемесi өзiне көрсетiлген жерге дереу қонуға тиiс.
Тәртiп бұзушы әуе кемесiнде әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң бұзылуына қатысы жоқ жолаушылар немесе өзге бар екендiгi туралы шынайы ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып келе жатқан азаматтық әуе кемесiне қарсы қару қолданудан тартынады.
Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, стратегиялық маңызды объектiлерге, оның аумағындағы азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қатердi болғызбау үшiн, тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн баратын барлық шараларды қолданады.
Стратегиялық маңызды объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып көтерiлу шарттары сақталмаған кезде және әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбi басқаша бұзылған жағдайда тәртiп бұзушы әуе кемесi қондырылған аэродромда ұсталып қалуы мүмкiн.
Тәртiп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрi ұшуына тексеруден кейiн Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеде белгiленген тәртiппен рұқсат етiледi.
Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң әрбiр бұзылуы тексерiлуге жатады.
18-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiру мүмкiн қызмет
Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке аэродром жанындағы аумақта және әуе трассаларының шегiндегi жерлерде орналасқан объектiлердiң, электр беру желiлерiнiң, басқадай бөгеттердiң құрылысы, әуе кеңiстiгiнде электромагниттiк, жарлықтық, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулеленулер шығаратын жұмыстар; құстардың топтасып жиналуына немесе ұшу көрiнiсiнiң нашарлауына әкеп соғатын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiнде материалдық объектiлердiң ауысуына тiкелей байланысты емес, бiрақ әуе кемелерiнiң, олардың жабдықтарының және iшiнде отырған адамдардың қауiпсiздiгiне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.
Бұл қызмет Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен алынатын рұқсатпен ғана жүзеге асырыла алады.
Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрiп, қызметтi жүзеге асыру ережелерiн бұзуға жол берген заңды және жеке тұлғалар осы жолсыздықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.
Ұшу қауiпсiздiгiне ықтимал қатер төндiретiн қызмет атқарылып жатқан ауданға әуе кемелерiнiң абайсызда ұшып кiру жағдайларын болғызбау үшiн, сондай қызметтi жүргiзiп жатқан ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар аталған қызметке рұқсат алғаннан кейiн сол қызметтiң жүргiзiлуi туралы әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қозғалысын басқару жөнiндегi мемлекеттiк органға хабар беруге мiндеттi.
Осындай қызметтiң жүргiзiлуiне бақылауды әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қозғалысын басқару жөнiндегi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 19-бап өзгертілді
19-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi таңбалау
Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында үйлер мен ғимараттардың иелерi нормативтiк талаптарға сәйкес өз есебiнен осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғылар орнатуға мiндеттi. Аэродромдарды айыра тану мақсатында қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қайсыбiр белгiлер мен құрылғыларды аэродром маңайында орнатуға жол берiлмейдi.
Аэродром маңындағы объектiлерге таңба салуға бақылау жасау уәкiлеттi органға жүктеледi.
20-бап. Әуе трассаларын пайдалануға қосу
Әуе трассалары әуе қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi қанағаттандыратыны және Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымының (ИКАО) стандарттарының талаптарына сәйкес екендiгi белгiлi болғанда ғана оларды пайдалануға жол берiледi.
Әуе трассаларының пайдалануға қосылуы Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
IV тарау. Әуе кемелерi
21-бап. Әуе кемелерiнiң жiктелуi
Авиация түрлерiне тиесiлiгiне қарай әуе кемелерi азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк болып бөлiнедi. Азаматтық және эксперименттiк әуе кемелерi заңды және жеке тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау
Жаңа конструкциядағы (жаңа үлгiдегi) азаматтық әуе кемесi Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгi бойынша сертификатталуға тиiс және заводтық, мемлекеттiк және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейiн оның үлгi сертификаты болуы керек.
Үлгi сертификатын уәкiлеттi орган бередi.
Әуе кемесiн жасап шығарушы үлгi сертификатының иесi болып табылады.
Әуе кемесiнiң бекiтiлген үлгi конструкциясы (үлгiлiк конструкциясы) өзгерген немесе оның ұшу жарамдылығына әсер ететiн пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда, әуе кемесiнiң бұл үлгiсi қосымша сертификаттаудан өтуi және үлгi сертификатына толықтыру алуы тиiс.
Азаматтық әуе кемелерiн сертификаттау, сондай-ақ оларды жарамдылық нормаларына сәйкестiгiн бақылау Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн сертификаттау ережелерi бойынша жүзеге асырылады.
Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн кемiстiктер айқындалған жағдайда үлгi сертификатты берген мемлекеттiк орган оның күшiн жоюы мүмкiн немесе оның күшi уақытша тоқтатылуы мүмкiн.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 23-бап өзгертілді
23-бап. Әрбiр азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау
Қазақстан Республикасында жасалып шығарылған әрбiр азаматтық әуе кемесi оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн сертификаттау ережелерiнде көзделген талаптарға сәйкес келуi бойынша сертификатталуға тиiс.
Әуе кемесi Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тiркелгеннен кейiн ондай әуе кемесiнiң иесi уәкілетті органнан борттық құжат ретiнде оның ұшуға жарамдылығы туралы тиiстi куәлiк (сертификат) алуы тиiс.
Азаматтық әуе кемесiнiң данасына сертификаттау жүргізуді және сертификат берудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 24-бап өзгертілді
24-бап. Аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау
Аса жеңiл авиация саласындағы сертификаттау әуе кемелерiн әзiрлеушiнiң және тиiстi федерациялар мен қауымдастықтардың қатысуымен уәкілетті орган жүзеге асырады.
Ұшу жарамдылығын куәландыру мақсатында сертификат беру, сондай-ақ пайдалану барысында ұшу жарамдылығын қолдауды бақылау Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн аса жеңiл авиация саласындағы сертификаттау ережелерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
25-бап. Шетелдiк әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығының сертификатын тану
Әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығына шетелдiк мемлекет берген сертификат, оның берiлуiне немесе күшiне енуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы белгiленген стандарттарға сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II; 24.12.01 ж. N 276-II Заңдарымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу
Азаматтық және мемлекеттiк әуе кемелерi мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркелуге жатады. Азаматтық әуе кемелерi Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң Мемлекеттiк тiзiлiмiне, ал мемлекеттiк әуе кемелерi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк әуе кемелерiнiң тiзiлiмiне тiркеледi.
Тиiстi тiзiлiмге енгiзiлген әуе кемесiнiң иесiне мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берiледi.
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiне және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықты уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын мемлекеттiк реттеу туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiне мiндеттi түрде мемлекеттік тiркеуден өткізуге тиіс.
Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудiң тәртiбiн және Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға берiлетiн және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
Аса жеңiл авиацияның әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әуе кемелерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережелерiн және тiркелгенi туралы куәлiк беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.
Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу аталған алымды бюджетке төлегеннен кейiн жүзеге асырылады.
Эксперименттiк әуе кемелерi Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлместен мемлекеттiк көлiк басқару органының есебiнде тұрады.
Шетелдiк әуе кемесi Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiне тек қана тиiстi шетел мемлекетiнiң әуе кемелерiнiң тiзiлiмiнен шығарылғаннан кейiн енгiзiледi.
Егер әуе кемесi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiнен шығарылмаған болса, Қазақстан Республикасы әуе кемесiнiң кез келген шетел мемлекетi әуе кемелерiнiң тiзiлiмiне енгiзiлуi танылмайды.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 27-бап өзгертілді
27-бап. Әуе кемелерiне салынатын белгiлер
Тiркеу кезiнде әуе кемелерiне мемлекеттiк және тiркемелiк, танылым белгiлерi берiледi де, олар осы әуе кемелерiнiң сыртына салынады.
Мемлекеттiк және тiркемелiк танылым белгiлерiнен басқа әуе кемелерiнiң сыртына қосымша белгiлер де (рәмiздер, қысқа жазбалар, эмблемалар) салынады.
Бұл белгiлер мемлекеттiк және тiркемелiк танылым белгiлерiнiң көзбен көргенде танылуын қиындатпайтындай етiлiп әуе кемелерiнiң сыртына салынады.
Мемлекеттiк және тiркемелiк танылым белгiлерi мен қосымша белгiлердiң азаматтық және эксперименттiк әуе кемелерiнiң сыртына салыну тәртiбiн уәкiлеттi орган, ал мемлекеттiк әуе кемелерiне - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.
28-бап. Тiзiлiмнен шығару
Әуе кемесi Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiмiнен мынадай жағдайларда:
а) әуе кемесi есептен шығарылса немесе пайдаланудан алынып тасталса;
б) әуе кемесi белгiленген тәртiппен шетел мемлекетiне, шетелдiк заңды немесе жеке тұлғаға сатылса немесе берiлсе;
в) әуе кемесi эксперименттiк кемелер қатарына ауыстырылса;
г) әуе кемелерiн тiркеу ресiмдерiмен көзделген басқа жағдайларда шығарылады.
