Мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының
2002 ж. 16 мамырдағы N 321-II Заңы
Осы редакция 2004 жылғы 5 шілдедегі N 569-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 9 баптар)
2-тарау. Мемлекеттік сатып алуды ашық конкурс тәсілімен (10 - 17 баптар)
жүзеге асыру
3-тарау. Мемлекеттік сатып алуды басқа тәсілдермен (18 - 23 баптар)
жүзеге асыру
4-тарау. Арнаулы ережелер (24 - 27 баптар)
5-тарау. Қорытынды ережелер (28 - 32 баптар)
Осы Заң мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердiң, мемлекеттiк кәсiпорындардың, сондай-ақ акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билiгiндегi ақшаны тиiмдi пайдалану мақсатында өнiм берушiлерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды жүзеге асыру процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) тапсырыс берушiнiң аффилиирленген тұлғасы - акциясының (қатысу үлесiнiң) елу және одан да көбiрек процентi осы тапсырыс берушiге тиесiлi (басқаруға берiлген) заңды тұлға;
2) ықтимал өнiм берушiнiң аффилиирленген тұлғасы - осы ықтимал өнiм берушi қабылдайтын шешiмдi анықтауға және (немесе) шешiмге, оның iшiнде шарттың немесе өзге де мәмiленiң күшiне қарай ықпал етуге тiкелей және (немесе) жанама құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзi жөнiнде сол ықтимал өнiм берушiнiң осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
3) мемлекеттiк сатып алу - мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелердiң, мемлекеттiк кәсiпорындардың және акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдардың, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың өз билiгiндегi ақшаның есебiнен тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуы;
4) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт - осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес тапсырыс берушi мен өнiм берушi арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарт;
5) тапсырыс берушi - мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер, мемлекеттiк кәсiпорындар және акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдар, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалар. Тапсырыс берушi конкурстың бастамашысы болып табылады;
6) конкурс - тапсырыс берушiнiң тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуына бағытталған және ықтимал өнiм берушiлер арасында ашық та адал бәсекелестiктi қамтамасыз ететiн мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу әдiсi;
7) конкурстық құжаттама - конкурсты өткiзу талаптары мен тәртiбi қамтылатын, конкурстық өтiнiмдi дайындау үшiн ықтимал өнiм берушiге табыс етiлетiн құжаттама;
8) конкурстық өтiнiмдi қамтамасыз ету - конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушi табыс ететiн ақша кепiлi немесе банк кепiлдiгi;
9) бiртектi тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер - бiрдей болмаса да, белгiлi бiр функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер;
10) конкурсты ұйымдастырушы - тапсырыс берушi немесе осы Заңға сәйкес конкурсты ұйымдастыру және өткiзу үшiн тапсырыс берушi белгiлеген адам;
11) мерзiмдi баспасөз - өткiзiлуге дайындалып жатқан және өткiзiлген мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер жарияланатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тапсырыс берушi немесе конкурсты ұйымдастырушы уәкiлеттi орган айқындайтын мерзiмдi баспасөз басылымдары;
12) өнiм берушi - тапсырыс берушiмен мемлекеттiк сатып алу туралы жасасқан шартта келiсiм-шарт жасасушы агент ретiнде әрекет ететiн жеке немесе заңды (мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе) тұлға;
13) ықтимал өнiм берушi - мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу мақсатымен мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын жеке немесе заңды (мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе) тұлға;
14) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, мемлекеттiк сатып алу процесiн реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Мемлекеттiк сатып алу процесiн құқықтық реттеу принциптерi
Мемлекеттiк сатып алу процесiн құқықтық реттеу:
1) сатып алу үшiн пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық ықтимал өнiм берушiлердiң мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысуына тең мүмкiндiк беру;
3) ықтимал өнiм берушiлер арасындағы адал бәсекелестiк;
4) мемлекеттiк сатып алу процесiнiң жариялылығы принциптерiне негiзделедi.
4-бап. Мемлекеттiк сатып алу процесi
Мемлекеттiк сатып алу процесi:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiн қалыптастыруды;
2) өнiм берушiнi таңдауды, онымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды;
3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды.
