5. Автомобиль жолдарын пайдалануға тыйым салу
32. Автомобиль жолдарында:
көлемдік өлшемдері, массасы немесе жүк тиелген немесе жүксіз біліктегі салмағы рұқсат етілетіндерден артық немесе жол белгілерінде көрсетілгендерден асып түсетін көлік құралдарының, сондай-ақ қауіпті жүк тасымалдаушы көлік құралдарының арнайы рұқсатсыз жүруіне;
жол органдары мен жол полициясы бөлімшелерінің келісімінсіз жөндеу және басқа жұмыстар жүргізуге;
жолдарды, жол құрылыстарын, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын, жасыл желекті және басқа да жол жайластыруларын зақымдауға;
көлік құралдарының, ауылшаруашылығы және басқа да техниканың белгіленбеген және ол үшін жабдықталмаған жерлерде жолға кіруіне, шығуына және олар арқылы өтуіне;
көліктің барлық түрінің бөлгіш жолаққа шығуына және онда тоқтап тұруына;
оқыту мақсатымен рұқсат етілмеген жолда жүруге;
шынжыр табанды көліктің, дөңгелектерінің шашағы, бұдыры, шынжыры және тағы басқалары бар машиналар мен механизмдердің жүруіне;
жанар-жағармайдың төгілуі мүмкін болатын жұмыстарды орындауға, көлік құралдарын жөндеуге және майлауға, көлікті тазалауға және жууға (қажет болған жағдайда бұл жұмыстар арнайы жабдықталған орындарда, ал ерекше жағдайларда жол жағасында орындалады; қалған қоқыстарды материалдарды және басқа да заттарды жүргізушілер немесе көлік құралдарының иелері дереу тазалауы тиіс);
жолдың жүру бөлігін, шетін, көпірлерді, құбырларды, арықтарды, кәріздік және суағар қондырғыларды және жолдың жолақ бөлігін құрылыс материалдарымен, ауылшаруашылығы өнімдерімен және басқа да заттармен ластауға және бөгеуге, сондай-ақ, жолды және оның жолақ бөлігін ластайтын жүкті тиісті буып-түюсіз тасымалдауға, жүкті жолдың жүру бөлігінде тиеуге және түсіруге;
малды жол арқылы арнайы бөлінген жерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы кезінде және жеткіліксіз көрінетін жағдайда айдап өтуге, малды төсемі жетілдірілген жолмен айдауға және оларды жолдың жолақ бөлігінде жаюға;
жолдың жолақ бөлігінің шегінде белгіленбеген жерде лагерь, шатырлы және басқа да демалыс қалашықтарын тұрғызуға, сауда жасауға;
автомобиль жолдарының, көпірлердің жүру бөлігінде серуендеуге, 50 метрден жақын қашықтықта шомылуға, кір жууға, көпірде, көпірдің тіреулері мен мұз кескіштері қасында тұрып балық аулауға;
көпірдің астына қайық стансаларын орнатуға, қайық пен салды көпір тіреулеріне байлауға;
ағаш көпірлерде және ағаш төселген көпірлерде шылым тартуға, жолдың жолақ бөлігінде және ағаш көпірлерге 100 метрден жақын жерде от жағуға;
жолдың жолақ бөлігінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаусыз тез тұтанғыш және жанғыш материалдарды (жалпы зат сақтауға рұқсат болғанның өзінде) сақтауға;
жолақ бөлікте құрғақ шөпті өртеуге;
сымдардың үзілуі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сақтандырғыш қондырғыларсыз автомобиль жолдарының жоғары вольтты электр желісімен қиылысуына;
қандай да болсын коммуникацияларды (мұнай өнімдері құбыры, су құбыры, газ құбыры, канализация және басқалар) топырақ төсеміне, сондай-ақ көпірдің және жол өткелінің астына салуға;
автомобиль жолдарын су басуына және жолдың жолақ бөлігінің батпақтануына әкеп соқтыратын сортаң топырақты жерлерді шаюға, жол жырасын арық ретінде, ауылшаруашылық дақылдарын суаруға пайдалануға;
канализациялық, өндірістік, мелиорациялық және ағынды суларды су бұрғыш құрылыстар мен резервтерге жіберуге;
2,5 км аз қашықтықта өзендерінің жайылмалары мен су бұруларда, көпірлерден жоғары және төмен құм мен қиыршық тас өндіру кеніштерінің өндірісіне және арналарды тереңдетуге;
жол жырасының сыртқы жиегінен, топырақ алынған жердің шетінен немесе төсемнің табанынан 1 метрден жақын жер жыртуға;
шлюздерді, бөгеттерді және басқа мелиорациялық және гидротехникалық құрылыстарды салуға тиым салынады.