Әуе кемесi Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiнен шығарылған кезде әуе кемесiн тiркеу туралы куәлiктiң және осы әуе кемесiне қатысты тиiстi тiзiлiмге жазылған барлық жазбалардың күшi жойылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Пайдалануға жол беру
Азаматтық әуе кемесiн азаматтық әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығының қолданылып жүрген нормаларына сәйкестiгi анықталғанда және ұшуға жарамдылық сертификаты алынғанда ғана пайдалануға жол берiледi.
Азаматтық әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығының нормаларын уәкiлеттi орган белгiлейдi. Ұшу жарамдылығының сертификатын беру ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
Әуе кемелерiне техникалық қызмет көрсетудi (жөндеудi) техникалық қызмет көрсетудiң сертификаттандырылған орталықтары ғана жүргiзедi.
Әуе кемесiн ұшуға жарамдылық нормаларының талаптарына сәйкес күйде күтiп ұстау пайдаланушыға жүктеледi.
Пайдаланушыға берiлген ұшуға жарамдылық туралы сертификат талаптарын әуе кемесi күйiнiң сәйкес болуына бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Мемлекеттiк әуе кемелерiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен пайдалануға жол берiледi.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты
Әуе кемесi пайдаланушының сертификаты Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына мемлекеттiк уәкiлеттi орган бередi. Бұл орайда сертификатталған меншiктi немесе жалға алынған әуе кемелерiнiң, ұшу және техникалық қызмет орындарының (өздерiнiң немесе шарттық негiзде пайдаланылатын), ұшу және техникалық жұмыстарды қамтамасыз ететiн авиация қызметшiлерiнiң, басқару құрамының және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттардың болуы, сондай-ақ мiндеттi түрде сақтандырудың жүзеге асырылуы мұндай сертификатты алудың мiндеттi шарттары болып табылады.
Уәкiлеттi орган сертификат иесi осы Заңның талаптарын және Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітетін пайдаланушыларды сертификаттау ережелерін сақтамаған жағдайда, оған сертификат беруден бас тартуға, оны керi қайтарып алуға, оның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Тиiмсiз деген желеумен пайдаланушы сертификатын беруден бас тартуға тыйым салынады.
Сертификатты беруден бас тартқан жағдайда сертификат бермеген органның тұрған жерi бойынша сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
Пайдаланушы сертификатын басқа бiреуге беруге болмайды және оның күшi белгiленген тәртiппен тоқтатылғанға дейiн немесе алынып қойылғанға дейiн сертификат күшiнде болады.
Пайдаланушы сертификатында және оның қосымшасында уәкілетті органы пайдаланушының қызметiнiң шарттарын айқындайды.
Пайдаланушы сертификатын беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
Шетелдiк азаматтарға немесе заңды тұлғаларға қатысты алғанда шетел мемлекетiнiң құзыреттi өкiмет органдары берген және Қазақстан Республикасында қойылатын талаптарға сай келетiн пайдаланушы сертификаты немесе соларға ұқсас құжаттар танылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 31-бап өзгертілді
31-бап. Пайдаланушы сертификатын жарамсыз деп тану немесе пайдаланушы қызметiн шектеу
Пайдаланушы сертификаты, егер:
1) оның берiлген мерзiмi бiткен болса;
2) пайдаланушы қызметiне байланысты әрi пайдаланушы сертификатын беруге негiз болған шарттарға әсер ететiн өзгерiстер туындаса және осы өзгерiстер туралы пайдаланушы сертификатында немесе оның қосымшасында тиiстi белгi болмаса;
3) пайдаланушы мiндеттi сақтандыру шарасын жасамаса, жарамсыз деп танылады.
Пайдаланушы белгiленген талаптарға сай болмаған немесе осы Жарлықтың немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң және нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ережелерi сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен пайдаланушы қызметi шектеледi немесе пайдаланушы сертификаты жарамсыз деп танылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен Заң 31-1-баппен толықтырылды
31-1-бап. Азаматтық авиациядағы авиация техникасын, жұмыстар мен қызмет көрсетулердi сертификаттау
1. Азаматтық авиацияда мiндеттi сертификаттауға жататын авиация техникасының, жұмыстары мен қызмет көрсетулердiң тiзбесiн, сондай-ақ оны сертификаттау ережелерін Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
2. Азаматтық авиациядағы авиация техникасын, жұмыстары мен қызмет көрсетулерін сертификаттауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен Заң 31-2-баппен толықтырылды
31-2-бап. Сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу
Осы Жарлықта көзделген сертификаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтiнiш берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Сертификаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін алынған қаражат республикалық бюджетке аударылады.
