Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1330 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 2 маусымдағы № 734 Қаулысымен күші жойылды
«Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереже бекітілсiн.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 13 қыркүйектегi № 1258 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., № 30, 376-құжат);
2) «Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы жөніндегі зоологиялық комиссияның ережесi мен құрамын және Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабының 3-ші басылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 8 ақпандағы № 177 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 7, 45-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1330 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының
Қызыл кiтабы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледi және Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң жай-күйi туралы мәлiметтер жиынтығын, оларды зерделеу, қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану жөніндегі қажетті шараларды қамтитын, жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi тiзбесiнiң суретті басылымы болып табылады. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы сонымен бiр мезгiлде жануарлар мен өсiмдiктер әлемi мемлекеттік кадастрының құрамдас бөлiгi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына жануарлар (омыртқалылар және омыртқасыздар) мен өсiмдiктердiң (жоғары және төмен) Қазақстан Республикасының аумағында құрғақта, суда, атмосферада және топырақта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрылықтағы қайраңын және айрықша экономикалық аймағын тұрақты немесе уақытша табиғи еркiндiк жай-күйiнде мекендейтiн сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi (шағын түрлерi, популяциялары) енгiзiледi.
3. Саны және орнықты тiршiлiк ету жағдайлары олардың өсiмiн молайту мен табиғи еркiндiк жай-күйiнде тектiк қорын сақтау қаупiн болдырмайтын шегiне дейiн қалпына келтiрілген жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерi (шағын түрлерi, популяциялары) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабынан алып тастауға жатады.
2. Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабының құрылымы
4. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы екi томнан тұрады: жануарлар (1-том) және өсiмдiктер (2-том). Әр том бiр кiтап немесе бiрнеше бөлiктер (бөлiмдер топтары немесе жеке бөлiмдер бойынша) түрiнде шығарылуы және қосымша ретiнде - жануарлар мен өсiмдiктердiң құрып кеткен түрлерiнiң және шағын түрлерiнiң аннотация жазылған тiзбесiн, Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженiң және жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi жөніндегі басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мәтiндерiн қамтуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы мемлекеттік және орыс тiлдерiнде шығарылады, кез келген шетел тіліне аударылуы мүмкiн.
5. Жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiн сипаттау тәртібін тиiсiнше Қазақстан Республикасының Қызыл кiтап жөніндегі Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялары (бұдан әрi - Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялар) белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына жазылған жануарлар мен өсiмдiктердiң әрбiр түрi (шағын түрi, популяциясы) үшiн мынадай негiзгi деректер келтiрiледi: түрдiң латын, қазақ және орыс тiлдеріндегі атауы; мәртебесi; сыртқы түрiнiң бейнеленуi; Қазақстан Республикасында картаға түсiрiлген, бұрын және қазiргi таралуы; саны және оның өзгеру үрдiсi; лимиттеудiң негізгі факторлары және саны мен ареалының өзгеру себептерi; жасанды, ерiксiз және мәдени жағдайларда өсiру мүмкiндігі туралы мәлiметтер; Қазақстан Республикасының аумағын мекендейтiн популяцияның (популяциялардың) түрдiң тектiк қорын сақтаудағы рөлi; қорғаудың қабылданған және қажетті шаралары; ақпарат көздерi. Қажет болған жағдайларда сондай-ақ, организм дамуының жасы мен маусымдық ерекшелiктерiне тән (құрт, жұмыртқа салу, қуыршақ, өсiмдiк бөлiктерi және басқалар) бейнелеу де келтірiледi.
3. Жануарлар мен өсiмдiктердi Қазақстан Республикасының
Қызыл кiтабына енгізу және одан алып тастау тәртібi
6. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сол немесе өзге де түрiн (шағын түрiн, популяциясын) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізу және оның мәртебесiн айқындау үшiн оның санының қауiптi түрде қысқаруы, ареалының азаюы, тiршiлiк ету жағдайларының қолайсыз өзгерістерi туралы деректер немесе оны қорғау мен өсiмiн молайту жөнiнде шұғыл шаралар қабылдау қажеттiгі туралы куәландыратын кез келген басқа да деректер негіз болады. Халықаралық табиғат қорғау одағының жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып бара жатқан түрлерiнiң тiзiмiне енгiзілген және Қазақстан Республикасының аумағын мекендейтін жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерi (ХТҚО-ның Қызыл кiтабы) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына бiрiншi кезекте енгiзіледi.
7. Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялар жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерiн (шағын түрлерiн, популяцияларын) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізу, одан алып тастау туралы, сондай-ақ олардың әрқайсысына қандай да бiр мәртебе беру туралы жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын қарайды. Жекелеген мәселелердi қарау кезiнде Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялар жазбаша сараптамалық қорытынды әзiрлеу үшін де, Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялардың отырыстарына қатысу үшiн де зоология мен ботаниканың әр түрлi бөлiмдерi бойынша мамандарды тартады.
8. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сол немесе өзге де түрлерiн (шағын түрлерiн, популяцияларын) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізу (одан алып тастау) туралы ұсынымдарды Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялар жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупі төнген түрлерi тiзбелерiнiң жобалары түрiнде олардың мәртебесiн көрсете отырып, жануарлар дүниесiн қорғау, өсиетiн молайту және пайдалану саласындағы уәкілеттi органға (бұдан әрi - Уәкілетті орган) енгiзедi.
9. Уәкілеттi орган жануарлар мен өсiмдiктердiң сол немесе өзге де түрлерiн (қосымша түрлерiн, популяцияларын) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгізу немесе одан шығару туралы Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялардың ұсынымын белгіленген тәртiппен қарағаннан кейiн жануарлар мен өсiмдiктердiң түрiн (шағын түрін, популяциясын) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түр санатына жатқызу немесе сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнгендердi басқа санатқа ауыстыру туралы шешiмнiң жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекіту үшiн енгiзедi.
10. 9-тармақта көрсетілген мәселелерден басқа, Комиссия:
жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупі төнген түрлерiнiң мәртебелерiн айқындау үшiн ХТҚО-ның Қызыл кiтабының санаттары мен өлшемдерiн пайдалану туралы;
Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабының зоологиялық және ботаникалық бөлiмдерiнiң құрылымы туралы;
Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабының зоологиялық және ботаникалық бөлiмдерiндегі ақпарат көлемi туралы;
Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы томдарының бөлiктерін шығарудың (том бөліктеріне бiр немесе бiрнеше бөлiмдердi қоса отырып) және Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабының дубликаттарын қайта шығарудың орындылығы туралы мәселелердi қарайды.
Осы мәселелер жөніндегі ұсыныстарды Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялар Уәкiлеттi органға жiбередi.
11. Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялардың құрамына олардың жұмыс орындарына қарамастан, зоологиялық ғылымның (териология, орнитология, герпетология, ихтиология, энтомология, арахнология және басқалар) және ботаникалық ғылымның (флористика, геоботаника, альгология, лихенология және басқалар) негiзгі бөлiмдерi бойынша жетекшi мамандар кiредi.
12. Зоологиялық және Ботаникалық комиссиялардың қызметiн ұйымдастыруды Уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын
жүргізу тәртібі
13. Уәкілетті орган осы Ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізедi және оны басып шығаруды қамтамасыз етедi.
14. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабының түпнұсқалық бiрдей күшi бар үш данасының бipeуi - Қазақстан Республикасының Үкiметінде, екiншiсi - Уәкілеттi органда үшiншiсi - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органда болады. Осы Ережеде белгiленген тәртiппен қабылданған толықтырулар мен өзгерістер үш мәтiнге бір мезгiлде енгiзіледi. Барлық қалған даналар Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабының дубликаттары болып табылады.
Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы дубликатарының таралу тәртібін Уәкілетті орган белгілейдi.
15. Қазақстан Республикасы Қызыл кiтабының дубликаттарын басып шығару Уәкiлеттi орган шешiмiнiң негiзiнде жүргiзiледi.
16. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiнің (шағын түрлерiнің, популяцияларының) жай-күйi туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында мақала және жарияланым түрiнде кеңiнен таралуға жатады.
5. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына
енгiзiлген жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін қорғау жөнiнде
деректер жинаудың және іс-шаралар әзiрлеудiң тәртібі
17. Жануарлар дүниесін пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар мен өсiмдiктердiң таралуы, саны және пайдаланылуы туралы, сондай-ақ олардың өлу мен ауыру жағдайлары туралы қолда бар мәлiметтердi Уәкілетті орган мен оның аумақтық органдарына ұсынады.
18. Жануарлар мен өсiмдiктердiң таралуы, саны, биологиясы, пайдаланылуы туралы қолда бар деректердiң негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзілген жануарлар мен өсiмдiктердiң әрбiр түрі (шағын түрi, популяциясы) үшiн мекендейтiн ортаның жай-күйi мен өзгеру сипаты бойынша, Уәкілетті орган мамандандырылған ғылыми-зерттеу мекемелерiмен бiрлесіп, осы жануарлар мен өсiмдiктердi зерделеу, қорғау және өсiмiн молайту жөніндегі iс-шараларды әзiрлейдi.
19. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерінің жай-күйін зерделеу мақсатындағы ғылыми зерттеулер басым бағыттардың бiрi болып табылады. Жануарлар мен өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупі төнген түрлерiн (шағын түрлерiн, популяцияларын) ғылыми зерттеудi үйлестiрудi және зерделеудiң арнаулы бағдарламаларын әзiрлеудi Уәкілеттi орган ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органмен бiрлесiп жүзеге асырады.