5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) мемлекеттiк сатып алу саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды қорытады және әзiрлейдi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
3) мемлекеттiк сатып алу процесiнiң үйлестiрiлуi мен мониторингiн жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi жөнiндегi есептiлiктiң нысанын, оны жасау мен табыс етудiң тәртiбiн әзiрлейдi;
6) әдiстемелiк материалдарды, үлгiлiк конкурстық құжаттаманы әзiрлейдi және бекiтедi, мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша конкурстарды ұйымдастырушыларға консультациялық көмек көрсетедi;
7) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасқанға дейiн конкурстарды ұйымдастырушылардың, тапсырыс берушiлер мен конкурс комиссияларының Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарын бұза отырып қабылдаған шешiмдерiн қайта қарау немесе олардың күшiн жою жөнiнде шешiмдер қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары бұзыла отырып жасалған мәмiлелердi жарамсыз деп тану жөнiнде соттарға талап қою iсiн жүргiзедi;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдары саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жазалар қолданады;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
6-бап. Мемлекеттiк сатып алуға байланысты қызметтегi жариялылық
1. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қоспағанда, өткiзiлуге дайындалып жатқан және өткiзiлген мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтердi конкурсты ұйымдастырушы мерзiмдi баспасөзде жариялайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысандар мен мерзiмдерде уәкiлеттi органға табыс етедi.
2. Уәкiлеттi орган ықтимал өнiм берушiнiң мемлекеттiк сатып алу процесiне өзiнiң қатысуын жоспарлауы үшiн мемлекеттiк сатып алу туралы ақпаратты мерзiмдi баспасөзде ұдайы жариялап отырады және (немесе) жалпыға жететiн телекоммуникациялық желiлерге (Интернет және басқалар) орналастырады.
7-бап. Мемлекеттiк сатып алу процесiне байланысты шектеулер
1. Мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын ықтимал өнiм берушiнiң лауазымды немесе сенiм бiлдiрген адамының жақын туыстарының (ата-анасы, ерлi-зайыптылар, аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, балалары) немесе жекжаттарының (ерлi-зайыптылардың аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ата-анасы және балалары) мемлекеттiк сатып алу процесiне байланысты тапсырыс берушiнiң мүдделерiн бiлдiруге құқығы жоқ.
2. Ықтимал өнiм берушiнiң және (немесе) оның конкурстық құжаттаманы дайындау бойынша тапсырыс берушiге консультациялық қызметтер көрсеткен қызметкерiнiң көрсетiлген консультациялық қызметтерге байланысты тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi конкурсқа қатысуға құқығы жоқ.
3. Ықтимал өнiм берушi мен оның аффилиирленген тұлғасының бiр конкурсқа (лотқа) қатысуға құқығы жоқ.
4. Осы бапта көрсетiлген негiздер бойынша конкурстық өтiнiм қабылданбай тасталған кезде конкурстың қорытындылары туралы хаттамада оның қабылданбау негiздемелерi көрсетiледi, олар осы конкурстық өтiнiмдi табыс еткен ықтимал өнiм берушiге хабарланады.
8-бап. Ықтимал өнiм берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптары
1. Мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысу үшiн ықтимал өнiм берушi мынадай бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге:
1) кәсiптiк бiлiктiлiгi, сондай-ақ сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер рыногындағы жұмыс тәжiрибесi болуға;
2) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындауға қажеттi қаржы, материалдық және еңбек ресурстары болуға;
3) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу үшiн азаматтық құқық қабiлеттiлiгi болуға;
4) төлем қабiлетi болуға, таратылуға жатпауға, оның мүлкiне тыйым салынбаған болуға тиiс, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатылып қоймаған болуға тиiс;
5) мемлекеттiк сатып алу туралы соңғы екi жыл iшiнде жасалған шарттардағы өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн сот жауапқа тартпаған болуға тиiс.
Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер рыногындағы жұмыс тәжiрибесi болуының қажеттiгi туралы талаптар осы Заңның 27-бабына сәйкес қолдау жасалатын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды.
2. Ықтимал өнiм берушi өзiнiң осы баптың 1-тармағында көзделген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiнiн растау үшiн конкурсты ұйымдастырушыға аттестаттардың, куәлiктердiң, патенттердiң, лицензиялардың, сертификаттардың, дипломдардың және анықтамалардың көшiрмелерiн табыс етедi.
Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен мiндеттi аудит өткiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылы үшiн аудиторлық есептi де табыс етедi.
3. Ықтимал өнiм берушi, оған бiлiктiлiк талаптары бойынша толық емес немесе дұрыс емес ақпарат берiлген жағдайда, осындай факт анықталған кезден бастап бiр жыл iшiнде мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысуға жiберiлмейдi.
Табыс етiлетiн ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы конкурстық комиссияның ықтимал өнiм берушiнiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттарын қарауы кезiнде анықталады.
4. Конкурсты ұйымдастырушының ықтимал өнiм берушiге осы Заңда көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеуге құқығы жоқ. Ықтимал өнiм берушi өзiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына жатпайтын ақпаратты табыс етпеуге құқылы.