Сертификаттауды жүргiзу жөнiндегi қызмет көрсетулердің бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекiтiледi.
32-бап. Әуе кемесiн жалдау
Қазақстан Республикасы әуе кемесiнiң меншiк иесi әуе кемесiн экипажымен немесе экипажсыз қазақстандық немесе шетелдiк пайдаланушыға жалға беруге құқылы.
Жалдау мерзiмi, кеменi пайдалану сипаты, жалдау ақысының мөлшерi, әуе кемесiнiң кейiннен жалға алушының меншiгiне ауысу мүмкiндiгi және басқа да жағдайлар әуе кемесiнiң меншiк иесi (жалға берушi) мен жалға алушы арасындағы шартпен айқындалады.
Осындай тәртiп Қазақстан Республикасының пайдаланушысы шетелдiк әуе кемесiн жалға алған жағдайда да қолданылады.
V тарау. Авиация қызметшiлерi
33-бап. Авиация қызметшiлерiнiң жiктелуi
Авиация қызметшiлерiне жұмысы ұшуды ұйымдастырумен, орындаумен және қамтамасыз етумен, сондай-ақ әуе қозғалысына қызмет көрсетумен байланысты адамдар жатады.
Авиация түрлерiне жатуына қарай олар азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк авиация қызметшiлерi болып бөлiнедi.
Азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк авиация қызметшiлерiнiң қызмет тiзбелерiн Қазақстан Республикасының Үкiмет белгiлейдi.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Авиация қызметшiлерiн кәсiптiк қызметке даярлау және жiберу
Авиация қызметшiлерiн кәсiби қызметке даярлау белгiленген тәртiппен тiркелген бiлiм беру мекемелерiнде жүргiзiледi.
Авиация қызметшiлерiне жататын адам өзiнде қажеттi бiлiмi мен дағдысы бар екенiн, сондай-ақ денсаулығы қойылатын талаптарға сай келетiнiн растайтын кәсiби қызметтi жүзеге асыру құқығына уәкiлеттi орган беретiн куәлiгi (сертификаты) болған жағдайда ғана дербес кәсiби қызметке жiберiледi.
Ұшу қауiпсiздiгiне тiкелей байланысты азаматтық және эксперименттiк авиацияның авиация қызметшiлерiнiң жұмыс уақыты режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Азаматтық және эксперименттік авиацияның аттестаттауға жататын авиация қызметшiлерi лауазымдарының (кәсiптерiнiң) тiзбесiн, сондай-ақ азаматтық және эксперименттік авиацияның айырым белгісі бар нысанды киiмiн киiп жүруге құқығы бар авиация қызметшiлерi лауазымдарының тізбесін, сондай-ақ оларды беру тәртiбiн уәкiлетті орган бекітеді. Аттестаттаудан өтпеген адамдар кәсiби мiндеттерiн орындауға жiберiлмейдi.
Аттестаттау ережесiн, оны өткiзу кезеңділігiн, сондай-ақ авиация қызметшiлерiне қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
35-бап. Шетел мемлекетi авиация қызметшiлерiнiң куәлiгiн тану
Шетел мемлекетi берген авиация қызметшiлерiнiң куәлiктерi Қазақстан Республикасында осындай куәлiктердiң берiлуiне қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгiлеген стандарттық ең төменгi деңгейiне сай немесе олардан асып түскен жағдайларда жарамды деп танылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Әуе кемесiнiң экипажы
Әуе кемесiнiң экипажы - тиiсiнше уәкiлеттi орган немесе Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен ұшуды орындау кезiнде әуе кемесiн басқару мен оған қызмет көрсету жөнiнде белгiлi бiр мiндеттердi атқару тапсырылған авиация қызметiнiң адамдары.
Әуе кемелерiнiң түрi мен атқаратын iсiне, оларды пайдаланылу мақсаттары мен жағдайларына қарай азаматтық және мемлекеттiк әуе кемелерi экипаждарының құрамын әуе кемесiн жасап шығарушы мен тапсырыс берушi айқындайды және әрбiр үлгiдегi әуе кемесiн ұшуға пайдалану жөнiндегi құжаттарда көрсетiледi.
Экипаж құрамы толық болмаған жағдайда азаматтық әуе кемесiнiң ұшуына жол берiлмейдi.
37-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң экипажы мүшелерiнiң құқықтары және оларды қамтамасыз ету жөнiндегi пайдаланушының мiндеттерi
Экипаждың әрбiр мүшесi ұшуға берiлген тапсырманы орындау кезiнде, егер оның пiкiрiнше, ұшудың ойдағыдай аяқталатынына дәлелдi күдiгi болса, оны орындаудан бас тартуға құқылы.
