Алдын ала жобалау құжаттамасының жекелеген түрлерi, сондай-ақ жобалау
(жобалау-смета) құжаттамасы бойынша сараптама жүргізу ережесі туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 19 тамыздағы N 918 қаулысы
Осы редакция 2004 ж. 2 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Алдын ала жобалау құжаттамасының жекелеген түрлерi, сондай-ақ жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша сараптама жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов
|
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2002 жылғы 19 тамыздағы
N 918 қаулысымен
бекiтiлген
Алдын ала жобалау құжаттамасының жекелеген түрлерi,
сондай-ақ жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша
сараптама жүргізу
ЕРЕЖЕСI
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында объектiлер мен кешендер құрылысына арналған алдын ала жобалау құжаттамасының жекелеген түрлерi, сондай-ақ жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша сараптама жүргiзудiң осы ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Заңына, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрленген.
Ереже объектiлер мен олардың кешендерiнiң құрылысына (қайта құруға, қайта жаңғыртуға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға, күрделi жөндеуге) коммуникациялар төсеуге, аумақты инженерлiк дайындауға, абаттандыруға және көгалдандыруға (бұдан әрi - жоба) арналған алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының сараптамасын ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.
Ережелерде пайдаланылатын ұғымдар осы ережелерге қосымшада келтiрiлген.
2. Ереже Қазақстан Республикасының аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Жобалардың сараптамасын аттестацияланған жеке тұлғалар (сарапшылар) және сараптау жұмыстарының тиiстi түрлерiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, мемлекеттiк сараптаманың ерекше құзыретiне жатпайтын тiркелген заңды тұлғалар (сараптама орталықтары) жүзеге асырады.
Сарапшыларды аттестациялауды және сараптама орталықтарын тiркеудi Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң Құрылыс iстерi жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Құрылыс iстерi жөнiндегi комитет) жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік сараптаманы Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлдiк берген заңды тұлға жүзеге асырады.
Уәкiлеттi заңды тұлға (бұдан әрi - мемлекеттiк сараптама) белгiленген тәртiппен Құрылыс iстерi жөнiндегi комитетiнiң ведомстволық қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiне енедi.
5. Жобалар бекiтiлгенге дейiн жобаларға сараптама жүргiзiледi.
6. Жобалардың сараптамасы қаралатын жобаның құнына шығындары жатқызылған шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
Мемлекеттің тапсырысын орындау есебiнен жүргiзiлген сараптау жұмыстарына арналған бағалар мен тарифтердi уәкiлеттi орган Құрылыс iстерi жөнiндегi комитеттің, сондай-ақ табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi уәкiлетті органның келiсiмi бойынша Мемсараптама белгiлейдi.
2. Сараптама жүргiзудiң жалпы тәртібі
7. Жобалардың сараптамасы объектілердi пайдалануға енгiзгеннен кейiн олардың тұрақты жұмыс iстеуiн жобалық шешiмдермен қамтамасыз етуге бағытталған және мыналарды:
1) жобаның жобалауға арналған тапсырмаға, өзге де бастапқы материалдарға (деректерге), техникалық шарттары мен талаптарға, сондай-ақ бекiтiлген қала құрылысы (жоспарлау) шешiмдерiне және осы құрылыс учаскелерiнiң (алаңдардың, трассалардың) функционалдық мақсаттарға сәйкестiгiне;
2) мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтер мен белгiленген жарылыс және өрт қауiпсiздiгi, еңбектi қорғау мен техника қауiпсiздiгi талаптарын мiндетті түрде сақтау, инженерлiк, ресурсты үнемдейтiн, экологиялық және санитарлық талаптарға;
3) қабылданған көлем-жоспарлық және сындарлы шешiмдердiң, қолданылатын материалдар мен инженерлiк жабдықтардың негiздiлiгiне, құрылыс құрастырмаларының сенiмдiлiгi мен төзiмдiлiгiне;
4) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларында көзделген құрылыс көлемдерiнiң негiздiлiгiне және мақсаттылығына;
5) көрсеткiштердiң, оның iшiнде құрылыстың есептiк немесе сметалық құнының негiздiлiгi мен растығына сарапшылық бағалауды қамтиды.
8. Сараптама жүргiзген кезде, сонымен қатар жобаны әзiрлеушiде жобалау (жобалау-iздестiру) жұмыстарының тиiстi түрлерiне лицензиясының, сондай-ақ жобаның заңнамада белгiленген өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық қызметтер мен өзге де қадағалау қызметтерiнiң мемлекеттiк органдарымен қажетті келiсiмдерiнiң болуы немесе болмауымен белгiленедi.
