Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі
қызметтердi сертификаттау ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2004 жылғы 6 желтоқсандағы № 1275 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 26 қыркүйектегі № 891 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгін пайдалану және авиация қызметi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы № 2697 заң күшi бар Жарлығының 31-1 бабына және "Қазақстан Республикасы өнiмнiң сәйкестiгiн бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметiнің 2000 жылғы 29 қарашадағы № 1787 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі қызметтерді сертификаттау ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2004 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 1275 қаулысымен
бекітілген
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі
қызметтерді сертификаттау ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі қызметтердi сертификаттау ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" заң күшi бар Жарлығының 31-1 бабына, "Қазақстан Республикасы өнімнің сәйкестігiн бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 29 қарашадағы № 1787 қаулысына сәйкес, "Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын ескере отырып, әзiрлендi.
2. Осы Ереже заңды және жеке тұлғалар көрсететiн жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөнiндегі қызметтердi сертификаттауды жүргізу тәртібін белгiлейдi.
3. Осы Ережеде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
1) өтінім - жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі қызметтердi сертификаттауды жүргiзу үшiн өтiнiш берушiнiң уәкiлеттi органға жазбаша өтiнiшi;
2) өтiнiш беруші - жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегi қызметтер сәйкестiгі сертификатын (бұдан әрi сәйкестiк сертификаты) алу үшiн уәкілеттi органға өтiнiш берген заңды немесе жеке тұлға;
3) ұйым - жолаушылар мен (немесе) жүк әуе тасымалдарын сату, сондай-ақ әуе кемелеріндегі орындарды, еркiн тоннажды және сыйымдылықты брондау (резервте сақтау), коммерциялық тиелiмдi жинақтау жөніндегі, соның iшiнде оларды әуе көлiгiмен тасымалдау үшiн жүктердi шоғырландыру жолымен, қызметті жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға;
4) әуе тасымалдаушы (бұдан әрi - тасымалдаушы) - меншiк құқығында немесе өзге заңды негiздерде көлiк құралына ие, жолаушыларды, багажды, жүктердi және почтаны ақыға немесе жалға алу жөнiнде қызметтер ұсынатын және оған белгіленген тәртiппен берілген тиiстi рұқсаты немесе лицензиясы бар заңды немесе жеке тұлға;
5) сертификаттық талаптар - азаматтық авиация саласындағы нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптар;
6) сертификаттық тексеру - жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөнiндегі қызметтер бойынша қаражатты, жабдықты, пайдалану рәсiмдерiн, технологиялық процестерді, құжаттаманы, ұйымдастырушылық құрылымды, сондай-ақ өтiнiш беруші қызметкердiң құзыреттілігінің сертификаттық талаптарға сәйкестiгiн уәкiлеттi орган жүзеге асыратын тексеру;
7) азаматтық авиация қызметiн мемлекеттік реттеу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - өз құзiретi шегінде азаматтық авиация саласында мемлекеттік саясатты iске асыруды, мемлекеттік бақылау және қадағалауды, азаматтық және эксперименталдық авиацияның қызметiн үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік басқару органы.
4. Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөнiндегі қызметтер сертификаттау объектiлерi болып табылады.
5. Сәйкестiк сертификаты иеліктен шығарылмайтын болып табылады және басқа заңды немесе жеке тұлғаға берiлуi мүмкiн емес.
6. Сәйкестiк сертификатының нысанын стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгiлейдi.
7. Сәйкестiк сертификаты үш жылдан аспайтын мерзiмге, саласы мен қолданылу мерзiмi көрсетiле отырып, берiледi.
8. Сәйкестiк сертификаттарын берудi, есепке алуды, сондай-ақ сертификаттық талаптардың сақталуын бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Сертификаттауды жүргiзу тәртібі
9. Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөнiндегі қызметтердiң, оларға қойылған талаптарға сәйкестігін растау, сертификаттауды жүргізу кезiнде мынадай рәсімдер тiзбегін көздейді:
1) өтiнiш берушiнiң уәкiлеттi органға осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес белгiленген нысандағы өтiнiш беруi;
2) өтiнiш беруші ұсынған құжаттарды Ереженiң талаптарына сәйкестігін тексеру және уәкiлеттi органның шешiм қабылдауы;
3) уәкілеттi органның сертификаттық тексеру жүргiзуi;
4) уәкілеттi органның шешiм қабылдауы, сәйкестiк сертификатын рәсімдеуі, тiркеуi, беруi.
10. Өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
1) өтiнiш берушiнiң құрылтай құжаттарының нотариалды расталған көшiрмелері;
2) мемлекеттік тiркеу туралы нотариалды расталған куәлiктiң (заңды тұлғалар үшiн) және жеке кәсiпкер ретiнде есепке алынуы туралы куәлiктiң көшiрмесi (жеке тұлғалар - жеке кәсiпкерлер үшiн);
3) өтiнiш берушiнiң аудиторлық есебi және қаржылық жай-күйi туралы анықтама;
4) өтiнiш берушiнiң қызметi туралы, орталық кеңсесiнiң мекенжайы, оның филиалдары, сату және брондау пункттерi, жүктердi шоғырландыру жөніндегі бөлiмшесi, ұйымдастырушылық құрылымы, қызметтiк саласы және технологиялық функциялары туралы мәлiметтердi қамтитын ақпарат;
5) штат кестесi;
6) өтiнiш берушiнiң басшы құрамы мен қызметкерiнiң (филиалдарды, сату және брондау пункттерiн, жүктердi шоғырландыру жөніндегі бөлiмшенi қоса алғанда) мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн белгілейтін құжаттар;
7) жолаушы мен жүк әуе тасымалдарын сатуды және брондауды жүзеге асыратын қызметкердiң арнайы білiмiнiң бар болуын растайтын құжаттардың көшiрмелерi;
8) қызметкердi оқыту бағдарламасы;
9) әкiмшiлiк, технологиялық қызметкердiң және жолаушылар мен жүк жөнелтушiлерге қызмет көрсету аймағының орналасуы көрсетiлген үй-жайлар жоспары;
10) үй-жайды күзету, ақша қаражаты мен қатаң есептегi бланкiлердi сақтау, сондай-ақ өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесiнiң бар болуын растайтын құжаттар;
11) филиалдарды, сату және брондау пункттерiн, жүктердi шоғырландыру жөніндегі бөлiмшенi қоса алғанда, авиатасымалдарды брондау орталығымен бейнетерминалдық жабдықты қосуға арналған келісім-шарттар;
12) бiрiздендiру автоматты валидаторларға (мөртабандарға) нөмiрлер берудi растайтын құжаттың көшiрмесi;
13) тасымалдарды сату туралы агенттiк келісімдердiң көшiрмелерi;
14) сертификаттау жөніндегі жұмыстарға ақы төлеу туралы түбiртек.
Осы Ереженiң 3)-14) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар өтiнiш берушiнiң бiрiншi басшысы қол қойған және мөрiмен расталған көшiрмелер түрiнде ұсынылады.
11. Уәкiлеттi орган өтiнiштi және өтiнiшке қоса берiлген құжаттарды отыз күнтiзбелiк күннiң iшiнде Ереженiң талаптарына сәйкестiгiн қарайды және өтiнiш жөнiнде қабылданған шешiм туралы өтiнiш берушiге осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес хабарлайды.
12. Егер өтiнiш осы Ереженiң талаптарына сәйкес келмесе немесе өтiнiшке қоса берiлген құжаттар толық көлемде ұсынылмаған жағдайда, мұндай өтiнiм қайтарудың негiзделген себептерi көрсетiлiп, қайтаруға жатады.
13. Өтiнiм бойынша ескертулер болмаған кезде (ескертулер жойылғаннан кейiн) өтiнiм бойынша шешiмнiң негiзiнде уәкiлеттi орган сертификаттық тексеру жүргiзу үшiн комиссия (бұдан әрi - комиссия) құрады.
3. Сертификаттық тексеру
14. Сертификаттық тексеру өтiнiм берiлген қызмет саласына қатысты жүргiзiледi.
15. Сертификаттық тексерудiң үлгілік бағдарламасын және сертификаттық талаптарды уәкiлеттi орган бекiтедi.
16. Сертификаттық тексеру барысында өтiнiш беруші ол мәлiмдеген қызметтердiң сертификаттық талаптарға сәйкестігін растайды.