6. Жолдарда қозғалысты шектеу немесе тоқтату
33. Қозғалысты шектеу немесе тоқтату жол белгілерінің, таңбалаудың және қозғалысты ұйымдастырудың арнаулы құралдарының көмегімен ғана енгізіледі. Ол туралы жол қозғалысына қатысушыларға дереу хабарланады.
34. Қозғалысқа қатысушылар үшін апатты жағдай туғызатын және жолдарды жүруді шектеуді немесе қысқа уақытқа тоқтатуды талап ететін қауіпті метеорологиялық құбылыстар олар болған кезде мынадай көрсеткіштермен сипатталады:
әйнек тәрізді жұқа қабыршақ түріндегі жылтыр мұз;
көру қашықтығы 50 метрге дейінгі кеміген тұман;
орташа жылдамдығы 20 м/сек. және үдеп соққанда 25 м/сек. және одан астам бүйірден соққан күшті жел;
жылдамдығы секундына 15 метрден кем болмайтын жел соғатын, көп қар үйетін, көру қашықтығын 50 метрге дейін төмендететін жаяу боран (ұйтқыма боран, бұрқасын);
үдеуі 1,5 мм/сағаттан астам ылғал түсіретін күшті қар жауу;
қар көшкіні, сел және су тасқыны;
35. Қозғалысты шектеу немесе қысқа уақытқа тоқтату үшін күшті жел көтерілетіні туралы ескертулердің, күн сайынғы ауа райы жөніндегі болжамдардың деректері, қар көшкіні немесе оның алдын алу мақсатында үйінді жіберілетіні, жолдың және жол құрылыстарының бұзылуы жөніндегі ескерту негіз болады.
36. Автомобиль жолдары бойынша көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу немесе тоқтату табиғи зілзалалар, қолайсыз жол-климат жағдайлары кезінде және жолда жүру қауіпсіздігіне қауіп төндіретін басқа жағдайларда жүргізіледі. Қозғалысты шектеу туралы шешімді жол органы немесе ішкі істер органдары қабылдайды, ол туралы жергілікті атқарушы органдарға және қозғалысқа қатысушыларға хабарланады.
37. Жол конструкцияларының жүк көтеру қабілеті төмендеген немесе олардың бүлінуі қаупі жағдайында жол органдары не ол учаскелерде қозғалысты тоқтатады не біліктегі салмағын шектеу белгілерін орнатады. Жүк көтеру қабілетін төмендететін ақауы бар жасанды құрылыстарға автомобильдің массасын немесе біліктегі салмақты шектейтін белгілер қойылады. Бұзылу қаупі төнген жағдайларда қозғалыс тоқтатылады.
Қозғалысты шектеу немесе тоқтату үшін жүк көтеру қабілетіне сынақтар және тиісті құзыретті ұйымдардың қорытындылары негіз болады.
38. Жүк көтеру қабілетінің жойылуына байланысты қозғалыс тоқтатылған немесе шектелген жол учаскелерінде шұғыл тасымалдар, тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралының иесі бұзылуын жоюға және жолдың жүк көтеру қабілетін қалпына келтіруге жұмсалған шығынды толық өтеуі шартымен ғана, жол органдарының рұқсаты бойынша жүргізілуі мүмкін. Бұлардың қатарына метеорологиялық құбылыстар мен төтенше жағдайлардың зардабын жою үшін қажетті тасымалдар жатпайды.
39. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қозғалысты шектеу және тоқтату жұмыс жүргізілетін жерлерде қозғалысты ұйымдастыру жөніндегі қолданылып жүрген нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады.
40. Жұмысты жүргізетін ұйым жұмысты бастамас бұрын жол иесінде жұмыс істеу құқығына рұқсатты (ордерді) ресімдеуі және жол полициясы бөлімшелерімен келісуі тиіс.
41. Автомобиль жолдарында жұмыстар жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы департаментімен келісілген қолданылып жүрген нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады.
42. Жұмыстар жүргізілетін жерлерде жол белгілерін, қоршауларды және басқа техникалық құралдарды жұмыс жүргізу кезінде жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін жауаптылықта болатын жұмыстарды жүргізуші ұйым орнатады.
43. Жөндеу жұмыстарын жүргізген ұйым жұмыс аяқталғаннан кейін барлық механизмдерді, материалдарды, уақытша белгілерді, конустарды кедергілерді жинап алуға, жолдардың жол жамылғысын және инженерлік жайластырылуын қалпына келтіруге міндетті.