9. Жобаны сараптамаға тапсырысшы (инвестор) немесе оның тапсырмасы бойынша бас жобалаушы мемлекеттiк нормативтерде көзделген көлемде бередi.
10. Ұсынылған жоба материалдарының жинақтылығы, олардың құрамының мемлекеттік нормативтерде белгiленген талаптарға сәйкестiгi жобаның сараптамаға түскен күнiнен бастап бес күн iшiнде тексерiледi.
Жобаның толық еместiгi не оның құрамы бойынша талаптарға сәйкес еместiгi белгiленген жағдайда тапсырысшы (инвестор) немесе оның уәкiлеттi бас жобалаушысы жетiспейтiн материалдарды берудiң қажеттiлiгi туралы хабардар етiледi.
11. Жобаларға сараптама жүргiзудiң ұзақтығы шартпен белгiленедi, бiрақ 45 күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
Техникалық аса күрделi объектiлердiң (кешендердiң) құрылысына арналған жобаларға немесе Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн кешендi қала құрылысы құжаттамаларына сараптама жүргiзген кезде, оның ұзақтығы 60 күнге дейiн ұзартылуы мүмкiн.
Шағын бизнес саласында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн салынатын күрделi емес объектiлердiң құрылысына арналған жобаларға сараптама жүргiзудiң ұзақтығы 15 күннен аспауға тиiс.
12. Бекiтiлген негiзгi техникалық-экономикалық көрсеткiштерге әсер ететiндей өзгерiстердiң (толықтырулардың) жобалары жаңадан әзiрленетiн жобалар үшiн белгiленген тәртiппен қайта сараптауға жатады.
13. Әзiрленген әрi сараптама жүргiзiлген жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары бойынша үш және одан да кеп жыл iшiнде құрылыс басталмаса, ол ескiрген болып саналады әрi заңнама белгiленген тәртiппен жаңа сараптама жүргiзiлгеннен және қайта бекiтiлгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
14. Сараптауға жататын, бiрақ белгiленген тәртiппен одан өтпеген құрылысқа арналған алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамалары аяқталмаған болып саналады және одан әрi iске асыруға жатпайды.
15. Осы Ережелерге сәйкес жүргiзiлген сараптаманың оң қорытындысынсыз жобаларды бекiтуге, оларды iске асыра бастауға рұқсат беруге (құрылыс-монтаж жұмыстарының өндiрiсiне рұқсаттар) жол берiлмейдi.
3. Жобалардың мемлекеттік сараптамасы
16. Мемлекеттiк сараптаманың ерекше құзырына:
1) мемлекеттік инвестициялар есебiнен немесе олардың қатысуымен тұрғызылған, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылған, бiрақ заңнамада белгiленген тәртiппен өнiм шығару немесе көрсетiлетiн қызметтер көлемiнде мемлекеттiк меншiк үлесiн көздейтiн;
2) құрылысты қаржыландыру көздерiне қарамастан санитарлық, экологиялық, өрт пен жарылыс қауiпсiздiгi, еңбектi қорғау, құрастырмалардың сенiмдiлiгi, ықтимал қауiптi және техникалық жағынан күрделi объектiлердiң жұмыс iстеуiнiң тұрақтылығы бойынша мемлекеттiк нормативтiк талаптарға сәйкестiгi бөлiгiнде объектiлердiң (кешендердiң) құрылысына арналған инвестициялық негiздемелердiң, техникалық-экономикалық негiздемелер мен есеп айырысулардың, жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларының сараптамасы жатады.
Мемлекеттік сараптамаға, сондай-ақ құрылыстың iрi және күрделi объектiлерi немесе салыну ұзақтығы алты айдан асатын объектілер бойынша мердiгерлiк жұмыстарға (қызмет көрсетулерге) мемлекеттік сатып алу жүргiзуге арналған конкурстық (тендерлiк) құжаттамалар да жатады.
17. Кезең-кезеңiмен жобалау және салу көзделген объектілер мен кешендер бойынша жобалардың мемлекеттiк сараптамасы тиiстi кезең бойынша (сараптамалық бiрге жүру) жүзеге асырылуы мүмкiн.
Сараптамалық бiрге жүрудi жүзеге асырудың тәртiбi Құрылыс iстерi жөнiндегi комитет бекiтетiн мемлекеттік нормативтермен белгiленедi.