9-бап. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру тәсiлдерi
1. Мемлекеттiк сатып алу мына тәсiлдердiң бiрiмен:
1) ашық конкурс;
2) жабық конкурс;
3) баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып, өнiм берушiнi таңдау;
4) бiр көзден сатып алу;
5) ашық тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
2. Ашық және жабық конкурстар екi кезеңдi рәсiм пайдаланыла отырып өткiзiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк сатып алуды осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында аталған тәсiлдермен жүзеге асыру үшiн конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссия құрады.
Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзу, конкурстық комиссияны құру мен оның қызметiнiң тәртiбiн, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың салалық ерекшелiктерiн және солар бойынша шарттар жасасу мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
4. Мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер және қазыналық кәсiпорындар қаржы жоспарын бекiткен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарын бекiтедi, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң жоспарланып отырған номенклатурасы мен көлемi, мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың тәсiлi мен мерзiмдерi көрсетiледi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар, акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдар, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалар жыл сайын, бiрiншi сәуiрден кешiктiрмей, бюджеттердiң (бизнес-жоспарлардың) негiзiнде, мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарын бекiтедi, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң жоспарланып отырған номенклатурасы мен көлемi, мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың тәсiлi мен мерзiмдерi көрсетiледi.
Тапсырыс берушi мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары бекiтiлгеннен кейiн оны жетi жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға табыс етедi.
5. Мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мекемелер мен қазыналық кәсiпорындардың үздiксiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс берушi, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген мерзiмде республикалық бюджет туралы заң немесе мәслихаттың тиiстi жылға арналған жергiлiктi бюджет туралы шешiмi қабылданбаса, Қазақстан Республикасының Үкiметi келесi жылдың бiрiншi тоқсанына белгiлейтiн тiзбе бойынша ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында мемлекеттiк сатып алу көлемiнен осы шарт бойынша аспайтын көлемде тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданылуын ұзартуға құқылы.
6. Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру тәсiлiн осы Заңға сәйкес тапсырыс берушi таңдайды.
2-тарау. Мемлекеттік сатып алуды ашық
конкурс тәсілімен жүзеге асыру
10-бап. Ашық конкурсты ұйымдастыру
1. Осы Заңда сатып алуды жүзеге асырудың өзгеше тәсiлi көзделген жағдайларды қоспағанда, ашық конкурс мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырудың негiзгi тәсiлi болып табылады.
2. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсты ұйымдастырады және өткiзедi.
3. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi өзiне бағынысты мемлекеттiк мекемелер үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге, сондай-ақ олардың арасынан бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны анықтауға құқылы.
Тапсырыс берушi мемлекеттiк орган немесе мемлекеттiк мекеме болған жағдайда, басқа мемлекеттiк органның немесе мемлекеттiк мекеменiң конкурсты ұйымдастырушы болып белгiленуi мүмкiн.
Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкiмi жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi үшiн олардың арасынан бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгiлеуге құқылы.
Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс әкiмiнiң бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгiлеуiн қоспағанда, тиiстi бюджеттердiң деңгейлерi бойынша өзiне бағынысты мемлекеттiк мекемелер үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге құқылы, сондай-ақ олардың арасынан бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгiлей алады.
Мемлекеттiк кәсiпорындар мен акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдар өздерiнiң аффилиирленген заңды тұлғалары үшiн бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге құқылы, сондай-ақ олардың арасынан бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны белгiлеуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мемлекеттiк кәсiпорындар және өзi құрылтайшысы (уәкiлеттi орган) болып табылатын акционерлiк қоғамдар үшiн конкурсты ұйымдастырушы ретiнде әрекет етуге құқылы.
4. Мемлекеттiк органдарға бағынысты мемлекеттiк мекемелерден басқа, бiрнеше тапсырыс берушi бiртектi тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жөнiнде бiрыңғай конкурс өткiзе алады. Бұл орайда бiрыңғай конкурсты ұйымдастырушыны Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
11-бап. Конкурсты өткiзу туралы хабарландыру (хабарлама)
1. Конкурсты өткiзу туралы хабарландырудаа (хабарламадаа) мынадай мәлiметтер:
1) конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi;
2) жорамалданып отырған мемлекеттiк сатып алудың көлемi, атауы және тауарлардың жеткiзiлу, жұмыстардың орындалу және қызметтердiң көрсетiлу орны;
3) тауарлар жеткiзудiң, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерi;
4) конкурстық құжаттама алу орны мен тәсiлдерi;
5) конкурстық өтiнiмдер табыс етiлетiн орын мен соңғы мерзiмi, сондай-ақ конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орын, күнi мен уақыты;
6) конкурсты ұйымдастырушы белгiлейтiн басқа да қажеттi ақпарат болуға тиiс.