Әуе кемесiнiң ұшуы кезiнде экипаж мүшесi өз мiндеттерiн атқаруға байланысты жарақаттанған немесе оның денсаулығына өзге де зақым келген жағдайда, оның денсаулығы зақымдалғаннан кейiн алып жүрген жәрдемақысының немесе тағайындалған зейнетақысының және нақтылы алып жүрген жалақысының асатын сомасы бөлiгiнде пайдаланушы келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
Экипаж мүшесi қызмет мiндеттерiн атқаруына байланысты қайтыс болған жағдайда пайдаланушы ұшу алдындағы дайындықтан бастап ұшудан кейiнгi талдау бiткенге дейiнгi залалдың орнын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен толтыруға мiндеттi.
38-бап. Әуе кемесiнiң командирi
Пилот (ұшқыш) мамандығы бар және белгiленген тәртiппен осы үлгiдегi әуе кемесiн дербес басқаруға құқығы бар адам ғана әуе кемесiнiң командирi бола алады.
Әуе кемесiнiң командирi экипаждың қызметiн басқарады, әуе кемесiнде тәртiп пен реттiлiктi, ұшу және әуе кемесiн пайдалану ережелерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi.
39-бап. Әуе кемесi командирiнiң құқықтары
Өзiнiң кәсiби қызметiн атқару барысында азаматтық әуе кемесiнiң командирi Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде белгiленген құқықтарға сәйкес ұшудың қауiпсiздiгiн, әуе кемесiнiң және оның бортындағы адамдар мен мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi кез келген шешiмдер қабылдап, шаралар қолданады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен Заң 39-1-баппен толықтырылды
39-1-бап. Азаматтық авиация ұйымдарының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi
Уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қызметке тағайындалатын ұшу қызметiнiң басшысы, аға пилот, ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi инспекцияның бастығы, инженерлiк-авиациялық қызмет басшысы азаматтық авиация ұйымының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi болып танылады.
Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлер уәкiлеттi органның келiсiмiн алмай өз мiндеттерiн үш айға дейін атқара алады.
VI тарау. Әуе кемелерiнiң ұшуы
40-бап. Ұшуды орындау ережелерi
Әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасы аумағының үстiмен ұшуы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiне сәйкес орындалады.
41-бап. Кеме құжаттары
Ұшуды орындау кезiнде әуе кемесiнде Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде және арнайы нормативтiк құжаттарда көзделген кеме құжаттары болуға тиiс.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Ұшуға әзiрлеу
Әуе кемесiнiң ұшуы алдында әуе кемесi, оның экипажы мен басқа да авиация қызметшiлерi, ұшу және қону аэродромдары әзiрлiк жасауға тиiс. Ұшуға әзiрлену ережелерi мен ұшып шығуға рұқсат алу тәртiбiн азаматтық және эксперименттiк авиация үшiн - уәкiлеттi орган, мемлекеттiк авиация үшiн - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.
43-бап. Әуе кемесiнiң әуе қозғалысына қызмет көрсететiн органдармен радиобайланысы
Байланыс құралдары бар әрбiр әуе кемесiне шақырушы радиосигнал берiледi.
Бақыланатын әуе кеңiстiгiнде ұшып жүрген әуе кемесi мен оның ұшуына диспетчерлiк қызмет көрсетушi орган арасында тұрақты байланыс болуға тиiс. Байланыс бұзылған жағдайда әуе кемесiнiң командирi мен әуе қозғалысына қызмет көрсетушi органдар оны қалпына келтiру үшiн мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.
Егер қолданылған шаралар нәтижесiнде радиобайланысты қалпына келтiрудiң сәтi түспесе, әуе кемесiнiң командирi мен әуе қозғалысына қызмет көрсетушi органдар Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiне сәйкес iс-қимыл жасауға тиiс.
44-бап. Елдi мекендердiң үстiмен ұшу
Әуе кемелерi елдi мекендер үстiмен, әуе кемесi бұзылған жағдайда сол елдi мекендерден тысқары жерде немесе таяудағы аэродромда оның қонуына мүмкiндiк беретiндей биiктiкте ғана ұша алады. Ұшып-қону алаңының орналасуы әуе кемесiнiң елдi мекен үстiнен ұшып өтуiнсiз көтерiлiп ұшуына және келiп қонуына мүмкiндiк бермейтiндей жағдайларда, ал адамдар өмiрiн сақтап қалу үшiн ұшып өту қажет болғанда және өзге де ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша бұл ережеден ауытқуға жол берiледi.
45-бап. Көрсетуге арналған ұшулар