44. Бұқаралық және спорттық шараларды өткізу кезінде жолдарда қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы шешімді жол полициясының бөлімшелерімен бірлесіп жол органдары қабылдайды.
7. Автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын
пайдаланудың тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік
45. Жол органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және басқа да автомобиль жолдарын пайдаланушылар осы Тәртіптің талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
46. Жолдың немесе жолдың жолақ бөлігінің шегінде жұмыс жүргізуші ұйымдар мен азаматтар жол органдарымен және жол полициясы бөлімшелерімен келісілген жұмыстың ережелері мен мерзімдерін сақтамағаны, сондай-ақ жұмыс жүргізу аймағында да, уақытша кіретін және шығатын жерлерде де қозғалыстың қауіпсіздігін сақтамағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа болады.
47. Өз бетімен автомобиль жолдарының жанасу және қиылысу орындарын жасаған, автомобиль жолдарының, құрылыстарының және жайластыру құралдарының бүлінуіне жол берген, сондай-ақ өз бетімен жұмыс жасауға, құрылыстар салуға және орнатуға жол берген ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жол шаруашылығына келтірген материалдық залалды өтейді. Автомобиль жолдарының жолақ бөлігіне рұқсатсыз құрылыс салу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен оны жүзеге асырған тұлғаның бұзуына не оның есебінен бұзуға жатады.
Осы тармаққа сәйкес жол шаруашылығына келтірілген залалы өтеу есебіне алынған қаражат автомобиль жолдарының маңыздылығына байланысты республикалық немесе облыстық жол қорына есептеледі.
48. Жолдың жолақ бөлігін және бақыланатын аймағын өз бетімен пайдалану, оларды заңсыз пайдаланған кезіндегі жұмсалған шығындары өтелместен тоқтатылады.
49. Жолдың жолақ бөлігіндегі ағаштарды және басқа да жасыл желектерді кескені және зақымдағаны үшін кінәлілер Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
50. Осы Тәртіптің орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің жол органдарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің органдарына жүктеледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1998 жылғы 5 қыркүйектегі
N 845 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында мемлекеттік
ақылы автомобиль жолдарын құрудың және пайдаланудың
ТӘРТІБІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп мемлекеттік ақылы автомобиль жолдарын құрудың: ақылы жаңа автомобиль жолдарын, көпірлерді және басқа да құрылыстарды (бұдан әрі - автомобиль жолдары) салуды ұйымдастырудың; бар автомобиль жолдарын қайта жаңартудың немесе жөндеудің (бұдан әрі - қайта жаңарту), сондай-ақ оларды басқару мен пайдаланудың тәртібін белгілейді.
2. Жүргені үшін ақы алынатын автомобиль жолдары ақылы автомобиль жолдары болып табылады.
3. Ақылы автомобиль жолдары мемлекеттің меншігі болып табылады. Ақылы жолдарды құру туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне уәкілетті автомобиль жолдарын мемлекеттік басқару органы енгізеді.
4. Мемлекет ақылы автомобиль жолын уәкілетті органның тұрғысында шарт жасау арқылы автомобиль жолдарын пайдалануды жүзеге асыруға құқығы бар меншіктің түрлі нысандарындағы ұйымдарға 30 жылға дейін мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға беруі мүмкін. Шарттың нақты мерзімі жолды құруға жұмсалған барлық қаражаттың қайтарылуы тиіс екендігі принципі негізінде белгіленеді.
2. Ақылы автомобиль жолдарын құру
туралы шешім қабылдау
5. Республикалық маңызы бар ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарын құру туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Стратегиялық талдау және реформалар жөніндегі агенттігімен келісім бойынша Көлік және коммуникациялар министрлігі, ал жергілікті маңызы барларды - облыстардың әкімдері әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Ұсыныс жолдардың (учаскелердің) тізбесін, олардың ұзындығын, салудың, қайта жаңартудың мерзімдерін және қаржыландыру көздерін қамтиды.
6. Мемлекеттік ақылы автомобиль жолдарын құру шарттары мыналар болып табылады:
жол қозғалысының қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін шаралар кешені жүргізілетін бағытта жалпы пайдаланылатын автомобиль жолымен жүруді қамтамасыз ету;
ақылы автомобиль жолында көлік пайдалану жағдайының деңгейі мен жол қозғалысына қатысушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру.
7. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолын салуды (қайта жаңартуды), пайдалануды неғұрлым тиімді жүзеге асыруға және салынған қаржының қайтарылымдығын қамтамасыз етуге қабілетті ұйымдарды (жеке тұлғаларды) таңдап алу мақсатында конкурс өткізіледі.