17. Сертификаттық тексерудiң нәтижелерi бойынша екі данада (өтiнiш берушi мен уәкiлеттi орган үшiн бір-бірден) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш беруші объектiлерiнiң нақты жай-күйі, тұжырымдары, ұсынымдары және сәйкестiк сертификатын беру мүмкіндiгi (мүмкiн еместiгi) туралы сертификаттық тексеру актісі (бұдан әрі - акт) жасалады.
Актiге комиссияның барлық мүшелерi қол қояды және танысу үшiн өтiнiш берушіге ұсынылады.
18. Сертификаттық тексерудi комиссия сертификаттық тексеру орнына келген күнiнен бастап жиырма күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмде жүргiзеді.
4. Сәйкестiк сертификатын беру, беруден бас тарту
және оның күшін жою
19. Сәйкестік сертификатын беру үшiн сәйкестiк сертификатын беру мүмкiндiгi туралы қорытындысы бар акті негiз болып табылады.
Сәйкестiк сертификатын беру мүмкiндiгi туралы қорытындысы бар Актi жасалғаннан кейiн уәкілетті орган он күндiк мерзiмде сәйкестiк сертификатын ресiмдеудi, мемлекеттік сертификаттау жүйесiнiң тiзілiмiнде тiркеудi жүргiзедi және оны өтiнiш берушiге бередi.
Сәйкестiк сертификатының, оның күшi тарайтын нақты қызметтер тiзбесiн қамтитын қосымшасы болуы мүмкiн.
Сәйкестiк сертификатын беруден бас тарту мынадай жағдайларда жүргiзiледi, егер:
1) осы санаттағы тұлғалар үшiн жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі қызметтер көрсетуге заңдармен тыйым салынғанда;
2) өтiнiш берушi ұсынатын қызметтер сертификаттық талаптарға сәйкес келмегенде;
3) өтiнiш берушiге қатысты қызметтердiң осы түрлерiн оған көрсетуге тыйым салатын соттың шешiмi болғанда.
20. Сәйкестiк сертификатын беруден бас тартқан кезде өтiнiш берушiге бас тарту себептерi көрсетiле отырып дәлелдi жауап берiледi.
21. Уәкiлеттi орган сәйкестiк сертификатын мынадай негiздер бойынша жоюы мүмкiн:
1) ұйымның өтiнiшi бойынша;
2) ұйым ұсынатын жолаушылар мен жүк тасымалдарын сату және брондау жөніндегі қызметтер сертификаттық талаптарға сәйкес келмеген кезде.
22. Ұйым тексеру барысында анықталған сәйкессiздiктердi үш ай iшiнде жоймаған жағдайда, уәкілеттi орган сәйкестiк сертификатының күшін жоя алады.
23. Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау жөніндегі сертификатталған қызметтердiң сертификаттық талаптарға сәйкестiгiн тексерудi уәкiлеттi орган сәйкестiк сертификатының күшi бар мерзiм iшiнде кезеңдiк және жоспардан тыс тексерулер нысанында жылына кемiнде бiр рет жүзеге асырады.
24. Жоспардан тыс тексерулер тұтынушылардан ұйым қызметтерiнiң сапасына кiнәраттар бiрнеше рет түскен жағдайларда жүргiзiледi.
25. Мемлекеттік сертификаттау жүйесiнiң тiзiлiмiне тиiстi жазбаны енгiзген күннен бастап, сәйкестiк сертификатының күшi жойылды деп есептеледi.
26. Сәйкестiк сертификатының күшi жойылған жағдайда уәкiлеттi орган бұл туралы тиiстi ұйымдар мен тасымалдаушыларды дереу хабардар етедi.
27. Күшiн жою кезiнде ұйым уәкiлеттi органға сәйкестiк сертификатын дереу қайтарады.
5. Сәйкестiк сертификатын қайта ресiмдеу
және оның телнұсқасын беру
28. Өтiнiш берушiнiң атауы, оның ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны, деректемелерi өзгерген және егер олар сертификаттық талаптарға сәйкессiздiктерге әкеп соқтырмаса, басқа да өзгерістер болған жағдайда берiлген сәйкестiк сертификаттарын қайта ресiмдеу жүргiзіледi.
Сәйкестiк сертификатын қайта ресiмдеу кезiнде бұрын берiлген сертификаттың тiркеу нөмiрi сақталады.