18. Өзiне жүктелген мiндетiн жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк сараптамаға мынадай құқықтар берiледi:
1) жүргiзiлген сараптама нәтижелерi бойынша жобаларды бекiтуге ұсыну, қабылдамай тастау немесе пысықтауға жiберу;
2) тапсырысшы шарттардың (талаптардың) қорытындыларында келiсiлгендердi орындамаған жағдайда бұрын берiлген оң қорытындысын керi қайтарып алу;
3) сапалы сараптама жүргiзу үшiн қажеттi, мемлекеттiк органдардың және заңды тұлғалардың, сондай-ақ жекелеген мамандардың - жобаны әзiрлеушiлердiң атынан қаралып отырған жобаның тапсырысшыларынан заңнамада белгiленген тәртiппен материалдар мен ақпараттарды сұрату және алу;
4) жобаны әзiрлеушiлерден тиiстi лицензияларының болуы туралы мәлiметтердi сұрату және алу;
5) белгiленген тәртiппен сараптама комиссияларын (жұмыс топтарын) құру не жобаларды кешендi қарау және жинақталған қорытындыны жасау үшiн мамандарды тарту. Бұл ретте жобаларға мемлекеттiк сараптама жүргiзу үшiн мемлекеттік органдардың, ғылыми, iздестiру, жобалау және өзге де ұйымдардың, сондай-ақ шетелдiк мамандардың қатарынан тартылатын сарапшыларда лицензия болуы мiндеттi емес.
19. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың жетекшiлерi өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша жобаларға кешендi мемлекеттік сараптама жүргiзуге сарапшылар ретiнде тартылған мамандарының қатысуын қамтамасыз етедi.
20. Жобаны қарау нәтижелерi және тартылған сарапшылар дайындаған жобаның бөлiмдерi бойынша қорытындылардың тұжырымдарын ескере отырып, мемлекеттiк сараптама:
1) жобаны бекiтуге оның негiзгi техникалық-экономикалық көрсеткiштерiмен ұсыну;
2) жобаны қайтадан пысықтауға қайтару туралы;
3) мемлекеттiк сараптаманың осындай қорытындысының себептерiн көрсете отырып, жобаны қабылдамау туралы тұжырымдардан тұратын жиынтық сараптама қорытындысын жасайды.
21. Алдын ала жобалау құжаттамасы бойынша оң қорытынды:
1) оны белгiленген тәртiппен бекiту және құрылыс объектiсiн инвестициялау бойынша инвестордың шешiм қабылдауы;
2) жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзiрлеу үшiн болады.
22. Жобалау (жобалау-смета) құжаттама бойынша оң қорытынды:
1) оны белгiленген тәртiппен бекiту;
2) құрылысты қаржыландыруды ашу;
3) жобаны iске асыруды бастауға рұқсат беру (өндiрiстiк құрылыс-монтаж жұмыстарының өндiрiсiне рұқсат беру) үшiн негiз болады.
23. Мердiгерлiк жұмыстарға (қызметтерге) мемлекеттiк сатып алу жүргiзудiң конкурстық (тендерлiк) құжаттамалары бойынша оң қорытынды:
1) конкурстық (тендерлiк) құжаттаманы бекiту;
2) мердiгерлiк қызметтердi жеткiзушiлердiң конкурстық өтiнiмдерiн бағалау үшiн негiз болады.
24. Мемлекеттік сараптама мен сарапшылар инвестициялардың тиiмдiлiгiн талдау, бағалау және жобалардың сапасы бойынша өз қызметтерiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiне тәуелдi емес. Өкiлеттi және атқарушы билiк органдары мен уәкiлеттi мемлекеттiк орган сараптаманың кәсiптiк қызметiне араласуға құқығы жоқ.
4. Қорытынды ережелер
25. Тапсырысшы (инвестор) не оның тапсырмасы бойынша сенiмдi тұлға мемлекеттiк сараптаманың ерекше құзыретiне жататын сараптау жұмыстарын қоспағанда, жобаларға мемлекеттiк емес сараптама жүргiзу үшiн сарапшыларды (сараптама орталықтарын) таңдауға құқығы бар.
26. Жобаның (оның жекелеген бөлiмдерi мен тарауларын) әзiрлеушiсi болып табылатын жеке және заңды тұлғалар сарапшылар (сараптама орталықтары) ретiнде осы жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларына сараптама жүргiзе алмайды, сондай-ақ осы жобаны сарапшылық бағалауға қатысу үшiн мемлекеттік сараптама ретiнде тартылмайды.
27. Мемлекеттiк сараптама, сондай-ақ сараптама орталықтары мен сарапшылар қаралатын жобалар бойынша құпиялылықты сақтауға және коммерциялық құпияны қамтамасыз етуге мiндеттi.
28. Бекiтуге ұсынылған не бекiтуден бас тартылған жобалау шешiмдерiн және техникалық-экономикалық көрсеткiштердi дұрыс бағалау үшiн сараптамаға, сондай-ақ сарапшылар мен сараптама орталықтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершiлiк жүктеледi.