Конкурсты өткізу туралы ережені Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен және Қаржы министрлігімен келісім бойынша Көлік және коммуникациялар министрлігі бекітеді.
8. Республикалық маңызы бар ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарын жасауға және пайдалануға арналған шарттарды Көлік және коммуникациялар министрлігі, жергілікті маңызы барларды - Көлік және коммуникациялар министрлігімен келісім бойынша облыс әкімі жасасады.
Ақылы автомобиль жолдарының жасалуына және пайдаланылуына бақылау жасауды жасасылған шарттарға сәйкес мемлекеттік жол органдары жүзеге асырады.
3. Ақылы автомобиль жолдарын салуды
(қайта жаңартуды) және пайдалануды қаржыландыру
9. Ақылы автомобиль жолдарын құруды қаржыландыру мына көздеудің:
Жол қорының;
мемлекеттік инвестициялардың;
мемлекеттің кепілдігімен сатуға шығарылатын заемдар мен облигациялардың;
жолдар мен көпірлерді салуға, қайта жаңартуға немесе күрделі жөндеуге мүдделі аудандар беретін жәрдемақылардың;
мемлекеттік емес заңды тұлғалардың қаражатының;
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердің есебінен жүзеге асырылады.
10. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарын пайдалануды қаржыландыру тиісті Жол қоры мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердің есебінен жүзеге асырылады.
4. Жүргені үшін ақы алу және жиналатын
қаржыны пайдалану
11. Республикалық маңызы бар ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарымен жүруге арналған ақының мөлшерін (ставкасын) Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен келісім бойынша, ал жергілікті маңызы бар жолдар бойынша - облыс әкімдерімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі белгілейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
12. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарымен жүруге арналған ақы осы жолдармен жүруді жүзеге асыратын көлік құралының иелерінен (пайдаланушыларынан) алынады.
13. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарымен жүру үшін ақы енгізуді Қазақстан Республикасы және басқа мемлекеттер көлік құралдарының иелері (пайдаланушыларымен) ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарына кірген кезде ұлттық валюта - теңгемен жүргізеді. Көлік құралдарының жолда жүруі үшін ақыны қолма-қол ақша аударып есептеу бойынша қабылдауға рұқсат етіледі.
14. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарымен жүру үшін төлем ақыны, жүргені үшін ақы жинау пункттерінде, ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарын пайдалануды жүзеге асыратын ұйым алады.
Көлік құралдарының жүргені үшін ақы жинау пункттері арнайы құралдармен (шлагбаум, еске сақтау мүмкіндігі бар кассалық аппарат орнатуға арналған бөлме ақша сақталатын сейф және басқалар) жабдықталады.
15. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарымен жүру үшін алынатын ақша, күн сайын есепке алыну үшін, жолдың маңыздылығына қарай республикалық немесе облыстық Жол қорына өткізіледі және Қазынашылық органдарының тиісті банктік шоттарына жинақталады.
16. Ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарымен жүру үшін ақы алуды қамтамасыз ету, ақылы автомобиль жолына кіреберісінде жүру мен ақы төлеу тәртібі туралы ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастыру және аталған жолдардың жоғары тұтыну сапасын жасау үшін жауапкершілік осы жолдарды басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға жүктеледі.
17. Мемлекеттік ақылы автомобиль жолдарымен жүруі үшін белгіленген ставкаларға сәйкес жиналатын қаражат Жол қорына түседі және одан:
қарыздар бойынша, заем бойынша проценттерді өтеуге, облигацияларды өтеуге және ақылы автомобиль жолын салуға, қайта жаңартуға жұмсалған қаражатты өтеуге (мемлекетке, жергілікті бюджеттерге және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға);
ақылы автомобиль жолдарын ұстауға және жөндеуге;
ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарын салуға және пайдалануға жасалған шарттар бойынша шығыстарға жұмсалады.
5. Ақылы автомобиль жолдарын жобалауға, салуға
(қайта жаңартуға) және пайдалануға қойылатын талаптар
18. Салынатын және қайта жаңартылатын ақылы автомобиль жолдары қойылатын параметрлері мен жайластырылуының деңгейі бойынша Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормативтік құжаттардың талаптарына және халықаралық автомобиль жолдарына қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.
19. Ақылы жолдарда автомобиль көлігінің неғұрлым аз кідіруін қамтамасыз ететін жүру ақысын төлеуге арналған арналы құрылғылар көзделуі тиіс.