29. Телнұсқаны беру қажеттiлігін негіздеумен және бұрын берiлген сәйкестiк сертификатын қоса берумен (сәйкестiк сертификатының түпнұсқасы жоғалған жағдайлардан басқа) ұйымның еркiн нысандағы өтiнiшi уәкiлеттi орган сәйкестiк сертификатының телнұсқасын беру үшiн негіздеме болып табылады.
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын
сату және брондау жөнiндегі
қызметтердi сертификаттау ережесіне
1-қосымша
______________________________________________
(сертификаттау жөніндегі органның атауы, оның мекен-жайы)
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сертификаттау
жүйесiнде сертификаттау қызметтерiн жүргiзуге арналған
ӨТІНІМ
1. Өтiнiм құжатының түрi:_________________________________________
Операцияның түрi (қажеттiсiнiң 1. Бастапқы сәйкестiк
асты сызылсын): сертификатын беру.
2. Сәйкестiк сертификатының
телнұсқасын беру.
2. Сертификатталатын қызмет түрi:_________________________
3. Өтiнiш берушi:
1) ұйымның атауы:_________________________________________
2) меншiк нысаны:_________________________________________
3) құрылған жылы:_________________________________________
4) тiркеу туралы куәлiк:__________________________________
4. Өтiнiш берушiнiң орналасқан жерi және деректемелерi:
1) заңды (почталық) мекен-жайы (филиалдар мен өкілдiктердi
көрсетiп):
__________________________________________________________________
2) байланыс құралы:_______________________________________
(телефакс/телефон)
3) банк деректемелерi:
5. Өтiнiшке:_________________________________________ қоса беріледi
Өтiнiш берушiнiң басшысы:___________________200_ жылғы "_"_______
(Т.А.Ә., қолы)
Құжаттарды:___________________________200_жылғы "_"_______қабылдады
(уәкілеттi органның лауазымды тұлғасы)
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын
сату және брондау жөнiндегі
қызметтердi сертификаттау ережесіне
2-қосымша
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату
және брондау жөніндегі қызметтердi сертификаттау
жүргiзуге арналған өтiнiм
бойынша шешiм
200_ жылғы "_"___________________N___________
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату және брондау
жөніндегі қызметтердi орындауға сәйкестiк сертификатын алуға
арналған
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
(өтiнiш берушiнiң атауы)
200_ жылғы "_" ___________N______________өтiнiмiн қарап хабарлаймыз:
1. Сiз ұсынған құжаттар сертификаттық талаптарға сәйкес
(сәйкес емес) (сәйкес келмеген жағдайда сәйкессiздiк тармағы
көрсетiледi)
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
2. Сертификаттық тексеру__________________бастап____________
кезеңiнде өткiзiледi.
3. Сертификаттық тексеру____________________________________
(нормативтiк құжаттардың атаулары)
талаптарына сәйкестiкке жүргiзiледi.
4. Сертификаттық тексерудi__________________________________
жүзеге асырады.
Мөр__________
(қолы)
Уәкiлеттi органның басшысы
__________________________
__________жылғы "_"________
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын
сату және брондау жөніндегі
қызметтердi сертификаттау
Ережесiне 3-қосымша
Бекiтемiн
Уәкілеттi органның басшысы
__________________________
қолы, Т.А.Ә.а.
200_ жылғы "_"____________
Жолаушылар мен жүк әуе тасымалдарын сату
және брондау жөніндегі қызметтердi
сертификаттық тексеру
АКТІСІ
____________________________200_ жылғы "_"____________N __________
(уәкілеттi органның атауы)
бұйрығына сәйкес мынадай құрамдағы комиссия:
Комиссияның төрағасы:_________________________
(Т.А.Ә., лауазымы)
Комиссия мүшелерi: ___________________________
(Т.А.Ә., лауазымы)
_____________________________
(Т.А.Ә., лауазымы)
______________________________________________________
(ұйымның атауы)
сертификаттық тексеру жүргіздi.
қорытындының мәтiнi:
Комиссияның төрағасы:__________________ ____________
(Т.А.Ә., лауазымы) (қолы)
Комиссия мүшелерi:_____________________ ____________
(Т.А.Ә., лауазымы) (қолы)
_____________________ ____________
(Т.А.Ә., лауазымы) (қолы)
Актiмен таныстым:
Ұйым басшысы:__________________________ ____________
(Т.А.Ә.) (қолы)