2. Ашық конкурсты өткiзу туралы хабарландыру осы конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталған күнге дейiн бiр айдан кешiктiрiлмей мерзiмдi баспасөзде жариялануға тиiс, ал мемлекеттiк кәсiпорындар мен акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдардың, сондай-ақ олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың оны осы конкурсқа қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталғанға дейiн күнтiзбелiк жиырма күн бұрын жариялауға құқығы бар.
12-бап. Конкурстық құжаттаманың мазмұны
1. Конкурсты ұйымдастырушы барлық ықтимал өнiм берушiге мынадай ақпарат:
1) ықтимал өнiм берушi өзiнiң қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растау үшiн табыс етуге тиiстi құжаттарға қойылатын талаптар;
2) техникалық ерекшелiктердi, жоспарларды, сызбалар мен нобайларды қоса алғанда, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және көрсетiлетiн қызметтер сипатталған жазбалар мен олардың талап етiлетiн техникалық және сапалық сипаттамалары;
3) сатып алынатын тауардың саны, орындалатын жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң көлемi;
4) тауарлардың жеткiзiлу, жұмыстардың орындалу немесе қызметтердiң көрсетiлу орны;
5) тауарлар жеткiзудiң, жұмыстар орындаудың немесе қызметтер көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерi;
6) төлем талаптары және мемлекеттiк сатып алу туралы үлгi шарт;
7) жеңiп шыққан конкурстық өтiнiмдi анықтау негiзделетiн бағадан басқа, барлық өлшемдердiң сипаттамасы, соның iшiнде мұндай әрбiр өлшемдердiң салыстырмалы мәнi, конкурстық өтiнiмдердi бағалау мен салыстыру тәсiлiнiң сипаттамасы;
8) егер тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң балама сипаттамаларына жол берiлсе, баламалы конкурстық өтiнiмдерге баға беру мен салыстыру тәсiлiнiң тиiстi нұсқамасы мен сипаттамасы, шарттың ережелерi немесе конкурстық құжаттамада айтылған басқа да талаптар;
9) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң өз құнынан басқа, бағаның басқа элементтердi (тасымалдауға және сақтандыруға, кеден баждарын, салықтар мен алымдарды және т.б. төлеуге арналған шығыстарды) қамтуға тиiс екендiгiне не тиiс еместiгiне нұсқамаларды қоса алғанда, конкурстық өтiнiмнiң бағасын есептеу әдiстемесi;
10) конкурстық өтiнiмнiң бағасы көрсетiлуге тиiстi валютаны немесе валюталарды және конкурстық өтiнiмдердiң бағасын салыстыру мен бағалау мақсатында бiрыңғай валютаға келтiру үшiн қолданылатын бағам;
11) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарына сәйкес конкурстық өтiнiмдердi, мемлекеттiк сатып алу туралы шартты жасау мен табыс етудiң тiлiне қойылатын талаптар;
12) конкурстық өтiнiмдi енгiзу талаптары, мазмұны мен қамтамасыз ету нысаны;
13) ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтiнiм берудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң конкурстық өтiнiмiн өзгерту немесе керi қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқама;
14) конкурстық өтiнiмдер беру тәсiлi, орны және соңғы мерзiмi (бiрақ жұмыс күнiндегi жергiлiктi уақыт бойынша он бес сағаттан кешiктiрмей) және олардың қолданылу мерзiмi;
15) ықтимал өнiм берушiнiң конкурстық өтiнiмнiң бiр бөлiгiн ұсыну құқығына тиiстi нұсқау, онда конкурстық өтiнiм бар конверттердi тiкелей ашу сәтiнде сатып алынатын тауарлардың, орындалатын жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң бағасы көрсетiледi;
16) конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша ықтимал өнiм берушiлердiң солардың көмегiмен түсiндiрме сұрата алатын тәсiлдерi және конкурсты ұйымдастырушының сол кезеңде ықтимал өнiм берушiлермен ашық нысанда өткiзiлетiн және хаттамаланатын кездесу өткiзу ниетi туралы хабарламасы;
17) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орын, күн және уақыт (бiрақ конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмi өткен кезден бастап екi сағаттан кешiктiрмей);
18) конкурстық өтiнiмдер салынған конверттердi ашу және конкурстық өтiнiмдердi қарау үшiн пайдаланылатын рәсiмдер;
19) конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушының өкiлдiк етуге ол уәкiлеттттiкк берген лауазымды адамдары туралы мәлiметтер;
20) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi енгiзу талаптары, оның нысаны, көлемi мен тәсiлi;
21) отандық тауар өндiрушiге - ықтимал өнiм берушiлерге басымдық беру талаптары мен тәртiбi көрсетiлген конкурстық құжаттаманы табыс етуге мiндеттi.