20. Ақылы автомобиль жолдарын салу (қайта жаңарту) кезінде орындаушы жүргізілетін жұмыс сапасын бақылауға қосымша Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі тарапынан сапаны инспекциялық бақылау жүзеге асырылады. Оны жүргізудің тәртібі мен инспекторлардың құқықтары шартпен айқындалады.
21. Пайдалану кезеңінде және шарттың мерзімі аяқталғаннан кейін жолдың көлік пайдалану көрсеткіштері осы сыныптағы жолдарға жол саласында қолданылып құжаттарда қойылған талаптарға сәйкес келуі тиіс. Жолдардың көрсеткіштеріне бақылау жасауды Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1998 жылғы 5 қыркүйектегі
N 845 қаулысымен бекітілген
Жалпы пайдаланылатын автомобиль
жолдарының жерлерін пайдаланудың
ТӘРТІБІ
1. Жалпы ережелер
1. Автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын орналастыруға берілген жерлер автомобиль жолының жерлері (көлік жерлері) болып танылады. Жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары және олардың алып жатқан жерлері мемлекеттің меншігі болып табылады.
2. Шегінде автомобиль жолы орналасқан жер учаскесі жолақ бөлік деп аталады.
Жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарының жолақ бөлігінен тыс жатқан, жолдарды дамыту перспективасы жағынан оларды кеңейту және қайта жаңарту үшін қажетті, жерлерді айрықша пайдалану режимінен жер белдеуі автомобиль жолдарының бақыланатын аймағы деп аталады.
3. Автомобиль жолдарының жолақ бөлігінің жеріне топырақ төсемі, көлік айырымы, жол өтпелері, жасанды құрылыстар, жол жанындағы резервтер және өзге де жолға қызмет көрсету құрылыстары, жол қызметінің қызметтік және тұрғын үйлері, қар тоқтататын және сәндік көшеттер орын алған жерлер жатады.
Жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарына, түрлі деңгейдегі көлік айырымдарына, сондай-ақ жол және көлік қызметтерінің үйлері мен ғимараттарына берілген жердің ені белгіленген автомобиль жолдарына жер беру нормалары бойынша анықталады.
4. Автомобиль жолдарының мұқтажы үшін сондай-ақ жолға тікелей жанасып жатпайтын, бірақ олардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет: тұрғын үйлерге, құрылыс және жалтыр мұзға қарсы қолданылатын материалдар сақталатын орындарға, тұрақты және уақытша кеніштерге, асфальтбетон зауыттарына, орман питомнигіне, май құю станцияларына, тамақтану және демалыс пункттеріне және басқа құрылыстарға қажетті жерлер пайдаланылады.
5. Автомобиль жолдарының мұқтажына арналған жерлер автомобиль жолдары қарауындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттендірген органға тұрақты немесе уақытша пайдалануға беріледі.
Тұрақты жер пайдалануға автомобиль жолдарына, жол құрылыстарына, жолдың қалыпты жұмыс етуіне және пайдаланылуына қажет жол жағдайы мен жайластыру элементтеріне, сәндік және қар тоқтататын көшеттерге, орман питомниктеріне, желілік үйлер мен жол қызметінің ғимараттарына, өндірістік базаларға, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға сервистік қызмет көрсету үшін қажетті жанар-жағармай құятын станцияларға, тамақтану пункттеріне, демалыс пункттерін және басқа да ғимараттарға арналған жерлер беріледі.
Қысқа мерзімге (3 жылға дейін) және ұзақ мерзімге (3 жылдан 99 жылға дейін) уақытша пайдалануға жерлер құрылыс материалдары кенішіне, резервтерге, құрылыс отрядтарының базаларына, айналма жолдарға, жол-құрылыс материалдарын қоюға арналған орындарға және тағы басқаларға беріледі.
Уақытша жер пайдалану мерзімі уәкілетті орган бекіткен техникалық жобамен анықталады.
Уақытша жер пайдалану мерзімін техникалық жобаның негізінде жерді беру туралы шешім қабылдаған орган белгілейді және ол осы органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттендірген қарамағында автомобиль жолдары бар органдар:
жерлерді оның негізгі мақсатты арналуына сәйкес - автомобиль жолдарын дамытуға және жайластыруға, ал жерді уақытша пайдалану кезінде - жер учаскесін беру шартына немесе жалдау шартына (жерді уақытша ақысыз пайдалануға беру шартына) сәйкес пайдалануға;
автомобиль жолдарының жолақ бөлігінде қоршаған табиғи ортаны қорғау жөніндегі талаптарды (нормаларды, ережелерді, нормативтерді) және шараларды орындауға;