Жол шаруашылығын құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 5 қыркүйектегі N 845 қаулысы
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 16 қаңтардағы N 30 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Автомобиль жолдарының тиімді жұмыс істеуін, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі N 156-XIII Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., N 15, 201-құжат), Қазақстан Республикасы Президентінің "Жол қоры туралы" 1995 жылғы 21 желтоқсандағы N 2701, "Жер туралы" 1995 жылғы 22 желтоқсандағы N 2717 Заң күші бар Жарлықтарына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 23, 151-құжат; N 24, 159 құжат) және "Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі N 29-1 Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 14, 273-құжат) сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 01.07.02 ж. 711 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді
1. Қоса беріліп отырған:
Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль жолдарын және жол құрылысын пайдаланудың тәртібі;
Қазақстан Республикасында ақылы мемлекеттік автомобиль жолдарын құрудың және пайдаланудың тәртібі;
Жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарының жерлерін пайдаланудың тәртібі;
Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жолақ бөлiгiнде сервис объектiлерi мен сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру тәртiбi және республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жолақ бөлiгiнде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлем ставкалары.
2. "Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль жолдарын, жол ғимараттарын пайдалану Ережесін және оларды қорғау тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 20 сәуірдегі N 316 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 13, 160-құжат) күші жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1998 жылғы 5 қыркүйектегі
N 845 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль
жолдарын және жол құрылыстарын пайдаланудың
ТӘРТІБІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіпте мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
жолақ бөлік - шегінде автомобиль жолы мен жол құрылыстары орналасатын көлік жері;
жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарының бақыланатын аймағы - жалпы пайдаланылатын автомобиль жолы жолақ бөлігінің шекарасынан тыс орналасқан, жолдарды кеңейту және қайта жаңарту үшін қажетті жерлерді пайдаланудың айрықша режиміндегі жер белдеуі;
ақылы автомобиль жолы - жүргені үшін ақы алынатын және жалпы пайдаланылатын балама автомобиль жолы бар жол;
автомобиль жолдарын пайдаланушылар - жолақ бөлік пен бақыланатын аймақтың шегінде автомобиль жолдары мен олардағы құрылыстарды пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар.
жол органдары - жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын органдар;
ірі көлемді көлік құралы - габариттік өлшемдері нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген өлшемдерден асып түсетін жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы;
ауыр салмақты көлік құралы - жалпы массасы немесе білігіндегі салмағы осы көлік құралы үшін оны шығарушы белгілеген немесе пайдаланатын автомобиль жолы мен ондағы құрылыстарда рұқсат етілген нормалардан артық жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы.
2. Осы Тәртіп жол қозғалысының қауіпсіздігін, жол мен құрылыстардың, сондай-ақ қоршаған ортаның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын пайдаланудың тәртібін белгілейді. Тәртіп барлық министрліктер мен ведомстволарға, меншік нысанына қарамастан ұйымдарға, сондай-ақ барлық автомобиль жолдары бойынша қозғалысқа қатысушыларға және жолдарды пайдаланатын, автомобиль жолының жолақ бөлігінде және бақыланатын аймағында құрылыс салу, жөндеу, жобалау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін азаматтарға қолданылады.
3. Тәртіп жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдаланушылардың, жол органдарының және шаруашылық автомобиль жолдары иелерінің құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейді.
4. Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жүру - қолданылып жүрген заңдар, Жол қозғалысының ережесі және осы тәртіп сақтала отырып жүзеге асырылуы тиіс.
2. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың
құқықтары мен міндеттері
5. Жол қозғалысына қатысушылардың:
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдары мен осы Тәртіпке сәйкес жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары бойынша еркін, кедергісіз жүруге;
жол органдары мен жол полициясы органдарының лауазымды тұлғаларынан жолдар бойынша қозғалыстың тоқтатылуының немесе шектелуінің себептері туралы түсіндірме алуға;
жүру шарттары, көрсетілетін қызметтер туралы, жол органдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құқықтары мен міндеттері және жауапкершілігі туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;
жол-көлік оқиғасы жағдайында оқиға болған жерде де, медициналық мекемеге бара жатқан жолда да ақысыз кепілдікті медициналық көмек көлемін, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы кезінде жол органдарынан, жол полициясы органдарынан және қызметі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты лауазымды тұлғалардан басқа да қажетті дәрігерге дейінгі көмек алуға;
жол-көлік оқиғасының нәтижесінде көлік құралы және (немесе) жүк зақымданған жағдайларда заңдарда белгіленген тәртіппен залалдың өтелуіне; жол органдары лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
6. Автомобиль жолдарында жол мен құрылыстарының сақталуын және олармен қауіпсіз жүруді қамтамасыз ететін көлік құралдарының жүруіне рұқсат етіледі.
7. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың іс-әрекеттері жол қозғалысының қауіпсіздігін төмендетпеуі, қозғалыста үзілістердің пайда болуына ықпал етпеуі, көлік құралдары жылдамдығының, жол мен жол құрылыстарының сенімділігінің төмендеуіне, олардың бұзылуына әкеп соқтырмауы тиіс.
8. Автомобиль жолдарындағы және жол құрылыстарындағы қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақауларды байқаған көлік құралдарын жүргізушілер мен азаматтар ақауларды өз күштерімен жою жөнінде өздеріне байланысты шаралар қолдануы немесе ол туралы жақын жердегі жол органына немесе жол полициясы органына хабарлауы тиіс.
9. Көлік құралдарының төсемі жетілдірілген жолға шығар жерде көлік құралдарын пайдалануға жауапты лауазымды немесе басқа тұлғалар, меншік нысандарына қарамастан жер және құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан ұйымдар, көлік құралдарының балшықтан тазартылуын қамтамасыз етуге және оның жолдың жүру бөлігіне түсуіне жол бермеуге міндетті.
10. Аумақтары автомобиль жолдарына шекаралас, сондай-ақ аумақтары бақыланатын аймақтың шегінен өтетін жер учаскелерінің иелері мен жерді пайдаланушылар:
жалпы пайдаланылатын жолдарға баратын және оларға кірме жолдарды, сондай-ақ оларға тиесілі жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын техникалық жарамды күйде ұстауға;
жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының ағашпен көлеңкеленуіне, үй немесе басқа да құрылыспен қалқалануына жол бермеуге;
көлік құралдарының жолдарына, жайластырылмаған түсер және шығар жолдардың пайда болуына жол бермеуге;
жолға іргелес орналасқан қоршаулар мен құрылыстарды дұрыс және эстетикалық күйінде ұстауға;
көруді қиындататын және қозғалыстың қауіпсіздігін нашарлататын конструкциялардың, тастардың және басқа да материалдардың жинақталуына жол бермеуге;
үй жануарлары мен құстардың жолға шығу мүмкіндігін болдырмау шараларын қолдануға міндетті.
11. Жолдарда жұмыс жүргізуге жол иесі берген және жол полициясының органдарымен келісілген жұмыс жүргізу құқығына рұқсат (ордері) болған кезде ғана жол беріледі.
3. Автомобиль жолдарын пайдаланушыларға арналған
міндетті келісулер
12. Автомобиль жолдарын пайдаланушылар:
1) жол органдарымен және Жол полициясы бөлімшелерімен:
ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарының жүруіне;
жарылғыш, радиоактивті және күшті әсер ететін улы заттарды тасымалдауға;
автомобиль жолдарын арналардың, байланыс және электр беру желілерінің, мұнай құбырларының, газ құбырларының, су құбырларының, темір жолдардың және басқа да инженерлік желілер мен коммуникациялардың кесіп өтуіне;
автомобиль жолдарымен бір деңгейде қиылысатын кезде темір жолдардың көтерілуіне және төмендетілуіне немесе қосымша жол төсеуге;
темір жолдарды қиып өтетін жерлерді жасауға, қайта жаңартуға, жөндеуге және жоюға;
автомобиль жолдарының жолақ бөлігі мен бақыланатын аймағына дүңгіршектерді, павильондарды немесе басқа да құрылыстарды орналастыруға; автомобиль жолдарының жолақ бөлігіне жол ақпаратына қатысы жоқ транспаранттарды, маңдайшаларды, жарнамаларды, плакаттарды орнатуға;
автомобиль жолдарының жолақ бөлігі мен бақыланатын аймағына сыртқы жарық түсіру тіреулерін орнатуға;
жолдарда бұқаралық және спорттық шаралар жүргізуге;
жалпы пайдаланылатын жолаушы көлік құралдары қозғалысының маршруттарын ашуға және аялдама пункттерін орналастыруға;
жүктерді тиеу және түсіру үшін жолдан түсу орындары мен алаңдар жасауға;
автомобиль жолдарында көлік құралдары мен жүргіншілердің жүруіне кедергі жасайтын кез келген жұмыстарды жүргізуге;
2) жол органдарымен:
мелиорациялық және басқа да мақсаттар үшін көпірден жоғары немесе төмен жерде 2,5 километрден кем қашықтықта өзендер мен суағарлардың арнасын тереңдетуге;
жолмен қосарланған немесе жер кеңістігіне қарай жолдан жоғары орналасқан шлюздерді, бөгеттерді және басқа да мелиорациялық және гидротехникалық құрылыстарды орнатуға, қайта жаңартуға және жөндеуге;
жолдардың жолақ бөлігі мен бақыланатын аймағында үйлер, ескерткіштер салуға, дуал тұрғызуға, сәндік көшет отырғызуға, кеніштер қазуға;
автомобиль жолдарының жолақ бөлігінде ағаштарды кесуге және отырғызуға;
жолдар мен жол құрылыстарының өлшемдерін алуды және суретке түсіруді жүргізуге келісім жасайды.
13. Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттерінің ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарының жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары бойынша жүруі жалпы пайдаланылатын мемлекеттік автомобиль жолдарын басқару органдары беретін арнайы рұқсат бойынша (шетел мемлекеттері үшін кіру және шығу рұқсатынан басқа) ғана жүзеге асырылады. Жолмен жүру осы көлік құралдарының жүруі арқылы жолдарға және жол құрылыстарына тигізетін залал үшін толық өтем төленген соң жүзеге асырылады. Осы өтем кіруіне, шығуына және транзитпен өтуіне халықаралық рұқсаттар үшін алынатын төлем есепке алынбастан төленеді.
14. Көлік құралдарының рұқсат етілетін көлемдік өлшемдері, толық массасы және білігіндегі салмағы, ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарының жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жүруіне арнайы рұқсат берудің тәртібі, сондай-ақ автомобиль жолдарына залалын өтеу үшін алымдар Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі бекіткен, тиісті министрліктермен және ведомстволармен келісілген нұсқаулықтарымен белгіленеді.
15. Жол органдарының жұмыс жобасын бұзып жүзеге асырылатын объектілердің құрылысын тоқтатуға құқығы бар.
16. Жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары жолақ бөлігінің жерлері жол органдарының пайдалануында болады және автомобиль жолдарын дамыту мен көркейту үшін ғана арналған.
Жол органдары пайдаланбаған автомобиль жолдары жолақ бөлігінің жерлерін олар белгіленген тәртіппен жер учаскесінің негізгі мақсатты арналуын өзгертпестен, жолдың көлік-пайдалану сапасының, қоршаған ортаны қорғау мен көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігі талаптарының төмендеп кетуіне жол берілмеуі шартымен, сервис пен жарнама объектілерін орналастыру үшін шарт жасасу негізінде жеке және заңды тұлғаларға уақытша жерді қысқа мерзімді пайдалануға бере алады.
Салынып және қайта жаңартылып жатқан жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген жерлердің әртүрлі деңгейде көлік айырымдары, сондай-ақ жол және автокөлік қызметтерінің үйлері мен ғимараттары орналасқан ені мен жер аудандары автомобиль жолдарына арнап жер берудің белгіленген нормалары бойынша белгіленеді.
17. Жолдардың перспективалық құрылысын салу мен қайта жаңарту үшін жағдай жасау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол бойындағы ландшафтың бұзылуын болдырмау мақсатында жол органдарымен алдын ала келісусіз бақыланатын аймақ шегінде елді мекендер, үйлер мен ғимараттар, инженерлік коммуникациялар және басқа объектілер салуды жобалауға және құрылысын жүргізуге тыйым салынады:
жергілікті маңызы бар жолдар жолақ бөлігінің екі жағындағы қашықтығы кемінде 100 м. қашықтықтағы;
халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар жолақ бөлігінің екі жағындағы кемінде 200 м. қашықтықтағы.
18. Бақыланатын аймақта жер учаскелері жол қозғалысына қатысушыларға қызмет көрсетуге арналған үйлер мен ғимараттар салуға ғана бөлінеді.
19. I-III санатты жалпы пайдаланылатын жолдардың бойындағы тұрақты тамақтану және демалыс пункттерін топырақ төсемінің жиегінен кемінде 100 метр жерге орналастыруға рұқсат етіледі.