29. Мемлекеттiк сараптама, сондай-ақ сарапшылар мен сараптама орталықтары жүзеге асыратын сараптау қызметi тапсырысшылардан (меншiк иелерiнен) жобаларды әзiрлеушiлерден, келiсушi инстанциялардан, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыратын мердiгерлерден (бас мердiгерлерден), осы объектілердiң құрылысына қолданатын құрылыс материалдары (бұйымдары, құрастырмалары) мен жабдықтарын өндiрушiлерден жобалау және құрылыс өнiмдерiнiң сапасы үшiн жауапкершiлiктi алып тастамайды.
Алдын ала жобалау құжаттамасының жекелеген
түрлерi, сондай-ақ жобалау (жобалау-смета)
құжаттамасы бойынша capaптaмa жүргiзу
ережелерiне қосымша
Алдын ала жобалау құжаттамасының түрлерiне, сондай-ақ
жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына
сараптама жүргiзу ережесінде қолданылатын
ҰҒЫМДАР
1. Конкурстық (тендерлік) құжаттама - тапсырысшының тапсырмасына сәйкес жасалған және мердiгерлiк жұмыстарға конкурс (тендер) өткiзудің тәртiбi мен шарттары (шектеулерi), сондай-ақ құрылыс объектiлерiнiң негiзгi техникалық-экономикалық көрсеткiштерi кiретiн құжаттама.
2. Құрылыстың есеп айырысу құны - құрылысқа арналған алдын-ала жобалау құжаттамаларын әзiрлеген кезде ірiлендiрiлген сметалық нормативтер бойынша анықталатын құрылыс объектiсiнiң (кешенiнің) құны.
3. Құрылыстың сметалық құны - құрылысқа арналған жобалау құжаттамаларын әзiрлеген кезде сметалық нормативтерге сәйкес анықталатын құрылыс объектісiнiң (кешенiнiң) құны.
4. Құрылыстың ықтимал қауiптi объектiлерi - техногендiк немесе экологиялық апаттар, өзге де объектiлердің тұрақты жұмыс iстеуiне едәуiр қауіп туғызатын объектiлер.
5. Техникалық жағынан күрделi объектілер (кешендер) - мемлекеттiк нормативтерге сәйкес жауапкершілігі І және II деңгейге жататын үйлер мен ғимараттар (олардың кешендерi), сондай-ақ сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезінде арнаулы жобалау шешімдерi мен iс-шараларды талап ететiн өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аудандарда орналасқан күрделi ғимараттар (үйлер).
6. Мердiгерлiк жұмыстар (көрсетiлетiн қызметтер) - құрылыс үшiн инженерлiк iздестiрулер, талдау және ғылыми зерттеулер, тәжiрибе және эксперимент, нормативтiк шығармашылық жүргізу, жобалау, құрылысқа арналған құжаттамаларды сараптау, ғимараттар мен үйлер салу (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, қайта жаңғырту, қалпына келтiру), технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау және орнату, iске қосу-жөндеу жұмыстары, техникалық, авторлық және мемлекеттiк қадағалауды жүргізу, салынған объектiнi (кешендi) пайдалануға беру, күрделі жөндеудi жүзеге асыру, өзiнің ресурстарын тауысқан құрылыс объектiлерiн уақытша тоқтатып қою және оны кейiннен кәдеге жарату жөнiндегi жұмыстар (көрсетілетiн қызмет).
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнің
2002 жылғы 19 тамыздағы
N 918 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Yкiметінің
күшi жойылған кейбiр шешімдерінің
ТIЗБЕСI
1. "Сәулет-қала құрылысы құжаттамаларына сараптама жүргiзудің тәртібін бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 26 шілдедегi N 830 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1994 ж., N 30, 346-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнің 1994 жылғы 26 шілдедегі N 830 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 26 сәуірдегі N 514 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 17, 146-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнің сәулет-қала құрылысын бақылау мәселелерi жөніндегi кейбiр шешімдерiне өзгерiстер енгiзу және күші жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 20 сәуiрдегi N 353 қаулысымен бекiтiлген сәулет-қала құрылысын бақылау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнің кейбiр шешімдерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлетiн 2-тармақ. (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., N 12, 95-құжат).
4. "Қазақстан Республикасы Президентiнің 1998 жылғы 27 сәуiрдегi N 3928 Жарлығын iске асыру туралы" Қазақстан Pecпубликасы Үкiметiнің 1998 жылғы 9 шілдедегi N 651 қаулысымен бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкiметінің кейбiр шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлетін 6-тармақ. (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 22, 190-құжат).
5. "Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң Құрылыс iстерi жөнiндегi комитетi "Жобалардың мемлекеттiк ведомстводан тыс сараптамасы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының жекелеген мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 24 сәуiрiндегi N 632 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 20, 227-құжат):
3-тармақтың 1) тармақшасы алынып тасталсын.