2. Бiртектi тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу жөнiнде конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi оларды жеткiзiп беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге мiндеттi. Бiртектi тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрнеше түрiн сатып алу жөнiнде конкурс өткiзу кезiнде конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi олардың бiртектi түрлерi бойынша және (немесе) жеткiзiп беру (орындау, көрсету) орны бойынша бөлiктерге (лоттарға) бөлуге мiндеттi. Бұл орайда конкурс жеңiмпазы тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң әрбiр лоты бойынша анықталады.
3. Құрылыс мерзiмi алты айдан асатын құрылыс объектiлерiне мердiгерлiк жұмыстарды мемлекеттiк сатып алу өткiзiлген жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада сатып алу үшiн көзделген ең жоғары соманы көрсетуге құқылы.
4. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткенi үшiн конкурстық құжаттаманың көшiрмесiне нақты жұмсалған шығындардан аспайтын, ал жабық конкурс өткiзiлген жағдайда оны жiберу үшiн де Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiп пен талаптар бойынша ақы алуға құқылы.
Егер конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттiк мекеме болса, мұндай ақы тиiстi бюджет кiрiсiнiң есебiне аударылады.
5. Ықтимал өнiм берушi конкурстық құжаттама ережелерiне түсiндiрме беру туралы сұрау салып жүгiнуге құқылы, бiрақ ол конкурстық өтiнiмдi табыс етудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiнгi күнтiзбелiк он күннен кешiктiрiлмеуi керек. Конкурсты ұйымдастырушы сұрау салу тiркелген кезден бастап үш күн мерзiм iшiнде оған жауап қайтаруға және сұрау салудың кiмнен түскенiн көрсетпестен, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнiм берушiге осындай түсiндiрменi хабарлауға мiндеттi.
6. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдi табыс етудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн күнтiзбелiк жетi күннен кешiктiрмей өз бастамасымен немесе ықтимал өнiм берушiнiң сауалына жауап ретiнде хаттама ресiмдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерiстер енгiзуге құқылы.
Енгiзiлген өзгерiстердiң мiндеттi күшi болады және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы берген барлық ықтимал өнiм берушiлерге олар туралы дереу хабарлайды. Бұл орайда конкурсты ұйымдастырушы ықтимал өнiм берушiлердiң бұл өзгерiстердi конкурстық өтiнiмдерде есепке алуы үшiн конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмiн кемiнде күнтiзбелiк он күн мерзiмге ұзартады.
7. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiне түсiндiрме беру үшiн конкурстық құжаттамада көрсетiлген белгiлi бiр орында және тиiстi уақытта ықтимал өнiм берушiлермен кездесу өткiзуге құқылы. Бұл орайда конкурсты ұйымдастырушы осы кездесу барысында табыс етiлген конкурстық құжаттамаға түсiндiрме беру туралы сауал салу көздерi көрсетiлмеген сауалдардыы, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптарды қамтитын хаттама жасайды. Хаттама конкурстық комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық ықтимал өнiм берушiлерге дереу жiберiледi.
8. Конкурстық құжаттама уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгi негiзiнде жасалады.
Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекiтедi.
13-бап. Конкурстық өтiнiмдердiң қолданылу, табыс етiлу, өзгертiлу және керi қайтарып алыну мерзiмi
1. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген ықтимал өнiм берушi конкурстық өтiнiмдердi табыс етудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн конкурстық құжаттамаға сәйкес конкурстық өтiнiмдi желiмделген конвертке салып конкурсты ұйымдастырушыға табыс етуге мiндеттi.
Ықтимал өнiм берушi өзiнiң конкурстық өтiнiмiн дайындауға және беруге, сондай-ақ өзiнiң осы Заңның 12-бабының 7-тармағына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы өткiзетiн кездесуге қатысуына байланысты барлық шығыстарды көтередi. Конкурсты ұйымдастырушы, тапсырыс берушi және конкурстық комиссия конкурстың нәтижелерiне қарамастан, осы шығыстарды өтеу жөнiнде мiндеттеме алмайды.