Автомобильге жанар-жағармай құятын стансалардың ең жақын колонкаларын I санатты жолдың жүріс бөлігінің жиегінен кемінде 25 метр қашықтыққа және басқа санатты жолдардың жүру бөлігінің жиегінен кемінде 15 метр қашықтыққа орналастыруға рұқсат етіледі.
Автомобильге жанар-жағармай құятын стансалардың аумағына кіру және шығу, сондай-ақ тамақтану, демалыс пункттеріне және басқаларына кіреберіс көлік пен жүргіншілер қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарына жауап беруі тиіс.
20. Ескерткіштерді I-III санатты автомобиль жолдары топырақ төсемінің жиегінен кемінде 100 метр қашықтыққа, ал IV-V санатты автомобиль жолдары топырақ төсемінің жиегінен кемінде 50 метр қашықтыққа орналастыруға рұқсат етіледі.
21. Жаңадан құрылатын бағбандар серіктестіктерін I-III санатты автомобиль жолдары топырақ төсемінің жиегінен кем дегенде 50 м және IV-V санаттағылар үшін - кемінде 25 м қашықтыққа орналастыруға рұқсат етіледі.
22. Автомобиль жолдарының бойына инженерлік коммуникациялар төсеу елді мекендерде автомобиль жолдары топырақ төсемінің жиегінен кемінде 25 метр жерде және олардың шегінен тыс жерлерде кемінде 50 метр жерде жүргізілуі тиіс.
Коммуникацияларды төсеу кезінде жолдар мен жол құрылыстарын қалпына келтіру жұмыстары жұмысты орындаушы ұйымның қаражаты мен материалдарының есебінен жүргізіледі. Оларды не жол органдары, не инженерлік коммуникацияларды төсеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырушы ұйым жүзеге асырады.
Автомобиль жолдарын қайта жаңарту кезінде бақыланатын аймақта орналасқан және орын ауыстыруға жататын коммуникациялар қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды орындаушы ұйымның қаражаты есебінен жайластырылады.
23. Инженерлік коммуникацияларды тартуға жол органдарынан рұқсат алу үшін бұл жұмыстарды жүргізетін ұйым:
белгіленген тәртіппен әзірленген және бекітілген жобалау құжаттамасын;
тапсырыс берушінің жұмыстарды қаржыландыруды қамтамасыз ететіндігі туралы кепілдемелік хатын, сондай-ақ жол мен жол құрылыстарын қалпына келтірудің жобасын;
жол белгілері мен қоршауларды орналастырудың және жұмыс жүргізілетін орындардың сызбасын;
жұмыс жүргізудің күнтізбелік кестесін;
жолдың зақымдалған элементтерін қалпына келтіретіндігі туралы міндеттемені немесе егер қалпына келтіру жұмыстарын жол органы орындайтын болса, жолдың бұзылған учаскесін қалпына келтіру кезінде жүзеге асырылатын жұмыстарды қаржыландыратыны туралы кепілдемелік хатты ұсынуға міндетті. Инженерлік коммуникацияларды төсеуге рұқсат ол үшін қажетті қаражат жол органының есеп шотына аударылғаннан кейін ғана беріледі. Ол үшін жол органының өкілі мен тапсырыс берушінің ұйымы, зақымдалған учаскелерді қалпына келтірудің мерзімін көрсете отырып, жол төсемінің, топырақ төсемінің, айналма жол мен жол құрылыстарының іс жүзіндегі жағдайы туралы, алда тұрған жұмыстардың сипаты мен көлемі туралы екі жақты акті ресімдейді.
Жұмыс елді мекендердің шекарасында жүргізілетін жағдайларда аудан әкімінің рұқсаты да қажет.
24. Жалпы пайдаланылатын жолдарда жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу жол полициясы органдарымен келісілуі тиіс.
25. Шұғыл авариялық-қалпына келтіру жұмыстары осы жол басқаруындағы жол органы өкілінің қатысуымен, кейіннен осы Тәртіптің 13-тармағында белгіленген тәртіппен рұқсаттар ресімделуі арқылы орындалуы тиіс.
Жол органы өкілінің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі нұсқаулары міндетті болып табылады.
26. Жолдардағы орындалған қалпына келтіру жұмыстарын қабылдап алуды мердігер ұйымның қатысуымен, жол органы жүзеге асырады және екі жақты актімен ресімделеді.
4. Жол органдары мен басқа органдардың
автомобиль жолдарын пайдаланушыларға
қатысты құқықтары мен міндеттері
27. Автомобиль жолдарын, көпірлерді, жол өтпелерін, қозғалысты ұйымдастыратын техникалық құралдарды және басқа құрылыстарды басқаруға, ұстауға және жөндеуге жауапты жол органдары автомобиль жолдарында көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
жолдар мен автомобиль жолдарындағы құрылыстардың жай-күйі туралы дұрыс ақпаратты ұйымдастыруға;
жолдарды қыста ұстаудың жоспарына сәйкес қысқы кезеңде жолдарды және жол құрылыстарын қардан тазартуға және төсемнің тайғақтығына қарсы шаралар қолдануға;
қозғалысқа қатысушыларды қауіпті метеорологиялық құбылыстар (тайғақ мұз, тұман, күшті жел, бұрқасын, қар көшкіні), табиғи (жер сілкінуі, сел тасқыны, су басу, көшкін, дауыл және т.б.), сондай-ақ техногендік (көлік авариялары, апат жарылыстар, өрт, улы заттар тараған авариялар және т.б.) сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабардар етуге;
қауіпті метеорологиялық құбылыстар, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар пайда болған, автомобиль жолдарының немесе олардағы құрылыстардың көтеру қабілеті жоғалған кезде, жол-жөндеу жұмыстарын, бұқаралық және спорттық шараларды жүргізу кезінде қозғалысты шектеуге немесе тоқтатуға;
қауіпті метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға;
жол полициясы органдарымен өзара іс-қимылда оларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізуге, олардың пайда болуына әсер еткен себептер мен жағдайларға талдау жасауға; байланыс желісі мен жол бойындағы автосервис пункттері жүйесінің дамуына ықпал етуге;
авариялар, автомобиль апаты, табиғи зілзалалар жағдайларында мүмкін болатын дәрігерге дейінгі медициналық жәрдемді қамтамасыз етуге және қозғалысқа қатысушыларды құтқару жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
жол полициясы бөлімшелеріне жол-көлік оқиғаларын тексеруге көмек көрсетуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы оған себепші болған жол жағдайы бойынша болса, оған қызметтік тексеру жүргізуге;
көлік ағымы құрамының, жүйелілігінің және жүк тасу қауырттылығының есебін жүргізуге міндетті.
28. Теміржол өткелдерін, сондай-ақ шлагбаумдардың барлық түрлерінің күтімін автомобиль жолдарымен бір деңгейде ұстауды, және өтпелерді күзетуді теміржол дистанциялары немесе тиісті теміржол иелері, ал жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарының теміржол арқылы өтуін ұстауды - жол органдары жүзеге асырады.
29. Төсемі жетілдірілген негізгі жолдардың жүру бөлігінің ластануын болдырмау үшін барлық олардан түсу және шығу жолдарының құмайт және құм топырақты жерлерде ұзақтығы 50 м, және басқа топырақты жерлерде 100 м, ал қиыршық тас төселген жолдарда кемінде 25 м қатты төсеніш болуы тиіс. Жалпы пайдаланылатын жолдарды кесіп өтетін және олармен түйісетін жолдарда түсу, шығу жолдарында қатты төсеніш төсеуді олар қарауындағы кәсіпорындар, ұйымдар, шаруашылықтар және олардың қаражаты есебінен, жол органдарының техникалық бақылауымен жүзеге асырады.
30. Жолдарды салуды немесе қайта жаңартуды жүргізетін жол органдары жол орналасқан жер учаскелерін мақсатты арналуына сәйкес одан әрі пайдалануға жарамды күйге келтіруге міндетті.
31. Автомобиль жолдарын пайдалануды жүзеге асыратын жол органдары қызметкерлерінің:
жол элементтерін зақымдайтын немесе ластайтын көлік құралдарын не арнайы рұқсаты жоқ ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарын автомобиль жолының жүріс бөлігінен шығаруды талап етуге;
автомобиль жолдарын пайдалану, ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарының жүруі тәртібінің бұзылғандығы туралы акті ресімдеуге, жолдар мен жол құрылыстарына келтірілген залалды өтейтін соманы алуға;
төтенше жағдайлар кезінде өздері қызмет көрсететін жол учаскесінің шегінде жолай келе жатқан жалпы пайдаланылатын рейстік (маршруттық) автобуста ақысыз жүруге құқығы бар.